ҚАЗАҚТЫҢ ТІРЕГІ МЕН ЖҮРЕГІ
30.09.2016
1491
0

azaҚазақ баспасөзінің, әсіресе, «Қа­зақ әдебиеті» газетінің қазақ қауы­мы үшін алар орны ерекше. Бұл бұрын да, бүгін де, Алла жазса, ертең де солай болып қала бермек. Ежел­ден-ақ қазақ жыртысын жыр­тып, ұлт мұңын мұңдап келе жат­қан газет бұл күнде ел назарын өзі­не аударған. Күн тәртібіндегі ши­лі мәселеге айнала жаздап тұр­ған жер қатынастары туралы да бір­талай ортаға ой тастап, олжа салар дүниелерді жариялап үл­гер­ді. Солардың бірі – газеттің үсті­міз­­де­гі жылғы 5-11 тамыздағы №29 са­нында жарияланған Қо­рабай Шә­кіровтың «Қазақ жерінің қа­мын ойлау…» атты мақаласы автор туған жер туралы толғаны­сын бір­талай бүгінгі және келер ұрпақ­қа үлгі болар өнегелі жайларды қоз­ғай келіп, орын алып отырған ол­қылықтардың орнын толтыруға, істі алға бастыруға бағытталған өзінің, т.б. бірталай азаматтардың ой­ларын ортаға салып, нақтылы мы­салдар келті­реді. Соның бірі – Шарбақты ауда­нындағы «Побе­да» шаруа­шылығында. Өңірдегі шаруа­шылықтардың шаруасы шат­қаяқ­тап, шаңырағы ортасына түс­кен адамдардың үкілі үміті жел­ге ұш­қан тұста облыстық «Са­рыарқа самалы» газетінің тілшісі бол­ған едік. Мұндағы бәз қал­пын­да тұр­ған көшелерді алаңсыз адам­дар­дың шаттық толқыған жүз­дерін көргенде, Баян жерінде тоз-тоз болып құлап қираған ауыл­­дар қалаға бет алған көш­терден көзіміз жауыр болған басымыз өмірде тозақ пен жұмақ қатар болса, жұ­мақ осы соңғысы шығар деген ойға тірелген едік.

Мақалада: «Үкіметті және жер­ді игерудегі үкімет көзқарасын қол­дағысы келетіндердің жерді сат­са, жалға берсе, қыруар инвес­тиция тартылады» деген уәж­де­рін айта келіп, мысал ретінде әлем­дік тәжірибені алға тартқан екен. Автор мұнан әрі жоғарыда өзі келтірген мысалдарды түйіндей келіп: «Мұның өзі жерді игеруде шет­елден инвестиция алмасақ бол­майды» деген пікірлерге дә­ле­л ретінде ұсынады. Өте орынды сөз. Олай дейтінім, бізден көш іл­гері кеткен небір дамыған елдердің табысын көлденең тартып, олар жер­лерін сатты, жалға берді, со­ның арқасында байып жарыды, біз де байимыз деудің ешбір қисыны жоқ. Ол елдердің шаруалары жерден тамырларын қай жылы, қай ғасырда үзіп, қалалық болған­дарын тап басып айта аласыз ба?! Ас­фальт­­ті биік үйлі қалада көзін ашып, есін жиып, етегін жапқан жер-ана асыраушы екенін кітаптан оқып, кинодан көрген ұрпақ үшін жер тағдыры деген, бері қойғанда, бес тиындық құны жоқ бос сөз бо­лып көрінуі ықтимал. Ал қазақ ба­ласының алды қалаға қарай осыдан он бес-жиырма жыл, арты күні кеше қоз­ғалды. «Ауыл – алтын бесік», «Жер-Ана» деген ұғым­­дар­ды күні ке­шеге дейін дұ­ға­­дай жат­тап, оған кә­міл сеніп өскен қазақ Алтын бе­сігін, Жер-Анасын құстың тұм­сы­ғындай кел­­те кезеңде ұмыта алар ма?! Сол далада өткен өмірін, сіңір­ген ең­бегін, тамшылата төк­кен терін, қуанышы мен кірбіңін олар­ға қан­дай күш ұмыттыра ал­мақ? Сон­дықтан да кімге де болсын жер­ді сату санасына сіңіп, миы­на қона қояр ма? Бұл ауылдан қалаға көшкен бірдің басындағы хал емес, мыңның басындағы хал ғой?! Сондықтан да мен мора­то­рийдің бес жылға ұзартылуын бар болғаны бұл салада атқарылар іс­тің бастауы ғана деп түсіндім. Ал жер қатынасы мәселесін алды-ар­ты­на қаратпай, түпкілікті шешу үшін кемінде бір ғасыр уақыт керек. Осы материал басыла қалған жағдайда оқырмандар тарапынан «бұл да қыруар жерді сатып, не жал­ға алғандардың бірі шығар» де­ген күмәнді ой тумауы үшін өзі­нікі дейтін баспанаға қолы жетпей жүргендердің бірі екенімді, қалада әйелім және қызым үшеуміз ұлым­ның қолында тұратыны­мыз­ды айта кетейін, баспанасы жоқ адам­ның жері қайдан болсын?

Ал қолға қалам алғызып отыр­ған ұрпақ алдындағы азаматтық, қа­ла берді, қаламгерлік парыз. Осы орайда, ойға ертеректе көр­ген, ұмытпасам «Қазақфильм» тү­сірген «Жерге қайтып оралу» ат­ты фильміндегі ғарышқа ұшуды армандайтын Ермек атты шопанға ауылдастары арнаған мына бір ауыз өлең оралды:

Қараңдаршы, достарым,

Мына біздің Ермекті.

Жердегі қойдан айрылып,

Көкке қолын сермепті, – дейтін еді.

Тоқ етері – жерді сатып байимыз, жаримыз деп жүргенде ата жұрт­тан айрылып, ұрпағымызды тен­тіретіп, көп айтыла беретін әлем жұртының алдында масқара­мыз шықпаса жарар. Ұрпақ қар­ғы­сына қалмасақ болды да.

Сүлеймен БАЯЗИТОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы.
Баянауыл ауданының Құрметті азаматы.
Павлодар қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір