ХАЛЫҚ МҰҢЫ ҚАЛАМЫНДА БОЛҒАН ЕР
07.10.2016
1913
0

m-hametzhan-seralin«Алаш көсемі» атанған Әлихан Бөкейхановтың туғанына 150 жыл толуына орай Алаш ардақтыларының өз ұлты мен халқының болашағы үшін аянбай еңбек еткені науқанды мерзімде ғана емес, күнделікті дәріптеуді қажет етеді. Алаш қозғалысының құрылғанына 100 жыл толу қарсаңында Алаш қайраткерлерінің өмірін зерттеу, оны насихаттау басты парызымыз деп білемін. Әлихан заманында өмір сүріп, үзеңгілес болған тұлғалардың бірі – жазушы, журналист Мұхаметжан Сералин.

Мұхаметжан Сералин ағар­ту­шы парызы – ұлттық сананы оятып, өнер-білімге, мәдениетке ша­қыру деп біледі. Мұндай мақсат кө­семсөз арқылы жүзеге асуы керек деген қорытындыға келген ол қазақ тілінде журнал шығаруды арман етеді.

Мұхаметжан Сералиннің бұл арманы 1911 жылы ғана орындала­ды. Сол жылы қаңтар айында Троицк қаласында қазақтың тұң­ғыш журналының бірінші саны жарыққа шығады. Журналды шы­ғарушы да, редактор да – Мұха­мет­жан Сералин. Журналға «Ай­қап» деп ат қояды. Журналдың бі­рін­ші санындағы мақаласында: «Журнал шығарудағы мақсат атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды, журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Біздің қа­зақтың «Айқап» демейтін қай ісі бар? «Қап» дегізген, қапияда өт­кен істеріміз көп болған соң, жур­налымыз да өкінішімізге лайық «Айқап» болды», – деді.

«Айқап» журналы көтерген не­­гізгі мәселелер: оқу-ағарту, өнер-білім, әйел теңдігі, жер мә­се­­лесі, қала салу, отырықшы ел болу. Журналда өнер-білім жаңа­лық­тары жайында мақалалар, дәрі­герлік, агротехникалық кеңес­тер үнемі жарияланып отыр­ған. «Ау, жұрт ойланайық. Келешек заманымыз қалай болады? Заманға сай іс істейік. Заманның соңынан біз қумасақ, заман бізді күтпейді», – дейді 1911 жылы бір мақаласында. Журнал қазақ хал­қын заман ағымынан, өмір кө­шінен қалмауға, ілгері ұмтылуға, мәдениетке шақырады. «Айқапта» қазақ тілі мен әдебиеті мәселесі де ерекше қозғалады. Журнал қазақ тілінің тазалығы, әдебиет тілінің Абай салған сара жолмен дамуы жайында келелі мәселелер көтерді, әдеби сын, көркем проза, поэма жайы әңгіме болды. «Айқапта» тұңғыш драмалық шығарма жа­рия­ланды. Сақыпжамал Тіле­у­баева, Күләйім Өтегенова, Мәриам Сейдалинова, т.б. қазақтың ақын қыздарының өлеңдері тұңғыш рет «Айқапта» жарияланды.

Кейбір мәселелердегі қайшы­лықтарына қарамастан «Айқап» қа­зақ мәдениеті тарихында елеулі орын алатын жыл құсы сияқты, тұң­ғыш қазақ журналы, мәдениет жаршысы еді.

«Айқап» журналы 1911 жылдың қаң­тар айынан 1915 жылдың тамыз айына дейін шығып тұрды. Жур­налдың 89 саны жарық көріп, қа­зақ арасына мол тараған. Жур­налдың  ақырғы санында Мұхамет­­жан Сералин «Айқаптың» соғыс салдарынан туған қиын­шылық, қым­батшылыққа байланысты ен­ді шыға алмайтынын айта келіп: «…Әркім барына мәзір» деген ғой. Біз қолымыздан келген жұмы­сы­мыз­ды жұмсаудан тартынбай қа­зақ жұртымызға аз да болса бір соқ­пақ жол болсын деп журнал шы­ғардық. Мақса­тымыз – дүние жиып байымақ, пай­далан­бақ емес, тек қана жұрт­тың көзі, құла­ғы болмақ еді. Білге­німізді жаз­дық, айттық. Жазылған сөзі­мізде, ойлаған ойымызда жа­ңы­лыс­та­рымыз көп болған шы­ғар… Алайда, не жазсақ та таза жүрек, таза ниет­пен жазып едік, соның үшін азаматтар бізді айыптамас деп үміт етеміз».

«Айқап» жабылған соң Мұха­мет­жан Сералин Троицкіде орыс тілінде шығатын «Степь» газетінде істейді. 1916 жылы өз еліне көшіп келеді. Ауылына келген соң өзінің «Ай­қапта» халықты отырықшы болу­ға шақырған өсиетін өзі бас­тап іске асырып, үлгі-өнеге көр­сет­пек болып, ағайындарының ба­сын қосып поселка салады. Мек­теп ашып, бала оқытады. Өз кі­таптарынан кітапхана ұйым­дастырып газет, журналдар жаз­ды­рып алғызып тұрады. Ағаш ек­кізіп, бақша салдырады, монша ашады.

Туғанына 145 жыл толуына орай қоғам қайраткері, Алаш пар­тиясының белсендісі болған Мұ­хаметжан Сералинді еске алы­п, жас буынға таныстыруды қажет деп санадым.

Ләззат ӘЛЖАН,
Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің
ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір