«МӘҢГІЛІК ЕЛДІҢ АЛТЫН АДАМЫ»
04.11.2016
2016
0

foto-rafhata-halelova-117(РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІ )

Орал қаласында 22-27 қазан аралығында Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығына орай Мемлекет­тік сыйлықтың лауреаты, халықаралық «Алаш» әдеби және тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлықтарының иегері, ақын-драматург Иран-Ғайыптың (Иранбек Оразбаев) шығармашылығына арналған «Мәңгілік Елдің Алтын адамы» атты республикалық театрлар фестивалі өтті.


ӨНЕРГЕ – ҚҰРМЕТ

Өнер байқауының ашылу сал­­танатына Батыс Қазақстан об­­лысының әкімі Алтай Көл­гі­нов және құрметті меймандар қа­­тысты. Облыстық қазақ драма теат­­рының биылғы 24-ші мау­сы­­мы ерекше басталды. Осы ай­­­­тулы шараның маңызына тоқ­­­­­талған облыс басшысы театр өне­­рін жоғары бағалап: – Өнер – қашан да мерейімізді үстем ете­­тін дүние. Елбасы әрқашан бұл са­лаға ерекше көңіл бөледі. Біз өңір­лерде Мемлекет бас­шы­сының сол тапсырмасына сәй­кес өнерді қол­даудан аянбаймыз. Соның ішінде театр­лары­мыздың шоқтығы биік­тей берсін. Ал бұл фес­тиваль Әбіш Кекілбаев айт­қан­дай, «Дра­матургияның аль­пи­нисті» атанған Иран-Ғайып ағамыздың шығар­ма­шы­лығына арналып отыр… – деді.

Жуырда батысқазақстандық театр ұжымының Македонияда өткен «Стоби-2016» антикалық дра­­ма театрлар фестивалінен жеңіспен оралғаны белгілі. Жер­­­­лестеріміздің жүлделерін осы кеште аталмыш фестиваль ди­­­ректоры, Македония теат­ры­ның актері Зоран Льутков арнайы табыстады.

Еліміздегі ір­гелі төрт өнер ошағының басын қосқан рес­пуб­ликалық бай­қау­дың шы­мыл­дығын жергілікті театр ұжы­мы Иран-Ғайыптың «Ән-Мұхит» драмалық дастаны­мен ашты. Соған орай фес­ти­валь­дің ашылу салтанатына ар­найы келген елімізге танымал дәс­түр­лі әнші Айгүл Қосанова, Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық фи­лар­мониясының дәстүрлі әнші­лері Қатимолла Бердіғалиев пен Сәуле Таудаева халық композиторы Мұхит Мерәліұлының ән­­­­дерін орындады.

Тұсауы кесілген «Ән-Мұхит» дас­танын Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» ордені­нің иегері Мұрат Ахманов пен об­лыстық драма театрдың ре­жис­сері Мұқанғали Томанов сах­налады. Әнші-ақын, күйші, дом­бырашы Мұхиттың сан қи­лы өмір жолынан сыр шертетін туын­дыда басты рөлді Мәдениет саласының үздігі Мұсағали Бек­те­нов сомдады. Сонымен қатар, Сердеш Қажымұратов, Теміржан Ма­­таев, Бибігүл Исалиева, Жыл­­­­қыбай Жұбатов, Самал Әбуов, Нұрлыгүл Жұбатова, Жам­был Заев сынды театрдың бел­ді әртістері ойнаған қойы­лым­ды көрермен мейлінше жылы қабыл­дады. Сал-Мұ­хит­тың заманын­да­ғы тағдыр тау­қыметі, ақын өлең­дерінің шығу тарихы баян­далған драмада күмбірлеген күйге де кезек бе­рілді. Қойы­лым­­ның шығу тари­хына аз-кем тоқ­талған автор өз сұхбатында Мұхит Мерә­лі­ұлы­ның биылғы 175 жылдық тор­қалы тойына ар­найы жазыл­ған дүниенің ту­ған өлкесінде қойы­луы кез­дей­соқ еместігін атап өт­ті: – Бұл туын­ды Батыс Қазақстан облы­сының бұрынғы әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың қолқа салуымен дүниеге келді. Дра­маны жазбас бұрын Сал-Мұхит­тың туған жері Қаратөбе ауданы­ның Саралжын ауылына үлкен делегациямен барып қайт­тық. Мазарына тәу етіп, жергілікті ха­лық­­пен жүз­дес­тік. Осылайша «Ән-Мұхиттың» алғашқы көрі­ні­сі сол жерде өмірге келді, – деді қаламгер. Сонымен қа­тар, қойылымды халықтың жүре­гіне жеткізе білген әртіс­терге риза­шылығын білдірді: – Мен өзім­ді, тұңғыш рет, күллі қа­зақтың, тұтас бір ұлттың баласы сезіндім. Құрманғазы мен Динаны дүние­ге келтірген, Қа­сым­ның, Жұ­бан­ның табаны ти­ген қасиетті топы­рақта, осынау киелі шаңы­рақта қойылған драманы көрер­мен өте жақсы  қабыл­дады. Оған Қойылым – куә… – деді фестиваль авторы. Тіп­ті, осы сапар ба­рысында өн­ер­ді қа­дірлейтін батыс­қа­зақ­с­тан­­дық­тарға құрмет ретінде «Оралым» ат­ты сиясы кеп­пеген өлең жа­зылып­ты.

Фестивальдің қадірменді мей­маны, ақын  Светқали Нұр­жа­нов: – Қазақтың қасиетті өлкесі – Ақ Жайықтың жағасында руханият салтанат құрды. Осы салтанатты тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына орайластырып, Иран-Ғайыптай талантты тұлғаның шығармашылығына арнаған өңір басшысы Алтай Сейдірұлы бастаған азаматтарға мың алғыс! Жүректеріңіздегі ел-жұртқа деген махаббаттарыңыз өшпесін. Жаңа қойылымды көріп отырып, түрлі сезімге берілдік… – деп, алған әсерімен бөлісті.

БЕС КҮНДЕ – ОН ҚОЙЫЛЫМ

Оралдықтар жергілікті театр­дан өзге Ғ.Мүсірепов атын­дағы қа­зақ мемлекеттік акаде­миялық Ба­лалар және жасөспі­рімдер театры, Оңтүстік Қазақ­стан об­лыс­тық орыс драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы мем­лекеттік қа­зақ музыкалық драма театрының өнерлерін тамашалады. Ғ.Мүсі­ре­пов атындағы Алматы театры – «Аждаһаның әлегі», «Фатима» және «Естай­дың Қорланы», шым­кенттік орыс театрының ұжымы – «Абылай хан», семей­лік Абай атындағы театр  «Адас­қан бақ құсы» спектакльдерімен көрер­менді баураса, батыс­қазақстан­дық қазақ драма театры «Ән- Мұхит», «Махамбет», «Қор­қыт», «Мен ішпеген у бар ма?», «Мәңгілік  Елдің  Алтын Адамы» атты  бес бірдей қойы­лым­ды ұсынды.

Бес күнге созылған өнер ме­ре­кесі қазақ драма театрын кө­рерменге толтырды. Залда ине шаншар орын болмады. Әрбір қойылымды өнер жанашырларынан құралған әділқазылар алқасы көрерменмен бірге тамашалап, талдап-сараптады. Алматы облыстық Б.Римова атын­да­ғы қазақ драма театрының әр­тісі, қазылар алқасының мү­ше­сі Сағындық Жұмәділдің ойын­ша, фестиваль өте жоғары дең­гейде өтті: – Бұл өнер бай­қауы­­на қатысуға біздің театр ұжы­мы да ниет білдірген еді. Алай­да, Талдықорғанда өткен Ор­талық Азия елдерінің VI халық­ара­лық фестиваліне шақырту алған­дық­тан, Оралға жол түспеді. Де­ген­мен, өзім Иран-Ғайыптың шы­ғармашылығына арналған рес­публикалық театрлар фестиваліне қа­тысып, қазылар құрамында болдым. Мұның өзі – мен үшін зор мәр­тебе. Автордың әрбір шығар­масы жастарға неден қашық болуды, неге асық болуды үйретіп, со­ған жөн сілтейді. Сахналық қойы­лымда драматург, режиссер, ак­тер, суретшіден құралған төрт таған мықты орнықса, беріктігі де соншалықты нық болады. «Жүй­ріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, әр қойылымның көркем­дігі, әрбір актердің шеберлігі бір-бірінен асып түседі. Әсіресе, Батыс Қазақстан облыстық қазақ дра­ма театрының актерлары Ер­бол Есендосов пен Нұрлыгүл Жұ­ба­тованың, Абай атындағы мемле­кет­тік қазақ музыкалық Семей театрының актері Бауыржан Төлековтің, Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекеттік академиялық Алматы театрының актрисасы Ақбо­та Қаймақбаеваның ойындары ерек­ше ұнады… – деген Сағындық Жұмә­діл сахнадағы Иран-Ғайып шығармаларының әлі та­лай қыры ашыларына күмән кел­тірмеді.

Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мем­лекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры ұсын­­ған үш қойылымның ішін­де­гі балаларға арналған «Аж­даһа­ның әлегі» ертегісін сахна­ла­­ған режиссер Сағызбай Қа­­ра­балин де фестиваль туралы оң пікірде: – Бұл шараның мән-маңызы зор. Фестиваль барысында өзге ұжымдардың өнерлерін көріп, өзара тәжірибе алмастық… – де­ді режиссер. Семейден келген Абай атындағы драма театры ұжы­мының С.Қарабалинге ер­те­гіні өз театрларына келіп сах­на­лау жөнінде ұсыныс біл­діруі – соның дәлелі.

Режиссерлар мен актерлардан бөлек сахнаны әрлеуші су­рет­шілердің де өзіндік ой-пікірі қа­лыптасты. Батыс Қазақстан об­лыстық театрының бас сурет­шісі Қайыр Оразғалиевтің ай­туын­ша, байқауға қатысқан әр­бір  театрдың көркемдік безен­дірілуі заманауи нұсқаға негіз­делген: – Сахнадағы әрбір деталь спек­такль кезінде ойнауы тиіс. Бұл тұрғыда қойылымдардың көр­кем­дік деңгейі талапқа сай… – де­ді суретші.

Қазақ жеріндегі рухани ша­ра­ға арнайы қатысып, бірнеше күн қазақстандық театрлардың қойылымдарын көріп, өнерін сараптаған Македония теат­ры­ның актері, қазылар алқасының мү­шесі Зоран Льутков қазақ өне­рінен тұшымды ой түйгенін жет­кізді: – Қойылымдар Македонияда қойылатын спектакльдерден өзгеше. Керемет… Өйткені, олар­дың барлығы қазақ халқының та­рихына негізделген. Оқиға же­лі­лері құрыш құрылған, актер­лар­дың шеберлігі көңілден шықты. Қа­зақ театрларынан көп нәрсені үйрен­дік… – дейді шетелдік мейман.

 

БҰЛ – МЕНІҢ ТОЙЫМ ЕМЕС, ХАЛЫҚТЫҢ ТОЙЫ

Барлық  драмалық шы­ғар­ма­­ларды қалың көпшілікпен бірге көріп, тағы бір мәрте ой елегінен өткізген автор Иран-Ғайып әр­бір ұжымның еңбегіне тәнті бол­­ғанын жасырмады: – Әрбір шы­ғарманың аға буынға, жас­тар­ға, балаларға  өзіндік айтар ойы бар. Он спектакльдің әрқайсысы әр түрлі. Балаларға арналған «Аж­даһа­ның әлегі», ата қонысынан айы­рылған ел-жұрт­тың тағдыры суреттелген «Махамбет», қара шаңырақтың отын өшірмеген қа­зақ әйелінің бейнесін көз алдымызға кел­тірген «Фатима», ұлы Абай ақын­ның өмірі арқау болған «Мен іш­пеген у бар ма?» және басқа да бар­лық қойылымның деңгейі көрер­меннің ыстық ықыла­сынан, өнерге деген құрметінен анық сезілді… – дей келе, ақын-драматург шара­ның өз деңге­йінде өтуіне қолдау біл­дірген облыс әкімшілігіне, мә­­дениет саласының тізгінін ұс­­таған аза­мат­тарға, зиялы қауым өкіл­де­ріне ризашылығын біл­дірді.

Автор өзінің шығармашы­лы­ғына арналған республика­лық театрлар фестивалін
Ел­ба­сы­ның «Мәңгілік Ел» идея­сына өнер ұжымдарының қос­қан үні деп есептейді. Бес күнге созыл­ған фестиваль барысында қуа­ныш­ты тұстар аз болмады. Алай­­да, күрсінткен бір ғана сәт – оңтүстік­қазақстан­дық орыс театрында Иран-Ғайыптың «Абы­лай хан» спектаклін сах­на­лаған режиссер Ерғали Оразым­бе­товтің сол қойылым Орал теат­рының сахнасында қойыл­ған күні дүниеден өтуі. Сол күні театрға жиналған өнерсүйер қауым, режиссердің көзін көр­ген үзеңгілес  әріптестері та­лант­­ты өнер иесінің қазасына қа­быр­ғалары қайысып, бір минут үн­сіздікпен еске алды…

– Бұл байқау менің шығар­ма­шылығыма арналғанымен, ха­лықтың тойы деп санаймын.
Орал – қазақтың атқа қонған, қо­лына қалам ұстаған тұл­ға­лары­ның бүкіл қазаққа ортақ еке­­­ніне көз жеткізетін, бірден-бір құт-мекен екендігіне, осы – сапар, кө­зім анық жетті… «Ора­лым» ат­ты өлеңім осындай көңіл тол­қы­нысынан дүниеге кел­ді,
– дейді, Ол…

Батыс Қазақстан облыстық қа­­­зақ драма театрының директоры, талантты актер Қуаныш Амандықов мұндай іс-шараның бе­рері мол екенін айтты: – Театр­­лар фестивалі ұжым үшін пай­далы. Өз деңгейімізді бағамдаймыз, тә­жірибемізді молайтамыз. Әрі қазақ театрының жұмысын өр­летуге де септігін тигізеді. Ақын, драматург Иран-Ғайыптың шы­ғармалары әлемдік деңгейде жа­зыл­ған. Біздің театрымыздың қор­жынында автордың алты қойы­­лымы бар. Тәуелсіздік мереке­сіне тарту жасай отырып, өз көрер­мендерімізді егемен-қалып­тас­­тыр­дық. Халықтың өнерге де­­ген ереймен-сүйіс­пен­шілігін аң­ғар­дық… – деген Қуа­ныш Сай­лау­ұлы рес­­публи­ка­лық дең­гей­де­гі театрлар фес­тивалін ұйым­­­дастыруға қол­дау біл­дірген облыс әкім­дігіне, об­лыс­тық мә­дениет, мұрағаттар және құ­жат­тама басқармасына және өнерге жа­нашыр азамат­тар­ға алғысын жетк­ізді.

Өнер байқауының шымыл­ды­­ғы Батыс Қазақстан театры қой­ған Иран-Ғайыптың «Мәң­гі­­лік Елдің Алтын Адамы» қойы­­­лымымен түйінделіп, фес­ти­валь­дің жабылуы алтыншы кү­­ні, салтанатты жыр кешіне ұлас­­ты. Салтанатты шарада жеңім­паздардың есімі белгілі бо­­лып, театр тарландары арнайы сыйлықтарға ие болды. Әділқазылар алқасы «Тәуел­сіз­дік­ке – Тағзым» номинациясы бойын­ша – он үш, «Мәңгілік Ел» но­минациясы бойынша бес сый­лық тағайындады. Атап айт­қанда, «Тәуелсіздікке – Тағ­зым» сыйлығын актер Мерей Әжі­беков пен  «Естайдың Қор­ла­ны» қойылымындағы актерлік құрам, режиссер Сағызбай Қа­ра­балин (Ғ.Мүсірепов атындағы қа­зақ мемлекеттік академиялық Ба­лалар және жасөспірімдер театры), актерлар Татьяна Миненко мен Максим Шереметьев, ре­­­жиссер Ерғали Оразымбетов (ОҚО орыс драма театры), актер­лар Мұсағали Бектенов, Ербол Есендосов және Сердеш Қа­жы­мұратов, суретші Қайыр Ораз­ға­лиев, режиссер Мұқанғали То­манов (БҚО қазақ драма театры), актриса Бақыт Тойымбаева (ШҚО Абай атындағы мемле­кет­тік қазақ музыкалық драма театры), режиссер Қуандық Қа­сымов иеленді. «Мәңгілік Ел» сый­лығын иеленгендер қата­рын­да актриса Ақбота Қаймақ­баева (Ғ.Мүсірепов атындағы қа­зақ мемлекеттік академиялық Балалар және жасөспірімдер театры), Нұрлыгүл Жұбатова (БҚО қазақ драма театры), Бауыржан Төлеков (ШҚО Абай атындағы мемлекеттік қазақ музыкалық драма театры) және режиссер Мұрат Ахманов болды. Ал «Ең үздік қойылым» аталымын БҚО қазақ драма театры «Мәңгілік Ел­дің Алтын Адамы» спектак­лі­мен жеңіп алды.

«Театр – хас сұлудың көз жа­сын­дай мөлдір өнер» деп жазушы Ғ.Мүсірепов айтқандай, бір­­­неше күнге жалғасқан өнер мерекесі облыстық қазақ драма теат­рын көрерменге толтырды. Тәуел­сіздіктің 25 жылдық беле­сінде ұйым­дастырылған театр фес­тива­лі өткенді қаузап, өске­лең ұрпақты тарихтың тұң­ғиы­ғына бойлатты. Республикалық театр­лар байқауы бүгін өз мәре­сіне жетіп, тағы да «Мәңгілік Ел­дің Алтын Адамы» қойылы­мы­мен әдіптеледі деп күтілу­де…

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
«Жайық үні – Жизнь города» қалалық газетінің тілшісі.
Орал қаласы.

Суреттерді түсірген Р.ХАЛЕЛОВ.


 

ИРАН-ҒАЙЫП

ОРАЛЫМ
(«Ән-Мұхит» – Сахналанған  Күнгі  Өлең)

«Оралыңның барында –
Ойна да Күл…» –
Халық Әуенінен.

 

Ақ-Жайығым –

Оралым,

Бас-Көзіме –

Қарадың!

Тапты –

Оясын:

Кер –

Кетіп,

Кежір –

Тартқан,

Аяғым!

 

Оралым –

Ақ-Жайығым,

Боздауда-тын –

Ғайыбың:

Көгіңде –

Жыр-Боталап,

Батар-Күндей –

Байыдым!

 

Сырттап,

Шеттеп…

Мәңгіріп,

Жүр –

Ем…

Саяқ –

Қаңғырып:

Өлгенімді –

Тірілттің,

Өшкенімді –

Жандырып!

 

Пәрмен –

Беріп:

Жаныма,

Жүрегіме,

Қаныма…

…Рахмани-Нұр –

Құйдың:

Иманыма,

Арыма!

 

…Аруыңа –

Тіл қаттым,

Аруағыңмен –

Сұңғатпын:

Ән-Мұхиттың –

Сазына,

Бекіре-Сүңгіп –

Шым баттым.

 

Өңкей-Бектер –

Оңымда,

Ыңғай-Көктер –

Солымда:

«Ойнап-Күліп –

Жатырмын,

Оралымның –

Барында!»…

 

Бар!

Бар –

Екен!

Бар –

Екен:

Кіл –

Сом-Алтын,

Сара –

Екен!

Елің менен

Еріңе:

Хақ-Тағалам:

Жар –

Екен!

 

Уай,

Құт-Мекен –

Жер-Ұйық!

Бой –

Тіктедім…

Емініп:

Бейне,

Өмір –

Бақиы…

Өлместейін –

Көрініп…

 

Өлместейін…

Ой,

Тобам?!

Ғұмыр –

Кешіп…

Ной-Тобан:

Тозағына –

Тірліктің,

Енбестейін –

Қайтадан!

 

Орал –

Дүнием…

Тарлан –

Көк…

Тал-Шыбығым –

Орман боп…

Топырағыңды –

Ұжымақтап,

Ұйықтап –

Кетсем:

Арман –

Жоқ!

22.10.2016.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір