ӨРТЕҢГЕ ШЫҚҚАН ОТТЫ ӨЛЕҢ
14.10.2016
2662
0

kenshilik-1Бүгін – қазақ жырының көздегі жасын сүртіп, көңілдегі сырын ағынан жарылып ақтарып, айы оңы­нан туған айрықша күні.

Бүгін – қазақ өлеңінің жүрек түкпірінен үн тартып, жырқұмар қауымның аласапыран сезімін ақ­қудай қалқытып, айдынға алып шығар жұлдызы со­лынан туған ерекше күні.

Бүгін – ел билеп, кесім айтқан, арғы-бергі ке­зең­дердің талай жалын сипап, тізгінін тартқан, қажетті же­рінде қараға да, ханға да шешім айтқан қазақ сөзі­нің басына қыдыр келіп қайыра бір қонған күні.


 

orazalin

 

 

Нұрлан ОРАЗАЛИН,
ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

 

 

Өзі арамызда жоқ болғанымен, сөзі, көзі, рухы, аруағы, жыры қасымызда отыр­ған аяулы Кеңшіліктің – қазақ өлеңі­­нің ақиығы:

«Ақ шаңдай артта шұбап қалған жылдар,

Ақшамдай іңіріме жалғандыңдар,

Мехнаты жарық боп жанған жылдар,

Махаббаты қарық боп қалған жылдар.

 

Жылдар… Жылдар – артымда, алдымда – жыл,

Ширек сапар шиырлап қалдым қазір.

Шабандарға бұйрық іс – бүлкіл аяң,

Жараулардың жүйрігі алдымда жүр.

 

Жүргем жолды: өрде де, ылдида да,

Күндер болды малтыққан құлдилаған.

Жалғыз ауыз жыр болып қалар ма екен,

Бүкіл дүнием мен талай жыл жинаған?! – деп, егіліп сыр толғап, төгіліп жыр сом­да­ған, өртеніп-жанып, өмір сүріп, адам атау­лының бәрін өзіндей көріп, құшақ жайып, аңқылдап ақиқат ғұмыр кешкен, ара­мыздан ерте кеткен, жарық дүние сәу­лесі жанарынан жалт етіп жанып, ер­те өшкен, еркелігінде – елдігі, аңғал­ды­ғын­да – адалдығы, ел-жұртпен араласын­да – адамдығы, мінбеге көтерілсе немесе суырылып, шарай топ алдына шықса, аруа­ғы қозып кетер ақындығы айғайлап шы­ғып, аттандап көзге тез түсер Кең­ші­ліктің күні бүгін!

Кеңшілік!.. Ол туралы сөз айту бас­қа­дан гөрі бізге, құлынтайдай тебісіп қа­тар өсіп, қатар жетілген құрбы-құрдас­та­рына аса ауыр да күрделі…

Кеңшілік десе… Менің есіме алпысыншы жылдардың ауылы, ақынның өз тілімен айтқанда:

«Бала едік біз елде өскен,

Жар жағалап, көл кешкен,

Тұлымымызды күн сүйіп,

Тұсауымызды жел кескен.

Соғыстан кейін шыр етіп,

Өртеңбіз өртең жерге өскен…», – деген, табанының күсі жұқара қоймаған, сақал-мұрты енді-енді тебіндей бастаған жеткіншектер түседі.

kenshilikКеңшілік десе… Буыны бекіп, бұғана­сы қатар-қатпас кезден-ақ қолына қалам ұстап, атақты «алпысыншы жылғы­лар­дың» рухымен сусындап, ауасымен ты­ныс­тап, солардың жазған-сызғандарын жар­ғақ құлақтары жастыққа тимей тү­гендеп, оқып-тоқып өскендер тұрады көз алдымызда… Ашаршылық нәубетін көр­ген көнекөз қариялар мен соғыстың зар­дап, запыраны жанына жазылмас жара салған әжелер бауырына басып, ұлты­мыздың өркені мен ертеңін сана-сезіміне құйып, ұлысымыздытәрбиелеген, тәлім берген кезеңнің солқылдап бой көтерген көк шыбықтары елестейді… Әке қабағына қарап, ағаның алдын кеспеу мәдениеті бойына қаршадайынан сүйекбітті мінез боп қалыптасқан осынау табиғаты таза, жаратылысы оқшау, мінез-бедері айқын тұтас бір ұрпақтың – жеңістен соң туып, желкенін жайып, жер үсті тіршілігінің көк теңіз – айдынынан кешіп келе жат­қанына, міне, жарты ғасыр уақыт болып қал­ғандардың тұрпаты, тұлға-мүсіні, тағ­дыр-талайы түседі еске…

Кеңшілік десе… Менің көз алдыма ал­пысыншы жылдардың ортасындағы Ал­маты келеді.

Кең-байтақ қазақ жерінің қойын-қол­тығынан ағылып, астана босағасын бір-бір арманның жүгін арқалап аттаған боз­бала жігіттер, боз көйлекті қыздар еске түседі. Жырдан басқа жүректерінде дәнеңе жоқ… Өлеңнен өзге өзекті қарыған ар­ман жоқ! Әділет, ақиқат, адалдық, шындық, білік, білім ұлтқа ұран болған, ұрпақ­қа қағидасыз құран болған, арман қуып алданған үлкен кезеңнің келе-келе көбімізді қырсыз күреске, тиянақсыз тіреске алып барарын ол кезде біз білдік пе? Әділін айту керек, білген жоқпыз. Қыр­сыздығымыздың төркінінде – адал­дық, тиянақсыздығымыздың төркінінде – аңғалдық жатқанын да енді-енді танып, біліп отырмыз.

Кеңшілік десе… Өнерді өмірге бала­ған, өлеңді тағдырға санаған, ала жіп аттауды ар деп ұққан, ар мен жыр үшін жүрегімен от жалаған, аңғалдығы мен адал­дығы үшін таяқты аз жемеген, жер ор­тасына жетсе де әлі күнге әке тәрбие­сімен еніп, ана сүтімен сіңген сол мінезі­нен арыла алмай келе жатқан талантты буынның кешегі бозбала шағы, бүгінгі тұлпар кескінді келбеті елестейді. Сол топ, сол буынның ғана ары мен айбары бо­лып қоймай, қазақ рухани әлемінің туын желбіретіп, төбеге көтерілгендер, асу­дан асқандар, шыңға шыққандар са­на­тына қосылған Кеңшілік тұрады көңіл­де, Сағат тұрады санада, Жұматай тұра­ды жүректе, Жәнібек тұрады жадыда!..

Иә, Кеңшілік туралы сөз толғаудың жүгін, жауапкершілігін ауырлатар себеп көп. Оның ең бастысы, ақын жырының жал­пақ оқырманға танылар жолының әр алуан себептермен тарылып, насиха­ты­ның осыған дейін кем соғып келгені. Ол үшін ешкімді де айыптаудың реті жоқ. Әр ірі ақынның шынайы суреткердің ерте ме, кеш пе бақ жұлдызының жарқы­рап бір жанатын күні, сәті, сағаты болады. Кең­шілік жырының бағы да енді әрі-сәрі ұйқыға бой алдырып, ұзақ қалғи қоймас. Қазақ тілінің жыр болып төгілген әрі мен нәрі, шұрайы мен шипасы мол қасиетіне ынтызар ойлы оқырманның осынау өзге бітімді өлең дүниесіне ат басын талай бұрары, мына айдай әлемге өлшеусіз ға­шық болған ақын жүрегінің адал лүпілін естіп, тыңдап, оны өміріне серік етері, оңаша қалғанда өз мұңы мен қайғысын тербетіп, көңіл мауқын басар киелі де қасиетті құндаққа айналдырары ақиқат. Кеңшілік жырының өз тең-тұстастарына, құрбы-құрдастарына, замандастарына қалай түсінікті, өтімді болса, оның жыр кі­таптары ден қойып оқыған әрбір қазақ­қа, әрбір жұмырбасты пендеге солай ұғынықты боларына, түсінікті боларына күмәніміз жоқ.

«Менің бір тұтам өмірім,

Тартсам созылар тарамыс болсашы,

бірде бай, бір жұтам көңілім

жүйткіп жазылар қаламұш болсашы…

Көп менің жүрген жолдарым

кеңістік көп іздеп, кербез көл іздеп.

Мен – қарлығаш!

Қайда ұшпадым, қайда қонбадым,

Бауырыма басқан балапан

талмайтын жем іздеп…».

Осынау таза, қоспасыз суреткерлік та­ным мен ақындық арқалы сезімнің адуы­ны бар жолдардың астарында жат­қан ал берен ойларды қараңыз?! Ойды өрнектеген өлең тілінің шұрайы мен бояуы­на, бедері мен өрімі мықты қыр­ғызы қамшыдай елестейтін жырдың бей­нелеу мәнеріне ден қойыңызшы. Әрі қа­зақы, әрі адами ұғымдар. Жер басқан пен­денің кәдімгі қарапайым тіршілік қарекеті, алыс-жұлысқа, күрес-тартысқа толы өмірі. Еркін оқылып, еріксіз ойлатады, әрқилы әсерге бөлейді. Нағыз өрті мен дерті қатар өрілген байсалды жырдың бақуатты мінезі!

Өтірік толқу, ділмәрсу, шамадан тыс ақыл айту басталған жерде өлең өледі, өлеңсымақ басталады. Біз бүгін, өкінішке орай, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа қалмады ма, әйтеуір асыл мен жасықтың, өлең мен өлеңсымақ «халтураның» арасына шек-шекара қойып, әділ бағасын кесіп айтудан қалып барамыз. Алған асу­ды аласарту мен шыққан шыңды шыңы­рауға қарай өз қолыңмен итеруді сезін­беуден қауіпті нәрсе жоқ. Бұл – ондаған ғасырлық ауызекі үлгісі мен Абайдан бері қалыптасқан жасаудың өзіндік өнеге мек­тебі бар қазақ жырының басына тө­нер қара бұлт.

Кеңшілік өлеңдерін оқып отырып, осы бір пайымның өміршеңдігіне тағы бір көз жеткізе түскендей боласыз. Қо­лы­на қалам алып, алдына ақ қағаз жайылса, кешегі өткен ақберен мінезді ақпа-төкпе ақындардың көзі тірі жалғасындай болып буырқанып, қос иығын жұлып жеп қоятындай көрінер Кеңшілік-ақын әрбір шағын жырынан бастап, көлемді эпи­калық поэмаларына, дастандарына, бал­ла­даларына дейін тегіс «тергеп» көріңіз, ақын қылаудай өтірік толқу, ділмәрсу немесе олпы-солпы, арзан жыр құраудан ойын да, бойын да аулақ ұстайды. Жалған жыр жазып, нашар өлең жаратып, ар аза­бын кешкеннен гөрі, ол Абай мен Мағ­жан, Қасым мен Мұқағали, Жұмекен мен Тө­леген бастарынан өткерген жыр «аза­бының» ауырлығы мен мехнаты, шабыты мен рахаты мол киелі жолды қалаған. Ин­шалла! Қаршадай кезінен соңғы жа­зылған ақтық сәтіне дейін сол жолға бе­рік екенін Кеңшілік өз өмірімен де, өлеңі­мен де дәлелдеп өтті.

«Өліара мезгіл… Он алты жаста едік біз,

Өліара өтсе, өруге жүрген елікпіз…», –

деп басталатын ақынның алғашқы жи­на­ғына енген жұлындай жас кезінде­ жаз­ған атақты жыры еріксіз еске түседі.

«Түнеріп аспан, томсарған бұлттар қарсы алып,

Жауар ма екен ебіл де себіл тамшы ағып.

Жасамыс аспан жаңа бір ұрпақ келгенде

Жасаурап алып, жылайды, әйтеуір жар салып…».

Қараңыз, жыр бойында қара­байыр­лыққа ұрынып, бейне-теңеусіз сөйлейтін бір­де-бір жол бар ма? Жоқ.

«Өліара мезгіл… Өте ғой енді тезірек,

Жолыңды ашты жаңа бір маусым кезі кеп.

Безініп тумай, сезініп туып барлығын,

Бүлкілдеп тұрған бір «пәле» екенсің,

Бүйірімде жатқан бір «пәле» екенсің,

о, жүрек!..

Жиырмадан жаңа асқан жігіттің жан тол­қынысы дегенге сену қиын. Өрт жалыны, өлеңнің өн бойындағы өмірдің бет қа­ратпас ыстығы ұқсағанымен, жастық шір­кінге сөз қолданыстағы кекселік ұқса­майды. Шамасы, талант, дарын, құ­дай­дан бұйырар сөздің киесі дегеніңіз осын­дай-ақ болар.

Киелі сөз ақынның арқасын буып, аруа­ғына мінгізіп, алпыс екі тамырын қыс­қанда ғана өлмейтін жырлар туады. Құ­дайға шүкір, қазақ өлеңінің арғы-бер­гі тарихына көз жүгіртсек, дарынға еш кенде болмаған етек-жеңі кең елден мұн­дай жыр мысалын ондап, жүздеп кел­тіруге болады. Қашан да жақсы жырдың, өмір­шең жырдың жаратушысы – уақыт, же­беушісі – халық. Өз басым ақынның алғаш атын шығарған жырларының бірі «Әбубәкір туралы эллегия» деген өлеңін сондай «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұл­пар» шығар үлгілер санатына қосар едім.

«Әуелден жалқы, әкеден жалғыз әулеті,

Әбубәкір әуей, ақ көңіл жігіт, әулекі.

Албарда қой көп, ауласы той боп жататын,

Он саусағы – өнер, қолының кірі – дәулеті», – деп басталатын ұзақтау сюжеттік өлеңнің бойы­нан аңқып тұрған алпысыншы жыл­дардың колоритті суретін көресіз. Кө­ресіз де жас ақынның қазақ сөзінің тыл­сым сырлы құпияларын соншама ер­те меңгергеніне сүйсінесіз.

«Кереге көктеп, уық пен шаңырақ қашайтын,

Оюы қандай, өрнегі қандай нәші айқын.

Торғайдың талын тоқсанға бұрап, тың иіп,

Түбіттей иіріп, ағаштан түйін жасайтын», – деген секілді жолдар сол ойымызды дә­лел­дей түседі.

«Ақынның соры міні – мінезсіздік, са­наңның солғындығы – мінезсіздік, ер­лік те, еркелік те – бәрі мінез, болмаса тым есерлік, тым ессіздік» деп Кеңкеңнің өзі айтпақшы, барлап, байыптап қараған жан көз көргендер білетін, бірде артық, бір­де кем сөйлеуі мүмкін, пенде Кең­ші­ліктің қағаз бен қаламға жүгінген сәт­тері қара қылды қақ жарар биі де, төрешісі де ақын Кеңшілік екенін аңғарады. Кеңші­лік ақын өлеңнің алдында, өмірдің ал­дын­да, елі мен арының алдында адал, ақ! Ақын атаулыға тән адалдық – оның күл­лі творчествосының атқақтап соғар күре тамыры.

«Таңғы шықтай тал түбіне ұйыған,

Тағдыр білер қайда барып бұйырам.

Өзегіңді жарып шықтым әйтеуір,

Ей, табиғат, бір өзіңе сыйынам», – дей отырып, ақын өз өмірін, ортасын, дәм-тұзы жарасқан, жараспаған жандарын, тағдырының олпы-солпы тұстарын, тір­шілігінің кедір-бұдыр кездерін, өз ба­сының кем-кетігін, қысқасы, адам ба­л­а­сының ішкі жан арпалысын тезге сала отырып, арызынан гөрі парызын көбірек айтады. Таразы басында «сегіз өлшеп, бір пішуге» бейім тұратын пенделік есеп-қи­сап емес, ерке мінезді, адуын да албырт, ойлы да парасатты, шыншыл да шымыр­қанғыш, күллі әлемнің кесел-кесапатын өзі арқылы өткізуге құштар ақынның ақкөйлекті жүрегі менмұндалап, лүпіл­деп тұрады. Кеңшілік жырларының үл­кенге де, кішіге де тез әсер етіп, сезімнің қыл пернелерін жаңылмай басатыны да сондықтан болуы мүмкін.

Иә, жүректен шыққан сөз жүрекке қи­н­алмай жетеді. Өкінішке қарай, қайсы­бір тұста жүректің ішінен шықпай, қа­лам­­ның ұшынан ғана шыққан жырлар­дың бе­лең алып, оқырманды өлеңнен алшақ­та­тып жататыны да өтірік емес қой.

Кеңшілік қаламы отбасы туралы жаз­са да, Отан туралы тебіренсе де, достары туралы толқыса да, ғашықтық сезімнің ыстық отына шарпылса да, ұрпағының ертеңін ойлап алаңдаса да жүрексіз сөйлемейді. Жасандылық – Кеңшілік әле­мінің хас жауы. Суретсіз Кеңшілік жырының сәні кірмейді. Ақынның көзі тірісінде жарық көрген он жинағының қай бетін ашып көрмеңіз, осы сөзіміздің растығына көз жеткізесіз. Бейнелі де бе­дерлі жыр жолдары өзге бір сезім құш­а­ғы­на бөлеп, сізді бір сәт мына ылаңы мен ыласы мол жер үстінен көтеріп әкетеді. Кеңшілік өлеңі, жо-жоқ, өлең өрген өзге­ше өмір, өлшеусіз көңіл сөйлей бастайды.

«Ер істің ар жағында алаңдаған,

Естайға ақындығы талан болған.

Ыстығы махаббаттың ішке түсіп,

Мұң болып, сыртқа шығып аман қалған…».

Немесе:

«Ақ балтыры қозғалса,

Ақ көйлегін жел қаққан.

Оң аяғын созғанша,

Сол аяғын шаң қапқан…», – секілді сезім мен сұлулықтың отына оранған жолдарды бейжай отырып оқу мүмкін бе? Адам­ның қайбір сәттері құм болған жігерін қалпына келтіруіне себі тиер «Қайрақ» секілді мықты өлеңдер Кеңшілікте баршылық.

«Қарқара жақтың тасы ма,

Қаратау жақтың тасы ма,

Алатау жақтың тасы ма,

Қай темірмен де ашына

Қайрақтың тасы асыл, ә!..

Қай жақтың тасы болсаң да

Қара темірлерді қуантып

Қара темірлерді асыра!..

Жарылған жартастан туған қайрағым,

Қажалып, қақ бөлінсең де жасыма!».

Міне, шеберлік! Міне, адам сезімі мен та­биғаттың тылсым сырын шендестіру!

Кеңшілік халқын, қазағының ана сү­тінен жарыған қадірлі де қасиетті тілін өлердей сүйетін. Сол тілде сөйлеп, сол тіл­де өлең жаздырған тағдырына әркез шү­кіршілік айтатын. Қуанатын. Мақ­танатын. Сондықтан да болар, ылғи Ала­тауына арқасын сүйеп тұрып, Торғайын са­ғынып жыр жазатын. «Менің жырларымнан Торғай топырағының иісі шыға ма, Нұрлан?!», – деп жиі сұрайтын. Қа­зақ­тың даласы оған әр уақыт киігі желмен жарысқан Торғайдың ұшы-қиырсыз жазығы болып елестейтін. «Қара су», «қамыс», «қоға», «құрақ» секілді кәдуілгі қа­зақ сөздері Кеңшілік қаламынан шық­қанда біртүрлі Торғайға ғана етене ұғымдардай әсер ететін.

«Қозатын қоға» десе намысымыз,

Өртеңнің орнындағы қамысымыз…».

Немесе:

«Көл жиектеп желкілдейтін көк құрақ,

Жел иектеп селкілдейтін көк құрақ.

Өсе-өсе қамыс болдың сен, міне,

Өсе-өсе жігіт болдым мен, міне…», – деген жер үсті сезімі мен суретінен жа­рал­ған осынау жолдарды оқып отырып, өз перзентін мәңгілік құшағына алып, томсырайып қана үнсіз жатқан қасиетті Тор­ғай даласын өрісті демей көріңіз­ші?! Кеңшілігі бар Торғай, Кеңшілігі бар Ақшығанақ шынында да бақытты өлке ғой!..

Кіндігіміздің қаны тамған жер қай-қай­сымыз үшін де киелі. Сол үшін де оны ту­ған жер дейміз. Ал Отан деген ұлы ұғым­ның жөні де, жолы да бөлек. Кеңші­лік бұл туралы жеріне жеткізіп, жақсы айтқан.

«Отанды сүю, өзіңді сүю – бір ұғым,

Отаннан тарар тамырың менен түбірің.

Отанын сонда жүрегің болып шықпай ма,

Өзіңнен артық кім білмес жүрек дірілін?!», –

деп, қаншама кең де келісті тұжырым жа­сайды.

Ақын қиялы мен қаламына дүниелік құбылыстың қай-қайсысы да бірдей әсер етеді. Жүрек атты қан мен жүйкенің жүйелі де ырғақты қимылына бағынған жұ­дырықтай локатордың кеңістігіне ілік­кен нәрсенің бәрі өлең болып өріледі. Тек көңіл призмасынан өтерде өзгеше болып сынады, өзгеше болып тарайды. Өмір шындығы Кеңшіліктің шындығына айналады. Отан да, отбасы да, өзен де, көл де, аспан да, жер де сол шындық аясында сыйып жүре береді.

«Туыпты жаңа Ай қырынан

Сынған бір семсер шетіндей,

Шаңытады аспан шытынап,

Осынау көлдің бетіндей…», –

деп, бірде түннің әдемі суретін көз ал­дыңа әкелсе, енді бірде әлгі призма:

«Салыстыру да,

Салғастыру да

Бәрі – өлшем.

Таусылу, туу. Бітпейді өлшем өле-өлсең.

– Біткені, – дейді тайғанап кетсе табаның,

– Жеткені, – дейді жұлдыздай жансаң егер сен», –  деп жұлын-жүйкеңді, күллі қан тамырың­ды қуалай жөнелер адами ой мен сезімнің қорығына қайырып әкеледі. Әлденуақ:

«Жанымды салып жанымда болған кезінде,

Теңемес едім жұмақтың оған өзін де…

Еш адам сенбес тәттілік бар ед тәніңде,

Еш адам көрмес пәк қылық бар ед көзіңде»,–

деген жан жүрегіңді баурап алар сиқырлы, сырлы бір дүние құшағына енгендей бо­ла­сың. Махаббат сезімнің буын-буының­ды алар қайталанбас, қайта оралмас бір сәті. Таза классикалық үлгіде жазылған мөл­дір жыр, шаншыл жыр, өміршең жыр!..

Кеңшілік жырының кеңістігі қалғу біл­мейді. Мына дуы мен шуы, уы мен суы, балы мен тұзы мидай араласқан ты­нымсыз ғасыр тіршілігінің ендігі мен бой­лығы ақын әлемін ұстап тұрған алтын арқау іспетті. Аласапыран сезім­дер­дің құрсауына түсіп, жүрегі, жаны додаға іліккен сәтінде оған қол ұшын беріп, кө­мек­ке келер қасиетті нәрсесі – ата-баба ру­хы, әке мінезі, балалықтың балдай тәт­ті көріністері. Шыңырауға түссе көте­ріп шығаратын, сүрінсе құлатпай қолты­ғынан сүйеп қалатын жебеушісі де, құт­қарушысы да солар. Қазақ даласының иесі мен киесі болған ұғымдар! Кеңшілік қаламына қанат бітіретіндей елестейді.

«Бұлдырап қалған балалық шақтың елесі,

Түсіме неге көп кіріп кеттің сен осы?!

Түн ұйқым менің бөлінген кейбір кездерде,

Төтеннен келіп, боласың маған төреші», –

деген жолдар соның дәлелі.

Кеңшілік жырлары – жүрек сызы мен ой азабын арқалаған жырлар. Аунап-толқу, асығып-аптығу, тезірек айтуға ұм­тылу, ұқсамай жазуды серт санау – ақын мұраты. Қазақтың жыр дүниесіне олжа болып қосылар.

«Екі өзен» өлеңі осындай ақындық мақсат-мұраттың жарқын көрінісіндей.

«Тобыл да тасиды,

Ойыл да тасиды,

Тасиды Талас та

Арнасын қарық қып.

Алқабын су шықса арық қып.

Өзендер шалқиды шабыты бір келген мезгілде

Шалшық сулардың шауқатын бетіне салық қып.

Мен өзенмін,

Келте көктемде

тулап ағамын.

Кемерді бұзып

Жеткен жерімді

Суға маламын.

Сен баяу ағасың,

Жайлап ағасың,

Өзіңді-өзің іркіп ағасың.

Кілкіп ағасың

Суыңды шашау шығармай…».

Немесе ақын өмірінің аққу әніндей болып, көкіректерге үздігіп, талып, талықсып жетер, от пен судың, күн мен түннің шарпысуындай елестер.

«…Тағдырдың күллі таңбасын

Тәнтімін көріп өтуге.

Табаным тиген шоқтарға,

Күйдіріп ерін оттарға

Еркіндігің де жақсы өмір,

Тағат та керек тоқтам да!

Ырзамын тағдыр бәріне

Жүрек пен махаббат барда»,–

деген отты жолдарды қайыра-қайыра оқып отырып, еріксіз ойға батасың, қа­зақ өлеңінің өрісін кеңейтсе деп ғұмыр кеш­кен, о дүние дейтін беймәлім сырлы әлем­нің тұңғиығына ойда жоқта ерте аттан­ған аяулы жанды, қадірлі досты, ар­қалы қазақ ақыны Кеңшілік Мыр­за­бекұлын еске аласың.

Елі білетін Кеңшіліктен гөрі, елі біле бер­мейтін Кеңшіліктің қаншама қыры, сыры барын аңғарасың, сезінесің.

Уақыт озған сайын ақын әлемінің сол асыл қазынасы сыр мен сымбатын өз оқыр­манына жарқыратып жаяры хақ! Кең­шіліктану кезеңі келері даусыз.

Уақыт қашан да хас таланттардың тауын зорайтады. Ендеше, Кеңшілік ат­ты жыр-таудың уақыт өткен сайын биік­тей түсеріне, асқақтай түсеріне біз се­не­міз!

Сен

Көктесің, біз – жердеміз, сен – періште, біз – пендеміз, Кеңшілік! Аруағың риза болсын! Тойың құтты болсын!

Тойларыңыз құтты болсын, жырсүйер қауым!

«Егемен Қазақстан»,
 8 маусым, 1996 жыл.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір