ҚАРЖАУ АҒАМНЫҢ АРМАНЫ
04.11.2016
1585
0

karzhaubajБесінші сыныпта әдебиет пәнінен әрбір сабағының бісмілләсін: «Біз Абай ауылының қызымыз ғой» деп бастайтын Фатима Айтқазықызы атты апай, апай емес-ау, сұлу жеңгей сабақ берді. Ата-тегі мен руын кім сұрапты, «жеңгеміз» дейтін себебім – Семей жақтың қызы, яғни біздің ауылға «кірме келіншек». «Жеңге» болғасын шығар, біздің ауылдағы көзіміз де, сөзіміз де үйренген можантопай жеңешелерге мүлдем ұқсамайтын әдемі келіншектің оқтаудай түзу аяқтарына көз алмай қарай бергім келетін.

Біздің сыныптың мектеп есігін кешігіңкіреп ашқан ересек «жігіт­теріне» қыздарға арнап өлеңмен хат жазып беріп жүргенімді білетін жеңгеміз:

– Менің қайным да өлең жазады… –  деп мақтанды бір күні. – Өлеңі «Жұлдыз» журналында шықты… Егер сабақта тыныш оты­ратын болсаң, таныстырамын…

Ол кезде біздің ауылда менен басқа өлең жазатын ешкім жоқ.  Менің сенер-сенбесімді білмей тұр­­ғанымды сезген «жеңге-ап­а­­йы­мыз» қолыма журналды ұс­тата берген. Рас… Рас екен… Өлең төрт-ақ шумақ. Бір оқы­ғанда-ақ жаттап алдым.

«О, туған жер, артықсың сен өзгеден,

Қадіріңді кім бар екен сезбеген.

Адам түгіл қарлығаштың өзі де,

Жылан шыққан ұясынан безбеген».

Дәл осылай. Атауы – орысша, заты – кәрісше, тұрғындары қа­зақша мен кәрісшені араластырып сөйлейтін біздің ауылда менен басқа да өлең жазатын адам бар екен-ау!

– Сен оны танымайсың… Танымайтын себебің – дарияның арғы бетіндегі «Айдарлыдан» жа­қында келді. Былтыр «КазГУ-ге» барып конкурстан құлап қалған. Осында құрылысқа кірді, оқуға баратын ақша жинап жүр.

«Жұлдыз» журналында өлеңі жарияланған адамның конкурс­тан құлап қалғанына түсіне алмаймын. Сол сол-ақ екен, менен маза кетті. Мен секілді аудандық газет пен  «Қазақстан пионеріне» емес, «Жұлдыздың» өзіне өлең жазатын ақынды қалай да көруім керек деп шештім. Көргенде алдына құрқол баруға болмайды. Менің де «Жұлдызға» шыққым келетінін білсе деймін ғой баяғы. Сол күні кешке қарай үй артында­ғы құмшық төбеге шығып алып өлеңді бұрқыратпаймын ба?

«О, төбелер!

Көз тартасың мұнартып,

Тұрған жоқпын мен сендерге сын артып.

Қол жетпейтін тауларға қол созғаннан,

Төбелерге еліктеген мың артық…

О, төбелер!..».

Өлеңім туған жер туралы емес, әрине. «Дегенмен, менің төбелерім де, біздің ауылдың, яғни біздің туған жердің төбелері ғой…» деп жұбатамын өзімді.

Ертеңіне іздеп бардым. Колхоз кеңсесінің қарсы бетіндегі құры­лыс­та, құрылыс болғанда, қабыр­ға­лары ғана көтерілген каркас үй­дің ішінде жалғыз өзі ағаш жинап жүр екен. (Сенбі, не жексенбі болар, өйткені, құрылыс басында Қаржаудан басқа тірі жан жоқ еді). «Үлкен ақыным» бойы менен сәл ғана қалқыңқы, ап-арық ақсары жігіт. Біздің ауылдан ешкімді танымайды ғой, іші пысыңқырап жүрсе керек, сол күні жұмыс жа­йы­на қалды, екеуміз кешке дейін әңгіме соқтық. Анасы қай­тыс болған соң, облыс орталы­ғындағы Гагарин интернатында оқыған. Ананың қадірін біліп қалған кезім, оқуға барып конкурс­тан құлап қалған «балаға» жа­­ным аши­ды. Өйткені, менің  анам бар, атамның қайтыс болға­ны­на біраз  жыл өтсе де, интернатта емес, өз үйімде жатып  оқимын  ғой.

Ертеңіне құрылыс басына тағы бардым. Қуанып кеткені түрінен білінген ол маған сарғыш түсті жұқа қойын кітапшасын ұсынды. Қара қарындашпен, жазуларының үстінен қайта-қайта өшіріп жазады екен. Мен оған торкөз оқушы дәптеріне он рет, бәлкім жүз рет көшіріп жазған тақпақтарымды бердім.

Сол жылы күзде сабаққа кел­ге­німде, жеңгемізден оның оқуға түс­кенін естідім. «Жұлдызда» өл­е­ңі шыққан баланың» оқуға түс­­кеніне таң қалған  жоқпын, әрине. Ең қызығы, сол сол-ақ екен Қар­жау секілді үлкен журналға шық­­пасам да, бойымда түптің тү­бінде ағамыз секілді атын есті­ген адам­ның басы айналатын «КазГУ-де» оқитыныма деген сенім оян­ған.

Университетке түсу мәселесі мен ойлағандай оңай болмай шық­ты. «Жақсы екен… Жақсы екен…» деген қолпаш сөздерді арқаланып конкурсқа да жеттім-ау. «Төрттік» баға еңбек стажы жоқ абитуриентке аздық ететінін сонда білдім. «Көр­ген жерде ауыл  бар» деп салып-ұрып астанадағы  жал­ғыз сүйенерім Қаржау ағама тарттым. Оқуды жаңа бітіріп, «Жетісу» газетінде жұмыс істеп жүрген кезі еді. Журфактың деканы, алдында ғана өзінің диплом жетекшісі бол­ған Тауман Амандосовқа жетектеп  алып барды. Сөздерінен екеуі тонның ішкі бауындай екені көрініп-ақ тұр, дегенмен Қаржау­дың  «жалғыз  інісі­не» қанша жаны ашығанмен, аты таудай Тауман аға «еңбек стажы» атты «биіктің» алдында төменшік тартты. «Мен се­кілді болдың ғой… Келесі жылы да мен секілді…» деп жұбатты Қаржау ағам.

Ағамыздың айтқаны айдай келіп, келесі жылы университет табалдырығын аттадым-ау! «Са­бақ­ты қайтесің… Жазу керек… Тіп­тен бір жерге жұмысқа тұрып алсаң да жаман болмас еді…». Қаржы тапшылығы өз басынан өткен жағдай ғой, маған жаны ашып тұрғанын сездім. «Анасыз жетім – шын жетім» екенін сезіп қалған кезім, артында шын сүйе­ні­ші жоқ ағаға қарап, іштей шү­кіршілік етіп тұрғанымды қайдан біл­сін…

…Араға екі жыл салып Қар­жау­дың «Қармақ туралы хикаясы» мен менің «Жалғасым менің – жалғасым» атты хикаятым қатар жарық көрді. Көркем проза мен әдеби сынды қатар игеріп, жазу­дың қыр-сырына қанығып қалған тісқақты ағайымның мен үшін қуанса да, шығармама көңілі толың­қырамай тұрғанын сездім.

–  Өлеңді қойып кеткен жоқсың ба?.. – деді салқын ғана. – Повесің­де менің өлеңімді пайдаланыпсың ғой. Бекер пайдаланғансың… Соң­ғы кезде өлеңге құлқым болмай жүр.

Мен отырмын, өзің жақтан нұр құлап…

Сен отырсың, туған жердің жұпар исі бұрқырап.

Тік секіріп Сырдарияға сүңгіген де шығарсың…

Құтжол жатыр ауық-ауық үріп қойып… – деймін еркелеп. – Өлеңді осылай жазбаған соң, жазып не керегі бар.

– Менің аспанымда жұлдыз­дар жоқ… Сенің аспаныңда жұл­дыздар жоқ… Жұлдыздар жоқ… – деді ол өлеңін жатқа айт­ қаныма көңілденіп. – Жалпы, сен екеу­міз­ге өлеңді тастауға болмайды…

– Неге жұлдыздар жоқ… «Сол қыздар жоқ…» – деймін қалысқым келмей. Менің жадымның мықты­лығын білетін Қаржекең бетіме елжірей қарағаны есімде.

Мен оның өлеңді ешқашан тастамайтынына сендім. Өйткені, мәселе жұлдыздарда да, сол қыз­дарда да емес, Қаржаудың өлеңді өмірден ертерек кеткен анасының атын қалдыру үшін жазатынын білетінмін.

…Қаржекең кештеу, нақтысын айтқанда, отызға жақындап барып үйленді. Тойы Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесінде өткені есімде. Ол кезде мен ба­ла­лы-шағалы, Шиелідегі аудандық газет­тің бөлім меңгерушісі болып жұмыс істейтін жиырманың жуан ортасындағы сақа жігітпін. Иә, сақа жігітпін. Екі ағасы мен қа­рын­дасын қоспағанда, ел жақтан келген «қызметі» бар адам мен ғана болсам керек, тойдың аяғына қарай маған да сөз беріліп, беделім әжептеуір көтеріліп қалды.

…Соңғы жылдары мен – Алтайда, ол – Алматыда тұрды. Анда-санда кездесіп қалғанда үйірсектеп жанымнан шықпайды. Бәлкім, жанымнан шықпағанын қалайтын мен шығармын. «Саған хат жазып қойып едім, салуға қол тимей жүр…» дейді. «Хатты қай­тесіз, міне өзім тұр емеспін бе?» «Ауырыңқырап жүрмін ғой…».

Шынында ауырыңқырап жүр екен. Бір күні Тұрысбек Сәукетай телефон шалды. «Ана ағаңның жағдайы қиын… Хосписте жатыр…». Хоспис дегеннің не екенін білем ғой, салып-ұрып Алматыға жетіп, аты жаман ауруханаға келдім. Жаңа жыл мерекесінің қарсаңы, нақтысын айтқанда, желтоқсанның отызы болатын.

– Жаңа жылды бірге қарсы аламыз деп әйелі де, баласы да келді. Көнбей жатыр, –  деді бас дәрігер. – Інісі екенсің, саған көнсе қарсылығым жоқ.

Түсіндім, әрине. Өмірінде өзі­нен басқаға салмақ салып үйрен­бе­ген адам, маған көне қояр дей­місің. «Мерекені бірге қарсы алсақ қай­теді?.. Бөтен ешкім болмайды…». Алғашында көніп те қалған секілді еді. Киініп далаға да шық­ты.

– Темекің бар ма?.. Біреуін берші… – Құшырлана сорды да, – Сен көптомдығын шығарды деп естідім бе?

– Қай бір көптомдық дейсің… Анда-мында қаңғып жүргенімді білесің, шашылып қала ма деп жасаған дүние ғой.

– Мен де төрт томдай жазуларымды жинап қойып едім. Заман мынандай болады деп кім ойла­ған…

– Төрт томға өлеңдерің де кіре ме?..

– Кірмейді. Таза проза.

– Сын мақалаларың ше?

– Кірмейді… Сын кімге керек.

Сол-сол екен, көңілі нілдей бұзылды, жаңа әлдегі жадыраңқы қабағына кірбің жүгірді.

– Біздің үйдегі қарындасың жұмыстан қысқарып кетіпті. Мен биыл алпыс үшке шықтым ғой. Қы­рық бес жыл қағаз бетін тырналап… бірінші зейнетақының қызығын көрмеген қиын болады екен…

Мен бәрін түсіндім, әрине. Жиырма жыл қолына ала таяқ ұстап жол торыған, өмірбақи шөп­тің басын сындырмаса да, жасы қырыққа жете зейнетақыға шық­қан інілерін ойлаған шығар.

Олай ойламауы да мүмкін. Бірақ адам баласына алақан жайып, адам баласының алдында төменшіктеп көрмеген жанкешті ағамыздың маған айтқан соңғы сөзі осы.

Араға бір жеті салып, Алтайдан… ағамның жаназасына келдім. Өз өмірімде бірінші рет, (бәлкім, соңғы рет шығар), мүрде басында (қабір басында емес) сөз сөйледім. Толқығаным бар, тілімнің мүкісі бар, менің не айтып, не қойғаным­ды басқалар түгілі, Қаржаудың өзінен үлкен ағасы Сармантай да түсінбеді-ау деймін. Есесіне еске алу үшін жайылған дастархан басында курстасы Мағира Қожах-
ме­т­ова ханым айтқан сөз жұрттың есінде шығар. Қаржекеңнің бұ­рын­ғы басшыларының бірінің сөзінен кейін: «Мен досыма тірі кезінде зорлық көрсеткен адам­ның сөйлегеніне реніштімін… Біздің Қаржау бойы шағын бол­ғанмен, іші зор жігіт еді. Сон­дықтан Қаржау жайлы айтылар үлкен сөзді алдан күтемін…» деген еді қазақтың тұрымтайдай сары қызы.

Мен Мағираны түсіндім. Өйт­кені, Қаржаудың жаназасына қа­зақ­тың бірде-бір құзырлы қызмет атқаратын адамы келмеген.

Мен ренжідім, әрине. Бірақ айтқан жоқпын.

Араға бір жыл салып Байбо­та­ның үйіне барғанмын. «Раритет» баспасының жылдық жоспарын­дағы жүз томдық «Алтын қор» се­риясына Қаржаудың бір томды­ғы енгенін айтып, қуантып тастады. Иә, «Алтын қор» сериясы бойынша еніпті.

Қуандым, әрине. Бірақ айтқан жоқпын.

Қолына қалам ұстағандардың ішінде тарихта болмаса да, адам­дар­дың жадында қалуды армандамайтыны жоқ шығар. Маған поэзияда «Айтолқын» деген атпен  –  анасының, прозада «Омаров» деген атпен –  әкесінің атын қалдырған Қаржаудың арманы азды-көпті орындалған секілді көрінеді де тұрады.

…Қаржекеңнің жылдық асы жа­қындап келе жатқан. Жазушылар одағының жаңадан шыққан анықтамалығын алып, телефонын іздемеймін бе. Жоқ… «Омаров» деген жерде де… «Айтолқын» деген жерде де жоқ. Апырмау, топырағы да кепкен жоқ еді ғой… Қайтыс болған қаламгердің телефон анықтамалығынан алынып тасталатынын бұрын қалай байқа­май келгенмін. Жүрегім суылдады. Жалма-жан анықтамалықтан Жә­к­еңді, Жарасқан ағамды ізде­дім. Жоқ… Кеңкеңді, Кеңшілік  ағамды іздедім. «Мырзабек» деген жерде… Кеңкеңнің ұлы Аманкелді інімнің номері көрсетілген екен. Ал Жә­кеңнің артында, болса-бол­маса, қазақ киносының бір тұт­қасын ұстап келе жатқан Рүстемі бар…

Бұдан ары Қаржаубай ағаны іздегендер маған телефон соғуына болатынын айтқым келіп еді. Бірақ «тұяғы бүтін тұлпар жоқ» мына дүниеде кімнің айтқаны болып, кімнің ойлаған ойы орындалып жатыр…

…Айтпақшы, ағамыздың кі­табы «Алтын қор» топтамасына енбей қалды ақыры.

Серік БАЙХОНОВ,
Ахмет Байтұрсынов атындағы
Ұлттық сыйлықтың лауреаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір