МУЗЕЙДЕГІ ҚОС КӨРМЕ
28.10.2016
1823
0

a-imanov-s-sarbazami-pered-boemҚазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 26 қазан күні 1916 жылғы көтерілістің 100 жыл­дығына арналған «Қазақ көтері­лістері. Азаттық мұраты» атты көрме ашылды.

Бұл осы мұражайдағы 1916 жыл­­ғы көтерілістің 100 жыл­ды­ғына арналған тұңғыш көрме. Қазақ хал­қы тәуелсіздікке оңай жеткен жоқ. Тәуелсіздік алғанға дейін қа­зақ халқы сан түрлі тарихи кезеңді ба­сынан өткерді. Соның бірі осыдан 100 жыл бұрын болған «1916 жыл­ғы  Ұлт-азаттық көтері­ліс». Атал­мыш қозғалыс Қазақстан мен Орта Азияның барлық аймақ­тарына та­ралды.

Көрменің мақсаты – көрмеге келу­шілерді 1916 жылғы Ұлт-азат­тық көтерілістің Жетісу мен Тор­ғай­дағы негізгі ірі орталықтарымен таныстыру.

Көрме Жетісу мен Торғай көте­рі­лісінің жетекшілері мен қатысу­шы­ларының қызметін жан-жақты ашу­ға бағытталған үш бөлімнен тұра­ды.

«Жетісу  көтерілісі» деп аталатын бірінші бөлімде патша  әскерін жазалау операцияларына қа­тыс­ты мұра­ғаттық материалдар мен Қа­зақ­стан Орталық мемлекеттік му­зейі қорынан алынған көтеріліс қа­тысушысы – Тоқаш Бокиннің жеке кешенінен алынған фото­құжат­тық материалдар ұсыныла­ды.

«Торғай көтерілісі» атты көр­ме­нің екінші бөлімінде көтеріліс же­­тек­шілері мен оның қатысу­шы­лары­ның  тарихи ролін  айғақтай­тын фотоматериалдар қойылмақ. Аталмыш бөлімдегі ерекше орынды Тор­ғай көтерілісінің жетекші­лері – А.Иманов пен Ә.Жангелдин­нің же­ке кешендерінен алынған фото­құжат­тық материалдар алып отыр. Кө­те­ріліс жетекшісі А.Има­н­ов­тың ұстан­ған жеке заттары (атыс қару­лары мен суық қарулары, ұсталық инструменттері); Ә.Жан­гел­диннің «Книги путешественника вокруг света Н.Степнова он же Али-Бей Джан­гильдин» еңбе­гінің түпнұсқа­сы көрмеге келуші­лердің қызығу­шы­лын тудырары анық.

«Ұлт-азаттық көтеріліс кино өне­рі әлемінде» атты үшінші бө­лім­­де «Амангелді» кинофильмі мен Қа­зақ академиялық театрының спектакльдерінен алынған эпизод­та­рының фотоматериалдары ұсы­ны­лады.

Көрмеде алғаш рет Қостанай об­лыстық тарихи-өлкетану музейі­нің материалдары, Торғай музейі мен А.Иманов мемориалды музейі ке­шендері, сондай-ақ, Қазақстан Рес­публикасы білім және ғылым ми­нистрлігі, Орталық ғылыми кі­тап­хана қорының кітап басылым­да­ры көрермендер назарына ұсы­ны­лады.

Ал 3 қарашада Қазақстан Рес­публикасы Тәуелсіздігінің 25 жыл­дығына арналған Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ер­махан Бегеновтың «Ұлы дала елі» атты жеке көрмесі ашылады.

Е.Бегенов шығармашылығы­ның өзгешелігі – өзін халқының поэ­­тикалық мәдениетінің мұрагері ретінде сезініп, мифологиялық бей­­нелерді көрнекі етіп, ұлттық тұр­ғыда сипаттама беретіндігінде. Бе­генов өз туындыларында қазақ­тың кең байтақ жерін, аңызға ай­нал­­ған қастерлі өлкелері мен қа­сиет­ті мекендерін бйнелейді. Соң­­ғы жиырма  жыл ішінде сурет­ші Бу­ра­бай, Қаратау, Үстірт сияқты ұлт­тық қорықтардың сегізінде бо­лып, нәтижесінде туған жердің та­­ри­хи көркемдігін суреттейтін туын­дылар топтамасын жасады.

«Ұлы дала елі» көрмесінде су­рет­шінің 80-нен астам картинасы ха­лық назарына ұсынылады. Экс­по­зиция мазмұны автордың елі­міз­дің тарихындағы ерекше мекен­дер­ді терең зерттегендігін көр­се­теді. Көрмеге қойылатын жұмыстарда автор тек туған жердің әсемдігі мен өзгешелігін сипаттап қана қоймай, кескіндік-пластикалық пішіндерде еліміздің қасиетті  жерлерін ұтым­ды көрсеткен.

Көрмеге келушілер автордың «Сары-Арқа – шалғын дала», «Қор­ғал­жын көлдері», «Баянауылдың қа­сиетті әулие тастары», Түркістан се­рия­сынан: «Қаратау күнгейі», «Хан тағы», «Мыңжылқы» және «Ақсу-Жабағылы» құздары сынды т.б. жаңа жұмыстарымен таныса ала­ды. Суретшінің «Абылай хан ала­ңы», «Балуан Шолақ үңгірі», «Ақ-Бота», «Оқжетпес» тәріздес 50-ден  астам туындысы Бурабай­дың кө­рікті орындарына арнал­ған.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір