АЛТЫНЕМЕЛ – АЛТЫН ЕР
11.11.2016
4993
6

an2e2187Елімізде көз тартар көрікті жерлер аз емес.Соның бірі – Жетісу жауһарларының бірі боп саналатын «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи  паркі. Ұлттық паркте қазіргі таңда экологиялық саяхатшылық қарқынды дамуда. Соның ішінде – парк аумағында саяхатшыларға арналған арнайы соқпақтар ашылған. Қонақтарды парктің жол сілтеуші мамандары өздері аралатады, соның арқасында тазалығы қатаң сақталған. Саяхатшылық соқпақтардың бойына саяхатшылардың ыңғайына қарай  бақылау алаңдары, шатыр тігетін алаңдар, отыратын орындар, дәретхана, автотұрақ, 50 адамға арналған 6 қонақүй, аңшылық үйлер орнатылған. «Шыған» бекетінде ұлттық салт-дәстүрімізді, ұлттық тағамдарымызды насихаттайтын этноауыл ашылған.Этноауылға келген  қонақ­тарға қымыз, шұбат және т.б. ұлттық тағамдар ұсынумен қатар,  «Сақ»  моншасы жұмыс істейді. Ұлттық паркте туризмді дамыту мүмкіндіктері өте мол – бұл жерде бас жос­парға сай болашақта  қонақ­үй,  спорттық саяхат­шы­лық лагерь,  сумен емдеу орталығы, ашық аспан астындағы «Бесшатыр» мұражайы, Динозавр паркі, палеонтологиялық мұражай ашу жоспарлануда.

Б.д.д II мың жылдықтың жартысы, яғни қола дәуірінде қазіргі парк орналасқан аумақта андронов мәдениеті болған. Көшпенділіктің және өмір сүру деңгейінің біртіндеп дамуы барысында тау етектеріне сақ тайпалары қоныстана бастаған. Б.д.д  II ғасырда сақтарды үйсіндер ығыстырып, қазіргі ұлттық парк аумағындағы әр түрлі кезеңдерді қамтитын тарихи ескерткіштер осылай пайда болған. Ең көне ескерткіш темір ғасырына жататын – Бесшатыр қорғаны. Ұлттық парк аумағындағы тағы бір тарихи ескерт­кіштер – тастағы таңбалар. Тастағы таңбалар сонау темір дәуірінен бастап қола, орта ғасыр­ларды қамтиды. Суреттерге қарап, аумақта қандай тайпалардың адамдары мен олардың  тұрмыс-тіршілі­гін, салт-дәстүрін, діни-наным­дарын байқауға болады. Ошақтас ескерткіші Қалқан тауының жазы­ғында орналасқан. Ошақтас шамамен бірнеше, биіктігі 2 м. болатын тастардан тұрғызылған. Қазіргі таңда біраз тастары мүжіліп, құлап, тек үшеуі ғана қалған. Аңызға сенер  болсақ, 1219 жылы Шыңғыс хан өзінің орта Азияны жаулап алу жо­рығында осында болған деседі. Сол кезде ол өзінің қалың қолын тамақ­тандыру үшін үлкен тастарды қо­йып, үстіне қазан орнатқан. Екінші болжам – ертедегі адамдар соғыс кезінде Ошақтастың ішіне от жа­ғып, белгі беру мақсатында орнат­қан деген болжам бар. Кіші Қалқан тауының етегінде Ш.Уәли­ха­нов бастауы бар. 1856 жылы ұлы саяхатшы Ресейден Қашғарға жасаған саяхатында қазіргі парк аумағын басып өткен. Ол күнделі­гінде  бас­тау­ға тоқтағаны және су ішкені туралы жазып қалдырған. Содан болар, жергілікті халық бұл бастауды қастерлі деп кие тұтады және суын көп ауруларға шипа болады деп есептейді. Сонымен қатар, Ш. Уәлиханов құрметіне ашылған мұражай парк аумағына жақын  Шоқан ауылында орналасқан.

Қазіргі таңда ұлттық парк ау­мағында 3 саяхатшылық соқпақ бар.

№1. Автокөлік-Жаяу; Басши- Ошақтас – Тораңғы сайы – Ш.Уәлиханов бастауы – Айғайқұм. №2.  Автокөлік-Жаяу; №1-ші бекет – Таңбалы тас (тастағы суреттер) – Бесшатыр қорғаны. №3.    Авто­көлік-Жаяу; Басши – Қосбастау бекеті (700 жылдық ағаш) – Қату және  Ақтау таулары.

Қазіргі таңда Бесшатыр қорған­да­­рына қайта қалпына келтіру жұ­мыс­тары жүргізілуде. Бұл – бола­шақ­та қорғандарды сыртынан ғана көріп қоймай, ішіне кіріп, нағыз сақ қорғандарының қандай болға­нын көруге үлкен мүмкіндік береді. Ұлттық парк аумағында, Іле жазы­ғында тарихи-мәдени  ескерт­кіш­тер­ден басқа табиғи туындылар да жақсы сақталған. Олардың бірі ша­ғыл құмдардан құралған – «Айғай­құм» табиғи  ескерткіші. «Айғайқұм» Үлкен және Кіші Қал­қан таулары­ның ортасында тас­тақ­ты жазықта орналасқан. Жалпы аумағы 240 га. болатын құм негізгі екі бөліктен тұрады. Оңтүстік құм­ның биіктігі – 150 м. ал, солтүстік құмның биік­тігі – шамамен 100 м. абсолюттік биіктігі – 600-650 м. Құм­ның оң­түстік бөлігінде таза шағыл құм­дар арасында өсімдіктер өспейді. Екі таудың ортасындағы жел айналы­мының  әсерінен құм­дар осында үйіліп, нәтижесінде үлкен құм төбеге айналған. Тағы бір қы­зы­ғы, қатты желді күндері құмнан ұшақ­тың даусына ұқсас дыбыс шығады және құм қатты жел болса да еш уақытта өз қалпын жоғалт­пай­ды. Осы құмның дыбыс шы­ғаруын көптеген ғалымдар зерт­теген, десек те, олар әлі бір нақты тұ­жырымға келген жоқ. Құмның дыбыс шыға­руына байланысты көптеген аңыз­дар да пайда болған. Қазіргі таңда «Айғайқұм» көп ха­лық­тың таңдауы бойынша Қазақ­с­тан­ның жеті кере­метіне енген және мемлекеттік ма­ңызы бар таби­ғи ескерткіш мәр­тебесі берілген. Ақ­тау  тауы – ұлттық парктің тамаша табиғи жерлерінің бірі. Ақтау таула­ры ежелгі теңіздің тартылу әсерінен пайда болған жерлер. Те­ңіз­дің тартылу нәти­жесінде көп­теген әдемі сайлар, шат­қалдар пай­да болған. Әсіресе, түрлі-түске боял­­ған тау кө­рінісі  көр­ген адамды басқа әлем­ге тап болғандай әсерде қалдырады. Тау әр түрлі бояуларға боялған,  атап айтқанда, үсті – қы­зыл, ортасы – қыз­ғылт, етек жағы – сары түсті бо­лып келеді. Бұл жер­лерді зерттеу барысында көптеген ежелгі жа­нуарлар мен өсімдіктер қалдықтары табылған. Табылған қалдықтарға қарап, бұл жерлерде шамамен осыдан 50 млн. жыл бұ­рынғы кезеңді қам­титын қол­тырауын, тасбақа, алып мүйіз­тұм­сық, т.б. мекен ет­кен­дері анық­­талған. Толықтай сақ­тал­ған бронтотерия мен үш тасбақа­ның қаңқалары 1995-1997 жылдар аралығында Қазақстан-Америка бірлескен зерттеу жұмыс­тары  барысында табылған. Табыл­ған ағаш діңі, жапырақтарға қарап, бұл жердегі ағаштар қазіргі осы аймақта өсетін өсімдіктердің арғы тегі екені анықталған. Қату тауы– ежелгі жанартау атқылауынан пайда болған. Жанартаудан аққан ыстық лавалардың қату әсерінен бұл жерлерде әр түрлі формадағы тастар пайда болған. Сондай-ақ, бұл жер­лер­дің рельефінің әр түр­лілігіне бай­ланысты таулар жа­сыл, қызғылт, т.б. түстерге боялған. Осын­дай ерек­ше жаратылыс тауға ерекше көрік беріп тұр. Бұл жерлерде су бол­маған­дық­тан тастардағы арқар, тау ешкі, бұғы, сондай-ақ, үй жа­нуар­ларының суреттеріне қарап, ежелде адамдар мекендегенін бай­қауға болады. Жар­тастардың арасында ежелгі  жа­байы адамдар тұр­ған үңгір бар.

Ұлттық парк аумағында жылы су ағатын родон  бұлақтар бар. Бұл жерлерде өте үлкен тал ағаштары өсе­ді. Родон судың емдік қасиеті бар және көп ауруларға ем деп есеп­теледі. Осындай сайлардың бірінде, Қосбастау бекетінде 700 жылдық алып ағаш өседі. Алып ағашты қа­та­рынан  тұрып 10 адам құшақтай алады. Сондықтан да алып ағаш киелі болып саналады. Аңызға сенер болсақ, ХΙΙ ғасырда Шыңғыс хан өзінің орта Азияны  жаулап  алу  жорығында осында  демалған  де­се­ді. Үңгірқора – ұлттық парк ау­мағындағы ең үлкен үңгір. Биік­тігі –20 м. ішіне бір отар қой еркін сияды. Пішіні – дөңгелек тәрізді. Қа­бырғалары өңделген, тегіс және қара­май жағылған. Соған қарап, бұл жерлерде адамдар мекендеген деген тұжырым бар, өйткені, үңгір­дің ішінен үй жануарларының қал­дық­тары табылған. Қарлы сар­қы­рама. Көктем уақытында және жаң­бырлы мамырда Қызылауыз сайында биіктігі 15 м. болатын сар­қы­рама ағады. Сайдағы осы судың арқасында су жағасы үнемі жасыл желекке оранып тұрады. Әсіресе, жаз­дың аптап ыстықтарында бұл маң үнемі салқын самал болып тұрады. Ғалымдарды тағы бір таң қалдыратыны – экожүйедегі тас­тақты шөлдер. Мұндай шөлдер Қазақстанда тек қана Іле қазан ш­ұң­қырында кездеседі. Бұндай экожүйе  «Жоңғар шөлі» типіне жатады.

«Алтынемел» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі жануарлар дүние­сі­нің әр түрлілігімен ерекшеленеді. Паркте жануардың 393 түрі мекен­дейді. Жоғалып бара жатқан аң­дар­ды сақтап қалуда парктің маңызы өте зор. Өткен ғасырдың  80-ші жыл­дары ұлттық парк құрылмай тұрып, бұл жерге түркімен құлан­да­рының популяциясын сақтап қалу үшін 27 бас құлан әкелінген. Қазіргі таңда парк аумағында түркімен құланы­ның ең үлкен популяциясы 3000 бас­қа жуық құлан мекендейді. Елі­міздегі ерекше қор­ғауға  алынған жа­­нуар­дың түрі қарақұйрық 4000 мыңға жуық. 2003 жылы жалпы Орта Азияда құрып кеткен Пржевальский жылқысы паркке Гер­ма­нияның Мюньхен  зообағынан   жерсіндірі­луге әкелін­ді. 2006 жылы Іле тоға­йына бұхар бұғысының 10 басы жерсін­дірілуге жіберілді. Олардың саны да әлем бойынша  бар   болғаны  шамамен 200-250 бас қана қалған. Парк аума­ғын­да құстардың 260 түрі мекен­дейді. Бұл барлық Қазақстан­дағы құстардың жартысына жуығы (49,4%).

Ұлттық парктегі өсімдіктердің сан алуандығы – Жоңғар Алатауы­ның  және Балқаш–Алакөл  өсім­дік­­тер әлемінің түйіскен жерінде ор­на­ласқандығынан. Сонымен қатар, парктің ең төменгі нүктесі – 500 м. ал жоғарғысы – теңіз деңгейінен шамамен 2000 метр. Сондықтан парк аумағында биік таулы аумақ­тан бастап шөлді ау­мақта өсетін өсімдіктерді кездес­тіруге болады.

Биылғы жылғы мониторинг бойынша «Алтынемел» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жалпы саны – 5677 турист келген, онын ішінде ересектер – 4860, студенттер – 113, мектеп окушылары – 542, балалар – 62. Шетелден келген туристер саны да аз емес. 50-ден аса мемлекеттен 1061 турист келіп, «Алтын­емел» табиғатын тамашалап кеткен.

ПІКІРЛЕР6
Аноним 12.09.2021 | 19:55

Жаман маган тук комектескен жок😡🤬

Аноним 19.09.2021 | 18:56

Болад👌

Аноним 22.09.2021 | 18:19

Әрине, мағыналы, көркем сөздерді қолданылып жазылған. Өте ерекше десек тез болады. Бірақ та бұл мен іздеп жүрген сұрағым емес. Бәрі бір де барлығы нақты жазылған. Рақмет!!!

Аноним 06.09.2023 | 15:59

Маллллллллллллл мен іздеген сұрақ жоқ

Аноним 08.09.2023 | 00:16

Болады 5 алатын шгарм рахмет))

Аноним 21.09.2023 | 10:01

Малсн педик

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір