ӘДЕБИЕТТІҢ ҚАҺАРМАНЫ – КЕЙІПКЕР МЕН ЖАЗУШЫ
07.10.2016
5594
0

Concept of training. Wooden bookshelf full of books in form of man head on a bricks background. Science about human. Psychology. A human have more knowledge.

Өнердің тек өнер үшін емес екенін, оны түсінуге әдебиеттің өмір құбылыстарына, тіршілік тауқыметтеріне, адам арасындағы қарым-қатынастарға терең үңілуі әсер ететінін жасыра алмаймыз.


 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ

Жабырқаған көңілді әлдеқандай өлең, я болмаса сүйікті жазушыңның шы­ғармасындағы аяулы сәт жадыратуы мүмкін. Көңіл-күйің сәйкес келгенде, кішкентай кейіп­кердің жан дүниесін сен ғана толық түсінетіндей, ол да сенің мұңдасыңа ай­на­лып, бір-біріңнен сыр тартқан сырлас болғаның­ды жүрек тұсың шым еткенде барып аңғарасың. Сол сәтте әлгі түсініскен кейіпкерің сенің қаһар­ма­ның болып шыға келуі мүм­кін. Қазақ әде­бие­тін­дегі қаһармандық жүйенің қа­лай қалыптасқанын анық­таудың өзін бір бой­лыққа бағындыру мүмкін емес сияқты. Өйткені, әр­кімнің талғамы басқа. «Ұлы қаһарман пайда болмай, ұлы әдебиет пайда бол­майды» деген тұжы­рым­ды да әрқандай ма­ғы­налық реңкпен, әрі жалпы контексіне қарай тү­­сі­нуге болады. Қаһар­ма­­нымыз мін­детті түрде ірі қайрат­кер, күрескер, абыз, батыр болуы шарт емес сияқты. Бейімбет Май­линнің Күл­пәші ашар­шылықтың бар қиын­дығын бастан ке­шір­ген сол дәуірдің адам­дары үшін қаһарман бол­уы заң­дылық. Кірпігін қа­ғуға дәр­мені жетпей жат­­қан кішкентай Мақ­сұт­тың өмір үшін жан­та­ласқан іш­кі арпалысы оны көз алдымызға зорайтып әке­леді. Бастан өтпей то­лық түсіне алмайтын пен­делік әлсіздігіміз де әде­бие­ті­міз­дегі қаһар­ман­дарды толық тануға кедергі емес пе екен?

М.Әуезовтің «Қараш-қа­раш» оқиғасындағы Бақтығұлдың қазақ өмі­рін­дегі әлеуметтік тар­тыс­тар­дың басты кейіпкері еке­нін іш сезеді. Тап пен тап­тың арасындағы күрес­кер емес, бостандық үшін қайрат қылған ер екенін түсінесің. Бердібек Соқ­пақ­баевтың Қожасы қан­ша қазақ бүлдіршінінің қаһарманы болды? Тынымбай Нұрмағам­бе­тов­тың «Келін» әң­гіме­сіндегі ене бейнесінен қазақ ана­ларының қай­ра­тын, мі­не­зін, сонымен қатар, жүрек ел­жіретер мейірімін көр­ген­де соның өзі белгілі дә­ре­жеде тұтас өмірде қаһар­мандықтың бір кө­рі­нісі емес пе екен деп ой­лай­сың. Осындай мысалдармен әркім өзінің сүйік­­ті кейіпкерін биік дә­режеге көтере алады.

Тірі болып, өмірдегі өзек өртер мәселелерді күн­де көріп жүргендіктен жүрегіміз қатайып, етіміз үй­ренгендіктен бе, адам жа­нын түсінуге тырыспай­тын боп алған сияқтымыз. Әйтпесе, Гоголь мен Дос­тоевский жазған кіш­кен­тай адамдардың әділет үшін күресі, өмірге құш­тарлығы, қара­пайым тұр­мыс иелерінің бір-біріне жасаған зұлым­дығы мен жамандыққа қимай­тын зор махаббаты, қия­наты ұлы әде­­биет жасап шыққан жоқ па?! Біздің жазушы­лар­­дың ылғи ірі кейіпкер із­деуі, тарихи романдар жа­зып, батыр, билердің өмі­рін азық ете беруі өмір­ге үңілуден тосатындай. Тір­шілікті жазудың қиын­дығын біле тұра жазушы болуға талпынған адамнан оқырман ретінде талап еткің келетіні де сон­дық­тан. Тым құрығанда қым-қуыты мол заман ағы­сында қағыс қалып, көз­ге ілінбей жүрген адам­дардың тағдыры бар жақ­сы­­лығымен, қиындығы­мен әдебиет аллеясына қо­­­сылуын күтесің. Күту­дің арты сүйінші жаңа­лық­пен бітсе екен деп ті­лей­сің.

Белинскийден «Евгений Онегиндер бізді қайда апара жатыр?» деп сұра­ған­да: «Революцияға» деп жауап беріпті. Осы сияқты қазақ әдебиетіне, қоғамы­на әсер еткен кейіпкерлерді анықтасақ деп ойлайсың. Бірақ оған білек шеше кі­ріс­кен маман жоқ. Жазумен шұғылданып жүрген­дерден сұрасаң, әр түрлі түсі­неді, түсінгеніне қарай жауап береді.

Бәлкім, ұлы қа­һар­ман – ақын, жазушысы шығар. Олар болмай, әдебиеттің де болмайтыны түсінікті.

 

11159503_832712770141900_1878433603406111201_nӨміржан ӘБДІХАЛЫҚ:

– Өткен шақпен айтсақ, ХХ ға­сырдың 60-70 жылдарында жаңа өреге шыққан әдебиет, сол кезеңдерде жазылған шығармалар қазақтың рухын суарды. Ме­нің­ше, тап осы кезеңдегі әдебиеттегі ұлт­тық бояуы қанық, астары азат­тыққа үндеуге толы көркем туын­дылар 1986 жылғы Ұлт-азат­тық көтеріліске алып келді. Яғни көтеріліске шыққан жастар Есен­бер­линнің, Мағауиннің та­рихи ро­мандары, Төлен Әб­дік­тің «То­зақ оттары жымыңдайды» повес­ті, тағы басқа көптеген шығарма­лар­дың оқырмандары еді. Әсер ету­ші жекелеген қаһарман бол­ма­ғанымен, тұтас әдебиет сол тұс­тағы қазақ қоғамына әсер ете ал­ды деп ойлаймын. Ал өзің айтып отырғандай, қазақ қоғамына тұтастай қозғау салған қаһарман болды деп айту қиын. Әр оқыр­манның сүйікті қаһарманы бар. Оқыр­ман сол қаһарманына елік­тейді, тіпті баласына әдеби ке­йіп­кердің есімін береді. Бұл – же­ке жағдай. Ал жалпы қазақ оқыр­манына күні бүгінге дейін әсер етіп, желпінтіп келе жатқан жыр­дағы, тарихи романдағы өзге де жанрлардағы батырлар бей­не­сі, образы. Мысалға, көзі тірісінде аңызға айналған, әдеби кейіпкер болып, тұтас буынға қаһарман болған Бауыржан Момышұлы­ның әдебиеттегі бейнесін де осы қа­­тар­ға жатқызуға болады. Бұл – қазақ санасының тарихқа қат­ты тәуелділігінен болса керек. Мә­селен, кез келген қазақ баласы өзінің әулет, ата тарихын жақ­сы көреді әрі өз топырағынан шық­қан батырлармен мақтанады, рухтанады. Бұл сананың кері әсері де бар, ол – тайпалық сананы күшейтеді. Осындай қаһар­манға сұраныс Тәуелсіздік жылдарында батырлар туралы тарихи шығармаларды сахнаға алып шық­ты.

Біз, жалпы, өткен шақтың әд­е­биетімен өмір сүріп келеміз. Әдеби санамыз әлі күнге класси­калық орыс әдебиетімен тыныстап отыр. Әрі қазақ әдебие­тіне де сол орыс әдебие­тінің терезе­сінен қарап, сонымен салыстыру арқылы ғана бағалап келеміз, өз ойымда, әрине. Мен де сол өткен әде­биеттің оқырманы есепті Биа­ғаңның Мырқымбайын, Ыбы­райын тұтастай болмаса да қо­ғам­дық санамызға кірген қаһар­мандар деп білемін. Десе де, қазіргі күннің тұрғысынан көз салсақ, қазақ оқырманы үшін айрықша әсер еткен қаһарман болмағанына көз жеткіземіз.

Егер әдебиеттің советтік идео­логияның мықты құралы ре­тінде қызмет істеген кезеңінен айт­сақ, онда қызыл қаһарман бей­несін қазақ совет әдебиеті жасай алды деуге болады. Және бұған бұқаралық сипаты басым махаббат тақырыбындағы шығармалардың да кейіпкерлері жатады. Ал оқырман санасына төңкеріс жасап, көзқарасын өз­гертіп, өмірге, қоғамға басқаша көзбен қарауға итермелеген, әсер еткен қаһарманға кедейміз. Жоқ­тың қасы. Тіпті қазақ жазушы­ларының классикалық әңгімелер жиынтығының өзі бір қаһарман бейнесін шығара алмайды. Бірақ солай екен деп қазақ әдебиеті ұлы қаһарман бере алмаған ұлы әде­биет емес деп өкпелеуге қақы­мыз жоқ. Қазақ әдебиеті өз оқыр­маны үшін қашан да қымбат, құнды әрі сырласы, мұңдасы, жанын түсі­нетін, жан сауалына жауап бере­тін әдебиет болып қала береді…

suret-nurbekНұрбек ТҮСІПХАН:

– Осы сұрақтарға жауап іздеу барысында «қаһарман», «герой» ұғымы жалпы қандай әдебиетке тән немесе қаһарман мұқтаж­дықтан ба, әлде жазушылық шеберліктен туа ма дейтін сауалдар өзінен-өзі пайда болады. Ол үшін бұрынғы ауыз әдебиетіндегі немесе кейінгі жазба әдебиет қалыптасқан замандардан бергі барлық кейіпкерлерді тұтастай саралау керек шығар. Біздің ойымызша, әдебиет көбіне қаһар­манды қандай да бір саяси идеологиялық қажеттіліктен тудырады. Билікке, идеологияға қызмет кеткен қаламгерлер өзі сенген, сүйенген жүйе құлағанша оның қаһармандарын жырлаудан шаршамайды. Бұрын да солай болған, қазір де ол үрдістен қол үзген жоқпыз. Бірақ бұндай шығармаларды әдебиет емес деп сызып тастауға да келмейтін кездер аз емес. Біз сұрақтың өзі «қаһарман» жөнінде болған­дықтан мысал еткелі отырған бірер шығармаларда көрінетін тұлғаларды «әдеби кейіпкер» деп емес, шартты түрде «герой» немесе «қаһарман» деп алайық. Айталық, Әуезовтің «Абайы» кім? Иә, тарихта аты бар ұлы ақын. Ал оның тарихи тұлғалы­ғынан бөлек көркем шығармадағы тағы бір сипаты дәл осы қаһар­манға жақын. Қаһарман болғанда да ескіліктен ұзай алмаған қатал, озбыр әкеге қарсы келген жаңашыл, әділ қаһарман. Мұндағы «ескі Құнанбай» образы қазақтың қырық ру болып айтысып-тартысып, қырқысып өткен тарихы да «жаңашыл Абай» кейпі орысты пана тұтқан әрі орысты «озған, жеңген ұлт» ретінде насихаттаған, солай қабылдаған қаһарман. Мұхтар Әуезов жасаған «қаһармандық» сипаты арқылы да Абай сөзі, Абай мұрасы коммунистік жүйеге сыйды. Ал осыдан қазақ әдебиеті ұтылды ма? Жоқ! Қандай қы­састық көрді бұл «қаһар­маннан»? Ешқандай да! Егер Мұхтар Әуезов Абайдан компартия талаптарына сай келетін «қаһарман» жасағысы келмей, роман жазылмай қалса бүгінгі қазақ әдебиеті қандай олжадан айырылған болар еді? Елестетудің өзі қорқынышты.

Жалпы, әдебиетте кейіп­керлерді «жағымды» және «жағымсыз» етіп бөлу көбіне идеологиялық мақсатта жазылған шығармаларда кездеседі. Ал осындағы «кейіпкер» сөзін «герой» деп өзгертсеңіз әңгіме тек «жағымдысы» туралы ғана болады да, жағымсыз кейіпкер «герой­лыққа» тартпай қалады. Осы ретте, бұрынғы советтік заманда жазылған шығармалардың басым бөлігі «геройлық әдебиет» деп аталса да болады. Өйткені, заман солай, заманның, әсіресе биліктің талабы солай. Қалай да қарапайым адамнан герой жасап, халықты коммунистік идеологияға сендіру керек болды. Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романындағы бас қаһарман осы үдеден шыға білді. Қарапайым отбасынан шыққан әрі жап-жас басымен талмай, қажымай, барлық қиындықтар мен кедергілерді жеңіп, арман-мұратына жеткен қызды қаһарман демей көріңіз. Немесе Сұлушаш пен Алтай арасындағы махаббат хикаясын баяғының лиро-эпостық дастандарындағы ғашықтарға ұқсатпау да мүмкін емес. Заты әйел демесеңіз, бұлар да қаһарман кейіпкерлер. Қос шығарма жарық көргеннен кейін ондағы бас қаһармандарға еліктеген, солардай тәуекелге барған жастардың аз болмағаны алдыңғы буын ағалардың аузында әлі күнге айтылады. Алайда, бүгінгі әдебиетте ондай қаһарман неге жоқ? Өйткені, әдебиет азшылықтың қызығы. Көпшілік дүрмекке ілесіп, бір кездері жатпай-тұрмай кітап оқыса да олардың ұрпақтары сол Әуезов пен Мұқановтарды танымайды. Заман өзгерді, құндылықтар ауыс­ты. Халықтың санасындағы қазіргі қаһармандар әнші-биші, әзілкеш болып өзгерді. Бұл – «бұрынғы буын керемет еді, бүгінгі ұрпақ азып барады» дейтін жаттанды айыптау сөзі емес. Аумалы-төкпелі уақыт өз айтқанын істетеді. Бүгін құндылық санаған дүниелер ертең құнсыздануы немесе керісінше қазір қажетсіз болып отырған дүние болашақта іздесең де таппайтын бағалы бұйымға айналып шыға келуі ғажап емес. Жоғарыда айтқан Ботагөз біздің ұғымымызда қазір «қаһармандық» кейпінен айырылған. Қиялдан туған “идеологиялық мақсатта пайда болған кейіпкер” ретінде архаизмге өткізіп жібердік. Бірақ университеттегі ұстаздары­мыздың бірі АҚШ-тан келген әлдебір әдебиетші профессордың дәл осы Ботагөз образын американ­дық арманға лайық екенін айтып тамсанғанын әңгімелеген. «Өзін-өзі тұлға жасау, өмірдегі барлық қиын­дық­тарға төзе отырып ақыры жеңіп шығу» ұғымының тек ком­мунистік жүйенің ғана ұстанымы емес екені анық. Бүгінгі қазақ халқының уақыт өткен сайын жақындап келе жатқан капи­талистік қоғамының да басты талабы осы – өзіңді-өзің өрге сүйреу. Ендеше, бұл үрдіс пен Бота­гөздің «қаһармандыққа жету жолындағы тағдыры ұқсас емес» деп кесіп айтуға да келмей қалады.

Жоғарыда қойылған сұрақта Белинский айтқан «революцияға» апарған шығармалар әлем әдебиетінде де, орыс әдебиетінде де бар. Мұндағы революция түсінігі «қолына қару алып, билікті құлату» ұғымынан алшақ болса керек. Гетенің «Фаусты», Гогольдің «Өлі жандары», Толстойдың ар сотына негізделген барлық шығармалары адам жан-дүниесінде, санасында революция жасаған туындылар десек артық айтқандық емес. Тіпті, Толстойдың өзі тұтас шығармашылығы арқылы «қаһарманға» айналды. Жазушының өзі мақсат етпесе де «толстовщинаның» пайда болуы, ұлғайып, кеңеюі әдебиеттегі революциялық рухтың мысалы. Ал қазақ әдебиетінде дәл осы деңгейдегі қаһарман бар деуге келмес. Бірақ Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин сынды жазушылардың тарихи туындыларындағы қаһармандық образдар өз уақытында қазақ қоғамына тұтастай қозғау салып, төңкеріске бастамаса да оқыр­манның ұлттық рухын оятуға зор үлес қосқаны даусыз. Сондықтан «қаһармандық әдебиетті» күре­сінге лақтыруға болмайды. Кемшілігі аз емес екенін мойын­дасақ та, жақсы­лығын жоққа шығармаған дұрыс.

12592503_554843718008952_3668217717745128677_nАйнұр АХМЕТОВА:

– Жалпы, әдеби қаһарман дегеніміздің өзі әдебиеттің идеялық-эстетикалық бағдарына сәйкес сомдалатын тұлға. Теориялық еңбектерде шығарма кейіпкерлерін негізгі және қосалқы деп бөлетін тұжырым бар. Белгілі оқиғаларда, иә болмаса тарихи сәттерде ерекше мінез-құлқымен, ізгілік қасиеттерімен, ерлік, батылдық әрекет­терімен көрінген, түрлі тағдырды басынан кешкен тұлғаларды халық өз арасында дәріптеп, тұлғалық деңгейге көтереді. Ол елін, жерін қорғаған батыр, басшы, хан, сұлтан, иә сан алуан өнер иесі болуы мүмкін. Әдебиеттегі қаһарман кейбір кездерде қосалқы кейіпкерлердің көмегімен қаһармандық сатыға көтеріліп жатады.

Қазақ қоғамының санасына өзгеріс алып келген қаһармандар же­терлік. Бұл, әсіресе, қазақ әде­бие­тінде өткен ғасырдың алғашқы жартысында, қазақ әдебиеті жанрлық тұрғыдан әлі қалып­тасып үлгермеген уа­қытта кеңірек сипат алғандай. Мысалы, 1920-50 жылдары еркіндікті, азаттықты бостандықты көксеген Ж.Аймауытовтың Ақбілек («Ақбілек») пен Қартқожа («Қартқожа»), С.Мұқановтың Ботагөз, Асқар («Ботагөз»), М.Әуезовтің Абай («Абай жолы») өздерінің күрескерлік мінез­дерімен танылған, сол дәуірдің өз ортасынан шыққан әдеби образдары болды. Сол дәуірдің оқыр­мандары қолдан-қолға тигізбей оқыған туындылар еді. Ғ.Мұста­финнің «Шығанақ» романындағы диқандардың типтік образын беретін Шығанақтың бейнесі өз дәуірінде идеологиялық тұрғыда жақсы бағаға ие болғанымен, бүгінде көмескіленіп кетті. 60-80 жылдардағы С.Мұратбеков, Ә.Кекіл­баев, О.Бөкей, Ә.Нұршайықов, Ә.Нұрпейісов, Т.Әбдіков, Д.Исабеков, М.Мағауин кейіпкерлері адамның жан әлеміне, болмысына терең үңілумен ерекшеленді.

Әдеби процесс уақыт өткен сайын өзгеріске ұшырап оты­ратындықтан, өткен ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдық­тарында қазақ жазушылары этно­графия­лық, этно­логиялық, тарихи тақырыптарға көбірек қалам тартты. Қазақты ұлт ретінде тереңірек танытуға ұмтылды. Бұл, әрине, кеңестік жүйенің құрсауынан босаған сөз бостандығының көрінісі.Бұл тұста тарихи образдарды қайта тірілтуге көп мән берілуде.

Қазіргі күні ұлттық әдебиетті әлемге таныту мәселесі, оның басқа әдебиеттермен байланысы жиі қозғалуда. Шыны керек, кейде осындай сауал алдыңнан шықса нақты жауап берудің өзі қиынға соғып жатады. Сөзбен біраз дүниені тындырғаны­мыз­бен, санамалай келгенде абдырап қаламыз. Сіздің сауалыңызға орай мынаны айтқым келеді, көп жағдайда, кез келген елдің ұлы әдебиетін жарататын өмірде прототипі бар ұлы қаһармандар сияқты. Қазіргі әдеби үдерісте осындай туындылар ғана өмір­шеңдігін сақтап қалды.Бұл орайда халық арасындағы дарынды әнші, күйші, ағартушы, жазушы, ұлы ұстаз, дүлдүл ақын-жырау, ақылман басшы, кеңесші, данышпан философ, би-батыр сынды сан тұлғаларды әдебиетке алып келген, ұлттық қаһармандық сатыға көтерген дарынды қазақ қаламгерлері жетерлік. Осы­лардың ішінде жоғарыда атап кеттік, Қазақстанның өзге елдермен әдеби-мәдени халықаралық байланысын сөз еткенде жиі аталатын, ұлттық қаһармандары әлемдік деңгейге көтерілген М.Әуезовтің Абайы («Абай жолы»), І.Есенберлиннің Абылай ханы («Көшпенділер»), Ә.Кекіл­баевтың Әбілқайыр ханы («Елең-алаң»), З.Қабдолов­тың Әуезов Мұхтары («Менің Әуезовім» – М.Әуезов), Ә.Нұрпейісовтің Еламаны («Қан мен тер»), Ә.Нұр­шайы­-қ­овтың Момышұлы Бауыр­жаны («Аңыз бен ақиқат»), тағы басқалар. Сонымен қатар, авторлы-авторсыз драмалық қаһармандардың ішінде махаббаттың символына айналған Еңлік-Кебек, Қозы Көрпеш, Қыз Жібек – Төлегендер, т.б. У.Шекспирдің Ромео-Джульетталарымен қатар аталады. Фольклор мен мифологияда – Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Толағайлар гректің Зевс, Гераклдарынан артық болмаса, кем түспейді. Бұлардың барлығы қазақ әдебиетінің әлемге іс жүзінде танытқан, әдеби байланысына жан бітірген шығармалар. Мен тек қаһармандары жоғары сатыға көтерілген ұлттық туындыларды атап отырмын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір