ТОҚСАНЫНШЫ ЖЫЛДАР – 2016 ЖЫЛ ЕМЕС
28.10.2016
2516
0

gazetterНЕМЕСЕ ҚАЗАҚ ГАЗЕТТЕРІНІҢ ТАРАЛЫМЫ МЕН ОРАЛЫМЫ

Алғаш жарық көрген сәттен бастап ұлт мүддесін ғана қорғап, ел ынтымағы мен бірлігін көздеген ағартушылық іспен айналысқан қазақ баспасөзінің бүгінгі ажары қандай? Беделді де бекем сөз иесін қолдау мәдениеті ұлттық тұрғыдан алғанда қаншалықты өсті? Ағайынға алқалы сөз айтуға жараған сол мерзімді басылымдарымыздың бүгінгі беталысына көңіліміз тола ма? Жұртшылықтың газетке деген сенімі мен сый-құрметі,  ықыласы тәуелсіздік алған тұста ерекше ауған қазақтілді басылымдарымыздың оқылымдылығы мен таралымы бүгін неге бұрынғыдай болмай тұр? «Дөңгелек үстеліміздің» бүгінгі қонақтарының қаузайтын тақырыбы осы.


– Алғаш жарық көрген жылдары «Ана тілі» газетінің таралымы жүз мың­нан асып жығылыпты. Дүйім жұрт жаппай жазылып оқитындай бұл басылымның қандай ерекшелігі бол­ды екен? Бүгінгі газеттердің аз та­ралуына оның мазмұны мен ба­ғыты себепші ме, әлде жұртшылық­тың бас­пасөзге деген көңілі мен сенімі бұры­нғыдай емес пе?

kuandyk-shamahajҚуандық ШАМАХАЙ,
филология ғылымының кандидаты:

– Газет оқылмайды деу тым сыңар­жақ пікір. Оқырманның көңі­­­лінен шыға білсе, неге оқыл­май­ды екен. Қазақ газеттерінің та­ра­­лымы аз болғаны үшін қалың оқыр­манды кінәлау артық. Олай болса, бар кінәні редакция қыз­мет­кер­лері, журналистер біз өзімізден із­деуіміз керек.

Иә, 90 жылдары «Ана тілі» г­аз­е­тін басылымдар сататын орындардан кезекке тұрып алатынбыз. Онда жарық  көретін Марат Қабанбайдың, Жұматай Сабыржанұлының, Сәкен Сыбанбайдың мақалаларын тұшы­нып оқитынбыз. Апталық басылым бол­са да, ел өміріндегі елеулі оқи­ға­лардан шынайы ақпарат бере ала­тын. Ұлттық мүддені барынша қор­ғап, оған қайшы келетін әрбір ке­леңсіз көріністерді аяусыз әш­керелеп өткір сынайтындығымен «Ана тілінің» шоқтығы биік болды.

Жалпы, сол тұстағы жалғыз бұл ба­сылым ғана емес, «Аруана», «Дат», «Қазақ әдебиеті» газеттері де ірі сұранысқа ие болатын.

Кез  келген оқырман баспасөз­ден шындықты іздейді. Қоғам өмірінде болып жатқан, өзі соның күнделікті тірлікте куәсі ретінде көз көріп, құ­лақ естіген дүниесінің өзін газет бе­тінен оқығанда шері тарқағандай ты­нысы кеңіп қалады. Сол тұстағы «Ана тілі» газеті оқыр­манның тала­бына сай келгендіктен елдің сүйікті басылымына айнала алды.

Сондай-ақ, Марат Қабанбай мен Жұматай Сабыржанұлының жазу мәнерінде қалың жұртты баурап әкететін ерекше қасиеттері бол­ды. Мәкең мәселені тереңнен қау­зап, жан-жақты талдап, танымы те­рең философиялық өткір оймен кес­телесе, Жұмекең қысқа да нұсқа тоқ етерін ғана айтып, жұртты елең ет­кізе алатын. Екеуіне де ортақ си­пат: ащы әжуа, ұтымды айтылатын әзіл-қалжыңдары еді. Осындай тартымды мақалаларымен жұртты езу тартқыза отырып, ойландыратын, қызықтыратын, ынтызар ете де білетін.

Газеттің тақырыптық масштабы да кең болды. Ел өміріндегі өзекті проб­лемаларды дер кезінде ізін суыт­пай көтеріп, жұрт назарына ұсы­на алуы арқылы басылым өзінің абы­ройын асқақтатты. Сон­дай-ақ, же­ке тұлғаның ішкі мүмкін­діктері де­ген тағы бір маңызды фактор бар ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, тәуел­сіздік жылдарында азат ойларымен та­нылған қаламы жүй­рік өзге де көп­теген журналистер мен автор­лар­дың «Ана тілі» газе­тінің маңына топтасуының нәти­жесінде басылым алға суырылып шыққан болуы керек.

Бүгінгі газеттер оқылмай жатса, жұрт көңілінен шықпаса, оны қо­­­ғамдағы саяси-әлеуметтік өмір­ден бөліп қарауға еш негіз жоқ. Бас­пасөзді өмір айнасы дейтін бол­сақ, қоғам қандай болса, газет те одан асып қайда барады? Жаппай мақтанқұмарлық  пен жағымпаздық белең алса, газет те одан қалыспай жатқаны анық. Алайда, бұл жерде жур­налист, жалпы баспасөз шын­дық­ты қастерлеу үшін ағымға қар­сы жүзуі керек. Сонда ғана оқыр­ман­ды иландырып өзіне тартуына бо­лады. Өйтпей инерциямен ағым­ға еріп жүре берсе, баспасөз халық се­німінен айырылады, ол оқыл­май­ды. Осылайша жұрттың бас­па­сөз­ден көңілі қалып барады. Мұн­дай олқылықты ешбір сылтаумен ақ­тауға болмайды.

ajgul-amirgalievna222Айгүл РАМАЗАН,
филология ғылымының докторы:

– Біріншіден, «Ана тілі» газеті­нің алғаш жарық көрген жылдары та­ралымының артуының негізгі се­бебі – редакция ұжымына бай­ланыс­ты деп ойлаймын. Де­мок­ра­тиялық көзқарастағы, білім дең­гейі жо­ғары Марат Қабанбай сынды тә­жірибелі журналистердің басы­лым­да қызмет етуі – «Ана тілі» га­зе­тінің қазақ ақпарат кеңістігінен ойып тұрып орын алуына тікелей әсер етті. Ал редакция қызмет­кер­лері­н­ің жазғанын күземей, басуға рұ­қ­сат берген, жалпы қол астын­да­ғы журналистерге дұрыс бағыт бере білген интеллектуалдық деңгейі жо­ғары, қаламы қарымды журналист Жарылқап Бейсенбайұлының да редактор ретінде еңбегі зор деп бі­леміз. Екіншіден, сол кездегі жағ­дайға тікелей байланысты деп ой­лай­мын. Жариялылықтың таңы ен­ді атып, бұрын-соңды баспасөзде кө­терілмеген тақырыптарға түрен са­лынуы – оқырманның қызығу­шы­лығын арттырды деген пікір­де­мін. Үшіншіден, тәуелсіздіктің ал­­ғашқы  жылдары қазақ қоғамын­да қор­даланған мәселелер жетерлік бол­ды, тіл мен жер дауға түсіп жат­қан шақ. А.Солженицинның «Как нам обустроить Россию» мақаласын бетке ұстап, қазақ жерінен отау тік­кісі келетіндердің қылаң берген тұсы, завод, фабрикалардың жабылып, нарықтық қатынастардың ал­ғашқы беталысы бұқараны шо­шы­тып тұрған тұс. Осы тақы­рып­тарға жауап іздеген оқырман бас­пасөзге жүгінді, басылымдарды із­деп жүріп оқыды. Осы тақырып­тардың тігісін жатқызып, бұқараға түсіндіруде «Ана тілі» газеті жалғыз болған жоқ, қазақ басылымдары бір жағадан бас, бір жеңнен қол шы­ғар­ды. Таралымдары «Ана тілі» га­зе­тінен аз болуы да мүмкін, бірақ «Социалистік Қазақстан», «Қазақ әде­биеті», «Заман Қазақстан» газет­тері, «Жұлдыз» журналы, тіпті сту­дент­тердің газеті – «Өркеннің» өзі қазақ қоғамындағы маңызды мә­се­лелерді көтеруде көштен қа­лыс­пады. Себебі, бұл басылым­дар­дың басында қазақтың рухын кө­теруді мақсат еткен Шерхан Мұр­таза, Оралхан Бөкей, Мұхтар Ма­ғауин, Қалтай Мұхамеджанов сын­ды мар­қасқалар отырды. Ал «Өр­кеннің» өркендеуіне үлес қос­қан Алтынбек Сарсенбаев марқұм еді. Оның демократиялық идеялары осы газет бетінде орын тепті. Төр­тіншіден, кеңестік кезеңнен қа­лыптасқан газет оқу дәстүріне, кітап оқу дәстүріне қылаң түспеген кез. Осы төрт себеп қазақ басылым­дарының сол тұстағы беделін арттырды деген ойдамын.

Бірақ 1995-1996 жылдары бү­кіл қазақтілді газеттердің тиражы бір «Караванға» жете алмады ғой, ал тиражды «Караван» мықтылы­ғы­нан емес, жарнама арқылы жи­нағанын ұмытпау керек. Жарнама қазақ газеттеріне жетпей, таралымды көтеру мүмкін емес…

Ал бүгінгі басылымдардың та­ра­лымы неге аз деген сауалға жауап іздейтін болсақ, баспасөзге бәсе­ке­лестердің қатары көбейді. Ақпа­рат­тар тасқынына айналған ХХІ ға­сырда жаңа медиаңыз дәстүрлі жур­налистиканы тығырыққа ті­ре­ді. Шапшаңдық, жеделділік тұр­ғы­сын жаңа медиаңыз дәстүрлі жур­на­листиканы шаң қаптырып ке­леді. Уақыттың тапшылығы, жұ­мыс бастылық, жан бағу жолындағы жан­­талас – газет оқырманының ке­муі­не тікелей әсер етіп отыр. Жұрт­тың көпшілігі «заманға қарай күй­лемек» әрекетінде…

karlygaҚарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, доцент:

– «Ана тілі» газеті еліміздің еге­мен­дігіне қол жеткізуге тоғыз ай қал­ғанда 1990 жылдың наурыз айын­да шыға бастаған. Яғни «Ана тілі» газеті – еліміздің егемендігімен бір­ге дүниеге келген басылым. Жал­пы, тоқсаныншы жылдардың ба­сында барлық қазақтілді газеттер жақсы жаңалықтардың жаршысы болды. Газет бетінде қазақ тілі, та­рихы, жер атауларын өзгерту жә­не тағы басқа да өзекті мәселелерге қатысты тұшымды мақалалар жиі жарияланды. Мазмұны мен бағыты жағынан алып қарағанда газетте дәл сол уақытпен үндес мәселелер қозғалды. Ал енді сол «Ана тілі» га­зеті тоқсаныншы жылы емес, 2016 жылы шықса сол кезеңдегі оқыр­манды жинай алады ма деген сауал туады. Иә, жинайды деп сеніммен айта алмаймыз. Неліктен? Бірінші се­беп, қазіргі ақпарат айдынына оқыр­ман таңдауы тоқса­нын­шы жыл­дармен салыстырғанда жүз пайызға өзгерген. Мұнда айтайын дегенім, бүгінгі күні халық өз тарихы мен тілі, т.б. туралы ақпа­ратқа қы­зықпайды деген ой емес. Қазір ақпарат көздері көбейді. Бұқаралық ақпарат құралдары қатарына Интернет деген ақпарат­тың алып мұ­хиты қосылды. Екінші себеп, оқыр­ман сұранысы өзгерді. Тоқ­са­ныншы жылдары халық жетпіс жыл бойы ұмыт бола баста­ған елдің тарихы, тілі мен діні, мә­дениеті, т.б. рухани құндылық­тар­ды түгендеуге назар аударса, қазіргі оқырманды күн­делікті болып жатқан жаңа­лық­тар көбірек қызықтырады. Үшін­ші себеп, жұртшылықтың бас­пасөзге деген көңілі мен сенімі өзгерді. Алайда, газеттердің бағыты мен мазмұны әлі де толығымен өзгер­ген жоқ. Газетті мазмұнына қа­рай сараласақ, негізінен басшы­лардың, әкімдердің күнделігі деп айтуға келеді. Осыдан келіп шыға­тын қорытынды: қазіргі газет маз­мұны халық қажеттілігін қана­ғат­тандырмайды. Себебі, баспасөз біз­де халықтың үнін, өзекті мәсе­ле­сін, ащы даусын би­лікке, үкіметке жеткізу емес, басшылықтың  құрғақ есебін ұсыну қызметін көбірек ат­қаруда. Ал дамыған мемлекеттерде қалай? Мысалы, қыркүйек айынан бастап Фулбрайт бағдарламасы бойынша Огайо университетіне (АҚШ) ғылыми зерттеу жүргізу­де­мін. 1804 жылы ашылған универси­тет 24 000-ға жуық халқы бар қала­ны асырап отыр. Осында “The Athens News” деген күнделікті шы­ға­тын газеті бар. Мазмұнын қара­саңыз мұнда басшылардың басқа елге ресми сапары емес, сол шет ел­дік іссапарларға университеттің не­месе жергілікті бюджеттің қанша қаржысы жұмсалды, ол өткен жылмен салыстырғанда қалай деген сауал­дарға ресми құжаттарға сүйе­не отырып, есеп беріледі. Егер ол ал­дыңғы жылдан артса, оған бас­шы­лық тарапынан түсіндірмелер де жазылады. Яғни халық алдында ортақ қазынаның әрбір тиыны қай­да жұмсалғаны ашық көрсетіледі. Газет күнделікті ертеңгілік тегін тара­тылады. Қала тіршілігінің  әр­бір сәтін қалт етпей жазып отыр­ған­дықтан, оны кез келген қоғам­дық орыннан алып оқитын оқыр­­маны бар. Ал тегін таралатын газеттің шығынын көбінесе үлкен супер­мар­кеттердегі жеңілдіктер туралы жарнамалық қосымша көтереді. Сондықтан халықтың көңілі мен се­німінен шығу үшін газет маз­мұ­нын жақсартуда халықтың сауалына жауап беру керек.

– Қазіргі қазақ баспасөзі қоға­мы­мызда қандай роль атқарып отыр деп ойлайсыз? Бүгінгі күні «баспа­сөз­дің ролі мен ықпалдылығы туралы айтудың өзі артық» дейтіндер де бар. Шынында да қазақ қоғамы кі­тап-газет оқымайтын қоғамға айналып бара ма? Қазақ газеттерінің оқы­лымдылық мәселесін қалай жөн­ге келтіруге болады деп ойлайсыз?

Қуандық ШАМАХАЙ:

– Бірлі-жарым ғана басылымдар болмаса, қазақ баспасөзінің кө­бі қазір үкіметтің қолбаласына, рес­ми үгітші-насихатшысына ай­нал­­ды. Мемлекеттік тапсырыс деген атаумен тендерден қаржы алады, сол қаражатты өтеу үшін ми­тыңдап газет шығарады.

Негізі, үкімет баспасөздің әріп­те­сі бола алады. Алайда, қожайынға ай­налса, ол газет оқылмайды. Га­зет­тің жалғыз қожайыны бар. Ол – оқырман қауым, яғни халық. Аме­рикандық атақты «Вашингтон пост» дейсіз бе, жапондық «Асахи симбун» дейсіз бе, әлемге әйгілі ірі таралыммен шығарылатын газеттер де үкіметтің тапсырысымен ма­қалалар жариялайды. Бір санда 150-200 жолдан аспайтын мөлшерде ға­на бір мақала жарыққа шығуы мүм­кін. Үкіметтің ұсынған мақа­ла­сына арнайы белгі соғып, «ақысы тө­ленген» деп жазып қояды. Ондай ма­қаланы іс жүзінде ешкім оқы­май­ды.

Бұл жерде ресми ақпарат халық­қа қажет емес екен деген ұғым тумауы керек. Батыс басылымдары үшін ең сенімді ақпарат көзі де рес­ми үкіметтің дерегі екендігі еш дау ту­дырмайды. Оны журналистер мін­детті түрде ұсына отырып, оған ба­лама ретінде тәуелсіз инсти­тут­тар­дың да ақпараттарын да қатар бе­реді. Есесіне, журналист те, ре­дак­­ция да мақалаға өздерінің
су­бъек­тивтік ой, болжамдарын, көз­қарастарын тықпаламайды. Түр­лі ақпарат көздерінен алынған ақ­параттарды салыстыра отырып, бей­тарап түрде жазып, жариялайды, оқырман өзі шындықты тауып ала­ды. Міне, қоғамдық пікір қа­лыптастыру деген осы.

Нағыз қоғамдық пікір қалып­тас­тыра алатын баспасөз ықпалды бо­ла алады және оған ресми үкімет те, қоғамдық топтар да ақпарат бе­руге, мәлімет ұсынуға мүдделі. Он­дай газеттердің оқылымды бо­ла­тыны да, қоғам да, үкімет те сана­сатыны белгілі жайт.

Ал «халық айтса, қалт айтпайды» демекші, егер қоғамда бас­па­сөз­ге көңіл толмаушылық көрініс тауып жатса, оның сұранысқа, жо­ғары талапқа сай келмей жат­қан­дығы болса керек. Ол үшін «газет оқы­майсың» деп халықты сөгу орын­сыз болар еді.

Қазақ газеттерін оқылымды ету үшін оларға жаппай еркіндік беру, бі­лікті мамандармен қамтамасыз ету, жалпыұлттық тәуелсіз баспа­сөз­­ге айналдыру, ресми қасаң сипат­тан ажыратып, шығармашылық еркіндік пен тың ізденіске жетелеу керек. Жалпы, түбегейлі реформа қажет.

Айгүл РАМАЗАН:

– Жалпы, елдегі баспасөздің жағ­дайына қарап қоғамдағы ахуалды бағамдауға болатын сияқты. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарын­да күркіреп шыққан қазақ басп­а­сө­зінің үні бәсеңси бастады. Жалпы, БАҚ-тың насихаттық ролі артты. Қар­жылай тәуелділік, қазақ бас­па­сө­зін кіріптарлыққа душар етіп отыр. Мемлекеттік тапсырыстан үміт­кер кез келген басылым «қа­бақ­қа қарап» сөйлейді. Әйтпесе, ір­ге­дегі «украин-орыс» соғысынан тәуел­сіз ел ретінде бейтарап ақпарат та­рата алар едік едік қой. Қасым Аман­жол сияқты дара пікір таратуға дайын он журналист табылар еді ғой. Бір Қасым Аманжол дайын­да­ған хабарды эфирден жіберуге қау­қа­рымыз жетпеген соң, бұл тақы­рып­қа әңгіме қозғаудың өзі қиын. Бұ­дан кейін бұқараның БАҚ-қа се­німі арта ма, жоқ па, өздеріңіз ба­ғамдаңыздар.

Басылым қаржылай тәуел­сіз­дік­ке қол жеткізген кезде ғана еркін кө­сіле алады. Ол үшін әлемдік жур­на­листика тәжірибесін пайдаланып, жарнаманы жариялауға, одан пайда тауып, редакциядағылардың жағдайын жақсартуға, т.б. қол жет­кізу керек. «Жарнама – басылым­ның өмір сүру өзегі» екенін басты на­зарда ұстау керек. АҚШ-тың бе­дел­ді, салиқалы газеті «Нью-Йорк таймстың» 50 пайызы жарнамадан тұра­ды. Түркия газеттері де жарнама арқылы өмір сүреді.

Осы ретте баспасөздің жауап­кер­шілігі, журналистің жауапкер­ші­лігі деген мәселенің де сиыр­құйым­шақтанып бара жатқанын ай­та кеткім келеді. Сіздердің га­зет­теріңізде Жезділік оқырман З.Қа­зан­баеваның «Ахмет пе, Әлихан ба?» пікірі басылды. Мәселе өте орын­ды көтерілген. Шыққанына 85 жыл толып отырған «Орталық Қа­зақстан» газеті «Газет – халық­тың көзі, құлағы һәм тілі» деген
А.Байтұрсыновтың газетке берген сипаттамасын Ә.Бөкейхановтікі деп беріп жүр деп шырылдайды талғампаз оқырман. Бұл жерде мә­селенің мәнін бұрмаламай, дұ­рыс тү­сіну керек. З.Қазанбаеваның мақ­саты – қазақтың маңдайына біт­кен қос азаматын бірін төмен­де­тіп, бірін шарықтату емес, шын­дық­қа жүгіну, тауды тасқа ұрып жүр­ген журналистің жауапкер­шілігін ояту. Бұл пікірге байланыс­ты өз ретімізден қосарымыз мынау: «Газет – халықтың көзі, құла­ғы һәм тілі» деген пікір «Қазақ» га­зе­тінің 1913 жылғы 1 санындағы Бас ма­қалада көрініс тапқан. Газеттің не­гізгі жазушысы да, редакторы да А.Байтұрсынов болғандықтан, бұл Бас мақала авторы А.Байтұрсынов деуге негіз бар. Зерделеп оқыған адам­ға мақаланың стильдік ерек­ше­лігі де А.Байтұрсынов стиліне сай келеді. «Қазақ» газетінен кан­ди­даттық диссертация қорғаған Қай­рат Сақ, Өмірхан Әбдиманұлы сияқ­ты ғалымдардың, «Қазақ» га­зе­тін кирилл  қарпіне түсірген Свет­лана Смағұлова, Толқын Зам­зае­ва­лардың пікірі бұл даудың  ақ-­қа­расын ажыратуға негіз болары сөз­сіз.

Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:

– Қазіргі қазақ басылымдары би­ліктің ұстанымын халыққа наси­хаттап отырғанымен, халықтың үні би­лікке, үкіметке толығымен жетіп жа­тыр деп айта алмаймыз. Екі та­рап­ты байланыс аз. Яғни қо­ғамдағы бас­пасөз ролін арттыру үшін екі жақты байланысты нығайту керек. Пью ғылыми зерттеу орталығының (АҚШ) соңғы деректеріне сүйенсек, американдықтардың басым көп­ші­лігі газеттерді тек жергілікті жаңа­лық­тармен танысу үшін қарай­тын­дары анықталған. Мәселен, Аме­­­­рика халқының 22%-ы салық ту­ралы ақпаратты тек газеттен оқи­ды екен. Яғни жергілікті жаңа­лықтар мен салық, т.б. әлеуметтік мә­селелерге қатысты ақпараттың бас­пасөзде берілуін оқырман тиімді деп есептейді. Осы зерттеу ор­та­лы­ғы­ның анықтауынша, жергілікті га­зеттерде күніне 70-тен 100-ге дейін жаңалық берілсе, ал телеви­дениеде күнделікті тек 15-20 ғана жер­гілікті жаңалықты көрсете ала­ды екен. Қазіргі әлемді алаңдататын мәселе Интернет жақсы дамыған қалаларда газет оқушылар саны күннен-күнге азаюда. Қазір әлемде Интернет қолданушылардың саны – 3,5 млрд. адамнан асты. Интернет қолданушылар негізінен дамыған мем­лекеттер, ал дамушы елдер үшін бұл әлі күнге толықтай қол­же­­тімділік деңгейіне жеткен жоқ. Тағы бір айта кетерлігі, әлемдік деңгейде 40 жасқа дейінгілер үшін газет ақпарат көзі болып есептелуден қалып отыр. Сонымен газеттің болашағы бар ма? Қазір электронды кітаптар мен компьютер, планшеттер мен мобильді телефон қо­лымызда болғанымен, әлі күнге кі­тапты кітапханадан алып оқимыз, күнделікті ойларды көбінесе бірінші дәптер бетіне қаламмен тү­сіруге тырысамыз, яғни адамдар жа­зуды, кітапты қолға ұстап оқуды ұмытқан жоқ. Осы тұрғыдан ал­ған­да газеттер де ешуақытта ұмы­тыл­май­ды және жоғалмайды.

Сонымен газеттің басымды­лы­ғы неде? Бірінші тұрақтылығында, басқаша айтқанда, телевидение не­месе радио, Интернет минут сайын ақпаратын өзгертіп отырса, га­­зетке жазылған ақпарат тұрақты болып табылады. Мысалы, Амери­ка­ның Огайо штатында Амиш деген өркениеттен ада өмір сүретін адамдар қоғамдастығы бар. Солар­дың күнделікті шығаратын газетін­де дүниеге келген сәбидің аты жөні жарияланады екен. Егер бірнеше жылдардан кейін туған жылы, күні жайлы ақпарат қажет болса, олар газетті ақтарады. Яғни газет өзінің тұ­рақты қызметіне сәйкес халық­тың мұрағаты қызметін де атқара алады. Газеттің екінші ерекшелігі – оның еркіндігінде. Телевидение не­месе радиоға қарағанда олар күн­делікті болып жатқан көптеген пресс-конференцияларға таңдап ба­рады. Әлемде газеттер қалай өз­геруде? Біріншіден, газеттер тех­ни­калық баспа жағынан өзгерді. Мә­селен, америкалық газеттерді қара­саңыз, жергілікті немесе университет газеттерінің өзі түрлі-түс­ті болып шығады. Яғни газеттің бас­палық сапасы жақсарған. Сонымен қатар, батыстық баспасөз қазір мазмұнды жақсартуға ерекше назар аударуда. Екіншіден, газет медиа нарықтағы қатал бәсеке­лес­тікке сай өзінің талдамалық материалдары сапасын арттыру арқылы өз оқырманын сақтай алады. Оқырман телевидениеде бірнеше минутта, секундта  ғана көрсетілген  жаңа­лық­тың немен аяқталғаны және оның себеп-салдары жайлы тереңі­рек білгісі келеді. Сондықтан газет тілшісінің қызметі «жаңа­лықтан кейінгі  жаңалықты» табуында болып отыр. Үшіншіден, қа­зіргі газет­тер ақпаратты тек мә­­тін­­мен емес, түрлі суреттер, графиктер, ста­тис­тикалық көрсет­кіштер арқылы бе­ре алады. Қазір халықаралық жур­налистикада «Деректер жур­на­лис­тикасы» (Data journalism) деген ұғым кеңінен танымал. Мазмұнды жақсартуда де­рек­терді сөйлете білу ерекше ма­ңыз­ға ие. Әрине, бұл біз үшін аса үлкен жаңалық емес. Қа­зақ баспа­сөзінің тарихында Камал Смайылов­тың «Сандарды сөйлете бі­лейік» деп жар салғаны осы ста­тистикалық көрсеткіштерді мате­риал­дарда дұрыс қолдануға ша­қыруы болған. Тіпті, бұқаралық ком­­­муникация ғылымындағы әлем­­­­дік зерттеулер осы сандық зерт­теу әдісіне жүгінуде, басқаша айт­қанда, сан арқылы сапаны анық­тауға назар аударуда. Соңғы ста­тис­тикалық деректерге жүгінсек, Қа­зақстан халқының 57%-ға жуы­ғының ғана Интернетке қолжетім­ділігі бар. Халықтың 43%-ы Интернет қол­-
­д­анбайды. Газет мазмұны жа­ғынан сапасын арттырғанда, оның оқырмандары да артады. Қа­зір әлем­де тек баспасөз емес, жур­налис­тиканы жоққа шығара­тындар са­ны артуда. Басты себебі, Интернет пен әлеуметтік желілердің маз­мұнын аудитория немесе оқырман, көрер­мен, тыңдармандар бірге жасап отыр. Әрине, ақпа­раттың кәсіби тұр­ғыда сауаттылығы басқаша әң­гі­ме. Алайда, заманауи техно­ло­гия­ның талабына сай газеттер де өзінің көштен қалмау жолдарын қарас­тыру­лары керек.

– Жазылу мен таралу мәселесі, әсі­­ресе, қазақтілді газеттерде түйт­кіл­­ді мәселе. Оны шешудің, бірізге кел­тірудің жолдары бар ма? Үлкен қа­­ла­лардағы дүңгіршектерден қазақ­тіл­ді басылымдарды іздеп жүріп әрең та­­батынымыз да рас. Сонда қазақтілді баспасөз сұранысқа ие болмай тұр ма, әлде оның дұрыс таралуына мүд­делілік таныта алмай отырмыз ба?

Қуандық ШАМАХАЙ:

– Қазақтілді баспасөзді өтімді ету үшін ең алдымен ресейлік медиа құралдарының ақпараттық экс­­пансиясынан құтылуымыз керек. Ұлт мүддесі үшін қазақ баспа­сө­зі өз деңгейінде еңбек етіп жат­қа­­нын жоққа шығарудан аулақ­­пыз.

Интернет жүйесіндегі ақпарат көздерінің молдығы мен әр алуан­дылығы кәдімгі дәстүрлі бұқаралық ақ­парат құралдарын тықсырып ба­ра жатқандай көрінетіні рас. Алайда, газет-журнал-радио-телевизия пай­да болған кезде де осы тақы­лет­тес мәселелер туындағанымен, кейін олардың қоғамдық-саяси өмір­де өз орындарының бар екен­дігі, өзара сабақтаса отырып, бір-бі­рін толықтыра түсетіні белгілі болған. Сондықтан қазақ бас­па­сө­зін сұранысқа мүлдем ие болмай тұр деуге келмейді. Әр газеттің өз оқыр­маны бар екендігін де ес­керуі­міз керек.

Баспасөз өкілдері көп мәселені қар­жы тапшылығы және жалпы қа­зақтілді оқырмандарының аз­ды­ғ­ымен көбірек байланыстырады. Та­ралымды молайтудың тетігін тап­са, газет маркетингін нарық та­лап­тарына сай икемдесе оқыр­ма­нын көбейте алады. Менің ойымша, негізгі себеп – оқырманның аздығында емес, әр басылымның ең алдымен көп жағдайда орыстілді билікке ықпал еткісі келетіндігінде және биліктің оларға қоятын шек­теулерінде болса керек.

Совет журналистикасының тағ­дыры үгіт-насихат құралына ай­налудың ақыры немен бітетінін дә­лелдеді. Бірақ қазір сол әуеніміз өз­герген жоқ. Жоғары жақтан рұқ­сат етілген тақырыптарды ғана алау­­латып-жалаулатып қаузай­мыз.

Қазақтілді баспасөзге бейтарап­тық – эмоциядан аулақ болу, нақты фактіні ұсыну, өз білермендігімен комментарий жасамау, барды бар, жоқ­ты жоқ деу жетіспейді. Не бір­жақты жамандайды, не біржақты ма­дақтайды. Алдымен, осы әдеттен арылсақ, біз оқырманды емес, оқыр­ман бізді іздейтін болады.

Айгүл РАМАЗАН:

– Тарату мәселесімен басылым­дар­дың менеджерлері белсене айна­лысуы керек деген ойдамын. На­рық­тың заманы, бәсекелестік күш­ті, қол қусырып қарап отыруға бол­мас деп ойлаймын. Кедергілер бо­латын болса, тиісті мекеме өкіл­деріне жеткізу керек.

Басқа аймақтарды айтпағанда, Ал­матыдағы «Дауыс» дүңгіршек­те­рі­нен «Жас Алаш» пен «Даттан» бас­қа қазақша газеттерді көрмедім. Жа­зылып үлгермеген оқырман га­зет­ті қайдан тауып алады сонда? Ал­матыдағы, Астанадағы кітап­ха­на­лардан табуға болатын шығар, ал аймақтардағы кітапханаларыңыз жұтап тұр. Қаражаттың жоқтығы­нан, тіпті жалпыұлттық газеттерге то­лық жазыла алмайды. Бірі болса, бірі жоқ. Газет оқылмайды дегеннен гөрі, оқырманға жеткізу жағын ой­ластырған дұрыс сияқты.

Шетелдік  газет тарату жүйесі­нің кей­бір озық дәстүрлерін пайдаланса артықтық етпес деген ойдамын.

Қазіргі кезде газет қолына тимей қалған кез келген оқырман ин­тернет арқылы басылымдардың элек­тронды нұсқасын қарайды ғой. Бі­рақ сайттағы материалдардың дұ­рыс орналаспауы, безендіру са­пасының төмендігі – оқырманға кері әсер етеді. Сондықтан газет сай­тының сапасын жақсарту – оқыр­ман жүрегіне жол тартудың бір­ден-бір жолы екендігін ұмыт­паған жөн шығар.

Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:

– Бүгінгі таңда газетті бизнес кө­зі деп атауға келмейді. Газеттер үшін қаржы табу өзекті мәселеге ай­налуда. Сондықтан қазақ газет­тері заман талабына бейімделуде алдымен сапалы веб нұсқаларын жасауы тиіс. Сонымен қоса, газетте жарияланған қызықты материал­дарды әр түрлі платформаларда, әлеу­меттік желілерде дұрыс жарнамалай алуы керек. Нақты мысал, мен «The New York Times» пен «The Washington Post» газеттерінің вебсайттарын онлайн оқуға тіркелдім. Яғни қалаған кезде қажетті мақа­ла­ны ашып оқуға мүмкіндігім бар. Алайда, бұл газеттердің бір ерек­ше­лігі газеттің қағаз нұсқасы мен элект­ронды вебсайтқа арналған нұс­қасы бөлек. Және олар өздерінің әр­бір оқырманының құнын біледі. Мә­селен, сіз газетке тіркелгеннен кейін күнделікті жаңа санына элек­т­ронды поштаға сілтеме жіберіліп отырады. Және қосымша ақылы қызметтерін де ұсынады. Мысалы, қазіргі кезде АҚШ-тағы президент­тік сайлауға қатысты көптеген зерт­теулер жүргізілуде. Егер сіздің сол­ зерттеулердің қорытындысымен та­нысқыңыз келсе немесе газеттің бас­па нұсқасында жарияланған тал­дамалы мақаланы толығымен он­лайн оқығыңыз келсе оған ақы­лы жазыласыз, яғни айына аз ғана қар­жы төлеу арқылы қажетті ақ­па­ра­тыңызға толықтай қол жеткізе ала­сыз. Бұл газеттің мазмұн сапа­лы­ғы мен ақша табудың дұрыс жол­ға қойылғандығының белгісі.

Қазақ газеттерінде жазылу мен та­ралу тәртібін дұрыс жолға қоюда ең алдымен газет аудиториясын дұ­рыс анықтауы және сол аудитория сұранысына қарай ақпарат ұсынуы тиіс. Мәселен, көктемде үш ай Францияда ғылыми зерттеу тә­жірибесінен өту кезінде Париждегі бір­неше бұқаралық ақпарат құрал­дарының жұмысымен танысып, зерттеуіме сәйкес журналистерден сұхбат алдым. Францияның танымал «Le Figaro» деп аталатын күнде­лік­ті газетінің үш журналисі осы жұ­мыстан кетіп, өз қаржыларына жаңа­дан «Les Jours» (lesjours.fr) деп ата­латын вебсайт ашады. Бұл тек элек­тронды газет, бірақ бір ерек­ше­лігі – олардың жаңадан ашылғаны­на қарамастан, екі-үш ай ішінде төрт бес мыңға дейін оқырман жинайды. Бұл сәттіліктің сырын сұраға­ным­да оның редакторы біз жұрт­шы­лықпен жұмыс істеу ар­қылы же­тістікке жеттік деді. Олар­дың оқыр­ман жинаған сәттегі ал­ғашқы ма­қалалары мектептен бастау алады. Газет журналисі бір ай бойы ре­­­дакцияға жақын орна­ласқан бір мек­тептің өмірі туралы зерттеу жүр­гізеді. Күнделікті оқу­шы, мұға­лім, мектеп өмірінің қыр-сырын бүк­песіз жазып отырады. Мақа­ла­ларының сәтті шыққаны сонша­лық, оларға мектеп мұғалім­дері ға­на емес, ата-аналар басқа мектептерге жарнама жасап, оқыр­ман жи­найды. Сонда мақаланың пәр­менділігі неде деген сауал туады. Яғни бас редактордың айтуынша, ата-ана ұстаздың да жеке өмірі бар пен­де екенін, ұстаздар оқушы­лар­дың кейбір сыни пікірлерінің әд­і­лет­ті екенін түсінді дейді. Бас­қаша айт­қанда, бұл электронды газет мек­тептің ішінде сан жылдар бойы қор­даланып қалған мәселе­лердің ше­шілуіне мүмкіндік берді. Қазір бұл вебсайт  әр түрлі тақы­рыпты қоз­ғайтын танымал электронды га­зеттер қатарына қосылды.

Ал қалалық дүңгіршектерде га­зеттің сатылуына келсек, ол өт­кен күндердің елесі болып отыр­ға­ны түсінікті. Және қазіргі көзқарас тұр­ғысынан алғанда, газеттер өзі­нің бизнес менеджменті мен ма­р­ке­тингін дұрыс жолға қойғанда, оны дүңгіршектерде сатудың қажеті жоқ. Газет қоғамға қызмет етуі үшін кез келген қоғамдық орында те­гін таратылуы тиіс. Бұл тәжірибе Еу­ропада да, АҚШ-та да кеңінен қол­данылады. Қазақтілді баспасөз сұ­ранысқа ие емес десек, бұл мың­да­ған қазақ журналистерінің таң­нан кешке дейінгі қажырлы еңбегін жоққа шығару болып табылады. Қазақтілді баспасөз сұранысқа ие, алайда, әр газетке өз аудиториясын анықтауда айқындылық керек. Журналистік тәжірибеде материал алу мен тарату әдістерін жаңаша үр­діске бейімдеу керек. Қазіргі жур­налиске қойылар уақыт талабы – пресс-конференциялардың со­ңы­нан жүгіріп, пресс релиздегі жаз­баны өңдеп беру емес, сол жаз­баның ас­тарлы тұстарын табуға ұм­тылуы қа­жет. Интернеттегі елі­міздің шынайы өміріне еш қатысы жоқ дайын ақпаратты аударып бергеннен гөрі ауыл­дағы бір қара­пайым отба­сы­ның қарабайыр тір­шілігін зерттеп жазса, сол оқыр­ман­ға ұнамды болары сөзсіз.

Дайындаған Айнара АШАН.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір