РЕЖИССЕР ЖӘНЕ ЖАҢАШЫЛДЫҚ
21.10.2016
2727
0

1_jpg_1334750080«Елу жылда ел жаңа» дегенді айтқан қазақ жаңару уақытының жартысын еңсерді. Ширек ғасыр ішінде мемлекеттің әр саласы әр қырынан жаңарды. Ел театрлары да тәуелсіздіктің тұмарындай тарихи қойылымдарды халыққа тарту етіп, мемлекетшіл сананың қалыптасуына едәуір ықпал етті. Біз бүгін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай театртанушылардан  режиссурадағы жаңалық пен жас режиссерлер туралы сөз қозғауды өтіндік.


  1. Кейінгі жылдары еліміздің театрларындағы режиссерлер жұмысынан соны жаңалық байқадыңыз ба? Қазақ режиссерлері әлемдік үрдіске қаншалықты ілесіп жүр?
  1. Тәуелсіздік жылдары қалыптасқан жас режиссерлер қатарына кімдерді жатқызар едіңіз? Олар сіздің ойыңызша несімен ерекшеленеді?

 

amangeldiАмангелді МҰҚАН,
театртанушы

РЕЖИССЕРГЕ КЕРЕГІ – БІЛІМ МЕН ІЗДЕНІС

  1. Театрдың келбеті мен көр­­кем­дік бағыт-бағдарын режиссер айқындайтын заман туға­ны­на бірнеше жыл болды. Қазақ теат­рын әлемдік театрдың кө­ші­нен қалдырмай жетелейтін де, бұра тартқан бағытын түзей­тін көшбасшысы да – ре­жис­серлер қауымы.

Әлемдік көшке ілесу мә­се­лесінде салыстырмалы түрде қа­расақ, орта, жас буын ре­жис­серлердің белсенділігі сезіледі. Де­сек те, шабандап қалған тұс­тарымыз да жетерлік. Соны ба­­ғыттағы театр жанрларын иге­­­руде бүгінгі жастар қажет ете­­­тін спектакльдер қою кем­шін. Әлемдік, ұлттық клас­си­ка­­ға айналған драматургиялық туын­дыларды соны режис­сура­лық көзқараспен сахналау терең білім мен үлкен ізденісті талап етеді. Режиссура – қара күш пен қажыр-қайратқа көне бермейтін жұқа да нәзік материя. Ол білім­ділік пен біліктілікке, ұшқыр қиял­ға негізделген суреткердің ин­теллектуалдық деңгейін бай­қа­тады. Мұндайда режиссураға бет бұрған жастарды дайындау мә­селесі туындайды. Шала піс­кен қауын секілді білімі азын-аулақ жастарымыздың көр­гені­нен әріге аса алмай жүргені осы­ның айғағы. Олардың кәсі­би­лігін арттыруда бірер айлық курс­тарға жіберу мәселені шеш­пейді.

Соңғы жылдары режиссерлер әлемдік классикамен бірге қо­ғамның өзекті мәселелерін кө­терген заманауи драматур­гия­ға көбірек назар аударуда. Ре­жиссер жұмысының екінші бір қыры – әлемдік деңгейдегі фес­тивальдерде, театр форумда­рында өнер көрсетуі мен  та­нымал болуына келер болсақ ой­ланатын жәйттер бар. Еу­ропа­лық деңгейдегі немесе көрші Ре­сейдегі Чехов атындағы фестиваль өзге көп фестивальдерден әл­деқайда ерекше. Режиссер­ле­рі­міздің жұмыстары осындай шет­елдік танымал фестивальдер­ге шақырту алып, сондай деңгейі биік фестивальдердің жүлдегері атанса, біз үшін үлкен жаңалық, мол жетістік болмақ.

  1. Тәуелсіздік кезінде ре­жис­су­раға біраз жаңа буын талантты ре­жиссерлер легі келді. Қазақ теат­­рының халықаралық аре­на­да­ғы жетістіктері мен жеңістері сол жас жігіттер мен қыздардың ең­бегі. Бұл бағытта Астана мен Ал­матыға шоғырланған ірі театр­лардың және облыстық тетар­лар­дағы шығармашылық ұжымдарда жұ­мыс істейтін, республиканың түк­пір-түкпіріндегі театрларда спектакльдер қойып жүрген режиссерлер: Нұрлан Жұманиязов, Әлім­бек Оразбеков, Болат Ұза­қ­ов, Алма Кәкішева, Гүлсина Мер­ғалиева, Асхат Маемиров, Мұ­қанғали Томанов, Алена Қаб­де­шеваларды айтамыз. Өмірден ерте озған екі талантты режиссер­лер Қайрат Сүгірбеков пен Рүстем Есдәулетовті де осы жерде атап кет­кеніміз абзал. Режиссураға жаңа леп, соны ізденіс алып келген олар бойындағы барын толық бере алмай өмірден өтті.

Әр түрлі деңгейдегі театр бәй­гелерінен жүлделі орын алып, ха­лыққа таныла бастаған жас буын режиссерлер де бір шоғыр. Олар­дың қайсысы уақыт сынына, ма­мандықтың қиындығына тө­теп беріп, қазақ театрын алға қа­­рай дамытатынын уақыт көр­се­тер. Ауызға іліне бастаған­да­рын то­лық болмаса да тізбелесек олар: Болат Әбдірахманов, Әлия Бай­маханова, Дина Жұмабаева, Ерік  Нұрсұлтан, Еслям Нұр­тазин, Жұлдызбек Жұманбай, Ерлан Кә­рібаев, Дәурен Сер­ғазин. Бұ­лар­дың бәрі жастар, кәсіби білімі бар, қазақ театрында өзіндік ор­нын табуға талпынысы бар. Қа­зақ театрының бүгіні мен ертеңі осы жастардың қолында деп біле­мін.

 

asiya-bagdauletkyzyӘсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ,
театртанушы

КӨРЕРМЕН ЖАҢАЛЫҚҚА ДАЙЫН ЕМЕС

Жаңалық жоқ деуге келмейді, бар деуге де келмейді. Өйткені, әр қойылымда соны ізденістер, кі­ші­­гірім жаңалықтар бар, кейбір қойылымдардың махаббатсыз түзіліп жүргенін де байқаймыз. Бі­рақ құбылыс деңгейіне көте­ріл­ген стиль, бет-бейне, позиция дең­гейіне шыққан жаңалықтың жоқ­тығы анық. Алыс-жақын шет елден келіп жатқан режис­сер­лер­дің арасында тапсырыс беру­ші­лерін жерге қаратпайтын режиссерлер бар. Мысалы, литвалық Йонас Вайткус Әуезов сахнасында Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрін» табысты сахналады, саха ре­жиссері Сергей Потапов Қуа­ныш­баев театрында А.Чеховтың «Шие бағын», Атырау театрында Ә.Ке­кілбаевтың «Шыңырауын» қы­зықты етіп қойды. Әлемдік үр­діске қаншалықты ілесіп жүр­геніміз әлемдік үрдіс деп нені ай­ту­ға да байланысты. Фестивальдерде, шет елге шыққанда бай­қайтынымыз, Түркия, Тә­жік­стан, не Әзірбайжан сияқты ел­дердің театрларынан қазақ театрының кәсіби деңгейі бір бас жо­ғары. Ал әлемнің үздік үлгілері ре­тінде Еуропа мен Ресей театр­ла­рына қарасақ, біз олардан бас­қаны айтпағанда, жарық беру, сце­нографияның өзінде біраз арт­та қалып келеміз. Мейер­хольд­тардың кезінде прожекторды пайдаланып, кинодағыдай «ірі план» жасау және просцениумды қолдану сонылық болса, қа­зір кейіпкерлер аспаннан тү­седі, киноның монтажын, ки­но­ның көркемдік құралдарын ба­рын­­ша пайдаланады. Мысалы, бри­тандық Донмар театрының «Ко­риоланында» әйгілі актер Том Хиддлстон он бес минут бойы аяғынан салбырап ілініп тұ­рып ойнайды. Демек, қазіргі театр актердің физикалық мүм­кіндігін сынайды. Көптеген ше­тел театрларында сахна деген төрт емес, бес, алты өлшемді ке­ңіс­тікке айнала алатынын кө­ріп жүрміз. Бір мезетте бір оқиға емес, сахна тереңдігінде бір-бірі­не іркесе-тіркесе екі, үш оқиға жү­ріп жатады. Қиялың жетсе, театр сахнасының мүмкіндігі шек­сіз. Сол жағынан біз әлі ша­бан­­даумыз. Сосын бізде ізденіс­тер бар. Бірақ көбінде жаңалық жаңалық үшін, қыр көрсету, сән үшін, өзін бөлектеу үшін. Ол ішкі қажеттіліктен шығу керек, ре­жиссердің ойлау, дүниені қа­былдауының өзіндегі «бір­түр­лілік», талғам, интеллект сол жа­ңалықты талап етуі керек. Мысалы, Петербургте Ресей теат­рының авангарды Юрий Бу­тусовтың спектакльдерін бір­неше күн қатарынан тама­ша­ла­ған­да, сондай «табиғи» жаңа­шылдықты көрдік, орыс сыншыларының оны «ХХІІ ғасырдың театрын жасайды» деген анықтамасымен келіспеуге лажымыз қалмады. Ол сахнаны ғана емес, көрерменді де өзгерткісі келеді. Бізде режиссура қандай жас болса, көрермен де сондай жас. Бізде спектакль бас­таларда, облыстық театрлар­дың бірінде «Спектакль кезінде шың­ғыруға, айғайлауға, ысқыру­ға болмайды» дегенді естідік. Де­мек, әлі де көрерменді мәде­ниет­ке тәрбиелей алмай жатырмыз. Ал Питерде көрерменді мә­­­дениеттің құрсауынан шығара ал­май жатыр. Спектакль басталарда біздегідей «Құрметті көрер­мендер, тырп етпей отырыңдар» демейді, «Спектакль ұнамаса, шы­ғып кете беріңіздер, іштеріңіз пыс­са, фойеге барып шампан ішіп келіңіздер» дейді («Ленсо­вет­тің» «Кабаре Брехт» қойы­лы­мы). «Макбет. Кино» қойы­лы­мын­да спектакльдің төртінші са­ға­тына келгенде аяқ астынан клуб музыкасы ойнап, көрер­мен­дер де (әрине, дайындалған статистер ғой) ортаға шығып билей бастайды. Билеу жаңалық емес, мә­селе басқада. Мәселе көрермен мен сахнаның ара-қатынасын өз­гертуге тырысуда, өйткені енді бі­раз уақытта театрға басқа зал ке­рек болады, көрерменнің отыратыны сірескен қатар орын­дық­тар емес, дөңгелек үстелдерді жа­ғалай жайғасқан креслолар болуы мүмкін. Сюжеттен, жүйе­ден бас тартып, жаңа формалар тауып, есесіне түпкі мағынаға адал сондай спектакльдерді көр­генде ізденіс туралы айтуға болады. Олар жасап жүрген жаңалық­қа біздің режиссерлер де, актерлер де, көрермендер де әлі де дайын емес екенін аңдайсың. Бірақ Әзе­кеңнің кезіндегідей авангардта бол­масақ та, қазіргі кәсіби дең­гей, потенциалымыз ешкімнен сор­лы емес екенін де баса айту ке­рек. Жалпы, қазір театрлардың не­гізін ұстап тұрған көп режиссерлер осы кезде қалыптасты. Алматыдағы Жастар театрының көркемдік жетекшісі Мұрат Ахманов, Астанадағы Қуанышбаев театрындағы Әлімбек Оразбеков, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұза­қ­­ов, т.б. Тәуелсіздік кезінде ре­жис­сер болып қалыптасты. Олар­дан кейін келген буын ретінде Гүл­сина Мерғалиева, Мұқанғали Томанов, Асхат Маемиров, Ербол Жуасбек, олардың өкшесін басып өз жолын, өз қолтаңбасын іздеп жүр­ген Ерік Нұрсұлтан, Дина Бай­­ділдаева, Балтабай Нұр­ға­лиев­тардың есімін атауға болады. Жұлдызбек Жұманбай, Дәурен Серғазин сияқты актерлер ре­жис­серлік қадамдарын жасауда. Атал­ған режиссерлердің бәрі бір­дей емес, әрине. Мынау сұңғыла, мы­нау әлі ізденуі керек деп осы жер­де бөліп жарып жату артық бо­лады. Бірақ олардың қатарында дәстүрлі реализм бағытын ұста­на­тындар бар, сонымен бірге «бел­сенді режиссура», «шартты театр­ды» ұстын етуге тырысатын­дар бар. Ал бәріне ортақ ерек­шелік әлемдік классикалық шы­­ғармаларға, кеңес кезінде жа­­зылған қазақ  драматургиясына жаңа көзқараспен келуі, жаңа заманға сай интерпретациялауы. Қ.Сүгірбековтің «Махаббат дас­таны» (Ғ.Мүсірепов), Б.Атабаев­тың «Қарагөзі» (М.Әуезов), Ә.Ораз­бековтің «Қараш-Қарашы» (Қ.Ысқақ), т.б. соған дәлел. Тарихи тақырыптар, мысалы, М.То­мановтың «Жәңгір ханы» (Р.Отар­баев), М.Ахманов­тың «Ра­йымбек, Райымбегі!» (М.Мақатаев), Б.Ұзақов сах­на­ла­ған «Кенесары Күнімжан», «Абылай ханның арманы» (Д.Рамазан) сияқ­ты қойы­лымдар көркемдік деңгейі әр түрлі болғанымен, тари­хи санамыз үшін күрес қазақ сахнасында да жүріп жатқанының айғағы. Әлемдік драматургиядан жаңа материал іздеп, көрерменнің керегіне жарауға тырысып жүр­ген­дер бар. Қалай болғанда да сах­нада төңкеріс, жарылыс сезіл­мей­ді, Айвазовскийдің картина­ла­рындағыдай адуын толқындар жоқ, қазіргі режиссурадағы жағ­дай шып-шып етіп ағып жатқан мо­мақан өзенге көбірек ұқсай­ды.

 

akmonshakАқмоншақ АХМЕТ,
«Мәдениет» журналының редакторы

РЕЖИССУРА ЖҮЙЕЛІ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

  1. Еліміз тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде театр өнері бір ор­нын­­да тұрып қалмағаны анық, аз да болса да ілгерілеушілік бар. Теат­р өнерінің дамуы режиссер­дің шы­ғармашылық жұмысымен тығыз байланысты. Ә.Рахимов, Н.Жа­қыпбай, Ж.Хаджиев, Ә.Ра­хи­мов, А.Кәкішева, Б.Атабаев, М.Ахманов сынды бұл күнде аға буынға айналған режиссерлердің ізіне ілесіп келе жатқан олардың шә­кірттері бар. Орта буын режис­серлердің қатарына Асхат Маемиров, Гүлсина Мерғалиева, Д.Жұмабаева сынды режис­сер­лер­ді жатқызуға болады. Бұған қоса, облыстық театрларда да Ә.Бай­маханова, Абай Ділдә сияқ­ты орта буын өкілдері бар.Өкінішке қарай, бұл режис­сер­лердің еңбектерін көруге мүм­кін­дік бола бермейді. Тәуелсіздік жыл­дары танылған бұл режиссер­лер тарихи тақырыптар мен тарихи тұлғаларға байланысты жа­зылған пьесалардан гөрі пси­хологиялық драмалар мен трагедия жанрындағы шетел клас­сик­терінің туындыларын көбірек сах­налағанын байқауға болады. Режиссурада өзіндік қолтаң­ба­ла­рын байқатып үлгерген А.Маемиров пен Г.Мерғалиева қойған спектакльдер көптеген халық­ара­лық және республикалық театр фестивальдерінде жүлделі орындарға ие болды.
  2. Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ Ұлттық Өнер академиясы Қа­зақстандағы театр режис­сер­ле­рін дайындайтын бірден-бір жо­ғары оқу орны. Осы өнер оша­ғына 3-4 жылда бір рет театр ре­жис­сурасы курсына шәкірттер қабылданып, аға буын режиссерлерден тәлім алады. Режиссер ма­мандығына қабылданатын сту­денттер саны тым аз, олардың ішін­де театр режиссерлығына ден қойып, сол жолда еңбек ете­тіндері аз. Бұл мамандық бойынша тәлім алған түлек ертеңгі күні бірден толымды спектакль қо­йып, танымал бола алмайды. Олар­дың өсіп-жетіліп, көрермен мен театр­тану­шылардың назарына ілігуі үшін де уақыт керек. Сондықтан да жас режиссер­лер­дің өсіп, қа­лыптасу кезеңдері алда деп ойлаймын. Ал қазіргі таңда екі-үш спектакль қойып, театр­лар репертуарын өзіндік ізде­ніс­терімен толықтырып жүрген жас буын режиссер­лері­міздің қата­рын­да Е.Нұрсұлтан, Е.Нұртазин, Ж.Жұманбай мен соңғы кездері режиссураға ден қойып жүрген ак­тер Ә.Ахметов те бар. М.Әуезов атын­дағы ака­де­миялық қазақ  дра­ма театры­ның ең жас режис­сері Ерік Нұр­сұлтан қойған «Қас-қағым», «Король Лир» қойы­лым­да­рын ерекше атауға болады. Ес­лям Нұртазин мен Жұлдызбек Жұ­манбай әр түрлі жанрдағы алуан тақы­рып­тағы пьесаларға барып жүр. Бұл режиссерлердің мю­зикл жанрын­дағы және балалар мен жастарға арналған қойы­лым­дарын да көріп жүрміз. Әлде де ізденіс үстіндегі, өзін-өзі табу үс­­тіндегі режиссер­лардың шы­ғар­­машылығы мен олардың ізде­ніс­тері жайында кесіп-пішіп ай­­туға әлі ерте.

Драматургия саласы секілді театр режиссурасы дәл қазіргі уа­қытта жас режиссерлерге зәру. Ал оқу орнын жаңа бітіріп, шың­далуға ниет еткен болашақ ре­жиссерлерге жағдай жасап, олар­дың да көрінуіне мүмкіндік беруі­міз керек. Қазақстандағы 50-ден аса театрларға жүйелі түр­де жас мамандарды жіберіп, олар­дың шығармашылық жұ­мыс­тарын қадағалап отыруды ми­нистрлік қолға алуы керек. Олай етпесек, мәселенің түйткілі бү­гін-ертең шешіле қоймайды.

Дайындаған
Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір