МЕН КӨРГЕН ТҮРКИЯ
30.09.2016
2749
0

14-bet-suret«Шетелдерде оқып жүр» деген айдармен газетіміздің өткен сандарында ғалым Асқар Жұмаділдаев және режиссер Ермек Тұрсынов сөз алған еді. Бүгінгі қазақ жастарының білімге, ғылымға ұмтылысы, талпынысы, шетелдердің білімін алған жастардың жалпы бағыт-бағдары жайлы аға буынның сөз толғауын – ақылшының айтқаны деп қабылдауға да, қоғамның еркін ойлы азаматтарының жеке пікірі деп есептеуге де болар. Газетіміздің бүгінгі санында шетелдердің білімін алып, дәстүрін көріп келген жастардың өзі не дейді екен деген сауалдың жауабын іздеп көрдік. Лондоннан тағылымдамадан өтіп қайтқан Меруерт Құмарова, Түркия университетінің магистратурасын тәмамдаған Асылтай Тасболат – шетелдегі және Қазақстандағы білім мен қоғамның ерекшеліктері туралы әңгімелейді.


10371482_599376246835983_5639046614023151469_n

 

Асылтай ТАСБОЛАТ,
дінтанушы

 

 

– Сіз көрген Түркия қандай?

– Әр түрлі. Университетте Шы­ғыс пен Батыстың ғылымын бойына мықтап сіңірген, гумандық принциптерді ұстанатын, «адамзат­тың бәрін сүй, бауырым деп» деген Абай көзқарасын түрікше түсіндіріп бере алатын мықты ғалым ұстаздың алдын көріп, оның азаматтық көз­қара­сына тәнті болып, көшеге шық­­саңыз, қарсы беттен тек қана діни қағидаттарды ту еткен фанатты кездестіруіңіз ғажап емес. Мұн­дағы халық әр түрлі. Бірақ түрік идеясы мықты сақталған. Егер мем­лекет басына күн туса, әншейіндегі дін, көзқарас таласын ұмытып, жұ­дырықтай жұмыла кетеді. Қазір Сириядан мыңдаған босқындар ағылып жатыр. «Егер біздің мемле­кет­тің басына күн туса ешқайда қаш­пай, қасық қанымыз қалғанша ту­ған жерімізді қорғар едік, иә, өлім құшар едік, бірақ туған жерімізді тастап кетпейміз ғой, бұлардікі не?» деп шын таңқалған түріктерді көп кездестірдім. Десе де бұл барлық түріктердің және менің жеке пікірім емес.

Түріктердің диаспоралық мәде­ниеті де мықты қалыптасқан. Сек­сенінші жылдары Еуропаға  жұмыс іздеп көшкен түріктер шашын әр түр­лі қылып бояған, әр түрлі киінген, бұқаралық мәдениеттің ықпалында қалған балаларын тарихи Отаны Түркияға әкеліп діни тәлім беріп, мешіт-медреселерге тапсырады да, бірден қайта түрік қылып алады…

– Шетелде оқу қаншалықты өзекті?

– Шетелде оқудың маңызды­лығы әр салаға жекелей байланыс­ты. Мен Түркияда Дінтану немесе Ислам теологиясы  бойынша оқып келдім. Оларда Араб елдерімен салыстырғанда, белгілі бір діни дүниетаным негізінде емес, бейтарап зерттеу тәсілдері қалыптасқан. Және  дін социологиясы, дін психологиясы сынды пәндер, дінтану ғылымдары да жақсы дамыған. Түр­кияда бейтарап оқыту жүйесі және зерттеу тәсілдері, Ханафи жә­не Мат­руди мектептерін қайта жаң­ғыр­ту мәселесі жақсы жолға қойыл­ған.

Мен Бурса қаласындағы Улыдағ (Ұлытау) университетінің магис­тратурасында оқыдым. Диссертация тақырыбын өзім таңдадым: «Қазақ жазба тіліндегі ғылымхал еңбектері және олардың ақидалық мазмұны» деп аталады. Қазақ жазба тілі қалыптасқан кездегі, араб гра­фи­ка­сындағы алғашқы ғылымхал еңбектерін жанр ретінде зерттеп шықтым. Ғылымхал еңбектерінің тууы, ол жанрдың діни тұрғыдан қалыптасу тарихы және олардың ақидалық мазмұнын классикалық кәламдық мәтіндермен салыстыра зерттедім.

– Қазақстанда да дінтану маман­дығы бойынша білім алдың ғой. Екі оқу орнының  айырмашылығын сездің бе?

– Әрине, сездім. Әсіресе, оқыту жүйесінде айырмашылық орасан. Бізде де таңдау компоненті деген бар ғой. Оларда таңдау компоненті бойынша студентке еркіндік бе­рі­леді. Жетекшілер диссертация ү­шін ауқымды тақырып таңдатпай­ды. Барынша практикалық қыры басымдау тақырыпты қарастыруға тырысады. Және өзіңнің зерттеу объектіңе тым біржақты кетіп қал­май, нысанды бейтарап зерттеп, салыстыруың керек.

– Магистратуралық жұмыс – диссертация болып есептеледі. Сен таңдаған тақырыптың қоғамға пайдасы бар ма дегенге көңіл аудара ма? Мәселен,  сенің  қазақ  қолжазбаларын зерттеуіңнің Түркия қоғамына қан­дай­ пайдасы бар?

– Байқауымша, Түркияда ғы­лы­ми жұмыс тақырыбын шектеу жоқ. Өзге елдерді қызығушылықпен зерттей береді. Мұның қандай астары бар екенін нақты білмеймін. Бірақ ғы­лыми тақырыптың зерт­теушіге жа­­қын болуына, ол тақы­рыпты зерт­теушінің жетік білуіне басты назар аударады.

– Жалпы, Қазақстан және Түр­кия университеттерінің айырма­шы­лығы бар ма?

– Айырмашылық – жер мен көк­тей. Түркияда университет кітап­ханасы – тек қана бір-екі сағат барып отыратын жер емес. Күн­делік­ті оқу процесінен бөлек, бакалавр студент­тері сабақтан соң, түс­тен кейін университет асханасынан біздің ақшамен екі жүз теңгеге тойып тамақтанып алады да, кітап­ханада отырады. Кітапханалар кешкі сағат онға дейін жұмыс істей­ді. Сессия жақындаған тұста бір ай, бір жарым ай таңғы сағат оннан кешкі сағат беске дейін демалыс күндері де есігі ашық. Сту­дент­тер көп уақытын кітапханаға арнайды. Магистранттар бір жыл тео­­рия­­лық кезеңнен өтеді. Сол кезеңде ары кетсе, үш-төрт  пәнді ғана, бірақ тереңдетіп оқытады. Оларда әр ғылым, әр мамандық салаланып кеткен.

Әр факультеттің жеке кітапха­насы бар. Кітап қорын нақты білме­дім. Бірақ өте бай деп айтуға болады. Диссертациялық жұмысыма қажетті кітаптарды өзімнің тақы­рыбыма сай, Қазақстандағы Ұлттық кітап­хана мен Ғылыми  кітапхана­дан тап­тым. Екінші тарауда салыс­тыр­малы зерттеулер жасауым керек бол­ды. Классикалық кәламдық мә­тіндер мен қазақ мәтіндерінің ерек­шелігін салыстыруым керек еді.

Ол жақта электрондық нұс­қа­лар­ға баяғыда өтіп кеткен. Кітаптың электронды нұсқасын тез табасың. Түркияның Білім министрлігіне қарасты  Жоғарғы білім құрылымы­ның арнайы диссертациялық базасы сақталған сайты бар. Кез келген салаға тиесілі диссертациялар сол жерде сақталады. Диссертация қорғағаннан кейін, бір жыл уақыт өткен соң, өз зерттеу жұмысыңның сол жерде сақталуына рұқсат бере­сің. Кітап қылып шығарып, автор­лығыңды алған соң барып, болмаса, зерттеу жұмысыңды қорғай сала бірден келісіміңді беруіңе болады. Осылайша, бұл базадағы ғылыми жұмыстар жылдан-жылға ұлғайып келеді. Сол зерттеу еңбектерінің электронды нұсқасын қарап отырып, өз тақырыбыма қатысты бір жұмысты тауып алдым. Кезінде жәдитшілердің арасында түрік тілінде дін негіздерін оқытатын оқулықтарға қажеттілік туындап, сол кезде басылған кітаптарды зерт­теген диссертациялық еңбек. Стамбул университетінің кітап­ханасын­да сақтаулы екен. Мен Бурсадағы университеттің кітап­ханасынан әлгі еңбекке тапсырыс бердім. Бір аптаның ішінде қағазға шығарып, тігіп әкеп береді.

– Ол зерттеу еңбектерді алудың ақысы қандай?

– Тегін. Кітапханалар арасында өзара келісім бар. Студенттердің көпшілігі айбукс бағдарламасын қолданады.

Олардың студенттері мен біздің студенттердің айырмашылығы орасан. Ойларын еркін айта алады. Тақырыпты зерттеу барысында жетекшісімен өте тығыз бай­­ланыста  болады. Мұғалімдердің де  жағ­дайлары өте жақсы. Әрқайсы­сының жеке кабинеті бар. Онда толған кітап. Қасында отырасың. Шәйға тапсырыс береді де, шәйді ішіп оты­рып жұмысыңды талқылай бересің. Бұл магистранттар мен докторанттар үшін. Студенттердің сабағы аудиторияларда өтеді. Зерттеу тақырыптарын жетекші шә­кір­ті­мен қосыла зерттейді. Мысалы, жетекшіме татарша және қазақша ғылымхал еңбектерінің түпнұс­қасын Анкара университетінің кі­тап­ханасынан тауып, алып бардым. Ол кісі османлы мен арабша жақсы біледі, парсы тілдеріне де жетік. Бірақ  ескі  татар деп айқын­дап жүр ғой, шағатай тілінің бір нұсқа­сын, білмесе де менімен іле­сіп, қайталап оқып отырды. Қазақ­ша нұсқасының аудармаларын бергенде де бірге оқыды. Менің жетекшім – доцент. Менімен бірге қорғауға кірген жі­гіт­тің жетекшісі – профессор. Өте танымал кісі. Анкара­дағы Дін істері министр­лігінде үл­кен бөлімде жұ­мыс істей­ді. Бірақ, диссертация қор­ға­ғанда жетекшінің абыройы, беделі маңызды емес. Мәселен, әлгі  про­фессор­дың жетек­ші­лі­гін­дегі жігіттің магистрлік жұмысы өтпей қалды. Диссер­та­циялық жұмысың өтпей қалса, қай­та зерттеуге үш ай, алты ай уақыт береді. Диссер­та­цияңды бір апта бұрын магистра­туралық кеңеске тапсы­расың. Олар түгел оқып шығады. Менің жұмы­сымды оқып, қате­ле­рімді көрсетіп, мына қателерді түзесең, қорғауға болады деді.

– Оларда зерттеу жұмысын өзгеден көшіру мәселесі қалай екен?

– Арнайы бір бағдарламадан өткізіп, қысым көрген жоқпыз. Мықты заңың болғанша, мықты мәдениетің, салтың, дәстүрің болсын дегенді естіп едім. Бір-бірінен көшіру дегенге халықтың мәдениеті жібермейді. Постсоветтік елдерден барғандар көшіріп жатса, өзің қара­дай қысыласың. Ал жалпы ондай қараулыққа жетекшіңнің өзі де мүмкіндік бермейді.

Оқытушының қоғамдағы беделі өте жоғары. Айлықтарын нақты білмеймін. Шамалауымша, екі мың доллардан кем еңбекақы алмайды. Ұстаздарға тегін тамақ, әлеуметтік, медициналық сақтан­дыру, көлік – бәрі қарастырылған.  Еуропа ел­дерінде болған жоқпын, бірақ біздің елмен салыстырғанда, Түркия ғы­лымға  жақсы мән береді деп айтуға болады.

– Университеттерге саясат араласа ма?

– Соңғы жағдайда араласып бастады. Ал жалпы алғанда, саяси көзқарастарды университеттердің ішінде қалыптастырмайды. Мен оқуға барғанда таңқалғаным – университеттің асханасында: «Dur AKP, burası üniversite!» деп жазып қойыпты. AKP – Түр­киядағы би­леуші партия. Билеуші партияға қарсы сөзді университет әкімшілігі қалай алып тастамайды деп ойладым. Сөйтсем, бұлардың ішкі ережесінде, университет қа­быр­ғасында ілінген ұран­дар бір апта тұруы тиіс екен. Бұл  Түркия­ның қазіргі жағдайы емес, мен ал­ғаш оқуға барған кездегі көрініс.

Екінші, оларда Ұлттық саясат, шетелдіктерге  түрікше оқыту сая­са­ты өте жақсы дамыған. Бізде қа­зақ­ша сөйлеуге арланып жүрген қаланың қыздары, жігіттері Түр­кияға барғанда түрікше сөйлеп ке­теді. Себебі, Түркия шетел сту­дент­терін бір жыл түрікше оқытады да, түрік тілін біледі деген сертификатпен ғана оқуға қабыл­дайды. Магистратура мен докторантурада шет тілі сынағының сертификатын тағы сұрайды. Бірақ сабақты көп­теген универ­ситет­терінде шет­ ті­лін­де өтпейді. Диссертация, ғылы­ми зерттеу жұмыс­тары, зерттеу еңбек­тері – бәрі түрік тілінде жазылады. «Онда неге шет тілінің сер­тификатын сұрады­ңыздар» десек, «Диссертация жазған кезде шет тілінде­гі­ мәлімет­терді, түп­нұсқа ең­­бек­терді тіке оқып, түсіне ала­тын­дай деңгейіңіз болуы керек» дейді.  Иә, Ай-Ти, құ­рылыс, халық­ара­лық экономика, байланыс салаларында жекелеген университеттер ағылшын тілінде білім бере­­ді. Немесе белгілі бір универ­ситеттің ішін­де ағыл­шын тілінде білім беретін факультет, маман­дық­тар болуы мүмкін. Бірақ ол тұ­тас сипат алған емес. Әлем ағыл­шын тіліне бет бұрды екен деп, тү­­ріктер өз тілін құрбан­дыққа шалмайды.

– Біз  білетін Түркия бір уақытта азанды түрікше шақырған еді…

– Өзіңіз білесіз, Құтпа – арабша оқылады. Бірақ Әбу Ханифаның: «Егер араб тілінде оқуға  мүмкіндігі болмаса, араб тілін үйренгенше өз тілінде намаз оқуына болады» деген пәтуасы бар. Негізінде, мүмкін­дігі бар мұсылман құлшылық үшін араб тілін үйренуі шарт. Түркия 1920 жылдары  ұлттық  мемлекет құрды.  Аза­мат­­тық  қоғам құрып бастаған уа­қы­тын­да дін  мен за­йыр­лы­лық­тың қа­­тына­сына қа­тысты тым қат­ты кет­кен тұстары да бар. 1933 жылдан 1950 жылға дейін түрікше азан шақырып, арабша азанға тыйым салынған.

Әскер – Түркияда зайыр­лылық­ты сақтау­дың, сыртқы жаудан қор­ғаудың ке­пілі. Егер билік зайыр­лылық принциптерінен аттап, дінге ашық қолдау білдірсе немесе басқа себептермен саяси дағ­дарыс орнаса әскер келіп үкі­мет­ті та­ратып жібе­ретін құзыры бар. 1997 жылы Түр­кияда «28 шұбат» оқи­ғасы бол­ған. Сол кездегі  үкіметті дінге қатты қолдау көр­сетіп жібер­ді деп, әскер таратып жіберген. Түр­­кия­дағы соң­­­ғы жағ­дайда зайыр­­лылық прин­­­цип­тері азайып бара жатыр деп, әскер  араласпақшы болған еді. Оның ақырын өздеріңіз  көріп-біліп отырсыздар… Бір шетінен саясиланған діни тараптардың мем­лекет ісіне араласуы жақсы­лыққа апармайтыны белгілі болды. Түркия билігі «параллель құ­ры­­лым» деп айдар таққан діни қозға­лысы төңкеріс ұйымдастырды деп айыптап отыр…

Әңгімелескен
Қ.СЕРІКҚЫЗЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір