ҰСТАНЫМЫ  БИІК ЗИЯЛЫ
09.09.2016
2428
0

Алашорда және совет үкіметі: заңды билік кімнің жағында еді?

Үстіміздегі жылдан бастап жоғары оқу орындарында «Қазақстан тарихы» пәнінен жаңа типтік оқу бағдарламасы енгізілді. Бағдарламада басым түрде Советтік кезеңге уақыт көбірек берілмек. Соған байланысты ұсынылып отырған материал оқытушылар тарапынан қызығушылық тудырады деген ойдамыз…


Қойгелдиев.jpeg

Мәмбет ҚОЙГЕЛДИЕВ,
ҚР ҰҒА
корреспондент-мүшесі

 

1919 жылы 10 шілдеде РСФСР Ха­лық  Комиссарлар Кеңесінің төра­ғасы В.И. Лениннің қол қойған жар­лығымен Қазақ әскери револю­ция­лық комитеті құрылды. Кезінде зерттеушілер бұл құрылымды Совет­тік Қазақстанның алғашқы үкіметі ретінде қарастырды. Комитеттің қызметін анықтаған Уақытша Ережеде «таяу арада жалпы қазақ съезін шақырып, Қазақ өлкесін автономия ретінде  жариялағанға дейін өлкедегі жоғарғы әскери-азаматтық басқару ісі Революциялық комитеттің құзы­рына өтеді», – деп көрсетілді. (Протокол революционного Комитета по управлению Казкраем. Ч.ІІ., А., 1987, с.12-78).

Советтік ұстанымдағы ғалымдар бұл билік орнын заңды үкімет ретінде қарастыруға ыңғай танытты. Академик С.З.Зиманов мұндай ұста­нымға келіспеушілік білдіріп, «Қазақ революциялық комитеті, әрине, құ­рылу жолдары және бақылау мүмкін­дігі тұрғысынан да, сондай-ақ, қыз­мет жағдайы мен негізі және сая­­си-құқықтық өкілдігі  тұрғы­сы­нан да «үкімет» болған жоқ», – деген пі­кір айтты. Заңгер ғалымның бұл пі­кірін толық орынды айтылған пі­кір ретінде қабылдауға негіз жет­кілікті.

Өз тарапымыздан бұл пікірге қо­сымша мынадай жағдайды ескерген жөн деп білеміз. Қазақ әскери ре­волюциялық комитеті револю­ция­лық өзгерістер нәтижесінде қа­зақ жерінде өмірге келген жалғыз билік орны емес-тін. Бұған дейін, мәселен, 1917 жылғы Ақпан төңкерісі нәтижесінде Петербургтегі Уақытша үкімет тарапынан тағайындалған Түркістан Комитеті облыстардағы комиссарлар қызметі болғандығын айтқан жөн. Осы жылдың соңына қарай елдегі саяси аласапыран барысында қоғамды жайлаған береке­сіздік жағдайында өмірге келген Ала­шорда үкіметі қазақ жері көле­мін­дегі атқарушы билік құзырын өз қолына алатындығын мәлімдеді. Келесі жылы құрылған Самарадағы Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы мүшелерінің үкіметі (КОМУЧ) және Омбыдағы Колчак үкіметі өздерін империя көлеміндегі билік орындары ретінде мойындатуға әрекет жасады.

Советтік тарихнама осы револю­ция­­лық өзгерістер нәтижесінде патшалық билік жүйесінің орнын басуға тырысқан құрылымдардың  қайсысының  қазақ жерінде қызмет жүргізуге құқықтық негізі бар екен­дігі жөнінде мәселе қойған емес. Оның алдында бір-ақ міндет тұрды. Ол – советтік биліктің ғана заңды әрі жергілікті халық үшін тиімді билік жүйесі екендігін жан-жақты негіздеу болды. Ал советтік және басқа өздерін бүкілресейлік билік орындары ретінде жария еткен құ­ры­лымдардың қазақ қоғамына бай­ла­нысты саяси-құқықтық негізінің тайғақ екендігіне назар аударылмады. Шын мәнінде, бұл құрылымдар қалыптасу әдістері мен саяси-құқық­тық негізі тұрғысынан сырттан, импе­риялық өктемдік арқылы бел­гілен­ген басқару  органдары болатын. Олардың құқықтық өкілдігін анықтау және белгілеу ісінде қазақ жерінің суверенді иесі және негізгі тұрғыны қазақ халқының ешқандай қатысы болған емес. Жалпы алғанда, мемлекеттік басқару жүйесін құру және оны жүргізу ісінде большевизм ешқандай да жаңалық әкелген жоқ, ол бар болғаны ескі мемлекеттік ап­паратты қиратып, жедел түрде оның орнына жаңа мемлекеттік-бюрок­ра­тиялық құрылымды орнатты. Қазақ қоғамы үшін бұл процестің мынадай ерекшелігі болды. Советтік билік мекемелеріне қызметке қазақ елінің өкілдері тартыла бастады. Жаңа би­лік орындарына тартылғандарға бір ғана шарт қойылды: олар биліктің бағыт-бағдарын анықтау ісінде мәс­кеулік орталықтың  шешуші ролін ешқандай да қарсылықсыз мойындап, оның қаулы-қарарларын күн­делік­ті қызметінде басшылыққа алу­ға тиіс болды. Бұл шартты қабыл­дай алмағандар, әрине, билік жүйе­сінен шығып қалды, көп жағдай­да түрлі жамылғы сылтаулармен жа­уапқа тартылып, сотталды.

Жалпы, бұл мәселеде құқықтану ғылымының анықтаушы ролін мо­йындай отырып, дегенмен патшалық және советтік билік орындарының қа­зақ жеріндегі құқықтық негізі ту­ралы тақырыпқа белгілі себептерге байланысты зерттеу еңбектерінде жете көңіл аударылмай келгендігін айтқан артық емес. Осы арада Совет өкіметіне дейін қазақ жерінде билік құрған патша өкіметінің билігі қаншалықты легитимді (латын сөзі «заңды» деген ұғымды береді – авт.) билік еді? деген сұрау туады. Бұл сұрауға жауапты кезінде «История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. Под.ред. М.Абдыкалыкова, А.Панкратовой КазОГИЗ, 1943.» атты кітап авторлары берген. Кітаптың осы мәселеге қатысты IX тарауында, мәселен, патшалықтың бодандығына ену туралы «антты қазақ билеушілерінің жоғарғы өкілдері ғана берді», сондықтан да «қазақтардың ресейлік бодандыққа өтуі қазақ ақсүйектері мен патша үкіметі арасындағы келісімнің нә­ти­жесі» арқылы іске асырылды, бо­дан­дық  халық бұқарасының еркінен тыс қабылданды деген тұжырым жасалынған (154-155 б.б.). Бұл – ғылы­ми тұрғыдан негізді тұжырым еді. Тура осы жасалынған тұжырым­ның 1943 жылы жарық көрген бұл кітап­тың кітап сөрелерінен алынып тас­талуына себепші болғандығын ұмытпаған жөн.

Революциялық өзгерістер жағ­дайын­да  қазақ қоғамы үшін Уақыт­ша өкімет және Совет өкіметінен жақын тұрған және түсінікті билік орны, әрине, Алашорда үкіметі болатын. Сондай-ақ, Алашорда үкіметі қалай болғанда да ұлт тарихының күрделі кезеңінде қазақ жерінің барлық өңірінен шақырылған 80-нен астам ұлт өкілдері тарапынан жабық сайлау арқылы сайланған, яғни қазақ қоға­мы үшін легитимді билік болатын.

Кезінде советтік тарихнама 1917 жылы 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында болып өткен жалпы­қа­зақ съезін «қоғамның жоғарғы бай-феодалдарының және халық мүддесіне қарсы «Алаш» партиясы өкіл­дерінің» жиыны ретінде атап, ал съездің Алаш автономиясы мен оның Алашорда аталатын үкіметін құру туралы шешімін ешқандай негізсіз контрреволюциялық  әрекет есебінде бағалады (Очерки истории Ком.партии Казахстана. А., 1987, с.71). Мұндай тұжырым, әрине, советтік тарихнамада орын алған тарихи ақиқатты бұрмалау­шылық­тың бірі-тін. Осы ретте 17 жылғы желтоқ­сан­дағы жалпықазақ съезіне қатысқан өкілдерге байланысты мынадай жағдайға көңіл аударуды өзімізге парыз деп білеміз.

Біріншіден, Екінші жалпықазақ съезінің шақырылуы бұл қажеттілік­тен туындаған шара болатын. Бүкіл Ресей империясын жайлаған береке­сіз­дік жағдайында Ә.Бөкейханов бастаған топтың бұл съезді ұйым­дас­тыру  әрекеті зор жауапкершілікті өз мойындарына алған нағыз отаншыл­дық ұстанымның үлгісі еді. Аға ұр­пақ­тың бұл қызметін ұлттың кейінгі буындары осы  тұрғыдан қабыл­да­ғаны жөн.

Екіншіден, құрамында Ә.Бө­кейханов, А.Байтұрсынұлы, М.Ду­латұлы, Сағындық  Досжанұлы және Елдес Омарұлы бар ұйымдастырушы топ «Қазақ» газеті арқылы қазақ және қырғыз халықтарына арнайы үндеу  жолдап, елде қалыптасқан саяси жағдайды  талқылау мақса­тын­да өткізілмек жалпықазақ съезі­не  ел ішіндегі осы мәселеге ықы­лас­ты деген тұлғаларға шақыру жол­дады. Арнайы шақыру ел ішінде беделді және белгілі деген адамдарға жіберіл­ді, сондай-ақ, оған қатысуға ынталы кісілерге де ешқандай шектеу қойыл­ған жоқ. 1917 жылғы қазақ қоғамы жағдайында жалпыұлттық жиынға өкілдер шақырудың басқа тиімді жолдарын ойлап табудың өзі де мүм­кін емес-тін. Уақыт өте тар, бұған қосым­ша ел ішіндегі байланыс құрал­дары тым әлсіз еді.

Күн тәртібіндегі мәселелерді талқылауға өтер алдында Ә.Бөкей­ханов сөз алып: «Былтырдан бері шаршы топта сөйлеп, бәйгі алған, осы съезге шақырылған ардақты, шешен Ораз ақсақал Тәтіұлы опат болды. Мәжілісті марқұм Оразға дұға қылып басталық», – деген ұсы­ныс жа­сап, ол қабыл алынып, Тәті­ұлы­ның рухына дұға оқылады. Яғни съезге саяси белсенді қызметі арқылы қоғамда  танылған білімді зиялылармен қатар, міне, осы Ораз Тәтіұлы сияқты ел арасында беделді ақсақал­дар да шақырылған болатын. Жалпы, мұндай бүкіл ұлттық құрыл­тайға барлық өңірлердегі  елге танымал тұл­ға­ларға хабар салып шақыру қазақ қоғамында ескі замандардан үзілмей келе жатқан дәстүр екендігін ескерген жөн. Соған байланысты 2-ші жалпы қазақ халқының жал­пыұлт­тық съезіне тілектерін башқ­ұрт өкілі Ахмет Заки Валидов, Орынбор мұ­сыл­ман әскерінің өкілі, пра­порщик Баширов, татар тілінде шығатын «Янги уақыт» газетінің бас редакторы Ф.Кәрімов, Орынбор­дағы муфтиат­тың бас муфтиі Ғалым­жан хазірет, Орынбор әскер округы­ның өкілдері Тимофей Седельников, Абдрауф Богданов және басқалар білдіріп, қазақ халқын бірлікке үндеді.

Съез қоғамның күрделі де ауыр тарихи кезеңде тұрғанын, ал ел ішін­дегі алалықтың, ауызбіршілікке бастамайтын өзара кикілжіңнің мұн­дай жағдайда қауіпті екендігін ес­кере отырып ұлтты бірлікке ша­қыр­ды, осы мазмұнда ұлтқа үндеу даяр­лап, оны газет арқылы қоғамға жеткізуді М.Дулатұлы мен А.Байтұ­р­сынұлына тапсырды.

Осы келтірілген фактілік материалдар ұлттық тұтастыққа, бірегей­лікке ұмтылыстың, сол арқылы өмір­­дің жаңа сапасына өту әрекеті болатын. Ал енді съездің осы тұрғы­дан атқарған міндетіне көз жұмып, оны қоғамды кейінге тартқан бай-феодалдардың жиыны ретінде көр­сету, әрине, тарихи фактіні жай бұр­малап түсіндіру ғана емес, халық­ты, әсіресе, кейінгі ұрпақты саналы түрде шатыстыру, оны табиғатына жат арнаға салу әрекеті болатын.

Желтоқсандағы жалпықазақ съезі­нің қаулы-қарарлары Мәс­кеу­дегі орталық билікке, оның В.И.Ленин және И.В.Сталин сияқты басшыларына жеткізілді. Бірақ ұлт істері бойынша комиссар И.Сталин
Ә.Жан­­гелдинге жолдаған (1918 ж. 7 сәуір) телеграммасында қазақ «бур­жуа­зиялық-ұлтшыл топтары автономияны өз халқының бұқарасын қа­нау құралына айналдыру үшін талап етіп отыр», – деп, жалаға жуық ойды айтты (Голощекин Ф.И. Десять лет пройденных и предстоящие задачи. А., 1930, с.8.). Ал бұл шын мәнінде ұлттық мүддені қорғау жолында тұр­ған қоғамдық қозғалысты алған бе­тінен тайдырып, одан таптық-әлеу­мет­тік бағыт алуды талап етудің өзі-тін.  Алаш қозғалысы антиим­пер­иалистік бағыты анық ұлттық қоз­ға­лыс еді.

Совет үкіметі жалпықазақ съезі­нің шешімдерін қабылдамады, оның орнына советтік негіздегі билік жү­йе­­­сін орнататындығын, қазақ бас­­шылығы  оны қабылдауға міндет­ті екендігін мәлімдеді. Бұл іс жүзінде ұлттың өзін-өзі басқару құқын мо­йындаудан бас тартудың, сөйтіп оған империялық ұстанымдағы жа­ңа биліктің басқару жүйесін күш­пен қабылдатудың нақты көрінісі-тін.

Осы ретте тағы да мынадай жағ­дай­ды ескерген жөн. Қазақ револ­ю­циялық комитетінің шамамен он бес айға созылған қызметі тұсында бұрынғы патшалық басқару дәстүрі мен жаңа жағдайда қазақ халқының сұраныстарына орайластырып қайта құру үрдістері арасында ымырасыз ар­палысты күрестің жүргендігі байқалады.

Қазақ облыстарында советтік басқару мекемелерінің орнауы Қазақ комитеттерінің таратылуымен қатар жүрді. Ташкентте шығып тұрған «Бірлік туы» газеті 1918 жылғы 18 қаң­тардағы №20 санында «Біздің Әулиеата уезіне қараған қазақ-қырғыздың жақсы-жаман болса да Қыр­ғыз (қазақ) Кеңесі дейтін меке­ме­сі бар еді. Бұл Кеңестің төбе ағасы Әзімхан Кенесарин (Кенесары хан­ның немересі – авт)… Орынбордағы жалпықазақ съезіне кеткен соң, Меркеден Төреқұл Жанұзақ баласы дей­тін бір аудармашы келіп, меке­ме­нің мүшелерін қуып, солдаттарға қосылды һәм қырғыз Кеңесін боль­ше­виктікі деп жар салды», – деп жаз­­ды. Осы орайда большевиктік ұс­та­нымға көшкен қазақ белсен­діле­рінің «біздің Әулиеата уезінің қазақ-қырғыздарына автономия керек емес, халық надан… Әзімхан Кенесарин Орынбордағы жалпықазақ съезіне хан болып сайлануға кетті», – деп жергілікті Советтік өкімет орындарына жеткізген сөзін келтірді (Махаева А.Ш. Қазақ комитеттері. Канд.дисс. А., 1995, 143 б.).

«Бірлік  туы» Қазақ  комитеттеріне байланысты жағымсыз пікірді  та­ра­ту­шылардың басында ел арасынан шыға бастаған қазақ большевик­тер­дің жүргенін, «орыстың осы большевик ауруының жақын арада қазаққа да жұғып» келе жатқанын жазды.

Осындай мазмұндағы өзгерістер басқа да облыстарда жүріп жатты. Мәселен, 1918 жылдың ақпанында болып өткен Семей облыстық жұ­мыс­шы, солдат және шаруа депутаттары Советінің біріккен съезі облыс­та­ғы биліктің толығымен өз қол­­да­­рына өткендігін мәлімдеді.

1918 жылы 7 наурызда Совет­тер­дің Ақмола уездік атқару комитеті жа­бық мәжілісінде уездік Қазақ ко­ми­теттерін тарату, ал оның орнына уез­дік  советтің жанынан қазақ­тар­дың ұлттық ісімен айналысатын бөлім ашу жөнінде шешім қабыл­дайды. Ашылған бөлімге С.Сейфуллин, Б.Жұманов, Ж.Омаров сияқты саяси ұс­танымы тұрғысынан Қазақ ко­ми­теті құрамынан шығарылғандар тартылды.  Басқаша айтқанда, Қазақ комитеттеріне қарсы ресейлік большевиктер  жағына шыққан Омбыда­ғы «Үш жүз» аталған партия белсен­ді­лері,  Жетісуда Т.Бокин және бас­қа­лар Қазақ комитетін тезірек таратып, оның қызметіне атсалысқан Ұлт-азат­­тық қозғалыс белсенділерін абақ­­тыға  жаптыруға біраз күш салды. Қазақ  Ұлт-азаттық қозғалы­сы­ның түпкі мақсат-мұратын түсіне алмаған бұл ұлт белсенділері құрамы тұр­ғы­сынан біркелкі емес-тін. Олар­дың ара­сында қарадүрсін, больше­виктік дүрмекке көз жұмып ергендер де, білімінің жетімсіздігінен адас­қандар да, сондай-ақ, жеке бас бақас­­тығынан жоғары көтеріле алмағандар да аз емес-тін. Қалай болғанда да, осы уақытқа  дейін рулық ырың-жы­рың­ның темір құр­сауында тұн­шық­қан қазақ қоғамы ендігі уақытта бо­ль­шевиктік билік жағдайында әлеу­мет­тік-таптық негізде бөлініп-жа­рылу­дың қара орманына кірді де кетті.

Қорыта айтқанда, Қазақ коми­тет­тері 1917 жылдың наурыз айынан бастап барлық қазақ облыстарында өмірге келе бастаған Қазақ комитет­тері жылдың екінші жартысында Алаш партиясы мен Алашорда үкіме­ті­нің ел ішіндегі тірегіне айналған еді. Яғни Қазақ комитеттері 1917 жыл­ғы қазақ Ұлт-азаттық қозғалы­сы­ның алғашқы жемісі, оның ұлт­тық-мемлекеттік дербестікке ұм­ты­лысының нақты көрінісі, халықтың жасампаздық күш-қуатының бар екендігінің айғағы еді.

Советтік тарихнаманың Қазақ комитеттері туралы тақырыпты біржола жауып тастауы ұлттың 17 жылғы аласапыран тұсында өзінің мемлекеттілігін қалпына келтіру әрекетін мүмкін болғанша ұмыттыру еді. Ал Совет үкіметінің 1919 жылғы Алаш қозғалысына қатынасқан қазақ азаматтарына байланысты ам­нис­тия (кешірім) жариялағандығы ту­ралы мәлімдемесі, әрине, құқық­тық негізі күмәнді шешім болатын. Елдің азаттығы және оның жерінің тұтастығы үшін күрес жолына шық­қан қоғамдық қозғалысты декрет арқылы жою қандай билікке болмасын абырой бермейтіндігі түсінікті.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір