ҚҰРЫЛТАЙДАН СОҢ  ДА ӨМІР БАР…
09.09.2016
1287
0

dollarphotoclub_64619559-700x459Қазақстан Жазушылар одағының кезекті Құрылтайларының алдында бой көтеретін «әдетті» дау-дамайға жауап әрі әріптестерімен ой бөлісу ретінде жазылған Берік Шаханұлының «Құрылтайдан соң да өмір бар…» атты мақаласы 2012 жылы 24 қыркүйекте өткен Жазушылардың XIV құрылтайы қарсаңында газетімізде жарияланған («Қазақ әдебиеті», 21-27 қыркүйек, 2014 ж. №39) еді. Көпшілік ризашылықпен қабылдаған осы ой-толғамды оқырман назарына қайта ұсынуды жөн көріп отырмыз.

berik

 

Берік ШАХАНҰЛЫ,
жазушы,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері

 

«Жыл өткенi жылғадан су ақ­қанмен бiрдей» деген сөз бар. Өмiр деген сол – күн артынан күн өтiп, жыл артынан жыл өте­дi – өлшеулi ғұмырдың қан­шауын артқа тастағаныңды бiл­мей де қаласың. Ал соның әр кү­нiн, әрбiр аптасы мен айын қа­лам ұстаған жандар өз ойымен оңа­шада өткiзiп, шабыттың құ­ша­ғында жүргенге не жетсін. Әде­биеттің басты міндеті – адам жа­нына ізгіліктің дәнін себу бол­са, қаламгердің өзі сол ізгі­лік­­тің шырақшысындай өмір ке­ш­се керек қой…

Бiрақ олай бола бермейтін тәрізді. Болдырмайтын жағ­дай­лар мен оңдырмайтын жандар болады екен. Жазушылардың арасы бұрын да дау-дамайсыз болмағанын бiлушi едiк, осы ор­та­ның ыстығы мен суығына өзiм де араласа бастағалы қа­сиет­ті қаламды араздық пен құ­раздықтың, өсек-аяңның құр­баны етіп, өзіне де, өзгеге де абыр­ойы жоқ тіршілік жасап, елді алатайдай бүлдіретін жаман әдеттің біздің арамызда кейінгі кезде тым кең етек жайып кет­кеніне әбден көзім жетті. Кезектi құрылтайымыздың табалдыры­ғында тұрғандықтан, қалың оқырмандар алдында берген бiр есебiмiз iспеттi болсын деп, соң­ғы жылдары Жазушылар одағы­ның басына үйiрiлген пәле-жа­ланың ең үлкенi – «алып қойды, жеп қойды» дейтiн қауесеттiң жай-жапсарына қатысты айтсам деп отырмын. Мен осы қасиетті қарашаңырақта қызмет еткеніме жиырма жылдан асыпты. Он алты жыл Нұрлан Оразалинмен тізе қосып, қанаттасып қызмет етіп келемін. Азаматтың адал­дығын, кісілігін, кеңдігін, іскер­лігін танып-білу үшін бұл аз уақыт емес.

Жаман сөз жатпайтыны бел­гiлi, соңғы жылдары: «Алматыда­ғы көз сүрiнiп, көңiл тоятын ғи­мараттардың бiрi – Жазушылар одағының үйi әр түрлi сұ­ға­нақ­тардың талауына берiлiптi… Басқарма төрағасы Одаққа бе­рiл­ген жерден жеке базар салып алыпты… Жазу­шылардың шы­ғар­ма­шылық үйiн жалға берiп, жалғанды жалпағы­нан басып жүр екен!..» деген сияқты өсек өрттей қаулады. Әр түрлi себептерге байланысты Одақ басшы­лы­ғымен алакөз болып жүрген өкпелерi қара қазан­дай кейбiр керауыздардың Құдайы берiп, көктен iздегендерi жерден табыла қалды да, әлгi сөздi үлкендi-кiшiлi жиын­дардың бәрiнде, баспасөз беттерінде көңiрсiтiп келеді. «Бәсе, болса болар. Пә­лен­шекең тегiн айтпайды ғой» дескен сыпсың сөз көбейдi. Көп­тiң аузына қақпақ боларсың ба? Тиiстi орындардан апталап емес, айлап жатып тексеру жүргiзiлдi. Бiр емес, бiрнеше рет. Салықтан да, қаржы полициясынан да. Тек­серулердің бәрі де Одақ басшы­лығының сүттен ақ, судан таза екенiн анықтады. Бiрақ «пә­лен­шекеңдер» оны құлақт­арына да iлген жоқ. Iлгiсi кел­медi. Құ­дай­дың өзi берiп тұрған «iлiктен» қайтіп айырылсын-ау.

Жала әңгімелерге жауапты төрағаның өзі бір емес, бірнеше рет айтты, жазды да. Екі Құрыл­тайда да, Одақтың пленумдарында да тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді. Ал біздің кейбір бәлеқор әріптестеріміз түсінсе де түсінбеген сыңай танытады. Ал мәселенiң мәнiсi былай едi.

Кезiнде Кеңес өкiметi алақа­ны­на салып аялаған Жазушылар одағы нарық келiп қарық боламыз деп жүргенде далада қалып, 1996 жылдан бастап қоғамдық ұйымға айналды да, өз күнiн өзi көруге мәжбүр болды. Бір кездері мемлекеттен аста-төк құйылған қаржы көздері тоқтады. Қазақс­тан­да жүздеген қоғамдық ұйым­дар бар, Жазушылар одағы сол ұйымдардың бірі болып қалғаны жасырын емес. Сосын Одақ басшылығы заман ағымына сай іс-әрекет етуге, өзiн-өзi қаржы­лан­дыру дейтiнге көштi. Ұйым­ның аппаратын, Одаққа уақытша (49 жылға) пайдалануға берiлген ғимаратты сақтау, оны күрделi жөндеу және күнделікті күтіп ұстау, алуан түрлi әдеби шаралар өткiзу, «Қазақ әдебиетi» газетi мен «Жұлдыз» және «Простор» журналдары сияқты әдеби ба­сы­лымдардың жарық көруiн қамта­масыз ету, жазушыларға әр түрлi жағдайда материалдық көмек көрсету, сондай-ақ, мерекелiк кештер мен белгiлi даталарды, елдiң түкпiр-түкпiрiнде әдебиет күндерiн өткiзу, қайтыс болған қалам­герлерді ақтық сапарға арулап шығарып салу қыруар қаржыны қажет ететiнi сөзсiз. Ал Жазушылар одағының сауып отырған сиыры, айдап жүрген жылқысы жоқ екенi және белгiлi. Сондықтан осының бәрiне қаржы тауып, жөн-жөнiмен өт­кiзу оңай шаруа емес. Қайта, на­рық­тық экономиканың қыс­па­ғынан жол тауып, бiр кезде азуын айға бiлеген ұйымды аздырмай, тоздырмай қиын­шылықтан алып шыққан Одақ басшылығына рақметiн айт­пағанымен, әлгi мысықтiлеулi «сыншыларымыз» құдай­шылы­ғына бақса болар едi ғой.

Тiптi, Жазушылар одағының қазiргi басшылығы оның тiзгiнiн қолына алған сонау  тоқсаныншы жылдардың орта кезiнде бұл ұйымның «Одақ» деген аты ғана болмаса, жағдайының қандай екенін бәрiмiз бiлемiз. Одақтың бiр кезде  Жазушылар ұйымының балансында болған ғимараттары ырың-жырың болып көрiнгеннiң иелiгiнде, «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кеткен-дi. Осы кезеңге дейін сол ғимарат­тарды талауға салғандардың бірде-біреуінің басылым бетінде атын атап, қалың қаламгердің алдында ұятқа қалдырмағанын – мен Нұрланның ішкі мәдение­тінің беріктігі және қаламгер қауымның ауыз­бірші­лігін ойла­ғаны деп білемін. Балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен тұр­лаусыз жылдарда солардың бәрiнiң ретiн тауып, құжаттарын қайта жөндеп, есiктен есiкке кiрiп, соттан сотқа барып, аудан­дық әкiмдiктерден бастап мемлекет басшысына дейiн барып, жағдайды түсіндіріп, қаламгер қауымның қарашаңырағын осы күйге жет­кізу­дің өзi қаншама күш-жiгердi, қажыр-қайратты, керек десеңiз, бiлiм мен бiлiктi қажет еткенiн көрмеген адам бiлмесе бiлмес, ал бiз соның бәрiн көзiмiзбен көрдiк.

Иә, өзiн-өзi қаржыландыру деген де оңай iстеле қоятын шаруа емес. Соған бiр мысал. 1998 жылы бiр топ жазушылардың Алматы қаласының әкiмiмен кездесуiнде қаламгерлердiң өмiрлiк маңызы бар мұқтаж­дықтары сөз болып, әңгiменiң тоқетерiнде Одаққа Жетiсу ау­данының аумағынан бiр жарым гектар жер жалға берiлген болатын. Одақ басшылығы соның көзiн тауып, жердi қосалқы жалға бердi де, «Натали» жеке фирмасы онда «Аягөз» дейтiн базар ашты. Содан ұйымның есебiне едәуiр қаржы түсiп, Жазушылар одағының шаңырағы астында кәдiмгiдей тiрлiк қы­зып, шығармашыл ұйымымыз едәуiр шырайланып-ақ қалған­дай едi. Бiрақ «ақша жүрген жер­де албас­ты жүретiнi» рас болып шықты: «Жазушылар одағы төрағасының жеке базары бар ек­ен» дейтiн сыпсың сөз желдей есiп жүрiп берсiн. Әңгiме әрi тарт, берi тартқа түсiп, талайдың жүйкесiн жұқартты. Ақыры «бастан құлақ садаға» болып, әлгi жердi әкiмдiкке қайтарып беруге тура келген. Сонда кiм ұтты, кiм ұтылды?.. Дау қуғандар сол әкімдікке барсын, сұрасын, құжаттарды ешкім көтеріп кеткен жоқ. Бәрі сақтаулы.

Бұл жөнiнде жазушылардың ХII Құрылтайында айтылып, оның материалдары кезiнде «Қа­зақ әдебиетi» газетiнде жария­ланды және «Әдеби өмiр ше­жiресi» атты кiтапта  да жарық көр­дi. Керек болса, төрағаның сол сөзінен үзінді де келтіріп берейін:

«Ендi базар туралы. Басын ашып айту керек, Одақтың да, Одақ басшысы менiң де ешқан­дай базарым жоқ! Бұрын да болған емес. Бұл «жаптым жала, жақтым күйенiң» керi! Қаржысы жоқ мекеменiң құлағына келген басшы не iстеуi керек? Той-то­ма­лағы бар, өлiм-жітiмi бар, бiр күн жүрсе, үш күн тоқтайтын авто­көлiктерiнiң түрi белгiлi. Жөндеу күтiп, тозығы жетiп тұрған ғимараты тағы бар… Өзге мекемелер секiлдi компьютер қондыру арман! Қаржы табудың көзiн iздедiк. Содан… Қала әкi­мiнiң көмегiмен жалға жер алдық. Ақшасы бар «Натали» деген фирмаға әлгi жердi жалға бердiк (субаренда). Содан қар­жы-қаражат түсiрдiк. Қазiргi таңда «даудың  басы  Дайрабай­дың көк сиыры болған» әлгi бар болғыр базардан (менiң сөзiм тек­серу-бақылау комиссиясы анық­таған цифрлар) 1998 жыл­дың 15 тамызынан 2002 жылдың сәуiрiне дейiн 12 миллион 530 000 (он екi миллион бес жүз отыз мың) теңге және 38,500$ көлемiн­де Одаққа дүние-мүлiк түрiнде көмек көрсетiлген (компьютер орталығы, Мерседес-Бенц-230, екi 3110 Волга автокөлiгi). Шарт­тағы­дан әл-денеше артық! Зат та, қаржы да Одақтiкi! Мен ұйым­ның ешбiр мүлкiн ешқайда алып кеткен жоқпын… Ешқайда алып кетпеймiн де… Әңгiменiң анығы осы».

Пәле-жаланың бiр парасы Жазушылар одағының Алматы­дағы Шығармашылық үйiне қатысты. Даукестердiң қоймай айтатыны: «Сонда барып, әке­мiз­дiң үйiнде жатқандай шалжиып жатушы едiк, шығарма­мызды жазушы едiк. Қазiр қайда сол жағдай?..» – деседi.

Ал шынында, Жазушылар одағының Шығармашылық үйiн қайыра алып, күрделi жөндеуден өткiзудiң өзi қаншама қиямет-қайым болғаны талай жерде айтылды. Сол Шығармашылық үйі қанша жыл жөндеу күтіп қаңырап бос тұрды? Алты жылға созылған қиын-қыстау жөн­деу­ден кейiн ғимаратты жиһаздау мен күтiп ұстаудың қиыншылығы тағы алдан шықты. Оған да қыруар қаражат керек болып, басшылықтың шақшадай басын шарадай қылды. Неге десеңiз, бiздiң ұйымның мемлекет ал­дындағы басым мiндеттерiнiң бiрi – ғимаратты «мұртын бұз­бай», мүжілдірмей сақтау бол­ған­­дықтан бұл мәселенi тездетiп шешу керек едi. Сақтай алмаған жағдайда, мемлекет 49 жылға жалға берген ғимаратын қа­йырып алу мәселесі сөзсіз туындайтын еді. Төрағаның табан­дылы­ғының арқасында Шы­­­­­ғар­машылық үй толық күрделі жөндеуден өтті. Жөн­деу­ден өткенімен оны бұрынғыдай Шығармашылық үй ретінде ұстап отыруға Одақтың мүмкін­дігі, яғни қаражат жағдайы бол­мағанын екінің бірі, тіпті оны қасақана кінәлап жүргендердің өзі де жақсы біледі. Жеке фирмамен келiсiм-шарт жасалып, Шығармашылық үйiнiң ғима­раты жалға берiлдi. Соның арқасында көптеген түйткiлдерi­мiздi шешiп, әр алуан әдеби ша­раларды қаржыландыруға және Одақтың күнделiктi шығында­рын өтеуге мүмкiндiк алдық, әрi осылардың бәрiне тап-тұйнақтай етiп есеп берiліп, секретариат жиындарында, Пленумдарда хабарлама жасалып отырды. Және бір айта кететін жағдай: амал­дың жоқтығынан жалға беріл­ген Шығармашылық  үйдің оншақты бөлмесін жазушыларға деп арнайы бөліп, сол бөлмелерге жатын орын құнын жеңілдікпен төлейтін етіп, (үш уақыт тамағы және барлық жағдайы жасалған) бұл заманда тегін ештеңенің жоғы белгілі ғой, сол жалға алушылармен келісімге отырған едік. Сол арзан бағаның өзін ауырсынды ма, жазушылар онда баруға құлықты бола қоймады. Бірен-саран ғана жазушылар барып жатты. Әлгі бөлмелер жыл бойы бос тұрды деуге болады. Мұның өзі Одаққа босқа шығын болған соң, ол бөлмелерді де жалға алып отырғандарға қайта бердік.

Осы әріптестеріміз Астана қаласынан қаламгерлерге бөлін­ген жер телімдерін айтудан, «із­деуден» жалықпай-ақ келеді. Керек болса, оған тағы да түсі­нік­­теме берейік. Бұл мәселе де маған жақсы таныс және оның құжаттарымен кезінде ті­келей мен айналыстым. Рас, Ақмола қалалық әкімшілігінің (1994 жылғы 29 қыркүйек күнгі № 3-1-492 Қаулы бойынша) ше­шімімен Қазақстан Жазушылар одағының 50 мүшесіне жеке тұр­ғын үй салу үшін арнайы жер телімі берілген. Астана қаласы әкім­дігінің шешімімен келісе отырып, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма секретариаты «Жер телімдерін бөлу» туралы арнайы Қаулы (Сек­ре­та­риат­тың 1999 жылғы №5 Қаулы) қабылдады. Сол Қаулы бойынша белгіленген қаламгерлерге жер телімдері бөлініп берілді. Бірақ Астана қаласы әкімдігі әр жер алған жазушымен жеке-жеке шартқа отырып, «бұл жерді бір жыл ішінде игересіңдер, иге­ре алмасаңдар қайтып аламыз» деген талап қойды. Белгіленген уақыт аралығында игерген азда­ған қаламгерлер өз жерлері­нің меншік құқығына ие болып қал­ды, ал үй салынбай бос тұрған жер телімдерін Астана қалалық әкімшілігі өз иеліктеріне қайта­рып алды. Мұның бәрінің тізімі бар, Қаулысы бар, керек адамдар­дың танысуына ешкім кедергі болған емес.

Жазушылар одағының Абылай хан даңғылы бойындағы бас­ты ғимаратымыздың бiр бөлi­гi де жалға берiлiп отырғаны ешқандай құпия емес. Ол да жал­ға алушылардың нақты аты-жөндерi мен төлемақысы көрсетiлген шарт жасау арқылы жүзеге асырылған. Одаққа түсе­тiн әрбiр тиын бухгалтерия ар­қылы өтедi. Бұған 2007 жылдан 2011 жылға дейiнгi қызмет қоры­тындылары бойынша биылғы сәуірден маусымға дейiн тексеру жүргiзген Алматы қаласындағы аудандық салық инспекция­сының ресми қорытындысымен мұқият танысқан адам қапысыз көз жеткiзе алады.

Қысқасы, Жазушылар ода­ғында жүзеге асырылған және асырылып жатқан үлкендi-кi­шiлi жұмыстардың бәрi-бәрiнiң есебi түгел, қаттама қағаздары да сақадай сай. Бармақ басты, көз қыстымен iстелiп жатқан ешқан­дай әрекет жоқ. Бiрақ сөйте тұра, «пәлен­шекең­дердiң» аузына да қақпақ жоқ. Екi адамның басы қосылған жер болса бiттi, айта-айта жауыр болған жайларды қайта бықсытып, жерден жетi қоян тапқандай арқаланып қа­ла­ды. Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа, жатсын шатасып дейтiн болуы керек. «Айтып-айтып ақылын, тартып кеттi ақырын» дегендей, бәзбiреулер­дiң көңiлi­не күдiк тастап, әңгiменiң ақы­рын да күтпей, жылыстап кете барады…

Несiн жасырайық, бiздiң қалам­герлер қауымында осындай да жайлар бар. Бұрын әлде­неше рет әңгіме болған осы мәсе­ле­лерге мен осы жолы қайы­ра соққанымның себебі – азаматты нақақтан-нақақ күйдірмеу керек. Істеген ісіне оң баға беру керек. Ал кейбір жолбике басылымдарда Оразалин басқаратын, қазақ руханияты­ның төрі саналатын Жазушылар одағының атына, Нұрланның өзіне, айналасына қатысты қандай ауыр сөздер айтылмады?! Өткен тари­хы­мызға өрт салып, ұлт биігіне көтерілген кешегі алып ақсақал­дарымыздың аруағын қорлауға дейін барған жоқпыз ба? Жөн-жосықсыз сөйлеп, сөз бостанды­ғы деген осы екен деген кейбір әріп­тестері­міздің аузынан ақ ит­тің қалай кіріп, қара иттің қалай шыққанын да көріп келеміз… Ұят! Қаламгер атымызға келетін ұят­ты ұмыттық. Жала жауып, кү­йе жағудың да шегі бар емес пе?

Халқымыздың қайталанбас ірі тұлғаларының бірі, қазір бүкіл қазақ жұртшылығы 100 жылды­ғын қызу тойлап жатқан Д.Қо­наев туралы ақсақал жасына кел­ген бір қаламгеріміз «Үш қоңыр» газетіндегі мақала­сында былай дейді: «…қазақ тілін біл­мейтін және оны дүниежү­зіндегі артта қалған, қойшының тілі деп есептейтін, өзін ұлтсыз­данған общепланетарный гражданин деп санайтын Олжасты қазақ жазушыларын басқаруға қою, орта­қолды жорналшы Хәкім­жан Қазы­баевты СК-ның идеология­сының хатшысы қою, одан Д.Қонаевқа ЦК КПСС секретары Егор Лигачевтың: «Почему вы мне направили этого дундука!» деп ұрсатыны бәрі де сол кездегі Д.Бекежановтың «Татар шалды» сыртынан билегені болатын. Қазіргі кезде бір топ жағымпаздар Д.Қонаевты «Үйсін» етіп шежіре жазғанымен, Қо­наев­тың аталары ХІХ ғасырдың орта  шенінде Татарстаннан Қазақ ішінде дін тарату үшін келгендігі жөнінде 1980 жылдары-ақ айтылып жүрді, оны Дулатқа айналдыру кімге қажет».

Ал қазақ әдебиетінің тең­дессіз классигі, рухания­тымыз­дың ары мен беделі саналған Ғабит Мүсірепов туралы «…шалды (Ғабитті) Өтежанша айт­қан­да, үлек бураша тарпып өлтірдім ашуым келіп жүргенде. Тахауиша айтқанда, оң жамбасыма келгені кәрі сайқалдың». «Өзінен басқа жазушының абырой-беде­лінің барлығына қызғаныш­пен қарай­тын Ғабит көкеміз». «Бекежанов Ғабитті әрқилы кү­мән­ді қадам­дарға айтақтап отырды» деген жолдар бар.

Жақында дүние салған бел­гі­лі қаламгер осы газетте жа­рия­ланған өз мақаласында 75 жыл­дығын әріптестері мен рес­­пуб­лика жұрт­шылығы абыроймен атап өткен Қазақстан Жазушылар одағы жайында: «1937 жылы жаз­ба әде­биеті­міздің негізін сал­­ған алғаш­қы қар­лығаш­та­ры­мызды атқыз­ған да, қуғын-сүр­гінге ұшы­ратқан да, енді пә­лен­бай  жыл өткен соң, ұял­май-қызармай  соларды «алып-салып», т.б. деп дәріптеп жүрген де осы Одақ! Сол қыл­мысы үшін бүгінгі Одақтың ха­лық­тан, жа­зықсыз жазаланған жазу­шы­лар­дың  рухынан кешірім сұрау деген ойында да жоқ! Қалай десең де, Кеңес билігінің сойыл соғары болған Жазушылар одағы­ның екі қолы қан-қан… Сәбет билі­гі­нің қолшоқпары боп, екі қолы қанға әбден боял­ған, шы­ғарма­шы­лық ұйым болудан баяғыда қал­ған, бүгінгі Одақты, тарихқа кет­кен Сәбет өкіметі сияқты та­рату керек» деп шорт кеседі.

Бұл мақалада: «Орталық Ко­митеттің идеология хатшысы Кол­биннің көтерген кадры Ө­­.Жә­нібеков» деген де жолдар бар. Сонда Колбин келген 1986 жылға дейін Қазақстанда Өзбек­әлі Жәнібеков деген қайраткер қазақ жұмыс істемеген бе?! Колбин оны Ресейдің бір облысынан ертіп әкелген бе?

Осы мақалада «Оразалин… Одақтың жиналысында жазушы Б.Қойшыбаевқа «сені өлтірем! Баскесерлерім сыртта дайын тұр!» деп қоқан-лоққы жасаған. К.Уәлиев ақырында әдебиет­шілерден естуімше, Оразалинге қарсы бір сөз айтқаны үшін «сол баскесерлерден» таяқ  жеп, он екі қабырғасы он екі жерден күл-талқан боп, ауруханадан бір-ақ шығыпты…».

«Бүгіндері Одаққа Оразалин­ді ұнатпайтындардың, Кәдір­бектің қамытын кием демесе, қасына «оққағатын» кісісін ертпей жеке баруы қауіпті болып та қалды», – дейді.

Осы кісі сенетін сөз бе?! Бұл жиналысқа жүздеген жазушы қатысты ғой. Солар осы жазға­ныма күлер деп те ойламағаны ма?!

Бұл мақалаларда  ақырында әдебиетіміздің мақтаныштары І.Есенберлин, Ә.Шәріпов, Ә.Әлім­­­жанов, С.Мұратбеков, т.б. ту­ралы да нелер ғайбат сөздер айтылмады. Бұл қазақтың өлі­сіне де, тірісіне де бұлай мұрын шүйі­ріп кекетіп-мұқатып, қара­лай берудегі мақсаты не бұл ағайын­дардың деген ойға қала­сың. Кім айтқызып отыр?.. Не үшін айтқы­зып отыр?..

Осындай нәрселер қаламды қастер тұтқан менің жанымды жегідей жеді.

Мен бұл сөздерді айтпауға болмайтын болған соң ғана айтып отырмын. Нұрлан үшін ғана емес, әрі-беріден соң азаматпен қатар жүріп, адал қызмет еткен күндер мен төраға ісінің  ақ, адал екеніне сеніп, қолды болған, көрінгеннің талауында кеткен игіліктерімізді   (ғимараттарымыз бен басылымдарымызды) қай­тару жолында бізбен бірге бол­ған, бірге жүрген, бүгінде арамызда жоқ ардақты аға­ларымыз бен аяулы іні-бауыр­ларымыздың әруақтарының алдында арылу үшін де айтып отырмын…

Кезінде осы Одақты сақтап қалуға қажыр-қайрат жұмсаған, қазір арамызда жоқ ақсақал­да­рымыз – Ә.Әбішев, Д.Әбілев, Х.Ерғалиев, Қ.Қайсенов, Ә.Нұр­шайықов, С.Шәймерденов,
З.Қа­б­долов, С.Мұратбеков, З.Серік­­қалиев, Қ.­Тұрсын­құлов­тардың: «Нұрлан, мына Жазушылар одағының іргесін Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар, Сәбит, Ғабит, Ғабиден тәрізді арыстарымыз қалаған, солардың іздері бар, рухы сақталған ұлтымыздың қасиетті ордасы. Саған сеніп осы Одақтың тізгінін ұстатып отырмыз. Бізді керек шаруаңа жеге бер. Жаныңнан табыламыз. Бұл жер қазір тозыңқырап тұр. Осы­ның жағдайын дұрыстауға ба­рың­ды сал. «Нарықтың кезеңі, қиындық болды, қайтеміз енді деп… мына шаңырақты құлатып, Одақ­ты тарқатып алмаңдар шы­рақ­тарым. Сендерге аманат», – деген әңгімесінің куәсі болып едім. Нұрлан сол ағаларының аманатын ақтау үшін аянбай табандылық танытты деп ойлаймын.

Бұл Құрылтай да өтер. Қазақ дейтін адал жұрттың адал ойлы қаламгерлері өз таңдауларын жасар. Құдай-ау, Құрылтайдан кейін де өмір бар емес пе? Артымыздан еріп келе жатқан жас ұрпақтың алдында осыншама ауыр әңгімелерді айтып-айтып алып, ертең біріміздің жүзімізге біріміз қалай қарайтынымызды естен неге шығарамыз?!

Соңғы  уақытта   әлдекімдер­дің (аттарын атап, түстерін түстеудің өзі ұят) жазған арыздары бойынша бірнеше ай тағы да тексеру болды. Төраға ресми тексеруге қоса, «арыз-құрыз» айтушыларға дәйекті жауап болсын деп, тәуелсіз аудит ша­қыртты. Бұл жолы да басшы­мыз­дың төзімі мен табандылығы сынға түсті… Тексеру екі айға созылды. Ақы­ры, мәресіне жетті. Ұзын-ырғасы жеті-сегіз айға созылған ұйым  айнала­сын­дағы өсек  пен  өрттің  жалған­дығы дәлелденді. Өтірік өрге баспайды, әділдік жеңді. Тиісті орындар өз шешім­дерін берді. Сонда «Аққа – Құдай  жақ» деген тәмсіл еріксіз ойыма оралды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір