ҚАЛЖЫҢҚАЛТА
23.09.2016
1369
0

659308_104776427_______________Жатыпатар

Кемелбек ШАМАТАЙ

БАЛА БАСТЫҚҚА БАТА

Қазақтың қыруар қазынасы

Таусылып қалар дейсің бе?

Тойғаныңша жейсің де!

Зерігіп кетсең жегеннен

Сайран сап, ойнап қайтарсың

Канар мен сонау Сейшельге.

Картаға салып зауытты

Ұтқызып жібер кей түнде!

Қазақтың жері жетеді,

Жырымдап шетінен сатарсың!

Қызыққа солай батарсың.

Шеттен маман шақырғайсың

Мұнайыңды ағызуға.

Қаражатын қалтаға басып,

Мұхит асып тағы зула!

Жеріңнің қойнын ақтаруға,

Осындағы бар жұмысты атқаруға

Кімді әкелсең, оны әкел,

Бірақ

Өз қазақтарыңды келтірме.

Өйтіп-бүйтіп,

Кеп қалғаны болса егер,

Алдынан тұзақ құрып қой,

(Бұл өзі керек ғұрып қой!).

Бәрінің аузын ұрып қой!

Сонда да жұмыс сұраса,

Қазағың көнбіс халық қой,

Есектің арқасы да шыдамайтын

Ең ауырына салып қой!

Жалақысын

Келімсектердің алатынын

Аңсайтындай етіп,

Тиын-тебенмен тамшылат.

Оған риза болмаса,

Шықпыртып ал

Тыр жалаңаш шешіндіріп, қамшылап.

Олардың атқаратын жұмысы

Жұмыс болмасын,

Істейтұғын жан шыдап!

Қазақ – өзіңдікі ғой!

Өзіңдікі өзекке тепсең де кетпейді.

Өліп бара жатса да

«Өзегімді жалғайтын

Бірдеңе бер», – деп,

Өзіңе беттейді.

Ең қиыны – шеттен келгендер.

Осы жақтан арқалап емес,

Тиеп кетсем деген

Ниетпен келгендер.

Сондықтан олардың көңілдерін

Ұсақ-түйекпен бөлмеңдер.

Келімсектер байыса,

Немесе кертіп-кертіп әкетсе,

Еліміздің даңқын аспандатып,

Түу, көкке шығарады.

Болмаса, кім танып жатыр

Қиырына көз жетпейтін

Бұдыры жоқ бұ даланы.

Ал өзгелер бізді танымаса,

Қиын болады!

Қиырыңда қиғылық салатын

Құйын болады.

Ал әлем бізді танып жатса,

Елімізде күнде той,

Күнде жиын болады.

Қысқасы,

Алты құрлықтың аузын аштырған

Сыйың болады.

Ендеше,

Бұл ақылымды

Қабылдағайсың дұрыс.

Ал, енді тоқтама, бала,

Ісіңе кіріс!

Аллау-акпар!

 

СӘБИ ҚОЛЫНДАҒЫ ПЫШАҚ

Құлыншаққа ұсап

Құлдыраңдап жүрген

Сәбидің алдынан

Кездесе кетті пышақ.

Сол-сол екен,

Сұмдық көрініс басталды.

Сәби ойланып жатпады,

Оның

Жылтыраған жүзіне бас салды.

Сәбидің

Қолының қаны бұрқ етті.

Оны көріп, шыр ете түскенде,

Пышақ қолынан жылп етті,

Тура барып аяғын тапты!

Қан енді

Аяғы мен қолынан бірдей

Тоқтамастан бұрқырады.

Шошып кеткен сәби

Үдете шырқырады.

«Ал бұған кім кінәлі?» –

Деп айыптыны

Іздемей-ақ қоялық.

Пышақты дереу

Сәби қолы

Жетпейтін тұсқа қой алып!

Осы тұста «Бір сөз

Бір сөзді түртіп оятады»,

Дегенді еске түсірсек,

Жайдан-жай

Айтып отырған жоқпыз біз мұны.

Бұл жайдың тағы бір нәрсемен

Дәмдес боп тұр тұздығы.

Теле-шоуға көз салсаңыз,

Жүргізушілерінің тілі

Сәби қолындағы осы пышақ тәрізді.

Болғанымен жаны ізгі,

Оңды-солды сілтейтін онысының

Қандай зат екеніне қарамайды.

Сәбиден бір айырмасы –

Олар тек

Өзгелердің санасын жаралайды.

 

ТЕЛЕ-ШОУ

– О-оу!

Бізде кезекті теле-шоу!

Хабар жеткізіңіз

Туыс-туғаныңызға!

Ұмтылыңыз, дыр-думанымызға!

Дуылдатамыз,

Шуылдатамыз.

Әйдә-ә,

Телеэкранды құйындатамыз!

Тақырып дейсіз бе, тақырып?

Оған, сірә, құқ демеңіз,

Ойластырып қойғанбыз қатырып!

Ол баяғы

Күн тәртібінен түспейтін,

Түспесе де ешқашан

Июі қанып піспейтін,

Айтысушылар қырқысып,

Бірін-бірі тістейтін

«Мемлекеттік тіл мәртебесі».

Соны алу үшін қазылып жатыр

Еліміздің жыра-жықпылы мен

Әр төбесі!

Ендеше , соны іздейміз,

Келіңіздер!

Құнды кеңестеріңізді беріңіздер!

– Осы жұрт

Біреуді жазғырғанды тастасын!

Билікті кінәламастан,

Қазақша сөйлеуді

Әркім өзінен бастасын! –

Бұны естіген шоуменнің

Екіншісі ыршып түсті.

Ыршып түсті де

Бұл сөздің иесін қыршып түсті:

– Қалайша сіз бұлай дейсіз?

Біз, әрине, бастадық!

Шенеуніктің алдына барып,

Қаншама қақсадық

Міз баққан жоқ.

Өйткені,

Қазақшам құлағына жаққан жоқ!

«Габари нәрмәліним язикөм!» –

Дегенде, құлап қалдым.

Нәрмәліні язигін айта алмай,

Жылап та алдым…

Билік өкілі шыдамастан сөз алды.

Ешкім бермей-ақ өзі алды:

– Вы интересно рассуждаете!

Создеринды тындау не возможно

Адамнын кызбай ыши.

Госязык,

То есть казах тыли ушин

Властин оте коп

Аткарып жаткан муздай ыси.

Например, ол ушын

Былтыр екы жарым,

Почти три миллиард тенге болынди.

Сонша акчага тыл уйренбей

Сендерге не корынди?

По нашим меркам

Екі мын жиырма жылга дейын

Токсан бес процент казахстанец

Карахча сойлеу козделынген.

Соны былмесеныздер

Вся проблема өздерыннен!..

Қысқасы,

Мемлекеттік тіл жанашырлары

Көгілдір экранның

Шаңын шығарып жатыр.

Қазақ тілінің кеудесіндегі

Әзер қыбырлаған жанын шығарып жатыр.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір