«ТОБЫЛ ТОРҒАЙ ӘУЕНДЕРІ»
23.09.2016
1862
0

img_2927Алматыдағы Студенттер сарайында 24 қыркүйек күні сағат 16.00-де қостанайлық сазгер Қалибек Деріпсалдиннің «Тобыл Торғай әуендері» атты концерті өтеді. Осы орайда сазгердің замандасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсеновті аз-кем әңгімеге  тартқан едік…

– Әңгімені  Қалибек  ағаның  шығармашы­лығы төңірегінде өрбітсек…

– Қалибек Деріпсалдинді сонау 1971-72 жыл­дан бері білемін. Консерваторияда бірге оқы­ған­быз. Екі-үш жыл оқығаннан соң отбасылық жағдайына бай­ла­ныс­ты Торғай қаласына ауысып кет­кен бо­латын. Бірақ шалғайда жүр­се де шығар­ма­шы­лығын тас­таған жоқ. Қазақ өнеріне, оның ішінде ән жанрына үлкен үлес қос­қан азамат. Ол өзі туып-өскен Қос­танай өңірінің мәде­ние­ті мен өне­рін дамыту, насихаттау жо­лын­­да аян­бай тер төгіп келеді. Осы уақытқа дейін 150-ден аса ән жа­зып, бірнеше күйдің авторы атан­­ды. Оның әндерін Қазақ­стан­ның халық ар­тисі Нұрғали Нүсіп­жанов, ҚР еңбек сіңірген әр­­тістері Б.Жүсіпбеков, Ж.Ма­хам­бетов,
Ұ.Айнақұлова, Ғ.Жұ­ме­кенова, М.Бес­паев, Д.Таңатаров, «Нұр-Мұқасан» тобы жә­не басқалар орындап жүр.

1980 жылдары Торғай об­лы­сының Қи­ма аудандық мә­дениет бөлімін басқарып, «Гүл­дәурен» халық аспаптар ан­сам­блін құрды. Ансамбль қысқа мерзім ара­лығында облыстық фести­валь­дің лауреаты атанды. Ансамбль республикаға ғана емес, шетелдерде де танымал болды. Қа­зақ ұлт аспаптар оркестріне ар­­налған «Қимадым ғой» атты пар­титуралық әндер жинағы жа­рық­қа шықты. Аталмыш жинаққа Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Қойшығара Сал­ғарин және Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы, ком­позитор Балнұр Қыдырбек, сонымен қатар, Қа­зақ  Ұлттық му­зыка академиясының доцен­ті, ди­рижер Қарасай Сайжанов пі­кір берген болатын. Оның осындай көптеген еңбектерін ескеріп, Қазақ КСР еңбек сіңірген мәде­ниет қызметкері атағы беріліп, Қа­зақстан Композиторлар ода­ғы­на мүшелікке қабылданды.

– Бұл концертті өткізу туралы идея қайдан келді?

Қалибек өнер жолында жүр­гендіктен, ха­лыққа есеп беру­ді жөн санап, Қазақстанның бі­раз облыстарында шығар­ма­шылық концерт өткізген болатын. Сол сапарлардың қорытын­ды­сы Алматыдағы Студенттер са­райында өте­тін «Тобыл Торғай әуен­дері» атты концерті деу­ге бо­лады. Бұл концерт, негізінен, шал­ғай­дағы Торғай, Қостанай об­лыстарынан шыққан ком­­по­зи­торлардың әуендерін Алматы жұрт­шы­лығына таныстыру, ха­лық­қа насихаттау мақ­сатында ұйым­дастырылып отыр.

– Әңгімеңізге рахмет!

Г.СЫДЫҚОВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір