ЖАПОНМЕН ДЕ «ҚҰДА» БОЛҒАНБЫЗ…
14.10.2016
3800
5

unnamed

Серікқали МҰҚАШЕВ

Мына бір сүреңсіздеу суреттеменің кейіпсіздеу кейіпкерлерін «түк көрмеген көргенсіздер екен» деп кекете көрмеңіз. Жастықтың албырттығымен жауапкершілік деген жоян жүкті саналы түрде салмақтай қоймаған ашқұрсақ студент шіркіндердің қылапетіне түсіністікпен қарауға тырысарсыз…

1990 жыл болар. Жаз уақыты. КазГУ-град. Жатақханадамыз. Кә­дім­гі әлемге әйгілі журфактың 5-ші жатақханасы.

«Оқу ұрған» ғұламалар сабақта ма екен, жоқ әлде емтиханнан кейін елге тарап кеткен кез бе, ол жағы анық есімде қалмапты. Әйтеуір аннан қашқан, мұннан қашқандар болмаса, «общагада» көлбеңдеп кездесетін көлеңкелер сирек.

Дүниедегі үш арсыздың бірі – тамақ қой. Әлдеқашан түс ауып кетсе де сол арсызға ақша таппай, ұрынарға қара таппай дегендей, курстасым Нұржан екеуміз бөлме-бөлменің есіктерін бейсауат «түгендеп» жүрген кездің бірі еді.

Осындай сандалбай сенделіс сәтінде жатақханамызға жүгіре басып журфакпен «бірге туған» филфакта оқитын аты да Керім, заты да ке­рім жігіттің Құдай айдап келе қал­ғаны. Жібектей сары шашы желпіл­деп, түбіт мұрты үлпілдеп, күйі жақ­сы күйеудей қатып киініп алған.

Аса суыт жүргені әңгімесінің ауа­нынан-ақ аңғарылып тұр. Келген бойда, ентігін де баспастан, әй де жоқ, шәй де жоқ:

– Ресторанға барасыңдар ма? – деп салсын. – Тегін.

Мәссаған, батпан құйрық! То­сын­нан түскен мұншама мәнді ұсы­ныстан миымыз шайқала қалғандай. Ақылдан адасқандай, аузымыз аңы­райып, көзіміз бадырайып, аз-кем мел­шиіп қалсақ та, есімізді тез жи­дық.

– Барамыз!.. Қашан? Қай ресторан? Жайшылық па?

Безілдеп тұрған белсенді Керім­нен бар білгеніміз – өкіметтің қалта­сына сұғылған сұғанақ қолды білегі­мен қоса қырқып түсіретін құдыреті күш­ті бір мекеменің қырағы қыран­дары қаладағы көп мейрамхананың бірінде алаяқ айлакер ме, қымқыр­ғыш қаптесер ме, әйтеуір бір валюта ұстап қағынған әлдекімге қылмыс үстінде қылбұрау салмақ екен. Осынау арнайы операция кезінде біз сияқ­ты бұлғаңбайлардан құралған бес-алты мықты жасанды мейман кей­піне еніп, тамақ ішіп, шарап жұ­тып дегендей, көз алдарқатып отыратын көрінеміз.

Мұндай күлшелі көлденең «кә­сіп­ке» мынау тұрған Керімнің қайдан ғана кез болып жүргенін бір Құдай­дың өзі білсін. Бірақ онда шатағымыз не?! Анығы сол – ол әңгімесін аяқта­ғанша, сілекейі шұбырған көкейдегі көк дөнен арқырай шауып, атауы әзір беймәлім ауқаттану мекемесін аралап кетіп еді…

Содан қойшы, бас-аяғы жарты сағаттың ішінде андағайлап жүріп, жауап­ты тапсырмаға шұғыл аттанатын ғайыптан пайда болған жасырын то­бымыздың кескіндері күмәнді мү­шелерін анықтап алдық. Әлгі үшеу­мізден өзге – курстасымыз Мақсұт та, бізден бір саты жоғары оқитын Ди­дар мен «вешір-көйлегін» киіп үлгерген Бадиша да құлақтарына қазір ғана тиген су жаңа шақыруға еш шалқаламастан, тап бір көптен күт­кен құдалыққа баратындай болып, желігіп тұр.

Осы тұрғанда сыр білдірмей, сы­м­­пиып тұрсақ та, бес минут бұрын ғана өзара «тірі жүрген аюдың тері­сіне таласып» үлгеріп едік…

Керімбала өзін қосқанда «тұп-тура алты жігіт болсын» деген соң, «жұртта қалған» жүгермектерді шарқ ұра жиыстырып, беске толтырып, ен­ді алтыншы «атаманды» аңдып тұр­ғанда, жерден жеті жарым мың теңге тапқандай мұрны делдиген Мақсұт:

– Бадиша! Бадиша баратын болды, – деп, ұшып жетсін.

Тап төбемізден біреу қойып қал­ған­дай бір-бірімізге қарағанбыз. «Өздері өле алмай жүріп қомағай­ла­рын қарай гөр» деп ойлап қалмаңыз. Өлләхи, қылдай кірбіңі жоқ риясыз көңіліміз ашкөздік атты, қызғаныш атты қызыл иттіктерден ада болатын.

– Не дейт?! Қызы несі, жігіттер ға­на бармаймыз ба?! Жоқ, болмайды! Қайтадан барып, айт солай! – десіп, шыж-быж ете қалыстық.

Сол-ақ екен, сый-құрметті тап бір өз қалтасынан көрсетейін деп тұр­ғандай, мінезі қызба Мақсұт шорт кетті:

– Жігіт басыммен қызды ресто­ранға шақырып тұрсам, ақымақты тапқан екенсіңдер! Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені! – деп, шақ етті…

Әйтеуір Құдай оңдап, Керім қол­дап, лап ете қалған «өрт» өрші-і-іп барып, өшіп тынды. Сөйтіп, әшейін­де үш қайнаса сорпалары қосылар-қосылмасы неғайбыл ұзынды-қыс­қалы, жіңішкелі-жуанды бес батыр мен бір бикеш табан астында топ құрып, шертиісіп сап түзей қалдық.

Әділін айту керек, болмыс-бітімі кесек, келбет-кескіні келісті, жігітке бергісіз ер мінезімен қалжың-қыл­жақты қатыратын Бадиша қыз осы кешіміздің падишасы болады деген ой дәл сол сәтте ақымақ басымызда атымен жоқ еді…

Студенттің киім талғамайтын қа­с­иетін білсеңіз, өзімізге ұтымды кө­рінген ұсқынымызды шамалай жатарсыз. Үстімізге іліккен кәстөм-шалбар, галстукты кеды-кроссовки­мен «үйлестіре» киген кейбіріміздің сұр-сықпытымыз сезікті болса да, межелі уақытта мүдірмей басып, «Оты­рар» қонақ үйінің астыңғы қаба­тында орналасқан мейрамханаға еніп келе жаттық.

Байқаймыз, мәзірге жиналғандар арасында қауқылдасқан қазекең­дерден гөрі әжік-күжік шүлдірлескен шетелдіктер басым екен. Кім болса да неміз бар, бірақ осынау өмір мейра­мы өтіп жатқан ортаға сүйкімсіз си­патымызбен сәйкеспей-ақ тұрға­ны­мызды өзге тұрмақ, өзіміз де сезіп келеміз.

Жып-жылы жылмиып келіп, ор­нымызға жайғасқанымызбен, «көк дөненіміз» көпе-көрінеу нәумез болды да қалды. Тұп-тура алты адамға лайықталып жайылған үстеліміздің үсті хош иісі мұрныңды жаратын жылы-жұмсақтан майысқан елдікін­дей емес, жетім қыздың жасауындай жұпыны ғана болып шықты.

Оның үстіне Керім «бастығымыз» қосымша тапсырыс жасай алмай­тын­дығымызды, жауапты тапсыр­маға сәйкес уақытты соза тұру үшін алды­мыз­дағыны асықпай ішіп-жеу туралы нұсқауды алдын ала «нығыз­дап» қойған. Сондықтан әсем әуеннің ырғағына еліткен сыңайда сыпайы қалыппен маңайымызға маңғаздана көз тастап қойып, тамақтану әдебін барынша сызыла сақтап отырмыз. Қоңсы қонған көңілді қонақтармен көздеріміз түйісе қалса, мәдениетті ел құсап бокалымызды шошайтып, басымызды қайқаң еткізіп, ілтипат білдіріп те қоямыз.

Бірақ жеңіл-желпі тіскебасар мен мойны сорайған жалғыз «жарты» қарындары аш алпамсадай алтау­дың қайсыбірінің жұғынына жұқ, жыр­тығына жамау болмақ? Қанша сыз­дықтата созғанымызбен, бұйыр­ған нәпақаның әп-сәтте-ақ әптер-тәптері шықты.

Қылдай бөлісіп қылғытқан «жар­ты­лық­тың» уы ма, жоқ, әлде көк тү­тін араласа бұрқыраған берекенің буы ма, басымыз да «дыңғырлап» қал­ған сияқты. Жан-сарайымыз жадырап, дүние-шіркін де құлпырып бара жатыр. Жаздай жайқалған жамағаттың да қызуы күшейіп, мейрамхана іші домна пешіндей дүріл­дей бастады.

Енді жымыңдай жұтынып, жан-жағымызға алақ-жұлақ жайраңдап, «іздене» бастадық. Асқазанның «ай­қайы» ұмытылып, даңғыр-дұңғыр әуенге делебеміз қозып, қолтыққа ілігер қыз-келіншек кезіксе – жер теп­кілеп билегіміз де келетін сияқты ма-ау…

Өзімізге назары ауған әркімге ыржалақтай ыңғай танытып, «барымызды» базарлап-ақ отырмыз. Бірақ анау-мынау жай мейман емес, жа­уапты тапсырмамен келген «өкімет адамы» екеніміз, әлсіз болса да, әзір­ге есімізде.

Жанымыздағы үстелге жапондар ма, кәрістер ме, әйтеуір бір «әшки» тақ­қан қысықкөз төрт-бес бәкене бой­дақ жайғасыпты. Өздері ерекше көңіл­ді. Рюмкелерін ұмсына көтеріп, «за здаробия», «за дружьба» десіп, ыстық ықыластарын емірене білді­ріп-ақ жатыр бізге. Әрине, онысы – аш қас­қыр­дай жалаңдаған біздей бәлелерге емес, арамыздағы көздің құрты – қызымызға қырындаған түрлері.

Болса да, алдымызда «арқыратар» тұрмақ, «қылқылдатар» да дәнеңе қалмаған соң, бізде қайбір жетіскен «достық» пен «денсаулық» болсын? Ернеуі кеуіп, «құйсаңшы» деп, қиы­лып тұрған қылаяқтарымызды көзі­міз­бен қыдия көрсетіп, жараспай тұрған жағдайымызды көршілерге «жұмсақтап» жеткізіп отырмыз.

Қонақжай көршілеріміздің біздің жаққа пейілдері шындап ауғанын анық аңғарған соң, екіжақты тиімді байланыс орнатуға бағытталған жымысқы жоспармен оларға да иек қаға, ым жасап:

– Мынау отырған жапондардың әнеу біреуін биге шақырсаңшы, – деп, Бадишаны да түртпектей баста­дық. Дегенмен, қызымыз да нағыз азамат:

– Қане, қайсысын? – деп, желпі­ніп отыр еді.

Әлгілердің де түсінігі бар екен. Іздегенге – сұраған. Шынашақтай шәнтиген біреуі аса сыпайылықпен келіп, бізден рұқсат сұрап, «арпа ішіндегі бір бидайымызды» биге шақырды. Қыңыр тірлікке кетәрі болмай, белсеніп отырған бикешіміз бар бойы кеудесінен ғана келетін самурайға елп ете қалды. Тіпті, өзін тап бір «құтты орнына» қондырғандай қолпаштап, қуана қол шапалақтап жіберген бізге көзін қулана қысып та үлгерді.

Тәртіптен теріс кеткеніміз де, Керімнің көңіл-күйін күл-талқан еткеніміз де осы тұс еді.

Бадишамыз кавалерінің тө­бе­сі­нен төне жүріп билеп болғанша, біз де қарап отырмай, «қыз – бізден, «қы­зу» – сізден» дегендей, көрші үс­телдің қасқаларымен «біздің дас­тарханнан – сіздің дастарханға» дәс­түрімен өзара тиімді достық қа­рым-қатынасты бастап кеп жібер­дік.

Үстелдер арасындағы теңселе барыс-келіс, стақандап алыс-беріс жедел қарқын алып, ынтымақтастық нығайып сала берді. «Береген қолым – алаған» деп, құйған қолдарын қайтарып жатқан біз жоқ. Майдай жаққан «сусындарының» түрін түс­теп, дәмін ажыратып жатпасақ та, әйтеуір, өзіміз сіміріп жүретін сурро­гат­тарға ұқсамайды.

Жамырай «гастрольдеп» кеткен жайсаңдарды орындарына кезек-кезек қайтарып, шыр-пыр болған Керім байғұстың берекесі кетті. «Мәнсабы» да, нұсқауы да жайына қалып, өзіне «ақыл соғып» қоямыз. Қулар тұрмақ, қойларды да саппен жүргізуге шамасы жететін оның ырқына көнбей кеткеніміз – қызыл­көз­деніп, «біразға жеткеніміз» болар, сірә. Қызды-қыздымен жауапты тапсырма да, жұлымы шыққан жұ­пыны үстеліміз де әдірем қалып, орындықтарымызды жылжытып, жаңа «тамырларымыздың» жандарына біржолата жайғасып алдық.

Сығыр көздеріне өз қандас­та­рындай көрінді ме екен, әлде бақа-шаян кемірген өздерінікінен қазы-қарта жеп өскен біздікі қоңдылау көрінді ме екен, әйтеуір, қыз көрме­гендей, кезектесе биге шақырып, жандары кіріп жатқандарына қара­ғанда, бұлардың көңілдері біздің қызға қатты құлағанға ұқсайды. Осы­лай­ша, алғашқы болып биге шыққан «шынашақты» «күйеу бала» атандырып, достығымыз аяқ астынан «құдалыққа» ұласты да кетті.

«Карашо-карашо», «окей-окей» дескен «құдаларымыздың» жік-жапар боп көрсеткен сый-құрмет­теріне көл-көсір боп, ымдасып, иша­рат­тасып, шатпырақтай түсінісіп жатырмыз. Қолымызды ербеңдетіп, түрімізді мың құбылта мыжғылап, қысыр әңгімені қыздырудамыз. Тіп­ті, далбасалап, өзге түгілі өзіміз т­ү­сін­бейтін «тілде» өзеуреп те қоя­мыз.

Бадишамыз болса ерлеп отыр, қошеметтің көптігінен терлеп отыр. «Қайныларын» дедектете билетіп келіп, құтақандай «жігітін» сом біле­гі­мен қылқындыра қысып-қысып қояды. «Күйеу» оған мәз-мәйрам, «құдалар» мәре-сәре.

Осылайша бастапқыда «дастарханнан дәм тату» әдебімен тәп-тәуір басталған сыпайы сыйластығымыз бара-бара «асқынып» кетіп еді. Ас­қын­ғаны сондай, дандайсып кеттік. Еркінсігеніміз соншалық, өзіміз құйып ала бастадық, құймақ түгілі, құятындарын шөлмегімен бірге, шылымдарын шырпысымен бірге басыбайлы иемденіп алдық…

Айтып-айтпай не керек, көл­де­нең­нен кезігіп, жоғымызды бар еткен Керімбала мен бағымызға жолығып, азымызды мол еткен Бадишаның арқасында басымыздан өткерген «ба­қытты дәуреніміз» бес-алты сағатқа созылып барып, сәтімен аяқталды. Қалай болғанда да, осы кештегі көңіл­дері тап-таза «қыз жақтың» да, құрақ ұшқан «құдалардың» да өз «есептері» түгел еді.

Сөйтсек, арнайы операцияның жасырын жасақтарының да есебі түгел екен. Қызу «құдалықтан» қо­лымыз тимей жатқанда, олар да қабаттасып жүріп, тіміскі тірліктерін тындырған көрінеді. Бәлкім, о бас­тағы сценарийлерінің сиқы осы болды ма екен, кім біледі? Әйтеуір, оларға шарапатымыздың тигені шамалы болса да, кесіріміз тимеген сияқ­ты. Аманатты абыройсыздау атқарсақ та, ең бастысы – әлдеқандай беймәлім себептермен төбелес атты «той қызығына» жетпей тоқтаппыз. Оған да тәуба…

Ай жүзімізді сілекеймен айғыз­дас­қан «құдаларымызбен» қима-а-ай-қимай қоштасып, жұлқылай желкелеген Керімнің алдына түсіп, берекесі кеткен бетімізді шыға беріс­ке бұрғанда түн ортасы ауып, аспанда ай күліп тұрды…

 

ПІКІРЛЕР5
Ержан Арзықұлов 01.12.2016 | 18:34

Керемееееет!!!! Секе,жарайсың! Нағыз қазақи болмыс, қақақи тіл! Мінездеуі, суреттеуі қандай!!!!!

Серікқали Мұқашев 17.02.2017 | 18:38

Ереке, Үлкен рахмет пікіріңізге!

Сериккали Мукашев 18.02.2017 | 20:49

Улкен рахмет, Ереке, пikipiнiзге!

Аноним 21.12.2019 | 14:25

Ассалаумагалейкум Сериккали Мукашев сизден 87014037602 номерине хабарласуынызды сураймын сизди Костанай облысы Жангелдин ауданынан бир кисилер сурастырып издеп жур

Аноним 21.10.2021 | 12:57

Студент кездің қызықты кездері-ай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір