ӨНІМДІ ЕҢБЕК ЕЛ МӘРТЕБЕСІН АСҚАҚТАТАДЫ
04.11.2016
1554
0

bitum-zavodyЕлбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдар­ламалық мақаласында әлемдік өркениеттің барлық құндылықтары, барлық экономикалық және мәдени байлықтар виртуалды қаржы инс­титуттарымен емес, адамның еңбегімен жасалатынын атап өтті. Сондықтан біз әлеуметтік жаңғырту саясатының негізіне шынайы өндірістік еңбекті қоюға тиіспіз.

Жаңғырту егер, біріншіден, ол Жал­пы­ұлттық тұжырымдамамен сәйкес жос­пар арқылы жүзеге асырылатын болса және екіншіден, тұтастай үдемелі индус­триялық-инновациялық  дамумен байланысты нақты экономикалық табыстарға негізделген жағдайда ғана табысты болады. Индустриялық-инновациялық дамудан тыс ешқандай жаңғырту мүлдем мүмкін емес. Мұны әркім түсінуі тиіс», – де­лінген бағдарламалық мақалада. Осы маңызды құжат арқылы тиісті орындарға берілген Мемлекет басшысының 20 тап­сырмаларының бірінде  жұмыспен қамту саласын дамыту жолдары ай­қын­далған болатын. Тәуелсіздіктің екі он­жылдығы ішінде жұмыспен қамту саласында аса зор өзгерістер болғаны, жұ­­мыс­пен қам­тылған халықтың саны еселеп артқаны айтылған бағдарламалық мақаланың үшінші тапсырмасында Елбасы ин­дус­триялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру ел болашағы үшін нөмірі бірінші мәселе екенін мәлім­деді.

Мемлекет басшысының бастамасымен  әлеуметтік маңызы зор бағдарламалық құжат негізінде жасалған және жоспарлан­ған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Өнер­кәсіп­тің  дамуы экономикаға оң ықпал етіп, еселей пайда әкелетіні  әлемдік тә­жірибеде дәлелденген. Мысалы, Еуропада зерттеу мен пайдаланудағы барлық инвестицияның 65 пайызы өнеркәсіпке тиесілі. Сондықтан да болар, елімізде үдемелі индустриялық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асы­руға ерекше мән беріліп келеді. Жалпы, индустриалды-инновациялық саясат – бұл мемлекет арқылы бәсекеге қабілетті тиімді ұлттық өнеркәсіпті және жоғары технологиялар индустриясын қалып­тас­тыру үшін кәсіпкерлікке қолайлы жағ­дайлар жасау мен оларға қолдау көрсететін шаралар кешені. Өнім­нің, тауардың бәсекеге қабілеттілігі ең алдыңғы орынға шығып отырған жаһан­дану заманында инновациялық қызмет шешуші мәнге ие.  «Еліміздің алдында тұрған үлкен мақсат – мынадай алма­ғайып заманда экономикамызды түзеп, жағдайымызды жөндеп, индус­триялық Қазақстанды жасау. Сол кезде еліміздің келбеті өзгереді, басқа кадр­лар даярланады, басқа ұрпақ өседі, экономика жаңа­рады. Біз шынымен де 30 өркендеген, өс­кен елдің арасына енеміз. Мақсатымыз – сол. Осындай мақсат қойған ел қызмет­кер­лерінің жұмысы да қызық болады. Істеген жұмысының ертең нәтижесін өзі көреді. Қолыңмен істейсің, көзіңмен көресің, елдің ризашылығына бөленесің. Осы жұмысты атқару – бәрі­мізге бақыт. Осы бақытты пайдаланып еңбектенейік, халқымызға қызмет ете­йік», – деп айтқан болатын Елбасы Н.Назарбаев үдемелі индус­триялық-инновациялық даму бағ­дар­ламасын жүзеге асыруға арналған кеңесте. Бағдарламаны жүзеге асыру жолында еңбек етіп жүргендер өз жұмысы­ның жемісін көре де бастады.  Мысалы, бағдарлама шеңберінде бір кездері тоқырауға ұшыраған ірі кәсіпорындар да жаңғыртылып, бүгінгі таңда өндірістік қуатын ұлғайта түскен. Сондай-ақ, соңғы жылдары Оңтүстік Қазақстан облысында жаңа өнеркәсіп орындары пайда болып, жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылуда. Солардың қатарында бүкіл елімізге сапалы өнімімен танылып үлгер­ген «Стандарт цемент» зауыты, «Азия кера­мик» және екі үй құрылысы комбинаттары бар. Облыста құрылыс материал­дарының 90 пайызға жуығы өндіріледі. Олардың басым бөлігі еліміздің өзге облыстарында сұранысқа ие және шет елдерге экспортталуда. Шыны өңдеу, жиһаз жасау, метал өңдеу жұмыстары да жақсы жолға қойылған. Биыл жиһаздар шы­ғаратын екі ірі фабрика құрылысы аяқ­талады. Егер бес жыл бұрын облыс экономикасында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 11 пайыз болса, бүгінде ол екі есе дерлік өсіп 21 пайызға жеткен.

Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында Үкіметке индустриялық және инновациялық экономикалардың жаңа нысандарын өзін өзі жұмыспен қамтыған халық неғұрлым көп шоғырланған өңірлерде құру туралы мәселені шешу керектігін тапсырған болатын. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы басталып, шикізат  ресурстарына ғана қарап қал­май­­тын экономика құрылуда екенін атап өтті. «Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек  әртараптандырылған эконо­ми­ка­­ның ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады. Сондықтан да біз индус­трия­ландыру бағдарламасын жүзеге асыру үстіндеміз», – делінген Елбасы Жол­да­уында. Осы орайда Оңтүстік Қазақ­стан облысында екінші бес­жыл­дық­та азық-түлік өнеркәсібіне басымдық берілуде. Халық көп шоғырланған өңірде ауыл­шаруашылығы өнімдері көлемін ұлғайту және өңдеуші кәсіпорындарды көбейту еңбекқор тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да тиімді болғанын бүгінгі нәтижелер көр­се­туде.  Өндіріс үшін ең бастысы өнімді өткізу. Осы орайда Елбасы Н.Назарбаев­тың әлем­дік және өңірлік рыноктарда экс­порт­тық тауашаларды белсендірек игеру жөнінде айтқан тапсырмасын орындау облыс  әкімдігінің назарында. «Біз жақын жатқан елдердің экономи­ка­лық әлеует­терін тиімді пайдалануға тиіспіз. Бірінші кезекте, бұлар – Қытай, Ресей, Иран, Моңғолия, Үндістан, Пәкістан, Орталық Азия және Кавказ елдері. Аталған елдер жыл сайын 3,5 триллионнан астам дол­лардың тауарлары мен қызметтерін импорттайды. Еуразиялық экономикалық одаққа шешуші өңірлік рыноктармен еркін сауда туралы келісім жасасу қажет. Үкімет аталған мәселелерді біздің әріп­тес­терімізбен бірлесіп жасап, бәріміз үшін пайдалы етіп шешуі тиіс», – деген болатын Мемлекет басшысы. Бүгінде оңтүстік диқандарының өнімі алыс-жақын шет елдерге экспортталуда. Бір ғана мысал, гектарынан 263 центнерден өнім алып, өткен жылмен салыстырғанда 25 центнерге артық қауын-қарбыз жи­на­ған мырзашөлдіктер бақша дақылдарын өсіруден Орта Азияның көшбасшысы екендігін дәлелдеді. Мақтааралдың бау-бақша өнімдерінен көл-көсір пайданы ресейлік және беларусьтік кәсіпкерлер де көріп отыр. Оңтүстіктен жеткен қауын-қарбызды осы теріскейдегі көршілер Батыс Еуропа мемлекеттеріне тасымалдайды екен. Мақтааралдық диқандар биыл 600 мың тоннадан астам қауын-қарбыз жинады. Бүкіл республикаға «ақ алтынымен» танылған Мақтаарал ауданының шаруалары соңғы 10 жылда қауын-қарбыз өсірумен де айналыса бастады. Бүгінде мақтааралдық диқандар қауын-қарбыз өсіруді шебер меңгеріп, бақша дақыл­дары­ның экспортқа жарамды неше түрлі сорттарын шығаруда. Мақтааралдық диқандар биыл 28 мың гектар жерден 610 мың тонна қауын-қарбыз алса, соның 450 мың тоннасын шет ел нарығына шы­ғарған.

Өнімнің сапасын жақсартып, көлемін арттыру мақсатында облыста жуық ара­дағы бес жылда суармалы жер алқабын 125 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр. Яғни облыс бойынша егер 446 мың гектар шамасында суармалы жердің 440 мың гектары пайдаланылуда болса, алдағы уақытта Көксарай су реттегіші және жаңа каналдар есебінен Шардара мен Арыс аудандарында егіс алқаптары көлемін анағұрлым ұлғайту көзделуде. Ауыл шаруашылығы мамандарының мәлім­деуінше,  инновациялық технологияларды енгізу өнімділікті өсіруге мүмкіндік береді.  Сондай-ақ, ауылдық жерлерде өнім өңдеуші цехтарды көптеп ашу жергілікті тұрғындардың табысын молайтып, тұрмысын жақсартуға оң ық­па­лын тигізеді. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Облыс аудандарында ет, сүт, май, көкөніс пен жеміс өңдеу бойынша 30-дан астам шағын жобалар іске қосылған. Енді ірі кәсіпорындар ашылмақ және бұл бағыттағы  жұмыстар жергілікті жағдай ескеріле барлық аудандарда жүргізілуде екен. Барлық өңдеуші кәсіпорындарда жаңа жұмыс орындары құрылып, диқандардың өнімдерін алысқа тасымалдамай өздерінде өңдеуге мүм­кін­дік жасалуда. Сондай-ақ, сала басшылары кәсіпкерлерге жобаларын жүзеге асыруда кедергілер азайып, инвесторларға өркениетті қызмет көрсетіліп жатқанын айтады. Өңірде индустриалдық  аймақтар құруда  шығын мейлінше азайтылған. Мысалы, егер Алматыда бір индустриалды аймаққа 25 миллиард теңге, ал Атырауда 90 миллиард теңге салынса, оңтүс­тік­тегі ең ірі индустриалды аймаққа бар-жоғы  6,8 миллиард  теңге жұмсалып­ты. Бадамдағы ірі индустриалдық аймақ­қа 2,5 миллиард теңге салынған, ал ау­дан­­дардағы индустриалды аймақтарға небәрі 500 миллион теңгеден жұмсалған. Облыс басшыларының айтуынша, бір-екі жылдан соң бұл индустриалды аймақ­тардағы барлық жер игерілетін болады. Олардың әрқайсысы шет елдік инвесторлармен өз бетінше қатынас орнатып, еліміздің өзге өңірлері бизнесмендерімен де тығыз байланыста жұмыс істеуде. Бадам индустриалды аймағында трактор зауыты жаңа қондырғылармен жабдық­талған. Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын өзімізде шығарылған техникамен біртін­деп қамтамасыз ету үшін неміс өнер­кәсіп­­шіле­рімен келіссөздер жасалуда. Бағ­дар­ла­маның екінші бесжылдығында 150-ге жуық жоба жасалып, жүзеге асырылуда. Инвестор тарту мақсатындағы келіссөздер басқа бағыттағы жобалар бойынша да жүргізілуде. Мысалы, жуырда ғана облыс әкімі Жансейіт Түймебаев израильдік «YR-Mitrelli Group» ком­па­ниясының өкілдерін қабылдады. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған компанияның пре­зиденті Хаим Тайбпен болған әңгімеде тараптар екі ел арасындағы түрлі салалардағы ынты­мақ­тас­тықты одан әрі дамыту мәселелері тал­қыланған. Ж.Түймебаев ком­пания бас­шылығын Оңтүстік Қазақ­стан облы­сын­дағы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Атап айтқанда, Шымкент қаласында онкологиялық орталық пен консуль­та­тивтік-диа­г­ности­калық емхананың құрылысы, «ақылды» автотұрақ, балық шаруа­шы­лығын дамыту, Сарыағаш ауданындағы агробақ жоспары мен сүт жинауға арнал­ған логистикалық орта­лықтың жұмыста­рын ұсынды.  Израиль мемлекетінің ауыл шаруашылығы, медицина, өнеркәсіп сынды бірқатар салаларда әлемдік көшбасшы екенін айтып, осы істердің Оңтүстікте де қанат жаюы қажет­тігіне тоқталған Жансейіт Қан­сейітұлы өңірі­міз­де шетелдік кәсіп­кер­лердің жұмысын дамытуға әкімдік тарапынан қажетті қолдаулардың жасала­тынын жеткізді.  Оңтүстік Қазақстан облысына сапары аясында өңіріміздегі кәсіпкерлік нысандарын аралап, ауыл шаруашылығы саласы бойынша инвестициялық мүмкін­дік­терді байқаған «YR-Mitrelli Group» ком­пания­сының өкілдері облыс аума­ғындағы көлік-логистикалық аймақ­тар мен ауыл шаруашылығының  дамуына қызығушылық білдірген.

Еңбекті насихаттау, ынталандыру Елбасының  «100 нақты қадам» Ұлт жос­па­­рында да қамтылған болатын.  «Жалпы­ға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзір­леу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инф­рақұ­рылымдық даму, индус­триялан­дырудың екінші бесжылдығы бағдарла­маларын, сондай-ақ, тәуелсіздік жыл­да­рында мемлекеттік саясаттың арқа­сында еңбек, кәсіпкерлік, ғылым мен білім және басқа да кәсіптік қызмет­терде жо­ғары нәтижелерге қол жеткізген қазақ­стан­дықтардың (біздің заманы­мыздың батырларының) табыстарының дербес тарихын ескере отырып, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеяларын ілгеріле­туге, индустрия­ландырудың және «Қазақс­тан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшы­лықтары мен танымалдылығын насихат­тауға бағытталады», – делінген Ұлт жос­парныңы 88-қадамында. Елбасы тапсырмасына сәйкес, облыста әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту бағыты бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатқа басымдық берілген «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып жатқан нысандардың мезгілінде және сапалы салынуы облыс әкімдігінің бақылауында.  «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Шымкент қаласы «Асар»  шағын ауданында салынып жатқан 5 қабатты тұрғын үй құрылысы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық меройтойы қарсаңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. 30 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысын «Southern bilding group» ЖШС-сі жүргізуде. Бағдарлама  шеңберінде салынып жатқан 1200 орындық мектептің құрылысына да бақылау күшейтіліп, халықты жұмыспен қамту басты назарға алынуда. Жалпы, «Нұрлы жол» бағдарламасына биыл елімізде 770 млрд. теңге бөлінген. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Д.Сатыбал­дының айтуынша, «Нұрлы жол» бағдар­ла­масы аясында өңірде биыл құны 20 197,7 млн. теңге болатын 50 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 10 нысан өткен жылдан өтпелі болса, 40 нысаны жаңа құрылыс. Нақтырақ айтар болсақ, 26 мектеп, 1 балабақша, 1 жатақ­ха­на мен 11 инфрақұрылым және 11 тұрғын үй құрылыстары. Аталған нысандарда қолданылып жатқан құрылыс материалдардың басым бөлігі отандық өнім. Шымкенттегі «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарын аралап шыққан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев сапа мен мерзімінде аяқталуы, қолданылатын құрылыс заттарының зиянсыз болуы қатаң бақылауға алынатынын мәлімдеді. Сонымен бірге, облыс басшысы өңірімізде әлеуметтік нысандарды салу жұмыс­тарына кәсіпкерлерді көптеп тартып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестігін дамыту керектігін атап өтті. Бұл орайда облыс әкімі Елбасы Н.Назарбаевтың Жолдауында бірінші кезекте, апатты мек­тептер мен үш ауысымда оқыту проблемаларын шешу қажеттігін айтқанын еске салды. Мемлекет басшысы өзінің «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында: «Бұл – біздің Сайлауалды тұғырнамамыздың негізгі инди­катор­ларының бірі. Үшжылдық бюджетте қарастырылған қаржы бұл проблеманы 2017 жылға дейін шешуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан Үкіметке қосымша 70 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Балалар бақшасының жетіспеушілігі – басқа мәселе. Мектепке дейінгі мекемелерде орындар тапшылығын түбегейлі қысқарту үшін 3 жыл бойы қосымша 20 миллиард теңге бағыттауды тапсырамын. Әкімдер жеке секторды тарта отырып, бұл жұмыспен барынша айналысуы тиіс», – деген болатын. Осы орайда Ж.Түймебаев жекеменшік ғимараттары бар азаматтарға «Балапан» бағдарла­ма­сының екінші деңгейі бойынша шағын балабақшалар ашуға мүмкіндік жасау керектігін айтты.

Қала, аудандарда мемлекеттік бағдар­ламалар аясында кәсіпорындар ашылып, жаңа жұмыс орындары құрылуда. Жер­гілікті тұрғындар Елбасының «Қазақ­с­танның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жал­пы­ға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» еңбегінде айтылғандай, «жаңа біліктілікті меңгеруден гөрі базарда «такси» қызметін атқаруды қалайтын психологиядан» арылып, «жас та және ересек те қазақстандық бос отырып, бәрін де сынай бермей жұмыс бар жерге, нәпақа табатын жерге қарай» ұмтылуда. Сондай-ақ, ауыл тұрғындары ата кәсіпті дамытып, мал шаруашылығы өнімдерін нарыққа шығаруда. Мысалы, сапалы тамақ өнімі ғана емес, шипалы сусын са­на­латын қымыз өндірісін дамытуға Төле би ауданының Қаратөбе, Қасқасу, Қоғалы, Алатау, Аққұм, Кемеқалған  ауыл­­­дық округтерінің тұрғындары ма­ман­данған. Қымыз өндіру саласында 2015 жылы 2375 бие сауылса, бұл көрсеткіш 2016 жылы 2415 биеге өскен.  Өткен жылы 1781 тонна, 2016 жылы 1835 тонна қымыз өндірілген. Оның ішінде: 2015 жылы – 780 тоннасы аудан тұрғындарының өз қажеттілігіне жұмсалса, 1001 тонасы сатылған. Ал 2016 жылы – 783 тоннасы өз қажеттілігіне, 1052 тоннасы сатылымға шығарылған.  Қымыз өндіру саласында мемлекеттік қолдау шаралары 13 шаруа­шылыққа көрсетіліп, 480 тонна қымыз өндіргені үшін 28,8 млн. теңге субсидия беріліпті. Биыл бұл салаға 3 шаруашылық қосылып, 16 шаруашылыққа ұлғайған, субсидия көлемі 29,1 млн. тең­геге жетіп отыр. Жекелей мысал ретінде айтып өтсек, ауданға қарасты Аққұм ауыл­дық округінің тұрғыны Ұлбосын Ахатайқызы биелерді сауып қана қоймай, оны баптаумен де өзі айналысып, 9 айда 41640 литр қымыз өндіріпті. Ал Зертас ауылдық ок­ру­гінің тұрғыны жеке кәсіп­кер Тұрар Оңғарұлы  9 айда 32500 литр қымыз са­уып, аудан тұрғындарын қы­мызбен қам­тып отыр. Осы арада айта ке­телік, 9 ай­дың қорытындысы бойынша ауданда егіл­ген астық көлемі 20613 га. жетіп, түсі­мі гектарына 27 центнер, дәнді дақыл 10886 га. жетіп,  түсімі гектарына 10,5 цент­нер болды. Мал және құс еті – 9221 тоннаға, сүт – 43305 тоннаға жеткен. Сондай-ақ, аудандағы «Үдемелі индус­триал­ды-инновациялық даму бағдарла­масы» аясында іске қосылған «Газпром­нефть-Битум Казахстан» зауытында биыл 170 мың тонна битум өндірілген. Осы жылдан бастап Тәжікстан мен Өз­бекс­танға дайын өнім экспорттай баста­ған өнеркәсіп орнында жергілікті 80 адам жұмыспен қамтылған. Ал асыл тұқымды құс шаруашылығымен айналысатын «Қызылжар» ЖШС-інің құс фермасында 28 мыңға жуық «хайтекс браун» тауықтары тәулігіне 28 мың дана жұмыртқа береді. Жергілікті 30 адамды жұмыспен қамтыған серіктестік жылына 2 мың тонна ет өндіретін құс фабрикасын салмақшы.

Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуда маусымдық саналатын науқан­дардың да маңызы зор. Бүгінде Мақтаарал ауданының тұрғындары мақта теріміне қатысуда. Оңтүстік Қазақстан облысының климаттық  жағдайы  ауыл шаруа­шылы­ғын, оның ішінде мақта шаруашылығын дамытуға ең қолайлы аймақ екені мәлім. Сондықтан Оңтүстік еліміздегі ақ мақ­таның негізгі Отаны саналады. Өңірде биыл өткен жылғымен салыстырғанда 10,3 мың гектар артық, яғни 109,6 мың гектар жерге мақта шиті егілген болатын. Қазан айының соңындағы мәлімет бо­йынша, түсімділігі орташа есеппен әр гек­тардан 24 центнерден  262,5 мың тонна шитті мақта немесе меженің 94,7 пайызы жиналған. Мақта өңдеу ұйымдарында шитті мақта қабылдау бағасы алғашқы кезде 1 килограмы 160-165 теңгеден бас­талып, қазір 130-145 теңгеден қабыл­да­нуда. Облыс бойынша мақта теретін 512 комбайн алқаптарда жұмыс істеуде. Еліміздің экономикасын өркендету ісінде зор маңызы бар мақта дақылы жеңіл өнеркәсіптің дамуына да ықпал етуде. Бүгінгі таңда Оңтүстік Қазақстанда 2 ірі кілем фабрикасы мен дайын өнім шығарудан шикі мақта өсіруден матаға дейінгі жабық циклін жүзеге асыратын «Азала текстиль» фабрикасы жұмыс істейді. Сонымен қатар, облыста шұлық шығаратын және дайын тоқыма бұйым­дары мен арнайы киім тігетін фабрикалар іске қосылған. Осы арада айта кетелік, Шымкент қаласында өткен «Тоқыма өнеркәсібіне арналған тауарлар мен жабдықтар – MACHTEX-2016» II қа­зақстандық халықаралық көрме мен форумға еліміздің және Италия, Қытай, Қырғызстан, Польша, Ресей, Түркия, Өзбекстан және Жапония елдерінен 50-ден астам компания қатысты. Қа­тысу­шы­лар тоқыма өнеркәсібіне арналған жаб­дық, мата, өнеркәсіп компанияларына арналған арнайы киім, сервистік қызмет көрсетуге арналған бірыңғай фор­малар мен мектеп формасын, ұлттық киім, балалар мен үйге арналған тоқыма және кілем өнімдерін, ерлер мен әйел­дерге арналған киімдер ұсынды. Форум аясында Қазақстан Республикасында жеңіл өнеркәсіпті дамытудың болашағы мен дамуы  жайы және тоқыма өнеркәсі­бінің инвестициялық әлеуетін арттыруға ар­нал­ған тәжірибелік жұмыстар өткізілді. Қазіргі жаппай жаhандану заманында елдің де, ұлттың да әлемдік бәсекеде өзінің лайықты орнын табуында осы ең­бек мәселесі шешуші роль атқаратынын ескерсек, облыста жұмыспен қамту басты назарда. Бұл орайда Шымкенттегі «Оң­түстік» арнайы экономикалық аймақта бүгінде құны 27,8 млрд. теңге болатын 10 жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 2 мыңнан астам азамат жұмыспен қам­тылды. Елбасының Жалпыға Ортақ Ең­бек қоғамына қатысты айтылған тұ­жы­рымдары ел тұрғындарын, оның ішінде өскелең ұрпақты аянбай еңбек етуге үндеп, көптеген бағдарламалардың жү­зеге асырылуына ықпал етті.

Диас ЕРКІНБЕК.
Оңтүстік Қазақстан облысы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір