РУХАНИ КЕНІШ
14.10.2016
2918
0

majtanovБ.Майтановтың қаламынан туған өрелі ой желісі әдебиеттану әлемінің сын, тарих, теория салаларын көктеп өтіп, ХІХ-ХХІ ғасырлардағы ұлттық сөз өнерінің аясын қамтиды. 1960 жылдардың соңынан әдебиетке араласа бастаған жас әдебиетші өткір ойларымен, байсалды байламдарымен өзінің зор шығармашылық әлеуетін танытқан еді.

Әуел баста әдеби сын секілді жауынгер салада қалам сілтеген жас ғалым кейін теориялық зерттеулерге ойысып, осы арнада өмі­рінің соңына дейін өнімді еңбек етті. Б.Майтановтың әр жылдары жарық көрген «Қазақ прозасындағы замандас бейнесі» (1982), «Көркемдік нәрі» (1983), «Қаһарманның рухани әлемі» (1987), «Суреттеу мен мінездеу» (1991), «Мұхтар Әуезов – суреткер» (1996), «Қазақ романы және психологиялық талдау» (1996), «Мағжан Жұмабаевтың поэтикасы» (2001), «Сөз сыны» (2002), «Автор в повествовательной сис­теме казахского романа» (2003), «Абай» (2004), «Психологизм в художественной литературе» (2004), «Портрет поэтикасы» (2006), «Монолог құрылымы» (2006), «Мұхтар Әуезов және ұлт­тық әдеби үрдістер» (2009), «Пейзаждың көркемдік семантикасы» (2010), «Тәуелсіздік – күрес мұраты» (2012) сынды кітаптары – отандық әдебиеттанудың ғылыми-зияткерлік өресін танытар қабырғалы еңбектер. Ғалым­ның басты ғылыми бағдары Абайдан бүгінге дейінгі қазақ көркем сөз өнері негізінде психологизм, жеке қаламгерлік поэтика, әдеби даму үрдістері сынды теориялық мәселелерді зерттеумен байланысты болғанын осы кітаптарда қордаланған рухани мұраның мазмұндық ауқымынан аңғаруға болады.

Қаһарманның рухани әлемін­дегі толассыз танымдық, пси­холо­гиялық үдерістерді саралау арқылы олардың әдеби мәтін кеңіс­тігіндегі алуан түрлі қызме­тін анықтауға бағытталған зерт­теулер теориялық тереңді­гімен, тарихи үдерістерді сарап­таудағы барынша объективтілігімен құн­ды. Тарихи туындылар негізінде көркем прозадағы психологиялық талдау үлгілерінің даму, түрлену жолдарын зерделеу бойынша жасалған ғылыми қорытындылар жалпы қазақ әдебиетіндегі көр­кем психологизм поэтикасы жай­лы ой-тұжырымды айқын­дап, ол туралы нақты теориялық түсінік қалыптастырды. Осы орайда зерделі зерттеуші  діл және мә­дениет, болмыс пен мінез қыр­ла­рын бейнелеудегі көркем сөз қуаты мен жеке қаламгерлік ше­бер­лік мүмкіндіктерінің шексіз­дігін айқындайды.

Ұлттық мұраттарды ұлықтап, мәдени мұраны қайта салмақтай бастаған жылдары (ХХ ғ. 1990 жылдары) революциялық роман­дар­дың классикалық  әдеби қазы­надан ығыстырыла жазда­ға­ны белгілі. Тәуелсіздіктің ал­ғаш­қы жыл­дарындағы тұтас ұлтты жай­ла­ған азаттық эйфориясы сондай жағдайға жеткізген еді. Осы бір аралық кезеңде өткенге – әдебиет тарихына,  әдеби жәдігерлерге салыстырмалы тұрғыда баға беру қажеттігін саналы түрде мойын­дат­қан еңбек­тердің қатарында Б.Майтановтың зерттеулері де болды. Кейіпкердің ішкі әлемін, күрескерлік рух та­би­ғатын, мі­нез­дер мен дүние­танымдар қақ­ты­ғысын кезеңдік идеологиядан тыс саралаған ғылыми еңбектер – шын мәнін­дегі классикалық зерттеулер. Қаһарманның рухани әлемін, ой-сезімін қоғам, тарих, ұлттық мәдениет аясында саралау кезінде ғалымның базбір кезеңдік сол­қылдақ көзқарас­тардан бойын аулақ ұстап, бәріне биік адам­заттық идеялар тұр­ғысы­нан баға беруге, неғұрлым тамырлы тол­ғам­дармен ой түюге ұмтыл­ған­дығы аңғарылады. Кеңестік өмір­дің бел-белестерін бейне­лейтін ХХ ғасыр романдарын қарас­тыратын «Қазақ проза­сын­дағы замандас бейнесі», «Қаһар­ман­ның рухани әлемі» –  маз­мұндық, ғылыми-теориялық сапа жағы­нан уақыт озған сайын өзектілігін жоймайтын еңбек­тер.

Б.Майтанов мұрасында, әсі­ре­се  Әуезов сынды заңғар тұл­ғаның шығармашылығы төңі­регіндегі зерттеулердің шоқтығы биік. Ба­қыт­­жан Қауасқанұлының бас­шы­лығымен  жүзеге асырыл­ған «Мұхтар Әуезов және әлем әде­биеті», «М.О.Әуезов шығар­ма­шы­лы­ғындағы этномәдени дәстүрлер және ұлттық өрлеу үдерісі», «М.О.Әуезовтің көркем­дік-эсте­ти­калық ізденістері», «М.О.Әуезов дәстүрлері және қазіргі қазақ әде­биетінің даму үрдістері», «М.О.Әуезов шығарма­шылы­ғын­дағы тәуелсіздік идеясы» сынды іргелі ғылыми жобалар аясындағы ізденістер ұлы қаламгердің шы­ғар­машылық мұрасының үңіле зерделеуді күтетін тұстары уақыт өткен сайын ашыла түсерін паш еткен еді.

Қаламы қарымды зерттеу­ші­нің Әуезов тақырыбындағы «Мұх­тар Әуезов – суреткер» (1996), «Сөз сыны» (2002), «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үр­діс­тер» (2009) атты жеке моногра­фия­лық еңбектерін бөліп атаған жөн. Ғалымның әуезовтану са­ласындағы ғылыми ізденістері де ғылымның жаңа жетістікте­рінің биігінен назар салатын біре­гей көзқарасымен, соны пі­кір­лерімен бағалы. Әдіснама­лық тұрғыда жаңғырған әдебиет­танудың пән­аралық, салааралық зерттеу ыңғай­лары негізінде жүргізілген зерттеулер қызықты деректерге, тың толғамдарға,  жаңаша пайым­­дарға толы.

М.Әуезов творчествосы не­гі­зінде жасалған ұлттардың пайда болуы мен тарих сахнасындағы өміршеңдігі, этнос психологиясы және діл ерекшеліктері жөніндегі пайымдар әдебиеттанудың шекарасынан асып, тарих, мәдениет­тану, әлеуметтану, философия, психология сынды салалармен астасып кетеді. Томаға-тұйық талдаулар шеңберінен өтіп барып, тұжырым тапқан дүние-болмыстың сыры, адами қарым-қатынастар, жан әлемі жайлы мейлінше кең қанатты толғамдар оқырманды үнемі па­расатты ой сапарларына жетелері сөзсіз. Себебі, әдебиет­тану дегеніміз – адамтану. Ғалым қа­ламына ілік­кен кез келген әдеби туынды белгілі бір дәуірдің ғана қоғамдық көзқарас аясында емес, мейлінше әділетті, байсалды ғылыми назар тұғырнама­сы­нан бағамдалған. Б.Майтанов­тың «Мұхтар Әуезов және ұлттық әдеби үрдістер» атты көлемді моно­графиясына кірген «М.Әуезов шығармашылығының этнопсихологиялық негіздері» атты арнайы тарауы осы ыңғай­дағы пәнаралық зерттеулер қа­та­рынан саналады. «Біз бүгін талай тасу мен тартылудың негізінде жалпы адамзаттық көлемде пас­сионарлық өрлеу жолындағы ақ­тық асуға жеткенімізді не әлі де алдағы биіктердің етегінде тұрғанымызды білмейміз. Алайда, технократиялық төңкерістер барысы қалыпты даму көзі – таби­ғи тепе-теңдік заңын бұз­ғаны анық. Уақытша тілек, ниеттер мәңгілік мүдделердің жаға­сынан алды. Бұл өркениеттің іздері су астында жатар, жатпасы да белгісіз» дей келе, адамзат та­рихының асулары мен белестерін шарлап өтіп, этнос теориясы мен «қазақ» ұғымының қалыптасуы жөнінде ой сабақтайды. Жаһанды алаңдатқан өркениеттер қақ­ты­ғысы, базбір этностардың жасам­паздығы, не керісінше қыршыны­нан қиылуы мәселелері де ғы­лы­ми деректермен  дәйектеліп, ұлттық діл мен болмыстың сақ­талуындағы табиғи, саяси, мә­дени факторлар тілге тиек болады. Сайып келгенде, зерттеушінің негізгі ой-өзегі – ұлттық құн­ды­лықтарды сақтаудағы әдебиеттің мән-маңызына баға беру. Осы орайда кезеңдік идеологемаларға иек арту, әсіре эмоционалды пафосқа берілу Б.Майтанов сти­ліне жат қасиеттер екенін айта кеткен жөн.

Жалпы, көркем әдебиеттегі психологизм, әдебиет поэтикасы, туындыдағы баяндау жүйесі мен мәтін құрылымы, автор және қаһарман, көркем мекеншақ сынды теориялық мәселелер мен категорияларды тұрақты зерделеу үстінде де ғалым Мұхтар Әуе­зов мұрасына соқпай өтпейді. Ол өзіне дейін алуан тақырыптағы ғылыми зерттеулерге нысан бол­ған М.Әуезов туындыларын жаңаша қырынан танып-тара­зылауға ден қоюмен болды. «Абай жолы» және тәуелсіздік рухы», «М.Әуезов және Абай өмірі мен шығармашылығы», «М.Әуезов және Абай өмірбаянының нұсқа­лары» сынды мазмұнды дүниелер ұлы жазушының әдеби қа­зына­сына деген осындай айрықша қызығушылықтан туғаны анық.

Бақытжан Майтанов әлемдік әдебиеттанудың үздік табыстарын отандық сөз өнері туралы ғылымның айналымына енгізуге күш салды. Ол шығарманың баяндау жүйесі, таңбалар жүйесі сынды әдеби мәтін құрылымы аясындағы герменевтикалық, синергетикалық талдау әдіс-амал­дарының ұтымды тұстарын ұлттық әдебиетті зерделеуге қол­да­нуға ден қойған еді.

Профессор Майтанов үнемі іздену мен өмір бойы білім алуды шын мәнінде өмірлік қағидаға айналдырған еді. Ғалымға қажет екі қасиет –  толассыз ізденіс пен қажырлы еңбек екенін кейінгі әріп­тес, шәкірттерге өнеге етумен болды.  «Өнер де, ғылым да таным жолындағы ұлан-ғайыр ізденістермен көктемек. Бағыттан ауытқу, жаңылыс басу, адасу соны ақиқат шырағын жағумен ұштасып жатса – қуаныш, – деп жазған еді ол Б.Кенжебаев туралы естелігінде. – Немкетті, тиіп­қаштылықтан ада еңбек, толассыз дамыған қабілет, сергектігін жоғалтпас жіті зерде – жемісті нәтижелердің бастауы. Көбіне шарттылыққа жүгінетін, болжам мен ойдың тағдырын уақыт талқысына тастайтын, кезінде дұрыс байламдары өзгеріп-толығып отыратын әдебиеттану мен әдебиет сынында дауға соқпай өркендеу де болмайды. Ғылым қамын, өнер мүддесін көздеген адамда тартыс додасынан жалтару, іркіліп қалу, сыңай бағу кездеспесе керек. Асықпай толғанып, алдамас деректерден әділ түйін шығарып, байыптай-саралай сөйлеу керек». Осы бір сөздері, шын мәнінде, оның ға­лым­дық кредосына айнал­ғандай.

Бақытжан Қауасқанұлының артында қалған мол рухани қазы­наны жиып-тергенде, сегіз том­дық салмақты топтама жиналды. Әр кезеңде түрлі таралыммен жарық көрген еңбектердің әлі де маңызын жоймағандығын ескере отырып, осы қажет дүниенің жа­рық көрер күні жақын болса екен деп тілейміз. «Ғалымның хаты өлмейді». Б.Майтановтың рухани кеніші де соңындағы зерделі ұрпақ өсіп-өнген сайын сарқыл­май, жаңғырып тұрарына сені­міміз мол.

Әлмира ҚАЛИЕВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институтының ғалым хатшысы,
филология ғылымының кандидаты.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір