ДІНИ РАДИКАЛДАР ЖӘНЕ ИМАМ УАҒЫЗЫ
30.09.2016
2378
0

ershat-ongarovЕршат ОҢҒАРОВ,
ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің
хатшысы, теолог, PhD докторы

 

Кезінде «Кейбір өңірлерде тамырын тереңге жайып үлгерген діни ағымдар, соның ішінде, салафизмді ұстанушылардың саны Қазақстанда 15 мың адамға жетті. Олармен Дін істері комитетіне қарасты теолог-мамандар, облыстардағы дін істері жөніндегі басқармалар және мүфтияттың мамандары қызу жұмыстар жүргізіп жатыр», – деген болатын Дін істері комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин.

Діннің радикалды бағытына тез ойысып кете баратын жастардың бұл мінезі қайдан пайда болды және соңғы уақытта түрлі пікір тудырып бастаған «уағызды өзге тілде де айту» мәселесі қазақы діни дүниетанымымызға қалай әсер етеді деген сауал төңірегінде сарапшы мамандардың жекелеген пікірін беруді жөн санадық.

 

– Қазақстандағы бүгінгі діни ахуал­дың жай-күйін қалай баға­лау­ға болады?

– Бір сөзбен айтар болсақ, Қа­зақ­стандағы бүгінгі діни ахуал алаң­датарлық жағдайда дер едім. Өйт­кені, Ақтөбеде, Алматыда бол­ған оқиғалар Ислам дінінің төңі­регінде кереғар пікірлер ту­ғызды. Бүгінде сол қанды оқиға­лар­дың себепкерлерінің барлығы ра­дикалды, сәләфилік-уахабилік ағым­дардың өкілі екендігі анық­та­лып отыр. Дәл осы теріс ағым өкіл­дері Исламға қара күйе жақты. Елдің Ислам мен Қазақстандағы ме­шіттерге деген сеніміне селкеу тү­­сірді. Алайда, шын Ислам, ҚМДБ-ның жұмысы жайлы көзі­қа­рақты жұрт біледі және оның тек жалпыадамзаттық құндылық­тарды насихаттайтынынан хабардар деп ойлаймын.

Жоғарыда айтып кеткен уақи­ғалар елдегі діни ахуалдың тұрақ­ты­лығына нұқсан келтіргендіктен, әл­бетте, мемлекет тарапынан нақ­ты шаралар қолдануы керек.

– Жастардың діни уағыз-наси­хат­тарды талдап-таразыламай, кез келгенге құлақ асуы, әсіресе, радикалды ағым өкілінің айтқанына еріп кетуі – біздегі діни насихаттың кемдігі ме, болмаса оның басқа да себептері бар ма?

– Діни насихаттың кемдігі емес, діни білімнің таяздығынан. Бұл – бірінші фактор. Екінші фактор – діни радикалды идеоло­гия­ның жастар арасында көп таралуы. Үшіншіден, отбасы инс­титутының әл­сіздігі. Мешіттердің есігі жас-кә­ріге бірдей ашық. Имамдарымыз діни насихат жасап жүр. Дінге қатысты қандайда бір сұрақ туындаса кез келген жан кез келген мешітке барып, сауалына жауап алуына әбден болады. Алайда, дінге бет бұрған балалары қай ба­ғытты ұстанып жатыр, діни тә­лім­ді дұрыс дереккөздерден алып жүр ме деген мәселе ата-ананы да алаңдатуы тиіс. Ата-ана дәстүрлі Исламның құнды­лық­тарын жеткілікті деңгейде біл­мегеннен кейін балаларға дұрыс ба­ғыт көрсете алмауы мүмкін. Сон­дықтан дін тазалығы үшін күрес­те тек қана ҚМДБ емес, ата-аналар, отбасы институттары да жақ­сы жұмыс істеуі керек. Ол үшін әуелі ата-ана діни сауатты болуға ұмтылса екен деген тілек бар. Діни сауатты ата-ана ғана баласына дұрыс жол көрсете алады. Ол үшін мешіт барлық жағ­дайды жасап отыр. ҚМДБ-ның әр мешітінде Сауат ашу курстары бар. Бізде мешіттерде және тиісті орын­дарда діни уағыз-насихат жа­салып жатыр. Мысалы, жұма уа­ғызында, кешкі намаздарда діни тә­лім жүріп жатыр. Имамдар уа­ғыз айту үшін көше кезіп, базар аралап кетіп қала алмайды ғой. Өйт­кені, зайырлы мемлекет ретін­де арнайы заң бар. Діни уағыз-на­си­хат, діни тәлім, тек діни бір­лес­тіктің аумағында ғана жүруі керек. Ол 2011 жылы қабылданған «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер» ту­ралы Заңда жазылған. Яғни ді­ни уағыз-насихат тек мешіттің төңірегінде, діни рәсім өткізетін орын­дарда, мәселен, жаназа нама­зын шығару кезінде жүруі керек. Ме­шіттен тыс, көшеде кетіп бара жат­қан адамға діни тәлімді тықпа­лау­ға имамның, не діни қызмет­кер­дің заң бойынша құқығы жоқ. Ме­шіттің аумағында жүргізілетін бол­ғандықтан, уағыздың да шең­бері шектеулі. Мешіт өзіне мін­деттелген және өзінің құзіреті бар жұмысты істеп жатыр. Оны қо­ғам біледі. Діни радикализм мә­селе­сіне душар болғандардың ішін­де мешіттің тәлімін тыңдап, имамнан дәріс алып жүргендер жоқ. Олар мешітке тек қана жұма на­ма­зына келіп, діни тәлімді сырт­тан, жасырын топтардан, бүр­кеме атпен жасырынған шейх­сымақ­тар­дан ғаламтор арқылы алғандар.

Ғаламтор арқылы діни-рухани мағ­лұматтар таратуда да мешіт қол қу­сырып қарап отырған жоқ. Діни бас­қар­ма жиырма сайт ашты. www.muftuyat.kz сайты, одан өзге рес­публикалық салалық: www.azan.kz, www.muslim.kz, www.ummet.kz деген сияқты сайттар бар. Ол аз де­сеңіз, әр аймақтың, облыстың өз сайттары бар. Ақпа­раттық технология дамыған заманда ақ­парат­тық кеңістікті бос қалдырмау керек. Мүфтият ғалам­тор қолдану­шыларына дәстүрлі Исламның та­ғылымын, дұрыс мәліметті, рес­ми сайттардан алуына мүмкіндік жа­сап отыр. Бұл жерде ме­шіт­ті, имамды кінәлау әсте дұрыс емес.

– Сирияға кеткендердің, радикалды діни ағымға бет бұрған­дардың көбі әлеуметтік желі ар­қылы уағыз­дар тыңдайды екен. Сіздерде әлеу­мет­тік желімен байланыс мәселесі қан­дай?

– Әлеуметтік желімен байланыс өте тығыз. Әр әлеуметтік же­лі­де өз парақшаларымыз бар. Керек десеңіз, әр мешіт жеке парақша ашқан. ВК-дан да, Фейсбуктан да, Инс­таграмнан да мешіт өкілдерін та­ба аласыз. Әлеуметтік желі ау­мағын бос қалдырған жоқпыз. Парақшаларымыз белсенді жұмыс істеп жатыр. Имамдарымыздың да жеке аккаунты бар. Діни қызмет­кер­лер, әсіресе Фейсбук әлеу­меттік же­лісінде өте белсенді.

– Діни уағыздарды орыс тілінде де айту мәселесі көтерілгенін, оның қоғамда кереғар пікірлер тудыр­ға­ны­нан хабардар боларсыз. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Құран-Кәрім мағынасы – әлем­де екі жүзден аса тілге ауда­рыл­ған. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы республика дең­гейінде қазақ тілінде іс жүргізіп, мем­лекеттік тілде сөйлеп отырған бір­­ден-бір мекеме. Алайда, басқа ұлт­тар көп шоғырланған елді ме­кендердегі орыстілді жамағатты ме­шіттер бар. Атап айтсақ, Шейх Кун­тақажы мешіті. Бұл мешітке келу­шілердің 95 пайызы ин­гуш, татар, шешен, тәжік ұл­ты­­ның өкіл­дері. Бас муф­тидің осы мешіт­ке берген арнайы рұқсаты бойынша отыз минуттік жұма уағызы­ның жиырма минуты мемлекеттік тіл­де, он минуты орыс тілінде ай­ты­лады. Мешіт орналасқан жердің этносаралық ерекшелігін ескере отырып, осындай қадамдарға бар­дық. Дәл осы жағдай Алматыда да бар. Вайнах мешіті – шешен ұлты­ның өкілдері шоғырланған аймақ­та орналасқан. Ол жерде де тура осын­дай жағдай. Уағыздың жиырма минуты қазақша, он минуттық қо­рытындысы орыс тілінде айтылуына рұқсат етілген. Оған қоса, қа­зақ тілін мүлде түсінбейтін қа­зақтар да жеткілікті. Жан дүниесі қи­налып, діни мәселе көкейін ке­сіп, мешіттен рухани тірек іздеп кел­ген, қазақ тілін мүлдем түсін­бей­тін жандарға орыс тілінде тү­сін­діру бүгінгі күннің талабы деп есеп­теймін. Әсіресе, ақида мәсе­ле­лерін жетік түсіндіру маңызды бо­лып отыр. Өйткені, елді шатас­ты­рып жүрген жат ағымдар наси­ха­тын орыс тілінде тарқатады. «Сен қазақ тілінде сөйлемейсің, біз саған дінді түсіндірмейміз» деу дін қызметкеріне жараса ма?

– Кеше ғана діни экстремизм мен терроризмге қарсы дөңгелек үстел­де мешіт тарапынан қандай да бір ұсыныс-талаптар болды ма?

– Қазақстан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне, экст­ремизмге және терроризмге қа­тысты іс-қимыл мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу жөніндегі жұмыс тобы жұмысын жүргізіп жатыр. Ол жерде көптеген заңнамалар бар. Нақты бір өзгерістер қабылданды деп дәл қазір айтуға болмайды. То­лықтырулар мен өзгертулердің кей­бірі қабылданса, кейбірі әлі тал­­қылану үстінде. Ал Қазақстан Мұ­сылмандары діни басқармасы тара­пынан қандай нақты ұсыныс­тар түсті десеңіз, оған жауап беруге болады.

Атап айтқанда, «Туристік қыз­мет туралы» 2001 жылғы 13 маусымында жарияланған ҚР заңында «діни туризм» деген ұғым пайда­ла­нылған. Біз оған «қажылық» жә­не «умра» деп жекелей түсінік бер­дік.

«Діни салттарды жолдау» емес, «діни рәсімдерді өтеу» деген сөзді қолдануды ұсындық.

2011 жылғы 11 қазанда «Діни қыз­мет және діни бірлестіктер» ту­ралы Заң қабылданған. Сол заң­намада «Діни әдебиетті, діни маз­мұндағы ақпараттық материалдарды дайындауға, шығаруға және таратуға дінтану сараптамасының оң қорытындысын алуы тиіс» де­лін­ген. Біз оны «дінтану және діни сараптаманың оң қорытындысын алу керек» деп өзгертуді ұсындық. Себебі, тек дінтану сараптамасы жа­сал­са, мемлекеттік, консти­туциялық құрылымға қарсы шы­ғатын үндеулер болмаса да, діни таным тұрғы­сы­нан, діндер ішінде алауыз­дық тудыруы мүм­кін мәтіндер рұқ­сат алып кетуі мүм­кін. Соны анықтай­тын діни са­рап­тама­ны қосуды ұсын­дық.

Сонымен қатар, шетелге тео­логиялық білім алуға баратын Қазақстан азаматтарын Рес­пуб­ликалық діни бірлес­тік­­тің, яғни Қа­зақ­стан М­­ұ­­сыл­мандары діни бас­­­қар­­масының келісімі бо­йын­­­ша жіберуді ұсын­дық.

– Салафизмге тыйым салуға қатысты ештеңе айтпадыңыздар ма?

– Жоғарыда аталған заң­нама жобасы экстремизм­ге және терроризмге қатысты іс-қимылды рет­теу­ге арналған. Заң мәтінінде ағым­ға тыйым салынбайды. Ты­йым салатын Сот шешімі.

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір