СӘДУАҚАС
30.09.2016
1297
0

sadvakas«Алыс па екен Ұзынағаш, жақын ба екен Ұзынағаш» – бала кезде ауызға оралатын өлең жолдарының сиқы осы тақылеттес, ары қарай қалай ұйқасатыны есте жоқ, әйтеуір дүмбілез жапсыра салатын әдетті қазір ойлап қарасаң, бұқаралық мәдениет қай кезде де жайлы қонысын табады екен ғой. Алыс-жақынын кім біліпті, Ұзынағаштың ресми атауы  ауыл, я кент, болмаса, орысша дөңгелектеп айтқанда, поселке ме, оған бас қатырып жатпаймыз. Бір  аялдамасы Темекі сарай аталып, онда  аудандық газет «Екпінді еңбек» орын тепкенін білеміз.

Екі бел ассаң, Алматыға жетіп баратыныңа қарамай «Екпінді ең­бекке» неге сонша үйір болдық екен. Сонау Шәуілдірден Алматыға ке­ліп, Әнуарбек Дүйсенбиевпен та­нысып, рухани аға ақылын алған Кө­пен бізден әлдеқайда көреген бе дей­сің. Сөз бен өлеңге үйір жас атау­лы ауыл-ауылдан осында ке­ліп, жазған-сызғанын жүрексіне көр­сететін үлкендердің болғаны да біле-білген кісіге ғанибет екен ғой. Редактор дейтінде шаруамыз жоқ, кім көңіл бұрса, сол жақының. Екі-үш кітап шығарып үлгерген Заман­бек Жәкенов, шағын болмысыңа қарамай салмақты басатын Жұмаш Арғынбаев – алғашқысы ұзамай Ал­матыға жұмысқа ауысты, екін­шісі жоғары партия мектебіне оқу­ға аттанды. Осы аралықта екеуінің аға­лық жылы алақанын сезініп едік. Аудандық газетке өлеңдері үз­бей шығатын туыс ағам Еркін Құт­панбаев қаймана қазақ құсап кө­зінің қиығын қадап қана өтеді. Тұр­сынбек Ешенқұлов, Мақан Әмі­реев, Жұматай Қалығұлов, Өмі­рәлі Смайылов кейіптері бір-бір шығармашылық иелеріне татитындай, сырттарынан қызыға қа­рай­тынбыз. Бұрынғы Темекі сарай қ­азіргі аудандық газет кеңсесі біз үшін сол кезде Жазушылар одағы­ның шағын филиалынан бір кем соқ­паған екен. Аттарына әбден қа­нық ақын-жазушылар туралы өр­бі­ген әңгімелердің көбісі құлақ түр­гізбей қоймайтын. Көп роман жаз­ған жазушы ағамыз түскі та­мақ­тан келіп, күн сайын тісін шұқу­ға кіріседі екен. Сұраған са­йын «Мәнті жеп келіп едім» деп жауап қатудан танбайды. Әріптесі бір күні әлгі роман жазғыш аға­сы­ның ізіне түсіп, соңынан аңдып бар­са,дүңгіршектен «пирожки» са­тып алып, қомағайлана асап жат­қан көрінеді. Келген бетте тісін шұ­қуға кірісіпті. Ізіне түсіп аңдып барған ол түк білмеген боп сұрамай ма. Анау шімірікпестен «мәнті жеп келіп едім» дейді. Күйіп кеткен «аңду­шы»: «Атаңның басы, сен мән­ті жеп келдің!» деп дүрсе қоя бе­ріпті. Жазушы қауым ортасында бол­масақ та, осындай әңгімелер ар­қылы рухани тұлғалардың мінез-құ­лықтарымен таныс сияқты сезі­нетінбіз.

Аудандық газеттің аядай бөл­ме­сінде отырып атақты жазушы мен академиялық театр ұжымы КСРО Мемлекеттік сыйлығын ал­ған­да бөркімізді аспанға атып қуан­ғанымыз есімде. Міне, сол кез­де жұмысқа өзгешелеу кейіпте ке­ліп, түсі суық кісідей сұстана қа­рап ап, сонан соң жымиятын арамызда бір адам болды. Шу-шұрқан әңгімеде шаруасы жоқ кісідей қа­ғаз-папкілерін қолына алып, тапжылмай оқуға кірісетін. Жұмысқа берілген шақта қабағын кере елтіп, қараторы өңіне қан жүгіргенде па­ра­сат иесіне тән ойлы нышан үйі­ріле түсетін. Екі жеңін түрініп, қо­лына қалам алған уақытта көз­дерін қиырға қадап, жазуларын мар­жандай тізе жөнелетін. Қазір дәл осы бейнесін елестетіп қарасаң, құдды туған бауырындай жақын тұтатының өзінше бөлек әңгіме. Оқы­ған-тоқыған жайларын өр­ше­лене өрікпіместен баяу баяндаған кезде ойын түгел ақтарып салмай, түбінде әлі бар дейтін сенімді де сергек әлпеті жұмбақтау көрінетін. Арамызда оқығаны да, тоқығаны да көп Өмірәлі Смайылов «ашқан жаңалығын» басқа емес, тура осы кі­сіге жөпелдемелетіп айтуға ты­ры­сатын. Кішкене көздерін өң­ме­ніне қадаған қалпынан танбай тың­даған шақта – жанар аумағына нұры меймілдеп шығып, басқа бір адамда жоқ ерекше мағыналы күлімсіреу пайда бола кететін. Осы кү­лімсіреуді ара-тұра Отар дала­сын­да жүріп еске алатын едім. Орыс-қазақ араласқан ұжым сараң тіл қатысып, бірін-бірі қотару ар­қылы жұмыс істесе де, бауырмал ахуал­ды қолына шырақ алып ізде­сең де таппай дал болады екенсің. Міне, сол кісі қолыңа жаңа газет­тер­ді алып ақтарған кезде қысқа-қыс­қа хабарларға әшейін тоқтала са­латындай көрінетін. Атына жаңа-жаңа қаныға бастаған ға­лым­ның докторлық диссертация қор­ғағанын біртүрлі жылы леппен айтты да: «Бізден бұл әлдеқайда жас» деді. Пенделік қызғаныштан түк жоқ, тек сүйсініс бар. Қалалық әдебиетшілер мен ғалымдар турасында айтқанда, таныс-білістігіне әсте жоламайтын. Оларға нағыз маман, керемет дарын иесі ретінде қарап, тіпті кие тұтатындай бөлек­ше құрметін сездіретін.

Осындай мінез тегіннен-тегін бой­ға жұқпайтын шығар. Ерте үй­леніп, құрсағы құрғап көрмеген жең­геміз жыл аралатып дүниеге сә­би әкеледі екен. Тіршілік қа­мы­тын киіп, бейнетке белшесінен ба­тып жүрсе де, әйелі екеуі кешкісін киноға баратынын көзкөргендер жыр ғып айтады. Балаға тәрбиенің өтімдісі әкенің бір жетіп, бір жетпе­ген еңбекақысы дегенді біз емес, қа­зақтың біртуар перзенті Әбіш Ке­кілбаев айтса керек. Бағанадан бері есімін бүркемелеп, атамаған, тірі кезінде әріптесі Өмірәлі Смайы­лов «Жақсы кісі еді, жарық­тық» деп әзіл әңгіме жазған адам – Сәдуа­қас Бигелдіұлы арамызда жүр­генде бүгін сексен жасқа толатын еді.

Әріптес інісінің әзілге толы әң­гімесіне қыңқ  демеген жарық­тық маң­ғаз еді.

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір