ҚАЙҚАЙЫС ПЕН ЕҢКЕЙІС
30.09.2016
1973
0

tauelsizdik-25Тәуелсіздіктің жиырма бес жылында қол жеткізген жетістіктеріміз қандай дегенде, табыс түп атасымен жоқ деп тулайтындар жеткілікті. Екіұдай дүниенің ортасынан шындықты таразылап көрсек, қай жағы басым түсетінін жалпы ұлт болып ойлайтын уақыт келді. Әлі күнге дейін арамызда социализмді аңсайтындар жетіп-артылады. Сол социализм тарихына үңілсек, оның мерейлі жылдары тойланып, кеңінен аталып өтілген. Жырлар арналды, поэмалар жазылды. Табыс та қомақты сияқты. Былайынша ыңғай жетістік. Бұл өзі стереотипке жатпай ма? Тәуелсіз, мықты ел болудың алғышарттарының бірі – ұлттық тілдің беделі.  Әйтсе де оның мүддесін қорғауға жоғары шенеуніктер неге ынталы емес? Егемендіктен бергі аралықта қазақтар қала жұмысын игеріп, бір кездері біздің қолымыздан келмейді дейтін күрделі салаларға құлаш сермей бастады.  Бұл урбанизацияның көрінісі ме, әлде, тәуелсіз ұлт ретіндегі дамуымыздың белгісі ме? Жалпы, санасы азат, тәуелсіз ұрпақ қалыптастырудың жолы қандай? Ел егемендігінің жиырма бес жылдығы қарсаңында қол жеткізген жетістіктеріміз бен әлі де кемшін түсетін тұстарымызды саралап көрмек ниетпен мамандарымызға жүгіндік.

 

berik-abdigaliБерік ӘБДІҒАЛИ,
саясаттанушы

БІРЕУДЕН ІЛГЕРІ, БІРЕУДЕН КЕЙІН

Тәуелсіздік  жылдарында Кеңес Одағымен салыстырғанда, әрине, әлеуметтік жағынан көп нәрсе жоғалттық. Көршілес елдерге қарағанда да біраз артта қалған тұстарымыз бар. Жалпы салыстырмалы түрде алғанда көптеген кемшіліктер табуға болады. Дегенмен де тәуелсіз ел ретіндегі жетістіктерімізді мо­йындамау әділетсіздік болатын шығар. Егемендігіміздің арқа­сында ең алдымен мемлекеттік нышандарымызды жаңғырттық. Тіл, тарих, экономика, т.б. салалар біртіндеп алға жылжи бастады. Өзіндік экономикамызды қалыптастырдық. Осы жиырма бес жыл ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің тұғырын қалыптастырдық. Оза шауып кетпесек те, біреуден ілгері, біреуден кейін келе жатырмыз.

Әрине, біраз  мүмкіндіктерімізді уысымыздан шығарып алғаны­мызды жасырмаймын. Көптеген жобаларымыз іске аспай орта жолда қалуда. Ауылшаруашылығын құлдыратып жібердік. Жолдарымыздың жағдайы да көңіл қуантпайды. Жұмыссыздық, жемқорлық, кедейшілік етек жайды. Алайда, осы мәселелермен күресу үшін билік те, оппозиция да бірігіп, барлық күш жігер мен қаражатты халық игілігіне қолданса, бәрін біртіндеп жақсартуға болады. Қазір де жағдай мүлде жаман деп айта алмаймын.

Әсіресе, үлкен кісілермен сөйлесе қалғанда, «үкімет бар кезде жағдай жақсы еді, үкімет құлағаннан кейін, бәрі құрыды» деген реніштерін жиі естиміз. «Ол қандай үкімет?» десең, «Кеңес үкіметі» деп жауап береді. Бұл өтпелі кезең ғой. Өтпелі кезеңде міндетті түрде өткенді аңсайды. Совет заманындағы әлеуметтік жүйені, экономиканы, тәртіпті сағынатын азаматтар табылатыны сондықтан. Бірақ сол үшін оларды тәуелсіздігімізді қолдамайды, қазақты сүймейді деп айыптай алмаймыз. Егер халықтың жағдайы жақсы болғанда, ондай әңгімелер айтылмас еді. Ол да қиналғанда  айтылған сөз ғой. Мұның бәрі уақытша қиындық. Әлеуметтік-экономикалық жүйеміз қалпына келгеннен кейін бәрі оңалады деп ойлаймын. Елдің әл-ауқатын көтеру, кедейлерге қолдау көрсету, жемқорлыққа тосқауыл қою секілді кезек күттірмейтін шараларды қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде нақты қолға алғанда, ондай әңгімелер айтылмас та еді. Бұл үкіметтің, аймақтағы әкімшіліктердің тікелей жұмысы.

Тәуелсіздігіміздің тірегі – ең әуелі ұлттық рух, ұлттық мінез, ұлттық намыс. Намысымыз биік болса, тіліміз ешқашан төмен дәрежеге түспес еді. Себебі, тіл ұлтты қалыптастырады, тәрбиелейді. Мінезсіз, намыссыз ұлттың өзі де, тілі де мықты бола алмайды. Мысалы, үкіметті, өзгелерді сынға алуға дайын тұратын көпшілігіміз әлі күнге дейін туған тілімізді дұрыс меңгере алмай келеміз. Соның салдарынан әлі күнге өз ішімізден қазақ тілді, орыс тілді болып бөлініп жүрміз. Сондықтан бүгінгі күні ұлттық намысты ояту, ұлт рухын көтеру мәселелері өзекті болып тұр. Алайда, жағдай қиын деп қара бұлтты төндіргім келмейді. Қазақтың басынан бұдан да қиын заман өткен. Құдайға шүкір, қазақ тіліндегі мектептер көбейіп жатыр. Сол мектептерде білім алып, жаңа технологияларды өз тілінде меңгерген жеткіншіктер де билікке келетін күн туады әлі.

Сол жастардың бойына ұлттық рух, патриоттық сезім дарыта тәрбиелеу жағын ескеруіміз керек. Кезіндегі ақын-жазушылардың бәрі шын жүректен социализмді жырлады дей алмаймын. Көпшілігі тапсырыспен жазды ғой. Бірақ өздері соған сеніп, шын жүрекпен жазғандары да болды. Халық соған сенді. Зиялылардың, оқығандардың бәрін шетінен қырып тастап отырғаннан кейін, басқаша ойлауға мүмкіндігі жоқ ұрпақ қалыптасты ол тұста.

Кезінде орыстар қазақ бізсіз ел бола алмайды деп менменситін еді. Құдайға шүкір, қазір кей салада орыстардың өзінен ілгері шықтық. Себебі, жауапкершілік туған тұста, адам соған қарай бейімделеді. Дегенмен, бүгінгі күні интеллек­туалды, ғылыми жағынан Ресей бізден біраз алға озып кетті. Себебі, олар Совет заманынан қалған мектепті сақтай отырып, ары қарай дамытты. Ғылым академиясын сақтап қалды, ғылымды қаржыландыруды доғарған жоқ, соның нәтижесінде әлемдік  деңгейде жаңалықтар ашып, Нобель сыйлығын алып жатыр.

Жасыратыны жоқ, бүгін көп адам көкейдегісін ашып айтудан қорқады. Себебі, азаматтар билікке қарап жасқаншақтаса, билігіміз көршілес алпауыт мемлекеттердің қас-қабағын бағып отыратын кезең болып тұр. Көп нәрселерді айтуға шектеу қойылған. Осындай шектеулер азат ел ретінде дамуымызға кедергісін келтіруде. Ал жалпы дамитын ұлт ештеңеге қарамай, ешкімге жалтақтамай, өзінің күшіне, ақыл-біліміне сеніп нақты әрекеттерге барудан жүрексінбеуі тиіс. Сонда оны бәрі мойындайды.

Қазақты сүю қазақша сөйлеп, қазақ тарихын айтып мақтанумен шектелмесе керек. Бізде қазір ұлт мәселесін көтеруге байланысты тоқырау басталған секілді. Себебі, бес-алты жыл бұрын ұлттық мәселені тереңінен қозғайтын әңгімелер көп айтылатын. Ал бүгінгі әңгіме ауандары одан бөлек. Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы, Ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығы, Желтоқсан оқиғасының 30 жылдығы секілді көптеген айтулы шаралар өз дәрежесінде өткізіліп жатқан жоқ. Алдағы жылы Алаш қозғалысының 100 жылдығы келе жатыр. Оны қалай атап өтетініміз де белгісіз. Тарихымыздағы Қазақ хандығының 550 жылдығын да кеңінен өткізе алмадық. Бүкіл мемлекет болып сол мерейтойымызға арнап бір кино түсірмек едік, оны да әлі аяқтай алмай отырған жайымыз бар. Осындай кемшіліктерімізді ойлағанда, көңілге кірбің ұялайтыны рас.

 

galym-zhusipbekҒалым ЖҮСІПБЕК,
АҚШ, Вашингтон «Қайта Ойлау»
институтының сарапшысы

АЛҒА ЖЫЛЖУДЫҢ ШАРТЫ

Тәуелсіздіктен бер­гі жиырма бес жылда неге қол жеткіздік, нені жоғалттық, табысымыз көп пе, әлде ұтылғанымыз көп пе деген секілді сауалдарды сұрай білу, пікір­­-
та­лас­тыра білудің өзі біздің ең үлкен жетістіктеріміздің бі­реуі. Жалпы алғанда, өрке­ниет­ті, дамыған және тәуелсіз ме­млекет пен сол мемлекет қоға­мын ерекшелендіретін ең үлкен қасиет – әрқайсысы өзінше ойлайтын, өзіндік пікірге ие, өзіндік өмі­р­лік стилі бар азаматтардың бірге өмір сүріп, өркениетті түрде пікір алмаса білуі. Яғни басқалардың пікірін қабылдамаса да, бір-біріне түсіністікпен қарауды, бір-бірімен келіспеуді өмір талабы деп алдын ала қабылдаған, өз ойларын өркениетті түрде айта білуді әдетке айналдырған қоғам бұл. Біз қанша жерден көңіліміз толмағанымен, менің ойымша, Қазақстанда осындай қоғам жиырма бес жылдан бері біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Бұл еліміздің жетпіс жылдық қапастан кейін сыртқы дүниеге ашылып, адамзаттың даму жолына қосылуымыздың ең үлкен жеміс­терінің біреуі. Мойындауымыз керек, ащы ақиқат, кешегі күнгі Кеңестер Одағы тоталитарлы жүйеге негіз­дел­ген мемлекет еді. 1920 мен 30-шы жылдардың қа­сіреті, ГУЛАГ жүйесі, тіпті бертін келе, «оғаш ойлайтын» адамдардың жындыханаға  қамалуы, т.б. тез ұмытылып кеткен сияқты. Бәлкім, әсіресе ауыл­дық жердегі халықтың  қарны тоқ болатын, тұрақты жұмысы да болатын, бірақ бұның барлығы халқы­мызды  әлемдік  дамудан  оғаштап, оқшаулап  тастаған және орталықтың мақұлдауынан өткен бірыңғай ойлауды (шаблон десе де болады) санамызға орнық­тыруға тырысқан саяси және әлеуметтік жүйенің «жағымды, тартымды» көрінісі  еді.  Кеңестік  жүйе­нің әлеуметтік  әділеттілікке  негізделген бұл санаулы «тартымды» көріністерінің өзі 1970 пен 80-шы жылдарда ғана орныға бастаған болатын. Бұлар одан бұрын үнемі қантөгіспен, жаппай құғындаулармен, ашаршылықпен өткен кеңестік жүйенің алғашқы 45-50 жылдық кезеңінің жемісі іспеттес еді. Сондықтан социализмді аңсайтындардың болуы табиғи нәрсе. Бірақ олар да құр таусылып күйзелмей, бар нәрсені жоққа шығармай (бұл ең алдымен сол кісілердің өз денсаулықтарына зиян) елімізде әлеуметтік әділеттілікті одан ары қалай дамытуға үлес қосулары тиіс. Мысалы, не істеу қажеттігін саяси әлеуметтік дискурс ретінде қалыптастыруға ұмтылсын және дамыған елдердегі азаматтар секілді өз қолдарынан келетін шаруаны тындыруға тырыссын. Дамыған елдер халқы барлық нәрсені өкіметтен күтіп жатпайды. Мәселен, АҚШ-та азаматтар керек болса ұжымдасып мектеп те салады, көшелерін де тазалап алады, өз кембағалдарына қарап көмектеседі. Сол секілді, бізде де әркім өзінен бастасын. Ауыл-аймағын, көшесін, ауласының айналасын көркейтсін, мүмкіндігі болмаса, басқаларды ұжымдастырсын, яғни азаматтық бастамаларға мұрындық болсын.

Егемендіктен бергі аралықта қазақтардың көп салаларды игеріп бағындыра бастағаны тәуелсіз ұлт ретінде дамуымыздың белгісі. Тоталитарлы жүйе шарттарында бұның көбісін жасау мүмкін емес еді. Урбанизация да заман талабы.

Санасы азат, тәуелсіз ұрпақ қалыптастырудың алғышарттары меніңше, ең әуелі әділетті болуға және қажырлы еңбекке баулу. Бұны өмірлік салтпен үйрету, яғни бір нәрсені оңай жолмен тауып, келісіп, «ағамыз, көкеміз бар, қатырамыз» деген ойлардан мүлдем аулақ болу. Екіншіден, стереотиптерден аулақ болу. Ең үлкен әрі қауіпті стереотиптер айна­ла­дағы адамдарды жіктерге, топтарға бөлетіндер. Дамыған елдер жікшілдікпен күресу арқылы алға жылжыды. Үшіншіден, басқалардың жетістіктерін мойындай білу, тіпті оларға қуана білу. Бұл болмаса, арысы көреалмаушылық, берісі «құрбандық ком­плексі» (комплекс жертвы) пайда болады. Стереотиптермен тұмшаланған және басқалардың жетістіктерін көре алмайтын, әділеттіліктің не еке­нін түсінбейтін адамның санасы ешқашан азат бола алмайды, бұндай адамдар тұратын қоғам да дамымайды.

 

z09b2626Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Л.Н.Гумилев атын­дағы
Еуразия Ұлттық  университетінің
проректоры, т.ғ.д., профессор

АЙТА БЕРСЕК МӘСЕЛЕ ШАШ-ЕТЕКТЕН

Тәуелсіздік жылдары қол жет­кіз­­ген жетістіктеріміз мол. Бірін­ші­­ден, біз бүкіл әлемге көбінесе бей­­біт инициативаларымызбен жақ­­сы жағынан танылдық. Қа­зақ­тың кім екенін әлем мойындады…

Екіншіден, экономикамызда бі­раз жетістіктер бар. Тас, әуе және те­мір жолдар салынды. Ұн сатудан біз бірінші орындамыз. Халыққа қыз­мет көрсету орталықтары жақ­сы жұмыс атқаруда. Зауыт, фаб­ри­калардың жұмысы да жақсарып ке­леді.

Үшіншіден, сыртқы саясатта дұ­рыс та ұтымды ұстанымдамыз. Біз­ді әлем жақсы мемлекет ретінде та­ниды. Ядролық қарудан уа­қы­тында бас тарттық. Әлем дін­дері­нің съезі, Астанада өткен экономи­ка­лық саммит елімізге деген оң көз­қарас қалыптастырады. Бұйырт­са, алдағы жылы ЭКСПО да халқымыздың жақсы атын шы­ғаруға септігін тигізеді деп се­не­мін. Спорт жағынан, білім саласы­нан болсын біз ТМД елдері ішінде алдыңғы қатардамыз.

Төртіншіден, осы уақыт ішінде елімізде ұлтаралық және діна­ра­лық татулық орнады. Басқа ТМД ел­дерінде қақтығыстар көп болды…

Бесіншіден, тәуелсіз мемле­ке­тіміздің жаңа асқақ  Астанасы бой көтерді. Алтыншыдан, шетелдерден бір миллионға жуық ағайын-туысты көшіріп әкелдік…

Әрине, айта берсек, игі істер көп. Дегенмен, күрмеуі шешіл­ме­ген мәселелер де шаш-етектен. Еге­мендікті пайдаланып біраз мә­селені шешіп алуға болатын еді. Мы­салы, жемқорлық мәселесі ушы­ғып тұр. Командалар мен бас­шылардың жылжуы алаңдатады. По­лицияның да жұмыс істеуі көңіл­ден шықпайды. Қылмыс жасау, кісі өлтіру, суицидке бару жиі­леп, жұмыссыздық кең етек жайып барады. Ауыл тұрғын­да­ры­ның жағдайы мүлде ауыр. Де­ва­львацияның салдарынан жалақы еке есе төмендеді. Қымбатшылық етек жайды. Билік басына қарым-қабілеті мол, ары таза, білімді де бі­­­лікті адамдар тартылмайды… Пә­тер иелерінің кооперативі (КСК) дұрыс жұмыс жасамайды. Бас басына басшы көп. Әділетсіздік жайлаған.

Мен өзім білім саласында жұ­мыс жасаймын. ЖОО-да да өзекті мәселелер жетерлік.

Мәселен, профессорлық-оқы­ту­шылық құрам мен қызметкер­лер­дің еңбек ақысының аздығы. Қа­зіргі таңда ғылыми-педаго­ги­ка­лық кадрлардың қаланың, рес­публиканың, тіпті шет мемлекет­тер­дің жоғары оқу орындарына ауы­сып кетуі ЖОО-лардың са­па­лық деңгейін төмендетуде. Кейбір ма­мандар мемлекеттік басқару ісіне немесе бизнеске кетуде. Ғы­лыми-педагогикалық кадрларды даяр­лау жүйесі магистрлер мен фи­лософия докторларынан құрал­­ма­ған. Білімі мен білігі төмен жас­тар көп. Шет мемлекеттерден тә­жірибелі ғалым-педа­гогтар аз тар­тылған. Елбасының «Болашақ» бағ­дарламасы бойынша оқып кел­ген түлектерінің ішінде жұмыс істейтіндер саны аз мөлшерде. Не­гізінде ЖОО-дағы кафедра мең­геру­шілері мен декандар сайлануы керек.

Жұмыс үрдісінде оқытушылар мен мамандарды материалдық ын­таландыру, келешегінен зор үміт күттіретін маман иелерін қыз­меттік көтермелеу механизмі ақ­сап тұр. Профессорлық – оқыту­шылық құрамның едәуір бөлігі Қазақстаннан тыс әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерінің педагогикалық жоғары оқу орындарынан білім арттыру курстарынан өтпеген. Ғылыми дәрежесі бар ғы­лыми-педагогикалық кадр­лар жасының ұлғаю үрдісі байқалуда. Бас­қа отандық және шетелдік жо­ғары оқу орындарымен, ұйымдармен бі­ріккен ғылыми зерттеулер де аз. Шетелдерден келіп оқып жатқан студенттер шағын ғана пайызды құрайды.

Соңғы жылдары ЖОО мате­риал­дық-техникалық базасы ны­ғай­мағанын көрсетіп отыр. Мәсе­лен, бүгінгі күні студенттер мен ша­қырту алған оқытушыларға жа­тақ­хана жетіспеушілігі аса бай­қалып отыр. Заманауи ғылыми кітапхана көп университеттерде жоқ. Математика және жаратылыс­тану факультеттерінде оқитын сту­денттердің ішінде, әсіресе қа­зақ топтары 100% кітаппен қам­тыл­маған.

Жоғары оқу орнының сайттары көбінесе 3 тілде ғана жүргі­зі­ле­ді, мәселен оны 7 тілге дейін (не­­міс, қытай, араб, француз тіл­­де­­рінде) көбейтсе деймін. Сон­дық­тан жоғары оқу орнының ха­лық­аралық аренадағы та­­ны­­мал­дылығын арттыру жұмыстарын ке­шенді түрде жүргізу керек.

Оқу-жұмыс жоспары мен бағ­дарламасына елеулі өзгерістер енгізу қажет. Мәселен, дүниежүзі бойынша жасөспірімдер ара­сын­дағы (10-17 жасқа дейінгі) суицид бойынша бірінші орынға шығып отырған Қазақстан үшін, бұл қа­сі­реттің алдын алу шаралары қол­ға алынуы тиіс. Студенттер үшін са­лауатты өмір салтын қалып­тастыруға арналған тиімді оқу курстары да жоқ. БҰҰ келтірген мә­лімет бойынша қазақстан­дық­тардың денсаулығы ТМД елдері ара­сында ең төмен нәтижені көр­сетіп отыр. (Зерттеуге қатысқан мем­лекеттер арасында біз 145 елдің ішінде 111 орындамыз). Дегенмен, ХVІІІ ғасырда Қазақстан хал­қы ұзақ өмір сүруші ұлт ретінде танылған.

ЖОО құрылымы жаңа талап­тарға сәйкес келмейді, өйткені ше­телдік профессорлар мен сту­дент­терді жұмылдыратын бірде-бір бөлім жоқ. Жұмыс беруші­лер­мен айналысатын жұмыс бөлімдері ашылмаған. Ғылыми мақалаларды жоғарғы импакт-факторлы басы­лымдарға беріп отыратын құры­лым­дық бөлімше де әлі құрыл­ма­ды.

ЖОО ғылыми-зерттеу жұмы­сы­на сараптама жасай келе, төмен­дегі олқылықтарды айта кетейік: ғалымдардың тілдерді меңгеру дең­гейінің әлсіздігі; республи­ка­лық бюджеттен және халықаралық гранттарды есептегенде институт­тың ғылыми жобаларды іске асыруға байланысты жұмыстары ақсап тұрғаны; жоғарғы импакт-факторлы мақалалар саны деңгейі жағынан жалпы төмен сатыда тұр­ғаны жаны ашыған адамды алаң­датады. Студенттердің ака­де­миялық ұтқырлығы да жеткілікті қам­тамасыз етілмей отыр. Бо­лашақта латын тіліне көшуге бай­ланысты дайындық жұмыстары пысықталмаған.

Социализмнің стереотип­те­рінен бас тарту керек. Әрине, ұлт­қа қызмет ететін мерейлі күндерді насихаттау қажет. Бірақ әр нәрсе­нің өз межесі болатынын ұмыт­пайық.

Орыстанып кеткен солтүстік ай­мақтарда солай ойлайтындар өте көп. Ол жағдай идеологиялық жұ­мысты күшейту қажеттігін бай­қатады. Бұл ол өңірлерде
отар­­­сыздандыру үрдісі дұрыс ұйым­­дастырылмағанын білдіреді. Біз ең әуелі қоғамдық санаға әсер ететін ресейлік БАҚ-ты азайтуымыз керек. Халықтың жағдайы нашарлаған сайын кеңес дәуірін аңсайтындар саны көбейе береді. Украинаның Қырымымен қан төгіс болып жатқан Донбастың әлеуметтік жағдайы төмендігін пайдаланып, сыртқы күштер елді бөлшектеп жіберген жоқ па?..

Айтыла-айтыла жауыр болған тіл мәселесіне келсек, бұл жағдай бір­тіндеп шешімін табатын се­кілді. Біріншіден, қазақша білім алған, тәуелсіз елде туып-өскен буын өсіп келе жатыр. Арғы беттен бір миллиондай қандастар келді. Астанадағы бір миллион тұр­ғынның 80 пайызы – қазақ! Қазақстанда 25 жылдың ішінде қа­зақтың саны өсті. Ертең ол көр­сеткіш 80 пайызға жетеді. Сонда бұл мәселе өзі-ақ шешіледі. Бірақ білім саласындағы реформаларды жүргізгенде қазақ тіліне теріс әсе­рін тигізбеу жағын ескеру шарт. Еліміздің Қызылжар, Қостанай, Өс­кемен секілді аймақтарындағы қазақтар санын арттыру қажет.

Қазақтың жері кең, бірақ әзірге саны аз. Сондықтан шектен тыс ур­банизация да бізге қауіпті. Ер­тең елдің бәрі қалаға көшіп, даламыз бос қалса, бос жерге көзін сү­зіп шетелдіктер қаптайды. Сон­дықтан ауылшаруашылығын қай­та жандандыру жағын қолға алға­нымыз жөн.

Дайындаған
Айнара АШАН.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір