«АҚЫНДАР БІРІНІҢ ӨЛЕҢІН БІРІ ЖАТҚА ОҚИТЫН»
09.09.2016
3145
0

zhazushyҚарашаш – Қазақ өлеңінің жарық жұлдыздарының бірі Тынышбай Рахимовтың жары. «Ақынға жар болу оңай шаруа емес. Азабы да, тозағы да көп, бірақ бақыты одан да асып жатыр», – дейді бізге берген сұхбатында. 12 қыркүйекте, тірі болса, жетпісін тойлар азаматтың жары ақынмен бірге өткізген уақыт, сол заманның әдеби келбеті, ақын замандас­тары жайлы төмендегідей сыр шертеді…

 

– Сұхбатымызды ағамен таныс­тық­тан, ағаның тырнақалды өлең-жырлары туралы әңгімеден баста­сақ…

– Мен ағаңмен шаңырақ көтер­генде ақынға тұрмысқа шықтым деп ойлаған жоқпын, жаным. Екеуміз бір мектепте оқыдық, бір ауылда өстік. Тіпті, көрші тұрдық. Тұрмыс құрғанда мен он тоғызда едім, ағаң жиырма бірде болатын. Ауылда жүргенде-ақ ән айтып, домбыра шертетін, түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын. Әуелі мектепте жұмыс істеді. Соңыра Жамбыл облысының Жамбыл ауданында екі тілде «Шұғыла» деген газетте Жа­уапты хатшы қызметін атқарды. Кейіндеу облыстық газетте бірлі-жарым өлеңдері шыға бастады.

Біздің буын, өзің де хабардар шығарсың, кітапты жата-жастана оқитын ұрпақ болдық қой. Әңгіме, романдарды қызыға, құныға оқыға­ныммен, поэзияға, өлеңге аса құ­март­пайтынмын. Тіптен, ағаңмен отау құрғанша, поэзияны ерекше мейірленіп оқып та көрмеппін. Газеттерде ағаңның бір-екі өлеңі шық­­ты, оны маған әкеп оқытты. «Жарайды, жақсы екен», – дедім.

Өлеңі көпшілікке таныла баста­ған  ағаңды  Фариза апасы «Қазақ­стан пионері» газетіне қызметке алды. Өлеңдері респуб­ликалық газеттерге де бірте-бірте шыға бастады. Ағаң­ның жас кезі, жалындап тұрған шағы. Оңашада маған: «Мық­ты ақ­ын екенімді әлі-ақ дәлел­деймін» – дейтін мерейленіп.

– Алматыға қай жылы келдіңіз­дер?

– Алматыға 1975 жылғы 26 сәуір­де көшіп келдік. Ағаң Фариза  апайдың  қарамағына, «Қазақстан пионеріне» хат бөлімінде қызметін бастады.

– Ол кездегі Алматы қандай еді?

– Ол кездегі өмір жайбарақат еді. «Қой үстіне бозторғай жұмырт­қала­ған» заман еді ғой. Жақсы заманда өмір сүріппіз қой. Ақындар бір-бірінің өлеңін жатқа оқитын. Ақындар ғана емес, жалпы көп­ші­лік­тің өлең-жырға, әдебиетке деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Тәкеңнің ең жақсы көрген ақыны – Жарасқан Әбдірашев болатын. «Ақ бұлақтар.Алқынған ақ бұлақтар. Алдың көк­тем. Артың жаз. Шапқылап
қал», – дейтін өлеңі бар ғой. Соны ерекше екпінмен оқитын. «Мынау ана ақын­ның  жаңа  өлеңі, тың­дашы», – деп күнде шәй үстінде өлең оқып береді. Ол кездегі ақын­дардың алғашқы өлең жинақтары пышақ­тың қырындай ғана жұқа кітап бо­лып жарыққа шығады. Сол кітап­ты түгел оқып, маған тың­дат­пай, ағаңның көңілі көншімейді. Кейде: «Кейінірек оқышы», – десем де, «Мі­не, мына өлең қандай керемет, тыңдашы», – дейтін. Мен сөйтіп жүріп поэзияға құмарттым, тіптен өлең­ге ғашық болдым десем де болады. Кешкі шәй үстінде Тәкең Жа­расқанның, Сағи ағаның, Тұман­бай ағаның өлеңдерін оқиды. Қатар­ластарының бәрінің өлеңін жатқа біледі. Сөйтіп, ағаңның өлең-жыр­ла­рын оқумен, өзі мен балаларды күтіп-баптаумен, түрлі поэзия кеш­те­ріне қатысып, сондағы оқылған өлеңдерді бірлесе талдап-талқы­лаумен жастығымыз өтіп жатты.

1976 жылы Тәкеңнің тұңғыш өлеңдер жинағы «Он сегіз – гүл дәу­рен» жинағы шықты. Бір жылдан соң, «Қаратауым – ақ отауым» деген тағы бір жинағы жарық көрді. Қа­тар­лары Жарасқан, Кеңшілік мар­құм «Сен өзің дап-дайын ақын болып, қоржыныңды толтырып келіп­­сің ғой», – дейтін.

Тұңғыш жинағына пікір өте жақ­сы болды. Құрттай жинақ өмі­рінде үлкен орын алды. Мынау ақын екен-ау деген ой маған да кел­ді. Өзі: «мынау тұңғыш кітапты үйге әкелгенде жылап жібергенсің» деп отыратын.

– Ақынның, өнер адамның жарысыз ғой, жалпы олардың тағды­рындағы ерекшеліктер туралы не айтар едіңіз?

– «Тегін адам таз бола ма» деген сөз бар ғой. Ағаң сегіз қырлы, бір сырлы жігіт  болды. Отбасы болға­сын әлденеге ренжісіп, өкпелесіп қала­сың. Ондай сәттерде ағаң қолына домбыра алып, менің жақсы көретін әндерімді орындап беретін. Жақсы әнді тыңдаған менің де ашуым бірден басылатын.

– Мәселен, қандай әндер?

– Мысалы, Ілағаңның «Меңді қызы». Майра Жүрсінова деген әнші болды. Сол кісінің орындауындағы әндерді ұнататынмын. Ағаң күй де тартатын. Жамбылдағы Мәдениет училищесінің домбыра және дири­жерлік мамандығын бітірген ағаң бірнеше аспапта қатар ойнай алатын.

– Тынышбай аға Алматыға келіп, бірнеше газет-журналдарда қызмет етті. Қатарлас достары, ақын-жазушы жолдастары кімдер еді?

– Тәкең марқұм газетке орналас­қаннан кейін тұңғыш рет Қызы­лор­даға іссапарға шықты. Келе сала: «Қареке, мен керемет жігіттермен та­нысып келдім», – деп, Асқар Кіре­баев пен Иранбек жайлы айтты. Екеуінің де өлең-жырлары­мен бұрыннан да таныс қой. Сол сапарында отбасымен жақын танысып келіпті.

Бір күні жұмысына хабарласып едім, «Бүгін үйге кісі келеді, дайын отыр», – деді. Тоңашызтқыштағы аз ғана етті асып, майда-шүйде салатты жасап, күтіп отырмын. Сағат кешкі жеті болды, хабар жоқ. Түнгі онжарымдарда Иранбек Оразбаев, Темірхан Медетбеков, Ибрагим Иса, Бақтыгерей Ысқақовтармен бірге үйге сау ете қалды. Шәй дайындап жатыр едім, Иранбектің жүрегі
ауырмасы бар ма? Мен асып-сасып шай да беріп жатырмын, ыстық сүт те беріп көрдім, жедел-жәрдем ша­қырт­тық. Иранбектің өзіне жарасатын бір мінезі бар ғой. Өзіне келген соң, Тәкеңе: «Мен жазылдым, өлетін халден кеттім. Енді бір ғана өтінішім бар, таң атқанша маған әйелің ән салып отырса болды», – дейді.

– Сіз ән саласыз ба?

– Аздап ән салатыным бар. Ба­уырларым: «Қарашаш өзі де әнге құмар болған соң Тынышбайдың әніне ғашық болып тиген», – деп әзілдеп қоятын.

– Қатарластар, замандастар бір-бірінің өлеңін ғана жаттап қоймай, бір-біріне сын да айтқан болар?

– Олар қай кезде де шынын айтатын. Мақтаса, шын мақтайтын, сынаса  да солай еді. Шын сынағанға бір-біріне ренжімейтін.

Тынышбай «Жалынның жабық бәйгесін» екі рет алды. Сондай сәт­тер­дің бірінде аға жазушылары­мыздың бірі:«Сенің қандай ақын екеніңді осы күнге дейін мойында­дық ­қой. Бірақ көпшіліктің, халық­тың мойындауы арқылы сенің тағы бір мәрте мерейің асты» дегені бар еді.

Ағаңның өлеңдеріне көп сын айтыла қойған жоқ. Тәкеңнің өзі де сын жазды. Оған Қадыр және Тұ­манбай ағалары аздап өкпелеңкі­реп жүрді. «Қадыр ағамен бір сәлемдес­ке­німде сәлемімді алмай, екінші сәлемдескенімде: «Әй, сенің дұрыс жазған жерлерің көп екен деді», – деп өзі мәз болып жүретін.

«Өзіңе жау көбейтіп, сын жаз­бай-ақ қойсаң қайтеді» десем, «енді маған сен сыншы болмай-ақ қой­шы», – дейтін.

– Осы күні ағаның атында мектеп, көше аттары бар ма?

– Қайтқаннан кейін ағайын елге  ас бергенбіз. Соның қарсаңында Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Жайылма деген ауылдың бір көше­сіне сол кезде-ақ ағаңның атын бер­­ген. Екеуміздің бірге оқыған мек­те­бімізде ағаң еңбек жолын бас­тады. Сол мектептің директоры Ті­лепбер­ген Маманов деген ағай былтыр, 94 жасында қайтты, ағаң жайлы көп жазды. Өкініштісі, ол кісі қанша сұ­рау салғанымен, аудан орталығын­да­ғы көшелердің біріне есімін берудің жөні келмей-ақ қой­ды.

Жаңатаста музыка мектебі бар. Соның домбыра класын Тынышбай ағаң өзі ашқан еді, сол класқа Тәкең­нің атын берейік десек, облыс, аудан басшылары мораторийді айтып маңайлатпады.

– Ағамыз кезінде талай  ғашықтық ән-жыр жазды. Оған сіз қалай қара­дыңыз?

– Мен Тәкеңді қызғанбады ем­ес, қызғандым. Тәкеңнің маған арнаған: «Сен мені қырық қыздан қызғансаң, мен сені өз-өзімнен қыз­ғанамын» деген өлеңі де бар. Адам болған соң қызғаныш та болады. Өзінің де мінездері де қызық еді ғой. Кейде көшеде қатар келе жатамыз. Алдымыздан бір қыз шыға қалса маған бір қарап алып: «Мы­на­ның шашын-ай» дейтін. Үнде­мейсің. «Қиылған қасын-ай, үзілген белін-ай» дейді. Тағы үндемейсің. «Тоқ былтырына қарашы», дегенде: «Осы мынау не мінезің. Айдаладағы бір қыздың тұла бойын тінтіп», – деймін. «Қареке, үндеме, мен жұп-жұмыр жыр жазуым үшін қыз баланың қасын да, шашын да, үзіліп кетейін деп тұрған белін де көруім керек», – дейтін.

«Қыздар, қыздар, өмірдің қыз­ғал­дағы, кім сендерді кімдерден қызғанбады» деген өлеңі де бар.

Бірте-бірте ағаңның сол мінез­де­ріне үйрендік. Ашулана берсең, тамтығың да қалмайды. Онан да «Ұзын арқан, кең тұсау» деп, аман жүрсе болды, жазатынын жаза берсінші деген ой болды.

Ал «Алтайдың ар жағынан келген ару» әніне келсек, ол Әминаға өлесі ғашық болғаннан шыққан ән емес. Мен оған өте үлкен түсіністік­пен қарадым. Бірақ ел ішінде әңгіме басқаша тарады ғой. Бірде ауылға барсам, туған анам маған: «Ай, Қа­рашаш бері келші», – дейді. Мен үлкен шешемнің бауырында өскем. «Осы Тынышбай бір қызға ән арнап, соған кетіп қалыпты деген әңгіменің шеті шығып жүр, сол рас па?», – деді төтесінен. «Жалған әңгіме», – дедім. «Тіпті, рас болмай-ақ қойсын, сен отырғанда оның осындай өртеніп-жанып өлең жазғанына қызғанбай­сың ба?», – деп тағы сұрады. «Мен қызғансам ол жыр жаза алмай қа­ла­ды, сонда менің оның обалына қал­маймын ба?», – дедім мен. Сонда шешем маған үңіле қарап алды да: «Сен мықты екенсің ғой», – деді.

Ақынға жар болу оңай шаруа емес. Азабы да, тозағы да көп, бірақ бақыты одан да асып жатыр, жаным.

Ал Әминамен кейін кездестік. Қытайға тойға шақырды. Маған: «Сіздің алдыңызда өзімді біртүрлі кінәлі сезінемін», – дейді. «Жоқ жа­ным, олай деме. Ақынның сезімін сен де, мен де түсінуіміз керек», – дедім.

– Қазір ағамыздың өлеңдерін, әндерін, жырын, өзін сағынасыз ба?

– Сағынғанда қандай?!

«Көңіл шіркін сен жоқта құла түздей-ау, сені іздеген мен күнде ер­теңіме елеңдеп, жан-жағыма қа­райлап, келер деп үміттенгеніме де, міне, биыл он жеті жыл уақыт өтіпті. Көңілім бір мұңайып, бір құлазып, мына жалған дүниенің күнделікті тіршілігімен өткен уақыт жәй бекер­ші­лік болып көрінеді маған. Қамы­ғып күйінгенде, қуанып сүйінгенде қасымнан табылар сені мәңгі жо­ғалтқаным шын екеніне сене тұрып, қара жерге түскенше сені есімнен бір сәтке шығармаймын», – деп жазыппын дәптеріме.

Ағаң науқастанып жатқанда, ол кісіге деген назым, өкпемді бірден ұмытқанымды былай қойғанда, жа­ны­на титтей де сеп жасай алма­ғаны­ма қатты қиналдым.

– Аға балаларға қалай қарады?

– Біреуінің маңдайынан шерткен емес. Есіктен кіріп келіп, төл санағандай, ұйықтап жатқан балаларын санап шығатын да: «Түгел екен» деп жайланып шайға отыратын. Балаларына арналған өлеңдері бар. «Балқұрақ» деген жинағына балаларына арнаған өлең­дерін енгізді. Біздің екінші ұлымыз Қанат – әкесінің туған күні – 12 қыр­күйекте дүниеге келген. Қанатқа арнаған «Триптихы» бар. Үлкен ұлымыз Таңатқа арнаған «Тіршілік» деген жеке өлеңі де бар.

– Әңгімемізді ағаның кітаптарын шығарудың жағдайы қалай болып жатыр деген сауалмен түйіндесек…

– Тәкең қайтқаннан кейін «Жалын» баспасынан «Күй сандық» деген кітабы шықты. Өз жоспарымда ағаңның бар өлең-жырын жеке таңдамалы етіп шығарғым келеді. Сын жазды дедім ғой, сындары мен мақалаларын да жеке жинақ  жаса­сақ деймін. Көзі тірісінде маған ар­на­ған өлеңдерін жеке папкаға қаттап, кітап шығарам деп кеткен екен. Әр өлеңнің тұсына өткен күн­нен естеліктер жазып, жеке кітап болып жарық көрсе деген арманым бар…

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір