ГӘККУ-МҰҢ
14.10.2016
2252
1

4-5(ХИКАЯТ-ЭССЕ)

Жақыпжан НҰРҒОЖАЕВ

 

Бөлме іші көгала түтін. Нұрғиса мен Мұ­қағали қиналса да, шыдап отыр. Ба­ғана уәделі уақыттан кешігіп қалған айыбы бар. Бұлар ентіге жеткенде, Бау­кеңнің үйіндегі жеңгей: «Ағаларың күтің­кіреп қалды, айғайлап алуы әбден мүмкін, шыдаңдар», – деп сыбырлап ескерту жасаған еді. Айтқаны айдай келіп, батыр ағалары біраз күркіреп алды. Артынан жазылып сала берді ғой. «Екі тентек» інісін жек көрмейтін. Басқа бір­еулер болғанда «Кругом, марш!», – деп айғайды салып, кірген есігінен қайта шығарып, қуып жіберуші еді.

«Сөгісін» алғаннан кейін «екі тентек» інісі Баукеңнің әңгімесіне құлақ түрді. Біраз әңгіменің басын қайырып, батыр ағалары қолындағы мүштекке салынған темекіні көрсетті де:

– Мен мына шылым деген пәлені неге жиі шегеді дейсіңдер? Неге ана пәлені де ішемін?! Қан майданда қа­сым­да жүріп, қас-қағым сәтте оққа ұш­қан боздақтарды ойлаймын ғой! Сағы­намын соларды! – деп қалды.

Екеуі бір-біріне қарап, «дәл осыны жазу керек» дегенді көзбен ұқтырды.

Батыр ағаларының үйінен шыққа­сын, екеуі жол бойы жақ ашқан жоқ. Өз ойларымен әуре боп келді. Үйге жақын­даған сәтте Нұрғиса Мұқағалидың жауырынынан сарт еткізді:

– Бала, таптым! Мына қара, – деп, ыңылдай жөнелді. – Түсіндің бе, буын сандарын шамаладың ба?..

– Түсіндім, аға…

– Давай, кіріс!..

Нұрғиса үйге кіре сала рояль жаққа беттеді. Мұқағали сұраулы жүзбен қара­ған Дариғаға: «Маған асхананы бересіз бе, жазуым керек», – деді. Ол болса, «түсіндім» дегендей, асүй үстелін босатып, қағаз, қалам әкеп берді.

Тілендиевтер үйінде бір сәт тыныш­тық орнады. Бұл – шығармашылық буыр­қанысқа толы тыныштық болатын.

Бір сәтте Нұрғисаның даусы ес­тілді:

– Дах, мұнда келші!..

– Оу, Нұраға, шақырдыңыз ба?

– Мақатаев қайда?!

– Асүйде жазып отыр…

– Шақыр бері!..

Мұқағали бөлмеге кірер-кірместен Нұрағаң рояльға отыра қалып:

– Мұқаш, тыңдашы! – деп, жаңа әуенге салды. – Сенде қалай, ой келді ме?

– Аға, нобайы бар сияқты. Міне, бай­қап көріңіз, – Мұқағали маржандай тізілген жазуы бар қағазды ұсынды.

Нұрғиса алдымен өлеңді іштей оқып, ыңылдай бастады:

– Тә-әк… Дұрыс!.. Мына жерден қайырмасы кетеді.

Қайран достарым менің!

Майдандастарым менің!

Жеңіспенен оралған бауырларым,

Сағынамын сендерді, сағынамын…

Тә-әк… Аранжировкасын жасаймыз… Слушай, Мұқаш, мынауың шедевр! Маладес, дөп тауыпсың!..

Нұрғиса телефон тұтқасына жармаса кетті де нөмір терді.

– Нүсіпжанов бар ма?.. Әй, қайнаға, қалайсың?! Сағынбасам, іздеймін бе? Давай, үйге тез жет! Шаруа бар!..

Нұрғали келгенше, Нұрғиса жаңа ән­нің сөздерін нотаға түсіріп, аранжировкасын жасай бастады. Мұқағали өлеңіне тақырып қойды: «Мен сендерді іздеймін…».

Нұрғали келгесін Нұрғиса бірден оның қолына нотаны ұстата қойды. Ол да көп күттірмей жұмысқа кірісіп кетті. Нотаға үңіле түсіп, қасын керіп қояды. Нұрғиса оның түріне қарап, масаттанып отыр.

Бір уақытта Нұрғали тамағын кенеп, Нұрғисаға басын изеді. Ол рояльға отырғаны сол, бөлме ішін майдан музыкасы кернеп кетті. Нұрғиса да жәйімен әндете бастады.

Жылдар өтіп барады тізбегімен,

Жаздарыммен қоштастым, күздеріммен.

Жүріп өткен сендердің іздеріңнен,

Үміт үзбей сендерді іздедім мен.

Әнді орындап болғасын Нұрғали жымиып келіп, Нұрғиса мен Мұқағали­дың қолдарын кезек-кезек қысты.

Нұрғиса Мұқағали екеуінің Бауыржан Момышұлына сәлем беру үшін үйіне барғанын, әннің сол кездесуден туғанын шабыттана әңгімелеп берді.

– Бұл ән тек Баукеңе емес, бүкіл майдандастарға арналады, – деп, Мұқа­ғалиға қарады. – Дұрыс па, Мұқаш?.. Батырдың іші-бауырына кіріп-шық­қандай қалай дәл басқансың жүрегінің пернесін? Майдандастарын Баукең дәл осылай сағынып, іздеген шығар!..

Нұрғали қосыла кетті:

– Сендерді бұлақтардан, гүлдерден ғана сұрап қойғам жоқ, өздеріңді шы­ға­рып салғанда, соңдарында жылап қал­ған арулардан сұрадым, – дейді батыр…

– Қайырмасының өзі-ақ бәрін айтып тұр емес пе? – деді Дариға да өз пікірін білдіріп. – Тыңдашы:

Бауырластарым менің!

Қаруластарым менің!

Қай жерлерде жүрсіңдер, майдандастар?

Тағдырларың не болды, қайран достар?

Бұл сөздің аржағында майдандас­та­рының хал-ахуалына ерекше алаңдау, қимастық бар ғой. Отанды қорғап кел­гендердің талайының тұрмыстық жағ­дайда шекесі шылқып, тек сый-құрмет көріп жатпағаны белгілі. Арада өткен отыз жылда соғысқа қатысқандардың ерлігін ұмытып кетпей жатыр емес пе кейбір лауазымды пенделер? «Біреуге мал қайғы, біреуге жан қайғы» демекші, майдангерлерді қадірлеуді де ұмытпау керек қой. Олар да мәңгілік емес, ертең ғайыпқа аттанып кете барады. Сонда соңында жылағанда ұялмау үшін қазір сыйлап, әспеттеу керек емес пе?!

 

* * *

Нұрғиса домбырасын құшақтап отырып, ойланып қалды да, әңгімесін жалғады:

– Содан Қарақастектен Алматыға көшіп келіппіз. Жаңылмасам, сол 1930 жыл болса керек. Ол кезде вокзал біреу-тұғын. Жақында екіншісін салып бітті ғой. Соны, неге екенін қайдам, «Бірінші вокзал» деп атайтын бопты…

Біз ескі вокзалдың алдындағы жата­ған үйлердің бірінде тұрып жаттық. Әкем ет комбинатында – қара жұмыста. Шешем – үйде, бізге қарайды. Екі ағам мектепке барады. Менің бар бітіретінім – үйдің төбесіндегі шөп арасына кіріп алып, әкем жасап берген ұршықтай домбыраны айналдыру. Әкем сияқты домбыраның құлағында ойнауға қатты құмарттым ғой. Ол өткір пышақтың жүзімен де тартатын. Мен де сөйтіп тартып көрмекші болып, домбыраның ішектерін талай үзіп алдым…

Нұрғиса күліп алды. Мұқағали бес-алты жасар баланың қылығын көзге елестетіп, езу тартты.

– Маған домбырашылық, күйшілік өнер әкемнен, ән-жырды ұғынуым анамнан дарыды. Әлгінде Жамбыл атам­ның алдына отырып алып, сақа­лынан тартып, домбырасына таласатынымды айттым ғой.

Мен қолына домбыра алғандардың жанында отырып қалсам, олардың аспапты қағысын, саусағының әрбір қимылын бағып, зердеме құйып алғым келгендей ұйып қалатынмын. Жай ұйымай, көңіліме жаққан дүниені қағып алатынмын. Есімде сақтау қабілетім ерекше болған.

Естігендерімді қасымдағыларға өз сөзіммен емес,  домбыраның қос ішегі­мен жеткізуді де ойлайтынмын. Ағаш­тың сыбдырын айнытпай шертуден бастал­ған бейімділік біртіндеп ағын судың сарқырауына, ұйытқыған құйын­ның аласұрған дауысына ұласа берді.

Алматыға қоныс аударғанда, кең далада атпен шауып, мөлдір бұлағынан су ішіп, жаз көкмайсасында жалаңаяқ жүгіріп, қыста аппақ қарына еркін аунап үйренген мен дала иісін сағынғаннан мінезім де өзгеріп, ішкі күйім домбыраға қосуға бейімделе бастаған. Үй төбесіндегі шөптің үстіне отырып алып домбыра шерткенде де көкейімде осы күй тұрған шығар. «Көршілер, алай-бұлай өткендер естиді-ау, оғаш көреді-ау» деген ой кәперіме кіріп-шықпайтын. Қолыма домбыра тисе, айналадағының бәрін ұмытып, соның жетегінде кетемін.

Сондай бір күні менің безілдетіп күй тартып отырғанымды өтіп бара жатқан бір адам естіп, таң-тамаша болып тұрды да қалды. Шөптің арасына кіріп алған «күйшінің» өзі қайдан көрінсін, ал домбыра үні: «Мені мына тар жерден шы­ғарып алыңдаршы» дегендей, құмы­ғып шығады. Әлгі адам «Домбыраның иесі осы үйде шығар» деген оймен үйге кіріп, шешеме «мына баланы оқуға беріңіз» деп қолқа салады. Бұл – ел іші­нен ән-жырды жинақтап жүрген Ахмет Жұбанов ағамыз еді.

Сол бір алаңсыз күндерімнің бірінде Ахмет аға мені қазіргі Чайковский атындағы училищеге жетелеп апарды. Ол кезде Чайковский аты жоқ, музы­ка­лық-драма театры болатын. Ахаң дирек­тордың орынбасары еді. Жасым жетпей­тініме қарамай, қабылдатқызды. Бір ашуланып алғаны да есімде. Шамасы, қабылдау бөлімінің адамдары «жасы келмейді» десе керек. Шын жасым бес-алты жас қой деймін сол кезде. Өзім де анық білмеймін. Шешем де қай жылы, қай күні туғанымды ұмытып қапты, бір сұрағанымда…

Ахаң әрі-бері өтіп жүріп, менің ылғи домбыра тартып отыратынымды көре­тінін айтып, артынша дәлел үшін маған күй тартқызды. Мен де қарап қалғаным жоқ, киіз қаптан домбырамды суырып алып, әкемнің «Аққу» күйін орындап бердім. Байқаймын, аналар икемге келген сияқты. Ахаң да ашуын басқандай, жайлап қана: «Сендер баланы әзір қабылдап, оқыта беріңдер, документін өзім екі-үш күнде тастай қыламын», – деді.

Содан шешем байғұс мына Шиліке­мерде сельсовет боп тұрған қайнысы Ноғайбайға барып, «дәкүмент» жасаттырыпты. Қара танымайтын шешем сөйтіп жүріп менің жасымды екі-үш жыл­ға ұлғайттырып алады. «Біржола он үште деп көрсете салмаған екем», – деп, күліп отыратын.

– Ой, аға, онда менен әлдеқайда үлкен боп шығар едіңіз. Мен де кезінде өзіме жас қосып алуым керек еді, қолда тұрған кезде. Он жеті жасымда Шибұт ауылында сельсовет болдым ғой. Сол тұста сайлау өтіп жатқанын пайдаланып, туған күнімді өз қолымен түзетіп алған едім. Өз есебім бойынша 8 март емес, 9 февральда тусам керек. Сол күнді таң­дап алуға тағы бір себеп – сүйікті ақы­ным­ның бірі болған Әлішер Науаи 9 фев­ральда туған екен. 1948 жылы ұлы бабамыздың 500 жылдығына байланысты қазақша кітап шыққан еді. Алғы­сө­зін Мұхтар Әуезовтің өзі жазған-тұғын. Содан қатты әсерленіп жүрген кезім еді…

– Е, әлгі «Ләйлі-Мәжнүн» қиссасын жазған әйгілі шайыр ғой. Ол жәй ғана шайыр емес, ұлы ғұлама емес пе еді?.. Қарашы, Мұқаш, біздің осы Науаи, Фараби, Баласағұн, Қорқыт бабаларымыз қандай жан-жақты болған десеңші! Олар күллі жаратылысты тану үшін жанын салды ғой! Математиканы біліп, жұлдыздарды санап, дүниенің есебін жасауымен қатар, сөз асылын теріп, музыканың да қыр-сырын бізден артық білгенін айтсаңшы!..

Мұқағали алысқа көз тігіп, отырған орнында өлең оқи жөнелді.

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Балаларым болмасын деп көркеуде,

Қобызыңмен қосып ән мен тіл бердің,

Өмірге мен мылқау болып енгенде.

Бабаларым,

Рақмет сендерге!

Жыраулардың жазбай кеткен жырларын,

Арулардың айтпай кеткен сырларын,

Қорқытыңның қорқынышты мұң-зарын,

Қобызыңның шанағынан тыңдадым.

Құлазыған сенің құла түздерің,

He білмеген, не көрмеген ізгі елім.

Жазылмаған тарихымның жолдарын,

Ауызекі аңызыңнан іздедім.

 

Мен білмеймін.

Басыңа әлде орнап бақ,

Шаһар салып, жасадың ба жаннат-бақ?

…Әлдеқалай тасқа түскен таңбаны

Табынамын, тарихымдай ардақтап.

 

Сыр ашпайды сенің құла түздерің,

Сыр ашпайды тау-тастағы іздерің.

Сенің бүкіл болмысыңның тағдырын,

Домбыраңның пернесінен іздедім.

Іздедім де, сәттерімде түңілген,

Тастап кеткен аңызыңа жүгінгем.

Жүгінгем де, қайта туғам, тірілгем:

Тарихымды жазудамын бүгін мен,

Бабаларым, сенің Ана тіліңмен!

 

…Менің мына қайта туған күнімде,

Сөйле, оркестр, дүрілде бір, дүрілде!

Сөйле, Моцарт, менің Ана тілімде,

Сөйле, Данте, менің Ана тілімде.

Нұрғиса оның өлең оқыған сәтінде нұрланып кеткен жүзіне қарап, сүйсініп отырған. Өлең аяқтала салысымен орнынан шапшаң тұрып, қолындағы домбырасын қоймастан, Мұқағалиды құшақ­тай алды:

– Жаса, Мұқаш бауырым!..

Орнына соншалықты қағылездікпен отыра қалып:

– Мен саған тағы бір күй тартып бе­рейін. «Баламишка» дегенді естуің бар ма? – деп сұрады. Мұқағали басын шайқады.

– Бұл күйді әкемнен үйренген едім. Татарлардың музыкасы. Бізде бір қауым татарлар тұрды ғой, солардан осы әуенді естісе керек…

Нұрғиса ойнақы күйді беріле тарт­қан­да, екі иіні селкілдеп, халатының етегі желп-жел етті. Өзімен бірге домбырасы да билеп кеткендей көрінді.

– Осы күйді мен кейін жетілдіріп, Латиф Хамиди ағамызға тарту еттім, – деп, әңгімесін жалғастыра түсті. – Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Латиф Хамиди сияқты өнер қырандары ғой мендей сарыауыз балапанды баулып, қанаттандырған. Қамқор болғандардың бірі Бақытжан Байқадамов ағамыз болды. Ол бізге математикадан сабақ берді.

Бесінші класқа көштік. Жаңа оқу жылы басталғанда, ұзын бойлы мұғалім кіріп келді де, бізге біраз қарап тұрды. «Кәне, есепші болатындар сол жаққа, әнші-биші болатындар оң жаққа шы­ғыңдар», – дегені сосын. Қызық ойын сияқты бізге. Сөйтіп, класс жапырыла екіге бөлінді. Мен екі ортада серейіп тұрып қалдым. Ол маған назар аудармас­тан: «Айгөлек» деген әнді естулерің бар ма?» – деп сұрады. Үн жоқ. Өзі шырқай жөнелді. Сөйтсек, өзінің әні екен ғой. «Кім қайталайды?» деген сұраққа тағы да үн жоқ. Ағай маған қарап: «Өзің құла­ғың қалқайып, әнге де, есепке де ебің жоқ екен ғой», – деді. Балалар ду күлді. Есікке қарай тұра ұмтылдым. Үйге зымырап барып, зымырап қайттым. Домбырамды алып келдім. Класқа жүгіріп кіріп, әй-шәй жоқ, «Терісқақпай» күйін тарттым. Күй аяқталысымен, Бақытжан аға орнымнан тік көтеріп алып: «Қал­қайған құлағыңнан айналайын!», – деп бетімнен сүйді. Жылап жібердім. Намыс қой, шіркін!..

Нұрғиса есіне бірдеңе түскендей, рахаттана күліп алды.

– Бір күні үлгерімі нашар балалардың бір-екеуі маған: «Мықты болсаң, бүгінгі сабақты болдырмашы», – деді. Намысты қолдан берем бе, келістім. Бақытжан аға аса ыждаһатты, талабы күшті мұғалім болатын. «Кеше қай жерге келдік, кәне, кім айтып жібереді?», – деп бастайды сабағын. Сол кезде қолымды бірінші боп көтере қойдым. «Ал Қалқанқұлақ, айта ғой», – деді. Мүдірмей айтып шықтым да: «Сіздің әніңізді үйрене ал­май жүрмін», – дедім жорта. «Е, оның не қиыны бар?», – деп елең ете қалды. Әуелі маған айтқызды.

Айгөлек-ау, айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек, – деп, бір ырғақпен айта бастап ем, «тоқта!» деді. Сөйтті де, өзі нақышына келтіріп айтып, «ал қайтала» деп еді, тағы да бұзып жібердім. Бақытжан ағаның да түрі бұзылып кетті. «Қап, мына Қалқанқұлақ антимузыкальный екен ғой!» деп, күйіп-пісті. Сабақ жайына қалды. Мен «ұқ­пай­мын», ол маған ұқтыра алмай әуре. Ақыр соңында, әнді бүкіл класқа хормен айтқызды. Сөйтіп, математика сабағы ән сабағына айналып кетті…

Нұрғиса мен Мұқағали біраз күлісіп алды. Мұқағали шашын артына қайы­рып қойып, ағасының нұрлы жүзіне жымия қарап:

– Аға, рұқсат болса, мен сізге ән орындап берейін, – деп қолқа салды. – Дұрыс айтпасам, азар болса, «антимузыкальный» атанармын…

Нұрғиса оған «ондай да өнерің бар ма еді?» дегендей, таңдана қарады да: «Ну, давай, тыңдап көрейік», – деді, ынта қойып. Мұқағали Үкілі Ыбырайдың «Гәккуіне» басты. Нұрғиса басын бір жағына қарай қисайтып, тыңдап отырды да, домбырасын шертіп, сүйемелдеді. Ән аяқталса да, импровизацияға салып, әуенді құбылтып, біраз отырды.

– Өй, Мұқаш, өзің нағыз «музыкальный» екенсің ғой! Әдемі баритон даусың да бар екен, – деді, домбырасын шертіп болғасын. – Әй, бәсе, музыкаға етене жақындығыңды сезіп едім. Әйтпесе, әнге сөз, сөзге ән сұранбас еді. Жүрек алдамайды ғой. Алдамайды мына жүрек!..

Мұқағали күлімсіреп, шашын артына қайта-қайта қайыра берді. Мұңлы жүзі нұрланып, жарқырай түсті.

– Аға, сіз «Қыз Жібекте» осы «Гәкку­ді» мың құбылттыңыз ғой! – деді мақ­тан­ғанын жасырғандай мақпал үнмен.

Нұрғиса домбырасын кеудесіне қыса ұстап, шешіле сөйледі:

– Иә, мен оның түрлі нұсқасын есті­дім ғой. Операсын талай тыңдағанмын. Күләш апамыз құйқылжытушы еді. Құлағымда ғой бәрі. Бірде Шотаның үйінде Кәкімбек інім «Гәккудің» төрт түрін айтып бергені бар…

Обалы не керек, «Қыз Жібек» филь­міне барымды салдым ғой. «Қыз Жібек» экранға шыққанда: «Бар өнерімді осы фильмге арнадым, енді менен ештеңе сұрамаңдар», – дедім.

«Біткен іске сыншы көп» дегендей, картинаны түсіріп болғасын Сұлтан екеуміздің естімегеніміз жоқ.

– Ал керек болса!  Ана Москвадағылар тағы да: «Фильмнің мына тұстағы музыкасы дұрыс емес! Тым сыңсып, адамды торықтырады. Қайдағы бір аспаптарды қайдан тауып алған бұл композитор? «Ғасырлық мәні бар» дейді! Ендеше сол аспаптарды осыған дейін неге қолданбай келіпті? Солардың бәрін осы фильмге тоғыту керек пе? Бұл не деген композитор, өзі?»  деп қиғылық салып жатыр» деген хабарды жеткізіп тұрған адамның сөзін өз құлағыммен естідім.

– Иә, енді неғыл дейді екен? – деді Қожықов.

– Сол ұлттық аспаптардың бәрінің бірдей қатысуы міндетті емес. Фильмнің музыкалық жағына қатаң қарап, бір­шама жерлерін қысқарту керек деп жатқан көрінеді.

– Жарайды, тиісті орындармен өзім сөйлесемін, – деді де, Қожықов машина­ға мініп, асығыс кетіп қалды.

Содан ол Мәскеудегі лауазымды адам­дармен байланысып, бұл фильмнің негізгі тірегінің бірі – оның музыкасы екенін түсіндіріп бақты.

– Ондағы музыкалық аспаптарды композитор Тілендиев өзге де музыка білгірлерімен бірігіп, қаны мен терін төк­кендей жинақтады, басын біріктіріп, үндестіріп, өмірге қайта әкелгендей күйге келтірді. Фильмнің музыкасына тағар ешқандай кінәратымыз жоқ! – деп жүріп, оның бүтіндігін сақтап қалды. Фильмді қорғап, болысқандардың бірі Шыңғыс Айтматов екенін білдім кейін.

Ал Мәскеуге фильмнің музыкасы туралы пікірді де, «ондағы аспаптардың көптен бері ұмыт болып қалған тым көне, аса қажеті жоқ» екенін де оларға жеткізген маған іштарлық жасаған­дардың ісі еді. «Қыз Жібек» фильміне Мемлекеттік сыйлық берілгенде, көре алмаған бір «мықты» мені тізімнен сызып тастатқызыпты. «Білгенін істесін», – дедім іштей. Басқа не дейін? Абай атамыз айтпақшы, біз ішпеген у бар ма? Әйтеуір жасып, жасқанған жоқпын. Қайта жігерлене түстім!..

Мұқағали Нұрғисаның әңгімесін басын төмен салып, үнсіз тыңдап отыр­ған. Осы сәтте иегін көтеріп: «Иә, аға, күндестік құрысын!», – деді де өлең оқи жөнелді.

ПІКІРЛЕР1
Ержан Арзықұлов 01.12.2016 | 17:53

Жақа, керемет дүние екен!!! Мен дәл осы әңгімені «Мұқағали-дастан» деп аталатын пьесада пайдаланып едім. Әрине, мендегі баяндалатын нұсқасы сәл өзгешелеу. Сізбен қалай байланыссам екен?.. «Қазақ әдебиеті» арқылы байланыс нөміріңізді алуға болар ма екен?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір