ҚАЗАҚСТАН ТӘУЕЛСІЗДІГІНІҢ ҰЙҒЫР ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ КӨРІНІСІ
11.11.2016
2319
0

nur_4717Ұлы Генрих Гейне: «Дүние жарылатын болса, ол ақынның жүрегі арқылы өтеді», – де­геніндей, Қазақстан тәуелсіздікке қол жет­кізгеннен кейінгі жылдарда Жер-Адам-Әлем арасындағы біртұтас өзара бай­ланысты, өткен мен бүгінгі өмірді, та­би­ғаттың әсемдігін, таза махаббатты шы­ғар­м­ашылық шабыт, үлкен шеберлікпен жыр­лап, поэзияда салмақты орын алған ақын­дарымыздың әр түрлі баспалардан жи­нақтары басылып шықты. Оның ішінде Д.Ясеновтың «Тәшналиқ» (ынтызарлық), Р.Розиевтың «Роһлардин мәдәт» (рухтардан ме­дет), М.Һәмраевтың «Мени вәслиңгә йә­т­күзгин» (мені көруге жеткіз), А.Дө­лә­тов­тың «Һәй дуния, дуния» (Әй, дүние, дү­ние), «Явайи сөйгү» (жабайы сезім), «Мән сөйгән һаят» (мен сүйген өмір), «Роһ­лар сөзләйду» (рухтар сөйлейді), А.Ғә­ниев­тың «Мән бир деңиз давал­ғуған» (мен бір теңізбін толқыған), И.Һо­шуров­тың «Се­ниң намиңдин сөзләймән» (сенің атың­нан сөйлеймін), «Ейтсам – тилим көйи­ду, ейтмисам – дилим» (айтсам – ті­лім күйе­ді, айтпасам – ділім күйеді), «Өмүр­намә» (өмір өткелдері), А.Һезимнің «Барса кәлмәс йол» (барса келмес жол), «Бә­шинчи қоңғурақ»(бесінші қоңырау), И.Жә­лиловтың «Вәсийәт» (өсиет), Ж.Розахуновтың «Ой тамчилири» (ой тамшы­лары), «Кәңликни кинәймән» (ұлғаю), Т.Нурахуновтың «Көз­ләр һәм жүрәк» (көз бен жүрек), И.Тох­тияровтың «Тумарим» (тұмарым), «Күзги бағ­лар» (күзгі бақ), осы жолдар авторының «Дия­нәт» (көлеңкесіз көңіл), «Жүрәктин төкүл­гән яш» (жүректен төгілген жас), «Сеғиниш муңи» (сағыныш мұңы), «Өзіңе сенем» (қазақ тілінде жарық көрген кітап) жыр жинақтары бар. Бұл жинақтардан орын алған шығармалардың тақырыбы кең. Бірақ осы бір мақалада аты аталған бар­лық ақындардың шығармашылығына тоқта­лып өту, әрине, мүмкін емес. Сон­дық­тан біраз ақындардың Қазақстан тәуел­сіздігі, жаңарған заманның артық­шы­лықтары мен қиыншылықтары, қазақ-ұйғыр дос­тығы, адамгершілік қасиеттердің заманға қарай түрленгені туралы жазылған шы­ғармалар туралы пікір жүргізуді тура көр­дік. Себебі, бұл мекенде өмір сүріп жат­қан барлық ұлттардың Отаны болған Қа­зақстан әдебиетінің гүлденіп дамуына ұй­ғыр ақындары да өз үлесін қосып келуде.


patigul

 

Патигүл МӘХСӘТОВА,
ақын, ф.ғ.к.

 

Бүгінгі күні тарихқа бір назар аударсақ, Қазақстанның 70 жылдан артық уақыт бұрынғы Кеңес Одағының қол астында болып, сол өктем түзімнің құрбанына ай­нал­ғандығына, Отаны бола тұрып, Отансыз болғандығына көз жеткіземіз. Дүниежүзінде бостандықты армандамайтын халық жоқ. Ғасырлар бойы тәуел­сіздікті аңсаған, «мың өліп, мың тіріл­ген» қазақ халқының арманы 1991 жылы орындалды. Қазақстан тәуел­сіз­дігінің куә­гері болған, достықтың тамыры терең­ге кеткен ұйғыр халқы мен қазақ халқы бір­дей қуанып, бірдей шаттанды. Ақын­дарымыз бұл тарихи маңызы зор оқиғаны жыр­лау үшін қазақ ақындарымен бірдей қолына қалам ал­ды.

Міне, осындай ақындарымыздың бірі Ра­химжан Розиев болды. Ұйғыр поэ­зия­сы­ның намысын әрқашан жақсы шы­ғар­маларымен қорғап келген Р.Розиевтың шығармашылығында баллада және поэма сияқты ірі жанрлардың орны айрықша. Ақынның «Роһлардин мәдәт» поэмасы жазылған 1995 жылдан кейін өткен он не­ше жыл ішінде елімізде, өмірімізде, күн­делікті тұрмысымызда, ұлттық психологиямызда, дүниеге болған көзқара­сы­мызда айтарлықтай өзгерістер болды. Осы­ған қарамай, тақырыбы халқымыздың тағ­ды­рымен байланысты бұл шығарма бү­гін де өз құндылығын жоғалтқан жоқ.

Осы лирикалық поэма шал мен не­мересі арасындағы диалог негізінде өрбіп, ав­тор лирикалық кейіпкер-шалдың пайым­­дауы арқылы халқымыздың та­рихын­ шарлап өтіп, қайғылы тағ­ды­ры­мызды, оның себептерін, халықтың бос­тандыққа болған аңсауын терең сезіммен оқыр­ман жүрегіне жеткізеді. Ақын шы­ғар­маның негізгі идеясын сюжеттің ба­сын­да анықтап:

«Рух» деген ол сондай ең ұлы нәрсе,

Сол ұлы рухтарды рухыңа қосса.

Жандарың түлеп, елің көгерер,

Сүрмеген боласың өмірді босқа! – деп жазып, ұлттық рухтан айрылғанда, ұлт­тың да жоғалатыны туралы фило­со­фия­лық терең пікірді ортаға тастайды. Поэ­маның басынан бастап аяғына дейін әрбір жолы осы ұлы рухпен суарылып жал­ғасады. Ұйғырдың қайғылы тағдырына күйінген ақын надан халқының кіш­кен­тай бақытқа алданып, үлкен бақыттан құр қалғандығын, ондағы өз арамыздан шық­қан сатқындардың негізгі роль ойнаған­ды­ғын, орыс империясының отарлау­шы­лық саясатын лирикалық қаһарман арқы­лы сипаттайды.

Өз елінен көшіп шығып бұрынғы Кеңес елінен баспана тапқан лирикалық ге­рой сонша жыл өтірік идеяға табынып өмір сүргендігін Қазақстан тәуелсіздік ал­ғаннан кейін түсінеді:

Біз солай алданған коммунизмге,

Жағамды ұстаймын түссе есіме.

Жетпіс жыл жалаңаш, қалмады ізімде,

Біреулер ұрады, айтайын несіне!

Қазақстанның тәуелсіздігіне қуанған ақын тәуелсіздіктің алғашқы жылдарын­да­ғы экономикалық дағдарыстың адамдарды шатастырып қойғандығын жасырмайды:

Аштар азуда, зиялы зыр қаққан,

Қарасаң қалжырап, жүзінен шаң шыққан.

Еңсесі езіліп, ерінін құрғатқан,

Айрылды қорлықпен тататын талшықтан.

Зиялы дегенің осы ма, бір мақтан?

Аяғын ала алмай тығылған балшықтан.

Бірақ лирикалық қаһарман осындай ауыртпалықта болса да өзіңнің тәуелсіз елің­де өмір сүргенін бақыт деп түсінеді. Қа­зақстанның мөлдір аспанында желбіреп тұрған көк байрағына сүйсінеді:

Мүбарак, көк байрақ, көгімде желбіре,

Шуақты нұр тарат, әлемді сендіре!

Қарт солай қарайды аспанға асқақтап, –

Көп күттік бұл күнді, тыңдаңыз мен міне!..

Поэма соңында өзін кәрі тарихпен бай­ланыстырған лирикалық қаһарман ке­лешек ұрпаққа осы тарихты мұра етіп қал­дырып, ұлттық рухтан айрылмауды на­сихаттайды. Поэманы оқып, шынында да ойланасың, толғанасың. Ақын аңыз­дар­дан шеберлікпен пайдаланып, оларды шы­ғарма сюжетінің ажырамас бір бө­лігіне айналдыра алған. Р.Розиев шы­ғар­ма­сын­дағы күшті ұйқас, дәл ритм, көр­кем­дік тә­сіл­дердің орынды қол­­­­да­нылуының бәрі поэ­маның көркемдігін асырып, мазмұнын кү­шейтіп тұр. Заман шынайылығын, тағ­дырымыздың ауырлығын анық көруге мүм­кіндік береді. Бұл, әрине, ақын шебер­лігін дәлелдейді.

Қазақстанның тәуелсіздікке қол жеткі­зіп, қазақ халқының қолына бақыт құ­сы­ның қонғандығы отаншыл ақын Долқун Ясеновты да немқұрайлы қалдырмайды. Қа­з­ақстанның тәуелсіз ел болып, қазақ хал­қының тәуелсіздігінің рәмізі — көк бай­рақтың биік шыңдардан көрінуін ар­мандаған ақын өз ойын «Мән һәвәс қи­лимән истиқлалиңға» (сүйінемін мен, се­нің болашағыңа) өлеңінде үлкен сезім­мен жырлайды:

Әй, досым, қазағым, бақытта басың,

Дербестік, көк туың тасып тамасың.

Өз елің егемен, жүректе шаттығың,

Әлем көздерін ашып қарасын!

Сүйінемін мен, сенің болашағыңа!

Достық — ұлы ұғым! Қазақ пен ұйғыр ұлт­тары арасындағы достықты өткен ға­сырда өмір сүріп, халқымыз тарихында өш­пес із қалдырып кеткен И.Саттаров, Қ.Һа­санов, Һ.Искәндәров, Илия Бәхтия сияқ­ты көптеген атақты ақындарымыз зор мақтанышпен жырлап өткен. Бұл қасиетті достық Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін онан ары күшейді. Ата-бабаларымыз мұрасын жалғастырып келе жатқан ақын­дарымыз енді бұл тақырыпты жаңаша рух­пен жырлады. Д.Ясенов та көңілі дала­сын­дай кең қазақ халқының ұйғыр хал­қына бөтен еместігін, бұл елде емін-еркін өмір сүріп жатқан өзінің қазақ халқының ба­қытына қуанатындығын, қазақ-ұйғыр дос­тығына шын ниетті махаббат сезім­дері­мен суғарылған «Күч алимән» (күш ала­мын) өлеңінде:

Даланың төсінен көк туды көрдім,

Ұрпақтар аңсаған ғасырлар бойына.

Мен оны досыммен көзіме бастым,

Жасымды ағызып ортақ тойыма!

 

Әуестігімнің көрінбей шегі,

Өзімді тежей алмадым шалқып.

Бақытты қазаққа бауырым жылып,

Сезім шуағын арнадым балқып!.. – деп жырлаған.

Өлең барысында ғасырлар бойы ар­ман­даған тәуелсіздік шаттығы, достық се­зім одан әрі күшейеді. Өз елінің бостан­ды­ғы үшін бірі қолына қалам алып, бірі қы­лыш ұстап күресіп, тарих беттерінде өш­пес із қалдырған ұлы Абай мен Абылайхан көрмеген тәуелсіздікке ұрпақтардың қол жеткізгендігі ақынды қуантады. Ақын «Күлүң­лар көк бөриниң әвлат­лири» (кү­лің­дер көк бөрінің ұрпақтары) жолдары ар­қылы бұл тек қана қазақ халқының ғана емес, сонымен бірге көпұлтты тәуелсіз Қа­зақстанда өмір сүріп жатқан күллі түркі тіл­дес халықтардың шаттығы екенін айтып өтеді:

Күл қазақ, Абай үшін, Абылай үшін,

Қуан сен, көк бөрінің ұрпақтары!

Ешқашан аспаныңды бұлт шалмасын,

Сәбилер жыламасын бұл шақтағы!

Долқун Ясеновтың терең мағынаға, зор тәрбиелік маңызға ие бұл жолдары ке­ле­шек ұрпақтарда отаншыл рухты, достық се­кілді жоғары адамгершілік қасиетті қа­лыптастыруда маңызды роль атқарады.

Әрбір ақынның өмірінің түп-түбірі кін­дік қаны тамған туған жерден тамыр тар­тады. Қазақстан жерінде туып-өскен Аб­думеҗит Дөләтов үшін де бұл қасиетті өл­кенің орны бөлекше. Бұл туралы ақын «Қа­зақстан — Вәтиним мениң» (Қазақстан Ота­ным менің) өлеңінде жалынды шабытпен жырлайды.

Ақын өз өмірін Отаны Қазақстаннан бө­ліп қарамайтындығын, ішкі дүниесі, яғ­ни «жан-тәні» сыртқы дүние, яғни осы жер­мен бірлесіп кеткендігін, тәуелсіз елде шы­ғармашылықтың шыңын иеленіп жат­қандығына қуанады. Өлең барысында ақын Қазақстан тәуелсіздігі — ұйғыр мен қа­зақ халқының достығы мәңгі екендігін ай­рықша тілге тиек етеді:

Әрбір күнім ашылған бір жаңа бет,

Есте қалар таңмен соққан жаңа леп.

Ұйғыр-қазақ мәңгі дос боп өтеді,

Қазақстан қандай ыстық от еді!..

Ақын үшін халқының бауырындай жа­қын, оның мейіріміндей ыстық  ешнәрсе жоқ. Сондықтан туған жер тақырыбына өлең жазбаған ақын жоқ. Абдумеҗит Дө­лә­тов «Вәтиним» атты өлеңінде Отанға бол­ған махаббат жалыны туған жерге деген сүйіспеншілік ұшқынынан жанатынын өзіне тән дауыспен жаңғыртады:

Мен сені жырлауға ежелден құштармын,

Әзиз Отаным, үнісің құстардың.

Өзен-көліңе құмар болғамын,

Сен берген қанатпен есімде ұшқан күн.

Менің суымас махаббатымсың,

Лапылдап лаулаған өзісің ішкі-ардың!

Шығармашылықтың қиын жолынан адас­пай, заманауи поэзиямызда жемісті қа­лам тербеп, өмірден беймезгіл кеткен ақын Абдумеҗит Дөләтовтың салмақты шы­ғармашылығы көпшілік оқырмандар жүре­гінен әрдайым лайықты орын алады.

Міне, біз осылайша әзірге үш ақын шы­ғармаларын тілімізге тиек еттік! Қа­зақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі өткен 25 жыл уақыт ішінде поэзиямызда тәуел­сіз­дік, Отан және туған өлке абзалдығы, қа­зақ­  пен ұйғырдың достығы тақырыптары ал­дыға шығып, жыр арқауына айналды. Бұл табиғи жағдай. Себебі біз, Қазақстанда өмір сүріп жатқан ұйғырлар, қазақ хал­қы­мен қиыншылықтарды бірге тартып, қуа­нышты бірге бөлісіп келеміз. «Тірі болсақ бір төбеде, өлсек бір шұңқырда боламыз», – деген бабалар аманаты біздермен жал­ғасатыны сөзсіз. Бұдан кейін де осылай бо­лады. Себебі, қазақ-ұйғыр достығы – мәң­гілік достық!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір