СУРЕТШІ КӨРМЕСІ АШЫЛАДЫ
07.10.2016
2192
0

isataj-isabaev-2Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде танымал суретші Исатай Исабаевтың туғанына 80 жыл толуына арналған «Жанымды сыйладым халқыма» атты ретроспективті көрмесі 12 қазанда ашылмақ. Көрме ашылардан бұрын көрме қонақтарына И.Исабаев жайлы деректі фильм көр­сетіліп, биылғы жылдың мамыр айында ҚР Мәде­ниет және спорт министрлігі мен ҚР Суретшілер ода­ғының қолдауымен «Асыл сөз» баспасында жарыққа шыққан И.Исабаев альбом-кітабының тұсаукесері өтеді.

Көрмеге суретшінің Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ қорынан және отбасы жинағынан алынған 80-нен аса кескіндемелік және графикалық жұмыстары қойылмақ.

Исатай Исабаев – ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, график, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, 1960-шы жылдарғы суретшілер буынының өкілі. Суретшіге бүкілодақтық танымалдылық оның кітап иллюстрацияларының арқасында келді. Түрлі графикалық тәсілдерді шебер меңгерген Исатай Исабаев жүзден аса отандық және шетел көркем шығармаларын безендірген.

Суретшінің туындылары қазақ бейнелеу өнерінің алтын қорына енген. Ол туған табиғат пен ұлттық тұрмысты тереңінен көрсетуге мүмкіндік беретін қайталанбас дара графикалық тіл қалыптастырып, Қазақстандағы офорт және линогравюраның батыл новаторы болды. Исатай Исабаев графикалық мұрасының үлкен рухани байлығы жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, адамгершілік бағыттарды анықтау сынды мағыналарға толы көркем феномен ретінде қабылдауға жетелейді.

Исатай Исабаев көпшілікке танымал графика шебері ретінде шығармаларымен Қазақстан өнерін түрлі халықаралық көр­мелерде танытты. Суретшінің жоғары шеберлігінің мойындалуы 1988 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген өнер қайраткері және 1991 жылы жылдың ең үздік графикасы үшін «Бехзад» (Түрік­менстан) сыйлығының берілуі айғақтайды. 2004 жылы «Қазақ­стан бейнелеу өнеріне қосқан үлесі үшін» тәуелсіз «Тарлан» сыйлығы иегері атанды.

Оның туындылары Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде және Қазақстан, Ресей, Италия, АҚШ, Австрия, Польша, Венгрия, Югославия, Чехословакия, Жапония және өзге елдердің жеке жинақтарында сақтаулы.

Самал МАМЫТОВА,
көрме кураторы,
«Қазақстан бейнелеу өнері»
орталығының жетекшісі.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір