ПИКАССО АҢЫЗЫ
07.10.2016
2104
0

gernika-pikassoЖеңіс Кәкенұлы – кескіндемеші, график, публицист. Суретшілер туралы жазылған «Ақзер» кітабының авторы. Cуретшінің бұл кітабында еліміздің айтулы шеберлерімен қатар, әлемдік бейнелеу кеңістігіндегі реализм, гиперреализм, импрессионизм өкілдері, портретші, маринист суретшілер туралы да публицистикалық еңбектері енген. Бүгінгі нөмірде бізге таныс әрі бейтаныс Пикассо жайлы мақаласын назарларыңызға ұсынып отырмыз.


113643Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ,
суретші

 

Осы күндері суретші де, сурет сала білмейтін әлеумет те – «Пикассо» десе-ақ қосарлана кетіп, бір сөйлеп қалады. Естіген бір дерегін тықпалап жатқаны. Біреуі біліп айтса, бесеуі дүрмектің үр­меті үшін ғана «ойпырым-ай» де­сіп жүргені. Иә, кім қалай айтса да, не уәж десе де көзі тірісінде бас ай­налдырар атаққа шығып, артына даңғайыр аңыз қалдырған испан суретшісінің тіптен де тегін адам еместігі.

Өзінікі тұрғанда өзгенікін әулие тұтқыш біздің халықтың та­­биғатына шым-шымдап кірген «Пи­кассо» дейтін есімді шама жет­кенінше жаймалап көрсе – ең ал­­дымен оның сұрапыл еңбек­қор­л­ығы көзге түссе керек.

Артында қалған он мыңдаған кар­тина, жиырма-отыз мыңдаған гравюра, мүсіндері «Пикассо» аңы­зының діңі болса керек. Өмір сүр­ген тоқсан екі жыл ғұмырының әр­бір тәулігін сурет салуға арнаған мехнаткештігімен өлшенсе керек, ең әуелі. «Менің айтайын дегенім тіп­тен көбейіп, оған деген уақы­тым сарқылып бара жатыр» дейтін жанкештілігінде шығар.

– Сіз осы, шаршамайсыз ба? – деп сұрағандарға:

– Жоқ ә, мен мұсылмандардың ме­шітке кірерде аяқ киімін табал­ды­рыққа шешіп кететіні секілді, шеберханаға кірерде тәнімді бо­са­ғаға қалдырамын, – деп жауап қа­тады екен, жарықтық.

Тіпті, соғыс кезінде де, қараң­ғы­лық тұмшалаған түн түнегінде ая­ғына фонарь байлап алып жұ­мыс істей беріпті.

Жаратқан иеден соншалық мол қуатпен жаратылған жан байыз тауып отыра алмай дедектеп, ғұмыр бойы Барселона мен Па­риждің арасын шаң қылып өт­кен. Кенеп пен сыр бояу, қағаз бен қарындашты айтпағанда, кал­лиг­ра­фия, плакат, линогравюра, қыш бұйымдар, сәнді табақтар, құмыра жасау, мүсін құюды місе тұтпай, бей­нелеу әлеміне тіпті қатысы жоқ мәнсіз дүние жинап, әлгілерден мей­лінше мол үйлесім тауып, кере­гіне жарата берген. Қоқыс деп кірә­жімей, кәкір-шү­кірден де инс­таляциялық шығар­малар тауып отырған. Атақты «Бұқа» дейтін мүсіні де қоқыс жәшігінен табыл­ған ескі вело­сипедтің тізгіні мен ер­шігінен жасалған болатын. Қол­д­аныстан шығып қалған зат­тар­ды үйлестіре салып, адам таң­ғаларлық бір бұ­йым құрастыра салу Пикас­соның басты ерекше­лік­терінің бірі-тұғын.

Содан кейінгі гәп – керексіз қо­қыр-соқыр жинағыш суретші­нің «мынандай» дейтін пікірмен еш өлшенбейтіндігі. Ешнәрсеге ұқ­са­майтын, өлшемге, бай­ламға кел­мейтін, мейлінше қым-қуыт, әрі кереғар мінез-құлқында. Ата-анасы, бала-шағасы, тең тұстас­та­рының оған беретін мінез­де­менің бір арнаға еш тоғыспайты­нын­да. Оның тем­пе­раменті өз Ота­нын­дағы коррида ойыны секілді заматта өз­гергіш, табан астынан шыға ке­­лер күтпеген бір сұм­дыққа толы еді. Қа­рап отырсаңыз, төңі­регінде жүр­гендер бір-бі­ріне 180 градус, қа­рама-қай­шы естеліктер жазыпты. Бірі «шек­тен тыс Атымтай жо­март еді» десе, екіншісі «ба­рып тұрған Шы­ғай­­байдың өзі» дейді.

Суретші тұлғасын­дағы басты ерекшелік – оның жуалдыздай қадалып, тесіп өте қарайтын қап-қара көздері, адамды әп-сәтте арбап ала­тын бір сиқы­ры­ның барында дейді көргендер. Ұсақ шегелерді өзі­не жинап алатын ма­г­ниттей, төңірегін дос-жаранға толтыр­ған Пабло Пикассо әл­гілердің бірде-біріне ішін алдырмай, әйелін де, еркегін де мұр­ны­нан тескендей қылып, ар­тына салпақтатып ерткен де отырған.

Күліп-ойнап отырып, нілдей бұ­зыла, ашуланып, аспанға пис­толет атып, артынша анекдот айтып жайбарақаттана қалатын кі­сіні тап басып, мынадай еді деу ра­сында қиынның қиыны. Өзі өмір сүрген ғасыр секілді, өте алма­ғайып суретші, осы жолы, «ұлы­лық қарапайымдылықта» дейтін пікірді жер қаптырып кеткен бе дерсіз?!

Паблоның жүздеген қылығын, мыңдаған жұмысын айтқанда бір түрлі таланты да алдымен ауызға ілінуі абзал. Талант мырза Тәңірі жақтан көпшілікке шым-шымдап жет­се, біреуге «кетсе саған кетсін» деп аямай, асырып-төгілтіп, сар ете құйылып, тау болып үйіле қа­ла­ды. Пикассоңыз сол, шын та­лант­тың дәп өзі! Адам емес, шапшып көкке атылған, таланттың адам кейпіндегі көрінісіндей.

Бояу иісі аңқыған, суретші от­­басында дүниеге келген Паб­лоның құттай кезінде салған су­реттері баланың салғаны дегенге еш келмепті. Алты жасында үй­лерінің дәлізінде тұрған Герку­лес­тің статуясын кәнігі суретшілердің деңгейінде салып шыққаны да «Пикассо» дейтін аңыздың алауына тасталған бір жаңқа. Әкесінің сандаған жылдар жинаған тәжі­ри­бесін, бейнебір шүпілдей қы­мыз­ға толған шараны басына бір-ақ көтеріп, сарқып ішкендей, әп-сәтте игеріп, теңдік бермей тай­палап, шығандап кеткен тентек бала болыпты.

Өзіне шешесінің фамилиясын қа­лап алған Пабло, бойшаң, арық­ша келген әкесіне қарама-қарсы тап шешесіндей дембелшең, аласа бойлы екен. Өңкей қыздардың, қарындастарының ортасында еркетотай күн кешеді. Шолжаң күн­дерінде-ақ академизм дейтін «ақсақалдың» апшысын қуырады. Көрген-білгеніңді айнытпай қағаз бен кенепке түсіретін, қатып қал­ған заңдары бар, сол, акаде­мизм­ді небәрі он төрт-он алты жасында-ақ алып жығады ғой. Оған дәлел – «Ғы­лым мен мейірім» дейтін шы­ғар­масы.

Өрнектеп, сәндеп, үнемі кеп­тер-көгершін салумен өткен әке­сінің жете алмаған өнер биігіне бір-ақ қарғып шыққан ол, 1896-1897 жылдары Малага мен Мадрид қа­лаларында өткен көрмелерде әлгі картинасымен үлкен атаққа ке­неледі. Бірдеңе дейтін медальді қоса тағынады. Сөйтеді-дағы өзін­дегі академиялық сурет тәсі­ліне нүкте қояды.

«Талант тас жарады, тас жар­ма­са бас жарады» дейтін қазақтың ма­қалын іске асырған осы – Пабло! Кемерінен асып-төгіліп жатқан талант академизм арнасымен жылап ағып жүре берсін бе? Бәлен ға­­сырлық қалыптасқан арнаға Пи­кассо сыймады. Түйдектелген шұ­­­бар селдей болып, бұзып шы­ғып, «бас жарып» – әйгілі «Авин­ьон­­дық би кештерін» әкеледі өмір­ге!

Қазақ тағы бірде «атың шық­паса жер өрте» дейді. Пәкеңіз өрт салудың майталманы болған кісі. Жантүршігерлік «Авиньондық би­ кештері» соның анық көрінісі. Бұл өзіне дейін ешкімге дес бермей келе жатқан Академизм бағы­ты­ның қақ маңдайынан ұру! Ұлы манифест. «Іздеймін, табамын» де­ген жойқын астамшылықтың тап өзі.

Айтқыш қазақ тағы бірде «Қар­дың басын қар алар жауып тұ­рып, ханның басын хан алар шауып тұрып» дейді. Сол қазе­кем айтқандай, Пикассо бейнелеу өне­рінде король болу үшін өзіне дейін­гі академизмді міндетті түр­де тағынан тайдыру керектігіне әб­ден көзі жеткен кісі.

Сезанның «Шомылған қыз­дарынан», Африкалық примитивті ста­туялар мен ибериялық мүсін­дер­ден тамыр алған «Авиньондық бикештер» бір-екі-ақ күнде жазылып біткен, расында жан шошыр­лық картина. Онда – бұған дейін­ қалыптасқан әйел сұлулығы, мү­сіні дейтін ұғымның күлі көкке ұшты. Келбеті келбет емес қор­қы­нышты бетперде секілді, тұлғасы тұл­ға емес геометриялық фигуралар іспетті, өн бойы агрессияға тұ­нып тұрған «бикештер» Пикас­соның өзіне дейінгіге, мұрты бұзылмай жеткен түсжазба (живопись) ережелеріне деген шектен шыққан жаулығы. Жаңа ғасырда туған, жабайы, есімі белгісіз эро­ти­калық құбыжық па дерсіз?!

Картинада бәрі де бөлекше, өз­геше. Сол жақтағы, шеткі тұлға мы­сырлық ассириялық рельефке кел­се, ортаңғы екі әйел испан шір­кеулеріндегі қабырға суреттерін еске түсіреді. Өздерінен ептеп мис­тикалық лиризм байқалса, оң жақ­тағы беті тұрпайы түрде бұ­рыл­ған әйел африкалық әлдебір жан­түршіктірер рәсім-ғұрыптың кейіпкері іспетті.

Картинаны жоғары, сол жақта­ғы қызыл пердені де әлдебір жұм­бақ, мына қыздардың ешқайсына тән емес, әлдебір қолдың ысырып тұрғаны да картинадағы тітіркену ахуалын күшейте түседі… («Бензин ішкізіп, кендір жегізгендей бол­дың-ау!» – депті бір жолдасы, «би­кештерді» қарап тұрып.)

Паблоны аңызға байлап берген тағы бір себеп – оның көрер­мен­дерінің суретші шығармасын қа­былдау деңгейінің дайындығы. Су­р­ет өнері дамымаған елде дү­ние­ге келсе, жүз жерден дарынды ту­са да қалар еді көрінбей. «Арис­то­тельмен іштес хакім болса да, малы көп майлы тымақтан мансабын асыра алмаған» тап біздің Абай­дайын, жүрер еді еленбей. Ес­керілмей.

Рафаэль, Мурильо, Эль-Греко, Рус­со, Гойя сияқты алыптарға кеңір­дектен тойып, кекірігі азып, ықылықтап отырған Еуропа жұр­ты «Авиньондық бикештерді» жақ­тыр­май, тосырқай қарсы алға­ны­мен, артынша ішегін тартып, таң­қалып, өмірге келген кубизм ағы­мын қол шапалақтап, төрге шы­ғарды. Паблоның болашағына бал ашып жіберіп, дүниені дүр сіл­кінтер келешегін көріп, ақша мәселесін де оңынан шешіп берді.Суретшінің шығармасы жоқшы­лық, кемдік пен тақсыретке толы «көкшіл» кезеңі өз-өзінен, майлы-бақуатты «раушан» кезеңімен ал­масты. Тағдырына қапшығы ақ­шаға толы ағайынды Леон мен Гертруда Стайндер, көпес Амбразура Воллар кезікті (тіпті, бала күнінде нағашы ағасы Сальвадор да шимайшы баланың келешегі зор боларын білгендей тапқан бір теңгесінің тұп-тура елу тиынын жиеніне беріп отырған деседі).

Ақша мәселесі қанша айтылға­нымен, өз мәнін осы күнге дейін толық ашпаған әлем. Оның адам психологиясына әсері, сиқырлау траекториясы да түрліше. Пикассо кейін қос-қостан вилла сатып алып, ең соңғы үлгідегі «Рольс-ройс­пен» жүрсе-дағы бір чемодан ақшаны үнемі жанында ұстап, ауық-ауық түн баласында отырып санайды екен. Санап отырып, «Мен ақшасы көп жарлы адаммын» дейтін көрінеді. Кім біледі, бір кезде ата-анасымен бірге шеккен кедейлік тақсыреті сүйегіне өтіп, санасына сіңіп кеткен болар? Әйт­песе бай-бағлан кезінде ажы­расқан Ольга есімді әйеліне бір тиын бермей, ол әйелдің қайыр­шылық жағдайында дүние­ден өтуі, тіпті шетін жағдай (айт­пақ­шы, суретші даңқының түн­дігін және бір желп еткізген де осы ақша әлемі! «Трубка ұстаған бала» картинасы 2004 жылы 104 млн. долларға сатылды).

Суретшінің даңқын жалау­лат­қан ендігі бір нәрсе – өзіне дейін­гі мықты суретшілерді шын мойындап, олардың шығармаларына ден­деп кіре алғандығы. «Менен ас­қан суретші жоқ» дейтін астам­шылықты сырып тастап, Эль-Греко, Делакруа, Сезанн сияқты мықтылармен үнемі творчес­тво­лық байланыста болғаны. Өмір сүр­ген ортасы да, даңқы да өзімен ша­малас Анри Матиссті де төбе­сі­не көтеріп, бағасын дәл беріп отыр­ған кісі. «Тулуз Лотректің ұлы адам болғанын Парижге кел­генімде түсіндім» деп отыратыны да осы сөздерімізді қуаттай түссе керек.

Руссо, Матисс, Брак, Дерен, Энгр сияқты суретшілердің кар­ти­наларын жинап, коллекция жинаумен де аты шықты.

Илеуіне қарай керегін тынбай таси беретін құмырсқа секілді, Паб­ло жарықтық Кранах, Велас­кес, Мане, Пуссен шығармаларын сүзіп қаймағын алған кісі. Сенесіз бе, Делакруаның «Алжир әйел­де­рі» картинасының он бес нұсқасын жасаған, Веласкестің «Менин­де­рін» қырық мәрте көшірген! Бітіп тұр­ған өзгенің картинасын неше түр­лі нұсқаға келтіріп, өзгертіп, ин­терпретациялап, тіпті кей­біреуін әжуалап, кекеп-мұқап, «жү­гәрмектікке» де кеткен. Әрі кө­шірген, әрі дамытқан, әрі сынақ алаңына айналдырған.

Сол, өзінен әлдеқайда бұрын дү­ниеден өтіп кеткен суретшілер­дің рухымен тілдесе алатын қасие­ті де болыпты. Ол өз әңгімелерінде Рафаэль, Сезанн, Ван Гогтардың үнемі шеберханасында болатынын айтып отырады екен.

– «Мениндерді» жазу барысын­да Веласкес ту сыртымнан қада­лып, бақылады да тұрды, – деп жазады бірде.

Біздің Бауыржан атамыз, анау Мұс­тафа Кемал секілді ұлы адам­дарға тән артықшылық – Пи­кассоның да маңдайына жазыл­ған. Ол – қыз-келіншектерден жолының болғыштығы. Шұбатыла тартылған тоқсан екі жасының өн бойында моншақтай тізіліп Фернанда Оливье, Ева Гуэль, Ольга Хохлова, Мари Терез, Дора Маар, Женевьва Лапорт, Француаза Жило, Жаклин Рок тұрар еді. Бұл бикештер суретші творчествосына мейлінше нәр беріп, муза ролін ат­қарды. Небір мықты портрет­терінің өмірге келуіне себепші болды. Әйелдердің образын сонау грек аңыздарындағыдай нәзік гравюралардан бастап, «Жылап отырған әйел» портретіндей қор­қынышты экспериментке бір-ақ әкелді. Мыңдаған парақ қағаздың, жүздеген шаршы кенептің бетіне жуық арада қызуы басылып, табы қайт­пайтын «ыстық қанды» порт­реттерін жазды.

Өзіңді құдайшылдықпен сап-сап деп отырып, пендешілікпен Пи­кассоның «дон-Жуандығына» бас шайқап, сұқтанғаныңды бай­қамай қаласың. Жаңа айтқан қыз-ке­ліншектерді кілең жиырманың о жақ бұ жақтарында-ақ қалпақпен ұрып алған да отырған. Тіпті, жа­сы алпыстан асып кеткенде де үлбі­­ре­ген Жаклин Рокті ертіп Ита­­лияның картина сақтау бан­кіне келгенде есікте тұрған күзет­ші:

– Апыр-ай, Пикассо мырза, мұнда тұрақты келушілердің қолтықтай келген жандары қартая түсуші еді. Сіздікі жыл өткен са­йын жасарып келе ме, немене? – депті таңданысын жасыра алмай.

Суретшінің даңқын асыра түсірген де әйелдері болғанымен, басындағы қоп-қою қара шашын ағартып, селдіретіп, таз қалпына түсірген де сол, қыз-келіншектер-ді. Бірінен-бірі қызғанып, боқ дү­ниені бөлісе алмай, түрлі қаре­кеттермен суретші ғұмырын ке­міру­дей кеміреді. Жарыса естелік­тер жазып, онысын жариялаймын деп қоқан-лоқы көрсетіп, бопса жасағандары да бір төбе әңгіме. Оған шыж-быж болған суретші, тіп­ті баспагерлерге барып, «қа­тын­дардың қолжазбаларын алма» деп жалынып ақша ұсынып, онысы нәтиже бермей, асқынып, өсек оты одан сайын шалқып.., «қызық» болады.

Әйтеуір, суретшінің алтын ба­сын қоқысқа сүйреп қор қыл­ған­дар да, әспеттеп, бояу иісі сің­ген комбинезонын шештіріп, сюртук кигізіп, жоғарғы каста – зия­лылар арасына алып шыққан да солар. Сурет салу барысын фо­то-суретке түсіріп, бүгінгіге құнды де­рек қалдырған да солар. Ғұмы­рын ұзартып, Пауло мен Клодтай ұл, Майя мен Паломадай қыз та­уып берген де тағы солар!

Ол бейшараларға да оңай ти­ме­гені белгілі. Көктемдей құбыл­ма­лы Пикассоның түрлі қылық­тарын көтеріп жүру үшін темірдей төзім мен ерік керек-ақ. Алпыс бөлмелі вилла алса да әр бөлмесін қоқыспен толтырып тастайтын, онысын жинауға тіпті рұқсат бер­мейтін салақ, гармония, жақсы талғаммен жаны қас Пикассоның жары болып көріңіз! Оның үстіне, үйде маймыл, көгершін, ит тәрізді жануарлар бірге тұрса, талтаңдап әрбір жерге бір құмалақтап ешкі жүрсе, қайтпексіз?

Пикассоның сурет әлемі пессимизм жайлаған, жарлы-жа­қы­байларды сала беретін «көкшіл» кезең, қуанышқа жолыққан «раушан» кезең, одан кейін кіргізген жаңалығы кубизммен шектеліп қалмайды. Ол кісі өзіне дейін бол­маған сұмдыққа бастап, коллаж дейтін нәрсені, кенепке қағаз қиын­дыларын, дастархан, тұсқа­ғаз қалдықтарын жапсыруды «мо­даға айналдырды». Бейнелеу салтында жоқ суретке гипс, ағаш, құм қиыршықтарын, тас қосып көрер­мен шіркіннің шақшадай басын шарадай қылып қойды. Олар ернін сылп еткізіп, «өзі қояншық па, немене?» деген сайын сурет­ші­нің даңқ аясы кеңи түсті. Оның кейбір жазықтардан бірте-бірте рельефке, одан үш қырлы көлемді бұйымға айналған картиналары осы күнге дейін жаңғырып, өзін та­лай суретшіге қайталатумен ке­леді. Тағы бір қызығы, осыны тап­тым екен деп, сол жолды ғана күйт­теп кетпеген. Бір­неше картинаны концепциясы­на орай бір мезгілде түрлі әдістер­мен орындап отырған. Сөйтіп, өзіне дейінгі суретшілерді көзбен кө­ріп, қабыл­дап келген көрермен­нен өзін, жүрекпен, санамен, ақыл­мен қа­былдауды талап ете бас­тады.

«Пикассо» деп даурығатын­дар­дың бір парасы кешегі ком­мунистік идеологиямен «қарулан­ған» адамдар. Суретші өзінің қым-қуыт тағдырын саясат дей­тін­нің дәлізінен алып өткен кісі. Француз коммунистерінің қата­рында болды. Сондығынан Кеңес өкіметі суретші творчествосын түй­сініп, байыбына бармаса да сая­си көзқарасы үшін ғана аузынан тастамай айтып жүрді. (Социа­лис­тік реализмнен асырып ешнәрсені көргісі келмеген большевиктердің Пикассоны дәріптеуі де шетін жағдай).

Фашистер 1939 жылы Ис­па­ния­ның Гер­ника қаласын 1,5 мың тұрғы­нымен қоса бомбалап тастады. Осы қанқұйлы жаңалықтан кейін суретші өзінің ең атақты «Герника­сын» жазған. Кеңестік идео­лог­тардың қыбын қандырған осы кар­тина емес, «Мынаны сіз сал­дыңыз ба?» деп сұраған фашистерге «Жоқ, оны салған сендер!» – дейтін әйгілі жауабы. Сонан соң елуін­ші жылдары салған «Бей­біт­шілік келбеті» атты көгершін құс­тың суреті.

Көгершін құсты түгелдей бір мемлекет дәріптеп жатқанда Пикассо баяғы қиямпұрыстығына салып:

– Мына жұрт көгершін бейбіт құсы деп шуласып отыр! Қайдан білсін, менің үйімдегі көгершіндер тамақ үшін бірін-бірі шоқып, өлтіріп жатқанын, – депті.

Суретшілер өткен шақ пен осы шақты картиналарына арқау етсе, көбісі келер шаққа келгенде мү­ді­ріп жатады. «Герника» – Пи­кас­соның әулиелікпен адамзат бала­сының басына төнген зұлмат со­ғысты болжап білген сурет. Мұнда фашизм жайлаған Еуропа­ның нақты көрінісі символика тәсі­лімен берілген. Жеңілген сарбаз, баласы шетінеген ана, талан­ған жылқы, қолына ш­ырақ ұстай жылап бара жатқан әйел­дер, бұқа образдары дәл, дөп та­былып айналдырған екі ай мер­зімінде жазылып болған. Өзі де бір ұзындығы сегіз, ені төрт метрге жуық алып панно еді.

Мұнда жауыздықтың өзі емес, оның салдары бейнеленген. Адам­заттың соғыс, Еуропа шеңберінен шы­ғып, бүкіл адамзат баласына төн­ген қауіптің терең де тылсым емеу­ріні, ишарасы-тұғын. Картинада нақтылық жоқ. Оқиға жер ас­тында ма, бұзылып қираған үйлердің дәлізінде ме, белгісіз. Түн екені де, күн екені де дүдәмал. Оқиғаның сюрреалистік қалпы тажал соғысты тамұқтай теңеуге жеткізеді. Жандалбасаға ұшыра­ған адам баласының хаос кезінде күлпаршасы шыққан жан дүниесін тап «Герникадай» жеткізе алған картина кемде-кем. Брюлловтың «Помпейі» адамзат баласының үрей алдындағы сыртқы бейнесін көрсетсе, «Герника» сөз жоқ, пенде шіркіннің қорқыныш сәтіндегі ішкі, жан дүниесінің айнасы. Деформацияға ұшырап, қисық айнадағыдай созылып, бүлініп кеткен кейіпкерлер – тітіркену, шошу, агонияның көрінісіндей. Біздің Сақтар жартас сурет­те­рін­де жануарлардың агониясын бе­лінен сындырып, екі бұрау сим­воликасы арқылы жеткізсе, әлденеше ондаған ғасырдан кейін Пикассо да сондай тәсілді жаң­ғыртып, аң емес, адамзат ба­ласының ұлы аго­ниясын, жаннан безуін көрсетті.

Сол жылдардағы суретшінің жан дүниесіндегі психологиялық көріністері де Герника қаласы бом­баланғаннан кейін тіптен ұлғайып, Жауыздық дейтін атау­дың жан-жақты бейнесін қалып­тастырды. Оның үстіне, Испа­ния­дағы сол жылдарда билік құрып тұрған Франко диктатурасы да суретші көзқарасымен ымыраға келмей тұрған…

«Герника» мен «Авиньондық би­кештер» – Пикассоның ең шоқ­тығы биік шығармалары. Адам­дардың бір-біріне деген мейірім, із­гілігінен гөрі, табан астында аузы­нан ақ ит кіріп, қара ит шы­ғып қанаттаса, төбелесе кететіні назарға бірден ілініп, көңілде ұзақ сақталатыны секілді, екі картина да шектен шыққандығымен жұрт­тың есінде қалды. Суретші туралы аңыздың бүкіл бір тармағын осы екі шығарма көтеріп тұр десе бол­ғандай.

Пикассо бейнелеу әлемін әсте өнер деп қарамаған кісі. Ол сурет кеңіс­тігін ғылыми объект ретінде та­ныған қалыбы жоқ ғұлама-тұ­ғын. Өлең шығарды, пьеса жазды, де­корация жасады… қойшы, істе­ме­гені қалмады. Танитынды да, танымайтынды да өзіне телміртіп, өзін әңгіме қылдырып, таусылмас «жыр» етіп, «басын қатырып» қой­са, ғұлама демеске әддіміз жоқ.

«Пикассо» дейтін аңыздан осы там-тұм еске тұтқанымызды біз де ор­таға салдық. Ол аңыз әсте ор­тай­мақ һәм бітпек емес.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір