ӨМІР МЕКТЕБІ
30.09.2016
3413
0

24-bet-suret-kollazh-a-1(«ӨЛГЕНДЕР ҚАЙТЫП КЕЛМЕЙДІ» РОМАНЫНА ПІКІР)

Соншалықты дарынды суреткер, талантты жазушы, ең бастысы – азамат. Иә, «азамат» деген сөз өз астарына талай мән-мағына сыйдырып жатыр. «Өмірде болып жатқан жетістіктерге сүйінбейтін, жамандықтарға күйінбейтін, өз қара басының мұқтаждығынан өзгеге көңілін аудармайтын жандар болады, бірақ олар азамат емес», – дейді Рахманқұл Бердібаев. Мұнда керісінше, өмірдің қатып қалған әділетсіз қағидасын бұзған, отқа түскен көбелектей шыр-пыр болып аласұра шындық іздеген тау тұлға, адами болмыс. Бұл сөздің түп-төркінін Бердібек Соқпақбаевқа бұрамыз.

Мектеп қабырғасында жүр­генде балалар жазушысы Соқ­пақбаевтың «Менің атым – Қожа», «Балалық шаққа саяхат» атты роман-хикаяттарын сүйіп оқи­тынмын. Бала әлемін тануда, оның жан дүниесін түсіндіруде Бердібектен асқан жазушы кемде-кем шығар. Соғыс жылдарындағы тұрмыс-тіршілікті, әсіресе, ауыл өмірін, аждаһа соғысқа қарсы кі­шігірім көмегім болсын деп жан­та­ласқан ауыл тұрғындары­ның еңбектеген баладан еңкейген кә­ріге дейінгі қарекетін – жалпы ке­йіп­керінің өмірімен астастыра білген тағы бір тарлан туынды бар жазушыда. Ол «Өлгендер қайтып келмейдісі». Шығарманың аты­ның өзі-ақ оқырманын елітіп, ойын сан-саққа жүгіртетіндей-ақ. Өлгендер қайтып келмейді… Рас-ау. Өлгеннің қайта тірілгенін кім көрген? Жазушы төл туынды­сының тақырыбын «Адам өмірі тесік шелекке құйылған су тәрізді болады екен. Тіршіліктің оны-мұны шаруа қамымен күйбеңдеп, басың қатып жүргенде, бір күні сарқылып бітіп қалғаныңды біл­мей де, байқамай да қалады екен­сің», – деген түйінінің өзі тұнып тұрған философия ғой. Романның басты ке­йіп­кері Еркін Мамыр­баев­тың қиралаңы мол тағдыр жолы, жазушы болып қалыптасуы, оның бітім-болмысы өзгеше шебер суреттелген. Бұғанасы қатпа­ған жас баланың тағдыры алапат соғысқа тұспа-тұс келеді. Үйінің тірегі жал­ғыз ағасы Сәрсебек соғысқа ат­та­нып, жалғыз анасы мен жең­гесіне бас-көз болу Еркінге жүк­тел­ген аманат еді. Ауылдағы сасық кеуде, қыз құмар Нұрәлі болыспен бір бітімге келе алмай адам­дық­ты ту еткен жас ақыры өз отбасынан жырақ, Қара­ғанды­дағы ФЗО-ға жол тартады. Әрине, мұны тілеп алған да өзі емес. Мұның бірбеткей, шыншыл мінезінен әрі жасыған, әрі жақтырмаған Нұрәлінің істеткені, сөйтіп үлкен өмір жолына түскен Мамырбаев­тың тік даңғыл жолынан қара­ған­да ұқыр-шұқыры мол бұралаң жолы көсіліп сала береді. Бұған күйінгенде өзі: «Оу, өмірден мен арман еткен жол, тіпті де бұл емес еді ғой! Тасбауыр қатал тағ­дыр адастырып, қайда әкетіп барады осы мені? Оу, осы мен ома­қасып неге сүріне берем? Даңғы­раған түзу жолға шығатын күнім бола ма менің де, болмай ма?», – деп шарқ ұрады. Бірақ жігері құм болып жасы­майды. Оқырманын қуанта­ты­ны да осы Еркіннің күрескерлік қасиеті. Ол құлағанда оқырман бірге күйінеді. Түрменің де дәмін татып, қиыры жоқ алыстарда қыз­мет жасап, сүйген қызы өзгенің бағына айналса да, екі баласын – ет жүрегі перзенттерін, аяулы анасын жер қойнына берсе де, талай әді­лет­сіздіктің, көпе-көрнеу жаланың құрбаны болып қызмет істеген жылы орнынан безініп, асқақ арманын орындаған Алма­тыға мейірім іздеп келіп, баспада журналист-қаламгер қызметін атқарып, ел-жұртқа жазушы болып танылса да, ол адамдықтан аспады. Сол турашыл, сол шыншыл, сол бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын мінезін ту еткен Еркін өз қалпында қала берді. Кейде «осы ит мінезімнен, турашылдығымнан басыма нелер келіп, не кетпеді?!», – деп күйінеді ол. Әсілі, турашылдық, шыншыл­дық, ең бастысы, адамдық бұл ит мінез емес, керісінше, асыл қа­сиет, екінің бірінің бойында жоқ болмыс. Әрине, шындық қай заманда да ешкімге жақпаған? Жыл­пос адамдар шындықты қа­был­дай алмайды. Неге? Өйткені, Еркіннің бойындағы өзі үшін «ит мінез», біз үшін «асыл қасиет» оларда жоқ.

Жазушы сонымен қатар, адам тағдырын шебер суреттеп қана қоймай, суреткерлік қабілетімен де танылады. Мәселен, бір кейіп­керін «Бұл адамның киім киісі де болбиған денесіне лайық: үстінде етегін шалбарланбай, сыртқа салып қоя берген, бір жеңіне бір адам сыйып кететіндей дабы жейде. Аяғында басы бұзаудың басындай ауыр жұ­мысшы етік. Омырау түй­мелері салынбаған, алпамыстай төсі жүн-жүн», – (Ысқақ) деп берсе, енді бір суреттеуінде: «Шашын тікірейтіп ежик етіп қырыққан, көздері өлген малдың көзіндей жымбысқы су көз», – (тергеуші) деп келтіреді. Адамның бейнесін ашудағы шеберлікті мына жолдардан да байқауға болады: «Се­міздігі ме, жоқ екіқабат па, қарны шермиген, үстіне салтақ-салтақ ескі сұр фуфайка кие салған, өңі жап-жас, тіпті сұлуша деуге болатын сары әйел есік ашты»; «Мектеп директоры орта бойлы, шашы мықтап сұйылған, шақша бас та­рамыс қара сұр кісі жылан көзін­дей кішкене суық көздерімен үңіле қарап қарсы алды»; «Стол иесі қара костюм киген, қара галстук таққан, шашын қисайтып жылтыратып тараған кертпек мұрын жалпақ сары жігіт». Осыдан байқай­ты­нымыз, адам пор­третін беруде жазушының палитрасы бояуға бай. Құдды сол адам көз алдыңда тұрғандай әсерде бола­сың. Ал мына кішігірім бөл­мені суреттеу де көріністі тірілтіп жі­берердей көрініс: «Едені жермен жер, алакөлеңке тапал бөл­ме­ге кіріп келген бетте погребтегі ші­ріген картоп иісі тәрізді ұнам­сыз сыз иіс мұрынға лап ете қал­ды. Оң жақта бір кісілік арзанқол темір кереует. Сол жақта шағын тақтай стол. Екі ескі ағаш орын­дық. Есік жақ боса­ғадағы керогаз, ыдыс-аяқты айт­пағанда, үйдегі көзге түсер мүлік мүкәмалдар осы».

Жазушының тіл шеберлігі суретшілдіктен өзге афоризмдер, ма­қал-мәтелдерді байыппен қолдануында. Мысалы, «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен көр», «Өлетін бала молаға қарай қаша­ды», «Человек ищет где лучше, а рыба где глубже», «Үйі жоқтың, күйі жоқ», «Екі кеме құйрығын ұста, жетсе бұйрығың». Романның кейбір эпизодтары тұнып тұрған комедия. Мәселен, түрмеде кешкен күндерінің бірінен мына тұсты қарап көрелік:

«Музыкасы да, сөзі де былапыт адамның ар-ұятын белден басып қорлайтын да ән, өлеңдер бар. «Ансамбльдің» әр мүшесіне Арыстан әр түрлі ат қойып, айдар тағып алған.

– Көкқұтан, сен жөндеп айтпай отырсың!

– Қисықауыз, көңілдірек шыр­­қа! Басың салбырап, немене про­курордың алдында отырмы­сың?

– Әй, ешкібас, барқырама!

Ол осылай әркімге зекіп, ес­керту жасаумен болады. Ескерту алғандар әнін жанын салып айтып бағады. Арыстан биле десе, билемейтін жан жоқ. «Цыганочка», «Лезгинка», «Гоппак» секілді кілең құтырынған жылдам билер биленеді, ілмиген арық денелер көрден тұрған аруақ тәрізденіп селкілдеп бұраң-бұраң етеді».

ҚазПИ-ді бітіріп, қолына табақ­тай диплом алған Мамыр­баев­тың оңтүстік өңірдегі бір ауданға ұстаз болып жұмысқа тұрып, мектептегі ұстаздардың білімсіздігіне, өзге түгіл өз бастарын әрең алып жүретіндіктеріне қынжылып, тек бастыққа жа­ғыну­ды білетін ұжымға ашына жалғыз өзі қарсы тұруы бір бөлек әңгіме. Бұның астарында соғыс­тың зұлматы, жалпы халық ағарту ісіне келтірген мол зияны баяндалады. Осы тұсы мәселені көтер­ген проблемалық очерк дерсіз. Жазушы мұны да өзінше қаузай жазады. Бердібек Соқпақбаев бұл романда, әсіресе, адам психологиясына терең енеді, оны өзінше зерттейді. Бас кейіпкер Еркіннің талай зұлматты кешіріп, тірлікке икемделіп, ысылып шығуы өмірде болатын қиындықтар адам баласы үшін қайғы-қасірет емес, кері­сінше ертеңіне дайындық, ал өзіне тағдыр тарту еткен тәжірибе, мүмкіндік деуге де келеді. Роман­ның бітім-болмысы кәдімгі қа­рапайым тірлікті, қарабайыр өмір заңдылығынан сыр шерткенмен, ұға білген жанға үлкен сабақ, өмір мектебі.

Жазушы болу, қаламмен сурет салу шығармашылықтың бір түрі дегенмен, шындығында – ұлы­лық. Ғажап туындылар тарлан тарихтың қойнауына жым-жылас еніп кетпей, елімен, Отанымен, оқырманымен бірге жасайды. Оны жасампаз тарих та өзгертпек емес. Сондай ғажайып жаңа талқыға салынды. Талқыға салу үстіртін сөз ғана, бұл шығарманың кереметі, шыншылдығы, замана келбетін ашуы, жан дүниеңнің бейне бір бұрышында гауһар тас­тай сәуле шашқан, көлденең сұлбап жатқан өмір дастаны іспеттес. «Өлгендер қайтып келмейді» романы әр оқырман жүрегінен дәл осылай орын алғанына еш күмән жоқ. Тарлан туындыға уақыт та өз бағасын бере алмайды. Себебі, ол хал­қы­мен, оның мақсат-мүддесімен бірге жасамақ! Ол – мәңгілік!

Сабина САЙЛАУБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия
Ұлттық университетінің
Журналистика және саясаттану
факультетінің ІІ курс студенті.
Астана қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір