ОЙ МЕН СЕЗІМДІ ҚАТАР ӨРГЕН…
11.11.2016
1739
0

1416487092_lШет елден оралған қазақтар тек экономикамыздың дамуына ғана емес, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, өнеріміздің өркендеуіне де барынша қызу араласып, өздерінің бөтен жерде жүріп алған білімдері мен үйренген өнерлерін қазақ еліне әкелді, сол арқылы елімізді әлемге таныту жолында аянбай еңбектеніп жүр. Ал әдебиетімізге келіп қосылған ақындар мен жазушылар да өздерінің шығармалары арқылы қазақтың мұңы мен сырын, тәуелсіз ел ретіндегі отаншылдық рухын ту ғып көтеріп, жаңа бір леп әкелгендер қатарында Мұрат Шаймаранды атауға болады.


 

Жолдасбек МӘМБЕТОВ,   
М.Әуезов атындағы Әдебиет
және өнер институтының
жетекші ғылыми қызметкері

Лирикадағы ең маңызды образ – лирикалық қаһарман. Лирикалық шы­ғармада көрсетілетін басты нәрсе де сол лирикалық қаһарманның ішкі әлемі, жан дүниесіндегі өзгерістер. Суреткер-лирик өз оқырманымен сол лирикалық қаһарманның атынан сөйлеседі, сол арқылы байланысады, сыртқы әлемнің суреті де лирикалық қаһарманның та­ным-түсінігі арқылы бейнеленеді. Лири­калық қаһарманды ешқашан да эпика­лық кейіпкермен шатастыруға болмайды. Онда адамның жан дүниесіндегі құбы­лыстар ерекше нәзік иірімдер арқылы көрініс табады.Мұраттың лирикалық қаһармандары – автордың сол кездегі көңіл-күйінің жемісі. Сондықтан да ол­ар бірде шат, бірде мұңды, бірде ер мі­незді, бірде күйгелек те күйкі.

Мұраттың жас кезіндегі жырларын оқи отырып, оған орта ғасырлық шығыс поэзиясының әсері мол болғанын аңғарамыз. Омар Хайямның, Хафиздің, Науаидің шайырлық дәстүрлерінің кейбір элементтері оның өлеңдерінің мазмұнынан сәуле шашып тұратындай. Бірақ оларды қайталау жоқ, керісінше Мұраттың өзіне ғана тән өлең ырғағы, сөз саптауы, қиялдау мәнері басым көрі­ніс беріп отырады. Шығыс шайырла­ры­ның сазы бар, бірақ сарыны жаңа. «Науаи­­дың ғазалы», «Шарап толы көзе­лер», «Аян» лирикалары сол шығыстық сарында жазылған жырлар. Шарапты жырға қосу, оның көңіл көтеретін қасие­тін дәріптеу, оның желік берер сиқырлы күшіне жүгіну соны аңғартса керек.

«Шарап толы көзелер» деген лирика­сын­дағы мына жолдарға назар аударып көрелік:

Шарап болып тұрған тұнып көземде,

Теңіз бе, әлде өзен бе?

Көздер ме, әлде мөлт-мөлт еткен,

Еріндер ме кезерген?!

Көзедегі шарапты теңізбен, өзенмен, кезерген ерінмен салыстыра бейнелеуі ақынның метафораны шебер пайдаланатынын байқатады. Аристотель өзінің «Поэтикасында»: «…бәрінен де маңыз­дысы метафораларда шебер болу. Бірақ мұны басқадан үйрену мүмкін емес. Бұл дарындылықтың белгісі, себебі, жақсы метафоралар жасау ұқсастықты тани бі­лу деген сөз», – дейді. Мұраттың лирика­сы да осы үдеден шығып тұрған сыңай­лы.

Лирикалық поэзияда белсенді әрекет етуші өзінің сезімін, ләззат алуын, әр алуан көңіл-күйін, рахаттана алмауын жырлайтын ақынның өзі (ақындық мен). Масаттану, шаттану сезімі поэзияда сирек кездеседі. Ал есіру, еліру (экстаз) сезімін нақты айқындау мүмкін емес, ол көбінесе басқа сезімдермен астасып, араласып, көлегейленіп тұрады. Мұрат поэзиясында ақынның іштей толқуы, мұңға батуы өзінше бір әлем. Мұң ақынның өзімен-өзінің сырласуы, іштегі арманын, наласын, қайғысын өлеңге арқау етуі. Лирикалық кейіпкер мінезінің де ашыла түсетін кезі осы мұңмен байланысты.

Қазіргі поэзияның басты сарындары­ның бірі – күйзеліс. Күйзелістің ең жеңіл түрі – мұң. Лирикалық қаһарманның психологиялық болмысын танытудағы мұң­ның алатын орны ерекше. Шер, нала, мұң лирикада салмақты ойды танытудың, адамның ішкі жан дүниесін­дегі тартысты, қайшылықты көрсетудің өзгеше тәсілі ретінде поэзияда жиі пайдаланылады. Күйзелістің ең жоғары деңгейі ашыну, торығу. Ол көбінесе эпи­ка­лық шығармалардың сюжетіндегі тартыстың шарықтау шегін дамыту үшін қолданылатын психологиялық деталь.

Мұрат қай тақырыпқа өлең жазбасын, онда қуаныш, асқақтық қасиет­терден гөрі ой, мұң басым болып келеді. Ақын­ның алғашқы жырларының көбі махаббат тақырыбына арналған. «Мазалап мені», «Бозаң үміт», «Сен отырсың қиял кешіп», Жас жүрек», «Мен деген енді…», «Сен тағы», «Сен ән салсаң», «Қазақ қы­зы», «Сен мені ұмыттың ба?» деген өлеңдері ақынның іштейгі бұлқы­ны­сынан туған сыршыл жырлар.

О, дариға, сен жалындап, мен сөнбей,

Сенің мені сүйгеніңе ел сенбей,

Сарайыңнан алып қашып, мен саған,

Тау басынан лашық жасап берсем ғой.

Асыл-асыл торғын жапқан тәніңді,

Жасыл-жасыл жапырақпен көмсем ғой…

Әсем де әсерлі лирика. Басқалар ғашығын лашықтан сарайға сүйресе, Мұрат керісінше сарайдан лашыққа алып шыққысы келеді. Ақынның сол қиялына еріксіз сенесің.

Өлеңдегі драмалық элементтер негізінен өлеңдегі лирикалық қаһарман әрекетінің екінші жақтан баяндалуымен байланысты туындайтынын байқауға болады. Лирика – «Мен», ал драма болса, «Мен», мен «Сенге» ортақ. Екінші жақ тек қана жеке тұлғаға ғана қатысты емес, ол кейде белгілі бір ел, табиғат ұғымда­ры­на да қатысты болуы мүмкін. Бірінші және екінші жақтар бір-бірімен өте тығыз байланысты ұғымдар. Санадағы жиірке­ніш пен құштарлық сол екі жаққа бірдей сәйкес келеді. Құштарлық сезімі­нің өзінде де әр алуан қасиеттер бой көрсетеді: сыйлап жақсы көру, туыстық­пен жақын тұту, достық және эротика­лық ұнатулар. Эпикалық шығармаларда, соның ішінде лирикада да үшінші жақтағы адамға қаратып сөз арнау жиі кездеседі. Лирикада көбінесе бірінші жақтан баяндау үрдісі лирикалық қаһар­манның ішкі жан дүниесін ашу үшін жиі пайдаланылады. Ал Мұраттың лирикасында керісінше екінші жақтағы адамға қаратып сөйлеудің көбірек орын алатынын байқаймыз. Бұл орыс әде­бие­тінің әсері ме немесе сонау жыраулық дәстүр­ден келе жатқан үрдісті жалғастыру ма, ол екі арасын дәл мынадай еді деп тап басып айту қиын.

Айналамызда жүрген адамдардың жан дүниесінде не болып жатқанымен біздің шаруамыз болмайды. Бола қалған күнде де алдымен оғаш түсініктердің қылаң беріп қалатынын қалай жасырамыз. Ал Мұраттың кейіпкерлерінің біразы дәл сол біз күстәналап, жирене қарауға үйренген адамдардың сортынан. Ол маскүнемнің ішуге бой алдырған осалдығының сырын да, тәнін саудаға салған жеңіл мінезді сұлудың көбімізге беймәлім ішкі құпиясын да жан-жақты ашып көрсете алады.

Лирикада сыршылдық деген ұғым бар. Ол ақынның өзінің іштейгі түйген пайым-түсінігін, ойын, тапқан жаңалы­ғын өзімен өзінің бөлісуі, өзімен өзінің сырласуы. Мұраттың лирикасын оқи отырып, оның өлеңді жалпы көпшілік қауым үшін емес, өзі үшін жазып отыр­ғанын аңдаймыз. Ақын жырларының бағыт-бағдары қалың оқырман емес, ақынның өзі. Оны оқырман ойы да, замандастары мен сыншылардың пікірі де алаңдатпайтын сияқты. Сондықтан да оның лирикасы жұрт пайымдап жүрген өлеңдерден басқашарақ, ойлау мәнері мен қабылдау түйсігі де өзгешерек болып келеді.

Мұраттың поэзиясында реалистік сипаттан гөрі романтизм басым. Романтизм ол лириканың жаны десе де болады. Ақын өз ойын ашып нақты көрсетуден гөрі астарлап, символдар арқылы өрнек­теуге бейім. Біз символизмді уақыты өткен ескі сүрлеу сияқты елесте­тетіні­мізді де жасыра алмаймыз. Ал оны жа­ң­артып, өзінше түрлендіріп, қазіргі оқырман танымына сәйкестендіріп жырлап жатса, неге өны өгейсітуіміз керек. Керісінше, Мұратты басқа ақындардан ерекшелеп тұратын да оның осы астары қалың ой мен терең мазмұнға жақындығы деп қабылдағанымыз жөн шығар. «Көңіл­дің өңі ағармас кірі ашылмай» деген өлеңінде ақын:

«Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман»,

Күн – үміт секілді ме түнге айналған.

Өмір ме, өңі суық өлім бе екен,

Бір елес орамалын бұлғайды алдан, – деп көңіл шерін ақтарады. Бірақ неге күн үміт түнге айналған, неге өмір мен өлім қатар орамалын бұлғап шақырып тұр оған нақты жауап таба қою қиын. Ол сұрақтардың жауабын іздеу де шарт емес секілді, ол санамызда баяғы жыраулар поэзиясы дәстүріндегі риторикалық сұраудың бір көрінісі ретінде жаңғыра­тын­дай. Дей тұрғанмен, осы өлеңнің астарында өзгеше ой бар, бөлек бір байлам жатқан сияқты.

Символизмнің философиясы мен эстетикасы адамзат тарихындағы әр түрлі ілімдер негізінде қаланғаны белгі­лі. Олардың көзқарастарынан антикалық дәуірдің ғұламалары Платоннан бастап, кейінгі Ницше, Бергсондардың пайым­дауларының іздерін аңғаруға болады. Символистер өнердегі әлемді танудың дәстүрлі идеясына өздерінің шығар­ма­шылық үдерісте әлемді қайта құру (өзгер­ту) идеясын қарсы қойды. Шығарма­шы­лық деген символистердің пайым­­­­дауынша, шығармашыл-сурет­керге ғана тән жеке адам санасындағы құпия ойлардың көрініс беруі. Ол құбылысты ақыл-оймен жеткізу мүмкін емес. Символизм қалам­герден затты, не құбылысты ишаралап, астарлап жеткізуді талап етеді.Ақын өзі ұнатқан қызға да, айналасындағы жаны жақын адамдарға да, туған жер мен ата­ме­кенге де, аспан мен жерге де, су мен от­қа да, талға да, сол талдан құлап жат­қан жапыраққа да өлең арнайды. Таби­ғаттағы әрбір зат пен құбылыс ақын назарынан тыс қалмайды. Әрбір нәрсенің ақын санасында поэ­ти­калық бейнесі, ойды қозғайтын болмысы болуы шарт. Сонда ғана ақын жырының нысанына айналған зат пен құбылыстың образ­дылық сипаты айқындала түспек. Ақын жырларында махаббат тақырыбы, өмір мен өлім мәселесі тереңнен толғай жырланып, жаңаша философиялық реңкке ие болады.

Мұрат Шаймаранның шығар­ма­шы­лы­ғындағы философиялық лириканы пейзаждық немесе махаббат лирикасынан, азаматтық лириканың өзінен түстеп айырып алу мүмкін емес. Онда нақты фи­лософияға құрылған лириканы кез­дес­тіру қиын. Таза философияны насихаттайтын поэзияның да болуы мүмкін емес. Өйткені, ол өнер. Сондықтан онда көңіл-күй сипаты (эмоция), әсемдікке деген құштарлық басым түсіп жатады. Мұраттың қай өлеңін алмайық, онда ой мен сезім қатар өріліп, лирикалық қаһар­манның таным-түсінігімен астасып кетеді. Сондықтан да оның филосо­фия­сының өзі ақынның өзі таныған айнала қоршаған дүниеге деген сенімі мен көзқарастарының жиынтығы ретінде кө­рінеді. Оның поэзиясындағы фило­софия­лық мотивтер қызға ғашықтық, туған жерге деген махаббат, табиғат сұлулығына деген сүйіспеншілік, оның сұлулығы мен гармониясы философиямен өріледі. Ғалымдардың өзі философияны поэзиядан бүтіндей ерекшелеп тұратын белгінің жоққа тән екенін жазады. М.Шаймаран лирикасында адам мен әлем бір-бірімен гармониялық байланыс­та суреттеледі. Бұл ақын поэзиясының образдылық сипатын ерекшелей түседі. Оның лирикасының образдылық әлемі ұтқыр кейіптеулер мен метафоралардың жиынтығы іспетті. Ақын өз өлеңдерінде қарама-қайшы заттар мен құбылыстардың өзін бір ұғымға, бір текті құбылыстарға айналдырып жіберетіндей. Оның шы­ғар­маларындағы барлық жанды-жансыз тір­шіліктің бәрі де лирикалық қаһар­манмен байланыста бейнеленеді, тарихын тарқатады, мұңын шағады, сырымен бөліседі.

Ондағы өлім де, қайғы да, үмітсіздік те тура мағынасында емес, астарлы ма­ғы­насында суреттеледі. Ақын өзінің айт­қысы келген ойын әр алуан құбы­лыс­тарға теңеп, тұспалдап жеткізуімен ерекшеленеді. Символизмнің мұндай қасиеттері М.Жұмабаев өлеңдерінде ай­қын көрінетін. Ал Мұрат сол символизм­нің кей­бір элементтерін осы заманға лайық­тап өз шығармаларында ұтымды пайда­лан­ған. Оның өлеңдерінің идеясын бірден тани қоюдың қиындығы осындай астарлы ойларының қалыңдығына байланысты деп ойлаймыз.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір