«БАС» РОМАНЫ ХАҚЫНДА
28.10.2016
4465
1

otarbaev(РАХЫМЖАН ОТАРБАЕВТЫҢ ӘЛІ ДЕ ЖАРЫҚ КӨРУГЕ АСЫҚПАЙ ЖҮРГЕН ТОСЫН ШЫҒАРМАЛАРЫНЫҢ БІРІ)

«Бас» романының басты мәселелерін саралау үшін сапалылау жаратылған бас керек секілді. Романның өн бойындағы сарындар, құрылымдық соны тәсілдер нақты әрі кесек. Басты кейіпкер Ноэльдің қолымен мүсінделген Махамбеттің мәлике басына қатысты сауалдар мен тұжырымдар сөз экспрессиясы оқырманды өзіне қарай сіңіре береді.


s-ra-an-rahmet-lyi

 

Сұраған РАХМЕТҰЛЫ,
ақын, тарих ғылымының кандидаты

 

 

Шығарманың бояуы, жалпы әрі, үні, іздену тәсілі өте кіді. Мәс­кеуде білім алған антрополог­тың арманымен әбден тозығы жеткен күрек ізінің мұқалған же­те­сінен өрбитін ұлы күш қағаз бетіне тізіліп түсіп тұр. Суреттеу­дегі шеберлік, нақтылық пен көркемдік өз алдына. Тозаңын төккен Ай мен білтесі өлімсіреген өлі жұлдыздар сұлбасы сәтті сызыл­ған. Роман бағытының әр алуандылығы, өте сирек кез­де­сетін нәзік тапқырлықтар тек­ті оқырмандарды бірден баурап алуы сөзсіз. Бейнетқор кейіпкер Ноэль көркем бейне емес, басқа бір психологиялық арнадағы кейіпкер. Көзбен көруге, қолмен ұстауға келмейтін ішкі ағым. Әб­ден титықтаған ғалымның көне мен ежелгі ескінің аражігіндегі өтпелі ғұмыры өрімделіп жатыр. Мұндағы ішкі мағына мен маз­мұн­дар иірімі ежелден келе жат­қан таптаурын, жаттанды қалыптан әлдеқашан құтылып кеткен. Кейіпкердің өмірінде кездескен түрлі қайшылықтар роман желісінде ырғақпен сюжет, бейнелі кейіппен көрінеді. Емен есіктің тасасындағы отыр­ған ақүрпек академиктің самайы мен желбезегінен көңілі қалған ғалымның көр басындағы әрекеті ой шақырады. Шағын тіл қатысу­лар… Ноэльдің қасындағы тер­шең Вова мен көмбіс Мәліктің өн бойынан психологиялық қозға­лыс­тың көріністерін табуға болады. Сәтті шегенделген классификациядан байырғы еске сіңісті болмаған күрделі жайларды сезі­не­сіз. Көне ғұрып, ежелгі дәстүр бойынша қамшысын үйіріп тебі­тіп жеткен қаңқа шалдың қабір басындағы жанайқайы қаңқудан гөрі тәуелсіз қайранға жуық құ­рыл­­ған. Біртүрлі еттаныс қы­лық.

Ноэльдің төлқұжатын қолына алған қазақ абызының қалты­ра­ған қолы, жүйкесін жұлқылап оят­қан «Жұмабай Шаяхметовтің» ескі есімі – шығарманың бағы­тын нақты айқындап беретіндей. Күдірден жым тартып, қиядан қиыстыра жол салған ауқымы кең ой жүйесіне қарай оқырман­ның ынтығы ауатыны белгілі. Осы заманауи шығармалардың ағымына сәйкес стильдік өзге­ше­ліктің бір шеті «Бас» романы кейіпкерлерінің портретін анық әрі сенімді сызады. Байыппен саралап кейбір ала кіді жайларды шегіністер арқылы егжей-тег­жей­лі әрі қырынан көрсету – ба­тыстық үлгі бойынша кербездік ағымына жақын. Шығармадағы «Бас» оқиғасы азды-көпті есті оқырманның жүрегіне майдай жағуы мүмкін. Айталық, шамалы шығармалардан біліне бер­мей­тін оқшаулық немесе шығар­ма­ның архитектоникасы әсте әлсіремейді. Біз жоғарыда айтқан қаңқа қарттың монологы пси­хо­ло­гиялық біртүрлі қылығы ав­тор­дың шебер интонациальдық түрлендіру, құлпырту арқылы құбылып жетіп жатыр.

Телефон шылдырынан кейін­гі Венераның айқайы біртүрлі реалды, риясыз беріледі. Алайда, социалистік үлгінің реалистік қажеттілігінен тыс образ мазмұн­нан түрге қарай ұштаса түседі. Қалып пен монтаж жоқ, әр ал­уан­дылықтың қиысқан қисын­дары бармақтың табындай стиль көрінеді. Бір қызықтысы Герасимов атты жанашыр ғалымның қосалқы мазмұнмен ендірілген ерекшелігі қазақ шапанның қа­буына қаюымен келіп қабысып тұр. Түске енген Махамбеттің бейнесі тарихи шегініс Елек пен Қобда, Еділ мен Жайық, Астрахан мен Теке оқиғаларынан аян береді. Пугачев көтерілісі тағы­сын тағы сол тақылеттес иірімдер аналитикалық, синтетикалық тәсілдерді қолдана зер салуды сұранып тұрғандай. Махамбеттің тұлпарының ізіндей нақты қол­таңба (почерк) тіл мен үн және түр тұтастығы жазушының дү­ние­танымының кеңдігімен астасып жататындығын көреміз.

Өмірді – Артур Шопенгауэр (1788-60) өз қиял патшалығы бойынша әлемдік қозғалыс, әлдебір күштің ықпалы немесе ұлы ирроциональды (irrationalis) құбылыстан іздейді. Біз де соған қарай емексиміз. Ендеше Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы­ның ерекше бір «ойын тәсілі» сәл ертерек қырағы қарастырылған шығарма секілді. Осызаманғы романдардың ішкі, тысқы сыр-сипатын ашатын өзіндік «кілті» (коды) алдымен ойластырылады. Айталық, метафизикалық уақыт өлшеміндегі оқиғалар мен ме­та­фи­зикалық кеңістіктегі күрмеулі айқындамаларды осынау «Бас»-тан іздеу тура. Логикалық тіптен логиканы онша қажет етпейтін қым-қуыт ізденістермен шым-шытырық оқиғалар желісінде ішкі иірімдер мен ілкі түйіндер ақайылданып жалғасын тауып жатады. Шарлай бересің, шарлай бересің. Тарих ақиқат тануға апаратын бір бағыт екенін сезі­не­сің. Герменевтикалық (һегmeneutikos) үш таған қисын аясында бірдеңені сезіне алатын қуатымыз болса – Дәуреннің қолындағы аманат етілген Махамбеттің басынан уақыт пен кеңістіктің дәмін сезінетініміз қақ. Дүниеде «Бас»-тың сырын ашқан, яки бас туралы жазылған хикаяттар аз емес. Шығарманың ақыиесінің талғамы мен мәтіндегі қилы тылсымды игеру үшін оқырманның қырағы болуы аздық етеді. Оған қоса шартты түрде зейін, түйсік азаматтық ірі ұғым мен білім қажет. Егер біздің санамызда Зигмунд Фрейдтің психоанализмінің (phsykhоanalise) титімдей ғана болса да іздері санамызға түскен болса тарихи жағдаяттардың анық-қанығын түптеп қопарып біле салуымыз бәрінен де оңай.

«Моңғолдың құпия шежіре­сінің» (ары қарай «МҚШ» дейміз Р.С) 189-шы бабында бір керемет трагедиялық оқиғаны көрсетеді. «МҚШ» роман емес, шежіре. Ше­жіре емес роман секілді басталуы, аяқталуы, тууы, өлуі, қайта тууы бар тірі ағза. Мінеки, сонда Найман тайпасының Таян қаған­ның ұлы анасы Гүрбэсү хатын (Көрбеші ханым) былай дейді:
«…Уаң қағанның бас сүйегін әкеліп ақ кигізге әспеттеп қон­дырып «бағзы ханның басы еді, көпшілігі тәу етсін» деп мал айтып сойып, тасаттық рәсімін жасап, мадақ жырларын оқы­тады…». Көрбеші ханымның осынау әмірі мен әрекеті біртекті трагедиялық жағдаятты еске салады. Бір жағы – ұлықтау, ұмыт­пау болса, екінші жағы – ежелгі ханға деген өшпен­діліктің ізі жатыр. Рәсімият соңырасында Уаң ханның бас сүйе­гі «күле бас­тайды». Қатты сасқан Таян хан бас сүйекті тепкілеп қиратып тастайды. Оны көрген Көкіші Саурық батыр: «…Мүрденің бас сүйегін кесіп әкеліп, мүлдемгі былайша мас­қара­лауға болмас еді…» деп іс-әрекеттің соңын жа­ман ырым­ға жориды. «МҚШ»-ден Найман тайпасы дәуірінің бағы қайтып құлдырап, ыдырауы осынау анайы оқиғадан кейін жалғасын тапты деген жорамалдарды оқисыз.

«Нахудың көк шыңынан аяғы тайып, көшкін түскен жыныс орманның ағаштарындай бір-бірінің үстінен құлап, қирап қалды» деп Найман тайпасының басынан ұшқан бағын бейнелейді. Мұндай оқиғаны шежіредегі таңбалар бойынша романның өн бойындағы сюжеттердей қабыл­дауға болатындай. Уаң қағанның басын кесіп әкеліп ұлықтау ма, масқаралау ма, әйтеуір осы бір шектен шыққан әсіреастамшы­лыққа, күпірлікке саятын оқиға желісі қорқынышты. Рәсім – зімістан қыс айларында өткен. Әбден тоң боп қатып қалған Уаң ханның бас сүйегі отқа қызды­рылып жібіген тұста ыржалаңдап «күле бастады» дейді.

Мінеки, осы жағдайды Кө­кіші Саурық батыр жаман ырым­ға жорыған сыңайлы. Әсіресе, Гүрбэсү (Көрбеші) ханымның: «Жемтіктің арам иісі, жиірке­ніш­ті кебіні…» деп ханның басын тәлкек етуін шежіреде анық сипаттайды.

«Бас» романындағы Мақатай­дың бір өлең жолында:

«Дүниеге іңкәр болған жүзімді,

Топырақпен қалай көмдің мола ғып…», –  деген пайым кездеседі. Ал одан кейінгі Айым мен Дәуреннің үрейін ұшырған Махамбет пен Жәңгірдің диалогы мүлдем бір басқа хикметтің бояуын қалың­дата түседі. Әсіресе, Махамбеттің «Еділ мен Жайықтың ортасында ешкімге есе бермеспін…» деген сөзі мен Жәңгірдің «Қалмақтың Үбіші ханы жоңғарға кері көшкен соң бос қалған екі өзен аралығын ақ патшадан қалап, сұрап алған кім?..» деген сауалы келтіріледі. Мұндағы екі ірі тұлғаның қию­лас­тырылған ойлары аламан! Қазақтың жоғалтқаны, жаңғырт­қаны, сайраны, болашағы мен болмағы осы екі сөзге түгелдей сыйған. Автор неліктен «Үбіші» туралы мәселені көтеріп отыр?

Сары діндегі Үбіші (Уваши) ұғымы асқан сәуегей, діни данышпан деген ұғымды білдіреді. Үбіші ханның қасындағы дін кеңесшісі немесе ханның миын жуатын, оған «ой қондыратын» сұмырай қисынгер. Мұнда Еділ мен Жайықтың сағасындағы тағдыр небәрі екі сөзбен ғана кестеленеді. Кесім, ашыныс, аяни ғұмырияты секілді, шыр­мауық­тың желісі. Қазақтың қалжырағандағы «қабырғасымен тілдесуі». Беу, мұның қажеті қанша еді, деп сұрап қала жаз­дай­сың? Шығарманың өн бойын­дағы түрлі ишараттар, ізденістер, ілкі іркілістер. Бірінен соң бірі шұбап өтіп жататын оқиғалардың арасынан өзіңді іздейсің. Ұлы Абайдың айтқан «…Көзіме жас бер жылайын…» хикметі секілді қым-қуыт тағдырлар түрені аяныш боп кеудеңе енеді. Қазақтың бары баршаға аян еді. Иә, Әл-Фарабиі әмбеге, Бейбарысының ізі Шам мен Самараға, Жалаңтөс баһадүрі өз түземінде, Шәкәрім­нің басы құдықтың түбінде, Мұстафа Шоқайы жат топырақ­та, Сырым Датұлы сырғымалы өңірінде…

Иә, осылай іштей жылап, қи­налып тұрған қазақтың үшбу бейнесі – Махамбеттің басын құшқан қалпында елестейді. Керзі етікті патшалық Ресей тірі Махамбеттің басына тіккен он мың күміс ақшаның бүгінгі құ­ны айналып Ноэльдің қолымен, Герасимовтың ішкі тынысымен көркем шығарманың «көкірегін­де» жанып тұр.

Махамбеттің ғазиз басы мен мамонттың қаңқасы қалған қайран дала көз алдыңа елестей­ді. Дала сөйлейді, жылайды, т.с.с.

Шығарманы бастан-аяқ сүзіп шыққан сәтте еңбектің құн­дылы­ғынан да тыс маз­мұ­нының өте қуатты сомдалғанын сезінуге болады. Автор аса шабытпен, еркін ойлау екпінімен қалам тербегенге ұқсайды. Шағын сюжеттерден ауқымы кең оқиғалар жүлге жүйе­сін зерлейді. Шәкене оқиға­лар­дан ірі кескіндер жасайды. Құбылыстарды жан-жақты саралау арқылы көзге онша іліне бермейтін нәзік жағдайларға басқа бір жағынан қарай алатын­дығымен ерек­ше­ленеді. Тосын жаңалық, тап­қыр­лық, ерекше пішіліп кесілген қисындар тағы да сондай өрімдер мен қиыннан қиыстырылған суреттер көз ал­дың­да менмұн­далайды. Шыға­рма егесінің көп жылғы тәжіри­бесі – романды сомдауға үлкен тағантас болса керек.

Ноэльдің бейнесі мен бедерлі іздері нақты әрі салмақты, сом. Ғылым жолындағы бейбақтың таза күресі, тағылымды тәсілі, сәттіліктер мен қайшылықтар көркем беріледі. Сөз саптауы мен таңдауы, тілдік қолданыс, диа­лек­тикалық тұжырымды тал­ғам­дар өз алдына бір төбе. Об­раз­дардың қимылы, характері, болмысы оймышты, бояулы. «Бас» романындағы уақыт, кеңіс­тік, көркемдік ой жүйесі, көркем өрнектелген шешімдер жөнінде біршама ой қозғауға болатындай. Ең бастысы – жүйелі еңбек, қа­жыр­лылық, бейнетқор ізденіс нәтижесінде жатыр. Образдар­дың ішкі өңі, мән-мағынасы, құ­пиялары жөнінде де кең кө­лем­­де сараптар жазылуы керек-ті.

Кеңестік тәртіптегі кері­тарт­па қылықтар. Мемлекетсіздік, мәңгүрттік, құлдық психология, төремінезділік, азғындық тақ­сы­рет­тері романның өн бойынан көрінеді. Оқып отырып тіксіне­сің, өткен өміріңе, қоғамға өш­пенділікпен қарайсың. Басы жоқ дене мәселесі әр тарихта, әр кезең­де өзгешелігімен сөз болады. Мысалы, Моңғолия қазақта­рының басындағы зобалаңның бірі – 1912-14, 1922 жылдар аралығында болған Дамбийжан­цанның қуғыны болса керек. Ол қа­зақтың белгілі зәңгілерінің бірі Ақынбек Тоқылұлының те­рі­сін тірідей сыпырған жендет.

Жа Ламаның өлімі туралы И.Ломакинаның «Жа Ламаның басы» (2005) кітабының 196-бетінде жазулы тұр. Сондай-ақ, Ресей барлаушысы Василий Сергеевич Кузнецовтің (1878-1929) Улаан Үдэде басылған «Жа Лама­ның басы» (1993) атты еңбегінде де толығымен баяндалады. Сонымен Жа Ламаның (1862-1922) денесі жоқ басы 1925 жылы В.А.Казакевичтің (1923-24 жылдары Моңғолияға келіп жұмыс атқарған өренжі) қанжығасына байланып, Санкт-Петербургтегі Петр патшаның Кунскамерасына жеткізілген-ді. Қазірде Жа Лама­ның басы туралы аңыздар қай­мана халықтың жадысында сақтаулы. «Бас десе – құлақ» дей­тін қазақтың басынан өткендері Рахымжан Отарбаевтың романында аса күрделі түрде баяндалады. Япырай-ә, неткен ұқсастық десеңізші!

Романдағы елес пен кей сарындар бірігіп жымдасып, белгілі бір бейнені сомдайтындай. Са­райшық қаласының құм жұт­қан, су кемірген төбешіктері, сағым мен мұнар араласқан жұмбақ өңір. Бір жағы иен мекиен, екінші жағы күмістей аунаған Ақ Жа­йық. Табиғаттың таңғажайып жа­зиралы ұжымақи ұйығы. Ты­ныш­тық­ты жарып шыққан ақбоз атты кербез елес. Ақбоз сәй­гү­лік­­тің төрт аяғы жерге тимей ұшып келеді. Күміс зерлі қалмақ ердің үстінде бассыз Махамбет! Ұшып келе жатқан ақбоз сәй­гүлік­тің тізгіні шорт кесілген. Тіз­гіннің қиылуын автор – «ке­сіл­ген» деген сөзбен ойнатады. Тәңір­ден әлдене тілегендей көкке созылған қол, ақбоздың сауырына ақын­ның мойынынан жылап ақ­қан қан тамшылары… Бір қа­ра­ғанда көзге оғаштау көрінетін образдардан шуақты бейнелер туындап жатады. Солай…

О, құдірет мұндай тосын су­ретті сәтті кескіндеген әлемдік сүгіретшілер ғана болар. Қасаң жүйедегі езілген қазақтың ежелгі бейнесін бұдан артық қалай сомдауға болады? Автордың күллі абыройы мен әбүйірі осы арада өрілген. Меніңше өрімнің түрі соны, түрінен мазмұны айы­рықша, мазмұнынан пәлса­фа­сы жүз есе артық. Бояулар үн­дестігі сан қилы. Ат әбзел­де­ріндегі ең сәнді, құнды жәдігер – ер тоқым болса, автордың меңзеп отырған «қалмақ ері» тағы бір жаңа­лық­тың басын қылтитып ашады. Бұл әрине, аса қуатты этнограф ғалымдардың көме­гімен шыт жаңа тектелуі дұрыс кәрі ұстын­ның кебі.

Курт Воннегут (Kurt Vonnegut) есімді американдық әлеуетті жа­зушы бар. Оның «Бесінші қа­сапхана немесе жас жеткіншек­тердің крест жорығы» (Slaug­hter­house five or the children`s Crusade) атты романы (1969) жа­рық көрген. Роман өте қызықты, көп­түрдегі композицияға құрыл­ған. Алайда, оның өн бойындағы оқи­ға­лардың бәрі дерекке сүйенген­дігімен өзгеше. Бастапқыда бұл романға күмән келтіргендер де табылған. Роман ба әлде басқа жанрдағы бірдеңе ме десе керек-ті. Роман «Бұның бәрі дәл осылай төл қал­пында болған еді» деп басталады да, шиқ-шиқ етіп бір сауал қой­ғаны сияқты құс тілінде роман аяқталады. Роман оқиға­ларының бел ортасында дәйім автордың көзқарасы позициясы дәлме-дәл анық көрініс беріп отырады.

Айталық, «Бас»-та Эрмитаж­дағы Кенесары ханның басы, бұдан кейінгі Жохар Дудаевтың тағдыры, тіптен Көкбазардағы сатылатын адамның қарақұсынан жасалған күл салғышқа дейінгі аса ауыр әрі бұлтартпас тағылым­дар сабақтастығындай.

Образдардың контрастық ерекшелігі, монолог, диалог, ой ағыны сынды көркем құралдар өз алдына бөлек тақырып. Осынау жағымды және жағымсыз образдарды ашу арқылы анық аңға­ры­латын автордың жалпы стильдік өзгешелігі, дүние­та­ным­дық көзқарасының ерек­ше­лігі – оқырманға сыяпат. Тие­сі­лісі – жастанып оқу, жүрек­пен ұғу.

«Бас» романында алтынға бер­гісіз ақлах мол. Әр теңеу, әр салыстырудың өзі – көкірегіңнен күмбірі, құлағыңнан сыбыры кетпей қоятын сахи сөзге бай. Бір қайыра оқып шығу мүмкін емес. Қайта-қайта көз тоқтатып, көкі­рекке түймесең – түбін тап­пауы­ңыз анық. Оның бәрі романға әр үстіне әр беріп, нұрландырып жіберген.

Махамбеттің басына сұрау салып, жоғарыға хат жазған Құ­рақ шалдың бір сөзі көңілде жаң­ғырығып жатады. Әлсін-әлсін, еміс-еміс естілетіндей. «Бір миллион адам сыйған Алматыға Ма­хамбеттің қу басы сыймады ма?», – дейді. Иә, Махамбеттің өзі де бір дәуірге сыймай кетіп еді-ау! Ау, бұл қазақта боз далаға сыя алмай қанша боздақ өтті?!

Батырдың бас сүйегін қазып алып, мүсінін жасаған антрополог Ноэль Шаяхметов те елге сыймай кетті. Бас сүйекті аманаттайтын адам таппай аласұрған Ноэль ақыр соңында қарауыл Дәу­ренге табыстады. Үлкен­дердің күдер үзіп, балаға сенім білдіруі – болашаққа деген үміт. Автор – Дәурен арқылы бола­шақты ақтап алып тұр. Болашақ – қай кезде де таза! Дәуренмен бірге бас сүйекке ие боп қалған Айым да – адалдықтың ақ қана­тындай. Жалпы, шығарманың сапа-сойы – ұлттық рух, ұлттық тұтастық­тың жан айқайы. «Ғазиз басы­мызға қылыштан басқа нәрсе бұйырмаған ба?» дейді Ноэль күйзеліп. Осы бір жалқыауыз сөзге жаның езілмесе қайтсін. Ішің өртенеді. Рас-ау, қазақтың небір аймаңдай ұлдарының басы қайда қалмады?! Хан Кененің, Кейкінің басы әлі де жат қолында жат­қан жоқ па?! Қайтарсақ қане?!

Роман ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаумен қатар, адамзат тарихын қаузайды. Ноэль ұстазы Герасимовке еріп Америкаға барып, онда үндіс тайпаларының қорғанынан тапқан күміс тостағандағы жазуды Есік қорғанынан қазылған екінші жартысымен тақай­лас­тырғанда философиялық тұжы­рым шығады: «Сен де мендей боларсың, мен де сендей болған­мын…». Осы бір фраза адамзаттың тағдырын толғап тұрғандай. Шын мәнінде, адам өтеді. Уақыт жылжиды. Бәрі де кебін киеді. Кейде, тірілердің осыны түсін­бейтіні болмаса…

Америкада қазба жұмыста­рына қатысқан Ноэль үндіс Апа­чидің тарихына үңіледі. Отыз сегіз әскермен шайқасқа қатыс­қан Джеронимоның соңынан отыз бес мың әскер түсіп құрық­тай алмаған. Кейіннен өзі барып генерал Нельсон Майлзға беріл­ген. Сөйтіп, бір уыс халқының амандығы үшін өзін құрбан еткен. Алайда, басқыншы уәдеден таяды. Ақыры Апачи Сиэтл айлағында көз жұмған. Араға он жыл салып Апачидің басы қазылып алынады. Міне, тарих тарамдарында Адам басымен ойнау жиі кездеседі. «Адамның басы Алланың добы» ғана емес, адамның басымен адам ойнаған замандар өткені роман барысында сөз болады. «Исі мұсылманның жақсысы мен жайсаңы – тағды­рың осы. Таңда да жұбан» деген жолдар Ноэльдің жанкүйзе­лісімен беріледі. Қорытындыда автордың жаны шырқырап:

«Заманында Рим папасын құрдай жорғалатып, қолынан сүйгізген Еділ патша қайдасың? Бейбарыс баба діні бөлек Дәуіт пайғамбардың зиратына атпен кірген жоқ па ең? Өзге жұрт екі бүктетіліп енер есіктің төбесін бұздырып. Еңкеймеймін, ер басымды имеймін деп! Қайда сол өршіл рух? Қайда сол бастар? Әлде баспен ойнау ойынын алдымен бастаған өздерің бе? Ендеше неге аяқтап кетпегенсің­дер?!» – десе қоса қиналмасқа шара жоқ. Бұл – мұсылман әлемінің зары. Бұл – жоқтау.

Қазақ топырағында жарық көруіне түрлі саяси ойындардың мүмкіндік бермеуінен бұл роман қазірде ағылшын, француз, неміс, қытай, түрік, орыс, моңғол, қырғыз тілдеріне аударылып, алды шетел баспаларынан жариялану үстінде.

Баспен ойнау ойыны аяқтал­ған жоқ. Ол жалғасып жатыр. Шындық! Біздің басымызбен де біреулер әлі ойнағысы келеді. Зор аманат пен ауыр мұң арқалаған классик жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Бас» романы да келешек ұрпаққа сабақ болуы ләзім.

Моңғолия, Баян-Өлгий аймағы.


ҚҰТТЫҚТАЙМЫЗ!

Халықаралық «Форум» журналының хабарлауынша, Рахымжан Отарбаев «Жемісті бейбітшілік шығармашылығы үшін»  алтын медалімен марапатталды. Белгілі жазушы, Халықаралық «Форум» журналының Бас редакторы Владимир Муссалитин Р.Отарбаевқа жазған хатында: «Бұл сыйлық сенің бүгінгі мерейтойыңмен тұспа-тұс келіп отыр. Үлкен жетістік Қазақстанның бір ұлының ғана емес, парасат-пайымға бас иетін күллі халықтың қуанышы деп есептейміз. Құрметті Рахымжан, сен үшін қуанып отырмын», – дейді. Әлемдік қорлардың халықаралық ассоцациясы президенті, шахматтан бірнеше дүркін әлем чемпионы Анатолий Карповтың шешімі бойынша табыс етілген. Айта кетейік, осыған дейін бұл медальді Назым Хикмет, Пабло Неруда, Джавахарлал Неру иеленген еді. Енді осы тізімді Рахымжан Отарбаев толықтырып отыр.

 

 

ПІКІРЛЕР1
Аноним 07.10.2019 | 19:03

,тарихи окига тарихи тулга Рахымжан Отарбаев

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір