БІЗ КІМБІЗ? ҚАЙДА БАРАМЫЗ?
14.10.2016
3941
0

kollazh01Үш жүз жылдай мойнына бодандық қамытын киген қазақ үшін бүгінгі күннің ең басты мәселесі жан-жақты отарсыздану болуы тиіс еді. Жалпы, отарсыздану – отарлық салдарын жою, санаға сіңген бағыныштылық пен сенімсіздіктен, үрей мен қорқыныштан, өмір сүру дағдысы мен ұлт ретінде өзгелерге жалтақтаудан, яғни құлдық санадан арылу. Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақ қоғамында осы процестер жүрді ме? Отарлау езгісінен енді құтылған қазақ санасын еркін ойлап, именбей сөйлейтін дәрежеге жеткізу үшін не істеуіміз керек? Бүгін осы сауалдарға жауап іздеп көрдік. «Осы қазақ қай қазақ?» деп қазақтың бүгінгі кейпіне үңіліп қарағанда, халықтың көбі люмпен-пролетариатқа айналып бара жатқандай әсерде болдым бір сәт. (Люмпендер – өз жағдайларын өзгертуге құлшынбайтын, тағдырға мойынсұнған жұмысшылардың тапсызданған, ұяттан безген, өнегесіз бөлігі қайыршылар, қаңғыбастар, тұрақты мекені жоқтар, қылмыскерлер және басқалар). Құдай сақтасын, әрине. Менікі тек күдік болғай. Алайда, экономикалық дағдарыс пен жұмыссыздық, әлеуметтік-саяси аномия шынында да люмпендер санын тіпті арттырып бара жатқан секілді. Ал өздерінің әлеуметтік-саяси бағдарын анықтай алмаған люмпендер әр түрлі әлеуметтік-саяси, діни ұйымдардың жетегіне тез еріп, түрлі қадамдарға барудан тайсалмайтынын кешегі тарих та, бүгінгі өмір де дәлелдеп бере алады. Сонда бізге не істемек керек? Көп айтылғанымен қолға алына бермейтін ұлттық идеологияның жоқтығы қазаққа әлі қанша зиян шектірмек? Сарапшыларымызға жолдаған сауалдарымыздың ұзын-ырғасы да жобамен осы төңіректе болды. 


– Болашақты дұрыс бағдарлай білу үшін өткеніңді жақсы білуің қажет. Біз бүгін Қазақ тарихына қалай, кімнің көзімен қарап баға беріп отырмыз? Осыған дейін талай саналыны мазалаған «Біз кімбіз?», «Қайда барамыз?», «Бізге не керек?» деген сұрақтарды тағы бір мәрте қозғап көрсек…

sharipbek-amirbek-jpg0Шәріпбек ӘМІРБЕК,
саясаттанушы:

– Кәсіби, тарихи деректерге негізделген тарих баяу дамып, жалған тарих 25 жылда керемет жетістікке жет­ті. Жалған тарих дайында­ған қойыр­т­пақ санаға сіңуде. «Біз кімбіз?» деген сұраққа руымызды, «Қайда бара жатырмыз?» деген сұраққа «біз» емес «мен» бара жатырмын деп, «Бізге не керекке?» «маған не керек?» деген ұстаным қалыптасты. Тұтасудың орнына ұсақ­та­лып, Абай атамыз айт­қандай, «Бас-ба­сына би болған өңкей қиқымға» айналып барамыз. Осының соңы сол өлеңнің жалғасында айтылған жағдайға ұласып кетпесе екен деп қорқамын. Социологияда ұсақталған қоғамды «атомарлы қоғам» деп атайды.

nabizhan-muhamethanulyНәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
тарих ғылымы­ның докторы,
әл-Фа­ра­би атында­ғы
Қа­зақ Ұлттық уни­верситетінің про­фессоры:

– Қазіргі әл­ем­дегі ел­дер­дің барлығы белгілі бір ұлттың не­гі­зінде құрылған мемлекеттер. Бірақ ол елдерде азды-көпті басқа этнос өкілдері өмір сүреді. Алайда, мемлекеттердің болмысы сол мемлекетті құрушы ұлттың тарихи және бүгінгі жағдайының көрінісі болып табылады. Мұнда екі процесс бар: бірі ұлттың тарихи қалыптасу процесі, бұл процесс белгілі бір деңгейге жеткенде ұлттық мемлекетті қалыптастырады; Енді бірі мемлекеттік процесс немесе мемлекеттің даму процесі. Мемлекеттік процесс ұлтты дамытып, жетілдіріп отырады. Бұл процестер диалектикалық қатынаста болады. Қазақта бұл процес­тер болды, соның нәтижесінде ХV ға­сырда қазақ өз алдына дербес ұлт болып қалыптасты, ұлттық мемлекет – Қазақ хандығы құрылды. Бірақ біздің ұлттық процесіміз бен мемлекеттік процесіміз өзіндік әлеуметтік өндіріс формасының шектеуіне ұшыраудан тыс, сыртқы факторлардың кедергісіне, бүлдіруіне көп ұшырады. Тіпті, біршама уақыт жойылып та кетті. Ұзақ уақыттық отарлық езгі мен күшті идеологиялық үгіт-насихаттар халқымыздың санасын өзгертті. Өзгерткені соншалық, өзіне-өзі сенбейтін, өзінің қазақ болғанына намыстанатын, өз ана тілінен безінетін күй­ге жеткізді. Соның салдары қазірге дейін сақталып келеді. Сондықтан «Біз кімбіз?», «Қайда бара жатырмыз?», «Бізге не керек?» деген сұрақтар әлі де маңызды. Бұл сауалдарға «біз қазақпыз, біз жарқын болашаққа бет алып барамыз, бізге тәуелсіздік керек, даму керек» деп неге жауап бермеске?! Ұлттық даму жолында, әлеуметтік даму барысында кедергі­лер мен қиыншылық болып тұрады, проблемасы жоқ мемлекет бұл әлемде болмайды. Өмірдің өзі проблемаларды шешумен, қиындықтарды еңсерумен мәнді емес пе?!

Ал Қазақ тарихына қалай, кімнің көзімен қарап баға беріп отырмыз? деген сұраққа келсек, мен айтар едім: тәуелсіз­діктен бері кәсіби тарихшылар ғылыми тұрғыдан ұлттық тарихымызды, аймақ­тық (Қазақстан) тарихымызды ғылыми тұрғыдан зерделеуге тырысып келеді. Ал зерттеу деңгейінің жоғары-төмен болуы жеке тарихшылардың қарым-қабілетіне байланысты. Тарих ғылымының басты міндеті – өткен қоғам дамуының заңды­лы­ғын ашып көрсету, бүгінгі жағдайды бағамдау және болашаққа болжам жасау. Дегенмен, тарих зерттеуде мемлекет­тің мүддесін күйттейтін идеология сақ­талады. Ғылымы дамыған елдердің бәрінде солай. Ал саясат қабылдауда өз тарихымыздан, жалпы адамзат тарихынан сабақ алып жатырмыз ба? Бұл саясат қабылдаушы элитаның ісі.

– Соңғы уақыттағы халық тұрмы­сы­ның нашарлауын еліміздегі экономикалық дағдарыстан көреміз. Сонымен күресудің жолын іздейміз. Бұл дұрыс та шығар, алайда, экономикалық дағдарыстан бұ­рын санадағы дағдарыстың салдары қиын болатынын ескере бермейтініміз неліктен? Қазақ санасының улануы үш ғасырға ұласқан отарлық саясатпен тікелей байланысты. Жалпы отарсыздану (деколонизация) процесі қалай жүруі тиіс еді? Бізде қалай жүріп жатыр?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:

– Отарсыздану өте күрделі процесс. Себебі, отарлаушы ел барлық жағынан басым болған жағдайда оның салдарын жеңу өте қиын болады. Ресей Қазақстан­нан бар жағынан басым болғаны белгілі. Сонымен бірге, ол басым көрші ретінде қалған жағдайда және тұрғындардың бір бөлігі сол ұлттан болған жағдайда
отарсыздану процесі өте баяу жүреді. Біз сол жолмен келе жатырмыз. Басқаша жасау елді тұрақсыздандыратын жан­жал­дарға алып келетін еді. Біздің маң­дайымызға тағдыр екі алыптың ортасына тұруды жазған екен, көсіле шабуға санадағы шідер, саясаттағы қол байлау және білім деңгейінің төмендігі әсер етеді. Біздің өрлеуімізге, өркендеуімізге, отарсыздануымызға әсер ететін тек екі-ақ фактор. Біріншісі – халық санын көбейту. Екіншісі – білім саласын дамыту. Өкінішке орай, біз бүгін білім саласын тұралатып бітірдік.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ:

– Біз мынаны ескеруіміз керек: КСРО-ның ыдырауы – оның ішкі дағ­дарысының заңды салдары. Біздің тә­уел­сіздігіміз белгілі бір тұрғыдан қар­­ған­да, сол ұлы дағдарыстың сыйы іс­­пет­тес болды, яғни біз дағдарысқа ұшырап күйреген елдің қоқсығынан тәуелсіз мемлекет құрдық. Сондықтан тәуел­сіз­дік­тің алғашқы жылдарындағы қиын­шылықтар ол тәуелсіздіктің кінәсі емес, ол соған дейінгі КСРО қоғамының зардабы.

Дүниежүзі тарихынан алып қарайтын болсақ, жалпы Шығыс елдері ХХ ғасыр­да ілгерінді-кейінді ұлттық тәуелсізді­гіне қол жеткізді. Тәуелсіздік алған соң олар әр түрлі формада отарсыздану қозғалысын жүргізді. Біріншіден, олар тәуелсіз ұлттық (мемлекеттік) экономи­калық өндіріс негіздерін қалады; екін­шіден, санадағы отарлық – құлдық пси­хологиядан арылуға бағытталған ағартушылық қозғалыстарды жүргізді, әлі де жүргізіп келеді. Мұнда олар алдымен адами құндылықты қалыптастыруға көңіл бөлді. «Сен де басқалар сияқты еркін адамсың, адами құқығың бас­қа­лар­мен бірдей, сен ешкімнен кем емес­сің, басқалар істей алған істі сен де жасай аласың, өзіңді сүй, өзіңді күшейт!» деп, өзіндік сананы қалыптастырумен қатар, «сенің мемлекетің басқа елдермен терезесі тең, мемлекетіңді қорғайтын, дамытатын борышың бар сенің!» деген сияқты қарапайым насихаттар арқылы, жалпы халықтың патриоттық сезімін өсіріп, мемлекеттік санасын күшейтті, халықты экономикалық және рухани тұрғыдан еңсесін көтеріп, мақтаныш сезім ұялатты. Әрине, отарсыздану деген саяси, экономикалық және мәдениет салалары бойынша жүрілетін процесс. Өкінішке орай, біздің елімізде бұл процесс дер кезінде мемлекеттік деңгейде жүйелі түрде жүргізілген жоқ. Бірақ гуманитарлық салада, әдебиет көркем-өнер саласында отарлық санадан, құл­дық психологиядан арылуға бағыт­талған еңбектер, туындылар, концерттік қойылымдар, медиалық үгіт-насихаттар жүріп жатқанын жоққа шығаруға болмайды. Дегенмен отарлық пен тәуел­сіздіктің сипатын айырмайтын­дардың көп екенін сезініп жүрміз. Кей­біреу­лердің колониалдық саясаты өзімізге қайта тықпалағысы келетіні, санадағы отарсызданбаудың салдары деп санаймын.

– Ділі мен тілінен, болмысынан айрылып қалудың алдында тұрған халық қандай қадамға баруы тиіс еді? Қазақ санасына сыналап енген құлдық психологиядан арылудың алғышарттары қан­дай?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:

– Менің ойымша біз құлдық санадан емес, мәңгүрттік санадан арылуымыз қажет. Құл қанша құл болса да еркін ойлай алады, біз ойлаудан, ойланудан қа­лып барамыз. Бейжайлық ұлттық сананы жегідей жеген ауруға айналуда. Осыған орай бір қанатты сөз еске түседі: «Досыңнан қорықпа, ол мүмкін сені сатып кетер, жауыңнан қорықпа, ол мүмкін сені атып кетер, бейжайлықтан қорқу қажет, себебі, бейжайлықтың әсе­рі­нен сатқындық та, өлтіру де жүзеге асады».

Ал енді құлдық сана ақпараттық заманда күшейе бермек. Себебі, Қазақ­стан­­ның ақпарат кеңістігінде басқа­лар­дың ойлау жүйесі басым болып тұр. Бү­кіл телеарналар мен радио тек әзіл мен концерт. Жас ұрпақты тек арзан әзілмен, мағынасыз әнмен алдағаннан не ұтамыз? Абай атамыз айтқандай, «Басында ба­лаң­ды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса, кімнен көресің?».

Ал енді тіл мәселесіне келетін болсақ, тілдің басымдығын үш фактор қам­тама­сыз етеді: Біріншісі – кәсіпкерлік, бұл салада қазақ тілі жоқтың қасы. Екіншісі – сол халықтың абыройын көтеретін ер­лігі. Үшінші – ғылымы. Қазақ ғылымы әлемдік ғылымның өгей баласы сияқ­ты.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ:

– Мемлекеттік мәдениеттің басты көрінісі ұлттың тілі мен дәстүрлі діни сенім-нанымынан көрінеді. Мемлекеттік тілдің, дәстүрлі діннің қауіпке ұшырауы дегенді тәуелсіз мемлекеттің қауіпке ұшырауы деп санайды қауіпсіздік теориясында. Онда мәдени қауіпсіздік саяси-әскери қауіпсіздіктен, экономика­ның қауіпсіздігінен еш кем емес ұғым. Сондықтан әрбір қазақстандықтың өз мемлекетінің қауіпсіздігін сақтауға, мәдени қауіпсіздігін қорғауға Кон­с­титуция­лық құқығы бар және ол әрбір азаматтың борышы болып саналады. Біреуді өз құқығыңды неге қорғайсың деп жазғыруға болмайды ғой.

– Жиырма бес жылдан бері мемлекет­тік тіл мәселесін шеше алмай келе жат­қанымызға, моноұлтты емес полиұлтты мемлекетпіз деп жар салуымызға қарап, «Отаршылдардың өздері кетсе де көлең­кесі қалады» дейтін ғалымдар пікірінің растығын мойындаймыз. Күйбең тірліктің қамытын киген қалың жұрттың ұлттық рух пен намысты ойлауға мұршасы да жоқ шығар. Алайда, қарашаны бір мүддеге жұмылдыратын, езілген еңсені тіктеуге көмектесетін идеология қажет-ақ. Идеология десе үрке қашатын уақыт артта қалып барады. Ұлттық мәселеге бір кісі­дей жұмылдыратын тетік керек. Тұтас­тыққа зияны тиетін ескінің сарқыншағы бізде не деп ойлайсыз?

Шәріпбек ӘМІРБЕК:

– Бізде идеялар жетерлік, бірақ соны тұтастыратын идеология жоқ. Идеологияда идеялардың жиынтығын жүзеге асыратын тетіктер болуы қажет. Өкініш­ке орай идея бар, алайда оны жүзеге асыру жолдарын анықтай алмаймыз. Себебі, біздің ойлау мәдениетіміз өте төмен. Дәстүрлі қазақ қоғамы бір күндік философиямен өмір сүрді. Біз сол сүр­леуге қайта түстік. Ал енді ұлттық мәсе­леге жұмылдыратын мүдделі топ болуы қажет. Мүдделі топ болмаған жағдайда тетік те болмайды. Сонымен бірге, ұлт­тық мәселе дегеніміз не? Тәуелсіздігін алған мемлекетте ұлттық мәселе болуы мүмкін бе? Егер ұлттық мәселе болса, ол қандай мәселе? Егер тіл ұлттық мәселе болса, оның шешімі өзіміздің қолы­мыз­да. Сапасыз, ойсыз шығарма, мақала, оқулыққа бізден басқа кім жауап беруі керек. Мысалы, жиі қайталайтын ма­қалымыз «Отан – оттан ыстық». Осы ма­қалда қандай патриоттық тәрбие беретін ой бар? Бізде барлығы ұйқас қуған мағынасыз сөздер. Сондықтан бізге қа­зақ­ты жасампаздыққа жұмыл­дыратын идея керек. Біз дүниені тек терри­то­риямыздың үлкендігімен, қазба байлық­тарымызбен таңқалдырып отырмыз, енді білімділігімізбен таңқал­дыруымыз қажет. Міне, осы идеяны жүзеге асыру үшін бірігуіміз керек. Сонда ойсыздық та, бейжайлық та жойылады, тіл де дамиды, ұлттың да мерейі өседі, заман да өзгереді.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ:

– Жоғарыда айтқанымдай, Қазақстанда бір ғана моноұлт – қазақ ұлты ғана бар, қалғандары полиұлт емес по­лиэтностар. Мей­лі қандай эт­нос өкілі болсын, олардың азаматтық құ­қы­ғы, міндеті мен борышы Конституцияда бел­гі­лен­ген қазақтармен тепе-тең. Сондықтан Қазақстан азаматтары мемлекеттік тілді білуге, қолдануға міндетті. Мәселе қа­зақ­тар моноұлт бола тұрып, өзіміз мемлекеттік тілді қолдануға пейілді емеспіз. Міне, бұл отарлық сананың көрінісі. Қазіргі заманғы отаршылдардың отарлық формациясы өзгерген, олар өздері тікелей емес, жанамалай түрде өздерінің көзқарасын, саясатын қабылдаған, тіпті, өздеріне табынған тұлғалар арқылы өз саясатын жүргізіп, өз мүддесін іске асырады. Мұндай мысалды әлемнің әр елінен келтіруге болады.

Егер мемлекеттік тілді немесе мем­лекет­­тік тіл мәдениетін мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қарастыратын болсақ, онда мәселеге бейжай қарауға болмайды. Демек, мәселе танымда. Таным анық болмай, қолданатын саясаттық шаралар дұрыс болмайды.

Қазіргі таңда, мемлекеттік біртұ­тастықты, ұлттық біртұтастықты басты орынға қоятын мемлекеттік идеология концепциясын жасау қажет. Ал мем­лекет­тік идеологияның нақты мазмұн­дары, атап айтқанда, мемлекеттік басты құндылықтар заңмен бекітілуі керек. Заңдық критерийлер негізінде жалпы халықты бірлікке шақырып, ел береке-бірлігін бұзатын, саяси-әлеуметтік, мәдени және діни сөз әрекеттерге қатаң тыйым салынуы тиіс. Мемлекеттік мәде­ниет­ті мойындасақ, сол мәдениеттің жиынтығы мемлекеттік идеология болып табылады. Елімізде біртұтастыққа зияны тиетін ескінің сарқыншақтары ғана емес, жаңадан елге енген идеоло­гияланған діни ағымдардың әсері бәрінен қауіпті деп санаймын.


kazhy-ayubiАкбар АЮБИ,
экономист, Дания қазағы

ҚАЗАҚ ҚИЯЛ ӘЛЕМІНДЕ ҚАЛҒАН СИЯҚТЫ

әлем тарихында талай ұлт құрып кет­ті және талайы өлім аузынан қал­ды. Сол өлім аузынан қалған халықтың бірі – қазақ халқы. Талай топалаңды басынан өткерген қазақ енді жаһанданудың құрбанына айналмас үшін не істеуі керек? Уақыт сынынан сүрінбей келе жат­қан халқымызға жаңа ғасырда жұтылып кету қаупі төніп тұрған жоқ па?

Жалпы үш шақ бар:

Өткен шақ, қазіргі шақ және келер шақ. Өткен шақ өз ролін атқарып кетті, бү­гінгі күніміз – өткеніміздің нәтижесі. Қа­рап отырсам, жасы үлкеннің 25-ін, же­тім­нің ата-анасын аңсағаны сияқты, қа­зақ өткен күнін көп көксейді екен. Алай­да, енді өткенді көп айтып, арман-қиялға берілудің еш пайдасы жоқ. Менім ойымша, қазір қазақ қиял әле­мін­де қалып тұрған сияқты, осы шақты ойланбай, келер шаққа жоспар жасай ал­май жүргенінің себебі осы.

Қазіргі шақ – келешек үшін еңбек­тенетін уақыт. Сол үшін осы шақта аян­бай, бар күшімізді салып жұмыс істеуі­міз керек. Бұрынғыдан гөрі адам үшін қазіргі жағдай маңызды. Сол үшін қа­зақ өткенін есінде ұстап, осы шақта бар күшін салып, келешегі үшін ең­бек­тенуі қажет еді.

Отарсыздану процесі

Айту оңай, бірақ іс жүзінде уланған құлдық психологиядан шығу өте қиын. Се­бебі, адам аяқ астынан өзгере салатын технология емес. Бұл тұрғыда 25 жыл­дан бері қол жеткізген нәтиже бар, бірақ өте аз. Себебі, қазақ жоғары­да айтқандай, өткенді аңсап, бүгінгі жоқ нәрсені сол өткенінен іздейді. «Мен кіммін?» деп сұрақ қой­майды. Біздің тарихимыз мұндай болған, аталарымыз батыр болған деп, ашынған қарнын бос ауамен толтырып жүре береді. Деколонизация процесін тездету үшін билік ба­сына жастар көбірек келу керек деп ойлаймын.

Кез келген ұлттың ассимиляцияға ұшы­рап ділі, тілі және болмысы құрып кетуін адамзатқа жасалған қиянат деуге болады. Сол үшін билік басындағылар қолдарынан келгенше ділді, тілді және қа­зақ болмысын сақтап қалу үшін аямай қызмет етуі керек. Себебі, қазір қа­зақ құрып кету алдында тұрғаны рас. Мы­салға, Дания мемлекеті өз ана тілдеріңді ұмытпаңдар деп Данияда тұрып жатқан басқа ұлт өкілдеріне қар­жы бөлді.

Мемлекеттік идеология

ХХІ ғасырда таза бір ұлтты мемлекеттер азайды. Осыдан 30 жыл бұрын қара шаштыны көргенде Дания халқы таңқалып қарайтын еді, ал бүгін Данияда тұратын қара шаштылар шамамен 10 пайызға жетті.

Қазақстанды дамыту үшін, өз елі­міз­де тұратын және сырт елде жүрген қа­зақтарды жинап, БІР мемлекеттік идео­логияның астына тәрбиелеу керек. Мем­лекеттік идеологияның басты мақ­саты – ортақ экономика болу керек, әрбір экономикалық жағдай бәріне бірдей пайдалы және бәріне бірдей зиян болатындай әсер ететін жағдайға жетуге тиіс­піз.

Ал экономикалық жетістікке жету­дің алғышарты – құлдық психологиядан арылу. Әрбір қазақстандық өзін әлемнің өзге халқымен еркін теңестіріп, Қазақ­стан азаматы екенін мақтан тұтуы керек және қазақтың тілі мен тарихын еркін меңгеріп, баға жетпес құндылық деп қас­терлеуі қажет.

Әзірлеген Айнара АШАН.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір