СУ БАР ЖЕРДЕ ЫРЫС БАР
11.11.2016
6244
0

0d5e0Халқымыз  әуел бастан-ақ  ұрпағын  әр нәрсенің қадірі мен обал-сауабын білуге тәрбиелеген.  «Судың да сұрауы бар» деп тіршілік нәрін үнемдеп, тиімді пайдалануды меңзеген. Ғылым мен техниканың заманында су көздерінің азаю проблемасы ғаламдық мәселеге айналып отыр.  Осы орайда  еліміздегі су қорларын құрайтын өзендердің бүгінгі жағдайын бағамдау үшін мамандарға жүгінген едік…


foto-duskaev-k-kҚасым ДУСКАЕВ,
т.ғ.к., әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
Метеорология және гидрология кафедрасының профессоры

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ СУ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Су – адамзат баласы тіршілігінің және экожүйенің тұтастығын сақтауда негізгі табиғи компонент болып табылады. Әрі  су қорлары тапшы өңірлердің  экономикасы құлдырайтыны ешбір дәлелді қажет етпейді. Ал еліміздің жалпы су ресурстарына Қазақстанның әлеуметтік-экономи­калық  тұрғыдан тұрақты түрде дамуына, қолданыстағы су қорлары қандай ықпал етер  болса, сол су қорларын молайтуға қа­тысты қажеттіліктерді жүзеге асыру мә­селесі де солай шешімін табуы тиіс. Егер ол теңдестік бұзылар болса,  экономи­калық су секторының проблемалары барынша молая түспек. Су ресурстарының жинақталған әр алуан мәселелерін шешу үшін қазір   жаңа әдістер пайдаланылады. Яғни бағдарламалық әдіснамалар, су қор­ларын бірлесіп басқаруды (СҚББ) ен­гізу, барлық мүдделі тараптардың қатысуы арқылы шешім жасауды  талап етеді.

Қазақстан  аумағын шартты түрде сегіз су шаруашылығы алаптарына бөлуге болады. Олар: Арал-Сырдария, Шу-Талас, Балқаш-Алакөл, Ертіс, Есіл, Нұра-Сарысу, Тобыл-Торғай және Жайық-Каспий.

Қазақстан қазіргі кезде су қорларының  тапшылығы онша  байқала қоймаған елдер қатарына жатады. Әйтсе де Арал-Сыр­дария  және Нұра-Сарысу су шаруа­шы­­лық алаптарындағы көріністер бас­қа­ша. Елі­міздің қалпына қайта келетін су қорлары жылына орташа есеппен 100,5 км3-ді құрайды. Соның тек 56,5 км3-і ғана рес­публика аумағында қалыптасады. Қал­ған 44,0 км3 шекаралас мемлекет­терден келе­тін су қорлары. Мәселен, Қы­тай Халық Республикасынан – 18,9 км3, Өзбекстан Республикасынан – 14,6 км3, Қырғыз Республикасынан – 3,0 км3, Ресей Федерациясынан – 7,5 км3. Сондықтан Қа­зақс­тан көрші елдердің трансшекаралық өзендерінен келетін ағын суға өте тәуелді. Осы мәселеге  қатысты туындаған  әлеу­мет­тік мәселелерді шешу үшін транс­шека­ралық су нысандары бойынша барлық елдермен келіссөздер жүргізілуі тиіс.

Жан басына шаққанда қалпына қайта келетін тұщы судың көлемі бойынша Қазақстан Үнді және Қытай сияқты кейбір аграрлық және өнеркәсіптік елдерден алда. Ал Ресей, Бразилия және Канада елдерінен артта келеді. Табиғатты қорғау мақ­сатында өзендер мен көлдердің (эколо­гия­лық ағынды) экожүйелерін қорғау үш­ін жалпы 100,5 км3 су қорлары қалып­та­суы қажет болса, біз әр жыл сайын 38,6 км3 қажет. Арналар мен өзендерде қажетті инфрақұрылымның жоқтығынан, булану, сүзгілеу және Қытай, Ресей сияқты шекаралас мемлекеттерден судың міндетті түрде келіп түсуі тиіс көлемінің жетімсіз­ді­гінен жылына 29 км3 су жетпей отыр. Оның үстіне су қорларының 12,8 км3-і өзеннің ағын суының табиғи өзгергіштігі себебінен толықпай  қалуда. Сонымен Қазақстан Республикасында қазіргі уа­қытта су қорларының қолжетімді, тұ­рақ­ты және сенімді көлемі жылына 23,2 км3 құрайды.

Қазақстанның экономика саласының суды тұтынуы 1993 жылмен салыстырғанда 35 км3-ден 2006 жылы 26 км3-ге дейін, ал 2012 жылы 21,5 км3-ге дейін төмендеді, 2001 жылы су алу көлемі ең төменгі көр­сет­­кіш­ке  (20 км3) құлдырады. Судың пай­даланылатын көлемінің ауытқуы жылдың  ылғалдылығына және  экономи­ка­дағы ұйымдастырушылық-құрылым­дық өзгерістерге байланысты байланысты өзгеріп отырады. Экономика салаларының сумен қамтамасыз етілуінің 90%-ы жерүсті су көздері арқылы жүзеге асырылады (2012 жылы 20,3 км3-ге жуық). Қалған бө­лігі жерасты сулары, теңіз (Каспий және Арал теңіздері) сулары және ағын сулар есебінен толықтырылады.

Қала және ауыл халқының коммунал­дық және тұрмыстық қажеттіліктеріне  0,8 км3-ге жуық су жұмсалады.  Бұл алын­ған барлық  су қорларының  жалпы көле­мі­нің 4 пайызын құрайды. Мұнда адам басына тұты­нылатын судың үлес салмағы су қор­лары тармағының техникалық жағдайына байланысты тәулігіне 130 литрден 250 литрге дейінгі көрсеткішті құрайды. Жалпы, өнеркәсіп қажеттілігі үшін қол­да­ны­латын судың көлемі ұлғайып барады, 2012 жылы ол 5,2 км3-ге жуық болды (жалпы кө­лемнің 24 пайыз). Суды ең көп тұтына­тындар – жылу энергетика саласы, түсті металлургия кәсіпорындары мен мұнай өнеркәсібі (Қарағанды, Павлодар және Алматы облыстары). Сонымен тұтынатын судың көп бөлігі суармалы егін шаруа­шы­лығына, сонымен қатар, жайылымдар мен бау-бақшаларды  суландыруға, ауылдық елді мекендерді сумен жабдық­тауға жұмсалады.

Қазақстанда су пайдалану тиімділігі өзге елдермен  салыстырғанда  жеке салалар бойынша да, жалпы экономика салалары бойынша да орташа алғанда да  төмен: Қазақстанда ІЖӨ АҚШ-тың 1000 долларына 97 м3 су талап етіледі, бұл Аустралия (15 м3), Бразилия (26 м3), Америка Құрама Штаттары (31 м3), Ресей (33 м3), ҚХР (67 м3)  көрсеткіштерінен біршама жоғары деген сөз. Тасымалдау кезінде су то­ғандарына жұмсалған шығындар ауыл­шарушылығы тұтынушыларында орташа есеппен 60 пайызға, өнеркәсіп тұтыну­шы­ла­рында  40 пайызға жуық және коммунал­дық шаруашылықтарда 50 пайызды (жал­пы пайдаланылған су көлемінен)  құрайды. Коммуналдық сектор мен ауыл­ша­руа­шы­лы­ғында су қорларын пайда­лану­дың бү­гін­гі тиімділігін сақтауда және өнер­кә­сіпте 2040 жылға дейін тиімділікті бі­рың­­ғай арттыруда су алудың 29,7 км3-ге дейін және тұтыну (шығындарымен қоса) 24,6 км3-ге тұрақты түрде өсіп тұруы күті­леді.

Жоғарыда аталған мәселелерді мемле­кеттік деңгейде шешу үшін  2014 жылы Елбасының арнайы қаулысымен «Қазақ­с­тан­ның СҚБ мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Бұл бағдарлама негізінде су мамандарын дайындау дәрежесі мен сапасына ерекше назар аударылуда.

Қазақстан Республикасында келешекте өндірістің айтарлықтай қарқынды өсуі  өзеннің  ағын суының жиынтық қорларын азайтатын (жылдың орташа сулылығы бойынша) тенденциясы байқалады. Егер су мол  болған жылдарда, мысалға, өткен ғасырдың 40 жылдарынан кейін жылына 150 км3-ге жетсе, 70-80  жылдарында  жы­лына 115-125 км3-ге, 2000 жылға дең­гейін шамамен, жылына 100  км3-ге 2010 жылға дейін және қазіргі уақытта  жылына 91 км3-ге төмендеген. (ҚР БҒМ География Институты).

Климаттық, трансшекаралық және гидрологиялық қолайсыз жағдайларға байланысты  келешекте, 2040 жылға қарай жерүсті ағын суларының жалпы Қазақстан бойынша  көлемі  жылына 11,4 км3-ге аза­юы мүмкін екендігі сөз болуда. Бұл болжам  негізінен трансшекаралық өзендерден келетін  ағын судың жылына 44,7 км3-ден 32,6 км3-ге төмендеуіне байланысты бол­мақ. Соңғы жылдары көрші елдер өңір­лерінің экономикалық және әлеуметтік дамуына байланысты тұтынатын су көле­мінің ұлғаюы осындай  болжамға негіз болып табылады. Қытай Халық Республикасы (ҚХР) аумағынан басталатын өзендер суының азайып кету қаупі жоғары: Ертіс және Іле өзендерінің ағын суының азаю кө­лемі жылына 7,7 км3-ді құрауы мүм­кін.

Қазақстанмен шекаралас мемлекеттер аумағынан ағып келетін судың жалпы көлемі 1998 жылдан 2008 жылға дейін 26 пайызға азайды. Трансшекаралық ағын су көлемінде  келесі 20 жыл ішінде  осы мөлшерде азаюы мүмкін деп күтіледі. Сұраныстың ағымдағы бағамының өсуін ескерер болсақ,  2030 жылы Қазақстан су шаруашылық алқаптарды  құны 2 млрд. АҚШ долларына тең 13 млрд. м3 су қор­лары тапшылығына ұшырауы мүмкін (Қа­зақс­­танның СҚБ мемлекеттік бағдар­ла­масы, 2014).

Қорыта келгенде, еліміздің су ресурс­тарын қорғау әрі аса тиімді пайдалану мә­селе­лері бүгінгі таңдағы ең өзекті мәсе­лелердің біріне айналып отыр.

 

sanatСанат ТҮГЕЛБАЕВ,
география ғылымының кандидаты, доцент

ТІРШІЛІКТІҢ БАСТАУЫ…

Қазақ халқы табиғат аясында тір­шілік етіп, көшіп қонғандықтан та­би­ғатты қастерлеп қадір тұтқан. Алғашқы тіршілік суда басталғанын ғы­лымның дәлелдегеніндей, қазақ халқы табиғи ортадағы судың пайдасын жете түсініп, ұрпақтарын жастайынан  табиғат байлықтарын тиімді пайдалануға баули отырып, өнегелі тәлім-тәрбие берген.

Халықтың салт-дәстүрі мен өмір сүру мәдениеті қоршаған орта мен табиғатқа тәуелді. Өйткені, шаруашы­лық­тың негізгі формасы көшпенді мал бағу болғандықтан ол үрдіс жыл он екі ай бойы қоршаған табиғат аясында өтеді. Әрине, мұндай жағдайда таби­ғат­тың заңдылығын ондағы табиғи үрдіс­тер мен құбылыстарды білмеу өзіңді жоғалтумен тең. Бұл тұр­ғыдан қарағанда біздің дәстүрлі мәдениетімізде, әсіресе, «Өнер алды қызыл тіл» деп білетін қа­зақ халқы білім мен ғылымды сақтау және ке­лесі ұрпаққа жеткізу көп жағ­дайда мақал-мәтел мен нақыл сөздерде сақ­талған. Тіршілік көзі су болған­дықтан және еліміз үлкен континенттің ортасында негізгі мұхиттардан алшақ ор­наласқандықтан, бізде су көзі әрқа­шан да тапшы болған. Осы нәр көзіне байланысты кейбір қанатты сөздерге назар аударып көрейік. Мысалы,        «Өзен бойы тұрғанда өзге жерге қон­ба­ңыз» сөзі. Егер біз географиялық кар­­таларға мұқият қа­расақ, әлемдегі үлкен ірі қалалардың теңіз немесе үлкен өзендер жағалауында орналас­қа­нын байқаймыз. Мұның өзіндік себептері де аз емес. Әрине, өзендер мен мұхиттар ең бірінші тасымал көзі болып табылады. Су арқы­лы алыс ел­дерге тауар тасумен қатар үлкен сау­да-саттық жасаудың мол мүм­кін­дігі бар.

Келесі нақыл сөздің бірі «Шөл жа­ғалап қонба, көл жағалап қон». Әри­не, бұл нақыл сөздің мағынасына келетін болсақ, негізгі тіршілік көзі­нің шаруа­шы­лықтағы алатын орны ерекше мағы­наға ие. Тағы да бір на­қыл сөздің мағына­сына келетін бол­сақ, бұл сөз көп жағдайда қоршаған ортаны ластамау­дың үлкен маңызын білдіреді. Ол нақыл сөз  «Саға­дағы су ішеді, аяқтағы у ішеді». Әрине, мұның мағынасы, әсіресе қазіргі кезде үлкен өзендердің бойында орналасқан елді мекендер мен үлкен өндіріс мекемеле­рінің су көздерін ластамаудың қан­ша­лықты маңызды екенін көрсе­теді. Әрине, өзеннің төменгі сағасында орналасқан халық ол судың сапасына тікелей тәуелді. Мысалы, біздің елден ағып өтетін негізгі үлкен өзендер өз­де­рінің бастауын көрші мемлекеттерден алады. Мұндай жағдайда біз, әрине, ондағы судың сапасына тікелей ықпал жасай алмаймыз. Бұған тағы бір дәлел «Су басынан бұзылады» нақыл сөзі.  «Су бар жерде ырыс бар: ұстап балық жейсің, ақ бидай егіп, нанын жейсің», сөз тіркесі­нің мағы­насы негізгі шаруашылық көзінің су­сыз болмайтынын нақты айғақ­тай­ды. Сусыз тіршілік жоқ, ол бүкіл тірі жан иесінің бойында бар. Тамақсыз бірнеше күн өмір сүруге болады, ал су­сыз сонша уақыт өмір сүру мүмкін емес.

Алайда, ішуге жарамды таза су Жер бетінде барған сайын азайып бара жатыр. Адамдар суды өнеркәсіп қа­жетіне көп пайдаланып, оны өн­діріс қалдығы­мен ластауда. Ал біз су құнды байлығы­мыз екенін ұмыт­пауы­мыз керек. «Су­дың да сұрауы бар» дегендей, су сар­­қыл­масын, тоқ­тамасын, азаймасын десек, еліміздегі су қорларын  көздің қара­шығындай сақтағанымыз абзал. Суды тиімді, кеңінен қолдану үшін ірі гидротехникалық құралдар мен су есептегіштерін орнатуды мықтап қолға алғанымыз жөн.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір