ҚАЛМҰҚАН ЖОЛЫ – ЕРТІС-ҚАРАҒАНДЫ КАНАЛЫ
28.10.2016
2479
0

16Майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевтың жұмыс кабинеті әлі күнге сол қалпында сақталған екен. Қалмұқан атайдың өз қолымен салған Абайдың бір қырын ала салған суретін өзі тірі кезінде үстелі тұрған бұрыштағы қабырғаның жоғары бөлігіне ілініпті. Қаламгер 1961 жылы Ертіс-Қарағанды каналының жобасымен танысып, су жолы жүретін жерлермен 500 шақы­рым жаяу сапар шегіп, нәтижесінде «Арман арнасымен» атты күнделік кітабы жарық көргені белгілі. Сол уақытта каналдың өз қолымен сызған сызбасы да жазушы жұмыстан шаршаған сәтінде көз шырымын алған диванның жанындағы қабырғадан орын алыпты. Қалмұқан атайдың осы каналды суреттеген шығармасындағы, түрлі очерктеріндегі кейіпкерлермен бірге түскен суреті де осы бұрышта орналасыпты. Жазушының алақанының табы қалған кітаптар да, түрлі фотосуреттері де бәз баяғы қалпында. «Былтыр қазақ әскерінің музейі ашылады деп ағаңның әскери киімін Астанадан арнайы сұратқан еді. Музейге барған елі-жұрты да көре жүрсін, біле жүрсін деп әскери формасын соларға тапсырдым», – дейді Зәбира апа. 

– Қалмұқан атамен қай жылдары танысып едіңіздер?

– Аталарыңның отбасымен Құдай қосқан көрші болдық. Ол кісі 1943 жылы тоғызыншы класты бітіре сала, мектебін де аяқтамай өзі сұранып майдан даласына кеткен екен. Мен ол кезде кішкене баламын. Көп ештеңе есімде жоқ. Соғыс бітсе де, ағаң бірден елге қайтпағанын өзің де білесің. Германияда комендант болып тоғыз жыл жүрді. Жыл сайын демалыста ауылға келеді.

Біздің үйде үлкен кісілеріміз болды.  Үлкен кісілері бар үй бие байлайды. Атаң мен әжең барда қымыз піспей көр. Кішкенемізден бие сауып, қымыз пісіп, қысы-жазы үйімізде ағарған болатын. Содан ағаң Германиядан демалысқа келгенде әуелі үйіне кіріп дәм ауыз тиген соң, бірден ауыл үлкендеріне сәлем беруге шығады. Құдайы көрші болған соң, әуелі біздікіне соғады. Кейін келе қымыз ішетін едім деп, атаммен сөйлесетін едім деп, демалыста жүрген уағында біздікіне жиі келетін. Әуел баста бала болып мән бермегеніммен, кейін келе ағаң үйге келіп қоймаған соң, кім келгеніне, оның жүріс-тұрысына, өзін-өзі ұстауына мән бере бастайды екенсің. Ағаң екеуміздің арамыз он бір жас. Сондықтан басында ағаң сөз салғанда не дерімді біл­мей, ұялып, жауабын бере алмай жүрдім. Ағ­аң Германиядан біржола 1954 жылы келді.

«Енді үндемей жүре берсең, саған күйеу табылмай қалуы мүмкін» деп бір қорқытты. «Жарайды дей алмасаң, үндемей-ақ қой, сенің үндемегеніңді келіскенің деп білем», – деді. Әйтеуір, 1958 жылы бас құрап, отбасы болдық. Ағаң маған берген сөзінде тұрды. Көңіліме тиіп, қатты сөз айтқан емес. Тату-тәтті отбасы болдық.

– Жазушы жарларымен сөйлескенімде, олардың ең алғашқы оқырманы Құдай қосқан қосағы екенін ұқтым. Ағаның да бірсыпыра шығармаларын әуелі сіз оқыған шығарсыз?

– Ағаң тәртіптің адамы болды. Әдетте, шығармаларына түнделетіп кірісетін. Таң­ғы үш-төртке дейін жазу жазады. Содан кішкене жатып, көз шырымын алады да, таңғы жетіде жұмысқа жиналатын. Жұмыс үстелінің үсті мұнтаздай таза болатын. Қарындаштарына  дейін ұштап, даярлап қоятын. «Үстеліңді мен-ақ жинай саламын ғой», – десем: «Саған асүйдің жұмысы да аз емес», – дейтін. Бір шығармасын жазып жатса, екіншісін баспадан алып келіп, енді бірін баспаға тапсырып жүретін. Өмірі жазумен өтті ғой. Кейбір шығармаларын бір­ден маған оқытады. Енді кейбірін «Сүйінші данасы шыққанда оқырсың» дейді. Ондайда кітаптың сүйінші данасын оқып, онда кеткен бірлі-жарым қателерді көрсете қоям. Кейбір шығармаларын машинкаға өзі басатын. Кейде «мынаны басып қойшы» деп жұмысқа кетерінде жазғанын тастап кетеді. Үйде бала-шаға бар. Бала-шағаға қарап отырсаң, ағаңның жазуы машинкаға басылмай қалады. Сонда мен қайтем? Біз Сәбит ағамен бір аулада тұрдық. Аулада көшеге шығар бетте өзіміздің қазақтың балалары – милиция жүреді. Соларға: «Айналайындар, мына балаларға көз қырларың­ды ­сала тұрыңдар, көшенің арғы бетіне өтіп кет­песін», – деймін. Мына жақта Мәриям апам терезесін ашып қояды. «Апай, ініңіз мына жазғандарын машинаға басып қой деп еді. Оны бассам, балаларға кім қарайды, аулада ойнай тұрсын», – деймін. «Келін, жұмысыңды істей бер. Сәбеңді де, балаларды да қараймын», – дейді. Көгалда балалар асыр салып ойнайды, ол кезде аулада субұрқақ болушы еді, соған қолдарын тосып мәз болады, ол кезде аулада қазақтың бірталай ақын-жазушылары тұрады. Жү­гіріп барып солармен амандасады. Сөйтіп жүр­генде мен де ағаңның жазғанын машин­каға тастай етіп басып қоямын…

– Мәриям  апаймен  жақсы араластыңыз­дар ма? Біз апайды қазақ әдебиеті келіндерінің үлкен анасы деп есептейміз ғой. Ол кісі өмірде қандай жан, сіздерге ақыл-кеңесін айтып отыратын ба еді?

– Ағаң үлкен абыз ағалармен жақсы қарым-қатынаста болды. Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сәбит Мұқанов, Тахауи Ахтанов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев – бәрімен құрдас еді. Құрдас дегенде, жасы құрдастығын айтып тұрғаным жоқ, ағаң әзілкеш қой, бәрімен әзілі жарас­қан құрдас болды.

Мәриям апайдан алған үлгіміз көп. Шешеміздей еді. Қаламгерлердің жарына енеміз іспетті болды. Біз ол кісіге сырымызды, мұңымызды айтамыз. Ол кісі де Сәбең туралы сырын бізге айтады. «Оларды қой­шы, бас-көз болмасақ жұмысқа тәпішкемен де кете береді ғой» дейтін күліп. Сондағы апайдың айтып берген әңгімесі ғой:

«Бірде Сәбең мұздай киініп, жұмысқа кетті. Қарасам, босағада жұмысқа киіп жүрген бәтеңкесі тұр. Бәтіңкені қолыма ұстап далаға шықсам, Сәбең асықпай аяңдап кетіп бара жатыр екен. Қолымда Сәбеңнің бәтіңкесі бар, «Әй, Сәбит-ау, Сәбит» деп айғайлап, соңынан жүгіріп келем. Бір заматта ол кісі мені көріп, тоқтады. «Не болды?» деп қояды. «Әй, мынаны кім киеді, мен кием бе, сен киесің бе?», – деп бәтіңкені көрсетсем, еңкейіп, аяғына қа­райды. Үйге киетін тәпішкемен кетіп бара жатқанын сонда байқайды ғой», – деп күлетін. «Күйеулеріңнің не киіп жүргеніне дейін қараңдар», – дейтін.

– Қалмұқан Исабаев бұл жағынан қалай еді? 

– Ағаң темірдей тәртіптің  адамы ғой. Жалпы, бұл кісі мұнтаздай тазалағынан әкесіне тартқан ба деймін. Бұл кісілермен көрші тұрдық дедім ғой. Есімді білгеннен ағаңның әкесі үйінің алдында бірде киімін шөткелеп, бірде аяқ киімін тазалап отырғанын байқайтынмын.

Серік Қирабаев айтады: «1954 жылы, Қалмұқан Германиядан келген соң, жұмысқа алдым. Бойдақсың ғой, ара-тұра үйден дәм татып кет деп үйге шәйға шақырдым. Сөйтсем, біраз күн өткен соң «өткендегі аға қайда кетті?» деп балалар сұрайды. «Ол қан­дай аға?» деп мен аң-таңмын. «Үйге келгенде қолын шекесіне апарып, бір етігін екінші етігіне тарс еткізіп, сәлем берген аға бар ғой, сол аға қайда» деп Қалмұқанды іздеді».

Ағаңның әскери сәлем беретін әдеті келе-келе қалғанымен, әскери тәртіппен әркез мұнтаздай болып жүретін мінезінен танған жоқ.

–  Балаларға да әскери тәртіппен қатаң қарады ма?

– Жоқ. Балаға мейірімді болды. Қазақы тәрбие беруге тырысты. Енді біз де ота­ға­сының қабағына қараймыз ғой. «Әкең жазу жазып отыр. Жүгірме. Дауысыңды қатты шығарма», – деп айтып қоямыз. Ал өзі жазу жазғанда аса бір бап тілеген жоқ. Біздің бәріміз ұйықтағанда, асүйде отырып та жаза беретін. Ағаң қай істе де «мен жазушы екенмін, маған жағдай жасаңдар» дегенді айтпайтын. Бірде еңбеккерлер жайлы пьеса жазамын деп Көкшетау жақтағы Жолдыбай деген ауылға іссапарға шығады. Ауыл басшыларына менің кім екенімді айтпай-ақ қойыңдар дейді де, бір комбайншыға көмекші болып іске кіріседі. Іске кірісті деген аты ғана, ағаң комбайнның атын естігені, суреттен көргені болмаса, өмірі жүргізіп көрмеген адам. Ағаң барса, комбайншы «Мына жерге отырасыз» деген. Ағаң отырған. Сөйтсе, біраздан соң әлгі комбайн бұзылып қалады екен. «Мен мынаны жөндейін, сен ана жақтан кілтті әкеп бер» дейді екен комбайншы. Ағаң комбайншы нұсқаған жаққа барса, кілттің жеті атасы тұр. Өзі комбайн болса, бұған дәу кілт керек шығар деп, ішіндегі ең үлкен кілтті апарады екен. Оған әлгі комбайншы жат та кеп ашуланатын көрінеді. «Сен өзің комбайншының оқуын бітіргенсің бе, жоқ қашып-пысып жүрген бәлесің бе? Мынау комбайнның кілті емес қой», – дейді екен күйіп-пісіп. Бұдан кейін кілтке жұмсаса, екі-үшеуін бір-ақ апаратын болдым дейді. Сонда да ағаң сыр бермей жүріп, комбайн айдауды да үйренген, еңбеккерлердің өмірімен де танысқан ғой. Кейін Алматыға шығарып салар мезгілде ауыл басшылары арнайы жиналыс жасап, ағаңды құрметтеп, кім екенін ел-жұртқа таныстырса, әлгі комбайншы кісі шалқасынан түсіпті. «Мен сізге ауыр сөздер айттым-ау, айыпқа бұ­йыр­маңыз» деп қойын сойып, қонақ қылып жіберіпті.

– Аға іссапарларға жиі шығатын ба еді?

– Иә. Жиі шығатын. Ертіс-Қарағанды каналы қазылып бастағанда сол жақта жүрді. Біраз уақытын жұмсап, қомақты кітап, бірнеше мақала, очерктер жазып келді. Ол кезде жазудың адамы төрт қа­бырғада қамалып отырмайтын. Ел аралайтын, жер көретін. Елдің тұрмыс-жағдайына қанығу үшін сол жаққа сапар шегетін. Сол кезде ғой, бір құрдасының қалжыңдап:

Сарыарқаның бойында,

Ақ таяғы қолында

Келе жатыр Қалмұқан

Екі қасқыр соңында, – деп сықақ өлең жазатыны.

– Ағаның өзі де қалжың сөзден құралақан емес еді ғой. Мәселен, әріптестеріне арнап түрлі шарждар салғанын білеміз…

– Ол кезде партияның жиналыстары жиі болады. Ондай жиналыстарға қатыспай қоюға, не жиналыстың соңын күтпей кетіп қалуға болмайды. Ағаң сонда жиналыстағы әңгімені тыңдаған сияқты болып үндемей отырады екен де, түрлі суреттерін сала беретін көрінеді. Осылайша ағаң бірталай замандастарының шарждарын салып кетті.

Ағаң сөзге де ұста еді. Бірде ақын-жазушылар Қарағанды облысына ісспармен барған ғой. Облыс тағы жауапты адамдар бәрін ерекше құрметпен қарсы алған. Сөйтсе, әкімшілік жақтан бір жігіт ағаңа: «Кімнің аты кім екенін жыға танымай тұрмыз. Қонақтарды автобусқа бөлу керек, соны сіз атқарыңызшы» демей ме? Сөйтсе ағаң:  «Қалтай, балтай, шал­тай­ла­рың мына автобусқа, Қалихан, Қалмұқан, Оралхан, Шерхандар мына автобусқа оты­рыңдар» деген екен.

Ағаңның сурет салғаннан өзге балта­шы­лық та өнері болған. Баянауылда жүр­генде, көрік қыздырып, шананың шанақ­та­рын жасайды екен. Өзі өмірі бос жүр­­­мей­тін адам ғой. «Саған мұнда жұмыс жоқ» десе де, «Ең болмаса, көрігіңізді басып берейін деп сұранатынмын» дейді. Ағаң еңбекке ерте кезден араласқан, үйінде үш ағайын­ды еді. Үлкен ағасы соғысқа барып, оқ тиіп, ауыр жұмыс істей алмапты. Кіші інісі ерке екен, жұмсасаң, істі дұрыс істемей, жұмысты көбейтіп жібереді екен. Содан ағаң бар шаруаны бала кезден өзі істеуге дағдыланған ғой. «Бала күннен әдетім сол, жұмысты тез-тез бітіріп тастап, кітап оқи­тынмын» дейтін. Ағаң бала күнінде Ілияс­тың Құлагерін тастамай оқыпты. Майданға кететінін білген жолдастары: «Ақыры со­ғысқа кетіп бара­сың, ешкімге бермейтін кіта­бың­ды бізге тастап кет» депті. Сонда да кі­тап­ты қимай, вагонға дейін жаныма бірге апарып, пойыз қозғала бастаған тұста ғана кітапты  достарыма бір-ақ бердім» деп отыратын.

Ақыры айттым ғой, ағаңның тағы бір еңбекқорлығы туралы айтайын. Архив ақтарып, қырықшақты кітап жазды. Кешкі алтыда жұмыстан келеді. Шәй-пәй ішеді де, архивке жаяу кетеді. «Жұмыстан келдіңіз ғой, кішкене демалып алсаңызшы», – десем, «Архив жабылғанша екі сағат уақыт бар,  сол екі сағатта шалқайып жатуым керек пе сонда?», – деп ұрсатын. Архивтен жақ­сы бір деректер тапса ерекше қуанып келетін. Кей кезде жөндеу жұмыстары болып, архив жабық тұрса, ренжіп, «енді қашан ашылады екен» деп жүретін.

– Ағаның қанша кітабы жарық көрді?

– Көзі тірісінде шамамен қырықшақты кітабы шықты. Ол кісі қолжазба сақ­та­май­тын. Ақ қағазға жазады. Онысын машинкаға басады. Кейін ақ қағаздың жазылмаған екінші бетіне жаңа бір шығармасын жазады. Сосын кітап шыққан соң қолжазбасын жыртып тастайтын. «Қағазды көбейтіп керегі не?», – дейтін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір