ӘН МЕН ӘНШІ
04.11.2016
2150
0

2-3 қараша күндері Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясы, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафед­расының ұйымдастыруымен Қазақстан­ның халық әртісі, жезтаңдай әнші, ұлағатты ұстаз Мәдениет Ешекеевтің туғанына 80 жыл толуына арнап, «Бүлкілдер әнге салсам көмекейім» тақырыбында республикалық «Дөңгелек үстел» мен шеберлік дәрістер өткізілді.

Күміс көмей әншінің өмірі мен шығар­ма­шылығына арналған аталмыш шараның ал­ғаш­қы күні Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Өнер академиясының мұражайында өткен «Дөң­гелек үстелден» бастау алды. «Дөңгелек үс­телге» Мә­дениет Ешекеевтің көзін көрген үзең­гілес дос­тары, сабақ алған шәкірттері, музыка зерт­теу­шілері мен дәстүрлі ән өнерінің орындаушы­лары қатысты. Модераторлық тізгінді ҚР еңбек сіңір­ген қайраткері Рамазан Стамғазиев қолға алып, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Жарқын Шә­кәрім, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Пер­небек Момын және ҚР мәдениет қай­рат­кер­лері Толғанбай Сембаев, Берік Омаров, Мұ­рат Әбуғазы, Талғат Мұқышев сынды өнер зерт­теушілері мерейтой иесі туралы естелік­тері­мен бөлісті. Белгілі жазушы, журналист Жұмабек Табын:

– Провинцияда өмір сүріп, облыстың орта­лы­ғында жүріп, астанадағы Жүсекеңдердің (Жү­сіп­бек Елебеков), Ғарекеңдердің (Ғарифолла Құр­манғалиев), Манарбектердің (Манарбек Ер­жанов) деңгейіне жеткен екі-ақ әнші бар. Бі­реуі – Дәнеш Рақышев болса, екіншісі – Мә­де­ниет Ешекеев. Бұл кісілер сонау облыс ор­та­лы­ғында жүріп-ақ халықтың қалаулы әншісі, даңқ­­ты дүлділі бола білді, – деп атап өтті. Бір­туар әншінің мерейтойы тұсау­кесерсіз болмады. Қара шаңыраққа айналған өнер ордасының ректоры Б.Н.Нүсіпжанова Мәдениет Еше­кеев­тің «Сұржекей» атты жеке әндер (СD үнтаспа) жи­нағы мен «Дәстүрлі музыкалық өнер» ка­фед­расының доценттері Рамазан Стамғазиев пен Мұрат Әбуғазының «Назқоңыр» атты ха­лық әндері, халық композиторлары мен кейінгі ком­позиторлардың әндерінің ноталық жи­на­ғының тұсауын кесіп, жүрекжарды тілегін айт­ты. Шараның жалғасы білікті ұстаз шәкірт­терінің шеберлік дәрістері мен гала-концертке ұлас­ты. Халық әншісінің 80 жылдық мерейтойы мұнымен шектеліп қалмайтынын ҚР ең­бек сіңірген қайраткері Еркін Шүкіман бы­лай жеткізді:

– Мәдениет Ешекеев ағамыздың мерейтойына арнап «Сұржекей» деген кітап құрас­ты­рып жатырмыз. Оның ішіне ағамыз жәйлі 60-70 жылдардан бері қарай жазылған бүкіл материалдар мен естелік эсселер кіргізіліп отыр. 1994 жы­лы Мәдениет ағамыз Ғалымдар үйіне келіп, үлкен концерт берген. Сонда 28 ән айтқан екен. Соның менде он бірінің-ақ минусы бар еді. Енді то­лық табылды. Онан соң Мәкеңнің Абайдың ән­дерін айтқаны бар, біз білмейтін әндері бар. Мі­не, осының бәрін кітапқа жинақтап жатырмыз. Сонымен бірге, Мәкеңнің үнтаспа жи­нағын да қосып шығару ойда бар. Бұл үнтаспаға әндердің әрі аудиосы, әрі видеосы енгізілмек. Бұл енді алдағы уақыттың еншісінде. Қазіргі уақытта Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының «Халық әні» кафедрасы қызу дайындық үстінде.

Қазақ әнінің бір биігіне шыққан Мәдениет Ешекеевтің келер ұрпаққа қалдырған өнері өш­пек емес. Десек те, осындай өнер айдынында жүзіп өткен асыл тұлғаларымызды қанша­лықты ба­ғалап жатырмыз? Осы уақытқа дейін қандай ау­қымды шаралар ұйымдастырылды? Алдағы уа­қытта не ұйымдастырылмақ? Аталмыш сұрақ­тарды алға тартып, бүгінгі шараның басы-қа­сында жүрген өнердегі ағамыз Рамазан Стам­ғазиевті сөзге тартып едік:

– Бүгінгі іс-шараның басты мақсаты – Дәнеш Ра­қышев, Жүсіпбек Елебеков сынды арда аза­маттарымыздың ізін жалғаған Мәдениет Еше­кеев­ті халыққа насихаттау. Өнерін өшірмеу. Мә­дениет ағамыздың өмірден өткеніне 20 жыл­дай уақыт болыпты. Осы уақыт аралығында ай­тарлықтай не істелді деп ойлаймын. Өз туған же­рінде (Семей қаласында) көше атауы берілген болатын. Ендігі ойымыз ағамыздың атына оқу ор­ны немесе мәдениет үйлерін берсе деген ті­лек­теміз.

Итальяндықтар әлемді операсымен таң­қал­дырған. Орыстарға ән айт десең, баянымен атып шығады. Кәрістер отыра қалып, са­му­льнуриін қолға алады. Қазақтар ше? Қазақтың әншілігі өз алдына, күйшілігі өз алдына бөлек өнер. Сонау Біржан, Ақан, Әміренің айтқан ән­дері Алатаудың арғы бетіне де жеткен. Ән өне­рінен кенде халық емеспіз. Бұл тұжырымды алтын дауысты Мәдениет Ешекеевтің 80 жыл­дық мерейтойы тағы бір дәлелдеді.

Маржан ӘБІШ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір