КЕРЕҒАР
07.10.2016
2725
2

miras-asanМирас АСАН

 

***

Үнсіздіктің ұлы екенін білдім мен,

Үнсіз жылап, үнсіз тыңдап, күлдім мен.

Сол ерекше қасиеті шығар-ау,

Үнсіз ғашық болатыны гүлдің де – ең…

 

Естімейтін адам болсам бір сәрі,

Сөйлемейтін адам болсаң бір сәрі…

Одан-дағы махаббатқа назым бар,

Сені – мылқау, мені – керең қылса-ды…

 

Ар жағында тұтқадағы таныс дем,

Саған жақын, тұтқа, Ай, Күн…

Алыс – Мен…

Маған оңай болып отыр дәл қазір,

Сенен гөрі тілдесуім ғарышпен…

 

Кеше бірақ көп сырластық, тілдестік,

Бірде естімей жаттың, жаным, бірде естіп…

Біз мылқаулар мектебіне шәкірт боп,

Біз кереңдер үйінде ауыр күн кештік…

 

Біз соқырлар қоғамында мүшеміз,

Дәм сезбейміз, у ма, бал ма, ішеміз…

Ақыл-ойы кем жандарға қосылып,

Қол арбадан аяқ-қолсыз түсеміз…

 

Сені көрмей күн кешем-ді ертең мен,

Сені сүймей мұң кесемді төңкергем.

Асыл-асыл лағылдарды осылай,

Жасыл-жасыл жапырақпен көмкерген…

 

Менен ессіз бар ма жаным, жоқ, білем,

Ең ақырғы осы өлеңге жетті дем…

Мен көшеден енді ұстап ап бейтаныс,

Сен екен деп құшақтаймын көпті мен…

 

Сұлу болмау білем жаным – саған жат,

Болмауыма құқығым жоқ – маған да – Ақ.

Үндемейік, біз-ақ үндемейікші,

Шулай берсін, адамзат…

 

КЕРЕҒАР

Заңғар бар биіктен қорқатын,

Мұхит бар тамшыдан орта тым.

Кезең бар қызғалдақ қашпайтын,

Өзен бар шөлдерге бастайтын…

 

Ешкім кеп қақпайтын қақпа бар,

Ешкім бор жақпайтын тақта бар.

Арамдық ақтайтын шындық бар,

Адалдық таптайтын мақта бар.

 

Сұлуды көрмейтін көздер бар,

Сұлуды тергейтін сөздер бар.

Жақынды жек көріп өлердей,

Бөтенге «кел» дейтін кездер бар.

 

Сезімге сенбейтін кездер бар,

Сезімге «сен» дейтін кездер бар.

Қайтармай қалатын жауап бар,

Қайта алмай қалатын кездер – бал.

 

Үнсіздік шулайтын заман бар,

Бал-шырын – улайтын тағам бар.

Темірді иетін гүлдер бар,

Шөгірді сүйетін табан бар.

 

Өзендер шөлдейді қаталап,

Жанарлар күледі боталап…

Ішіме сыймайды – сонда өлең

Маңдайға сыймайды – махаббат?!

 

КЕРЕҒАР 2

Көктемде құспен келдің,

Шатырдан жас боп тамдым.

Шарапты ішкен менмін,

Сен неге мас боп қалдың?

 

Көктемде гүлмен келдің,

Үзіліп түскен әнмін.

Күршекті ілген менмін,

Сен неге іште қалдың?

 

Көктемде құспен келдің,

Қыратта гүл боп өндім.

Көліктен түскен менмін,

Сен неге бірге келдің?

 

Көктемде хатпен келдің,

Қанаты, бұл ақ құстың.

Тапанша. «Ат!» мен бердім,

Сен неге құлап түстің?

ПІКІРЛЕР2
Мәлік Қайдаров 07.10.2016 | 19:04

Мирас Асан,өлеңдерің әдемі.Ойлы.Көп жазу керек.Мен өлеңдеріңді оқып шықтым.Маған ұнады.Рахмет.

Жақсылық 12.10.2016 | 02:14

Өмір қарадүрсін сияқты көрінеді ғой. Ал, шын мәнінде оның калейдоскоптай кереғарлықпен құбылуында шек жоқ. Осыны аңғару-ақынның бақыты. Мираста осындай физикалық-математикалық құпия заңдылықтарды тану бар. Иә, мұқиттың өзі бір тамшыдан аз болуы мүмкін. Егер ол адамға пайдасы тимесе, адамға бір секунд өмір беретін бір тамшыдан қауқары аз. Құбылыс ішінде сырлар мол. Осы сырларды ақынның бұлтартпас ішек-пернелері дәл басуға тырысқан. Күмбірлі күй тартылмаса да, әдемі шертіс нақысы бар. Ой іздеп, сөзді оны ашуға пайдаланатын жігітке сәттілік тілеймін..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір