КӨРКЕМДІК: ТҮЙСІК ПЕН ТҮСІНІК
16.09.2016
2324
0

6d5691d326c8bd4d3626a1d06cc1c432_xlӨнерді (мейлі, ол – сөз, саз, сурет, сәулет, кескін өнері болсын) ғылым мен пәлсападан ерекшелеп тұратын – көркемдік. Талант түйсігімен ғана сезіне алатын көркемөнердің сұлулығы теорияға бағынбайды. Кейін соның өзін белгілі бір заңдылықтармен талдап, түсіндіріп жатсақ та, әу баста рухани эстетикамен ғана дүниеге келген өнердің көз қарықтырар сұлулығын да (көркемдігін) түйсікпен сезуге болады екен. «Жүректен шыққан сөз жүрекке жетеді» деген тұжырымның бір сыры осында шығар.

Бүгінгі күні талғам да, сөз өнеріне деген классикалық көзқарастар да өзгеріп жатыр. Кей пікірлер алдыңғы анықтамаларды толықтырып жатса, кейбірі өзіне дейінгілерді мүлде жоққа шығарып келеді. Бұрын көркем деп саналған шығармалар заманымен ескіріп, бұрын бағаланған мәтіндер жаңа заман жазушыларының қаламымен қайта жазылып, сұранысқа ие болып отыр. Прозада публицистикалық бояуы бар шығармалар оқылымды дүниеге айналып, үлкен сыйлықтарды иемденіп жатыр. Соған байланысты дау мен талас та қатар жүріп келеді. Бүгін біз үшін көркемдіктің, жаңалық пен ескі түсініктердің шекарасы бұлдырай бастаған секілді. Бірақ түйсік сезген нәрсе ғана көркемдік деп бағаланатындай.

 

1353141045Бауыржан ИГІЛІК

Ыңқыл-сыңқыл әуеннің, қылтың-сылтың сезімнің, жыртың-жыртың күл­кі мен шытыр-шытыр ақшаның за­ма­нында өмір сүре отырып ел құлағына то­саң естілетін әдебиет, өлең, көркемдік жайын­да сөз қозғай қалсаң, бірден жа­ныңды қоп-қою жалғыздық билеп, Абай әулие жазып кеткен Масғұттың хәлі ба­сыңа орнай қалды ма деп шошып кетеді екен­сің кәдімгідей… Оның үстіне бүгінгі сананың сықитып қалап қойған иерар­хиясының ұшар шыңында да шыңыл­тыр аяздан кірген шөлмектей шы­тынаған, шырт-шырт түкіріп, шіренген мық­тылар мен осы айда нан жеу-же­меуіңді шешіп отырған басекеңдер, жыл­тыраған жұлдыздар сәнге бекіп ал­ған. Қанша білімің мен парасатың бар бол­ғанымен, қалтаңда бақыр тиының жоқ болса, көзін бақырайтып қойып, ба­қырып ақыл айтсаң да ешкімге дәрі емес. Патшаның өзі дәргейіне келіп ақыл сұрайтын бөшкедегі Диогендердің дәуірі әлдеқашан келмеске кеткенін ұмы­туға болмайды қазір. «Қалтарыс-бұл­тарысы мың сан қабат» осындай қо­­ғамда жүріп өлең, өнер, әдебиет жайын­­да ойлау – ерлік, онымен айналысу – ақкөз батырлық. Капиталистік қа­занда қайнап жатқасын ел саудаға жа­райтынның барын саудалап күнелтіп жүр. Біреу малын, біреу нанын, біреу тә­нін, біреу сақалын, біреу перзентін де­гендей… Аталмыш тауарлардың жо­ғары сұранысқа ие боп тұруының бір се­бебі – әдебиет пен өнердің еленбей қалуы­нан. Сұраныстан шығып қал­уы­нан. Адамның ішкі сапасына жауап бе­ре­тін бұл салалардың қаншалықты маңыз­ды екеніне көзіміз әбден жетті. Көр­кеммінезді, көркемойлы, қараңдап көлеңкедей ілесе бермей өз пікірін біл­діре алатын ұрпақ өспейінше, бүгін дерт­ке айналып отырған жемқорлық, бүлік­ші­лік, алаяқтық сияқты мінездер еш­­қашан жойылмайтынына сенім­ді­міз.

Қош… көркемдік пен сұлулыққа кө­ше­лік. Жалпы, өлең деген ұғымның өзі сұлу­лық, көркемдік деген ұғыммен синоним болса керек. Қап-қара қорқы­ны­шы мен тап-таза күлкісіне дейін, құр­ма­лас­қан қайғысы мен кіп-кішкентай қуа­­нышына дейін сұлу әлем емес пе өлең деген?! Жанарымызды көтерсек жұмбақ аспанды, табанымызды көтерсек жұмыр жер­ді көруіміз – Тәңірі жаратқан әр бөл­шек жайқалған көркемдік, ұйыған өлең екенінің дәлелі. Ендеше сол көркемдік жай­лы сөз болса әр кітапқа жүгініп, әр авторға үңіліп, қызылкеңірдекті дауға кі­ріп кететініміз қалай?! Көркемдік де­ген не екенін көру үшін көзімізді аш­сақ жететіндей. Осы тамыл­жы­ған әдемілікті сөзге сыйдырған – ақын, суретке сыйдырған – ше­бер, әуенге сыйдырған – композитор. Бүгінгі күн­дегі ағыл-тегіл ақ­па­рат адамды арбап, елік­тіріп, аяғында өзің де сол дода­ның ішінде қа­лай жүргенің­ді байқамай қа­­лады екен­сің, расында. Сан түрлі пікір, тү­мен-түрлі ойлар есің­нен жаңылдырса жа­ға­жыртыстың бір жа­ғы­на шығып қалғаныңды ұғу да қиын. Ал көркемдікті се­зіну үшін оңашалық, жал­ғыз­дық керек пе деймін. Парадигмалар призмасын лақтырып тастап, түй­сік құлағымен тыңдау, көңіл көзі­мен көру, жұлын-жүйеңмен сезу… Біт­пей­тін теориялардың торына қамалған біздің ойымызға табиғилық жетіспей қалып жатқандай көрінеді кейде.

«Тайсақтап тұрмау үшін де,

Туады өлең арыс боп,

Түр дейтін тордың ішінде

Тулайды мазмұн барыс боп.

 

Төзе алмай темір қонысқа

Тулайды шіркін, тулайды.

Тоқиды торды барысқа,

Тор үшін барыс тумайды» – деген Қадыр ағаммен келіспеске болмайды. Көр­кемдік – әуелі мінезде, ойда, маз­мұнда. Со­ны қандай дауыспен айтасың, ол өз ер­кіңдегі шаруа. Ақынға қойылатын та­лап жалғыз – жақсы жазу. Бар болғаны сол…

 

14339838_956637804465329_660780756_oАрман ӘЛМЕНБЕТ

Бұрын «сұлулық әлемді құтқарады» дейтін. Бүгін сұлулық әлемді құтқара алмайтынын түсініп отырмыз. Бұрын сұлулыққа ұмтылған адамдар, көркем дүние жаратуға, оны тұтынуға (оқуға, тыңдауға, көруге) құмар еді. Бүгінде адам білуге құмар. Көркемдіктен бас тартты демейміз, танымға көркем түрде әсер етсе кез келген шығарма өтімді болады ғой…

Нобель сыйлығын алған әйел жазушы Светлана Алексиевич «Бүгінде әлем мен адамзат сан түрленіп, көпнұсқаланып (многовариантный) барады (өнер өзінің дәрменсіздігін жиі мойындайтын болды) және осындай уақытта өнерге құжаттардың араласуы барған сайын қызық болып, онсыз әлемнің жалпы сүгіретін елестете алмайтын болдық» дейді. Өз алдына қозғалатын мәселе болса да айта кетейік, бұл жазушы қазақшаға аударылды дегенді естіген жоқпыз, оны басқа тілде оқыған да жоқпыз, сондықтан «сірә, бұл кісі құжатты, деректі (толық деректі деген сөз емес) шығармалар жазатын болды ғой» деп болжаймыз да қоямыз.

Қазір адамдар білуге құмартып келеді. Көркем шығарма оқыса да, одан бірнәрсе біліп қалуға қарсы емес. Кино көрсе, интернеттен режиссерін қарап алып, «Жақында шыққан пәленшенің түген деген фильмін көрдім» деп әлеуметтік желіге жазып қоюға құштар (Шын білімге құмартып жүргендер де құмартқан болғансып жүргендер де, бар екенін байқауға болады). Одан соң адам баласы ізгілікті сағынып қалғандай. Кез келген есі дұрыс адам үшін аяулы түсінік – баланы да тастап жатыр, өлтіріп жатыр, зорлап жатыр. Оны теледидар егжей-тегжейлі баяндаудан жалықпайды. (Баяндап отырған журналист те, баланы тастаған жас келіншек те әдемі болса ше?).

Көркем дүниені тудыруға итермелейді дейтін сұлулықтың өзі әдепкі нәрсеге айналған жоқ па? Бұрын адам баласы ерекше сұлу әйелді не еркекті, табиғатты, аңды өмірде сирек көретін. Қазір теледидардан да, интернеттен де небір сұлулық үлгілерін тауып аламыз.

Қош, білім, ізгілік секілді құндылықтар алға шықты (Біз өнердің алдыңғы қатарлы тұтынушылары, яғни тыңдарман, көрермендер туралы айтып отырмыз). Бірақ көркемдік, оған құмарлық жоғалып кеткен жоқ. Ол кино, сән, сауда деген секілді ақшасы бар салаларда дамуға көшті. Таза көркемдікке құрылған фильмдер әлі де түсіріліп жатыр. Тауарлардың дизайнына, олардың қаптамаларына қараңыз. Жарнамаларға мән беріңіз. Талғамы бар, іскер адамдар өмірге бейімделіп кетті, қалғаны қалды…

Адам баласы өз өміріндегі сезімдер мен әсерлерден бөлек басқа адамдардыкімен де ортақтасқысы келіп тұрады. Біреудің бастан кешкенін, қандай да бір жағдайда не сезінгенін білгісі келеді. Тура осы сұранысқа өнер жауап беруі тиіс еді. Тағы да интернетке қатысты бір қызық жәйт бар: қазір көпшілік ешқандай көркемдіксіз-ақ бастан кешкендерін жазуға кірісіп кеткен. Әлеуметтік желілердегі парақша, топ, форумдардан қарабайыр комедия мен трагедиялардың үлгілерін көптеп тауып алуға болады. Осы тұста менеджерлігі алға қойылған, жүйелі жұмыс істейтін, жарнама жасай алатын әдеби агенттіктер жұмыс істеп кетсе, біраз табысқа жетер ме еді деген ой келеді.

Қазір біз сағына алмаймыз, аңсай алмаймыз. Шіркін, интернет дамымай тұрған 2000 жылдардың басы, одан бұрынғы уақыт не деген тәтті еді… Адамдар газет алып оқитын. Бүгінгідей асығыс жоқ. Уақыт қалпымен жылжитын. Адамдар титықтатқан тоқсаныншы жылдардың әсерінен айыға алмай жүрді десек те, бүгінгідей масаң күйге енбеген еді ғой. Оның алдындағы, әдебиетке іңкәр, еңбегі сіңген буын бар еді, кейінгілер солардан именетін. Кейін… Кейін ешкім ешкімге қарай алмай кетті, ақпарат күрт көбейді. Осындай апақ-сапақ уақытта шала сауатты жазармандар қаптады (Бұрынғылар әде­биет­ке үлкен дайындықпен келетін еді). Сөйтті де, онсыз да ұмыт бола бастаған көркемдікті одан сайын қарабайырландырды.

Батырлар жырын оқып жүрген бала кезімде ауыл сыртындағы қараусыз қалған саябақтан өткенде ағаштар арасынан ұшқан жебені елестеткенім… Көктемнің суық түнінде терек бұтақтарының сақыр-сұқыр еткені, әр жағынан жөңкілген қою бұлт арасынан жылт етіп көрінген ай… Тамыздың салқын кешінде бүлкілдеп қайнаған құрт, жанған қидың иісі… «Боранды түнде», «Жусан иісі», «Бөрібайдың тымаған ит алып қашқан қыс». Осы шығармаларды оқығаннан кейінгі бөленген күйім. Осы әсерлерімнен айырылып қалмасам, маған сол да үлкен олжа.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір