БАТЫР БАЯН
23.09.2016
2556
0

suretter-14-bet1Иә, кешегі үлкендер айтушы еді…
Отыз жетінің қасап-қырғыны басталмай тұрған шақ. Қара бұлт үйіріліп тұр, соның екпіні кей азаматтарды іліп әкетіп, жұртқа үрей кіре бастаған. Аудандағы «тазарту» жиналысына жоғарыдан өкіл келген. Аш қасқырдай жалаңдаған белсенділер кешегі өздерінің басшысы, осы ауданда Компартияның алғаш ячейкасын құрған Тұңғышбекке тап берген. Жазасы мол. Осы көкжалды енді жеу керек. Жаудың сөзін сөйлепті. Мағжан ақынның «Батыр Баян» дастанын білетін көрінеді. Соны әнебір жерде айтыпты.

kamilКәмел ЖҮНІСТЕГІ,
жазушы, «Құрмет» орденінің иегері

Тұңғышбек  Дәлмағанбетұлы ақталуға ауыз аштырмайды. Көк езуленіп алған белсенділер бірінен соң бірі атып тұрып арсылдап бір аяғынан шалып, екінші жеңіне жармасып, тағы бірі кеңірдегінен алып, жығып салудың бар әрекетін жасап жатыр.

– Сен де ақынсың ғой?

– Ептеп өлең жазатыным рас.

– Мағжанның…

– Мағжан дегенді естіп-көрмеген адаммын, – деп жан сауғалайды Тұңғышбек.

– Қара мұны… Жалтаруын қарашы.

– Сөз кезегі жоғарыдан келген өкілге тиген. Сазарып, сабыр сақтап, өршеленген белсенді­лерге үнсіз тесіле қарап отырған. Мына бір азамат босқа итжеккенге кетіп қалмаса игі еді.

– Кәне, айтшы, айтып жүрген өлеңің не өзі?

– Екі-үш шумақ қана. Дала туралы, ескен самал жөнінде, оның қай ақындікі екенін білген емеспін. Осы біздің елде ақын көп, соның бірінікі шығар деп ойлағам.

– Ал Мағжан…

– Төрағасы, ондай ақын барын тіпті естіген емеспін.

– Сілтідей тынған тыныштық орнады. Кәзір Тұңғышбектің тағдыры шешіледі. Жанашырлар күйініп, жандайшаптар жалаң­дап отыр. Құлаққа ұрған тыныш­тық­ты «ойбой» деген үн бұзды. Жұмаділ екі бүйірін таянып алып­ты. Зарлап, теңселіп әрі-бері жүре бастады.

– Ойбой!  Халқым-ау, қырыл­дық қой, қырылдық. Ойбай-ау, Мағ­жан­ның жау екенін кім біл­ген. Ойбой, құрыдық-ау, құры­дық.

Жұрт аң-таң. Әке-шешесіз қалып, жетімнен өскен, жалшы­лықта жетілген осы заманның нақ азаматы. Жалтақтығы жоқ, ештеңеден тайынбайды. Әлде обмес, әлде онан жоғарғы желком мүшелігіне өзін-өзі ұсынып, онысы және өтіп, елдің бетін өзіне бұрғаны да бар еді. Енді мынау…

– Халқым-ау, не болдық? Әлгі талдан садақ иіп ойнаған балалар қалмақты қырамыз деп батыр Баян боп ойнап жүр. Әлгі, сен­дер­дің балаларың да соның ішін­де, – деп белсенділерге тиісті.

– Енді не болдық? Бала біткен тегіс құритын болды ғой, ә?

Мұны естіген белсенділердің көзі бағжаң-бағжаң еткен. Бір пәленің енді басталғанын сезіп, мойындары жағаның ішіне кіріп кеткен. Сыбырласуға хал жоқ.

Ойбай-ау, әлгі жер ошақтың ал­дында отырған күлді-көмеш қатындар да батыр Баянның елдің бірлігі үшін інісін өлтірге­нін айтып, көздерін сығып отырады. Енді не қалды? Бала да, қатындар да жау боп шықты ғой. Әй, сәлем айтыңдар, бәрі көйлек-дамбалдарын әзірлесін, итжеккенге кетеді. Халқым-ау, қырыл­дық қой, қырылдық.

Жоғарыдан келген өкілдің де (түбі алашордалық болар) күткені осы екен, Тұңғышбекке білмеген­діктен екі шумақ өлең айтқаны үшін «строги выговор» беріп, жазадан құтқарыпты.

Баламын. Тұңғышбек менің әкеммен дос. Үйге Тұқаңмен бір­ге осы елдің белгілі азаматтары Нақыптың Алтыбайы, Омар, Изатбектер жиі келеді. Алтыбай Тұқаңды қағытады.

– Сен, әлгі Батыр Баянды айтсайшы, – деп.

– Алтеке, қойыңызшы. Осы­ның өзін біреу естіп қалса пәлеге қаламыз.

– Сонда Жұмаділ болмаса не болар еді? – дейді Омар.

– Ер ғой, Жұмаділ. Қисынын сол жерде де тапты ғой, – дейді Изатбек.

Батыр Баянды Тұңғышбектің аузынан естуге құдай жазбапты. Есесіне… 1967 жылдың мамыр айы еді. Бортына шөп салған машинамен Қайрақты кенішіне келе жатырмыз. Оншақты адам ұйлығып отырмыз. Алдыңғы жақта бортқа арқасын сүйеген ақсақал әңгіме айтып отыр. Бір шамада Мағжанның өлеңдерін жатқа айта бастады. Ептеп қаға­зымды суырып, теріс қарап отырып, өзім ғана танитындай етіп бір әріп, не бір буын мен Мағ­жан­ның:

Күн батысты қара түнек қаптаған,

Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.

Түнеріп жүр түннен туған перілер,

Табынуға жаңа тәңір таппаған, – деген екі шумақ өлеңін жазып ал­дым (Сол жазбам күні бүгін сақтаулы тұр). Бір кезде әңгімешіл ақсақал:

– Әй, шырағым, сен кімсің? Мені ерекше ықыласпен тыңдап отырсың ғой, – деген.

– Мен… Мен.., – деп абыржып қалдым. Теріс қарап отырмын, мына ақсақал қалай байқап қалды деймін іштей.

– Мен Жүніс деген кісінің ба­ла­сымын.

– Ей, шырағым, сен әлгі 58-бен айыпталған баласың ба? Келші, қолыңды берші маған. Аман-есен оралды деп еді.

Ақсақал ағылған сайын жан-жағыма жалтақтаймын. Біреу жеткізсе мына ақсақалдың оң­басы анық. Енді қайттім деймін іштей. Талайдан опық жеген басым, өзім емес (азар болса жазға­ным­ды жұтып қоямын) мына ақсақалға қауіп ойлағам.

– Менің есімім Ескей болады, Кәмел шырағым.

Кездескен сайын Ескей ақ­сақал кешегі ұлылардың бір сөзін айтып қалады. «Бұл жерде айтпа­ңыз, пәле болады» деп шыр-пыр боламын. Оңашалап Ахаңның, Мағжанның өлеңін хатқа түсіріп алдым. Қойшы, бір жылы қолыма магнитофон да түсті-ау, әйтеуір. Ес­кеңнен «Батыр Баян» дастанын таспаға жазып алдым. Ес­кең­нің жырды орындау мәнері де ерекше. Арқа жыршыларының көне үлгісі. Адамды еріксіз баурап әкетеді. Ұлы Даланың сәні де құлаққа келеді, зарын ести отырып, өмірге деген сүйсіну құш­тар­­лық сезімі де бойыңды билей­ді. Мұның бәрін темір жәшікке салып, жерге көміп тығып ұстау­ға тура келді. Алғаш рет Амантай Сатаев пен Жеңіс Қашқыновқа естірттім. Кейін Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Қалихан, Ақсе­леулер тыңдай алды. Бір жолы Фариза мен Сырбай Мәуле­нов те тыңдаған еді. Сырбай аға «мынаны тығып ұстауға қалай дәтің барды, ұста­лып қалсаң тағы істі боласың ғой» деп қамық­қан еді (Бір өкініштісі, күні бүгін ме­нен кө­шіріп алайын деген адам­­ның жоқтығы).

«Коммунист колонизаторлар» (Мұхтар Әуезовтің анықтамасы) қазақ халқын қорғайтын батыры, жауға қарсы қалқан болар ханы болған емес деген қияли түсінікке елді сендіріп бақты. Сөй­тіп, жұрттың ділін тоздырды. Тап бүгінде тіліміздің үстем болуы, әйелдердің өзіміздің салт-дәстүрімізден үркіп жүруі соның нәтижесі. Қазақтың мал баққан­нан басқа шаруа қолынан келмей­діге сендірді. Қарсы пікір білдір­ген­дердің көзі құртылды. ГПУ Ши­шов Шет ауданында 1931 жыл­­дың мамырында 480 адамды қой қораға қамап ұстап отырғанын мақтана жазады. Сол жыл­дың сәуірінде Қосдоңғалда (Әбі­кен Хасенов ауылы) 27 адамды атқанына риза. Июль айында аудан орталығында 32 адамды тағы жайратып салған. Бестен, оннан атылғандарда есеп жоқ.

Сөйтіп, Жұмаділ ақсақал ай­татын «Батыр Баянды» бала-шағаға дейін білетін елдің жады өшірілгендей болып, ел тұншық­ты. 1981 жылдың қысы еді. Ақпан  айының соңына таман ақын Самат Мұсабекұлынан хат келді. Самат ағамен жүз танысты­ғы­мыз болмаса, араласымыз шама­лы. Ізімізді аңдудан, үйдегі тінту­лерден әбден запы болған шақ. Іле өзі тағы телефон соқты. Совхоздың орталығына келіп телефондап тұр екен. Кел, сен зерт­теп жүрген Қыздарбек, Әбди, Сембектің күйлері менде бар. Оның үстіне Диа қажы, Бабас, Түсетай ақындардың да біраз өлеңі барын айта келіп, батыр Сары Баянның мүрдесі жатқан жерді көрсететінін тілге тиек еткен. Қар кете баратыныма уәде де еттім.

Кездесуге жазбапты. Қар кете, сәуір айы туа ауданды бас­қар­ған 1-хатшының қаһарына ұшы­рап, «халық жауы» ретінде өзім түгілі, әйелім де жұмыстан қуылатын боп қалдық. Жазушылар одағының съезіне Қалихан Ысқақов шақырту жіберіп, дауылдың бетіне тосқауыл қо­йып, Алматыға  жөнелгемін. Қай­та оралып, газет бетін ашып отырсам, Самат Мұсабекұлының өмірден озғаны туралы қаралы хабар жүр.

Бір жіп үзілгендей боп жүрдік. Батыр Баянның мүрдесі осы Шет ауданы жерінде екенін білсек те, тап басып қөрсетер жан болмаған соң «мен білемін» деп айта алма­дық. Кенет «Орталық Қазақстан» газетінің бетіне Баян батырдың мәңгілік орны Қарқаралы төңі­регінде болу керек деген бол­жау шықты. ГПУ-де, «Коммунист колонизаторларда» халық­тың жауын қанша тұншықтырса да, біржолата өшіре алмаған екен. Іле бұрынғы «Путь Ильича» да тұратын Ардақ деген азамат 2003 жылы Көптілеу деген ақсақалдың батыр Баянның жанына ерген сарбаздарымен жатқан жерін көрсеткенін айтып, нақтылап берді. Бұл жағдайды Самат ақын­ның баласы Баянды да, Серік Қамбарұлы да біледі екен.

Өршіл рухты қызыл империя өшіре алмапты. Отыз екінің аш­ты­ғында 48311 қазақтан 5021 адам ғана тірі қалған Шет ау­данының халқы сыбырлап болса да тарихи мұраны бір-біріне жеткізе білген.

Бұл ел Қазақ-Қалмақ ұрысын­да Абылай ханға Жидебай, Бай­ғозы, Жарылғап, Сазанбай, Ит­қара сияқты батырларды серік етіп шығарған ел. Бұл ел Тұрсын­бек Кәкішев айтқандай, XIX ға­сыр­да орыстың зұлым саясатын жеріне жеткізе әшкерелеген Шортанбай жыраудың, оның ізба­сар­лары Диа қажы, Нармамбет, Оқа, Қақпан, Түсетай, Маясар ақын­дар­дың елі. Бұл ел – өнердің ордасы. Шертпе күйдің шаңырағын аспандата білген Қыздарбек күй­ші мен оның 1931 жылы оққа бай­ланған шәкірттері Әбди, Сем­бек, Мақаш, Кенже­ғара, Ақмолда, Кәрібек сынды өнер иелерінің елі. Бұл ел – өршіл рух қанына сіңген ел.

Өршіл рухты ел 1771 жылы Қалмақ қырғанда болған соңғы шайқастан кейін қашқан қалмақ­тың соңына түсіп, жау улап кеткен бұлақтан су ішіп, қаза болған батыр Баян, Итқара батырлардың мәңгілік орнын жадына сақтап, келер ұрпаққа айғақтап бере алды.

Батыр Баян ұрпақтары қазақ­тың батыр ұлына зәулім ескерт­кіш орнатып, ел үшін қаза болған бабалардың есімі мәңгі ел есінде болатынына тарихты куәлан­дыруда.

Өршіл рухты ел өткен ғасыр­дың 60 жылы қызыл империяның шовинистік саясатына қарсы шыққан жасырын «ЕСЕП» пар­тия­сының ұлдарын да тұрғызған еді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір