БІЛІМ ДЕГЕН НЕ НӘРСЕ БҰЛ?..
09.09.2016
5024
0

oboi-na-rabochij-stol-1280x1024Адам айтқан сөзінің ғана емес, алған білімінің де құлы. Мәселен, маған бір ой келді дейік: «Адамның жауы – адам!». Ендігі мәселе – осы сөзді дәлелдеу. Айтып қалған соң қалай да елді сендірмек керек. Не істеймін? Аздаған оқыған-тоқығанымды сүзіп, арғы-бергі ғұламалардан сөз іздеймін. Сеніңіз, шын іздесеңіз көп қиналмай-ақ дәл осы «теореманы» дәлелдейтін мыңдаған «теория» таба аласыз. Қадыр Мырза-Әли «Жалпы, адамға жақсылық жасауға болмайды», – деп салады күнделігінде.


Алмас НҮСІП

Оны оқыған бір журналист эфирде сұрап жатыр: «Бұл қалай болғаны?». Ақын сасқан жоқ: «Адам көңіл-күйіне байланысты не айтпайды? Бұл да сондай бір ренішті кезде айтылып қалған сөз ғой. Әділ болу үшін, осы сөз айтылған (жазылған) сәттегі жағдайды ұмыт қалдыруға болмайды. Әйтпесе, бұл – Қадыр ешкімге жақсылық жасамапты дегенді білдірмейді». Шамамен осылай. Ал мен ақын айтқан кейінгі уәжді саналы түрде аттап өтем. Дәл қазір маған тиімсіз. Маған керегі әлгі бір ауыз сөз: «Ма­ған сенбесең, Қадыр осылай айтқан» деу үшін. Оған тоқтағың келмей ме? «Адам – адам­ға қасқыр» дегенді естуің бар шы­ғар? Оған да тоқтамасаң,не көп, құдайға шүкір, біз естіген соғыс көп. Солардың қалың тізіміне тұшынбасаңыз, сол аласапырандар жайлы жазылған қаншама шығарма, қаншама сөз бар. Соның кез келгенінің ішінен жан түршігерлік қасапты оқиғаның бірнешеуін суырып алып, алға тартасыз. Оппонентіңіз де қарап қалмайды. Негізі, оның не уәж айтатынын, кімдерге жүгінетінін сіз де жақсы білесіз. «Адам – адамға дос, бауыр». «Адам күні адаммен»… Көп қой. Сіз жорта түршігіп отырған соғыстан ол да мысал келтіреді. Жолдасын жауға тастамау үшін ерлік жасаған жауынгер аз ба, соны сөйлеп бір кетеді. Немесе жауының өзіне жақсылық жаса­ған мәрттікке де мысал жетерлік.Енді қараңызшы, осы бір мәнсіз тартыстан кім не ұтты? Не дәлел­дедік? Тартыстың нағыз қызған шағында даудың негізгі арқауы екінші кезекке сырғиды. Таразы­ға сіз бен біздің біліміміз түскен. Кім көп біледі? Кім көп һәм әдемі сөйлейді?.. Сонша уақыт ырғас­қандағы бар тапқанымыз – азды-көпті, жаманды-жақсылы оқы­ған-тоқығанымызды көрсетіп қалу­ға тырысыппыз. Әйтеуір бірдеңе білетінімізді дәлелдеген болыппыз. Бары – сол. Бекен ақса­қал айтпақшы, «Абай жарық­тық кө­мекке келеді де тұрады»: «Не таптық мұныменен деген жан жоқ, Түні бойы күпілдер құ­сын мақтап» (Абайды айту үшін ата­сының сөзін білетінін де көр­се­тіп қалыпты десеңіз – ер­кіңіз).

Германияның Бонн универ­ситетінде қызмет ететін тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Кенжеахметпен сұхбаттасқанымызда осы мәселе­ге қатысты сұрақ қойып едік. Ол айтады: «Германияда мансап, ақша, абырой-атақ ешкімді қы­зық­тырмайды. Білімің болса құр­меттелесің, әділ бағаңды ала­сың. Профессор мен студенттер тепе-тең, ой-пікірлерін алмастырып жүре береді. Ал біздің елде ғылымға деген көзқарас басқа­шалау. Өзін ғалыммын, доктормын деген адамдармен тіл табысу өте қиын». Мына сөзден кейін қанша тырыссақ та профессормен емен-жарқын сөйлесіп отыр­ған студентті көз алдымызға ел­ес­тете алмай-ақ қойдық. Рас, бізде де еркін сөйлесетін кездер бо­ла­ды. Бірақ ғылымнан сырт, қыз­мет бабынан тыс уақытта. Ұс­тазыңның көңілі соғып, жас­тық шағындағы қызықтарын айтып шалқып отырған бір кезін­де ғана. Ертеңіне мүлде басқа жан­ды көретінсің. Бойына то­ғыт­пайды, жанына жуытпайды. Профессор мен студент арасында ғана емес, шығармашылықтың кез келген саласында осылай. Кей­де «Бәленшекең жас екен де­мей, Түгенбайды қасына ертіп, ақылын айтып, жол сілтеп, адам қылыпты. Талантты жазбай таныпты» деп аузымыздың суын құртып жататынымыз да осындай тепе-теңдіктің, еркін қарым-қатынастың жоқтығынан болса керек. Ал Германия жақта ешкім ешкімді адам қылмайды. Талан­тың­ды танып та әуре болмайды. Жай ғана пікір алмасады, мінде­тін орындайды – міндетсіну жоқ. Қолыңнан іс келетін, білімге құ­мар жас болсаң қасына алып, қызмет ұсынады. Ал бізде жұрт­тың бәрі – ұстаз бен шәкірт бол­мақ­қа құмар. Себебі, біздің түсі­ні­­гіміздегі білім – білімсізге ақыл айту үшін керек. Сауатсыз­дығын бетіне салық қылу үшін. Өз ар­тық­шылығыңды көрсету үшін. Өзін жұрттан жоғары санау – адамды кез келген салаға қа­тыс­ты пікір айтуға жеткізеді. «Талантты адам – бар тарапта талантты», қандай сұраққа да өз көзқарасын білдіруге хақылымын деп ойлайды. Біз ә дегеннен-ақ жалтақ күйге түсіппіз. Білім­ді­лер­­дің ал­дында өзімізді әлжуаз, қораш сезінетін психология пайда бол­ған. Біздің ұғымымызда білімді болсаң – жұрт сенен име­ніп тұра­ды. Қайтесің, онда бар теле­гей-теңіз білім сенде жоқ, айдан бір үзім, күннен бір үзім сәуле сұрап, жарқырап көрінуге тыры­са­сың. Бұл тыраштық – қызыл сөзді құр сапырып, әлдебір тео­рия­лардың бодауында кететін адасумен аяқталады. Ешкім оқы­майтын, оқыса да ештеңе ұға қоймайтын, әлдебір әдеби терминдерден мұздай сауыт құрсан­ған ғылыми еңбектің авторы екен­дігін малданып, қаншама ғы­лым докторы жүр. Мұндай дең­гейге жетудің тағы бір «жолы» – білімді болуды жойдасыз көп оқумен өлшеу. Анығында, білімді болу – оқу ғана емес еді ғой. Оқу бар да, сіңіру, түсіну бар. Мұхтар Мағауин жас кезде, адам жады­ның тұнық шағында алған білім­нің артықшылығы мен білімге кеш жетудің зардаптары туралы айтатын. Кеш жеткен білім – адам­­ның бойына жұқпайды, сал­­дырлап сыртында жүреді дей­ді. Салдырлап сыртта жүретін білім – сылдыр сөзге айналған бос дабыра, әшейін мақтан үшін ғана кәдеге асатын көпе-кө­рінеу құр жылтырақ. Ғылыми ең­бек дегенді жұрт біле бермейтін әдеби терминдермен жасанған дүние жазу деп түсінуіңізге болады. Өйткені, ғылым – қатардағы адам­ның қолына түсе бермейтін, өресі жете қоймайтын жұмбақ дүние. Қазақ айтатын «оқу өтіп кеткен» деген жағымсыз тіркестің мәнін осы төңіректен іздеп көруге болатын сияқты. Әдетте, «оқу өтіп кеткен» – басқа бір әлемге кіріп алып, шыға алмай қалған қиялиларға телінетін. Тым қатты кетпей-ақ, сәл жұмсағырақ қара­сақ, есі дұрыс есептелетін қатар­дағы ізденушіге де белгілі деңгей­де «оқу өтеді». Қол жеткен мен алдыға келгенді талғамсыз қыл­ғыта беру – білігіңді арттырады дегеннен гөрі, эстетикалық ауыт­қушылыққа ұрындырады. Тал­ғам­сыз білім жинаған жан, түкке тұрғысыз дүниені де талғамсыз тал­дай береді. Керек болса, әлде­бір ­түсініктер мен ағымдарды ал­­ға тарта отырып, сіз ештеңе тап­­паған, түкке тұрғысыз шығар­ма­ны – шедевр жасап бере алады.

Тұрсын Жұртбай бір сұхба­тында Лондоннан келген ағыл­шын тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шекспирдің «Боламыз ба, жоқ па?» деген сөзін түсінбеді дейді. Лондондық мұғалімнің сондағы айтқан уәжі: «Мен «Гам­леттің» емес, «Король Лирдің» маманымын» дегенге саяды. Біз бәрін білеміз ғой, бұл сөзді көп қолданамыз. «Гамлетті» оқы­май-ақ, сөз арасына қыстырып жібе­ре­міз. Гамлеттік қатал сұ­рақ… Себебі, біз оқыған азған­тай аға­лардың бұл турасында айт­пағаны жоқ. Міне, сол үшін бізге етене таныс. Жүре келе модаға айналдырып жібергенбіз. Біздің әде­биетте кәрі-жас демей жарыса қолданатын, модаға айналған осындай бірқатар цитаталар бар. Әлгі Хемингуэйдің өзіне тиесілі даңқ қонбаған жазушы туралы сөзі, Толстойдың бір-біріне ұқ­сай­тын һәм ұқсамайтын ба­қыт­ты-бақытсыз отбасы туралы айт­қаны, әлемді құтқаратын сұлулық туралы Достоевскийдің ләмі… Кете береді. Және әр қол­данған сайын жаңалық ашқан­дай, алтын тапқандай: «әйгілі Джек Лондон бір сөзінде былай дейтін еді (сөйлеу мәнеріне назар аударыңыз): «Шабыт қашан келеді деп қарап отыруға болмайды, оны қуып жүріп, шоқпармен соғып алу керек». Лондонның бұл сөзін естімеген адам аз шығар осы… Ал біз әр мақаламыздың, әр сұхбатымыздың басына шабыт шақырар, шымылдық ашар сөз ретінде тықпалап бағамыз. Мойындау керек, бұл сөзді қайда, қашан айтты, біле бермейміз. «Достоевский «Әлемді сұлулық құтқарады» деген сөзді «Идиотта» айтыпты ғой ә?» деп таң­данып келіп еді бір досым. Біз де бәлсіне қалдық: «Соны енді біліп жүрсің бе?!». Анығында, Федор ақсақал бұл сөзді бір жиын-тойда, әлдебір сұлу әйелге комплимент ретінде айтқан шығар деп ойлап жүргенбіз. Бір қызығы, «Бәленшекең айтпақшы…» деп басталатын осындай сөздер маған қазақтың тойында ай­тыл­ған сияқты елестейді. Айт­қыш­тығымызды алға тартып, кез келген жерде бірдеңе деп қалуға, жұртты ду күлдіруге, таң-тамаша қалдыруға тырысып жүретін басымыз, әлгіндей сөздердің көркем шығармадан алынатынын ойламайды екенбіз. Біздің «білімқұ­мар», тойымсыз өңе­ші­міз­ді тығындап, осыншама  азық тауып берген, тіміскілеп жүріп, теңізден маржан сүзген оқы­мыс­тыларға мың алғыс! Олар болмаса…

«Мен «Король Лирдің» маманымын» дейтін ағылшынға сауатсыз екен деп қоя салмай, өз шамасына қарай саласын таңдай білген қанағатшыл жан екен деп те қарауға болады. Рас, ілім іздеу­де қанағатсыздық жақсы мәнге ие. Бірақ қанағатсыздық­тың жөні осы екен деп әрненің басын бір шалып, не анда, не мұнда жоқ дәлдүріш болып шығудан табар не мұрат бар?! «Әрнеге әсемпаз­дық» шығар осы бізді өсірмей жатқан? Шекспирдің бір пьесасын зерттей тұра, екінші бір пье­сасы жайлы білмейтінін  еш  қы­сылусыз айта салатын ағыл­­­­шын­ның ғылымын қа­раң­ыз, мектеп оқушысына дейін «Шекспир айтпақшы…» деп, қарап тұратын біздің ғылы­мы­мыз­ға қараңыз. Біреуді мақтағы­мыз келсе, жан-жақтылығын, өн­ер­дің бүкіл саласына ерен еңбек сіңі­р­ген зор тұлға екенін айтумен жағымыз талатын әдет – бізді «сегіз қырлы» болуға мәжбүр­лейді. Осыдан кейін бір ғана салада еңбек етуді кім місе тұта қойсын?..

Тарихты оқытқанда ең алдымен қандай жағдайда да эмоцияға жол бермеуді үйретеді екен. Ал бізде бүгіндері тарихшы да – тарихшы, әдебиетші де – тарихшы. Қызылкеңірдек болып таласамыз да жатамыз, көп білгеннен. Ішімізге сыймайды, аздаған білгенімізді (естігенімізді) қи­сын­ға салып, жоталап соғып отыр­амыз. Шет елде жүрген қазақ профессордың мына бір сөзі де көкейімізді дәл басады: «Тәуелсіздік алған соң, тарихи ұста­нымы мен дәстүрінің орта­сын­дағы біртектілік жойылған бұрынғы бодан, бүгінгі жас мемлекетте бір топ тарихшылар сах­наға шықты. Кәсібиліктен гөрі әуесқойлық басымдау. Сапырылысып жатқан қоғамдағы сөз бостандығы логикалық тұрғыда (нақты емес) тарих жасауға жол беріп алды».

«Кітапты көп оқыған ғой, тіл байлығы жақсы». Біздің ел оқу мен тоқуды осы төңіректен іздейді. Білімді адам – алдымен шешен болуға тиіс. Сосын, есте жоқ ескі замандарда өткен тарихи, аңыз оқиғаларды, би-ше­шен­дердің сөз тартысын, ханнан қаймықпаған отты ақынның уытты өлеңін білуге міндетті. Оғ­ан қосымша, ыңғайы келіп жатса, сөзі түгіл атын да естімеген шет елдік жазушылардан бір-екі үзім, ешкімнің қолына түспейтін әлдебір жұмбақ кітаптан азғантай ғибрат. Осы аталғандарды игерген күні, тыңдаушыңыз бас шұлғымаса маған келіңіз. Оқы­ған-тоқығанды іске жарату деге­ніңіз, міне, осы.

Кейде білмекке құмарлық– бізді шексіз тәкаппарлыққа жетелейді. Ағасының жағасына тура жармаспаса да, балағынан тартқандай болып, аракідік кей­бір пікірлеріне қарсылық білдіріп қалып жүретін жас жігітке екінші бір ағасы жанашырлықпен ескер­тіпті: «Ол, керек болса, сені тарпып тастайды ғой». Керек болса… «Әшейін, кеңдік танытып, ке­ші­рім­мен қарап жүр. Бүйте бер­сең…» деген сөз. Әр әрпінен үрей есетін кереметтей сұсты, қатал ескерту. Дүниенің жарты ілімін қотарып ішкен, даналыққа жеткен жан кәріне мінбесін де. Кәріне бір мінді екен, тұяғының астынан бір-ақ шығасың… Демек, белгілі бір деңгейге жеткен білімді жанға былайғы жұрттың (төменгі деңгейдегі) ой-пікірі мүлде қызықсыз. Білімді «тарпып тастау» үшін жинайтын біз үшін ғылымға деген махаббат, шығармашылыққа  деген адал­дық соңғы кезектегі елеусіз дүние са­налатыны сөзсіз.

«Білімім жеткен жерге дейін адал­мын» дегенді айтқанда, атақ­ты жазушы нені меңзеді екен осы?..

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір