ҚЫЗЫҚ МІНЕЗДІ КІСІЛЕР
23.09.2016
2136
0

10-11-betterМінезі жұрттан өзгешелеу, қылықтары  көптің есінен кетпейтін    қызық мінезді кісілер әр ауылда кездеседі. Ауыл­дас­тары оларды құрмет тұта еске алып, оқиғаларын әңгімелегенде, езулеріне ерекше күлкі үйіріледі.  Өмірдің мәні – өткен мен бүгінгінің арасын байланыстырып тұратын ерекшелігіне үңілу, әруақтар мен тірі жүргендердің ізгілікті сәттерін кеңірек ашу. Ескілікті кісілердің есті қылықтары арқылы оларды еске алып қою парызымыз.

foto-n-rmahan-eltaj 

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ

 

КӨКЖАЛ – КӨЛЕГЕН

Құлағы салпиған күрең шо­быр­дың еріне жантая жайғасып ауыл шетіндегі тасқораға қарай беттеп бара жатқан кісіні бай­қасаңыз, бұл – Көлекең. Жазды күндері басына шетен шләпісі пана, қыс айларында көнетоздау көкшіл құлақшыны болар еді. Онысың бір құлағы жоғары түріліп, бас киім ернеуіне қысты­рылса, екіншісі міндетті түрде салақтап жүрер. Иесі олай-былай мойнын бұрса, құлақшынның бауы да солай қарай ере селтеңдей түседі. Жонына қамшы тимесе күрең ат та асыға қоймайды, көзі­н ашып-жұмып, үйреншікті соқпақпен алға ілдебайлап жылжи береді. Шыбын-шіркейден қорғанып, осқырынып қалғаны болмаса, бөтен мінез көрсетуге тіптен құлқы болмас. Әгәрәки, алдарынан бір кісінің қарасы көріне қалса, тізгінді тартпай-ақ, солай қарай бұрылды деңіз. Мал иесіне тартады демекші, күрең аттың бұл қылығы брігәдтің күнделікті кәсібіне сайлығы.

«…Малшы өлгенде тынады», деп қазекемнің қайыруынша, брігәдтің де жұмысы қысы-жазы толастай қоймайды. Көктем шы­ға егістіктің қамы, жаз бойы сонау қыс түскенше мал азығын дайындаудың харакетімен шаруа адамы тыныш отыра алмайды. Біле білгенге шаруашылықтағы ең ауыр жұмыс – шөп дайындау. Саусағыңызды бүге беріңіз, мамыр айының ортасынан ораққа шыққан шөпшілер жоңышқаның төрт орымын аяқтап, жантақ оруға кіріседі. Оны бітірер-бітір­­местен күріштің сабанын жинау басталады. Сол шамада қараша айыңызда орталанып қалар еді. Жылдың жеті ай бойы ат үстінен түспей, апталық жос­пар, айлық міндеттемені асыра орындауға тура келеді. Олай ете алмау – жұ­мыс­тан босап, партбилеттен айырылу деген сөз. Комму­нистің билетінен айырылуы – бауыздамай шәңгекке ілгенмен бірдей. Олай жазаланған бел­сендінің қайтып келеге келе қоюы қиын­дау. Оның үстіне кеңестік кездің: «Мал азығының бір жарым жылдық қорын жа­сайық» деген ұраны да болатын. Бір жыл ғана емес, бір жарым жыл­дық! Әрине, мұның үдәбәрә­сі­нен шығу кім-кімге де оңай емес.

Ал мына күрең аттың үстінде асықпай келе жатқан кісіңіз, сол бір жарым жылдық қорды «бәжә­ріп» тастайтын қырғын брігәдтің өзі. Мына жүрісіне қарап, сабырлы, салиқалы кісі екен деп қал­са­ңыз, жаңылысыңқырайсыз. Көлекеңнің ашуының қабы ше­шіліп, дауылы көтеріліп кетсе, аузынан «оқ» борап, қолын­дағы қамшысы кім-кімнің де жон арқасын тіліп өтуі мүмкін. Қам­шы­мен ұрғанын місе тұтпай, кейд­е қолымда автоматым болса деп армандайды. «Жұмыс істемей отыратын жалқауларды қырып салар едім» деп кіжінетіні бар. Әрине, ашу үстінде тұрғанда
уә­ж­­десіп, береке таппасыңыз анық, ал жұмысы жүріңкір кеп, көңілі жайланған кезде, әлгі автоматпен «қырып» салуының  жөнін сұрасаңыз, ерніне насыбайын атып жіберіп, сақаулана сөй­леп, «әшейін әйтілгән сөз гой, әрі кет­се, түзбен әтәрмін» дер еді. Айт­­пақ­шы, егде тарта бастаған сайын қамшымен салып өтуі ке­ми түскен секілді, әсіресе, әнебір оқи­­ғадан соң, дойырын байқап-бай­қап сілтеуге көшкен сыңай­лы.

Бидай пысығы кезінде ауылға сау етіп көмекке студенттер келе қалса керек. Ертесімен егістік аралап келе жатқан Көлекеңнің көзі атыз ортасында бидай саба­ғын жапырып, аунап жатқан екеу­ге түсе қалмасы бар ма, кәрі жыны қоза кеткен брігәд адал ас­ты арам іспен былғаған сары шашты қыз бен жігітті  қамшы­ның астына алып кеп берсін. Аналар зорға қашып құтылған көрінеді, алайда, екі күннен соң аудан прокурор шақырады. «Үс­тіңізден арыз бар, адам ұрғасыз, бұзақы­лық жасағасыз», – дейді сызданып. «Бұзақылығы несі-ау, енді тапа-тал түсте егіндікті жын­ойнақ етсе, ұрмағанда, бетін жалайды деп пе едің?!». «Ақсақал, қалай-қалай сөйлейсіз, қисық-қы­ңырды түзейтін закон бар, заңды бұзғанды орнына қоямыз». Не керек, райком жағы араласың­қырап, қамшы сілтегіш кісі ес­кер­тумен ғана шектеледі. Сонан бері Көлекең қамшысын қанша білесе де, ойланыңқырап қала­тын болған.

Қырық жыл бойы ат үстінен түс­пеген көкеміз расында кісіге азары да, безері де жоқ ақкөңіл, жайдары кісі болатын. Әлгі бір сойқан мінездері өкіметтің жұ­мысы, міндеттеме мен жоспарды уақтысынан бұрын орындау кезінде көрініп қалатыны болмаса, айқайының зілі жоқ. Ашуы шәй орамалы кепкенше тарқап, жаңа ғана құртатын болған адамымен жайбарақат шүйіркелесіп отырса, таңқалмаңыз. Шөп база­сы­ның дарбазасы маңында қа­даға ілініп, жерге түскен шөпті жа­лаңаш қолымен ерінбей жинай­тын кісіңіз бір бау шөпті рұқсатсыз есегіне артқан адам көрсе, әрине, шыдамайды. Мына жердегі отыз, қырық мая шөп сол жанкешті еңбектің, қоғам дү­ние­сін бей-берекетсіздіктен сақтау­дың арқасында жиналғандығын ауыл жұрты біледі. Мінезділігін айтқаны болар, Көлекеңді ауылдастары Көкжал дейтіні бар. Қас­қырдың сырттаны секілді мық­­ты дегені. Көкжал – Көле­ген!

Расында, Көлекең Еңбек Ері атағын ресми алмаған, алайда, алтын жұлдызды қадағандардан кем еңбек етпеген, бар ықыласы жұмысқа, қоғам мүддесіне ауған жан еді десек, асыра баян етпе­геніміз. Таң саз бере күрең атпен жолға шығатын ол сушылардың әр арығын, әр атызын көзімен көріп, су асқан жері болса, аттан түсе сала бекітіп, егіске түскен мал­ды қарауылдармен бірге қуысып, күн көтеріле шөп жинайтын тасқора басына келгенде, бұл жерге шөпшілер де жиналып жатар еді. Айтпақшы, орақшы­лар­дың жайына да қанығып, тармашылардың әрекетін көзінен өткізіп үлгеретіні бар. Орылған шөп сәл дегдісімен дестеге түсі­ріліп, тракторлармен тайлана бастайды. Зырыл қаққан бес- алты орақтың соңында кемінде екі-үш тарма жүреді. Оған сон­ша­лық­ты шөп тайлаушы агрегат ілесуі керек. Солардың өзі үлгере алмай, дестеге салынған жоңыш­қа­ның жартысына таяуы қолмен шөмеленеді. Мұнда отыз-қырық тасы­мал көлігі, олардың әр­қайсы­сында айыр көтеріп, төрт-бес адамның жүргені. Олардың арасында қыз-келіншек те, мектеп оқушысы да, жасамыс адамдар да болар еді. Яғни мал азығы­ның берік қорын жасау нау­­­қа­­­нына ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай атсалысады деген сөз. Бұл жердегі қара-құра бол­ма­ғанда екі жүз кісіден асып түсер, сондықтан да осы шар­уа­лар­ға басшылық жасайтын көке­міз көптің бәрінің ыңғайына көне беруге мұршасы да бола қоймасы түсінікті.

Бірде кеңсе жақтан күрең атпен желдіртіп келе жатқан брі­гәдтің көзіне шөп артуға қолайлы етіп, кузовын жайған Зил авто­көлігі маңында топырлап отыр­ған көп адам шалына қалды. Әшейінде құлағы салпиып, қара көрсе тұра қалатын шобыр ат иесінің тақымын қысып, ашулы даусы шыққанда сылбыр жүрісті жортқанға ауыстырады. Мұнысы шапқаннан бетер, лезде көздеген жеріне жетіп баратыны бар. Әлгі үйме-жүйме отырғандар жан-жаққа тұра қашып, брігәдтің кәріне ұшырамауға тырысты. Ат үстінде-ақ, әке-шешеден бірдей жіберіп, сыбап келе жатқан Көлекеңнің қолына тек Әбдіхан ағасы ғана түсіп, жасы үлкен деместен құлақ шекеден қойды да кетті. « Пәрәзиттер, нәкәс иттер…» дейді ме-ау, естуге адам­ның құлағы ұялатын талай сөзді лезде боратып тастады. «Деректір­ден мен сөз естимін, ал сендер болсаңдар қымыранға тойып алып отырсыңдар. Планды кім орындайды, ойбай!». Осы кезде жазатайым таяқ тиіп кеткен Әбекең:

– Шырағым, Көлеген, көзіңе мен неміс болып көріндім бе? – демей ме, көлдей орамалмен бетін сүртіп тұрып. Бұл сөзге мұндай кезде бригад көкеміз тоқтаушы ме еді, айқайды одан сайын үдетсін кеп: «Атаң­а нә­леттер, немістен жамансыңдар, көзім тайса, отыра қаласыңдар, ал орылған мына шөптің қурап далада жатысы мынау!».

Сол күні Көлекең түнімен дөң­бекшіп, ұйықтай алмай шы­ғады. «Ойбай-ай, мен қарабет өзімнен үлкен ағама тілім тигенмен қоймай, қолымды да тигізіп­пін-ау. Енді қайттім, масқара болдым-ау». Күн шықпай атқа мініп, басқа шаруаны ысырып тастап, келесі  ауылдағы ағасы­ның үйіне қарай тартсын. Әбекең ертесімен мал шығарып жүр екен, атынан түсе берген брігәд інісінің: «Кешір, көке!» деп даусы іріп, көзі суланып қоя бермесі бар ма. Ағасы да зорға шыдап жүр екен, алдына тізерлей құлаған інісін қолтығынан демей, ботадай боздап жылап жіберсін. «Айналайын, Көлегенім, босамашы, өзімнен де бар, сақалым сапсиып, балалармен бірге сусын ішіп отырып қалыппын, төмен­деме, қайта сен мені кешір! Өкі­меттің жұмысын болдырамын деп сен шапқылап жүргенде, бір жағыңа жалау болудың орнына омалып отырып алдым емес пе!». Екі туыс осылай татуласты. Қан­дай қазақы пейіл, өзіне болмаса басқаға кінә артқысы жоқ, асыл ағаларым-ай! Әй, қазір мұндай кі­сілерді емге таба алар ма екен­біз, қайдам. Базарлы өмірің барымыздан айрылтып барады ғой, жүдә?!

Жетпіс үшінші жылдың жазында спорт нұсқаушысы деген қызметтің айлығын алып, далада доп қуып жүрген мені совхоздың директоры Әбсадық Әбсеметов шақыртып алды да, «жазу-сызуға бейімің бар екен, гәзетке мақала да жазып жүрсің, енді кеңсе жұмысын істейсің!» деді де, «Статистик болып ауыстырылсын» деген бұйрықты қолыма ұстатты. Бұл шаруашылықтағы жүргі­зілетін жұмыстардың мәліметін жи­найтын, оны ауданға күнбе-күн беріп, көбейтіп таратып оты­ратын машақатты жұмыс екен. Сол күні апталық ақпар қоры­тыла­тын болды да, жиынға мені де қатыстырды. Ең шеткі орын­дықта, бөтен үйге кіріп кеткен бейтаныс секілді үрпиіп, айналамды тосырқап мен отырмын. Төрде жуан-жуан кісілер, бері­сінде қолын зорға алатын совхоз­дың кілең белсенділері.

Әжептеуір өтіп жатқан жи­на­лыстың бел ортасында қып- қы­зыл айқай басталып кеп кет­сін. Оны шығарған бригадир Көлеген Әлсейтов. Бас инженер Жарқын­бек екеуі шөп тарма жө­нінде қырық пышақ болсын. Ерегіскен екеуі жан-жағынан басу айтқанға қояр емес. Тоқтам салуға дирек­тордың өзі кірісті. «Көлеген, қой!» деді Әбсеметов зілді үнмен. Басшылық қызметте әбден ысыл­ған аудан, облыста беделді, тіптен хатшылардың өзі санасатын Әбекеңнің бетіне бұл жерде еш­кім келе алмайды. «Көлеген қой, жас жігітпен сонша керілдесіп, саған не болды, шашың ағарған, елудегі адамсың ғой!». Осыдан соң сөз тоқтауы тиіс еді, мұнан артық енді қалай айту керек.

Бірақ Көлеген тоқтамады, ең соңғы, «елуге келдің» деген сөз сайтанын түртіп кетті-ау деймін, орнынан ұшып тұрсын. Ұшып тұрғаны сол, етігінің қонышын­дағы білеу қамшысын жұлып кеп алсын. Онысын қолына қыса ұстап, оң аяғымен тақтай еденді сапта жүрген солдат секілді «тарс» еткізіп теуіп, «елуге келгенде қайтем» деді ентігіп. Отыр­ғандар қандай бір сұмдық­тың боларын болжай алмай, аңта­ры­лыса қарассын. Әшейінде ди­ректордың сөзін қоштай кететін парторг те, сельсебет те тым-тырыс сілейген де қалған. Өзге­лерде де үн жоқ, қалыңнан жолбарыс шыға келгендей үрейленіп отыр. Бұрын мұндай жиынды, ұлы айқайды естімеген менің халім тіптен мүшкіл.

Ал қолына қамшы ұстаған, көзі қанталаған бригадир анау-мынау емес, енді деректірдің өзіне қарай тіке салды. «Алпысқа келгенде қайтем», деп алқынып, сол аяғымен еденді тарс еткізді. «Жетпіске келгенде қайтем?» деді ырылдағандай дыбыс шығарып, алға қарай адымдаған оң аяғы­ның соққысы айналаны дір ет­кізді. «Япырай, қайдан келе қо­йып едім, мына жерге» деп көзім алақандай болды. Не керек, «Сексенге келгенде.., тоқсанға келгенде қайтем», – деген Көле­кең жасын жүзге жеткізгенде дирек­тордың қарсы алдындағы үстелге барып тірелді.

Өмірі қарауындағылардың өз сөзін бөлгенін көрмеген бастық та мына жағдайдан айран-асыр болса керек, тырп ете алмай от­ыр. «Ал жүзге келгенде қайте­мін?» деп зор айқайға басқан ашулы кісі осы кезде қамшының сабымен үстелді қойып кеп қал­ды. Су толы графиннің қақпағы салдыр етіп ұшып жерге түсті. Терезе жақтаулары дір етіп, әй­нек­тері шықырлады. Брігәдтің ендігі әрекеті мұнан да жойқын болуы керек еді, қолында қам­шы.., жұрт жаңылысыпты. Жаң­а­ғы қаһарының барлығын лезде жуасытып, «Әбеке, – деді Көлеген бә­сең үнмен. – Әбеке, жүзге кел­ген­де қайтем, тарма жоқ қой, шөп күйіп кететін болды, – дегені мүләйімсіп. Әбекең де «үһ» деп қақпағы ашық графиннің аузынан су ішті. Реңі қашып кеткен­дер­дің жүзіне ептеп қан жүгірісіп, күбірлесіп қоя берсін. Тек, ауылсебет Жұман ғана: «Әй, Көлеген, жынды екенсің ғой, әртіссің бе, не пәле?», – деп басын шайқай берді.

Кейін қатар жұмыс істеп Кө­ле­кеңнің талай қызығына кенел­генім бар, ашу үстіндегі айқайы кезінде насыбай атады да сәлден кейін, «жаңағыны түкірдім бе, жұтып қойдым ба?» деп сұрай­ты­ны қай әпенділік?! Әлгіндей айқайы бір айнала бере ұмы­ты­лып, ауылдастарымен күлісе әңгімелеп жүрер еді. Алдында айтқанымыздай, бар құмары қо­ғамдық жұмысқа ауған Көлекең той-жиыннан да аулақ, арақ ішпейтін, карта ойнамайтын. Кісілікпен де шаруасы жоқ, барынша қарапайым, әулие кісі еді, жарықтық. Дүние-мүлік жиюға да ықылассыз еді. «Әй, Одаман көкем-ай!» дер еді атқан насыбайына елти отырып, басын шайқап. «Баяғыда екі ауылдың адамдары шабындыққа таласып қырғын төбелесіп жатса, Одаман жайбарақат отыр дейді. Не отырыс? «Ашуым келмей отыр». «Мә онда саған ашу келмеген»! Бір тентектеу ағасы қамшымен басынан салып кетеді. Орнына қарғып тұрған Одаманның мойнында шайланың ағашы да, киізі де жалбаңдап кете барады. Атан жілік палуан қарсыластарын түгел жусатып салады. «Құданың құдіреті, маған сол көкемнің күшін бермегендігіне риза бо­лың­дар, әйтпесе күндерің күн бол­мас еді». Бұл сөзін шын пейілі­мен айтарына талас жоқ-ау.

Мына қызықты қарасаңыз­шы, кез келген жиналыста алдымен Көлекеңе сөз берілер еді. Депутат, еңбек озаты, орденді, не керек, сол кеңестік кездегі бір­талай абырой-атағы бар кісі. Ауылдастарының шын көңілмен сыйлайтындығы тағы бар, сөз алдымен сол кісіге тиеді. Бірде, ауылдық кеңестің сессиясы өтіп жатыр. Күн тәртібінде, мал қыс­татуға дайындық барысы тал­қылану үстінде. Айтқандай-ақ, баяндамашыдан соң сөз депутат, озат бригадирге берілді. «Жолдас­тар, – деді жарыссөзге шығушы тамағын кенеп. – Мал қыстату жауапты науқан, оған бар қам- қарекетті ерте бастан жасауымыз керек. Міне, бүгін ноябрьдің оны, әне-міне, дегенше күн райы бұзылуы мүмкін». Ендігі әңгіме­нің сарыны болса да түсінікті, мал азығын жеткілікті етіп, қора басына тасып алынуы, ұйымдас­тыру жұмысын құмбыл жүргізу қажеттігі депутат-бригадирдің аузымен айтылғаны жөн. Көлекең де солай етпекші еді, оның сөзін осы кезде терезеге тырс-тырс та­ма бастаған жаңбыр бөліп кетті.

Табиғат та Көлекеңнің осы бір сөзін тосып тұрғандай, құбыла қалғанын қарасаңызшы! Лезде жаңбыр сіркірі үдеп, жауын нөсерлете бастады. Сөзін үзген Көлекең көзілдірігінің үстінен телміріп, терезеден көз алмай, біршама уақыт үнсіз тұрып қалды. Әлден уақытта: – Міне, жаңбыр да жауды.., ал аулымызда палатка жоқ.., арақ та таптырмайды, – десін. Марғау отыр­ғандар осы кезде дүр сілкініп, күле жөнелсін. Оның мәнісі былай еді: сессия жиыны алдында ол баласы Қыдырбайдың үйлен­генін, алдағы сенбіде той жасайтынын, құда шақырғанын, бірақ бірде-бір дайындық жасал­ма­ғанын сыр етіп айтып отырған. Жаңбыр жауып кетуі мүмкін, ал палатка таптырмай жатыр, ішім­дік те тапшы, енді не істеу керек?! Сексенінші жылдары осындай жағдайлар бар еді ғой. Осы уайымы есіне түсе кетіп, онысын да­уыстап айтып жіберген болу керек. Жұрттың жапа-тармағай күлісіп жатқаны сол. Жиыннан соң, Көлекеңнің той жасауына басшылар арнайы мәслихат өткізіп, кем-кетістігін бірлесіп атқаруға сөз байласқаны бар.

Иә, Көкжал – Көлеген Еңбек Еріне лайық еңбек еткен, адал пейілді, мінезі қызық кісі еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір