ҚҰРМАШТЫҢ БҮГІНГІ ҚҰРДАСТАРЫ
04.11.2016
3070
0

desktopwallpapers-org-ua-2607Расында, Әуезов – әдебиеттегі өзінше бір әлем. Солай екенін кез келген шығармасын бірінші рет оқып-танысып, екінші рет оқып байқап, үшінші ретінде ой толғай бастайды екенсің. Өз басым дәл осындай күй кешкен оқырманмын. «Көксеректің» экрандағы нұсқасын көргендегі әсер бір басқа да, автордың түпшығармасын оқып шыққандағы әсер өзгеше. Әрине, кинофильмде «Көксерек» авторының шығармадағы шеберлігі толық көлемінде көрінбегенін байқау қиын емес. Себебі, сценарий желісіне сол кезеңдегі қоғамдық оқиғалар көрермен үшін әдемі қиюластырылып берілген.

Ол өзінше тартымды шыққан. Ал менің кітаптағы «Көксеректен» ал­ған әсерім кинодағыдан әл­де­қай­да жоғары. Жалпы, жазушы қасқырлар өмірін, тіршілігін, мі­нез-құлқын зерттеп барып қалам ал­ған сияқты ойға қалдым. Сон­дық­тан Әуезовті «зерттеуші-жазу­шы» десем артық айтқандығым емес. Неге дейсіздер ғой? Шы­ғар­маның басталуынан-ақ автор баян­дауды сол тағы жануарлардың ор­тасынан, солардың ұғым-түсі­нік­терімен бастайды. «Ертеңіне түс­­те жат иіс шықты, алыстан әл­­­де­қандай дабырлаған дауыстар ес­­тіліп, жақындап келе жатты… Ін ау­зына екі аяқтылар жыбырлады…Жып-жылы мықты тұсаулар мой­ны­нан, жотадан ұстап бар күшікті сырт­қа алып шықты». Осындағы: жат иіс, әлдеқандай дабырлаған дауыс­тар, екі аяқтылар, жып-жылы мық­ты тұсаулар – қасқырлар ұғы­мы. Міне, осындай нанымды су­рет­­тер оқушыны ары қарай өзі-ақ же­телей жөнеледі. Оқып отырып, шы­ғарманың ішіне еніп кеткеніңді өзің де білмей қаласың. Көксеректің ауылға келгеннен кейін екі күннен соң көзін ашқан күшік кезін­де­гі­сінен, елдің кегі қайтқан көк шо­лан­ға дейінгі өмірі көз алдыңда шы­найы түрде өтіп жатады. Неге еке­нін маған «Кәпір, қырыс, та­ғы емес пе! Кеудесін бермейді, жа­­сымайды!» деп аңыз қылған ауыл­­дың сөзі әсер етті ме, күшік те бол­са Көксерекке жүрегім жы­лы­май-ақ қойғаны! Иә, суық кейіпкер ре­­тінде қабылдап отырдым. Бұл жазу­шының «Қасқырдың баласын қан­ша асырасаң да орманға қарап ұли­тынын» оқырманға ескерткені ғой! Бірақ Құрмаш күшік Көк­се­рекке құлай жығылды. Сол үшін кәрі әжесінің қойнынан да шығып, Көксерегін қасына алып жататын болды. Бөлтіріктің ертең арлан бо­лып, досын қорғайтынына бала көңі­лі сенді ғой! Осылай Құр­маш­тың да Көксерек арқылы «балалар елі» арасында мықтылығын көр­сет­кісі келгендігі болар?! Бірақ та­ғының аты тағы ғой, қасқыр тұ­қымы. Оның табиғатын Құрмаштай сенгіш, таза  әрі  аңғал  көңіл қайдан білсін!

Сонымен, жазушы зерттеу­ші­лі­гі жайлы өз ойымды жеткізгім кел­ген.

Жалпы, адамдар арасындағы Көк­серектің жүріс-тұрысы, мінезі се­зімтал, зерделі адамға қиын емес. Тұ­қымы жақсы жануардың мі­не­зінде ерекшелік болуы заңдылық. Оны үлкендерден жиі естіп, құлақ құрышы қанып та жүр. Ал Көк­се­рек­тің адамдар арасынан кетіп, та­­ғылық өмірінің көріністерінде жазу­шының нағыз суреткерлігі мен зерттемпаздығына тәнті боласыз. Күздің бір қара дауылды тү­нін­дегі оралмастай кетуінен кейін Көк­серектің тағылық тынысына зер салған оқушы шын құмарта оқи­ды. Өзім басымнан кештім. Аяз­ды түндегі аштық. Тәбетін аш­қан қой исі. Ауыл иттерінің сақ­ты­ғы­нан тәбеттің маза бермеуі.

Табанынан өткен ызғар. Тұң­ғыш рет Көкке қарап қасқырлық жаратылысымен ұлуы. Ақырында өз иістері арқылы қаншық қас­қыр­мен табысуы. Бұл – негізгі кейіп­кер­дің шынайы өмірінің кіріспесі. Әрі қарай автор сол ортаны сырттай мұқият бақылап отырғандай баян­дайды. Жай ғана әңгімелеу емес. Адамдардың отбасылық өмі­рін­дей. Олардың да бір-біріне сүйіс­пеншілігі, қамқорлығы, аяу­шы­лығы, ұрпағына деген ата-ана­лық махаббаты – бәрі-бәрі сюжетті эпизодтармен өріліп беріледі. Көк­серек пен ақ қасқырдың жұптық тірлігінің куәсі – өмірге келген кү­шік-бөлтіріктері. Өмірінде бі­рін­ші рет өзін ақ қасқырдың тіре­гіне балап, бөлтіріктердің өз қа­ны­нан жаралғанын иісінен сезіп мойын­дағаны – Көксерек бойын­да­ғы үлкен қамқорлық пен жауап­кер­шілікті оятты. Міне, осындай сырт­тай қарағанда тағылар тірлі­гін­де де өзіндік салмақты ұғым, түй­сік бар екенін оқырманға шынайы етіп жеткізген жазушы ше­бер­лігінің арқасы деп білемін. Әп-әдемі ұйыған тыныштықты та­ғы да үлкен жаулардың бұзуы екі қас­қырдың кек алуына алып ке­леді. Елді бұрынғыдан да қан қақ­са­та бастайды. Ол – жазықсыз өл­тірілген бөлтіріктердің кегі. Ақ қас­қырдың ішінен шыққан жас күшіктерінен айырылуы қасқыр екеш қасқырдың да қайғыраты­ны­на, мұңданатынына оқырманның көзі жетеді. Тіпті, ақ қасқырдың жал­ғыз қаңғырып кететіні уайым­ның жан-жүйесіне терең әсер етке­нінде ғой. Іштегі шерін айтар аузы, тілі жоқ. Мақұлық болса да іс-әре­кетіне сенбеске амалың жоқ. Өте на­нымды суреттелген. Дәл осындай жағдай адам тағдырында кез­деспейді емес пе?! Кездеседі! Егер пенде басына түссе, психикалық ауру­ға душар болуға дейін баратындар аз ба екен?

Осындай тағылар тіршілігінің мі­нез иірімдерін жазушы жақсы зерт­тей білген. Содан да сюжет же­лі­сі оқушыны иіріп алып кетеді.

Қасқыр атаулының дұшпаны – адам. Адамның Көксерекке дайын­даған «сыйы» көп екен. Енді, өз ортасын таптым ба дегенде Көк­се­ректі бір қырсықтан бір қырсық ша­ла береді. Ақ қасқырдан айы­рылу­дың өзі адамдарға деген өш­пен­­ділігін арттыра түсті. «…Бір ауыл­­дың шуын бір ауылдікіне қо­сып, бықпырт тигендей қылады. Жаз­дай жеген қозы, бұзауының са­ны елу-алпысқа жетті. Қораны өрт шыққандай, жер сілкінгендей дүр-дір еткізеді». Осыдан өткен өш­пенділік, кек алу бола ма? Те­ңеу­дің дәл тауып айтылған бір мы­салы. Тап бір сол оқиғаларды өз кө­зімен көргендей. Тағы десе нағыз тағының әрекетін айнытпай басып беріп отыр. «Жалғыздың шаңы шық­пайтынын» жазушы аңғара оты­рып, енді оны қасқырлар үйірі­нің көшбасшысы дәрежесіне дейін жеткізеді. Иә, кәдімгі басқарушы, бас­тық. «Артынан ерген тобы жүр­гіш болып алды. Бәрі де жонданып, құтырынып, жүргіш болып алды. Шетінен Көксерекше батыл. Сол не істесе – соны істейді…». Кәдімгі то­бын жаратқан, тыңғылықты дайын­даған, ысылған, алдына бел­гілі мақсат қойған басшы іспеттес. Ен­дігі жерде адамдардан кегін бір құ­шырланып тұрып алса, Көк­се­рек­тің арманы болмас еді. Бұған дейінгі әрекеттері осыған дайын­дық қана сияқты сезілетін. Бірақ классик-жазушы адамды да бірден ит-құсқа жем етіп аузына сала сал­май­ды. Екі дұшпан оңаша келіп тұрып, атынан айырылған жаяу ай­ласын тауып, адамдар көмегімен сытылып құтылып кетті. Міне, еш­кімге дес бермей келе жатқан Көк­серектің ызасын келтірген, жігерін жаныған сәті. «Осыдан соң Көксерек қатты долы, ызалы болып, сызданып алды. Ырқына көн­беген күшіктерді, жүріске ере ал­маған қартаң қаншықтарды кей­де бас салып талап та тастайды». Іш­тей бір іске дайындықта жүр­гендей. Адамдар болмы­сыдағыдай, тура. Бір нәрсеге кектенген ызалы, күйін­ген адамның әрекетін, қан­дай іске барарын тап басып айта ал­майтының сияқты. Сол мақ­сат­пен де болар түйелінің артына ой­лан­бай түскені де. Ендігі әрекеттер Көк­серек-қасқыр көзімен сипат алады тағы да. «Сол кезде түйе үс­ті­нен бір ұзын нәрсе шошайып со­зылды да, күрс етті. Күрс етіп жө­телген көк түтінмен қатар Көк­серектің артқы бір саны шыж ете түсті. Әрі ыстық, әрі суық бір нәрсе қа­далып шаншып қалды». Енді, Көк­серектің жан жарасына тән жа­расы да түсті. Әй, қайдам? Тән жарасы жазылар. Бірақ жан жарасын тереңдетіп жібергенін түсінбей қалу мүмкін емес, оқушының. Көк­серек аспай-саспай әрекетке көшкен айлалы адамнан аумайды. Табиғаттың да үлкен дауыл алдында тыншитыны сияқты. Оқып отырып осындай бір ойға қалып, әрі қарай енді не боларын болжай ал­майсың. Бір қорқыныш, үрейлі оқи­ғаның боларын да немесе өз әл­сіз­дігін (әрине, адамнан ғана ) мойындайтын сәттің туатыны се­кіл­ді ойың өзімен-өзі арпалысып жо­балап кетеді. Себебі, кинодағы Көк­серекті жиі-жиі көріп жүріп, ұста­зымыздың: «Кино мен кітап­та­ғы сюжет мүлдем басқаша, айыр­машылығын айыра біліңдер», – де­генін басшылыққа ала отырып оқып отырған адам не ойламайды? Өзі әбден ашыққан қасқырдың аузы асқа тие бергенде жауы келіп бас салса, онда бәрінің біткені дей бер! Міне, шығарманың нағыз ша­рықтау шегі – осы! «Туғаннан бергі бар­лық көресі осыдан – екі аяқты­дан…» деуі де дөп айтылған. Көксе­рек­тің өміріндегі бар кегі қайт­қандай болды… Аянышты!

«Сырттандар» атты ертегі түйі­нінде иттің сырттаны ғана қас­қыр­ды алатыны – қасқыр атаулы адам­дар мен итке үстемдік ете алмайтынымен түсіндіріледі. Осы идея шығарманың шешуі болып орынды ойластырылғанына еш дау жоқ. Міне, жазушының шеберлігі де, зерттеушілігі де, аса талғампаз­ды­ғы да осында.

Жақсылық БАҚЫТҰЛЫ.
Алматы облысы,
Шелек ауылы,
9 сынып оқушысы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір