ХРУЩЕВТІҢ ӘКЕЛІК «ҚОРЛЫҒЫ»
16.09.2016
2129
0

karataevСұлтанғали ҚАРАТАЙҰЛЫ,
Қазақтың алғашқы спорт комментаторы,
Қазақстан спортының Құрметті қайраткері 

 

Сұлтанғали Қаратаев ақсақалдың есімі алдыңғы буын қазаққа жақсы таныс. Бұдан 95 жыл бұрын хабар тарата бастаған қарашаңырақ Қазақ радиосында ұзақ жылдар қызмет етті. Қазақ теледидары мен радиосында футболдан жүргізген репортаждары таңсық саланы игерудің алғашқы қадамы десе де болады. Назарларыңызға ұсынылып отырған естелік әңгімесінен Кеңес Одағы кезіндегі идеологиялық қыспақтың төркіні қайда жатқанын байқаймыз.
Тәуелсіздікке дейін не көрмеген қазақпыз дейміз амалсыз.

…Радиода қызмет істеп жүрген кезім. 1964 жылдың жаз айы. Ме­ні Базарбай аға шақырды. Өте көрікті жігіт еді. Жұрт, әсіресе, қыз-келіншектер жағы оны «Төле­ген» дейтін. Аққұба. Мұрын, көз, қабақ, маңдай, ерін – бәрі-бәрі соншалық үйлесімді жара­тыл­ған. Оның үстіне, мінезі де көркіне сайма-сай. Жұрттың бәрі сыйлайды. Ол радиодағы кә­сіподақ комитетінің председателі болатын (қазір «төрағасы» деген атауды сол жылдары «председатель» дейтінбіз).

– Базар аға (араға жарты ға­сыр түскендіктен кейбір есімді жаңсақ айтуым да мүмкін. Оқыр­маннан кешірім сұраймын), Сіз шақырыпсыз ғой, – дедім кабинетке кірген бойда.

– Сен бала заңды бұзып жүр­ген көрінесің. Суббота, воскре­сенье күндері жұмыс істегендерің үшін отгул алмапсың. Бізді жо­ға­ры жақтан келіп тексерсе, қыз­метімізге кінә тағып, айып салады, – деді бастық аға бірден-ақ шақыртқанының мәнін ашып.

– Кешіріңіз. Ондай заңды білмеуші едім, – деп кібіртіктей бердім.

– Ғалым ағаңа айттым. Ер­тең­нен бастап үш күн демаласың. Тағы да бос күндерің бар екен. Оны кейін көреміз.

Шынында да, Ғалым аға хабардар екен. Ғалым Момынбеков. – «Соңғы хабар» редакциясының бас редакторы. Екі тілге де ағып тұр. Өте сабырлы, салмақты кісі. Үні жұмсақ. Ешкімге дауыс кө­тер­мейді. Жазып, оқып, әбден тексеріп апарған материалыңнан әріптік не тыныс белгілік қате байқаса, соны өзіңе жәй ғана ескертеді. Ежіктеп, сені күстә­на­ламайды. Ғалым ағаның мінезі пәмилиясына сай еді. Үнемі сәл күлімсіреп жүретін. Әйелі «кос­тюмерия» бөлімінде қызмет атқарады. Ол да қатардағы қа­ра­пайым қызметкер. «Апама жездем сай» дегендей, осы аға-жеңгеміз ұжымдағы мақтаулы ерлі-зайып­тылардың бірінен саналатын сыйлы да құрметті азаматтар.

Базарбай ағаның алдында болғанымды айта бастап едім, Ғалым аға:

– Иә, сенің демалуың керек екен. Заңның аты – заң. Оны орын­дау бәрімізге міндет, – деді бірден.

Содан соң өз кабинетіме кіріп, төл бастығыма – аға редактор Ға­ли ағаға да мән-жайды мәлім еттім.

– Үш күн көп емес қой. Ептеп-септеп өзім-ақ үлгерермін, – деді әдеттегідей тез-тез сөйлеп.

Мен осыншалық демалыс алғаныма масаттанып, ерте ке­ліп, үйішілік шаруаға кірістім де кеттім. Мұнда мендік іс аз емес еді. Сол жылы әйелім қызмет ор­ны­нан бір бөлмелік пәтер алған. Үйде бірер ыдыс-аяқ, көрпе-тө­сектен басқа түк зат жоқ. Жерде, еденде жатамыз. Дүние-мүлік бол­маған соң, сол бір бөлменің өзі дағарадай кең болып көрінеді екен. Алғашқы балам – Асхатым балабақшаға баратын. Сәл-пәл тұмауратып жүрсе де ондағы тәр­биешілер біздің көңілімізді елеп, тіпті жылағанына да қарамай алып қалушы еді. Сол Асхатымды алып келіп, дәрі-дәрмегін бе­ріп, ем-дом жасаған болдым. Сөйтіп, отгулімнің алғашқы күні үй шаруасымен өтті.

Ертеңіне біреу есік қақты. Біз тұратын 1-шағын аудандағы 17-үй алты кірешікті (подъезді) болатын. Соның ортаңғы кірешігінде 35-пәтеріндемін. Ал төртінші қабатта, біздің пәтердің нақ үс­тінде Ахметжан Аутов деген ұйғыр жігіті тұрды. Университетте бір курста оқыдық: ол – орыс журналистикасы бөлімінде, мен – қазақ тіл әдебиеті бөлімінде. Сол кезде-ақ Ахметжан белсен­ділеу болатын. Қызметте де бір мекемеде еңбек еттік. Ол қазақ радиосының өндіріс редакциясын басқарды. Өзі сондай сөй­леуік. Кез келген жиналыста, күн­делікті лездемелерде сөз алады. Көп жағдайда қауып айтпай, тауып айтады. Тағы бір ерекшелігі, сөз сөйлегенде оң жақ беті жыбырлап, иығы әлсін-әлсін қоқаң ете­тін. Шамасы, жүйкелік сыр­қаты болса керек. Бірақ айтар ойы таза, айқын. Шешендігі де бар. Әйелі Тамара бір курста оқыды. Кішкентай қызы менің Асхатыммен қатар өсті.

Есік қағып тұрған осы Ахметжан екен. Қызметте бас изесіп сә­лем­дескеніміз болмаса, пәлен­дей араластығымыз жоқ-ты. Үйге бұрындары келіп тұрмайтын, қатыспайтын. Сол себепті таң­қал­сам да, «Ішке кіріңіз» деп жа­тыр­мын орысшалап. Ол табал­ды­рықтың арғы жағында тұрған күйі:

– Бас редакторың біздің бір үйде тұратынымызды қайдан естігенін білмеймін, әйтеуір, се­нің жұмысқа тез шығуыңды сұ­рады. Соны хабарлаймын, – деді айтар сөзін қысқа қайырып.

Жазған құлда жазық жоқ. Бастық айтса, тартынуға бола ма? «Әлі бір күн отгулім бар» деп айта аласың ба? Жоқ. Біз соған дағды­ланып кеттік. Бір жас шамасын­дағы Асхатымды балдызыма тас­тап қызметке жетейін.

ЖАУАПТЫ ТАПСЫРМА

– Келгенің қандай жақсы болды! – деді Ғалым аға сабырлы қалпымен. – Хрущев жолдастың КПСС Пленумында кеше сөйле­ген сөзін естідің бе?

– Жоқ. Кішкентай бөпем сыр­қаттанып жүр еді. Соның мазасын алмайын деп, қабырға­дағы радионы өшіріп тастағам.

– Міне, бүгінгі газетте жария­ла­ныпты, – деп «Социалистік Қа­зақстанды» (қазіргі «Егемен Қа­зақстан») алдына жайып жі­берді. – Осыған отклик беруіміз керек. Соған кісі таппай дал болдық. «Отгуліңді сәті келгенде кейінірек, тағы аларсың. Хрущев жолдастың осы сөзіне біз үн қатуымыз керек. Мұнда, әсіресе, мұғалімдер туралы көп айтылыпты. Арнайы тоқталыпты. Ұстаз­дар­дың еңбегін жоғары бағалап, жалақысын көбейту, материалдық жағдайын жақсарту туралы баяндапты. Қазір Оқу министрлігіне барып, мұғалімдер жайында репортерге сөз жазып әкелсең жақ­сы болар еді. Әуелі оқып шық. Бүгін әкелуің керек! Ертеңге қал­ма­сын! – деп қолыма газетті ұс­тат­ты.

Кабинетіме кіріп, үстелімдегі репортерімді алдым. Батареясын тексеріп көріп едім, сәл солғындау сезілді. Осы аспапты арнайы тіркеп, жазып беретін Кувшинов деген қызметкер болатын. Соған барып 6 батареясын алмастырдым. Менің тығыз шаруамен кеткелі тұрғанымды байқаған ол жиналыста мінберде сөйлеп тұрған адамның сөзін алысырақ отырып жазып алуға оңай болсын деген оймен микрофонның бір метрліктей сымын жұп-жұмсақ 3-4 метрлік сыммен ұзартып әрі микрофонның дұрыс жұмыс істеп тұрғанын тексеріп берді.

Ол кездегі «Репортер-3» қазір­гі­дей оймақтай емес, салмағы 10 келілік болатын. Ілмек бауы бар. Соны иығыңа асасың. Әйтпесе, ауыр аспапты ұзақ уақыт қолың­мен алып жүре алмайсың. Мен байғұста қайбір иық бар дейсің. Нағыз салпы иықтың өзімін. Репотортердің бауы сырғып түсе береді. Оның үстіне инеліктей қат­қан, сидиған, арық-тұрық­пын.

Еске сала кеткенім артық бол­мас. Кейінірек 10 келілік осы «Репортер-3»-тің орнына «Репор­тер-5», «Репортер-7» келді. Олар-дың салмағы 1-2 келіден аспады.

Қойшы, сонымен сақадай-сай дайындалып, Оқу министрлігіне жол тарттым. Келе жатып, көлік ішінде Ғалым ағай берген газетті ашып едім, біраз жеріне белгі қо­йы­лыпты. Асты сызылған тұстары да аз емес. Мен әуелі соған көз жүгірттім. Мұғалімдерге арналған тұсына қайта-қайта шұқшиып, соларды сөйлеп беретін адамның аузына салатын сөз ретінде бел­гілеп, оқшауладым. Мұным мұғалімнің алдында қаражаяу журналист болмаудың әрекеті ғой баяғы.

Қазақта «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген сөз бар. Сол сияқты мен респу­б­ли­калық семинардың үстінен түстім. Барлық облыстан педагогтар келген. Солардың қайсысын сөйлетсең де артық емес. Сонда да өзімше таңдаған болып, қол­тығында балдағы бар бір мұ­ға­лім­ге көзім түсті. Соғысқа қатыс-қан. 1943 жылы жарақатына бай­ланысты елге оралған. Ұмыт­пасам, пәмилиясы Нұрғалиев.

Ол кезде Қазақ радиосында темірдей тәртіп болатын. Кімді сөйле­тсең де ол өз сөзін қағаздан оқып беруге тиіс. Бұл саяси қате кетпесін деуден туындаса керек. Соған біз де бейімделдік. Хрущев­тің сөйлеген сөзіне орайластырып айтылатын әңгімеде де қате кетпеуі қажет. Ғалым аға мұны маған шегелеп айтқан. Сондықтан мен әлгі сөйлеуші мұғалімге қазіргі теле-радио журналис­теріндей дайындаған сұрағымды айтып, микрофон тоса қойған жоқпын. Оңаша отырып, екеулеп кәдімгідей текст (ол кезде «мәтін» сөзі қолданылмайтын) жаздық: мен сұрағымды оқимын, сөйлеуші жазып алғанын оқиды. Соны бірнеше рет қайталап, дауыс, тіл жаттықтырдық. Сөйтіп, пісіріп алдық та, әңгімені бастап кеттік. Бұрын микрофонда сөйлеп көр­ме­ген мұғалімнің кібіртіктей бергенін сезіп, әйтеуір, өте таза жазылсын деген оймен сөйлеу­шінің сөзін үш қайтара таспаға түсірдім. Ол кездегі репортерлер қайта тыңдағанда дауысты қа-зіргідей қатты естіртпейді. Жаз­ғаныңды тек құлақтама арқылы ғана тыңдайсың. Соның өзінде қыз бен жігіттің жай сыбырлас­қа­нындай ғана естіледі. Бәрі те­кст бойынша жазылған соң ісім­нің тиянақты аяқталғанына көңілім тояттап, радиоға келдім. Ғалым ағаның алдына әуелі қол­жаз­бамды бердім – бір беттік қана материал. Оқыды. «Дұрыс екен», – деді. Енді репортердегі дауысты тыңдады. Бастық соңғы үшінші жазуды ұнатты.

– Осыны монтажшыларға бер! Ал мына жазғаныңды мә­шеңке­ге бастыр! – деді байсалды үнімен. Оның лебізінен менің істі тез тындырып келгеніме риза леп сезілді. Қолмен жазылған бір бет­тік материалды мәшіңкешілер бюросының меңгерушісі Жаң-быр­­шина апайдың өзі қолға алды.

Бәрін тиянақтап, тапсырманы толық орындағанымды айтайын деп бастыққа қайта кірдім. Бұл жолы мәшіңкеден шыққан тексті ала келдім. Ғалым аға өте мұқият кісі. Он шұқып, бір қарай­тын нағыз сауысқанның өзі дер­сің. Мәшіңкеден шыққанын ежелеп, үтір, нүктесіне дейін үңіліп, қарап шықты да:

– Бұл материал ертең таңер­теңгі «Соңғы хабарда» беріледі. Саған рахмет! Ауызша алғыс жариялаймын! – деді сәл езу тартып. Бұл кісі даусын естіртіп, қар­қылдап күлмейтін. Сәл жымиға­ны­ның өзі ішек-сілесі қатып күл­генге бергісіз. Оның бар адам­гер­шілігі сол күлімсі­регенінен-ақ сезіліп тұратын. Риясыз ақ ниетін Алла тағала бет терісінің болар-болмас қозғалысына жинақтап бере салған ғой. – Қайта бер!

 

ЖҰМЫСТАН ШЫҒЫП ҚАЛДЫМ

Ол кезде тәртіп қатал еді ғой. Жұ­рт қызметке кемі 4-5 минөт ер­те келетін. Бір минөт қалсаң, соның өзі сырт көзге байқалып қалатын. Өзің бір нәрсені бүлдіріп қойғандай жүретінсің. Бәрін кәсіподақ тексереді. Сол үшін ар­найы папка ашқан. Соған ілік­сең, жиналысқа түсуің әбден ық­тимал.

Үш күндік отгулім біткен соң «кеше нормадан тыс жұмыс істе­дім ғой» деп жатып алмай, ер­теңі­не әдеттегідей сәл ертелетіп қыз­метке келдім. Сыртқы кі­ре­­беріс­тегі үйшікте (будкада) өт­пе­гіңді (пропускаңды) тексеріп тұратын күзетші мосқалдау қазақ: «Сенің пәмилияң Қаратаев па? деп сұрады, өтпегімді ашып, көр­се­тіп бара жатқан маған әдет­тегі­дей емес, ерекшелеу назар аударғандай болып. Әлгі сөзді құлағым шалса да, пәлендей мән бермей өте шықтым. Ал қызмет үйінің есігін аша бергенде-ақ бірнеше адам сұрақтарын жаудыра қарсы алды мені:

– Сен бүлдіріпсің ғой, ба­ла­қай!..

– Қазақ радиосын масқара етіп­сің!..

– Қарағым-ау, тиянақты бол­мадың ба?

– Айналайын-ай, басыңа пәле тілеп алғаның не еткенің?..

– Әне, «үш әріптің» адамдары да келе бастады…

– Ана кісі ЦК-да істеуші еді ғой. Шамасы, ол да естіген ғой,.. – дейді, маған қол созған үлкенді-кішілі әріптестер. Сәлемдескен сиқы осы. Мен аң-таңмын. Не бо­лып қалғанын біразға дейін түсіне алмадым.

Рауия апай келді қасыма. Кейін біреу өсек таратыпты. Осы кісі ЦК-дағы бір танысына радио­да сорақы саяси қате кетті, – деп телефон соғыпты. Бұған мен сене қоймадым. Себебі…

– Япыр-ай, тиянақты бала­ның бірі деп санаушы едім. Бүгін таңғы сегізде «Соңғы хабарда» берген материалыңда бұрын-соң­ды құлақ естімеген саяси қателік жіберіпсің. Саяси соқырлық, саяси надандық жасапсың! – деді тағы біраз сөзді тоғытып.

Рауия апай балалар редакциясын басқарады. Өзі инеліктей қатқан, қу сүйек, арық әйел. Мені ұжымда бір кісі жақсы көрсе, ол осы Рауия апай дер едім.

Жұрт қызмет бөлмелеріне кі­ріп үлгерместен, бәрімізді жи-налысқа шақырды. Әдеттегідей, бастықтың кабинетіне кірдік. Бұрын ұжымдық жалпы жи­на­лыс­тардың көбін теле-радио Мемлекеттік комитетінің пре­дсе­дателі (ол кезде «төраға» деген сөз айтылмайтын) Кенжеболат Ша­ла­баевтың өзі ашып, өзі жүр­гізе­тін. Бұл жолы ол қабырғадағы орындықтардың жоғарғы жақ шетінде отыр. Оның қызмет үсте­ліне бір орыс жігіті жайғасыпты. Кейін білдім – ұжымдағы партия комитетінің хатшысы екен. Ол бүгінгі таңертеңгі «Соңғы хабарда» саяси өрескел қате кеткенін, соған орай жиналып отырға­ны­мызды хабарлап, қандай қате екенін ауызбен айтуға ұялатынын білдірді. Жиында Қазақстан КП Орталық Комитетінен, респу­б­ли­калық Қауіпсіздік комите­ті­нен кісілер келіп отырғанын ес­кертіп, бұл басқосудың астары тереңде жатқанын аңғартқандай болды.

Мән-жайды толық түсіндіру үшін алғашқы сөзді «Соңғы хабар» редакциясының бас редакторы Ғалым ағаға (Момынбековке) берді. Ағаның қабағы түскен. Кешегі жайдары кейпі жоқ. Реңі солғын. «Саяси қатені» жүрегі шаншып қабыл алғаны сезіліп тұр. Ол материалды мұқият оқып, пленканы монтажшыларға бер­генін, бірақ эфирге кететін нұс­қа­сын тыңдап тексермегенін әңгімелеп:

– Партиялық сақтық, қыра­ғылық танытпаған кінә менен, – деп аяқтады сөзін.

Мені тұрғызды. Орысшам аз­дау ғой. Көмейде тығылып тұрған сөз көп, бәрін айта алмадым. Сонда да отгулде жүргенімді, мені редакция шақырып алға­нын, тапсырманы мүлтіксіз таза орындағанымды, менен ешқан­дай қате кетпегенін айтып, шамам келгенше тәптіштеп ақта­лып едім.

– Неге пленканың соңғы нұсқасын тыңдамадың?! Неге өз жазғаныңды тексермедің? Неге өз ісіңе немқұрайды қарадың? – деп сұрақты жаудырып жіберді жиналысты басқарушы. Әлгінде дауысы бәсеңдеу еді, маған келгенде көтерілді. Әкіреңдеп сөй­леді. Орталық Комитет пен «Үш әріптік» мекемеден келгендердің алдында көрініп қалғысы келді-ау деймін, шамасы. Өзім партия қатарында болмаған соң әлгіндей шолақ белсенділердің неге әкі­реңдегеніне мән бермейді еке­н­­мін ғой. Сілікпемді шығарды. Қызметке қашан орналас­қа-ным­ды, қандай тақырыпта материал жазатынымды, тіл-әдебиет фа­культетін бітіріп, неге мұ­ға­лім­дікке бармағанымды – бәрін-бәрін сұрады. Жұрт тым-тырыс. Кезекті бір сұраққа жауап қай-тар­ғанымда футбол шабуыл­шысының қақпа алдын торуылдайтыны сияқты, бар пәлені монтажшы әйелге жауып, соған шүйліктім ғой келіп.

– Монтажшылар қазақ тілін білмейді. Жазып бергеніңді түсінбейді. Редакциядағы отырыстарда бұл жайында мәселе көтергем. Ешкім мән бермеді. Тағы да айтамын. Қате менен кеткен жоқ. Қазақ тілін білмейтін орыс монтажшылардан кетті. Мына Тамараны, менің естуімше, күйеуі Комсомол Орталық Ко-ми­тетінде бір хатшы болып қыз­мет атқаратындықтан бізге ала салған. Еш арнаулы білімі жоқ, – дедім «Батырға да жан керек» дегендей, қорғанып шыбжық болып. Осы сөзден соң монтажшы Тамараны да біраз қағып-сілкіп алды. Орталық Комитеттен келген қазақ жігіті осы тұста әңгімеге араласып, Кенжеболат ағаға:

Монтажшылар құрамы неге тек бір тілді білетіндерден жасақ­талған? Мұндай саяси мәні бар жұмысқа қазақ кадрларын да тар­ту керек еді ғой, – деп пікір қосып, сұрақ бергендей болды.

– Бұл мәселені алда шешеміз. Қате бізден, – деп Кенжеаға сөзін қысқа қайырды.

Мен түпнұсқада сөйлеушінің сөзі ашық та айқын, еш қатесіз, жақсы жазылғанын қайталап айтып, қорғанып, шыр-пыр еттім. Төрде отырғандардың бірі сол түпнұсқаны тыңдағысы келетінін білдірді. Репортерім екінші қабаттағы кабинетте болатын. Сондағы үнтаспаны алып келдім. Оны бастықтың кабине­тіндегі аппаратқа қосты. Үш рет жазғанымның үшеуін де жұрт сілтідей тынып, үнсіз тыңдады. Енді қазақ тілін білетіндердің бәрі беті қарай бастады. Менің қарадан-қарап күйіп бара жат­қанымды сезді олар. Жиналысты басқарушы монтажшы Тамараны тағы тұрғызды.

– Қатеңді мойындайсың ба? Сіз қандай қате жібергеніңізді білесіз бе? – деді партком хатшысы.

– Жоқ, мойындамаймын. Мен ешқандай қате жібергем жоқпын. Керісінше, текстегі «хам» деген жаман сөзді алып тастадым. Орыс тілінде «хам» деген сөз эфирге кетсе және ол осындай саяси мәтіні бар материалда айтылса не болар еді? Журналист өзі білмейтін мұндай сөзді қолданбасын. Мен тексті дөрекі сөзден тазарттым, – деп ақталды Тамара.

– Қазақ тілінде «Артық қы­лам деп тыртық қылып алды» деген мақал бар. Сіз қазақ тілін білмегендіктің салдарынан мына жас журналисті, редакция ұжымын, күллі радио қауымын – бәрімізді айдай әлем алдында ұятқа қалдырдыңыз, – деді музыка редакциясында қызмет атқаратын Тарғақов ағай орнынан оқыс тұрып. Тағы бірер кісі мені қолдаған болып сөйлей бас­тап еді, талас пікір ұлғайып кетер деп ойласа керек:

– Дөрекі саяси қате жіберген журналистке қандай шара қол­данамыз? – деді партком сек­ретары.

– Бұл жігіт партияға мүше емес. Сондықтан ауызша ескерту жасайық.

– Қатені журналист емес, монтажшы жіберген екен. Сон­дық­тан монтажшы жұмыстан шықсын!..

Алдын ала ойластырып қойса керек, партком секретары:

– Монтажшы қатардағы қара­пайым қызметкер. Мұндайда саяси сауатсыздық танытқан білімді маман жауап беруі тиіс. Коммунистік партияның идеология саласындағы насихат органы болып табылатын респу­б­ли­калық ұйымда Қаратаев сияқ­­тыларға орын болмауы тиіс, – деп бір-ақ кесті.

Сонымен, іс бітті. Кешегі ас­ып тасқан көңілім су сепкендей басылды. Өзіңнің ар-ұятың­ның тазалығын сезінсең, қанша шыб­жық болып, өрепкісең де көзіңе жас келмейді екен. Үнім шықпай, булығып, шерменделік күй кеш­тім. Бас редактор Момынбеков Ғалым ағаға, еш кінәсі болмаса да сөгіс жарияланып, саяси мәні бар редакциядан бас­қа салаға ауыстырылды. Ал мон­тажшыға қазақ тілін білмей, қате жібергені үшін ауызша ескерту жасалды.

Сіз, оқырман, сонда қандай саяси қате еді? деп отырған боларсыз. Мен сөйлеткен сөйлеуші­нің алғашқы ләм-мимі мынадай сөйлеммен басталатын: «Біз, педагогтар, КПСС Орталық Коми_те­тінің Бас секретары Никита Сергеевич Хрущев жолдастың әкелік қамқорлығына рахмет айтамыз». Осындағы «қамқорлы-ғына» деген сөздің алғашқы «қам» буыны бірінші жолдың соңында қалады да «қорлығына» деген жалғасы келесі жолдың басына түседі ғой. Мәтіндегі осы сөзді оқыған сөйлеуші «қам»-нан кейін сәл кідіреді де (пауза беріп) келесі жолдағы «қорлығына» деген жал­ғасын жерден жеті қоян тапқан­дай жоғары леппен екпіндете оқиды. Ал монтажшы қыз (ал­ғаш­қы «қам» буынын орыс тілін­дегі «хам» екен ғой деп түсініп, алып тастайды. Сөйтіп, сөйлем «…Никита Сергеевич Хру­щев жолдас­тың әкелік қорлы­ғына рахмет айтамыз» болып шыққан. Оны жұрт бірден орыс­шаға аударып, «…Спасибо товарищу Никита Сергевич Хрущеву за отцовскую изгнания» деп айтып жүрді.

Сол кезде Қазақстанның сол-түстік, орталық бес облысы тың өлкесі атанып, бөлінеді (әлде бөлінді) екен деген сөз тарап, исі қазақтың жүрегіне найза қадал-ған еді. Соны еске алғандар «тұспалдап, өте дәл айтқан екен-сің» деп, арқамнан қағып, қоше-мет білдірсе, ұжымдағы әріптес аға-апайлар жиналыстан шыға сала қолымды қысып, құттық-таған болып:

– Жеңіл құтылдың!..

– Қол-аяғыңды кісендеп, алып кетпегеніне шүкіршілік ет!..

– Итжеккенге жіберуі де мүмкін еді ғой… – десті.

Дәл сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінің бірінші бетінде үлкен әріптермен теріліп «Суслов жол­дас­тың баяндамасының қыр­тын­дылары» деген тақырып басылды. Суслов КПСС Орталық Коми­те­тінің идеология саласын­дағы сек­ретары, саяси бюроның құдай­дай мүшесі. Бұл «саяси қателік» те ескерусіз қалмады. «Айыптылар» бір әріп үшін жазасын өте­ді.

Қазақ журналистері мен бас­пагерлерде, әсіресе, корректорларда өте жиі қолданылатын «әріп-ұры» деген мәтел бар. Шынында да, мәтінді қанша оқысаң да, жасырынып тұрған әріпті кейде көрмей қаласың. Содан әріп қатесі кетіп жатады. Ол бұ­рын да болған, ал қазір тіпті көп. Латыннан кирилл әліпбиіне көш­кен кезде қазіргі «ұ» әрпінің бел­демшелік сызықшасы төбесіне (у) қойылған ғой. Сол белгі жиі-жиі түсіп қала беріпті. Сөйтіп «у» «у-ға» ұқсап кетеді. Соның салдарынан сол кездегі өте жиі қолданылатын «улы Сталин» «Улы Сталин» болып жазылады ғой. Осы бір белгінің түспей қалуының салдарынан қазақтың қаншама зиялылары «саяси қа­телікке» ұрынып, жапа шеккенін көз алдарыңызға елестетіңізші. Біз, тіл мамандары мұны жақсы білеміз. Содан әлгі «у» әрпінің үстіндегі сызықша орта тұсына түсіріліп, қазіргідей «ұ» түрінде жазылатын болған.

Сол «қателіктерден» зардап шеккендермен салыстырғанда менің алған жазам, шынында да алқамшүкірлік қой. Бірақ ақ ниетте жүріп, ісіңді адал орындап… басыңның қауіп-қатерге ұшырауы бетке жаққан күйедей сияқты сезіледі екен.

 

СОНЫМЕН «МЕН» ХРУЩЕВТІ ҚАЛАЙ ҚҰРТТЫМ?

Қазіргі Сейфуллин көшесімен жоғары қарай жаяу өрлеп келе жатқам. Ол кезде бұл көше бұ­рынғы «Узбекская» деген атауымен алма-кезек қатар аталатын. Соның Құрманғазы көшесімен қиылысында бір пивнушка болатын. Ол кезде «сырахана» деген атау жоқ-ты. Күн қапырық ыс­тық. Таңдайым кеуіп, шөлдеп келем. Қалтамды тінткілей беріп едім, бар-жоғы 50 тиын ілікті саусағыма. Үйдегі бар ақша осы болатын. Соны алақанда ұстап, сыраханаға кірмеймін бе. Іші әдеттегідей ығы-жығы. Мен бір саптыаяқ сыра алмақпын. Ол 22 тиын тұрады. Сораптап іше бас­тайын. Мұндағылардың бәрі, бейне, арақ ішіп отырғандай саптыаяқтарын соғыстырады келіп. Бәрінің аузында – Брежнев, Суслов. «За Брежнева!» «За Суслова!» дейді дабырласып. Көңілдері көтеріңкі. Бастапқыда түк түсінбедім. Орыстардың дағ­дылы әуегейлігі шығар деп пә­лендей мән бермедім. Байқасам, дәл сол күні әлгі екі қайраткер Хрущевті орнынан тайдырыпты. Оның орнына Брежнев келіпті: «Бұл мәселені бірінші болып қолға алған едім ғой» деген бір ой жұмыртқалады кеудемде. Содан, әлбетте, бір саптыаяқтан артық іше қоймайтын көк қарын мен тұңғыш рет қалған ақшама тағы бір саптыаяқ сыра ішіп, Хрущев­тің түскеніне қайырлы болсын айтып, бет сипап, шыжыған ыстықта ақ тер-көк тер болып, трол­лейбустатып, үйге жетіп, қабырғадағы радионы бар даусымен күшейтіп, қосып кеп жіберейін.

Әйеліме: «Тыңда радионы! Хрущев түсті!» – дедім даусымды әдеттегіден көрі көтеріңкіреп. Ол Асхатымды жұбатқан болып, қолтығына қысып түрегелді. Мен келіншегімді құшақтадым. Үшеу­міз шыркөбелек айналып билеп кеттік.

 

«МЕНІ СОТҚА БЕР!»

Ол кезде үйде телефон жоқ. Тек бізде ғана емес, күллі алты кіре­шікті үлкен үйдің ешбір пәтері телефондалмаған. Еш­қай­да бармай жатып алдым. Сырт дүниеде не болып жатыр? Хабарсызбын. Үш күннен кейін радио­ға келдім. Сондағы көрініс әлі есімнен кетпейді. Бізде арықтұра, ұзын бойлы бір режиссер болатын. Аты Добрынин ғой деймін, ұмытпасам. Сыртқы есік­тен кіре бергенімде сол көріп қалды мені. Сол бойда-ақ ол қасыма жетіп келіп, құшақтап алды да қозы өңгерген қасқырдай (мұндай көріністі бала кезімде Ақкөл жайлауында көргенмін) мені оң иығына бөктіріп, жүгіріп ала жөнелді де сол күйі Мем­лекеттік комитеттің төрағасы Кенжеболат Шалабаевтың кабинетін теуіп ашып, «Пророк!» деп (бұл сөзді менің тұңғыш рет естуім еді) аяғымнан тік тұр­ғызды. Сол сәттегі Кенжеағаның қуанғанын көрсең. Ол кісі майданға қатыс­қан ғой. Бір көзі көрмейді, қысық. Екінші көзі от шашып, жайнап тұр. Ішкі ықыласы көзінен де, жүзінен де сезіледі. Орнынан тұрып, есік алдындағы мені айқара құшақ­тады-ай келіп.

– Шыдамды бол! Бәрін уақыт көтереді демеп пе едім. Сенің қызметтегі орныңа ешкімді де алмап едім. Әлі де бос тұр. Алдын ала мен де бір нәрсені сезгенмін-ау, шамасы. Өтінішіңді жаз. Бұйрық берем. Ертеңнен бастап жұмысқа шығуыңа болады, – деді Кенже аға бұрынғысындай емес, бұл жолы жылдамырақ сөйлеп.

Екеуміз оңаша қалдық. Кенжеаға кең кісі ғой. Ол:

– Біз өмірдің талай құқайын көрдік. Жасымадық. Сен де берік бол. Қиындықпен бетпе-бет келсең, боркемік тартпа, тайсалма. Бірақ өрепкіп, кеудемсоқ­тыққа ұрынба! – деді сөз арасында. Содан бір нәрсені еске тү­сіргендей сәл ойланып отырып:

– Орның бос тұр дедім ғой, – деді де – сен мені сотқа бер! – деді кенеттен.

– Жоқ, аға! Мен сізді неге сотқа берем? Жақсылық жасады­ңыз. Әкемдей қамқоршы болды­ңыз… – дедім аянышты үнмен.

– Жоқ, сотқа бер! Әйтпесе, қызметке алмаймын!

Бұл жолы даусы өктемдеу шықты.

Мен енді жылармандық күй кештім. Кемсеңдеп, көзіме жас үйірілді.

– Қызметке алмасаңыз да Сізді сотқа бере алмаймын, аға!

– Айналайын, Сұлтанғали, сен түсінбей отырсың. Үш айдай жұмыссыз жүрдің. Хрущевтің көзін жойдың. Сен енді заңды түрде қызметіңе оралуға тиіссің. Бірақ бос жүрген күндеріңнің еңбекақысын алуың керек қой. Оны жайдан-жай бермейді. Сондықтан сотқа арыз жаз! – деп мән-жайды түсіндірді.

Сотқа жауап беруші ретінде «Соңғы хабар» редакциясының жаңа бас редакторы Тілеухан Кенжебаев келді. Ұзын бойлы, түсі суықтау кісі. Орысшаға судай. Үні жұмсақ. Біз, қарауындағы қызметкерлер, оның жай айтқан сөзін (тапсырмасын) терең тоқып алуға тырысатынбыз. Оның алдында бүгежектемесек те кіші­пейіл­­ділік танытып, бір нәрсені бүлдіріп қоймас па екенбіз дегендей, қысылып-қымтырылып тұратынбыз. Осы еңгезердей кісіні сот процесінде судья орнынан жиі-жиі тұрғызды. Соған мен қатты қиналдым.

Судья, кейін естіп білге­нім­дей, Шымкент облысының (ол кезде қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы осылай аталатын) Созақ ауданынан екен. Пәмилиясы Сәр­сенбин. Ол үш ай бос жүрге­німе 641 сом алып берді. Бұл өте көп ақша. Басқаша айтқанда, Хрущевті «құртанымның» есесі қайтқандай болды.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір