БІРКӨЛІККЕ  БАРДЫҢ БА?
04.11.2016
5578
3

1378962979БҰҰ жанындағы Халықаралық туризм ұйымы дүниежүзінде туристер саны күннен-күнге артып келе жатқанын айтады. Мәселен, 2015 жылы   1, 184 млрд. адам дүниежүзіне саяхат жасапты. «Осылайша 2014 жылмен салыстырғанда дүниежүзіндегі туристер саны 50 млн. адамға өскен», – дейді орталықтың мамандары. 2015 жылы Еуропа, Оңтүстік және Солтүстік Америка, Мұхиттар аумағына саяхат­тай­тындардың саны 5 пайызға өссе, Таяу Шығыс елдерін көргісі келетіндердің қатары 3 пайызға ұлғайған екен. Африкаға саяхаттайтындардың қатары да 3 пайызға көбейген. БҰҰ жанындағы Халықаралық туризм ұйымы 2016 жылы да саяхатшылардың қатары дүниежүзі бойынша 4 пайызға артқанын мысалға алады. Биылғы туристердің көп бөлігі Азия елдеріне, Мұхиттар аумағына, қос Америка құрлығына ағылған екен.

Қазақстан да – өзінің туризм саласындағы әлеуетімен біраз жұртты таңқалдыра алатын деңгейде. Еліміздің қай өңірінің табиғатын мысалға алсақ та, оның тауының, тасы­ның, суының, нуының ерек­ше­лігін жыр қылып айта жөне­леміз. Халықаралық туризм саласын былай қойғанда, ішкі туризмді  дамытуды қолға ал­сақ, біздің республи­камыз­дың түкпір-түкпірінде ғажайып табиға­ты бар ерекше өңірлерді қан­шалықты білеміз деген сауалдың шыға келетіні рас. Осы орайда еліміздің ғажап табиғатымен таныстыру мақса­тында «Жерұйық» айдары­мыз­дың аясында Оңтүстік Қазақ­с­тан облысы, Төле би ауданы, «Біркөлік» шипажайы маңын­дағы табиғат пен шипажайдың қандай дерттерге дауа болатыны жайлы айтып өтуді жөн сана­дық.

«Қазақстан Республикасы­ның туристік саласын дамыту­дың 2020 жылға дейінгі тұжы­рым­дамасында» Оңтүстік Қа­­зақс­­тан кластері  «Ұлы  Жібек жолының жүрегі» ретінде сипатталған. Аталған кластерде әзірленетін негізгі туристік өнімдерге мәдени туризм мен турне жататынынан көпшілік хабардар.

Біз сөз етіп отырған Біркөлік шатқалы кез келген саяхатшыны бейжай қалдыра қоймасы анық.

Біркөлік шатқалы – Оңтүс­тік Қазақстан облысы, Төле би ауданында, Шымкент қаласы­нан 50 шақырым жерде, теңіз дең­гейінен 1100 м. биіктікте Тя­нь-Шань тау сілемдерінде ор­на­ласқан. Шатқал бойымен Біркөлік өзені ағады. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын және т.б. дәрілік шөп­тер өседі. Шатқал бойынан, тас­ты жырақтардан, тау бұлақ­та­рынан басталған Біркөлік өзені ағып жатыр. Он­ың таза, мөлдір, салқын суы шат­қалдың жасыл алқабын су­ландырып, ауаны аэроиондап, айналаға салқын жел алып келеді. Тау­дың жасыл желегі ауаға бакте­ростатикалық әсер етіп, фитонцидтермен тазартады. Жал­пы, жергілікті ауа дем алу органдарына, жүрек-тамыр жүйелеріне әсер етіп, орталық жүйке жүйесін сергітеді. Біркө­ліктің таулы аймақта орналасуы, жылы ауа-райы, қоңыржай ылғалдылық, ауаның жоғары аэроионизациясы – шипажай­дың жеке ерекшелігі болып табылады.

Біркөлік шатқалының ма­ңын­да орналасқан «Біркөлік» шипажайының суы дертке дауа. Бұл жерді тау ауасымен ем­дейтін орталық деуге де ке­леді. Осы күні бұл шипажайда дүниежүзі халықтарының әлем­­нің  жартысына  жуығының мазасын алатын жүйке жүйесін емдеу, жүрек-қан тамырларын емдеу, т.б. ем шаралары жүргізі­леді.

«Тыныс алу жүйесіне, орта­лық  жүйке жүйесіне, жүрек-қан тамырлары жүйесіне қатыс­ты сырқаттарға дауа жасалады. Біркөлік өзенінің суын адам жанын да, тәнін де жасартатын қасиетке ие деп айтуға болады», – дейді шипажай директоры Ералы Мыңбаев.

Бір аңыздарда шатқалдың атауы өзінің аумағына, нақ­тырақ айтсақ, көлеміне байланысты бір ғана көлік сиятын болғандықтан «Біркөлік» деп аталған деседі. Кеңес Одағы кезінде мұнда Қазақстандағы балалардың  жалғыз ғана турис­тік лагері орналасқан еді.

Біркөлік тек табиғатымен ғана емес тарихи-мәдени ерекшелігімен де көпшілікке жақсы таныс.

Мәселен, Оңтүстік Қазақ­с­тан мемлекеттік университ­е­тінің экспедициясы 1970 жылдары ауыл-аймақтарды ар­­­хео­­ло­гия­лық зерттеулері ке­зінде Біркөлік шатқалынан 2 қорым тапқан болатын. Қо­рымдар классикалық сұлба бойымен (шығыстан батысқа қарай) орналасқан 30 обадан тұрады. Бұл қорымдар ғалым­дардың зерттеуінше қаңлы қағанатының кезеңіне тиесілі. Демек, Біркөлікті тек табиғи демалыс орны деп қана емес, тарихи-мәдени жәдігерімізді қойнауында алып жатқан орын деп те құрметтеуге болар.

 

 

ПІКІРЛЕР3
Аноним 04.06.2020 | 15:28

Саламатсыздарма менің анам біркөлік демалыс орнында дем алды анама қатты ұнап содан кейін денсаулығының біраз уақытқа дейін жақсы болғанын айтып жеткізе алмайды сіздердің ұжымға алғысымыз шексіз өсіп өркендейберіңіздер !Қазақстандықтарға айтарым туған жерімізде дем алуға әбден лайықты жерлер көп

Аноним 27.07.2020 | 13:07

Бирколикке барып демалдым кызыммен

Аноним 05.08.2020 | 15:50

сәлеметсіздерме І 8-9 демалыс күндері жұмыс жасайма айтып жіберсеніздер

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір