ҚОРДАН ҰРЛАНҒАН ҚОС КІТАП НЕМЕСЕ «ЖАЗМЫШ»
16.09.2016
3839
0

769546_119636089_clip5170

Әлібек БАЙБОЛ


Сіздер оқығалы отырған осы мақаланы жазар алдында қайбір кітапханаға бас сұғып, Қадыр Мырза-Әлінің қос кітабы – «Жазмыш» пен «Иірімін» сұрадық. Қашанғы бір жазылған дүниені қайыра оқып, тағы да сүзіп шықсақ деген ой бар еді…

Сөйтсек, кітапхана қызметкері:

– Осыдан тұп-тура жарты жыл бұ­рын… – деді де Ұлы пауза жасады да: – Бір студент қордағы қос кітапты ұрлап кеткен. Сеніп бердім, қайтармады. Ұр­лық деген сол емес пе? А-а-а?.. – деп жал­ғай кетті…

– Мүмкін, мүмкін…

Қағаз-құжатпен ғана жұмыс жасайтын мына заманда уәдеге берік және әлі де болса адамзаттан үміт үзбеген апайы­мызға қатты риза болғанымыз өтірік емес. О кісі әдебиетті ерекше сүйеді…

– Жоқ демей-ақ қояйын, бар! Бірақ аз. Сирек кітаптар бөлімінен алып берейін.

– Мақұл, мақұл…

«Неге Қадыр? Неге дәл со қос кітап? Неге? Неге?..» деген бірінен соң бірі балалаған сұрақтардың тууы да заңды­лық. Шайырдың дүние салғанына бес жылға жуық уақыт өтіпті. «Жазмыш» – Тағдыр жайлы кітап, «Иірім» – естелік­тер жинағы. Екеуін қатар оқығанда мінез жөнінде аз-кем толғанғым келгені бар. Ақын соған түрткі болды. «Элемент­терді түсімде көріп, тұра салып жазғым келді» деген Менделеевтік тылсыми нәр­се жоқ, оқыдым, ой келді. Бар бол­ғаны – осы-ау…

Ақын «Жазмыштың» «Даңқ» тара­уында: «Ондай ақындар да кездеседі. Мен сондайлардың бір-екеуін білемін. Біреуі жасы үлкен аға. Қайтыс болды. Өле өлгенше «Халық қаһарманы» деген атақты күтіп өтті… Екіншісі жасы кіші інішек. Дарынды, әрине! Жақсы да жазады. Бірақ жазып отырып, дәлірек айтсақ, жазбай жатып даңқты ойлайды», деп жазады.

 

***

Қад-ағаң – Қадыр Мырза-Әлі Спандияр Көбеевтің сәуегейлігін, Иса Байза­қов­тың тентектігін, Сәбит Мұқановтың бауырмашылдығын, Қасым Қайсенов­тың қалжыңбастығын, Тахауи Ахтанов­тың қамқорлығын, т.б. баян еткенде көз алдыңа сан түрлі көрініс келеді екен.

«Иірімнің» піссімілләсі:

Кім білген жетістік пе?

Кемістік пе?

Төрт-бес дос жолға шықтық келістік те.

Асыққан көңілдердей экспресс,             

Ағызып келеді енді кеңістікте.

 

Бас қосып көрші-көлем,

Туыс жандар,

Батасын беріп қалды таныс шалдар.

Болғаны:

Бес-алты жүз теңге менен

Білетін бес-алты ауыз орысшам бар.

 

Бабамыз мал бағуды кәсіп етіп,

Бағытын өзгертпеген, осы беті.

Біз енді,

Кеңістікпен қоса бүгін,

Келеміз ғасырларды басып өтіп, – деген тәтті жырмен басталғанмен (ақынның сөзіне сенсек, бұл өлеңді абитуриент кезінде жазған екен), ары қарай небір ащы шындықты естисіз. Кітап «Атамұра» баспасынан су жаңа күйінде шыққан бойда-ақ, Қадыр ағамыз біраз сынға ұшырағанға ұқсайды. Көзі тірісі бар, о дүниелік боп кетсе де артында үрім-бұтағы қалған қаншама қабырғалы қаламгерлер мен өнерде өзіндік дара жолын қалыптастырып үлгерген шығар­ма­герлер бар. Негізінен, шайыр жинақ тұсаукесеріне келгісі келмепті. Қарасуды шайқаса май шығатын қазақтың шайпау мінезінен ыққан ғой. Амал нешік, жазыл­ған дүние жазылды. Презентация­ға барыпты. Алмас қылышын қынына тығып келгендер бас шабуға дайын. Бас, міне, алдыңда. Кескің келсе кес. Қад-ағам со күні алғысты аз естісе керек-ті. Жазарманның нәзік жанына батқан, батыра айтылған сөзден жалғыз қорға­ныш – зілді күлкі, мырс еткен мысқыл. Ауық-ауық көтеріліп қоятын қос иық төмен түскен басты көтеруге ниетті. Алайда, алабөтен ой мазалап, ыза мен күйік итжығыс түсіп жатқан көңіл-көкпарында не боп жатқанын Қадыр ғана білді. «Көз – көңілдің айнасы» (А.П.Чехов) екенін сондай сәтте ескер­мей­міз ғой. Со шақта есіктен сығалап тұрған бір жас суретші ақынның жанарына бір қарағанда: «Бұны бекер жаздым. Әне, көрмеймісің, басыма бәле болып жабысты…», – дегенді ұқты. Өзі «Жазмышта» жазғандай: «Гарри Каспаров Анатолий Карповпен майдандасқан сайын Высоцкийдің «Алтын», яки сол ән жазылған әнтаспасын ойнатып қояды екен». Сол секілді, қа­рақұ­рым халық жиыл­ған шарада біреу қазақтың күйін қойып келіп жіберсе ғой деп армандаған болар. «Көңіл-күйім көтерілсе!» – деген дәме ғой, баяғы. Қалай болғанда да, кітаптағы батыл-батыл айтылған тұстар­дың әділ бағасын өскелең ұрпақ береріне сенім мол.

«Аш адам – ұрысқақ, ауры адам – тырысқақ» қой, қашан да. Біреудің айтқанын біреу жақтырушы ма еді, бүгіндері. Қазекеме мақтау майдай жа­ға­ды, ал даттау – өзді-өзіңе көр қаз­ған­мен тең. Не істемек керек, сонда?..

Қадыр ақын «Жазмышта» Жұмекен Нәжімеденовтың мына бір өлеңін келтірген-ді:

Ақын қылып жаратарда

Құдайдың

Өзіне де біткен шығар батылдық, – дегендей, қазіргі кезде біреудің мінін тұқырту, құрту, жою мақсатында ғана айтатынымыз несі екен, осы. Біз «жана­шырлықпен айтылған сын» деген ұғым­ды ұмытқанымыз шындық қой. Біреу батылдығымен көзге түссе болды, дем­де-ақ жауға айналатыны содан. Не өлтіреді, не өлімші етіп тепкілеп кетеді. Бұған да таң қалмаймыз. Үлкен аға қаламгерлердің қамқорлығын көргендер оларды жамандап әуре. Яғни бүгінгі қазақ үшін құндылық, киелі нәрсенің жоққа тән болғаны ма?! Бопты делік. «Өгізге туған күн, бұзауға да туатынын» естен шығармауға тыры­сайық та. Ондай «авторитеттің» ғұмыры қысқа. «Өз сыйын өзі кетірген бір жазушы ағамыз не­лік­тен бүйтіп қатты кетті екен?» деген сұрақтың түп-тегін қазба­лау­дың қажеті шамалы шығар. Реніш, кек деген қиын ғой, жалпы. Адамды жаман етіп көр­се­туімен қоймай, абыройдан жұрдай етеді. Бұ кек: «Балам кезінде осылай болып еді… Мен арманда кетпес үшін кегімді ал!» дейтін кектен мүлде бөлек. Текті кек емес, тексіздеу, дүние, «бес күндік жал­ғанның» маңындағы маңызы аздау ре­ніш. Кек деуге келмейді. Осы тұста бір ғана мәселе бар – «кейінгі толқын іні­лерге» нендей үлгі көрсетіп жүрміз? Ұт­тық па, әлде ұтылдық па? Кезінде Қадыр Мырза-Әліге:

– Жазбасты жазыпсың… – деп тулағандар бүгіндері Құдайға шүкір деген болар.

Қалай дегенмен де, Қадырдың телегей-теңіз білімі, таным-түсінігі қажетіне барынша жарады деуге толық негіз бар.

Жазарман барын бардай, болғанды болған күйінде берді. Ұмытыңқыраған кездерін жазбаларынан қайта қарап отырды. Оны «Иірімде» айта кетеді.

Бүгіндері ұсақ-түйекті, кәкір-шүкірді тілге тиек ететін болғанбыз. Неге? Жазатын нәрсе құрып қалды ма? Күйеуі қатынын қызғанып ұрып қойыпты. Әр отбасының басында болатын жағдай. Сол бұқаралық сипат алып кетті. Баян Есентайды айтамын. Ұлт ұйқыға кеткені соншалық, басты дүниелерді назардан шығарып алдық. Билік: «Жер сатамыз!..», – деп дабыралағанда, мына жерден қосамжарласып, қолына қару ұстаған лаңкес шыға кеткені. Чернышевский айтқандай: «Что делать?». Не істемек керек? Терроршыны ұстаймыз ба немесе ата-бабам жауласып жүріп сақтап қалған жерді сақтап қаламыз ба? Қайтеміз? Арамзалардың қанын суша шашқан батырдың білегі мен ханның айласы арқасында кәуірдің олжасына айналмағанына қатты қуана қоймаға­нымыз қынжылтады. Бір шаруамен ҚазҰУ кетіп бара жатқан бетім. Ығы-жы­ғы адам. Екі дәудің ортасына қысы­лып қалдым. Әңгімесі:

– Жаңалық бар ма?

– Жаңалық жоғары жақта. Бізден сұрама, – деді кекете сөйлеп. Бір күліп алды. Өздері сыбырлап сөйлейді.

– Кеше бар ғой…

– Иә! – деді онсыз да дәу құлағын түре түсіп.

– Газеттен оқыдым. Бір сұмдық жағдай…

– Не ол?

– Болды, айтпаймын… – деді шорт кесіп.

Адамға толы автобус теңселіп еді, екеуінің арасынан сытылып шығып кеттім. Біз бір-бірімізге сенбейді екенбіз. Бұл өзі «үй сыртында кісі бардың» мә­дени формасы сияқты ғой. Ащы шын­дықты жазатын адамдар бүгіндері аз. Тіпті жоқ деуге болады. Айтқысы келеді, айта алмайды. «Қызыл цензура»! Айттың бітті, басың кетеді. Сондықтан деймін да, балаға ойыншық беріп алдарқат­қанындай, Жоғары жақ Бізді де оны-мұ­нымен алдап әлек. Шахмат тақтасы мен Тағдыр тақтасының айырмасы неде еке­нін түсінбей қалдық, өзі. Ойын қайсы, реал қайсы, не айтылу керек, нені айтпауымыз қажет?.. «Шекспир сауалына» жауап іздегендер көп, бірақ тапқандар өте аз. Рухани орталықтардың құны төмендегені соншалық, таран-талажға түсіп, көлденең көк атты би, қаңғырған біреулер қожа боп, төбемізде ойнақтап жүр. Серкесі кім, тышқақ лағы қайсы, ешкім айырып болмайды. Одақ төңіре­гіндегі бітпейтін даудың өзі сөзімізге дә­лел. Әр топтың, әр кланның өз көзде­гені бар. Бірақ әдебиетті, «Сөз өнерін», «Асыл сөзді», болашақты, жастарды ойлаған кім бар екен, осы? Бір нәрсе деу қиын, енді. Одан бұрын біреу үшін біреу күймейді. Ұлт қалғып кетсе болды, өз баспайдасын ойлайтындар ұрлайтынын ұрлап, жейтінін жеп, майланған мұртын сүртіп, тоқ басумен жүргенін көзіміз көрсе де «толеранттымыз» ғой, «толеранттымыз». Шандор Петефидің:

Бір сөз айтсам оқталып,

Ренжімес өзгелер.

Жер бетінде жоқ халық,

Венгрлерге тең келер, – деуі ақындық амбициядан туған дүние емес, елін рухани бостандыққа бастап, оларға рух пен жігер беретін отты жыр. Біз қашан өстіп айтады екенбіз?

P.S.: Белгілі бір уақыттан кейін дүниеге тағы бір «Жазмыш», тағы бір «Иірім» келетін шығар деген үміт бар. Бірақ оны кім және қашан жазатынын ешкім біле алмақ емес. Ақиқатты айту үшін сілкініс керек…
Әлгі қос кітапты кім ұрлады екен?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір