ФИЛОСОФИЯ ДАРАБОЗЫ
21.10.2016
1327
0

img_5613С.Д.Довлатовтың: «Толстойдың ақылына басымызды иеміз. Пушкиннің нәзік сыршылдығы сүйсіндіреді. Достоевскийдің адамгершіліктік ізденістері жоғары бағаға лайық. Гогольдің мысқылы керемет. Осылайша жалғастыра беруге болады. Бірақ Чеховқа ғана  ұқсағымыз келеді» дейтін сөзі бар. А.П.Чеховтың өмір мен адамды, оның ішкі жан иірімдерін  соншалықты шынайы бейнелеп, сырт көзге көрінбейтін ішкі трагедияны аз сөзбен бере білетін хас шеберлігі, адам бойынан дарын көрсе қолдап, жақсыға жанашыр бола білгендігі, жаны жабырқап,  қабырғасы қайыса отырып надандығын, тоғышарлығын өлтіре сынаған халқына отқа қанатымен су сепкен қарлығаштай көмек жасаудан талмай, ақшалай қаржы бөліп отырған жомарттығы, адамгершілігі, өмірдегі кірпияз дегдарлығы үшін де болар, бәлкім.

Осындай біртуар тұлғалар өзі­міз­де де жетерлік. Мысалы, Қа­зақ­стан философиясында ешкімге ұқсамайтын, ешқашан ұсақ­тал­май­тын тектілігімен баршаның құр­метіне бөленіп жүрген ұста­зы­мыз, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің профессоры, философия ғылымының док­торы, белгілі ғалым, азамат, ғылым қайраткері Марат Ша­мұрат­ұлы Хасанов есімді дана бар. Біз бүгін сол Ұстазымыз туралы айт­қымыз келеді.

Қытай философы Кон­фуций­дің ­демі таусылып, жаны шығып бара жатқанда оны қоршаған шәкірттерінің бірі: «Адам өмірінің мәнін бір-ақ сөзбен қалай айтар едіңіз? Қандай сөз?» деп сұрағанда, Ұс­таз сыбырлап жауап беріп үл­ге­ріпті. Ол сөздің аудармасы «кең­пейіл­ділік, кешірімшілдік» деген мағына береді екен.

Профессор Марат Ша­мұра­т­ұ­лы­­ның бейнесін осы сөзбен сипат­тауға болады. Өмірдің ауырт­па­лы­ғын көрген ұрпақтың өкіліне тән сабырлы­лықпен, табиғат берген қоңыр мінезбен, әрдайым бір қа­лыптан шықпай, айналасына жан шуа­ғын таратудан танбайтын оның маңызды қыз­меттер иеленіп, мақ­таулар мен қолпаштаулар есті­ген күндерінде де арнасынан асып-тасқанын, дауыс көтере сөйлеп, өзгелерді тұқыртуға тырысқанын көргеніміз жоқ. Көмекке мұқтажды па­насына алып, бауырына тар­тып, алдынан көрген жақсылығын артындағы рухани бауырластарына аямай, молынан төгетін жан.Мұң-мұқтажын білдіргенде аялдамай, мойны жар бермей өте шы­ға­тын үлкендердей емес, екі жақтың да пікірін тыңдауға ұмтылатын, әді­лін айтып қана қоймай, ты­ғы­рық­тан шығудың жолын сілтейтін парасат иесі. Қандай адамның болмасын мысқалдай жақсылығын, игі істерін жария қылуға асығып, ру­­хын көтеріп,  өмірге құлшынысын үстемелеп отырғаны. Адами, аза­мат­тық қыры – асқан білім­ділі­гі­мен өрнектеліп тұтасып жататын, көп біле тұра ешқашан тәкап­пар­ланбайтын, соншалықты қара­пайым да кішіпейіл дананың өз ортамызда болуы – біз үшін тап­тыр­мас үлгі, теңдессіз рухани қа­зына. Жиын бола қалса, талданып жатқан мәселенің нәзік тұсын тап басып, кемшінін көрсететіні өз ал­дына, сол үшін кешірім сұрап, кі­шірейіп бастап, қарастырылып отырған мәселені шебер ықшам­дауы жанды сүйсіндіреді. Сон­дық­тан кафедра мәжілістерінде про­фес­сор Хасанов тамағын кенеп, әдет­тегі бәсең даусымен: «Я прошу прощения» немесе «Друзья мои» деген сәтте қызу талдау күрт тоқ­тап, тыныштық орнайды. Жи­на­лыс барысында ол кісі пікір­та­ласқа бірнеше рет араласуы мүмкін. Алайда, солардың ешқайсысы бос әң­гіме, орынсыз  долбар, өзімшіл­дік мүд­деге арналған емес. Әр жо­лы өмір­лік тәжірибе, терең қисынға не­гіз­делген дұрыс шешім ұсыны-лады.

Марат Шамұратұлының өмір жо­лына көз жіберсек, ол 1941 жыл­дың 29 қазанында Орал об­лы­сын­да, мектеп оқытушысының отба­сын­да дүниеге келген. Жеті ба­­­­ла­­ның үлкені, балалық шағы со­­ғыс жылдарында өткен ол сол кез­дегі ұрпақ басынан кешкен қиындықтың ащы дәмін татып өсті. «Алаш Орда қай­раткерлерінің басым көпшілігінің туған өлкесі Жым­питыдағы мектепке екі жеңі екі түрлі күртеше, жалаң аяқ баратын едім» деп еске алады ғалым. Ол жазу-сызудан гөрі кітап оқуға кө­бірек құмар болып, тіпті есепті де ауызша шығаратын. Бәлкім, осындай еске сақтау, елестету қа­бі­лет­терінің мықты дамуы оның кейі­нірек философ ретінде қа­лып­тасуына ықпалын тигізген де бо­лар. Мектеп бітірген соң сол кез­дегі тың көтеру ұранымен тракторшы мамандығын игерген Марат көп ұзамай әскер қатарына ша­қы­рылды. Теңіз, кеме туралы кітап­тарды бала кезінен қызыға оқыған ол флотта қызмет етуді таңдап, Бал­тийск қаласынан бір-ақ шық­ты. Марат Шамұратұлының фило­со­фияға қызығушылығы өзі қыз­мет еткен кемені жөндеуден өт­кі­зу­ге жиі баратын, әлемдік фи­лосо­фия­ның көрнекті ғұламасы Канттың ота­ны Калининград (бұрынғы Ке­нисберг) қаласында басталды. Ал­ғашқыда қолына кез­дейсоқ түс­кен «Эстетика» оқулы­ғымен танысқан ол кемедегі кітап­ханадан фи­лософия тақырыбына жазылған кітаптарды тауып алып, қолы қалт етсе, соларды оқыды. Сөйтіп, философ боламын деген шешім­ге келіп, әс­керден Мәскеуге жол тартып, М.В.Ломоносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік универ­си­тетінің фи­лософия факультетіне оқуға түсті. Оны 1971 жылы үздік бітірді, ал 1974 жылы осы оқу ор­ны­ның аспирантурасын тәмам­дап, философия ғылым­дарының кандидаты атанды. Докторлық диссертациясын Қазақстанда,1988 жылы қорғады.

Осылайша, философтың қиын да қызықты тағдырын таңдаған Марат Шамұратұлы 1975 жылдан бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ұстаздық және ғалымдық парызын мінсіз  атқарып келеді. Бұл жай ғана ай­тыла салған сөз емес. Оның су­бъект, объект, диалектика, таным теориясы және тағы басқа фи­ло­со­фия­лық мәселелер бойынша ал­ғаш­қы дәрістерін тыңдаған­дардың қатарында біз де болғанбыз.Марат Шамұратұлы өзін бірден терең бі­лімді, еңбекқор, мейірімді ұстаз ре­тінде көрсетті. Толқын­данып иы­ғына түскен бұйра шашын сіл­кіп тастап, әрбір тақы­рып­ты сту­дент­тің санасына жет­­­кіз­генше қо­лы­нан боры түс­пестен ерінбей тү­сіндіретін оның дәрістерінен жас­тар қалмайтын. Табиғатынан де­мократ ол сабаққа қатысу­шы­лар­ды тексеру, ұрсу, қорқыту деген­дермен басын қа­тыр­май, бөлінген уа­қытты мүмкін­дігінше пайдалы қол­дануға ұмты­лып, біздің алғаш­қы фило­со­фиялық пайымдауларымызды асықпай талдайтын.

Міне, осы қалпынан ол зулап өте шыққан қырық бір жыл ішінде бір ауытқыған емес. Марат Ша­мұра­тұлы университетіміздің сту­денттеріне, магистранттары мен докторанттарына философияның жал­пы курсы, ғылыми таным фи­лософиясы, философияның гносеология, онтология, филосо­фия­лық антропология, әлеуметтік фи­­­лософия, ғылыми ізденістің фи­лософиясы мен әдістемесі және тағы басқа салалары бойынша дә­ріс жүргізіп, олардың ғылым із­де­ніс­теріне жетекшілік етіп келеді.

Оның білімінің тереңдігі сон­шалық, философияның кез келген саласы бойынша арнайы курстар дайындау оған еш қиындық ту­ғыз­байды. Көп шаруаны шә­кірт­теріне ысыра салатын кейбір жасы үлкен ағаларымыз сияқты емес, ком­пью­тердің құлағында ойнайтын ол бұл іске қызыға кірісіп, қазіргі заман талап етіп отырған оқу-әдістемелік кешендерді уақытында және сапалы жасайды. Өзі айтқандай, жаңа пән­дер оның маман ретінде тоқы­рауына жол бермейді, үнемі ізденіп, еңбектенуге жетелейді.

Соңғы уақытта кафедра пән­дерін оқулықтармен қамтамасыз ету ісіне баса назар аударылып отыр. Осы істе де Марат Шамұрат­ұлы біздің бірінші көмекшіміз. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің гри­фін алған, қазақ және орыс тіл­деріне жазылған «Философия» оқу­лығын, «Қазақ мәдениетінің ға­рышы», «Қазақ өркениетінің ге­­не­зисі және дамуы», «Демокр­а­тия­ның трансформациясы: тарих, теория, практика» монографияларын айтпағанның өзінде, «Ғылыми та­ным философиясы», «Ғылымның та­рихы және философиясы», «Фи­лософияға кіріспе» және тағы бас­қа толып жатқан оқу құралдарын бар-жоғы 3-4 жылдың ішінде дайын­­дады. Университет ректоры, ака­демик Ғ.М.Мұтановтың бас­шылығымен жазылған «Әл-Фараби жә­не қазіргі заман» оқулығының маз­мұнды болып шығуына да Марат Шамұратұлы елеулі үлес қос­ты.

Ғалымның республика дең­гейіндегі қызметі ерекше. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары ол Ал­ма­ты қаласында «Шығыс-Батыс: мә­дениеттер сұқбаты» атты үш ха­лықаралық симпозиум өткізуге се­бепші болды. Нәтижесінде оның бас­шылығымен ұлттық мәде­ниет­ті теориялық негіздеуде және өзге мәдениеттермен  өзара  ықпалдасуда маңызды роль атқарған 7 томдық ғы­лыми еңбектер жинағы жарық көр­ді.

Сол жылдары ол әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті және Оклахома универ­си­тет­терінің арасындағы ынтымақ­тас­тық шарты бойынша іске асқан, USAID грантын иеленген «Әлеу­мет­тік және гуманитарлық пән­дер­ді оқыту барысында демок­ра­тия­лық құндылықтарды дамыту мә­селелері» білім беру жобасына қа­тысты.

1994 жылы мемлекеттік саясат бойынша ұлттық кеңес бекіткен «Қа­зақстан Республикасының гу­ма­нитарлық білім беру тұжырым­да­масы» жобасын дайындаған шы­ғармашылық ұжымға жетек­ші­лік жасады. Соның негізінде Рес­публикадағы ұлттық білім жүйесін ре­формалаудың 1995-2000 жыл­дар­дағы басымдықтары белгілен­ді.

1995 жылдан 2000 жылға дейін ол Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік  Аттестациялық Кеңе­­сі­нің  Төрағасының орынбасары қыз­метін атқарып, жоғары бі­лікті ға­лымдарды дайындауға үлес қос­ты. 2003-2005 жылдарда «Адамды үйлесімді дамыту» институтының ди­ректоры, ҚР БҒМ «Бөбек» Ғы­лыми Орталы­ғы­ның Бас дирек­то­рының орынбасары ретінде жастар тәрбиесі, оларды адамгершілікке баулу саласындағы ізденістерін жүр­гізді. Марат Ша­мұрат­ұлы 2 ғы­лым докторын, 13 ғы­лым кандидатын дайындап, алыс және жақын ше­телдің көп­те­ген мемлекеттерінде өткен ғылыми жиындарда баяндамалар жасады. Ол 2001 жылдан бері «Еуразия» қоғамдық-саяси журналын шы­ғарып келеді және бұл ба­сы­лымда теориялық деңгейі өте жо­ғары мақалалар ғана жарық кө­ретінін ғалымдар қауымдастығы жақ­сы біледі.

Марат Шамұратұлының «Өз­гер­мелі әлемдегі Қазақстан: әлеу­мет­тік-мәдени импульстер және еура­зиялық  өркениеттік бағдар­лар» ғы­лыми жобасы Білім беру ми­нистрлігінің грантына ие бол­ғанын да ерекше атап өту керек.

200-ден  аса ғылыми туынды­ның авторы өзінің тынымсыз қызметін 75 жылдық мерейтойы қарсаңында да жалғастыруда. Күні кеше ғана оның мақаласы кез келген ғалым­ның қолы жете бермейтін Скопус ба­засына кіретін шетелдік журнал­да жарық көргені туралы қуанышты хабар келді.

Біздің Ұстазымыз үшін ең бас­тысы – өзі тәрбиелеп отырған жас­­­тардың  рухани келбеті. Ол Абай­дың жанның құмарын, білсем екен, көр­сем екен, үйренсем екен дегенді арттыру туралы, неміс философы Артур Шопенгауэрдің «Адамды пә­ле-жаладан сақтайтын құрал – оның ішкі қазынасы, ақы­лының бай­лығы, рухтың беріктігі. Рух ас­қақ болған сайын іш пысуға орын қалмайды. Ақылды адам қайғыны бол­дырмауға, тыныш және қара­пайым өмірге ұмтылады, өйткені, адамның өз бойындағысы көп бол­ған сайын, сыртқыны қажет ет­пей­ді» деген ойларын үнемі қайталап оты­рады. Сонымен қатар, ұста­зы­мыздың пікірінше адам бақытының оннан тоғыз бөлігін денсаулық құ­райды. Тек саулық  қана  ақылдың анықты­ғына, мінездің жарқын­ды­ғына, қайрат­тың ұстамдылығына, ардың тазалығына негіз болады. Ден­саулық – ешбір атақ-даңқ, ақ­ша, шен орнын толтыра алмайтын игілік. Анарыстың сөзімен айтқан­да: «Тілге, ділге және 12 мүшеңізге ие болыңыздар!». Салауатты өмір салтын ұстанатын ғалым жастарды денені шынықтыруға шақырады, себебі, спортпен айналысу, ең бол­ма­ғанда қарапайым жаттығулар жа­сау адамға қуаныш пен рахат сый­лайды. Ұстазымыздың бұл ой­лары бәрімізге де пайдалы екендігі күмәнсіз.

Әңгімеміміздің соңында айтарымыз: Мерекеңіз құтты болсын, ан­­тика ғұламалары Сократ, Платон, Аристотельдің ісін лайықты жал­ғастырған құрметті Ұстаз, да­ныш­­пан, Дарабоз! Жарыңыз Вера Филипповнаның, қызыңыз Әсия мен ұлыңыз Ілиястың, немереңіз Жәң­гірдің қызығына, әріптес­те­ріңіз бен шәкірттеріңіздің құрметі­не бөленіп, ұзақ өмір сүріңіз! Біз Сіз­бен мақтанамыз!

Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,
философия ғылымының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия кафедрасының меңгерушісі.

Гауһар ӘБДІРАСЫЛОВА,
философия ғылымының кандидаты,
кафедра доценті.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір