ПОЭЗИЯМЫЗДАҒЫ ЖАҢАША ОЙЛАУ ТӘСІЛІ
04.11.2016
2532
0

pero-poeta«Сөз жазатын адам әрі жазушы, әрі сыншы болуы керек. Сөздің шырайлы, арайлы болуына ойдың шеберлігі керек; ұнамды, орынды, дәмді болуына сыншылдық керек; мағыналы, маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған», – дейді Ахмет Байтұрсынов «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласында. Бұдан біз ақында болуға тиісті шеберлік, талғампаздық, тереңдік туралы аса құнды ұсыныс пен шартты көре аламыз. Абай да өлеңінде: «Әншейін күн өткізбек әңгімеге, тыңдар едің әр сөзін мыңға балап», – деп қинала толғанады.


Қажыбек АЙДАРХАНҰЛЫ
(ҚХР)

 

Жеңіл сөзі желдей ескен ақынына қа­зақ­тың тыңдаушысы да ілесе құлақтан азып, көбік сөзге көп үйір екенін сынап отыр. Ал бүгінде «қыздырма» өлеңші мен «күн өткізгіш, ермекшіл» оқырман жоқ деу­ге болмайды. Әрине, тіпті бұндайлар аз деп те айта алмаймыз. Соның да нә­ти­же­­­сі емес пе, әлгі көркем әдебиетті «адам­дар­дың көңіл ашар тамашасы» деп, ләз­заттанудың сайқымазағы еткісі кеп жүр­гендер. Бұл, әрине, салмақсыз сөзге сал­күреңше төселгендердің орай да ермек етер шимайларымен өзін алдарқатуға себеп. Біз айтып жүргендей өлең дегеніміз еш­қашан көңіл көтерудің ермегі емес. Поэ­зияны «мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген Абайдай танып, Абайдай өлең­ге қуат берген ақын қазақта кемде-кем болар. Осындай ұлы тұлғамыз айтса ай­тар еді, өлең көңіл көтеретін нәрсе деп… Та­ғы сол ұлы Абай аса паңдықпен «мақтау өлең айтыпты әркімге арнап» деп осыдан ғасырдың ар жағында айтып кетпеп пе еді. Ойлану керек сияқты. Жалпы, бұның бәрі ақындық біліммен, моральмен өлшенетіні мұнда тұр. Білім талғампаздыққа, терең­дік­ке бастар еді… Шеберлік болғанымен, ке­мелділіктің жалғыз шарты ол емес еке­нін түйсінер тұсқа жеттік. Өсу мен өркен­деу­сіз поэзиямыз мүлде қатып қалды деуге келмейді, өсті, өркен жайды, сая тү­­сірді, мәуеледі, жеміс берді, желкенін кең жайды. Қытайдағы қазақ поэзиясы туралы ой жүгіртіп көрер болсақ, өлеңдегі тап­тау­­рын болған өзгенің сүрлеуінде той­таңдамай, жаңаша жазу кешегі Омарғазы Айтанұлы, Серік Қапшықбайұлынан бері өз сұлбасын үзіп алмай, жаңа ғасырдың да та­бал­дырығын аттап, тәсілін үздіксіз жаңа­лап, алға дамып келеді. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды немесе шикі көз­қараспен жазам деген қаламға тос­қын­дық қоя алмайды. Бұл үшін даурығудың қа­жеті шамалы. Дәстүр мен жаңашыл­дық­ты қарсы қою да ақымақтық. Әр қазақ ақыны дәстүрден сусындайды, дәстүрдің нә­рін қуат етіп, әуелгі қадамын басып, ру­хани жақтан белгілі өреге жетіп барып, жаңа бір жолды іздейді. Бұл жерде екі нәр­сенің басын ашып алуымыз керек. Бірақ дәстүр дегеніміздің ешқашан формамен өл­шенбейтіндігі, оның үстіне біздің кө­бі­м­іздің бүгінгі дәстүр деп жүргеніміздің ке­шегі орыс әдебиетінің бізге қалдырған мұ­расы екенін білуіміз керек. Шетел әде­биеті дегенде біздің білеріміздің 90 пайызы сол советтік орыс адебиеті. Іс жүзінде әлем біз ойлағаннан, білгеннен әлдеқайда ау­қымды еді. Оны әлі мойындамай, «әкеңді қара тауда бір жыққаммен» ке­ле­міз. Асылы қазақ әдебиетінің дәстүрі бе­рі­ болғанда, «Оғызнама», көк түрік ес­керт­кішіндегі жырлардан, яғни арғы қазақтан, түп қазықтан бастау алуы керек. Енді бірі, әйтеу өзің де түсінбейтін дүние жазсаң бол­ды жаңалық болады деген сөз жоқ. Жал­пы, көркем әдебиеттегі эстетикалық тал­ғам, бағыт,  дәстүр мен жаңашылдықты таң­дауда басты өлшем болатыны сөзсіз. Қыс­қасы, ойлау жүйесі арқылы жүрілетін сарапты біз ешқашан форма арқылы мынау дәстүрлі, мынау жаңашыл деп соқ­тыр­туымыз келесі ұрпақ алдында ешқандай әде­биеттану мектебін қалыптастырып бе­ре алмайтын сауатсыздығымыздан дерек береді.

Табысым мен сәтсіздігімнің бәрі өлеңім­­мен қатысты деп ақиқатын өзі айтып кеткен Борхестің «Жаңбыр» дейтін ға­­жайып өлеңі бар.

«Тәңір нұры қараңғыны қаусыра,

Ымырт кенет сала берді жарқырап.

Жаңбыр мынау күмәнданба жауып тұр,

Жауып әлде өте шықты тамшылар.

 

Еске ал онда,

Еске алудың өзінен,

Не бір бақыт оралады сезінер.

Тамшылардың түйсіне алсаң ләззатын,

Гүлдей жайнап көкейіңе көрінер.

 

Тереземді қаумалады, бүркеді,

Ал көңілге ұялап тұр бір сенім.

Енді қайтып болмайтұғын бақшада

Жүзімдерді шаң-тозаңнан сүртеді.

 

Ертіп келді ымырт осы дымданған,

Бір дауысты зәру болған тыңдауға –

Әке дауысы,

Өлмепті әкем

Өлді деп

Неге сонша қайғы жұтып мұңданғам!»

Әдетте Борхес шығармашылығында ай­на және есік өте көп қолданылатын об­раздарға жатады. Бейне сол сияқты уа­қыт та ақын шығармашылығында маңыз­ды символдық мәнге ие. Міне, осы бір өлең де Борхестің уақыт образы барынша ажарын ашып, символдық мәні тереңінен қамтылған жыр. Жауып тұрған немесе әл­деқашан жауып өте шыққан жаңбыр әс­те  физикалық  құбылысқа  қаратылмайды, қай­та бұл жердегі жаңбыр – уақыттың сим­волы. Ақынның осы бір өлеңі – сы­дыр­тып бір оқығанда жай өлең болғаны­мен, шын мәнінде сөздің екінші мағына­сын ашуды қажет ететін қуатты шы­ғарма.

Жаңбыр – уақыт дедік. Осы жүйе бойын­ша індете талдасақ, уақыт өткен немесе өту үстінде. Мәңгілік ештеңе жоқ, қара тү­нек те сырылады. Егер уақыттың осы қа­сиетін сезіне алсақ, уақыт бақыттың гү­лі болып ашылатындығын емексітеді ақын. Бүкіл өлеңнің салмағы мен ойдың түйінін бойына жасырып тұрған соңғы шумақта ақын адам илануға болмайтын сөз айтады, яғни өлген әкесін өлмепті деп қуа­нады. Себебі, жаңбыр-уақыттан әке­сі­нің дауысын естімеді ме?! Әрине, бұнда ақын­ның айтпағы әсте әке дауысы емес, қайта барлық көне, дәстүрлі мәдени құн­дылықтар сияқты ұзақ уақыт отарлау мен өзгенің билеуінде болған Латын Амери­ка­сы­ның да дәстүрлі құндылықтарына жат­тан келер әсер аз болмаған. Осындай жан­таласты сәттегі Латын Америкасының тіл, тарих, мәдениетін ақын бір ауыз сөз әке деген атаумен символдап алған. Ендеше ақын жаңбырдай желген уақыттың өтуі­мен қайта оралған «әкесімен» қауыш­қа­нын енді талдап жатудың да қажеті ша­малы болар. Мүмкін емес ұғымдар ас­та­рына шындықты жасырып, айғайға бас­пай басқаша мәнерде жеткізетін уа­қыттың ағысында немесе қайталан­ба­лы­ғында тағдырдың да өзгеріске ұшырай­ты­нын үйлесімге келтіріп жырлайтын фи­­ло­софиялық қуаты күшті, символдық мәні терең өлеңді бір оқыған адамның тұ­шына қоюы да қиын. Дегенмен, өлеңдегі сөз­дің екінші мағынасы дегеніміздің өзі осындай ізденістермен қолға келетін таң­балық мәнге ие сөз мәдениетінің, ойлау мә­нерінің астарында тұратындығы мен­мұндалайды.

Біз үнемі модернистік, постмодернистік шығарма десе, мұрнымызды шүйіреміз. Уәжіміз өте қарапайым, яғни мұндай жаңа ағыммен жазу барып тұрған шетелшілдік болар еді. Шындығына келгенде ақынның модернист немесе постмодернист тәсіл­дері­мен өлең жазуы оның ұлттың ақыны болуымен ешқандай қатысы жоқ. Бұл тек тә­сіл ғана. Қайта осы бір жаңа тәсілді ой­дағыдай пайдалана алғанда біз ұлттық рух­қа әлдеқайда жақындар едік. Жаңағы өлеңін оқып отырған ақынымызды әде­биет­танушылар постмодернист ақындар тобына жатқызады. Егер біздің дайын қалыптағы талдау тәсілімізге салғанда, еш­қашан да жаңбырды уақыт символына баланып алынған деп ойламас еді. Сосын барып жай ғана ақын көңіл-күйіндегі жаңбырлы кеш деп тұжырымдап: «Жаңбыр біресе жауып тұр, біресе әлде бәлкім жауып өтті деді. Болмаған бақшасында жуын­ған өзімі несі, ал өлген әкесінің дауысы қай­дан шығып, қайдан қайтып келді, жын болмаса» деп басымызды жағамызға ты­ғып, бетімізді жеңімізбен бүркеп, келті­ріп тұрып бір сықылықтап алып: «Бұндай өлең­нен үйренбеу керек, сандырақ» дер е­дік. Іс жүзінде жасампаздықпен шұғыл­дану­шы әр жасампаздаушының өзіне тән уа­қыт кеңістігі болады. Далидың «Есімдегі мәң­гілік» деген суреті бар. Суретте сағатты майыстырып, илеген қамырды бұ­таққа ілгендей, үстелге іліп қойған. Бұл туралы өз сөзінде: «Мен өзімнің уақыт пен кеңіс­тікке көзқарасымды бейнеледім» дейді. Яғни уақыттың формасын әуелгі бар өл­шемнен тысқары ойлаған. Бұндай ойлау тә­сілі поэзияға да аса қажет. Өйткені, поэзия дегеннің өзі әу бастан шеңбердің ішін­де бұғу емес, керісінше шеңбердің сыр­тындағы бұлқыныс, логиканың сыртында тұрып, адам түйсігіне әсер етіп, сезінуге жетелеу.

«Алақанда бес сызығым бар тағы,

Аппақ болып атқан кезде әр таңым.

Батыс, Шығыс, Солтүстік пен Оңтүстік,

Енді бірі саған қарай тартады», – дейді тү­рік ақыны Фазыл Хұсни Дағларжа «Бес ба­ғыт» деген өлеңінде. Ойлаңыз, кә­дімгі ұғым бойынша бағыт тек төртеу болады. Бұл жерде ақын логикалы ойлауы­мыздағы төрт бағыттан тысқары өзіне тән тағы бір ба­ғыттың бар екенін айтып тұр. Өлеңнің төр­тінші тармағындағы «саған»-ды туған жер деп те, анасы деп те, сүйген жары, ға­шығы деп те ойлай беруіңізге бо­ла­ды. Ақын оның кім екенін ашалап айт­пайды. Бұл да сол Тыныштықбек Әбді­кәкімовтің «Ай, дегенмен, бесінші бір маусым бар» де­геніндей тұрақты ұғымнан тысқары, өзін­ше, дара ойлаудың сәтті жемісі. Біз не­лік­тен оңай дүниені күрделі жеткізген не­месе күрделі дүниені тіптен күрделі жет­кізген ойлау тәсілін құп көре­міз. Себебі, ақын берісі ұлттың, арысы адам­заттың ой қоз­ғалысына әсер етуі керек. Сіз бар құбы­лыс­ты ауар-тамары жоқ дәл жеткіздіңіз дейік. Онда оқырман ойпырай расында осы­лай, тауып-ақ айтыпты деп бас изеп, сізге мойынсал болады. Өзі ештеңені де ой­ламайды, өз санасында ойлау қимылы болмайды. Өйткені, сіз бәрін дайындап бергенсіз. Ал күрделі дү­ниені оқыған оқыр­ман бұл нені айтып кетті деп одан ары ыңғуырлап ойлап, сөз­дің астарындағы мәнді табады да «е, былай екен-ау, бұл мына жағынан ой­лап­ты-ау» деп дәмін алады. Бұл соқырға таяқ ұстат­қандай тү­сінік жасамаса да түсінікті қара­пайым логика. Ендеше біздің кейінгі тәсілді дамыту керек дей беретініміздің себебі сол – оқырманның ой-сана әреке­тінің көп болуына қызмет ету. Негізі ойлау жаңармай, ұлт жаңармайды, ұлт жаңармай, ұлттық  тарихи сананың қалыптасуы кеше­уіл­дейді. Әдебиет осындай ұлт мүд­десіне қызмет ете­тін өнер, әсте тек ғана көңіл көтеретін жа­лаң функциялы өнер емес.

Қытайдағы қазақ әдебиетінде тұрақты қа­­лып­­тан алқып шығып, айтпағын қа­лайда бас­қаша бейнелеуге талпынған ақын­дар бұрын да болғанын алдыда айт­тық. Әрине, қазір де бар. Біз өткенді шолу­ға қауқарсыз болсақ та бүгінгі шоғырдың ішінен қолы­мызда жырлары бар жас буыннан бірне­шеуін оқырманмен ортақтасуымызға болады. Әуелі Ынтымақ Сәдудан бір шумақ оқиық.

«Өлімді көрдім…

Көк көйлек киген қыз екен,

Қасына барғым келгені, шіркін, шақыртпай.

Жарғанат өмір қызғаныш қанын ұрттаған,

Қарашығымды қағып түсірді жақұттай».

(«Өлімді көрдім»).

Баяғыда үлкен кісілер түс жорып жата­тын. Сонда есімізде қалуынша түсін айту­шы­лар «түсімде көк көйлек киіп жүр екем, көк киім киіп алыппын» десе, «ой, жарайды, жақсы түс екен, жақсылық, қуаныш, той, қызық бар екен, ұзағынан сүйіндірсін» деп жатады. Ал керісінше көктің орнында қы­зыл болса, «түс түлкінің боғы» деп жы­лы жауып, сөз өрбітпей қоя салар еді. Әри­не, есті адам емеуріннен бәрін біліп отырады. Бұл жерде өлімді керісінше көк көй­­­лекті қыз десе, жарғанат өмірдің қыз­ға­ныш қанын ұрттаған қызылшыл пиғыл­ға теңеледі. Дегенмен, осылай ойлағаны­мыз­да сәл ауаша қонған сияқты болға­ны­мен, жіңішкелей қарасаңыз, ақын қолданған зер салуға тура келеді. Мұндағы өлім мәңгіліктің тұрағы, тыныштықтың бесігі, ең соңғы тыныстар, байыз табар ме­кені. Өлім мұнда қорқынышты емес, қай­та қызыл мысық мінездес өмір қор­қы­нышты. Осы түсінік бойынша жүлгелегенде ба­ғанағы түстегі таным мен ақын жы­рын­дағы емеурін алыстан орағытып барып тақуа­лық идеямен туыстасады. Бізге бас­қаша сезілгені ақын өз ойын төтесінен жет­кізбей із тастаған, өзіне тән, таптаурынсыз ойлау тәсіліндегі өзгешелік, бей­нелеудің дара формасы. Ақынның тағы бір «Топыраққа түйілген жан» деген өлеңінен «Жанымды түйіп қойдым топыраққа» деген жолдарға жолығамыз. Әрине, қа­зақ­та «жанын шүперекке түйіп» дейтін тұрақ­ты сөз бар. Мұндағы жан нақты зат емес, бейсаналы дүние. Бірақ ескі қазақ ұғы­мы жанды заттандырған. Бүгінгі қазақ ақы­ны осы заттандырған жанды буып, түю­ге келмейтін топырақты мүмкіндіктен асыра ойлап, жанды сол топыраққа түйдім дейді. Бұл алдыңғы ойлаудың заңды да­мыған жалғасы.

Ынтымақ Сәдудің жырларынан жаңа ойлау негізінде құрылған жаңаша образдар астарындағы мәндерге, символдар та­сасындағы ажарға көптеп кезігіп, ақын­ның үнемі ойлы өлең жазатынына куәгер бо­лып келеміз. Енді бір ақынымыз Ерлан Нұрдықанұлының жырларына да оқырман ең көп назар аударуымен бірге, кей тіркес­те­ріне наразы көзқараста, даулы пікірде жүргенін білеміз.

«Таң бөбегін орап ыстық ақ қарға,

Көктем болып кеттім, міне, ақ таңда.

Қандай бақыт сенің ұшып жеткенің,

Мен өлеңге қабір қазып жатқанда», – деген өлең шумағындағы «таң бөбегін орап ыс­тық ақ қарға» дейтін тармақ оқыр­ман­дар­дың әр түрлі аңдысына мұрындық болып жүр­ген жайы бар. Ондағы пікіріміз қардың еш­қашан ыстық болмайтыны. Физикалық қа­сиетінен қарағанда қардың күйіп-жа­нып тұруы мүмкін емес, дегенмен, ақын­ның осы тармаққа сыйдырған мәнінен ой­лағанда, әлдеқайда сүйенішті күшке, жаңа бір ұғымға ие. Мұнда ақын өзінің сә­бидей таза, кірлеткісі келмейтін қуа­ны­шын кірсіз қарға ғана орауды мінәсып са­найды. Мұндағы қардың ыс­тықтығы құ­былыстың сыртқы мүм­кін­дігі емес, қай­та ақын іздеген ішкі мән, яғни ақын жү­ре­гіне жақын қардың ыстықтығы қол күй­дірер ыстықтық емес, керісінше жан жы­лытар тазалықтың жүрекке жақын жылуы. Қысқасы, ақынға керегі қардың фи­зикалық қасиеті емес, ақын психология­сына жақын символдық қасиеті. Бұл тар­мақ бізді сонша үрке қаратып тұрғанымен, әлем­дік әдебиетте мұндай образдарды кез­дестіру қиын емес. Өлеңдерін оқысаң орыс­тың әйел ақыны Ахматова бірден есіңе келеді деп баға­лайтын сыртқы моң­ғұлдың әйел ақыны Ұлжи Тұғыс та:

«Аппақ етім нұр шашады,

Көрмеймін,

Қандай ыстық сыр-сыр етіп

Қымтап жатқан ояу қар», – дейтін жолдар бар. Ерландағы қар да қар емес, тазалық, пәк­тік, ақиқат, ұлылық болса, ал Ұлжи Тұ­ғыстағы қар да мәндік жақтан Ерлан қол­данған символдық сіл­темеден алшақ емес. Осындағы ақ қар тіркесіндегі ақ сө­зіне одан ары ішкерілей үңілуімізге әбден болады. Қазақ ұғымында ақ түс ақиқаттың, қуаныштың символы. Тек қазақ ұғымында ғана емес, ханзу хал­қының «өлең тәпсі­рі­нің» ішіндегі көп өлеңдерде сұлулық пен бек­заттықты, махаббат пен адалдықты, та­залық пен ізгі­лікті осы ақ түс арқылы бей­нелеген. Ханзу әдебиетінде таза, қос­па­сыз ақ түс еш жалғандықсыз мораль мен адам­герші­ліктің символы болса, ал «Ін­жілде» ақ түс Тәңір, періште, бақыт, қуа­ныш пен асыл қасиеттің белгісі. Сон­дық­тан батыс­тықтар үшін ақ түс айтпаса да қасиетті түс саналады. Жалпы, мұны айтып отыруы­мыз­дағы себеп Ерланды ақтап алу емес, қайта мәдениеттердің өмір сүру барысында азды-көптік алшақтыққа ие болатыны болмаса, негізінен түп тегі бір кін­діктен тарайтындығын ескерте кету.

«Селт еткенде ауыр ойлы қысқы орман,

Ақ бұтақтан мың бояулы түс тамған.

Соның бәрін қабылдаймын қайталай,

Қанаттары нұр сапырған құстардан», – дейді Ерлан.

«Су түбінде жатқан тас

Жел толқыса шығады.

Ой түбінде жатқан сөз

Шер толқыса шығады», – дейтін ақиқатты ай­тылым бар Асанқай­ғы­дан қалған. Өлең­ге келсек, ауыр ойлы қысқы орман сөз­дің екінші мәнінде әсте кәдімгі талды орман емес, халық. Осы ха­лық селт етсе, қам­сыздықтан оянса, ақи­қаттың ақ бұта­ғын сілкіп, дүние аунап түсіп шырышын ашар еді дейді ақындық романтика. Бұ­тақ­тың басқа түс болмай, ақ түсті болуы осы бір шумақтың идеясын ашу­ға ерекше қызмет етіп тұр. Бұтақты жас бұтақ деп, не көк бұтақ деп басқадай ал­ғанда, ауыр ойлы қысқы орманға еш­қандай қызмет ете ал­маған болар еді. Осылай Ерлан өлеңдерін оқып отырып, әр түрлі түстердің астардағы эстетикалық мәнін ашып, орынды қол­дан­ғанына куә бола аламыз. Сонымен бір­ге, ақын өз өлең­дерінде қабір, табыт, жа­пырақ деген сияқты сөздерді де өте көп қол­данады. Мұның да өзіндік мән алатын жер­лері көп. Дегенмен, Ерлан туралы пікір ай­тылғанда, табыт, өлімді көп ауызға ал­ды, таптаурын етті дейтін пікір-сауалдар да бас көтеріп қалады. «Тыныштықты сақ­таңыздар! Бұл – қасиетті қабір!» дейтін Анд­рей Бе­лый­дың осы бір сөзінің мәні не­гізінде із­дестіріп, қазбалаған қабір нышаны болса, онда біз оны құптайтынымыз сөзсіз. Ал Ерлан өлеңіндегі мен байқаған үл­кен кемшілік – әсер қайталау. Бір өлеңін­дегі әсердің екінші бір өлеңінде және көлбең­деуі. Ерлан романтика, символизм, сюрреализм, буалдыр өлең тәсілін сәтті бір­лес­­тіріп меңгерген, сол арқылы өз жан дү­ниесін барынша қазбалай алған ақын. Дегенмен, басқа тәсілге қарағанда ро­мантикасы аса басым, сондықтан Ерланды романтик ақын деп айтуымызға болады. Мысалы, Омарғазы Айтанұлы ро­ман­тизм тәсілімен жаза тұрып, ерекше біткен талант күшімен, кең көру аясымен, ауқымды бақылау мүмкіндігімен осы романтизмнің шеңбе­рін іреп кеңейткен. Әуелгі қалыпталған романтизм үлгісіне ба­рынша тыныс берген қазақ ақыны бү­кілдей түпнұсқадан өзгеше, ойға кенен жаңа романтизмді жасады. Бейне сол сияқты Ерлан Нұрды­қанұлы да романтизмге жаңа қан жүгіртіп, өзгеше айшық, өрнек салып, жаңа бір белеске шығарды. Алайда, көру аясын одан да ары кеңейтуді ұсыныс етер едік. Кейде көркем образ, сұлу тіркестер үшін өлең жазған сияқты әсер қалдырады. Мұны кеңейтудің мүм­кіндігі көп. Бәлкім, кей мүмкіндіктер енді орайын бермес, ал кей мүмкіндіктерді ақын өзі де байқап кәдесіне жарата алар. Ақын­ның осындай ізденіс аясының шек­тілігі мен өзге ақын­дармен болған поэ­ти­калық байланысынан туындаған реми­нистенциялық жағдай кейде оқырмандарға жаңсақ түйсік тудырып әрі бұның түбі шығармашылық тазалыққа әсер ететіндігі де бар.

Әдетте бүгінгі ақындар поэзияға жаңа­лық әкелеміз деп дәстүрді жоғалтты, ұлттық бояу сиреді деген пікірлерді көп ай­тамыз. Іс жүзінде дәстүр дегеніміз ұй­қас­­та тұрған құндылық емес. Мысалы, қара өлең ұйқасымен жазылатын сезондық өлеңдерді дәстүрлі өлең деуімізге болар ма? Қара өлең ұйқасымен жазылған өлең­нің бәрі ұлттық бояуы қанық, дәстүрлі жыр бола бермейді. «Қара өлең ұйқасы» деп тіркестің өзі айтып тұрғандай, бұнда бәрі тек дәстүрлі ұйқас қана, ешқашан эсте­тикалық мән, бағыт, тұғыр, тек емес. Дәс­түр, ұлттық рух дегеніміз формамен жал­ғаспайды. Қайта керісінше эстети­ка­лық құндылыққа мұрагерлікпен жал­ға­сады. Мәселен, «Бейістің жасыл сирақ әсем құсы» деген тіркес бар Омарғазы Ай­тан­ұлында. Әрине, бейістің құсы осындай болуы да, болмауы да мүмкін, тіпті бұл жерде, шынында, бейістің құсының болуы немесе қандай болуы күмән тудырып, басқаша ойлауға мүмкіндік бермейді. Ке­рісінше бізді қызықтыратыны ақын қия­лымен заттандырылған «жасыл сирақ әсем құс» деген осы бір тармақ. Осы бір тармақ сіздің көз алдыңызға әсем құстың тұлғасын бірден жарқ еткізіп, эстетикалық міндетін сәтті орындайды. Абайдың «Көк қанат құсы бейістің» дегені де міне осыны дәлелдейді. Бұдан сырт, екі ақындағы бейіс құсы образының түп тегі зәйтүн бұ­та­ғын жеткізетін көгершіннен келіп тұр де­меуге де болмайды. Міне, осылай осы үш образдың ортасында эстетикалық туыс­тық, өзара мұрагерлік жатыр деген сөз.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір