БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ ПЕН «БҰҚАРАЛЫҚ САНА» АРАСЫ
28.10.2016
3079
1

gotowall-com20120129_142052_3936Өмір көрген ұстазымыз бірде: «Өмірге жақындаңдар!», – деді жәй ғана. Күрделі дүниені еш күңіреніссіз айтты, білем, бірақ өте шынайы әрі қарапайым шықты, сонымен қатар, соншалықты ұғынықты, соншалықты жанға жақын. Дабыра жоқ, даңғарасын қағудан да аулақ-ты. Ұстаз-екем айтпақшы «өмірге жақындауға» тырысып-ақ жүрміз, хал-қадерімізше. Бірақ о пәлекет жалынан ұстатар емес. Ал сауырынан сипап, кей-кейде оған мұң шағу оңай дүние емес екен-ау, түге…

Спорт! Бұқаралық спорт! Жауынның астында тесік ала допты ары бір теуіп, бері бір теуіп, ақыры малмандай су болған күйі үйге кеп, пеш жанына жата қалатынымыз «шартты рефлекс» деңгейіндегі дүние еді-ау. Қатарымыз кілең боз кілем шебері, «подача» кезінде сақ жүретін волейболшы, желдің өзінен озып кететін желаяқ еді-тін. Кейіндеу, көбісі спорттан алыстады, біреу бизнеске, біреу банкке, біреу әкімшілікке дегендей. Алайда, бала кезде дене тәрбиесіне ерекше мән беретініміз ағалардың арқасы ма деп ойлаймын. Себебі, шапақтың атысы, күннің батысы гантель көтеріп, пинг-понг ойнаған «алдыңғы толқынның» іс-әрекетін айна-қатесіз қайталау Біз үшін міндет көрінетін. Содан соң, үнді фильмімен жарыса Брюс Ли, Жан Клод Ван-Дамм, Чак Норрис, Стивен Сигал, Арнольд Шварцнегер, Джеки Чандар шығып, бұлқынған бұла күшін қай арнаға бұрарын білмей жүрген қазақтың жігерлі жастары еліктеп-солықтай бастады. «Айнада Ібіліс бар!..» деп үйрететін әжеміздің сөзі далада қалатын-ды. Штангыны төрт-бес рет көтерген соң, үйге жүгіріп кірген бойы артық қырым еті жоқ, қарасіңір денесіне қарауға әуес еді. Қалай дегенмен де, сол бір кездегі ұрпақ спорттың, ағамыз айтпақшы «өмірге жақындаудың» қыр-сырын үйренуге талпынып, дерт-дербезден алшақ жүретін-ді.


– Бүгінгі жастар спортпен шұғылдана ма? Егер шұғыл­дан­баса, оның себеп-салдары неде?

20161027_192434Түркеш ЖАҚЫПОВ,
бұрынғы футболшы,
бүгінгі теміржол саласының қызметкері:

– Бұрынғылар ләңгі теуіп, доп қуып, жаз бойы асыр салып өс­кен еді. Уақыт сондай, заман сон­дай. Ол кезде спортқа деген ма­хаббат бар-тұғын. Одан бұрын әде­биеттің, сонымен қоса спорт­тық әдебиеттің ықпалы күшті бол­ды. «Бүгінгінің балалары ком­пьютерден бас көтермейді. Қо­лындағы телефонға күнұзаққа шұқ­шиып, одан қалса, компьютер клубынан шықпайды», – деп үл­кен Бізді жазғырып жатады. Ке­лісетін де, келіспейтіндер де тұс­тарым бар. Мәселен, Қазақ­стан­да Азиада өтті, енді 2017 жы­­­лы Әлемдік универсиада ұйым­­­дастырылмақшы. Спорт­шы­лардың дені – жастар. Немесе жуыр­да ғана Рио-де-Жаней­ро­да­ғы Жазғы Олимпиада ойындарынан медальмен оралған Дмитрий Баландинді алайық. 1995 жылы 4 сәуір­де дүниеге келген екен. 2014 жылғы Азия ойындарының үш дүркін чемпионы, 2015 жылғы Универсиада жеңімпазы әрі Брасс әдісімен 50, 100 және 200 метр­ге жүзуден Қазақстанның ре­кордын жаңартқан спортшы. Ба­ландиннен соң көптеген қазақ ба­лалары жүзуге жазылған. Немесе «Барыстың» сапында ойнайтын хоккейші Талғат Жайлау­овты мы­салға келтірейік. Жай­лау­ов 1985 жылы, 7 шілдеде ту­ған. Өзі Өске­меннің ту­масы. Жаттық­ты­ру­шысы – Вла­д­имир Беляев. 2007 жылғы Қа­зақ­стан­ның үздік хоккейшісі. «Қайрат» мини-футбол коман­да­сы­ның ойыншысы, УЕФА кубо­гы­ның иегері Дінмұхамед Сү­лей­менов ше? Төрт жүлденің басын қос­қан Ген­надий Головкинді қа­лай ұмы­тамыз? Жас ұрпақ елік­тей­тін, ұқсағысы келетін керемет спорт­шылар бар. Бірақ сақ­та­на­тын нәрсе – нашақорлық. Өйт­ке­ні, ол індет. Ал індетпен күресу ке­рек.

– Соңғы мәліметтерге жүгін­сек, Қазақстан халқының 25 па­йы­зы бұқаралық спортпен шұғыл­да­нады екен.

img-20161027-wa0033Балнұр АХМЕТ,
«Алматы ақшамы» газетінің журналисі:

– Еліміздің Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт ко­ми­теті бұқаралық спорт түрлерін на­сихаттау мен дамыту, дене шы­нық­тыру мен спорт құралдарын же­тілдіру арқылы сала қыз­мет­керлеріне зор жауапкершілік жүк­теуде. Сондағы басты мақсат – қалың жұртшылық арасында са­лауатты өмір салтын қалып­тас­тыру, есірткіге қарсы насихатты күшейту. Ел болашағы – жас өр­кеннің қолында. Жазғы де­ма­лы­сы спорт шараларына бай бол­са, онда салауатты өмір салтына ден қойған отты жастар жүрегінде отан­шылдық сезімі оянатынына ке­піл­дік бере алам. Мәселен, шаһар­да «Жастар – есірткіге қар­сы» атты спорттық іс-шаралар көп­теп ұйымдастырылады.

– Дамыған елдің басты құн­ды­лы­ғы – адам… Естен айыратын есірт­кіні пайдалану ұлттық стимулды жояды емес пе?!

– Дұрыс айтасыз, қоғамның ең жоғары құндылығы – адам. Сон­дықтан барлық нәрсе адам үшін, адамның игілігі үшін жасалуы керек. Яғни оның идеялық түп-негізі – адамгершілік, иман­ды­лық, әдепке және спортқа не­гізделген. Елімізде және ше­т­ел­де өтіп жатқан сан түрлі спорт­тық сайыс мақсат-мүддесі де осыған саяды. Елімізде өткен VІІ Азиада ойындары дәл осы мін­дет­ті атқара алды деп ойлаймын. Со­дан кейін қазақ ұлтында қыс­қы ойындарға деген талпыныс пайда болды. Азиаданы жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы Қазақстан алдағы уақытта ірі-ірі Олимпиадалық ойындарды өт­кізу мүмкіндігіне ие болуға ал­ғы­шарт жасады. Демек, Азиада – олимпиадалық ірі жобаларға бас­тайтын алғашқы қадам болды деуге негіз бар. Алда, Универсиада! Әрине, оның да өзіндік мә­дениеті бар. Бұл жерде мен спорт­тың адамға әсерін айтқым келіп отыр. Негізінен, әлемдік тәжіри­бе­ден айтар болсам: Олимпиада ұйымдастырылған мемлекетте ұрлық-қарлық, зорлық-зомбы­лық, нашақорлық, қылмыс азаяды екен. Бұның өзі көп нәрсені айғартса керек.

– Еліміздегі ірі өндіріс орын­да­рының иелері – кәсіпкерлер мен оли­гархтар ұлттық жобаларға ара­ласпайды. Бұл – анық. Уақы­тын­да АҚШ-та үлкен дағдарыс орын алған, «Ұлы дипрессия» жыл­дары ғой. Сонда, Рокфеллер, Форд сынды мықтылар билікке тар­тылып: «Ел ең қиын кезеңді бас­тан өткеруде. Сол себепті біз кө­мектесуге дайынбыз» деген еді. Бұ­дан шығатын қорытынды, ауыл­­дан шыққан небір керемет спорт­шылар бар. Бокспен де шұ­ғылданады, зілтемір де көтереді, футболмен де айналысады. Бірақ қол­дау жоқ. Ал қазіргі заманда де­меушің болмаса, бұзып-жарып шығуың қиын. Солай емес пе?

Түркеш ЖАҚЫПОВ:

– Ойыңыз орынды. Біз: «Бұ­қара­лық спортты көтеруіміз керек», – деп дабыралауға әдеттен­ген­біз. Неге? Себебі, кінәні өзі­мізден емес, өзгеден іздейміз. Ар­тық қаржыны спортқа жұм­са­са, ешкім ұтылмайды. Егер ұмыт­пасам тоқсаныншы жылдары ғой деймін, нақты есімде жоқ, спорт жур­налисі, қаламгер Несіп Жү­ніс­байұлы «Намыс» футбол клубын құру туралы үндеу жария­ла­ған еді…

– «Намыс» клубы 1992 жылы құ­рыл­ған…

– Иә, сол жылы. Әйтеуір, бір спорт басылымынан оқып қал­дым. Ағамыз ел ішін аралап жү­ріп 300 бала таңдап алып, соның 100-ін ғана іріктеп алған екен. Сонда, қазаққа танымал футболшы, бұрынғы «Тобыл» команда­сы­ның шабуылшысы Нұрбол Жұ­масқалиев Несіп ағаның үйін­де тұрған екен. Сол «Намыстан» Диас Камелов, Абай Аманбаев, Айдар Күмісбаев, Мұрат Тілешев, Әлібек Бөлешев, Самат Сымақов сын­ды сақа футболшылар шық­ты. Соның бәрі бұқаралық спорт өкіл­дері. Ауылдың қарадомалақ ба­лалары еді. Ауылда, сонау бір шал­ғайда жүрген жерінен қалаға, орталыққа тартып, қанаттан­ды­рып жіберді. Істеймін деген адам істейді.

– Сөзіңіз аузыңызда… Мәсе­лен, Әбілсейіт Айханов деген ке­ре­мет спортшы болған. Бірақ сәл уақыт бұрын бақиға аттанды. Алай­да, бүгінгі жастар сондай бір ұлы кісілерді білмейді…

– Жастар білмеуі мүмкін, бұл маған заңдылық сияқты кө­ріне­ді. Себебі, біріншіден насихат жоқ, екіншіден ұлт, жалпы бұ­қара спортты көргенімен, о са­ла­дан алыстап кетті. Таза ұлт­жан­ды, ұлтшыл, мінезді, ұлттық мүд­дені бірінші орынға қоятын кісі­лердің бәрін Алла арнайы жі­береді деп ойлаймын. Дегенмен, Әбдісалан Нұрмаханов, Әмин Тұяқовтарды ұмытсақ неге қа­зақ боп туған топырақты басып жүрміз. Бұл кісілер – қазақ спортын биік деңгейге көтерген алып­тар. Әйтсе де, Әбілсейіт ағамыз­бен жақын араласпасақ та ол кі­сі­нің өте намысшыл екенін бі­летінбіз. Содан кейінгі ерекше тұл­ға – Мұстафа Өзтүрік еді. Қа­за­ғы үшін қаншама дүние жасады. Оның бәрін кітаптан, газет-жор­налдардан оқыдық, білдік, іздендік. Шетте жүрсе де ата­жұр­тын ерекше құрметтеген азамат. Со­дан кейін Жақсылық Үшкем­пі­ров, әрине. Өзі бәкене бойлы кісі екен, таң қаласың. Бірақ Әлем­дік додада ел намысын қор­ғап, жүлделер алып берді. Ұлты үшін ұлы ерлікке барған спорт­шы­лар аз ба, қазақта?! Солардың бә­рін жарқыратып көрсете бер­мейміз ғой. Былғары қолғап ше­бері Серік Қонақбаев ағамызды ерек­ше сыйлаймын. Ал қазіргі спорт­шылардың ішінен мен Нұр­­­бақыт Теңізбаевты ерекше қа­дір тұтам. Оның да өз ұлтына деген ықыласы ерекше. Ал Сидней Олимпиадасының алтын ме­даль иегері, марқұм Бекзат Сат­тарханов туралы әңгіме мүлде бө­лек. Талай рет сыртынан көріп, сүй­сінген ем. Өзі өте сыпайы әрі қа­рапайым еді. Бірақ солай бол­ды, енді… Тағдыр ғой!..

Балнұр АХМЕТ:

– Дәл осындай бір спорт саң­лақтары тек белгілі бір өлке, ай­мақ, ауданның ғана емес, тұтас Қа­зақ елінің атынан сынға түсіп, кейін­гі жас толқынға күш-қуат бере­тіні қуантады. Ағаларымыз ай­тып жүруші еді, Дәулет Тұр­лы­ханов чемпион болғанда қазақ ба­лалары күреске жазылып, кү­ні-түні шынығатын деуші еді.

– Бүгінде мемлекет тарапынан қа­ла спортын дамытуға аз қаржы бөлініп жатқан жоқ. Мемлекет та­рапынан бөлініп жатқан қар­жы­ның басым бөлігі футболға бөлініп, ал қалған спорт түрлері шетқақ­пай қалып жатқаны, өкінішті. Ал ауыл спортын дамыту мәселесін мем­лекеттік тұрғыда қолға алға­ны­мыз жөн. Себебі, қазіргі жүлде­гер боп жүрген көп спортшылар ауыл­дан шыққаны шындық. Сол се­бепті, ауылдық жерде спорт ке­шен­дерін дамыту – басты дүние. Пре­зидентіміз Н.Ә.Назарбаев: «Ха­лықтың 30 пайызы бұқаралық спорт түрімен айналыссын» деп мін­дет қойған жоқ па?!

Түркеш ЖАҚЫПОВ:

– Бір мысал айта кетейін. Ро­ман Абрамович Ресейде орыс ба­­лаларына бірнеше стадион са­лып, қажетті құрал-жабдық­тар­мен қамтамасыз етті. Ойы – сол жақ­тан шыққан дарынды ойын­шы­ларды шетелге, Еуропаға тар­ту. Бір жағынан қаржы түседі, бір жағынан спорт үшін үлкен олжа. Яғни қазіргі Әлемдік тәжірибеге сүйене отыра айтар болсақ, кез кел­ген игі істен табыс табуға болады. Сол арқылы еліңе, жеріңе, Отаныңа қызмет етіп, ұрпақ санасына әсер ете аласыз.

– Бұдан шығатын қорытын­ды?..

– «Капиталистік елде бәрі ке­дей тұрады» деген түсінік бар. Не­ге? Түсіндіре кетейін… Өйт­ке­ні, бұрынғы социалистік елдер ор­талыққа бағынып үйреніп қал­ған­дықтан, жеке-дара жұмыс іс­теуге қабілетсіз боп келеді. Оның үстіне ақша табуға… Біз ақ­ша табу деген жаман мағы­на­сында емес, керісінше ел қазы­на­сын  толықтыру  деп  ұғынайы­шы, өтініш. Байларды аса жақ­­тыр­май­мыз, білем. Себебі, қоғам  бір­­тектес емес, басым бө­лігі орта тап. Олар қайтеді? Арзан кол­ледж­­ге барады да кейін мұға­лім болып қалып қалады. Бірақ со­лар­­дың ішінде де небір мықты спорт шеберлері мен бапкерлер шы­ғуға тиісті еді ғой. Қолдау жоқ, көмек жоқ, қалтасында қар­жысы бар мықтылар экономика, ин­новация, технология секторына ғана ақша бөледі. Себебі, өзге салаға сенің­кіремейді, шын­дық қой?

– Мүмкін делік…

– Мүмкін емес, расында солай…

Балнұр АХМЕТ:

– Айта кететін нәрсе мынау… Бұ­қара санасы өзгермей, бұқара­лық спортқа деген көзқарас та өз­гермек емес. Себебі, әр сала бір-бірімен байланысты. Физикасыз математика, математикасыз физиканы көз алдыңа елес­тете алмайтынындай, спорт тек ло­кальді дүние емес, ұлттың бір бөл­шегі. Денсаулығы жоқ адам өз ойындағыдай еліне пайдасын тигізе ала ма? Мемлекет сергек­тігін жо­ғалтса, серкелер қайдан тумақ? Бағана Түркеш мырза айтқан Өзтүрік, Қонақбаев, Үшкемпіров, Тұрлыханов, Сы­мақов, Саттархановтар қайдан шықпақ?

– Айтпағыңыз – спорт ұлттық жос­пардың маңызды бір бөлшегі ғой…

– Спорт пен денсаулықты бір-бірінен бөліп қарастыра алмайсыз… Солай ғой? Ал ден­сау­лық – ұлт, ұлт – денсаулық. Бұл бір. Екіншіден, бағана сана туралы айттық. Сананы руханияттан бөле алмайсыз. Демек, дені сау ұр­пақ қана ел «қазынасы», адами ка­питал деңгейіне көтеріле ал­мақ. Мәселен,  Азияда кім мық­ты? Әрине, жапон елі дерсің! Олар әлем алдындағы елдік мұра­тын көр­сетіп, жапон рухының қандай екенін көпшілікке көр­сет­ті. Со­ған сай, Жапония Әлем­нің алпауыт елдерінің қатарына еркін қосылды. Ал жапон жастары: «Біз жа­пондықпыз!» деген сөзді сон­ша­лықты бір мақта­ныш­пен айта­ды екен. Халық­аралық спорттық ша­раларда алдыңғы лекте жүре­тін олар, анау спорт, мынау ғы­лым, мынау мәдениет деп бөл­мей­ді, бәрін тұтастықта, ұлы ор­га­никада қа­райды. Бұнда сана мен елдік мүдде алдыңғы орынға шы­ғады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясының басты ме­жесі есебінде елімізді Әлемнің отыз елінің қатарына енгізуді мақ­сат етіп қойды. Бұл дегеніңіз, әр адам өз дарынын, қабілет-қа­рымын жұмсау арқылы Қазақ елін шетелге таныту керек. Айна­лып кел­генде әр адам артынан із қал­дыру керек. Өмір тарихын зерт­тей келе ол қазақ екені анық­талса, ұлт үшін абырой емей не­ме­не?

Түркеш ЖАҚЫПОВ:

– Мынаған ішім удай ашиды. Соң­ғы кезде елімізде жасанды алаң­дар көптеп салына бастауда. Бұл жақсылықтың нышаны, әри­не. Бірақ соның қызығын ба­ла­лар емес, қалталылар көруде. Сенбесеңіз, қаланың жоғарғы жағына шығып көріңіз. Кілең банкирлер, одан қалды, әскери­лер. Балаларды ілуде бір көресің. Себебі, бұл коммерциялық жоба. Ақша табу керек. Алаңға қаржы жұм­сап салады да соны жалға бе­реді. «Ұлт денсаулығын ойлаған кім бар, сонда?» деген ой келе­ді.

Балнұр АХМЕТ:

– Меніңше, Бұқаралық спорт жөнінде арнайы заң қабылдап, бел­гілі бір жоспар жасалынса деп ой­лаймын. Себебі, көптеген да­мы­­ған елде денсаулық ғылым-білім, өнер, мәдениет, тарихтан бұ­рын тұр. Ұраны – «алдымен шынық, шын талант екеніңді со­дан соң көр­сетесің!». АҚШ-та солай. Бұ­қараға ортақ саяжай, саябақтар бар. Бәрі тегін. Кел де да­йындала бер. Мақала жазып кабинетте оты­рып қалғанда, басың ауырып, әл-дәрменің құ­риды ғой. Одан соң жұмысқа құл­қың бол­май­ды. Сондай да арасында спортпен айналыссаң, көңіл-күйің көтеріліп қалар еді. Себебі, адам қоғамда өзін еркін сезіну керек. Азамат деген сөздің өзі Тәуелсіздік, егемендік, азат­тық дегеннің синонимі секілді есті­леді. Бір басылымнан оқып қал­дым… «Халықаралық прези­дент­­тік тест тапсырып жүрміз. Қа­зірдің өзінде оған 2,5 миллионнан астам адам қатысты. Бұған қоса, спорт нысандарын салу жо­басы іске асырылуда. Жыл сайын спорт жарыстары өтіп жатыр. Биыл Аста­нада дзюдодан әлем чем­пионаты болды. Бұл да ел спор­тының дамуына қосылған үлес деп білемін», – деді ҚР Мә­дениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков мырза. Сон­дық­тан істеліп жат­қан дүние аз емес, бірақ соны ары қарай іліп алып, жалғастырып кетсек нұр үс­тіне нұр болар еді.

– «Алматы ақшамы» га­зетінің тілшісі ретінде шаһар тір­шілігімен жақсы таныссыз ғой. Бұ­қаралық спортты дамытуға бай­ланысты аудан-ауданда қан­дай­ да бір шаралар өтетін шы­ғар…

– Әрине.

– Мысалы?..

– Мәселенки, Алматыда Спорт күні «Авиатор» стадионын­да «Спорттық Алматы» бұ­қара­лық спортты дамыту бағ­дар­ла­ма­сы аясында ұйымдастырылды. 500-ден аса қала тұрғыны үшін жа­рыстар мен түрлі ойын-сауық­тар ұйымдастырылып, бағалы сый­лықтар таратылды. Шағын  футбол, волейбол, қолкүрес, ар­қан тарту, кір спорты, асық ату, бұқа тар­тыс, тымақ ұру, т.б. спорт тү­рінен бақ сынаған жұрт бірша­ма қуанып, көңілі көтеріліп қал­ды.

– Қазақ бұндайда: «Бір жасап қал­дық» дейді ғой. Бұдан бөлек қала әкімі осынау шаралардан қал­майтын сияқты ғой. Себебі, БАҚ оқып, көріп қаламыз…

– Бір адам бәріне үлгі болу ке­рек қой. Шаһар басшысы Ба­уыржан  Байбек  бұндай сауық­ты­ру ша­раларынан қалмайды. Мы­салы, «Медеуде» өткен спорт мере­ке­сіне қатысты. Алматы – рухани, мәдени һәм спорттық қа­ла. Сәуленің жан-жағына ша­шы­рап, жылу сыйлайтынындай, осындай бір игі бастаманы басқа­лар да қолдай келсе деген тілек бар.

Түркеш ЖАҚЫПОВ:

– Біз қазақ ат құлағында ойнап, күрес пен ұрысқа келген мықты ұлтпыз. Бұның бәрі Алаш бойындағы рух-жігерден деп ой­лаймын. Бұдан бөлек триатлон деген бар. Еуропада кең тараған спорт түрі. Ол да мәдениет қой. Сон­дай бір спорттың кенже түрін да­мытсақ қой, шіркін.

– Соңғы сұрақ! «Алтын доп» ие­гері, голланд футболшысы Йохан Кройф: «Футбол ойнау оңай, ал оңай ойнау қиын» деген болатын. Осы орайда, спортты білетін, спортты көретін, спортты түсінетін адам ретінде бүгіндері бір нәрсемен шұғылданасыздар ма?

Түркеш ЖАҚЫПОВ:

– Футбол!

Балнұр АХМЕТ:

– Кітап оқу. (Күледі).

– Әңгімелеріңізге рахмет!

 

«Дөңгелек үстелді» ұйымдастырған
Әлібек БАЙБОЛ.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 16.03.2020 | 18:36

иттптаптпатпат

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір