КӨШ-КЕРУЕН
14.10.2016
4743
5

d-ken-m-simhan-ly(ЛИРИКАЛЫҚ ПОЭМА)

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнаймын

Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ

 

Бірінші орам: Арғы көш

Ел қайда көшеді?
Жер қайда көшеді?
Суды қайдан ішеді?
(Халық жырынан).

Уақыт!

Аспансың ба, жерсің бе сен?!

Әлде су, әлде ұйтқыған желсің бе сен?!

Мүмкім сен адамзаттың қиялысың,

Жоқ әлде жасайсың ба елсіз де сен?!

 

Уақыт!

Тоқтамайды неге көшің?!

Күндер, күндер! Неге тез көнересің?!

Керуеніңнің бұйдасын бір ұстатпай,

Ғасырлар қойнауына жөнелесің.

 

Уақыт!

Көшесің бе, құлайсың ба?

Көшіп, құлап тарихты құрайсың ба?

Әлде сен шарғаламның қожайыны –

Жаратушы құдірет – Құдайсың ба?!

 

Су-мезгіл әлде неге асығады,

Тынымсыз ағады ылғи, тасынады…

Сағаттар күнді құрап, күндер айды…

Айларың жылға барып бас ұрады.

 

Батар күн атар таңмен қырбайланып,

Аспан тұр кірпігіне мұң байланып.

Жер-Ана көш-керуеннің бұйдабасы –

Зымқап бір келе жатыр күнді айланып.

 

«Ел көшсе де Елекем көз ілмейді…»

Жер-Ананың көшкені сезілмейді.

Ғасырлардан сыр шертіп жатыр ма әлде,

Боз далада боз көде безілдейді…

 

Елесі бар, есте жоқ заманда ескі,

Жер бетіне ұжмақтан АДАМ көшті.

Содан бергі көштерден жөн сұрасаң,

«Бабамнан қалған мұра маған…» десті.

 

Тіршіліктің дей ме екен ұрты майлы,

Күнді айланып Жер-Ана зырқырайды.

Түнге сіңіп күдіктер өшеді де,

Таңмен бірге үміттер жылтырайды.

 

Осылай үміт-күдік белдесуде,

Екеуін де Жер-бесік тербетуде.

Байқайсың ба, көшетін мезгіл емес,

Тіршіліктің анасы – Жер көшуде.

 

Жер көшуде Тәңірдің керуеніндей,

Керуеніндей, мәңгілік серуеніндей.

Алмасқан қыс пен жазға, күн мен түнге,

Қарасаң еріккеннің ермегіндей.

 

Ермек емес, ол әсте тірлік кебі,

Осы кеппен жыл өтер жылжып кері.

Атар таңға адамдар асығады,

Қолына кеп қонардай бір күткені…

 

Жер көшеді, күн мен түн белдеседі,

(Басталады осыдан пенде есебі…)

Зулаған уақыттың екпініндей,

Жермен бірге ысқырып жел көшеді.

 

Көш-керуеннің болмаса жұртқа себі,

«Тіршілік» деп пендең де қыртпас еді…

Бусанған шарғаламның деміндей бір,

Жермен бірге жөңкіліп бұлт көшеді.

 

Көшеді жер, көшумен күн кешеді,

Көш-керуенге тағдырлар мінгеседі.

Шарғаламның шаңдақты сорабындай,

Ай ауысып, тоқтаусыз жыл көшеді…

 

Жыл көшеді, келмейді енді айланып,

Заман өтер көзіне шел байланып.

Күнді айланып жер көшсе тыным алмай,

Адам көшіп жүреді жерді айланып.

 

Қосылса да ғасырдың селге селі…

Бұл қара жер кәдімгі жер кешегі.

Қара нарға артып ап қара қосын,

Қара жермен сабылып ел көшеді.

 

Ел көшеді көш-керуен жүлгесімен,

Көш жолында болмайды жүлде, шүлен…

Адамдардың сабылып көшкен ізін,

Замандардың табасың мүрдесінен.

 

Екінші орам: Зарлы көш

Қара таудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді…
(Халық әнінен).

Пырақ-замана оза шабатын Жерден де,

Әнің қалды ма далада, тауда, белдерде?

Нәрің қалды ма өзендер, мұхит, көлдерде?

Көш-керуен тағдыр, өзіңді қуып жете алмай,

Бозінгендейін боздап келемін шерменде.

 

Көшпелі-ғалам көлігі түгел сайланған,

Тоздырып Жерді, оздырдың ба әлде Айға арман?!

Басқаны қайдам, бағы заманнан кіндігім,

Көш-керуен тағдыр жезбұйдасына байланған.

 

Меңіреу Дала, мылқиған таулар (мақтаның!),

Тағдырдың тасыр көрсе де мың сан ақпанын.

Жақ ашпайды олар, түк болмағандай өмірі,

О, көш-керуен жылдар, өздерің енді ақтарыл!

 

Қай жақтан келіп, қай жаққа кетті бабалар?

Тергеуге мынау тауларды ал, яки даланы ал…

Жақ ашпайды олар, түк көрмегендей өмірі,

Бөгелмей енді, сөйлеңдер қане, обалар!

 

Есірді мүмкін, Тәңірқұт салды кесірді,

Дерегін оның делбе дауылдар өшірді.

Түмен де түмен түрк бодұнын, қағандар –

Әрі де бері, оңды да солды көшірді.

 

Арыстандарға жалатып алып жарасын,

Көк бөрілерге емізіп алып баласын,

Бабаларым-ай, ендей де бойлай шарлаған,

Сарыөзен менен Альпінің байтақ арасын…

 

Көгерді қанша, қуарды қанша әз Далам,

Үмітім жатты қоламталарда қоздаған.

Болашағы мен тағдырын теңдеп жылдарға,

Көш-керуен ғасыр бозінгендері боздаған…

 

Ұлы Ғұндарға пырақтар қалай құтайды,

Мөделер1 солай бермеді жатқа ұпайды.

Бір күні барып үптеп бір келсе Үрімді,

Бір күні барып қырына алды Қытайды…

 

Бөрілі байрақ желбіреп қалам, далам да…

Түрк бодұнның жайлауы болды Дон анда…

«Тәңір падишаһ»2 Атилла алтын тағында,

Пәрменін беріп, билігін айтты ғаламға.

 

Қанағат тұтпай ұлы Тұран мен Арқаңды,

Найзаларымен түртіп атырып әр таңды…

Еділ бастаған ұлы көш-керуен оятты,

Ұйқыда жатқан түнек түн – түбек Балқанды.

 

Тағдырын теңдеп атан қомына, өркешке,

Жалғасып жатты бір көші тағы бір көшке…

Сорабыменен Ғұндардан қалған соқпақтың,

Тоқтамай көшті Үйсін де, Сақ та, Түркеш те…

 

Көш-көш те көш-көш – мирас па қалған бабадан,

Жер-Ана әлде жеріді ме екен баладан?!

Бабаларының бастарын тастап мәңгіге,

Үйсіндер көшті Кеңсудайұлы даладан.

 

Ағызып алтын, шалқытып тірлік-шаруасын,

Жататын еді, ұмытты мүмкін тәубасын…

Бұланай менен Альпінің шалқар төсінде,

Сақтарым көшті сапырып ішіп Хаомасын4


1Мөде – ж.с.д. 228-174 ж.ж. Өмір сүрген ғұн патшасы.

2«Тәңір падишаһ» – еуропалықтар өз заманында Атилланы осылай атаған.

3Кеңсу – Қазіргі ҚХР-ның Ганьсу өлкесі.

4Хаома – ежелгі Сақ елінің қолдан жасаған шарабы.


 

Мақтанғанменен «бағыда бабам мықты еді…»,

Береке кетсе күшің де кетер, құт кеміп.

Ұлы Тұран мен Арқаға сыймай қырқысып,

Түркештер көшті «қара-сары» боп жіктеліп.

 

Қайран бабалар! Қағанат құрып марқайған,

Қағаным бар-ды шалқайған жұртқа шалқайған.

Батыс-Шығыс боп, атысып күнде, шабысып,

Көк түрктерім түріле көшті Алтайдан…

 

Көш емес еді ол алғашқы, яки ақырғы,

Көшеген ғасыр у-зәрін талай татырды…

Темучин келіп Ертіс пен Дунай арасын,

Оңға да солға, өрге де төмен сапырды.

 

Сапырды бәрін өзен-көліңді, өлкеңді,

Қалалар қирап, таулар мен баулар өртенді…

Шыңғысхан шығып Шығыс пен Батыс даласын,

Астын үстіне, үстін астына төңкерді…

 

Ойдағы дуға қосылды аттан қырдағы,

Сорлаған көштің тіпті де қызды қырманы…

Тәңірім берген, бабадан қалған байтақты,

Бөліске салды Ұлы қағанның ұлдары.

 

Моңғұлға ұқсап тірлігім менен пошымым,

Босқан жұртпенен ебелек болып жосыдым.

Түйелі керуен Тұранға келіп шөкті де,

Дәргейіне өттім Шағатай менен Жошының.

 

Моңғұлдан кетіп, қол бердік тағы Моғолға,

Моғолды айтсаң, таусылмас тарих бар онда…

Қақпақыл қылды торғайдай тозған халықты,

Бозорда менен Көкорда және Ақорда…

 

Көшеген ғасыр, әлегі де көп, әні көп,

Әлегі келді, әнінен жетпей мәлімет…

Сығанақ жұртын Қозыбасыға көшіріп,

Хандығын құрды Керей хан менен Жәнібек.

 

Ағылды халық Шудың бойына жай-жайдан,

Ұлықтап ханын, қырық күн бойы той-тойлап.

«Керегем ағаш, ұраным Алаш» деген жұрт,

Хандықтың атын «ҚАЗАҚ» деп қойды айхайлап…

 

Ұраны – АЛАШ!

«БЕРЕКЕ!» болды ортақ ән,

(Бөлініп емес, бірігіп таптық барқадам…)

Қазақ болам деп, Азат болам деп Алаштың –

Ағылды көші Атырау, Алтай, Арқадан…

 

Артында қалып барлығы қорлық, азаптың,

Шуағын шашты, мейірін төкті азат күн.

Атырау, Алтай, Жетісу, Арқа, Сыр бойы…

Думанға бөкті сайран көшімен қазақтың.

 

Ән-күйге бөлеп жазира дала, көк белді,

Сайран көшпенен өткерді қыс-жаз, көктемді…

Қаздай қалқыған қазақтың осы өмірі –

Өмірем қапты.

Тәңірім мүмкін көп көрді…

 

Деп жүрген кезде «Қазаққа құдай бақ берді…»,

Азапты қойып, тозақтың өзін нақ көрді.

Еңсесін тіктеп, өркенін жайған қазақтың –

Бір бүйірінен бүйі боп Жоңғар тап берді.

 

Қынадай қырып беймарал жатқан халықты,

Ұлы Далаға орнатты қалмақ тамұқты.

Малын әкетті тігерге тұяқ қалдырмай,

Мінер ат емес, ішер астан да тарықты.

Қапелімде бір хандарым солай қамықты.

Сәбилерімді найзаларымен түйреді,

Аруларымды бұрымнан алып сүйреді…

Жерінен безді, сүлдерін қазақ, сүйретіп,

Көлінен безді аққуы, қазы, үйрегі…

 

Атқа қонғанмен азамат ұлдар елтірек,

Ырық бермеді қаптаған қалмақ жем тілеп…

Туған жерінен, қарындасынан айырылып,

Жанын сауғалап, босқан ел кетті тентіреп.

 

Сөнгендей болып үміттен жаққан шырағы,

Қара көздерін қанды жаспенен шылады.

«Елім-айлап» бір еңіреп босқан қазақтар –

Ақтабан болып, Алқакөл келіп сұлады…

 

Жасанған жауда бес қару сайлы, күй мықты,

Құтырған қалмақ оңнан да, солдан килікті.

Алтай мен Арқа, Іледен босқан қазақтар,

Сырғи да көшіп Сырдың бойына ұйлықты.

 

Азапты заман қазақты жаман қинады,

Тірліктен безді, өгей өмірге симады…

Атына қонып хандарым менен билерім,

Ордабасыда үш жүздің басын жинады.

 

Осы жиыннан жаны бар еркек қалмады,

Бәрі де атын, қару-жарағын қамдады.

Хандар мен билер, жиналған барлық сарбаздар,

Әбілқайырды Бас сардар етіп таңдады.

 

Бостан күндердің қазақтар жетіп нарқына,

Бастады шайқас тағдырын салып талқыға.

Аңырақайда қалмақтың бәрі қырылып,

Тірі қалғаны аңырап қашты артына…

 

Қалмақтар қашып, іргесі солай шайқалды…

Қазақтар болса еселеп кегін қайтарды.

Тізгінді сосын Абылай алып, қалмақтан –

Іле мен Алтай, Тарбағатайды қайта алды.

 

Жоңғарлар күйреп, мүлдемге жерді жастанды,

Тағы мен бағы, елі мен жері бос қалды.

Алтай мен Сауыр, Тянь-Шань, Іле бойына,

Қазақтың қайта кері көшуі басталды.

 

Қара орман Найман Сауырдың белін керледі,

Албан мен Суан Ілені бойлап өрледі.

Арғын мен Уақ Арқаға қағып қазығын,

Абақ керейлер Алтайдың жонын жерледі…

 

Дау менен жаудан тыншыған қашан жер үсті?

Қазақ жері үшін төңірек тағы керісті…

Хандығын жойып, Алаштың байтақ даласын –

Қытай мен орыс пышақ үстінен бөлісті.

 

Жағаласуға шамасы қайда, қол қысқа…

Ошағын қазды қожайын берген қоныстан.

Рулы елдің көктеуі кетіп қытайға,

Отауы менен қыстауы қалды орыста…

 

Бір халық, бір жер екіге солай жарылды,

Бодандық қамыт күн өткен сайын тарылды…

Қақпақыл тағдыр түйесін қомдап қайтадан,

Сергелдең көшпен әрлі де берлі ағылды.

Мың да тоғыз жүз он алтыншы жыл!

Есте әлі:

(Қилы заманның жазылады әлі дастаны…)

Қан-қасап болып Қоянды менен Қарқара,

Тірі қалғанның басы ауған жаққа босқаны…

 

«Ақ» қашып сосын, «қызылдар» келді жеріме,

Тексіздер шығып тезегін төкті төріме…

Тентіреп кетті жақсы мен жайсаң, бай-бағлан…

Қолға түскенін тірідей тықты көріне.

 

Тау жасап беріп Мәскеуге ет пен астықтан,

Сонда да қазақ көз ашпай қойды қастықтан.

Ешкіге артып талғажау етер талқанын,

Үдере босты голощекиндік аштықтан.

 

Арғы бетті айтсам, тоқтаман таңды таңға ұрып,

Жұртымды қырды, ұртымды екі қан қылып…

Алтайдан ауған азалы көші қазақтың,

Қызыл табан боп, Гималай асты қаңғырып…

 

Қазақ дегенде қылышы жатпас қынында…

О, құмай-тағдыр!

Қалжыңың ба әлде, шының ба?!

Пекин мен Мәскеу қазақты тағы көшірді,

Мың тоғыз жүздің елу алтыншы жылында.

 

Әрі де көштік, бері де көштік, қаңғырдық,

Ақжем де қылдық, табанды қызыл қан қылдық…

Бозінгендейін боздаған көштің қомында,

Жыл-айлар емес, ғасырдың белін талдырдық.

 

Жамылып қарды, төсеніш етіп көк мұзды,

Өмірін қазақ, «көш-көшпен» ғана өткізді.

Атан қомында Алаштың рухын теңбеп ап,

Аман қалғанын біздерге мына жеткізді!

Аманат етіп егемен елге жеткізді!

 

Үшінші орам: Нұрлы көш

Құйылсын көшің,
Жиылсын есің.
(Н.Назарбаев).

Алла берсе, бақ та, бап та шаппай ма,

Шын тілесе, құлға да таң атпай ма?!

Бұл жалғанда қымбат не бар Отаннан,

Бұл жалғанда бостандықтай бақ қайда?!

 

Уа, бостандық!

Шын келдің бе Қазаққа?!

Өзіңді аңсап аз түстім бе азапқа!?

Бұл пәниде қазақ көрген қорлықтан –

Ауыр емес шығар бәлкім, тозақ та…

Уа, азаттық!

Таңым болып аттың ба?!

Үмітімнің сөнген отын жақтың ба?!

Бүгін саған құлдық ұрсам несі айып,

«Жәннат-бағын» жырлағанбыз жаттың да…

 

Бір-ақ күнде қайтты кеткен елге есем,

(Кім болғаным бір Кемелге ермесем?!)

О, Жаратқан, Азаттықты бергенмен,

Қайтер едім кемел Көсем бермесең?!

 

Қазақ жаны, Алаш рухы жаңғырды,

Талықсыған ой-санама жан кірді.

Еңсемді де елге теңеп Елбасым,

Бағымды да жарқыратып жандырды.

 

Түн түріліп, атты міне таң күліп,

Алаш үні тұр ғарышта жаңғырып.

Қазақ көші «Нұрлы жолға» түсті де,

Бет түзеді «Ел болуға мәңгілік».

 

Ашық бүгін Алашымның аспаны,

Жазылуда Ұлы Дала дастаны.

Мәңгілікке бет түзеген қазақтың,

Назарбаев «Нұрлы көшін» бастады!

 

Тағдыр бізді таптырғанмен барқадам,

Тас ататын тасыр аз ба қалқадан?!

«Нұрлы көштің» туын ұстап елордам,

Орын тепті қасиетті Арқадан.

 

Желбіреткен рухымның байрағын,

Арқам менің – Ұлы Дала айдары!

Бұл Астана – Қазағымның таңдауы,

Бұл Астана – Алашымның айбары!

 

Жақсы білем, қайдан келдім, кім тегім,

Көк түрктің үзілмеген ұрқы едім…

Сондықтан да «Нұрлы көште» бұйда ұстап,

Астанаға көшіп келді Күлтегін.

 

Күлтегінмен рухы келіп Түркінің,

Жан-тәнімді, ой-санамды сілкідім!

Енді менің жығылмайды байрағым,

Енді менің түспек емес сүлкінім!

 

Қыдыр дарып, бақ қарады жеріме,

Ақ дініміз малдас құрды төріме.

Тұңғыш рет ана тілде сөйлеген,

Көшті бастап «Құран» келді еліме.

 

Әр таңыма үміт, сенім мінгескен,

Имани-гүл болашақпен тілдескен.

Ұлы ерліктің жасын жырын арқалап,

Көк түркілік рух келді бұл көшпен!

 

Желпіндіріп, қомдандырып арманды,

Нұрға бөлеп, жырға бөлеп таңдарды.

Кетпен алып диқан келді бұл көшпен,

Қызыл дәнге толтырам деп қамбаңды.

 

Азат аспан нұрландырып санаңды,

Ой мен қырым тотыдайын таранды.

Бишік ұстап малшы келді бұл көшпен,

Төрт түлікке толтырам деп далаңды.

 

Ұлы Далам, заманыңмен жарастың,

«Нұрлы көшің» келешекке жол ашты…

Домбыра алып ақын келді бұл көшпен,

Бостандығын жырлаймын деп Алаштың.

 

«Азаттығым, арман-әнім аңсаған,

Қасық қаным, құрбан мынау жан саған!»

деп жүрегін қолына алып бұл көшпен,

Алтын басты ғалым келді қаншама…

 

Қазақ көші мәңгілікке жол алды,

Көкейдегі күдік-күмән тоналды.

Бұл көшпенен ерлік туын көтеріп,

Бейбарыс пен Еділ батыр оралды.

 

Бекемдейтін азат елдің іргесін,

Бақыт көші – Алашымның бұл көші.

Елордамнан қоныс тепті мәңгіге,

Смағұлдай1 ұлы арыстың мүрдесі!

 

Бүгінгі көш көштер емес баяғы,

Бұл – нұрлы көш, шұғылалы, саялы…

Келді Отанға ағайынның теңінде,

Өтейбойдақ2 «Шипагерлік баяны».


12011 жылы Алаш қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың сүйек күлі Астанаға жеткізілді.

2Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – XV ғасырда өмір сүрген қазақтың әйгілі шипагері.


 

Төбемізде Ұлы бақыт тұр құсы,

Айтуға оны жетер ме екен жыр күші…

Көшкен елдің қоржынымен жетті елге,

Қажекеңнің1 алты томдық «Қылмысы».

 

Мұсылманның білдірмекке парызын,

Жаймақ болып «ғылымқалын», уағызын.

Иман нұрын көшке сеуіп ең алғаш,

Елге оралды Халифа Алтай абызым.

 

Жидық есті орнымыздан тез тұрып,

Маңай тұрды күмәнменен көз тігіп.

Көшпен бірге Таэквон-Доны әкелді,

Көк түрктің көзіндей боп Өзтүрік2.

 

Жинады ол найзағай қыз, өрт ұлды,

Ұлы ерліктің асқақ күйі шертілді.

Мұстафамен бөрі-намыс оянып,

Мұстафамен Алаш рухы желпінді!

 

Жүргенменен мал жылуы жанға өтіп,

Кісі елінде көңіл сынық, жан кетік.

«Нұрлы көштің» салтанатын асырып,

Майра3 келді ортамызға әндетіп.

 

Бостандықпен бақ-жұлдызы ашылды,

Майра әні табындырды ғасырды.

Таңдайына бұлбұл қонған әнші қыз –

Қазақ әнін алты құрлық асырды.

 

Бостан заман шомылдырып нұрына,

Оңым-солым, айқындалды құбыла…

Қазақ биін танытам деп әлемге,

«Нұрлы көшпен» билеп келді Шұғыла3.

 

Атты таңым, туды күнім аңсаған,

Өз бағыма өзім кейде тамсанам…

Сырнайлатып, кернейлетіп бұл көшпен,

Әнім, жырым, күйім келді қаншама?!

 

Бостан күні мәңгіге орнап көгіме,

Қыдыр дарып, құт құйылды жеріме.

«Нұрлы көштің» мәні менен сәні боп,

«Қаражорға» биім келді еліме!

 

Ән-би кернеп ойым менен қырымды,

Көк байрағым көк аспанға ілінді.

«Нұрлы көшпен» ортам толып, жан түлеп,

Өшкен жанып, өлгендерім тірілді!

 

Сіргежияр

Теңдесі жоқ болсын батыр, ақылды,

Бөтен елде оның аты «пақыр»-ды.

«Нұрлы көштің» бұйдабасы – Елбасым,

Бар қазақты Атажұртқа шақырды.

 

Бақыт жолы қай кезде де бұралаң,

Ұлы дәуір тудырады ұлы адам.

«Жат өлкеде жәутеңдеген бауырым,

Отаныңа орал», – деді Нұр ағам.

 

Я, ақсарбас!

Қабыл болып тілегім,

Қуаныштан қақ жарылды жүрегім.

Құрбандығы болайын деп Алаштың,

Көштің басын Атажұртқа тіредім.

 

Тастау жеңіл болғанменен жат елді,

Қимай-қимай кеттім басын әкемнің…

Қазақстан,

Қолыма ұстап Өзіңе –

«Елім!» деген жүрегімді әкелдім.

 

Келіп құштым тауым, тасым, даламды,

Аймаладым ауылымды, қаламды…

Азаттықтың шуағына бөледім,

Анам менен тұлымшақты баламды…

 

Бұлттай іріп күдік-күмән, нала-мұң,

Қазығымды Сарыарқама қададым.

«Нұрлы көшім» «Нұрлы жолға» түсті де,

«Мәңгілікке» керуен түзеп барады!

 

Жаным гүл-гүл!

Көңілім де күн-күнес.

(Азаттықты сақтай білу – шын күрес!)

Көк Тәңірге  жетектетіп бұйдасын,

Күнге беттеп бара жатыр «Нұрлы көш»!


 1Саналы ғұмырының денін қытай түрмесінде өткізген жазушы Қажығұмар Шабданұлы.

2Әлемдік деңгейдегі Таэквон-До шебері Мұстафа Өзтүрік.

3Майра Мұхаммедқызы мен Шұғыла Сапар­ғали­қызы.

 

ПІКІРЛЕР5
Б.Рабат 14.10.2016 | 12:09

Д.М ның өлең өрімінде аса қуатты азаматтық ұждан бар, соны ұрпақ санасына сіңіру тек қана тауелсіэ елде жүзеге асады. ақынға шығармашылық табыс тілеймін .
құрметпен Б.Р

жандарбек 15.10.2016 | 15:42

Өленіңді оқып бір рахат сезімге бөлендім. Осындай рухты дүниелер дүниеге келе берсін! Жастар жағы зейін қойса екен. Рахмет бауырым, қаламың ұштала берсін.

Б.Әнуарбек 17.10.2016 | 01:06

Оралман қазақ:
Осы шағын ғана поэмаға Қазақтың пәлен ғасырлық тариxын жіпке тізгендей көз алдыға елестету жәй ақынның қодынан келмес еді!! Ол үшін алапат ақындық дарыннан тыс ғұламалық пен көрегендік, Отанға деген шексіз сүйіспеншілік керек. Ол Д.Мәсімxанның қолынан келді.

Тəкен 17.10.2016 | 19:11

«Домбыра алып ақын келді бұл көшпен, Бостандығын жырлаймын деп Алаштың» Осы орамдарды ой елегінен өткізетін парасат берсін Даланың дархан ұлдарына, бауырым.Классик айтады: «ақынға қажеттілік айтылмайтын сөзіңді айта алатын ауыз керек болғанда туындайды»-деп. Көшпен өткен, көшпен жеткен кемел рухтар қолдап-қорғап жүрсін қаламыңды ақын, ұстаз, ғалым, азамат інім!

Тəкен 17.10.2016 | 19:12

«Домбыра алып ақын келді бұл көшпен, Бостандығын жырлаймын деп Алаштың» Осы орамдарды ой елегінен өткізетін парасат берсін Даланың дархан ұлдарына, бауырым.Классик айтады: «ақынға қажеттілік айтылмайтын сөзіңді айта алатын ауыз керек болғанда туындайды»-деп. Көшпен өткен, көшпен жеткен кемел рухтар қолдап-қорғап жүрсін қаламыңды ақын, ұстаз, ғалым, азамат інім!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір