«САРЫ ҚЫМЫЗЫН САПЫРЫП, САҒЫНДЫРҒАН САРЖАЛЫМ…»
21.10.2016
2922
0

1377670297_1346128276_semey-kurchatovБиылғы жылы ел өмірінде елеулі оқиғалар баршылық. Айталық, ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерекесімен қоса, Тұңғыш Президентіміздің алғашқы Жарлықтарының бірі – «ажал аждаһасы» атанған Семей атом полигонының жабылғанына да 25 жыл өткені әлемдік деңгейде аталып өтілді. Бейбіт заманда қырық жылға созылған бұл қатерлі апаттың еліміз бен жерімізге қаншалықты қасірет әкелгені туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ.


4

 

Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті журналисі,
Семей қаласы мен Абай ауданының құрметті азаматы

 

Туған жер, өскен ел, ата-баба тарихы туралы сөз қозғау  менің кәсіби журналист ретінде ғана емес, перзенттік парызым деп білемін. Алып империяның басқа жерінен орын табылмағандай, ұлылар еліне соғыстан кейінгі жылдарыжай­ғасқан атом полигонымен қоңсы қонған, соған орай төтенше радиа­циялық  аймақ деп жарияланған  Саржал, Ши өңірі – ежелден құт қонған, берекелі жер. Бүгінгі күні Саржалдың бір ғана қымызының өзінің ұлттық брендке айналғаны сол елден шыққандар үшін зор мақтаныш. Қазірде Саржалдың бал татыған сары қымызына оңтүстік астанамыз Алматының базарларында да сұраныс жоғары. «Мата даңқымен бөз өтеді» демекші, осы орайда тұтынушыны алдап кете­тіндер де жоқ емес.  Айталық, Алматы базарына бара қалған жерлес­теріміздің бірі сондай сау­­да­­гер­­сы­мақтың біріне: «Сен өзі Саржалдың қайда екенін білесің бе?» десе, ол беті шіміркенбестен: «Неге білмеймін, білемін, Саржал Шымкент  жағында» деген екен. Бұл барлық тәтті дәм, шипалы су­сын­қаймағы бұзылмаған қазақы орта – оңтүстік  жағында болуы тиіс деген түсініктен туындаған тұжы­рым ба дейміз. Сондықтан Саржал­дың сары қымызы жалпы қазақтың сүйіп ішер сусынына айналып келе жатса, оған қайтіп қуанбассың!

Ежелден әл-ауқаты зор Саржал, Ши өңірінен уызына жарыған азаматтар көп шыққан.Шежіреші-этнограф Молдабек Жанболатұлы ағамыз өзінің «Тобықты-Шыңғыс­тау» атты көп томдық елеулі еңбе­гінде жазғанындай тегінде екі-үш ғасырдан астам уақытқа созылған қа­зақ-қалмақ соғысына ұлы жеңіс­пен нүкте қойылған соң Тобықты­ның Мәмбетей,Үмбетей, Құлық, Ырыс, Қаржау  тайпалары шұрайлы Шаған, Ши өңіріне келіп жайғаса­ды. Бүгінде осындағы іргелі бір тайпа Мотыш баба есімімен аталады. Сол заманнан әлгі шұрайлы өлкенің тұтас бір бөлігінің Мотыш­тың Шиі атануы да көп нәрсені аңғартса керек.

Ал сол Мотыш бабамыз Мәмбе­тей ішіндегі Тәңірбердінің Қуанды­ғының кенжесі. Қуандықтың тоғыз баласының бәрі шетінен бай, кісі­лік­ті, жомарт жанды, құдай берген ұрпақ болыпты. Жоғарыда айт­қан­дай, екі ғасырдан астам уақытқа созылған Ұлы Отан соғысы аяқтал­ған соң бұл кезде жігіт ағасы болып қалған Мотыш Шыңғыстауға табаны тиген бетте жер таңдап, Шаған өзенінің бойындағы жалпақ қорық­тағы дөңге ат басын тіреп тұ­рып: «Мына қорық ұрпағыма, мына дөң өлгеніме қоныс болады екен» депті. Бүгінде сол дөң «Бабамның басы» деп аталады.

Сонымен Мәмбетей, Үмбетей ұрпағының жері оңтүстік батысы мен солтүстік шығысы Көкеннен Шыңғыстың сыртындағы Қара­шығалыға дейін, оңтүстік шығысы Қыдыр, солтүстік батысы Желші, Майлы өзек, Шұңқыр, Аяқшат, Қаражыра деп аталатын қазіргі көмір бассейні мен Шаң деп аталатын биікке дейін көсілген  кең ал­қап, шұрайлы жер. Сол алқапты суы мол Шаған өзені қақ жарып ағады.

Мотыш бабамыз туралы сөз қозғағанда оның ұлы Доғал (Жыл­қыайдар) жөнінде  айтпай кеткені­міз жөн болмас. Бұл кісі де әрі батыр, әрі би, оның сыртында аса жомарт жан болыпты деседі. Өскенбайдың асында Мотыштың бір баласы Қо­шетердің Құла аты бәйгеден озып келген екен. Бірақ Құнанбай бас бәйгені одан кейін келген Ұлы жүз елінің атына бер­гізіпті. Сонда ренжіп, өзіне шағым айта келген жастарға Доғал би: «Құнашжанның бір білгені бар шығар. Бас бәйгені Ұлы жүздің аты алғаны дұрыс болған екен», – депті.

Құнанбай ат жалын тартып мі­ніп, билікке қол созғанда осы Доға­лекең бір түйемойнақ алтын, күміс беріп, қазіргі заманның тілімен айтқанда,  демеуші болыпты деген де сөз бар. Ал түйемойнағыңыз  түйе­нің мойын терісінен жасалатын үлкен әмиян сынды  дүниелік болса керек. Доғал бабамыз ісіне сай де­несі де аса кесек адам болыпты де­седі. Бұл кісіні жөпшеңді ат көтере алмайды екен. Содан бұл кісі жасы келгенде сырқаттанып қалғанын Құнекең естіп, көңілін сұрап, жайын біліп келуге бірнеше кісі жібе­ріпті дейді. Әлгілер еліне қайтып барып Құнекеңе: «Доғалекеңнің халі жаман емес, оның бір күндік корегі  бір қойдың еті мен тайдың сан еті­нен қуырылған бір астау  май­лы қуырдақ» депті. Сонда сұң­ғыла ой­лы Құнанбай: «Е,сендер көп нәрсені аңғармаған екенсіңдер, Доғалекең бір күнде бір өзі бір тай­дың етін жеп  жүре беретін адам емес пе еді, ендеше  халі нашарлаған екен» деп мұңайып отырып қалып­ты.

Осы орайда, заманымыздың заңғар жазушысы  Мұхтар Әуе­зовтің хакім Абай жайындағы ұлы эпопеясында біздің елді қысқаша болса да Ши өңірі деп суреттейтіні, Мотыш баба ұрпақтарына «бұлар өздері кесек, жуан сары, көздері көкшіл болып келеді» деп сурет­тей­тіні еске оралады. Ғұлама Мұ­хаң, әрине, сөзді біреуден қарызға сұрап алып айтатын кісі емес.  Десе де, осы сөзде арғы Құнанбай мыр­заның Мотыш, Доғал бабаларға деген ықылас, ниеті жатқандай көрінеді де тұрады.

Мұхаң демекші, жас Мұхтар жиырмасыншы жылдары Шаған болысында ұстаздық етіп, бала оқытқан ғой. Ал одан кейінгі ара­лықта жылдардан жыл өтіп, жазушы ретінде  даңқы жер жарып шы­ға бастағанда біздің ауылдың сол тұстағы ақсақалдары «осы Әуезов, Әуезов деп аспандатып жүр­гендерің баяғы қожа Мұхтар емес пе, өзі» дейтін көрінеді таң қа­лып. Бұл енді ертегі емес, шын­дық. Соның айға­ғындай, Мұхаң қырқыншы жыл­дардың соңы, елуінші  жыл­дардың басында  данышпан ақын туралы болашақ эпопеясына тың деректер жинау мақсатымен Аягөздетіп елге келген бір сапарында бұрынғы әріптесі Ыбырай Матаевты сұрасты­рыпты. Өйткені, ол өзі Шағанда бала оқыт­қанда Ыбырай мұғалім Ши өңірінде үлкен-кішінің сауатын ашумен шұғылданып жатыпты. Мұны да кейінгі жас ұрпақ біле жүрсін деген ниетпен тілге тиек етіп отырмыз. Бұл кісіні жерлестері Абай мұғалім деп ерекше құрмет­тейтін.

Ал сол жас Мұхтар осы өңірден шыққан Алаш қайраткерлері Халел Ғаббасов пен Ахметжан Қозға­баровтарды өзіне үлгі тұтқан. Халел Мәскеу университетінің заң факультетін патша заманында ал­тын медалмен бітірген адам. Кейін­де Мұхтар Ленинград университе­тіне оқуға бет алғанда өзіне сол Халелдерді үлгі тұтпады дейсіз бе!

Ал Ахметжанға келетін болсақ, ол Қазан төңкерісінен біршама жыл бұрын Омбының орталық фель­дшерлік мектебін бітіріп, дәрігер мамандығына ие болған алғашқы қазақтардың бірі. Оның жиырмасыншы жылдары Абай елінде өз бастамасымен аурухана аштыратыны жеке әңгіме. Ахмет­жанның жұбайы Тұрар ханым да оқыған, тоқыған алғашқы қазақ қыздарының бірі. Төңкеріске дейін­гі кезеңде Семейдегі мұғалім­дер семинариясында «Біржан-Сара» айтысынан көрініс көрсе­тіл­генде Біржан рөлін Жүсіпбек Ай­мауытов,  Сара рөлін осы Тұрар ханым сомдаған.

Сөзден сөз шығады, Ахметжан мен Тұрардың ұлы Алаш ағамыз да осал кісі болмаған. Иә, бұлар заман сұрқынан еш сескенбестен ұлда­ры­ның атын Алаш деп қойған. Алаш әке жолын қуып дәрігер мамандығын иеленді. Және жай ғана дәрігер емес, ғалым-дәрігер атанды. Яғни әкесі кешегі заманда, ал баласы бергі заманда ел құр­метіне бөленген. Соған орай, ана бір жылдары «Егеменде» «Ол Алаштың Ахметжаны, ал Алаш Ахметжанның ұлы еді» деген тақырыппен мақала жазған едік. Шындығында, ауыспалы мағы­насы жағынан да, тура мағынасы жағы­нан да солай. Бүгінде Семей­дегі орталық көшелердің бірі Алаш атында. Мұны да қуана құптай отырып, мүмкін ол көше әкелі-ба­лалы Қозбағаровтар көшесі атанғаны жөн бе еді деген ойға да шомасың! Өйткені, мұндай құр­метке оның әкесі де әбден лайық еді ғой. Оның үстіне Семейде ағайынды Мусиндер атындағы көше де бар емес пе!

Туған жер, өскен ел туралы сөз қозғалғанда бергі заманның Робин Гуды атанған әрі ақын, әрі батыр Тәуке қақында қайтіп сөз қозға­массың! Ер Тәуке туралы да кезінде «Егеменде» «Шыңғыс­таудың Робин Гуды» деген тақы­рып­пен мақала жариялағанбыз. Онда оның қарадан шығып хан атанған Құне­кеңнің немерелері әнші Әміремен, ақын Тұрағұлмен аралас-құралас болғандығын, ерлігімен жас Мұх­тардың ілтипа­тына бөленгенін, қилы тағдыры ақиық ақын Ілияс Жансүгіровтің  қаламына  іліккенін айтқанбыз. Ал оны біреу оқып, біреу оқымаған да шығар.

Осы орайда сөз баспасөз қа­қын­да қозғалып жатқанда Ши өңірінен шыққан кешегі заманның атақты меценаты Қаражан Үкібаев туралы айтпай кетуге болмайды. Бұл кісі бастауында Әуезов пен Аймауытов тұрған «Абай» журналына демеушілік жасаған. Қара­жан­ның аспандағы аққуға әуезді әнімен үн қосқан әнші Әміреге де шапағаты тиген екен деседі. Сол Қаражандардың тұстасы, заман­ның ағымымен  бірі ақ, бірі қызыл жағында болып,  айтысып, шабыс­қан  ағайынды  Ике, Мұсатайлардың шерлі тарихы өз алдына бір әңгіме. Осы тұста мидай былыққан заман­ға налисың. Болмаса сол ағайынды аса ауқатты жандардың байлығы ел игілігіне бұйырғанда отызыншы жылдардағы аштыққа жол берілмеген болар еді.

Ал Саржал, Ши өңірінен шық­қан атақты жандар легі тек жоға­рыда есімдері аталғандармен шектелмесе керек. Айталық, осы елден шыққан Шәймерден Тоқжігітов деген ағамыз сонау отызыншы жыл­дары бүгінде бірі «Семей таңы»,  екіншісі «Егемен Қазақстан» деп аталатын облыстық, респу­бли­калық басылымдарда басшы қызмет  атқарған. Ана бір жылдары менің туған інім Сәкен директор болып  жүргенде Саржал орта мек­тебіне Шәймерден есімін бергізуге мұрындық болды. Ал оның себебі де жоқ емес еді. Өйткені, Шәймер­ден Тоқжігітов Ши өңірінде алғаш­қы мектептің ашылуына себепші болған адам.

Өткенде осы Сәкен Саржалға белгілі бір себеппен бара қалғаны-мызда алқақотан бастары тоғысып қалған жерлестер алдында: «Ауылымызда салынып жатқан мәде­н­иет үйіне осы өңірде өмірге келген Бекен Жамақаевтың есімін бер­сеңіз­дер екен» деген мазмұнда өз өтінішін білдірді. Өйткені, өз ортамыздан шыққан атақты сазгер осы өңірдің Жанан деген жерінде өмір­ге келіп, бастауыш білімге Саржал мектебінде ие  болған. Тоқсаныншы жылдардың басында Бекеннің алпыс жылдығын Саржалда атап өтуге  мектеп директоры Сәкеннің және мұрындық болғандығын айтсақ, басқалар мұны өздеріне бұра тартып жатыр демес.

Айналып келіп Мұхаңа соға береміз. Шындығында, Әуезов Жамақаев бауырының «Махаббат вальсін» сүйсіне тыңдап, жоғары бағалаған, мұның денсаулығына алаңдап қамыққан. Аз ғана ғұмы­рында әнді аз жазса да саз жазған, «вальс королі» атанған Бекен аға қандай құрметке болсын лайық деп білеміз. Алматыдағы әл-Фара­би даңғылымен «Орбита» ықшам­ауданындағы үйімізге беттеп бара жатқанда осы үлкен даң­ғылды қиып өтетін сазгер ағамыздың атындағы көшені көрген сайын бойымызды елге, сол елден шық­қан ерге деген мақтаныш сезімі баурап жататынын несіне жасы­райық.

Әйтеуір, өнер жайлы, өнер адамы туралы сөз қозғалып кетті ғой. Ендеше осы Саржал орта мектебінен қанаттанып ұшып, үлкен өнер шыңына өз жөнімен барып қонған әнші-профессор Кенжеғали Мыржықбаев туралы бір ауыз сөз айтпай кеткенім жөн болмас. Кенжеғали тек Саржал ғана емес, Абай-Абыралы өңірінен шығып Ленинград конверваториясын бітірген бірден-бір кәсіпқой опера әншісі.

«Алтын шыққан жерді белден қаз» дейді халқымыз. Бұл өңірде ер Тәукенің ақындық жолын жалғас­тырған Тәңірберген Әміренов, Хам­за Икрамбеков сынды нағашы­ла­рымыз болды. Тәңірберген наға­шымыз басқаны айтпағанда, жыр даңғылы атанған Жамбылдың алдын көріп, кешегі жыр  дүлдүл­дері Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали ағала­ры­мен, өзінен жасы кіші інісі Қалиханмен бірге аламан айтыс­тың көрігін қыздырған адам. Сайын сахара Сарыарқаның  гимні іспеттес Мейрамбек ағамыздың «Сағындым, Сарыарқаны» әнінің сөзін жазған да осы кісі. Сол наға­шымыз көзі тірісінде «сен үлкен шешең жағынан да, өз шешең жағынан да жиенсің» деп үйіне үлкен кісілермен қосып қонаққа жиі шақырып жататын-ды. Сонда қонаққа жиналған жұртшылық от ауыз, орақ тілді нағашымыз бен қайсар мінезді Қайым   ұстазы­мыз­ды ғана сөйлетіп қойып, шерлі де нәрлі әңгімеге ден қоятын.

Ал енді ел тізгінін ұстаған  сар­жал­дықтар да аз болмаған. Ай­талық, Мұқаш Орынбаев деген кісі ертеректе республикамыздың Қаржы министрі деңгейіне дейін көтерілген.  Жоғарыда есімі аталған  Абай мұғалімнің тұңғышы, Саржалда туып, алғашқы еңбек жолын Бесқарағайда мектеп директоры, колхоз бастығы болып бастаған Хафиз Матаев ағамыз одан кейінгі жерде Шұбартау ау­дан­дық атқару комитетінің төра­ғасы қызметін абыроймен атқарды. Одан кейінгі жерде ұлылар еліне екі келіп ел тізгінін қолға алды. Абай елінің мейлінше өркендеп, дамығаны сол кез. Хафекең сол екі аралықта облыс басшыларының бірі болып та жемісті еңбек етіп үлгерді.

Ал қаладан ауылға қайтып ора­лып, жасы отызға келмей жатып  мектеп тізгінін қолға алған Бәтташ Сыдықов ұстазымыз кейіннен аудан  басшыларының  бірі,  облыстық телевидение мен радио  хабарларын тарату комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Жасы келген шағында тілдің шын мәніндегі жанашырына айналып, «Ана тілінің айбары» орденімен марапатталды. Бұл кісінің үлкен ұлы Ерлан Астанадағы Н.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық  универ­ситетінің ректоры болып жемісті еңбек етіп жатса, екінші ұлы Нұр­лан­ның алдымен Бесқарағай, соңы­нан Жарма ауданының тізгінін қолына алғанына бірер жыл болып қалды.

Осы орайда, біздің тұстастардан Бекен Теміровтің қала мен  ауданға басшылық  жасағанын, қала әкімі­нің бірінші орынбасары, одан кейін­гі жерде облыстық және қала­лық әкімшіліктің аппарат жетекшісі болғандығын айта кетсек дейміз. Ал небәрі жиырма үш жасында Абай аудандық мәдениет бөлімін басқарып, атақты «Қалам­қас» халық ансамблін ұйымдас­тыруға ұйытқы болған ағамыз Мұ­рат Әлин бұдан соң облыстық филармония мен мәдени-ағарту училищесіне  басшылық жасап, өмір баспалдақтарынан өте келгенде алдыңғы ұстазының жолымен облыстық телевидение және радио хабарларын тарату комите­тінің төрағасы қызметіне тағайын­далды.

Әр жылдарда Саржал еліне Кәбір Қайырханов, Мұратхан Қор­ғанбаев сынды ағаларымыз білгір­лікпен басшылық жасағанын неге айтпасқа! Мұның алғашқысы рес­публика Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланса, екіншісі Ленин орденін иеленіп, енді болмаса Еңбек Ері атануға шақ қалып еді. Нағашымыз Мұхаңның ізгі ізі Абай елінің басқа да ауылдарында сайрап жатыр. Осы орайда Саржал елінен ертеректе Жиенбай Екібаев, Жұмағайша Жакина сынды Еңбек Ерлері де шыққанын айта кет­кеніміз  жөн болар.

Саржалдан қанаттанып ұшып, алғаш жоғары оқу орнына түсіп, елге еңбегі сіңгендер қатарында Бейсен Жұмагелдин, Қайырлы Жанбаев, Арғынбек Ахметжанов, Әнуарбек Исаханов есімі де құр­метпен аталады. Ал алпысыншы жылдардың басында Арап Еспенбетов, Нәубат Қалиев, апайым Қайыркеш Сейсенова мен кейінде жеңгемізге айналған Нағияш Жиенбаева кейінгі тол­қынға үлгі көрсетіп, алғашқы екеуі Семейдегі педагогика, соңғы екеуі медицина институттарына барып түсті. Бұлардың соңғы екеуі Саржал орта мектебінің алғашқы алтын медаль иегерлері болып табылады. Ал Арекең ғылымның шыңына көтеріліп, ғылым докторы, профессор, оның сыртында Қазақ­с­танның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Нәукең де ғылым докторы, профессор. Кезінде Әуезов атын­дағы педагогика колледжіне бас­шы­лық жасады. Осы жерде жүр­генде республика Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Қазірде Астанадағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры.

Биыл Елбасы Жарлығымен Семей атом полигонының жабылғанына 25 жыл толып отыр дедік. Сол қасіретті де қасиетті Саржал ауылы ел егемендігінің арқасында бүгінде қайта түлеп, жаңғырып отырғандығын айтпас­қа болмайды. Соның айғағын­дай, Саржал Абай еліндегі үш тірек ауылының бірі болып табылады. Осыдан бірер жыл бұрын мұнда жаңа мектеп, мәдениет үйі, футбол алаңы қатарға қосылып, су құбыры тартылса, биылғы мерекелі жылда ауылдың басты көшелеріне асфальт төселді. Өткен ғасырдың басында ұлт көсемі Әлихан Бөкей­хан «әлһәмилла, аз емеспіз, алты миллион қазақ бармыз» деп жазған шақта біздің ауылдағы халық саны алты мыңның үстінде болыпты. Ал содан кейінгі зұлмат пен нәубат­тардан, сұрапыл соғыс пен оған жалғасқан атом апаты салдарынан соң мұндағы тұрғындар саны екі мыңға дейін кеміп кеткен еді. Иншалла деп айтайық, қазірде Сар­жал­дағы тұрғындар саны тұрақ­та­лып, аз да болса өсім бере бастады. Жақсының жақсылығын айт де­мек­ші, осындай оңды өзгеріс­терге байланысты аудан басшысы Тұр­сынғазы Мүсәпірбековтың атына жылы лебіз білдіре кетсек дейміз.

Иә, топырағы торқа, шөбі шүй­гін, суы бал туған жерден, он­дағы осындай оңды өзгерістерден қайтіп айналмассың! Шерағаң, талай журналист қаламгерлердің ұстазы болған Шерхан Мұртаза «жасымда Мәскеуде оқыдым, ат жалын тартып мінген соң талай шет елдерде болдым, бірақ соның бірі түсіме кірген жоқ, түсімде тек туған жерімді көремін» дейді.

Бұл  сөзге біздің де алып-қоса­ры­мыз жоқ. Семейден елге бет алып, орта жолда Қарасу-Знамен­кадан, одан арғы Ащысудан өтіп, Бой­лауық­тан бел асып Саржал ауылы жарқ етіп көрінгенде жү­ре­гімнің кеудемде кептеліп, атқақтап кете­тіні несі! Иә, туған жер не бар екен сенен ыстық, өйткені сенде туып, сенен ұштық! Саған қаншама жерден төтенше радиациялық аймақ  деп  жанама  ат  қойылғанмен, қарға баласын аппағым демекші, сен біз үшін жер жұмағы болып саналасың! Бүгінгі күні сенің басыңнан өткен қасіретті емес, қасиетіңді сөз етіп жатқаным да сондықтан!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір