ХАЛЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ИАССАУИ ЖОЛЫ
21.10.2016
2781
1

photo_93789ЮНЕСКО көлемінде 2016 жыл – «Иассауи жылы» деп жарияланғаны белгілі. Қожа Ахмет Иассауидің түркі дүниесінде, қазақ дүниетанымында алар орны мен ұлттық руханиятқа қосқан үлесі жайлы осы саланың маманы, Иассауи ілімін зерттеп жүрген Зікірия Жандарбекпен кеңінен толғап, әңгімелескен едік. Маманның өзі айтпақшы, бабамыздың қазақтың руханияты үшін сіңірген еңбегін бір ғана сұхбатқа сыйдыру мүмкін емес. Десек те, Иассауи бабамыздың өнегесінің бір парасын осы әңгімеде жеткізуге тырыстық…


633289_html_m6b33edcf

 

Зікірия ЖАНДАРБЕК,
дінтанушы ғалым

 

– ЮНЕСКО 2016 жылды Иассауи жылы деп жариялады. Бұл іс-шара барысында Иас­сауи бабамыздың өмірбаяны, даналыққа то­лы өлеңдері қалың жұртшылыққа кеңінен та­ныстырылуы, насихатталуы керек еді. Қа­лай ойлайсыз, Иассауи бабамыздың кім еке­нін, соңына қандай мұра қалдырғанын, өз за­манында күллі түркі халқының руханияты үшін қандай іс атқарғанын бүгінде жалпы көп­шілік толық танып, біле ме?

– Дұрыс айтасыз. Биылғы жылды ЮНЕС­КО Иассауи жылы жариялады. Бұл жыл­дың солай жариялануына Түркия Рес­пуб­ли­касының ықпалы зор болғандығын ай­тып өтуіміз керек. Қожа Ахмет Иассауи ба­бамызды әлем болып танып, әлемдік дең­гейде еске алып жатса, бұл әрине, құптарлық та қуанарлық жәйт. Алайда, түркілердің Ата жұрты болып табылатын қазақ жерінде бұл ша­раға қазақстандықтар тарапынан арнайы көңіл бөлініп, белгілі бір айтулы іс-шара жа­салмағандығына бәріміз куәміз. Тек Қо­жа Ахмет Иассауи университеті тарапынан Анкара қаласында 29-30 сәуірде Ха­лық­аралық симпозиум ұйымдастырылып, Стам­бул қаласында да осындай халық­ара­лық  деңгейдегі конференция өткізілгенінен ха­бардармын. Сонымен бірге, түрік ағайын­дар әр қаласында Иассауи жылына арналған іс-шараларды мемлекеттік деңгейде өткізді. Біз­дің елімізде тек өткен аптада ғана Түр­кіс­танда Қожа Ахмет Иассауи қорық-мұра­жайы халықаралық конференция ұйым­дастырылды. Басқа әзірге тырс еткен ешкім жоқ. Оның себебі,Иассауи бабамыздың ілі­міне, рухани мұрасына деген бізде іштей қарсылық бар десем артық айтпаймын. Әйтпесе, Қожа Ахмет Иассауи бабамызды жыл бойы еске алып, мұрасы мен ілімін насихаттау шараларын ел ауқымында жыл бойы жүргізуімізге болатын еді. Және ол кісінің соңында қалдырған рухани мұрасы соған лайық болатын. Өйткені, Қожа Ахмет Иассауи бабамыз болмаса күллі түркі әле­мінің тарихта қалу-қалмауы екіталай еді. Ислам дінін қабылдаған түркілер тек дінді емес, дінмен бірге араб-парсының салт-дәстүрі мен мәдениетін де қабылдады. Түркі қоғамында арабтану, парсылану үдерісі белең алған болатын. Дін тілі, ғылым, білім тілі араб тілі, әдебиет, мәдениет, мемлекет ті­лі парсы тілі болды. Ол заманда бүкіл ислам әлемі, түркі дүниесі үлкен дағдарысқа ұшыраған еді. Сондай қиын кезеңде тағдыр күллі түркі дүниесіне Иассауидей дара тұл­ғаны сыйлады. Ол Абу Ханифа мен Имам Матрудидың рухани мұраларына сүйене отырып, түріктердің рухани-мәдени болмы­сын қайта жаңғыртты. Ислам дінінен негізгі бес парызды ала отырып, қоғамдық қаты­нас­тарды реттеу жолын толығымен түркінің көнеден келе жатқан әдет-ғұрып, салт-дәс­түріне берді. Дін тілі, ғылым, білім тілі қай­­тадан түрікше сөйледі. Түркі мәдениеті қай­тадан көктеді. Қожа Ахмет Иассауидей ұлы тұлғаның түркі тарихындағы ролі осын­дай болатын. Өкінішке қарай, біз ол кісі­нің осы еңбектерін бар қазаққа жайып, жа­риялай алмай отырмыз. Жасалған ғы­лыми жұмыстар бар. Алайда, оларды жарна­малап, халық арасына тарату жағына келгенде ұяттымыз. Мысалы, менің өзім жаз­­­­ған «Қожа Ахмет Иассауидің түркі тари­хын­дағы ролі» атты ғылыми монографиялық ең­бектің жарияланбай жатқанына алты жыл­дан асты. Бұл кітаптың алғашқы нұс­қасын 2006 жылы Дидахмет Әшімханұлы аға­мыздың көмегімен «Иассауи жолы және қа­зақ қоғамы» деген атпен өз қаражатыма жа­риялаған болатынмын. Жоғарыда айтыл­ған еңбек соның толықтырылған нұсқасы. Ал Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хикмет» атты кітабына келетін болсақ, бұл шы­ғарма Иассауи бабамыздың бізге жеткен не­гізгі еңбегі. Бұл шығарма да бізге толық жет­ті деп айта алмаймыз. Иассауи баба­мыз­дың өзі «Төрт мың хикмет жаздым», – дейді. Қа­зіргі айналымда жүргені 150 хикмет шамасында. Ғылыми ізденістер нәтижесінде та­ғы біраз хикметтері табылды. Алайда, олар әлі толық емес. Барының өзін біз ха­лық­қа толық жеткізе алмай жүрміз. Аудармаларымыз  әлі күнге Иассауи хикметтерінің ішкі мазмұнын халыққа жеткізе алмай жа­тыр. Хикметті аударатын кісінің діннен, со­­­пылықтан хабары болуы тиіс. Осы күнге дейінгі аудармаларда осы талапқа сай ке­летін аудармашылар болған жоқ. Тек биыл­ғы жылы жарық көрген Кешубай Тө­леш­ұлы­ның орыс тіліне аударған «Хикметі» Иас­сауи рухына жақын екендігін байқадық. Се­бебі, ол кісіні қазіргі күннің сопысы деп айту­ға болады. Бір қызығы, Иассауи баба­мыз­­дың хикметтеріне орыс халқы тарапынан қызығушылықтың артқаны байқалу­да.

– Иассауидің «Диуани хикметі», жалпы өзге де еңбектерінің кітап болып басылуы, кеңі­нен таралуы, хикметтердің мектеп, ЖОО бағ­дарламасына енгізу мәселесі туралы не ай­тасыз?

– Иассауидің рухани мұрасын, еңбек­те­рін көптеп шығарып, халық арасына кеңі­нен тарату біздердің парызымыз. Ал жо­ғарғы оқу орындарында жеке пән ретінде оқы­тылуы қазіргі күннің ең өзекті мәселесі дер едім. Иассауидің рухани мұрасымен, Иас­сауи жолының түркі тарихындағы ролін оқып, түсінген жастың ешбірі жат ағымның соңына ермейтініне сенімдімін. Оның үстіне біз бәріміз, қазақ халқы Иассауи мә­дениеті атты алып, руханият бесігінде тер­беліп, жетілген халықпыз. Иассауиден кейін­гі барлық ұлыларымыз сол Иассауи мә­дениеті ықпалымен қалыптасты. Алтын Ор­да әдебиеті, ортағасырлар әдебиеті, Қа­зақ хандығы дәуірі әдебиеті, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Майлықожа, Тұрмағамбет, барлығы да Иассауи мәдениетінің өкілдері десем, артық айтпаймын. Сондықтан да біз өзі­мізді Иассауи бабамыздың рухани ми­расқорларымыз деп айта аламыз. Тек соңғы жыл­дары сырттан ислам атын жамылып келіп жатқан уаххабилік-салафилік ағым ықпалымен санамызға селкеу түскені болмаса, біз – қазақ халқы Иассауи мәде­ние­тінің өкіліміз.

– Қожа Ахмет Иассауи хикметтерінің құ­рылымы, жанрлық сипаты мен көркемдік ерек­шеліктерін әдебиет­тану­шылар, дінтанушылар арнайы зерттей алды ма?

– Маған бұл сұраққа әдебиет саласының ма­маны болмағандықтан толық жауап бере алуым қиындау. Осы саланы арнайы зерттеп жүрген А.Ахметбекова, Айнұр Әбдіра­сіл­қызы сияқты мамандар бар. Бұл сұраққа сол кісілер тұшымды жауап бере алады деп есептеймін. Қожа Ахмет Иассауидің рухани мұрасының зерттелуі мәселесіне келетін болсақ, онда Иассауидің рухани мұрасын зерт­теуде, игеруде әлемдік деңгейде Қожа Ах­мет Иассауи атындағы Халықаралық университетінің алар орны ерекше. Осыдан 25 жыл бұрын университет жанынан ал­ғаш­қы ректорымыз М.Жұрынұлы алдымен Мекемтас Мырзахметов ағамызды бас­шы етіп «Иассауитану» лабораториясын, одан кейін «Түркі халықтарының тарихы мен этнофилологиясы» ғылыми-зерттеу инс­титутын ашып еді. Міне, содан бері ши­рек ғасыр өтті. Иассауитану ғылым іргеле­ніп, жүйеленіп, жолға қойылды. Осы тақы­рып­та екі докторлық, бірнеше кандидаттық дис­сертациялар қорғалды. Қаншама жаңалық­т­ардың беті ашылды. Иассауидың түркі тарихындағы орны, оның дүниета­ны­мы, оның сопылық ілімдегі орны нақты­ла­нып, зерттелді. Бүгінгі күні Қожа Ахмет Иассауидің түркі тарихындағы орнын біз­ден артық білетін ғалымдар да, ғылыми мек­теп те жоқ. Өйткені, біз Иассауидің түр­кі тарихындағы ролін жүйе-жүйесімен тал­дап бере алдық. Иассауидің өзге мемлекеттерде рухани мұрасын зерттеп жүрген же­­келеген ғалымдар бар. Олар белгілі бір проб­лемалық мәселелер төңірегінде зерт­теген­діктен, біздегідей кешенді зерттеулер бол­ған жоқ. Түркияда да бұл мәселе ке­шен­ді түрде қолға алынған емес. АҚШ-та Девин Дэ­вис есімді Иассауитанумен айналысып жүрген ғалым бар. Парсы деректеріне сүйе­не отырып, өте терең зерттеулер жүргізді. Алайда, ол түркінің рухани болмысын, оны қалыптастырудағы Иассауидің ролін толық тани алған жоқ. Түркияда да Иассауитанумен айналысатын ғалымдар баршылық. Бі­рақ Иассауи бабамыздың тарихтағы орнын зерделеп, айқындап берген біз болдық. Түркі-ислам философиясының негіздерін қалыптастырудағы Иассауи жолының ро­лін ай­қындап берген өзіміздің универ­си­тет­тің түлегі Досай Кенжетай. Бұл мәселеде біз­дің алдымызға түсетін әлемде ешбір ғы­лыми мектеп, орта жоқ деп айта аламын. Өкініш­ке орай, біз осы еңбегімізді жарнама­лай алмай келеміз. Бұл әлемдік деңгейде көр­сетіп, насихаттауға тұрарлық еңбектер. Ең бастысы, біздегі осы ширек ғасырдан бері зерттелген, жасалған еңбектермен Қа­зақ­стан мемлекетінің діни идеологиялық сая­сатын толық қамтамасыз етуге болады.

– Иассауи еңбектері дегенде ең алдымен «Диуани хикмет» ойға оралады. Бабамыздың бұ­дан өзге еңбектерінің тарихы, тағдыры тура­лы не білеміз?

– Қожа Ахмет Иассауидің «Диуани хик­меттен» өзге тағы бірнеше шығармасы бар­лы­ғы белгілі. Алайда, олардың арасынан тек «Мират ал-Қулуб – Жүректің айнасы» жә­не «Дар адаб тариқат – Тариқат әдебі» ат­ты шығармалары ғана мәлім. Бұл шы­ғар­малар аударылып жарияланды. Ал «Фа­таба-и танбих – Пәтуалар көрсеткіші» және «Танбих ад-доллин – Адасқандарға ескерту» атты шығармаларының бізге тек аты ғана бел­гілі. Алайда, бұл шығармалардың атына қа­рап-ақ, не туралы жазылғанын білуге бола­ды. Мысалы, біздің әдет-ғұрып, салт-дәс­түріміздің негізі осы «Пәтуалар көр­сет­кі­шінде» жатса керек.

05378e2b67bf4ef2cf5de9e0dc89b2c8

– Иассауи – көпшілік үшін тарихи тұлға емес, аңыз, әпсанаға айналған кейіпкер тә­різ­ді қабылданатынының сыры неде?

– Бұл сұрағыңызға былай деп жауап бер­ген дұрыс сияқты. Қазақ халқы өзінің кие­лі саналатын қасиетті мұраларын қа­ғаз­да емес, жүрегінде сақтады. Қазақ тарихын да, шежіресін де, жыр-дастандарын да, аңыз-әпсаналарын да зердесінде сақтай біл­ді. Біз қазір «тарих» деп қағазға түсірілген деректерді есептейміз. Алайда, ондай де­рек­тер біздің қазақта жоқ. Қазақтың бар та­рихы аңыздарында, әпсаналарында, ше­жірелерінде, жыр-дастандарында жатыр. Өкініш­ке орай, олардағы қазақтың тарихын біз әлі күнге оқи алмай келе жатырмыз. Қазіргі біздің ресми тарихымыз қытай, парсы, араб, итальяндық, т.б. кезбе сая­хат­шыларының жазғандарынан тұрады. Бұл та­рихтың ешбірінде қазақтың дәстүрлі та­ри­хи жады негізге алынған емес. Қазіргі қа­зақ тарихында қазақтың өзінің сол та­рих­қа көзқарасы, тарихи жады есепке алын­ған емес. Өйткені, бізде тарихы зерттеуде тарихты материалистік тұрғыдан тү­сіну мен евроцентристік көзқарас негізге алынып келеді. Біз бұдан арылмайынша, қазақтың төл тарихы жазылмақ емес. Біз өз зерттеулеріміз нәтижесінде осы шеңберді бұз­дық. Біз тарих ғылымының, қазақтың төл, дәстүрлі тарихының философиялық не­гіздерін жүйелеп, жаңа концепция қа­лыптастырдық деп айта аламыз. Бұл концепция бізге қазақтың дәстүрлі тарихи жа­дын толығымен ғылыми айналымға ен­гізу­ге мүмкіндік береді. Жоғарыда аталған «Қожа Ахмет Иассауидің түркі тарихындағы ролі» атты монография осы негізде жазылған болатын. Ал енді сұрағыңызға қайта орала­тын болсақ, онда Иассауи бабамыздың аты қа­ғазға тарих болып түспесе де, қазақтың жүре­гіне жазылған қасиетті, киелі тұлға дер едім. Керісінше, қағазға түскен тарихи деректерде Иассауиге қатысты деректердің бұр­маланғанын көреміз. Мысалы, Қожа Ах­мет Иассауи жайлы Орта Азияда, Түр­кияда жазылған жазба деректер бар. Бірақ ол жазба деректердегі Иассауи бабамызға қатысты тарихи мәліметтерде бұрмаланған. Мысалы, Иассауи бабамызға ұстаз болды деп есептелетін Жүсіп Хамадани ешқашан ұстаз болған емес. Осы жалған тарих әлі күн­ге халықты адастырумен келе жатыр. Ор­тағасырларда түркі билігіне қарсы жүр­гі­зілген діни-идеологиялық күрес түр­кі­лер­дің рухани тірегі болған Иассауи жолын қалайда араб-парсы мәдениетіне бас идіру мақ­сатында осы жалған тарихты қалып­тас­тырған болатын. Осы жалған тарих Иас­сауи жолының халық санасынан шайылуына, түркілердің этникалық жіктелуге түсуі­не, мемлекеттігінің күйреуіне әкелді.

– Иассауи іліміндегі парасат ұғымы, адам­ның «топыраққа» айналу, нәпсімен кү­ре­су мәселелері жайлы кеңірек әңгімелеп бер­сеңіз…

– Иассауи іліміндегі парасат ұғымына тоқ­талу – Иассауи дүниетанымындағы аса күр­делі философиялық иірімдерге ену де­генді білдіреді. Бұл сұрақтарға қысқа бір сұх­бат шеңберінде жауап беру мүмкін емес. Өйткені, Иассауи ілімінде адамзат бол­мы­сы­ның қарастырылмаған мәселесі қалған емес және Иассауи бабамыз солардың бәрін игеріп, түркі мәдениетін қайтадан жаңғыр­ту­ға жұмсады. Ең бастысы, ол Ислам әле­мін­дегі, түркі қоғамындағы басты пробле­ма­лық мәселелерді көре білді. Ол өз дәуі­рін­дегі қоғамның рухани ахуалын бы­лай­ша суреттейді:

Ораза, намаз, иман, ислам қолдан кетті,

Күннен күн бетер деген хадис жетті.

Пайғамбар айтқандары келіп жетті,

Бұл дүниені қараңғылық басты достар.

 

Ғалымдар бар ілімін малға сатты,

Көріп, біліп, өздерін отқа атты.

Өзі амал қылмай халыққа ілім үйретті.

Дүние үшін діндерін сатты көргін.

 

Ұстаз, дінсіз құлдар болды хакім,

Мемендің дүкенін ашып, болды залым,

Халық ішінде қор болды дәруіш ғалым,

Көпшілігі халықтың кәпір болды көргін.

 

Дінсіз ұстаздарға еш қауіп жоқ.

Дүние малын жиып еш тояры жоқ.

Ұшып, қонып, өлімнен еш хабары жоқ.

Ол жанның дүние діні болды көргін!

Осы «Хикмет» жолдары сол кезеңдегі Ис­лам қоғамының рухани азғындыққа қан­шалықты түскенін анық көрсетіп тұр. Бұл дағдарыстан шығу жолы иманнның қай­тадан қалпына келуіне байланысты еке­нін баса айтады. Ол былай дейді:

Хикмет бірлән әууал адам дін бар айлады,

Он сегіз мың қамуғ алам қайран ерур.

 «Қалу бала» деген құлдар үлес алды.

Сакут еткен құлдар діні ойран болур.

 

Хақ тағала иман ата (сыйлады) қылды бізга,

Аууал Мұстафа расулы айды бізга.

Друд етсак қууат берар дінімізга,

Йоқ ерса, қылғанларым ойран ерур.

Бұл «Хикмет» жолдарының мәні иман бол­майынша, толық сенім болмайынша, адам баласының қылғандарының ойран бо­латыны, Иманның барлық ғибат алдында болу керектігі айқын көрсетіп тұр.

Қожа Ахмет Иассауи Исламның тоқырау се­бептерін айқындағаннан кейін ол бұл ты­ғырықтан шығудың жолдарын қарастыр­ды. Ол үшін діни ілім негіздерін кеңейтіп, жаңа сатыға көтеру қажеттігін айқын се­зінді. Ол – сопылық жол болатын. Және ол жол жеке тұлғалардың ғана қол жеткізер ілім қайнары болмай, жалпы халыққа ортақ се­нім негізіне айналдыру мақсаты қойылды жә­не ол жол тариқат жолы еді. Ол өзінің «Хик­меттерінде» бұл жолды «дафтари сани» деп атайды. Қожа Ахмет Иассауи «Хикмет­те­рін» былай бастайды:

Бисмила деп баян айлай хикмет айтыб,

Талибларга дури гауһар чаштым мана.

Ризатны қаттығ тартып, қанлар йутуб,

Мен «дафтари сани» сөзларін ачтым мана.

Бұл сөздер жалпы ислам дінінің жаңа са­тыға көтерілуіне негіз болған тариқат жо­лының атауы еді. Исламдағы алғашқы жол – шариғат жолы болатын. Уақыт өте ке­ле бұл жол өзінің рухани сипатынан ажырап, қо­ғамдық қатынастарды реттейтін заңдар жи­нағы дәрежесіне түсті. Исламның ішкі маз­мұны халық санасынан біртіндеп өше бас­тады. Рухани қуат әлсіреп, оның орнын ма­териалдық құндылықтар басты. Бұл Ислам қоғамын тоқырауға ұшыратқан басты себеп болды. Қожа Ахмет Иассауи ал­дында халықты Исламның рухани негіз­деріне қайтадан бет бұрғызу мақсаты тұрды. Бұл оның ислам тарихындағы басты миссиясы еді. Ол қызметті абыроймен ат­қарып шықты. Ол Ислам дініндегі иманды қайта қалпына келтіріп қоймай, сонымен бірге ислам дінінде бола тұрып, әр халықтың өзінің дәстүрлі мәдениетін сақтап қалу мүмкін екендігін дәлелдеп берді.

Иассауи «Хикметінің» басты мақсаты ис­лам дінінің ішкі рухани қуатын қалпына кел­тіруге бағытталды. Ең бастысы, «Хик­мет­­терге» негіз болған «Құран» аяттары мен Мұ­хаммед Пайғамбар хадистері еді. Ол осы екі негізге сүйене отырып, Ислам негіздерін қайтадан халық санасына сіңіру жолында қыз­мет етті. Сол себепті, Қожа Ахмет Иас­сауи­­дің «Хикметтері» «Құрани түрки» атан­ды. Оны Қожа Ахмет Иассауидің өзі де ай­та­ды:

Менің хикметтерім Алладан пәрмен,

Оқып, білгенге мағынасы Құран.

Бұл жолдар Иассауидің негізгі мақ­са­ты­ның не екенін анық көрсетіп тұр.

Ол адам баласына болмыстың мәнін аша отырып, өмір мен өлім арасындағы бір­лік пен айырмашылықты көрсете білді. Шын бақыт пен жалған бақыттың аражігін ажы­ратып берді. Оның қаламынан шық­қан:

Бі шек білгін бұ дүниа, барша халықтан өтар-а,

Инанмағын малыңа бір күн қолдан кетар-а,

Ата-ана, қарындас, қайан кетті фікір қыл,

Төрт аяқлық чүбүп ат бір күн саған жетер-а.

Дүниа үчүн ғам йеме, хақтан өзгені деме,

Кісі малын жеме, сират өзра тұтар-а».

Мына жолдар өмірдің мәні неде екенін көрсетіп тұр. Тән қажеті үшін рухани дүниені ұмы­тып, материалдық дүние қуу жақсылыққа апар­масын, ол үшін ертеңгі күні жауап бе­ре­тінін адам баласының есіне салады. Оның орнына адам баласын Жаратушыға ұмтылуын, Оның ұлылығын, хикметтерін се­зі­нуге оған ғашық болуға шақырады. Сөй­тіп, болмыстың мәнін түсіну мүмкін екен­дігін көрсетіп береді.

Ол ұсынған «болмыстың бірлігі» туралы ілім түркі халықтарының дүниетанымдық көз­қарасының негізін құрады. Бүкіл жа­ра­тылыстың бір-бірімен сабақтастығы, бар жаратылыс  бір Жаратушы құдіреттің жа­рат­­қан болмысы екенін сезіну мен жаратыл­ғандардың бір-біріне тәуелділігі, олардың ішінде Алла Тағаланың адам баласы мойнына артқан жауапкершілігі жайлы Қожа Ахмет Иассауи өз «хикметтерінде» халыққа жет­кізе білді. Сондықтан адам баласы тек қо­ғам ішінде ғана емес, бүкіл жаратылыс ал­дындағы жауапкершілігін сезінуге тиіс екен­дігін айтты. Адамды жамандыққа итер­мелейтін нәпсі екендігін баса ескертті. Со­нымен бірге, нәпсімен күрес жолдарын көр­сете білді. Дүние соңына түсіп, қаншама бай­лыққа қол жеткізген жандардың соңы не болғанын халайықтың есіне салды. Оның хикметтеріндегі:

Бұ дүнианы бина қылған Харун қаны?

Дұға (сиқыр) қылған Фарғауын билә Ха­ман қані?

Уамақ, Азар, Фархад, Шырын, Мажнун қані?

Қаһар айласа бір лахзатта йаксан қылур!

 

Һеч білдуңмі, адам өлмай қалғаныны,

Бұ дунианы уафасыны білганыны,

Дунийа талаб бойы худа алғаныны

Аллах деса көз йашыңны баран қылур.

Қорыта айтқанда, Қожа Ахмет Иассауи сол кезеңдегі ислам дініндегі басты мәселені ше­ше білді. Ислам дініндегі басты талап иман екенін, имансыз ешқандай дін өмір сүре алмасын, сол себепті иман барлық амал­дың алдында болуы тиіс екендігін Има­ны берік адам ғана шын мұсылман бо­ла­тынын дәлелдеп берді. Сонымен қатар, Ал­ланың бірлігіне, барлығына сенген, има­ны кәміл жанның арабтың дәстүрін ұста­май-ақ мұсылман болатынына халық­тың көзін жеткізді. Оған Қожа Ахмет Иассауидің өз шығармаларын түрік тілінде жазуы тіке­лей ықпал етті. Дін түрік тілінде сөйлей бас­та­ды. Бұрындары мұсылман дінін қа­был­дау араб болу деп түсінетін халық, енді қайтадан түрік мәдениетіне бет бұрды.

Ал «топырақ болу» туралы айтқанда, Иас­сауи адам баласы нәпсінің соңына еріп, өзін өзгелерден жоғары қоймау керектігін ес­кертті. Ол хикметінде былай дейді:

Он үшімде қу нәпсіні қолға алдым,

Нәпсі басына жүз мың пәле орап салдым,

Тәкаппарлықты аяқ астына басып алдым,

Он төртімде топырақ сипат болдым, міне.

Демек, «топырақ сипат» ұғымының ма­ғы­насы, адамның нәпсі дегенімен емес, рух­тың қалауымен жүруі, әділдік пен адам­дықты нәпсінің қалауынан жоғары ұстауы.

– Заманында қазақ үшін еңбек еткен та­лай тұлғаларымыздың мәңгілік мекеніне ай­нал­ған Қожа Ахмет Иассауи кесенесі – қа­зақ руханиятының ордасы деуге болады. Ке­сенеге тәу етіп келушілер, туристік сапармен арнайы соғатындар да көп. Алайда, сол маңға ілім-білім іздеп келетіндердің, рухани жан-дүниесін байыту үшін арнайы баратын­дар­дың қатарын толықтыруға бола ма?

– Қожа Ахмет Иассауи кесенесі шын­ды­­ғында сан ғасырдан бері мойындалған түр­кі халықтарының рухани орталығы. Бұл – ешқандай күдік тудырмайтын шын­дық. Осы­ны мойындағандықтан қазақтың хандары мен билері, батырлары өздерін осы әу­лиенің қасына жерлеуді аманат етті. Қазіргі Иассауи кесенесіне ағылып келіп жат­қан зияратшылардың барлығы дерлік ру­хани сол әулиенің шарапатын іздеп келіп жат­қандар. Зияратшылар сонымен бірге, қа­зақтың тарихына қатысты өздері үшін жаңа түсінік қалыптастырады. Ал рухани білім іздеушілердің қажетін өтеу мәселесін Қожа Ахмет Иассауи атындағы Халық­ара­лық университеті толығымен  қанағат­тан­дыра алады. Рухани дүниесін байыту мәсе­лесін ар­найы жоба  бойынша  рухани ту­ризм­мен ұштастыру керек болатын шығар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ.

 

ПІКІРЛЕР1
Ажыхан 08.02.2019 | 22:51

Керемет. Өте тамаша айтыпты. Мен толық қолдаймын. Зікірия ағаға Алла қуат берсін, Иассауи баба аруағы қолдасын!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір