ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ ТАЛАНТ
09.09.2016
1788
0

30239694Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

АУРУХАНА. АСТАНА

Дәрігерлер телефонымды өшіртіп тастаған. Мен бесінші күн әлеммен қарым-қатынастан тыс қалған болатынмын. Жалғыздықты жаным мен өнерімнің философиясы қылып ұстанған мен үшін бұл жолы нағыз жалғыздық аурухана палатасында өтіп жатыр еді.

Менің жүрегіме үшінші операция жасалды. Үшінші рет тірі қалдым. Үшінші рет операцияға жалғыз келдім. Мені операция­ға әкелетін жақын жоқ емес, әлі бар. Тек мен тобырмен жүруді ұнатпаушы едім. Үйірге де қосылмайтынмын.

Мұрат Әуезов бірде маған:

Роллан үйірде болу керек деп сөз тастап еді. Қазақтың иә жақсы көріп айтқанын, иә жек көріп айтқанын біліп болмайды.

– Мен үйірді жақтырмаймын. Жалғыз қасқырмын ғой, деп жауап бергем.

Үлкен газеттің бас редакторы, әдебиет­ші, «Қазақстан Пен-клубының» басшысы Бигелді:

– Реке, біздің «Пен-клубқа» мүше бо­лыңыз, – деп тілек білдірген.

– Бауырым, ертеде сен Америкаға кетпей тұрғанда газетіңде мен туралы «Жалғыз қасқыр» деген материал  беріп едің. Сол жал­ғыз қасқыр күйімде өмір сүре берейін  дедім.

Дұрыс, дұрыс. Өз ниетіңіз білсін. «Пен-клубқа» келмесеңіз де, «Феделитиге» келіп тұрыңыз деді аңғарымпаз ақылды азамат.

«Феделити» — Алматыдағы жақсы спорт клубы. Осы клубты маған тұңғыш айтқан Бигелді болатын.

Мен үшінші күн аурухана төсегінде ары-бері қозғалмай, тек шалқамнан ғана жатыр едім. Көп қозғалуға дәрігерлер рұхсат бермеген.

Тән шаршаған.

Жан қиналыста болатын.

Ауруханада жатқанда жан баласын көргіңіз келмейді. Өз ауруыңмен, өз ойың­мен, өз тебіреніс – тілегіңмен, өз күдік-күйіңмен жападан-жалғыз қаласың. Қайда барсам да екі-үш кітап, қолжазба көтеріп жүру менің ғадетім.

Кітап қарауға шамам жетсе, денсаулық­тың сәл де болса ілгерілегені. Ал ақ қағазға қалам сілтей алсам, тіптен тамаша. Онда өмір сүруге әбден болады. Жасасын өмір!..

Бірақ жүрек құрғырдың жанды жейтін сұмдығы көп қой.

Осылай, иә тірі емес, иә өлі емес алма­ғайып кезең үстінде жатқанымда  палатаға енген аңқылдаған дәрігер:

– Аға, Әбіш Кекілбаев қайтыс болыпты, –  деп мұңлы жүзін маған туралай бұрып қарады.

Менің төбемді найзағай оты тесіп өткен­дей болды. Соңғы жылдары жаныма ардақ асыл аға, азаматтардан айырыла бастағам. Солармен бірге, текті тұлғалар ке­руені дәл қасымнан жөңкіп өтіп жат­қандай елестейтін.

Әруақты Әзербайжан Мәмбетов, Әнуар Әлімжанов, Ақселеу Сейдімбеков, Сәтім­жан Санбаев, Герольд Бельгер, енді, міне, күтпеген жерден Әбіш Кекілбаев. Герольд өмірден озғанда, Әбіш пен Олжас бар ғой деп үміт артқам. Міне, енді Әбекең де жоқ.

Анда-санда телефон соғушы едім.

Анда-санда Астанаға барсам  сәлем беріп,  қолын алатынмын. Әралуан пікір алысатынбыз.

Екі-үш жылда әңгіме-повестерін түзіп оқып шығатынмын. Анатолий Ким Алма­тыға келіп, Әбіштің шығармаларын орыс тіліне аудару үстінде, аудармашы досым­ның тілегімен Әбекеңнің туындыларын орыс тілінде қадағалап оқыдым. Оның атын Мәскеуде қоғамдық редакторлық оқу дейді. Бұл, әрине,  достық тілеулес көмек.

Әбіш Кекілбаев нарқасқа, тамыры терең таланттардың қатарынан еді.

Бұл қаза да қазақтың айрықша қасіреті болатын. Бұл қаза қазақтың титандар көшінің соңғы легі еді.

Бұл қазақтың ендігі дүниеге Әбіштей тамыры терең талант беруі екіталай. Бере алмай да кетуі бек мүмкін. Өйткені, қазақ­тың рухани болмысы ұсақтанып бара жатқандай… Ертедегідей намысы оттай жанатындар тым аз. Айтуға қанша ауыр бол­са да, қазақ туралы шындық осы.

Оған мемлекет жұмысындағы жасыл ақша көрсе атасын сататын ұлты қазақ мерез шенеуніктерін қосыңыз. Олар аталарымен бірге Құдайды қоса сататындар.

Тәуелсіздік алған жиырма бес жылда билік бір төбе, сатқындық екінші төбе, немкеттілік үшінші төбе болып, биіктей көтеріліп, қазақ жұртын ес ақылынан ал­жастырып бара жатыр.

Жетуге тиіс көмбеміз көрінбей қалған. Көмбе де, мақсат та, арман да сағым буында діріл қағып, тыянақсыздық танытқан. Оған кінәлі сағым ба?.. Сана ма?.. Қазақ па?.. Билік пе?..

Сонан да Қазақ елі, қазақтың Ел-жұр­ты, Дешті-Қыпшақ даласы деген атаулар мемлекет идеологиясынан аласталған. Мәңгілік  ел, Ұлы Дала деген жаңа тіркес­терді газеттер мен теледидарлар бұрқыра­тып айтып та, жазып та жатады. Ол сөздер­дің түп-тамырының киелілігін журналист қауым ойлап та жатпайды.

Қазақстан Республикасының идеологиясында айқындық кем. Басты бағыт-бағдары солғын.

Сөз көп,  ой тыянақсыз.

Әрекет көп, мақсат бұлыңғыр.

«Жақсы адам парызын ойлайды, жаман адам пайдасын ойлайды», – деген Конфуций. Сол Конфуций осыдан екі жарым мың жыл бұрын:

«Қайтсем де Қытай елін мәңгі мемлекетке айналдырам» деп армандаған. Тірлігінде бағасы болмаса да, өлген соң оның философиялық һәм гуманистік ілімі Қытай ойы мен мәдениетінің негізін қалады.

Бүгін Конфуций Қытай жұртының ар-ұятына, рухани көсеміне айналған.

Әр халық, әр мемлекет, әр билік өзінің шама-шарқына қарап сөз сөйлеуі дұрыс деп білемін. Сырт жұрттың кеңесшілері жазып берген лозунг сөздер, қазақ жұртының болмысын айқындап, тірлік жолын ашып бере алмайды.

Әр халыққа көк Тәңірі берген үлес бар, сол үлесті қадірлеп, қасиеттеп ұстай білу ада­мдық та, ұлттық та парыз. Ел-жұрттың ырыс берекесін шашып алмай, үнемді ұстаған абзал. Өз ырысын өзі шашқан ел  қалай оңбақ? Мәңгілік  ел құрғымыз келсе халық пен билік бір болуы шарт. Мәңгілік елге тиесілі терең, қуатты, ұлтжанды идеология тудыру керек. Ол сол халықтың ұлттық ырқы мен ырғағын сақтауы шарт.

Сонымен бірге, мәңгілік елде, кісілік, әділдік, рәсім, ақыл, адалдық — адам бойындағы ең асыл қасиеттер от болып жанып тұруы қажет.

Бұл бес қасиет әр қазақтың санасында мәңгі тірі болуы шарт.

Бұл бес қасиет, ертеде Ата-бабамыздың санасында бүгінгі чиптей лыпылдап жұ­мыс жасап тұрушы еді. Қазір жұмыс жасамайды.

Бұл бес қасиет Әбіш Кекілбаевтың санасында да бұлқынатын. Сөзге сақ Әбекең көп ашылмайтын. Сонау Фарабиден, Баласағұннан, Шоқаннан келе жатқан қазақы дара қасиет бөлек еді ғой. Қазақ жұртында ғана халықтар Ассамблеясы деген ұйым бар. Өзге елде жоқ. Және оның болуы мүмкін де емес.

Абай бабамыз: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп және хақ жолы осы деп ғаділетті», – дейді.

Ал Конфуций екі жарым мың жыл бұ­рын Абайдың асыл ойын растап: «Ізгіліктің негізі — адамды сүю» деген.

Конфуций ілімі табынатын үш тұрғы бар. Олар: көк, рух, аруақ — адамдар. Қазақ жұртының атам замандардан бері табынған Сенім белгілері де осы қасиеттер.

Ниеті кең халық қана, Көк Тәңірін, Рухты, Адамды ардақтай алады. Өзін емес, өзгені танып-білуге, өзгеге жақсылық жа­сауға ұмтылған халықтың берекесі берік болады. Өзін ғана емес, қоралас болған өзгені де ойлаған бір халық болса, ол – қазақ халқы.

 

ТҮН ЖӘНЕ МҰҚАҒАЛИ

Адам үшін тапжылмай үш күн, үш түн шалқадан таңылып төсекте жату қасірет екен. Созылып барып, әзер дегенде бас жағымдағы тумбадан Мұқағали Мақатаев­тың кітабын алдым. Қай кітапты болса да қолыма қарындаш алып сызып, белгі түсіріп оқушы едім, қарындашқа қолым жетпеді. Мұқағали поэзиясынан кеңдік, шыншылдық, зиялылық, мейірбандық атойлап белгі беріп тұрады.

Өкінішті…

Мына құрғыр сырқаттың беті күшті.

Жүрегім көтеріліс жасап жатыр,

Бұзбақ болып кеудемде бекіністі.

Өкінішті…

 

О, Жүрек!

Менің алтын қазығым-ау!

Қайтейін, қажыдың-ау.

…Қытықтаған бауырдың «назы» мынау.

Қажыдың-ау, байғұсым, қажыдың-ау!

 

Не істемекпін?

Жаным-ай, саған шипа істемек кім?!

Жаралғанда бүтін ем, үш бөлекпін:

Жүрегім — Африка, бауырым — Кипр

Миым—Мұзды мұхиттай…

Не істемекпін?..

Сырқат меңдеген Мұқағали халі ауыр. Мұқағалидың жаны азапта. Не істеуге білмей дал болған, дағдарған, ауруы мең­деген Мұқағали жалғыздық құшағында. Ақиық ақын, сыр бөлісер, мұң бөлісер ада­м іздейді. Кісілігін жоғалтпаған адамға зәру.

Ащы суға еріп кетіп біраз жыл сергел­деңге түскен ақын, жолдас-жорадан да айырылған, отбасынан да жылу таба алма­ған, аралас-құралас адамдар да теріс айналған.

Алматы аспанының астында Мұқағали ақын шын жалғыз қалып еді. Өкінішке орай, бауырға жазылмас дерт те жабыс­қан.

Ақын мен ауру егеске түскен. Сондай текетірес тұста ақын мұңын айтар дос іздейді. Таппайды. Пендешілікке берілген қазақтардан мейірім, ықылас, кісілік күту бекершілік қой. Сонан да саналы, ойшыл, қазақтардың барлығы да жалғыздық құшағында. Олар жалғыздық атты аралда тұншығып күн кешуде.

…Аңырамын иесіз жағалауда,

Айырылып достықтың кемесінен.

Сырласқанға не жетсін мұң басқанда,

Сырласатын менімен сырлас бар ма?!

…Есім кіріп, көзімді бірде ашқанда,

Астымда — Жер, Ай,

                      Жұлдыз — тұрды аспанда.

Басында Алатауы, аспанда Ай, Жұл­дызы, астында шалқыған Ана-Жері тұр­ғанда жанын жеген жалғыздық зарымен кіммен бөлісерін білмей дағдарған сәтте ақын өзін табады.

Ақын өз жүрегіне өз мұңын шағы­нады.

Сезбейсің ғой, сезбейсің ғой сен мені…

Көрмейсің ғой кереметті мендегі.

Түсінсеңші сарсаң болған пендені,

Түсінсеңші! Ақыл-ойым кем бе еді?!

 

Неге бұлай?

Неге жүрмін көңілсіз?

Жаным менің жылап жатыр, тек үнсіз.

Қалам ба деп қайғырмаймын көмусіз,

Кетем бе деп қапаланам өмірсіз…

 

…Білмейсің ғой, сезбейсің ғой мені сен,

 Ойдағымды енді кіммен бөлісем?

Құдаймен де сөйлесіп, шайтанмен де сөйлесіп, мәмілеге келе алмай сандалған сә­тін ақкөңіл ақын алдыңа тартады, оқыр­ман.

Жазықсызбын дей алман, жат көріндім,

Жазықтымын дей алман, ақкөңілмін.

…Өмір деген біреу бар билік құрған,

Билігінен мен соның қақ бөліндім.

Желіктіріп, су бүркіп, сайтан маған,

Кезім болды әділдік айта алмаған.

Батқан ерді арқама ауырсынып,

Жауыр болған құнандай қайқаңдаған.

Арыммен де оңаша қалып көрдім,

Жоғалғанын іздедім, тауып бердім.

Ар-ұят деп аталар нәрестені,

Қызылшақа күйінде алып келдім.

Сайтанның да, күнәсіз періштенің,

Бал мен уын талғамай неге ішкемін?

Періштенің қайғысын бөліспедім,

Сайтанменен, болса да, келіспедім,

Не істермін, Тәңір-ау, не істермін!?

Сана тірек тапқан кей сәтте ақын бойына қуат жиған Қобыландыдай арпалыс ойға түседі. Бәрін түсінгісі, бәрін ұққысы келеді. Ал пенделік кірген жүректі әзәзілдің билейтінін ақын кейде ұмытады-ау. Оны ұмытпаса ақын бола ма Мұқа­ғали?!

…Шабыт, ашу, шаттық, мұң, ұят қалып,

Жүрген жәй бар, осылай күй ақтарып.

Билей алмай жүрмін мен бір басымды,

Роботы біреудің сияқтанып.

 

Бәріне де түсінем,

Бәрін білем,

Бірақ білмен өзімнің әлімді мен…

Бірақ осынау жан тебіренткен толғауы күпті сұрақтарды қоймаса, ол Мұқағали ақын бола ма?!

Сергелдеңге түсіп, сандалып жүрген кезінде де дауылпаз ақын Мұқағали санасын шайтанға жеңдірмеуге барын салыпты.

Ақиқаттың ауылы Совет елінде де, Совет мемлекетінде де орнамайтынына көзі жеткен күйікті ақын жалғыздық теңізіне сүңгіді де жалғыз кетті.

Ақиқат өлген жерде ақын да өледі. Ақын мен ақиқаттың жаны бір. Рухтары ортақ.

Аяғының астында алып Жер-Ана,  төбесінде алып Аспан-Ана,  бір жанға бәрі жетерлік, бірақ пендеге жетер сый Ақынға жетпек емес.

Ақын Тәңірдің құлы, Тәңірдің жаушысы, Тәңірдің тілеушісі.

Ақынға керегі сый емес, Сенім. Тәңірге деген Сенім. Адамға деген Сенім.

Дауылпаз ақынның жүрегінен Сенім жоғалған сәттен бастап дауылпаз ақынның басына айықпас дерт жабысқан.

Сол дертті марқасқа ақын өлеңге қосып саған тартады, жас оқырман.

Өмір жайлы сұрай берме сен менен,

Өмірді мен әлі зерттеп көрмеп ем.

Өмір жайлы білгің келсе, қартқа бар,

Қан майданнан жалғыз ұлы келмеген.

 

Жесір келін, бір нәресте көрмеген,

Жетім шалды бала орнына тербеген.

Өмір жайлы не түсінем мен деген…

Өмір жайлы сұрай берме сен менен.

 

Өмір жайлы білгің келсе қартқа бар,

Өміріне кегі кеткен, өлмеген.

Жалған айып таңылғанда көлденең,

Ақиқаттың әппақ туын бермеген.

 

Содан сұра, содан сұра өмірді,

Нені көрді, нені сезді, не білді.

Неге ақылды ақымақтан жеңілді,

Біреу жылап, біреу неге көңілді?

Содан сұра, содан сұра өмірді.

Айықпас дертпен ауырған ақын оқыр­манын тағы бір қырға тарта жөнеледі.

Ол – өлім жолы.

Немкеттілік жолы.

Ол үшін ақынды сен жазғырма. Сен оның ақиқатқа ұмтылудан бір таймаған жүрегіне үңіл, жас оқырман.

Сені мен көрсем деймін, көрсем деймін,

Жазыпсың қартайдым деп, мен сенбеймін.

Мойнымда қарызың бар, берсем деймін,

Сонан соң өлсем, мейлі, көмсең мейлің…

 

Әсер етпей дауылың, жауының да,

Жаным менің жануда, жабығуда.

Махаббаттың тәттісі сағыну ма?!

…Меніңше, сағынудың сағымынан

Жай отындай жалт беріп табылуда!

Мен сені көрсем деймін, көрсем деймін!

Сонан соң,

Өлсем мейлі,

Көмсең мейлің…

 

ИТАЛИЯ АҚЫНДАРЫ

Мен Мәскеудегі КСРО Жазушылар одағында жиырма жыл әдеби кеңесші болып қызмет атқарыппын.

Ол кез бүкіл Қазақ әдебиетінің толуға, толысуға бет қойған, жойқын туындылар әкелген дәуірлі сәті еді. Қазақтың жаңа оянған тарихи романдары, терең пси­хологиялық повестері, өжет әңгімелері, әрине өркен жайған поэзиясы ерекше белеске көтерілген.

Ұмытпасам, 1977 жылы мен Мұқағали­дың «Жан азасын», тағы да бірнеше өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударып,  атақты орыс ақыны Михаил Курганцевке бердім. Екі күн өткен соң,  Михаил Абрамович маған телефон соқты.

Роллан, Мұқағали ақынның өлеңдері­мен таныстырғаныңа рахмет. Өзімен таныссам, бақытты болар едім. «Жан азасы» керемет реквием! Керемет!.. деп бөгелді Михаил Абрамович. Өмірден ерте кеткен екен. Аянышты. Мұқағалидың өлеңдерін аударам.

Біз осы байламға тоқтадық. Он-он бес күн өткен соң, Михаил Курганцев тағы да телефон соқты.

– Роллан, Италияның атақты екі ақы­ны Мәскеуге келген. Мен оларға тамақ берем. Сен келсең қайтеді?.. Мұқағали туралы да сол арада сөйлесер едік, – деді.

Жазушылар үйінің ресторанында Михаил Курганцев дастархан жайды. Михаил Курганцев қазақтарша дастарханды мол қылып жайып тастаушы еді.

Михаил Курганцев итальяндық ақын­дарға Мұқағали туралы, оның тамаша реквием жазғанын, жақында өмірден озғанын айтты. Данте Алигеридің «Тоза­ғын» қазақ тіліне ғажап аударғанын да хабарлады. Итальяндықтар қызығушылық танытты. Мен портфелімнен Дантенің қазақша кітабын алып шығып көрсеткенде тіптен таң қалысты. Альберт Гурьевтің «Тозаққа» салған суреттерін де қызыға тамашалап еді.

Итальяндық ақын маған тесіле қарап:

Сіз, қазақ ақынының аудармасын орысшаға жолма-жол аударыңызшы, деп өтініш жасады. Михаил оны жолма-жол итальяншаға аударсын, ал мен оны итальянша көркем аударма жасайын. Ал менің досым Стефан оны көне итальян тіліне жолма-жол аударсын. Данте көне итальян тілінде жазған ғой, – деді.

Бұл эксперимент маған ұнады.

Мен қазақ текстін жолма-жол орысшаға аудардым, Михаил жолма-жол итальяншаға аударды. Ал төрт жол тексті итальян, һәм кө­не итальян тіліне итальяндықтар аударды.

– Қазақ ақынының аты кім? –  деп сұрады Стефан.

Мұқағали, – деді Курганцев.

– Мұқағали өте үлкен ақын екен. Оның аудармасы көне итальян тіліндегі текстен аумайды. Ұлы ақынды ұлы ақын ғана аудара алады деген шындық осы, – деп Стефан орнынан тұрып,  маған басын иді. Ұлы Мұқағали үшін, ұлы қазақ поэзиясы, ұлы қазақ халқы үшін көтерейік мына итальян шарабын, –  деді.

Итальяндық  ақындардың  қуанышында шек болмады. Михаил Курганцев те қуанышты еді.

Әнуар Әлімжановқа айтып, мына итальян­дық ақындарды Қазақстанға шақыру керек. Мұқағалидай феномен ақын туралы итальяндықтар сөйлесін. Сол дұрыс болады. Ұлы Ұлтқа Ұлы азаматтарын аспанға көтеру жарасады, – деді Михаил Курганцев. Мен Мұқағалиды орыс тіліне аудардым. Шығыс кітапханасына да кіргіздім. Олег Волков деген композитор «Жан азасына» оратория жазып жатыр.

Орыстың майталман аудармашысы Михаил Курганцев, Мұқағалидың аруа­ғына адал қызмет жасап еді. Мен оны ешқашан ұмытпаймын.

Қазақстан Жазушылар одағы екі итальян ақынын да, композитор Олег Волковты да ел-жұртымызға шақырмады. Бізді құртса немкеттілік құртады ғой.

Бүкілодақтық әдебиет процесінде қазақ әдебиетінің ерен жетістіктерін атап айтып, айтулы белгі қылып көрсетуге селқостық таныттық. Өз әдебиетіміздің тағдырына өзіміз жауыздық жасадық. Ол кеселдің аты – жершілдік болатын. Қызға­ныш болатын. Надандық болатын.

«Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген Абай бабамның зарын қазақ ұққысы келмеген. Әлі де ұқпай ке­леді. Ұқпай өтер деп ойлаймын.

Бүгінгі  жас қазақтар  Абайды Әуезовтен айыра алмайды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевты білмейді де. Оларға Шоқан Шың­ғысұлы Уәлиханов та беймәлім тұлға.

Семейде колледж оқушыларының диплом алу күні жүріп жатты. Ертістегі аралға жастар жиналып қуаныштарын бөлісуде. Ал сол аралға қарсы қарап тұрған Абайдың алып ескерткішінің алды бос тұр. Жан баласы бас иіп келмепті. Мен сол күні, сол Семейде, сол Абайдың ескерт­кі­шінің алдында тұрдым. Иесіз қалған Абай бабамның ескерткішіне гүл шоғын қойдым. Туған Семейіме келгенде әуелі Абай мен Шаһкәрім бабаларымның ескерткіштеріне бас иемін, сонан соң жанымнан жақсы көрген әкемнің басына барып құран оқимын, сонан соң Қайрат Рысқұлбековтың бюстіне гүл шоғын қоямын. Бұл – менің Семей қаласына келгендегі  рәсім белгілерім.

 

ҚАЙРАТ РЫСҚҰЛБЕКОВ

Желтоқсандықтарды Алматыда сот­таған кезде (1986 жыл) Қайрат Рысқұлбеков  үкім шығарған қазақ пен орыс заң­герлеріне отты сөздерін қардай жаудырған болатын. Сол жүрек жұтқан жап-жас ер жігіт жүрегімде қалып қойып еді. Отыз жыл өткен соң, «Дешті Қыпшақ  жырлары» атты түркі жырауларының кітабына Қайраттың өлеңдерін кіргіздім.

Оқы, таны, түсін, ой қорыт, намысыңды тікте, рухыңды көтер, жас қазақ оқыр­маны.

Елбең-елбең жүгірген,

Ебелек отқа семірген

Арғымақ мінген жаратып,

Ақ сауыт киген темірден,

Алатаудай бабалар,

Аруағыңмен жебей көр!..

Ал енді қазір неткен күн!

Орыстан ынсап кеткен күн.

Тізесі қатты батқан соң,

Шыдамастан ақыры,

Қарғыс атқан Алаңда

Қарғыс атқыр жеткен күн.

Қаймана қазақ қамы үшін

Қарусыз шықтық Алаңға.

Алыстан әскер алдырып,

Қырып салды-ау табанда.

Сөйлесем даусым жетпейтін

Кез болдық мынау заманға.

Шовинизм еді ғой

Басты себеп жанжалға.

Екі жүзің қырылып,

Екі жүзің ұрылып,

Екі жүзің сотталып,

Жоқтаусыз кетіп барасың!

Қатарым жусап қалғанда,

Қыршынымнан қиылып,

Солармен бірге өлсемші-ай!

Артта қалған ата-анам, 

Арулап қолдан көмсеңші-ай!

Тұтқынға түстім жаутаңдай,

Жоламай ешкім қасыма.

Бара қалсаң, сәлем айт

Сырттағы құрбы-досыма.

«Ақтық сөзің не?» деген

Бүгін қойды сот сұрақ.

Айтайын оны халқыма:

Жоқ пиғыл менде жасымақ.

Қорлай да беріп қайтадан,

Титыққа орыс жетпесін.

Туған жердің намысы

Бөтен қолда кетпесін…

Осы айтылған ақтық сөз

Туың болсын әрдайым.

Мойныма алып жаланы,

Мен болайын құрбаның.

Бас-аяғы сол болсын

Басыңа түскен қатердің.

Ақтық сөзді енді мен

Сотқа да бір айтайын:

Күнәдан таза басым бар,

Жиырма бірде жасым бар,

Қасқалдақтай қаным бар,

Бозторғайдай жаным бар,

Алам десең, алыңдар!

Қайрат деген атым бар,

Қазақ деген затым бар.

«Еркек тоқты — құрбандық»

Атам десең, атыңдар!..

Қайрат Рысқұлбековты Семейдің 35-түрмесінің 18-камерасында асып өлтірді. Өзі асылып өлді деген лақапқа қазақтар сенді. Мына тәуелсіздік алған тұста да, Қайраттың өлімін тексерген, сот үкімін қайта қаратқан жан баласы болған жоқ. Қазақ қазаққа  ара түсе алмай, 400 жыл бойы туған Дешті-Қыпшақ даласында қорлықпен өмір сүріп жатыр.

Рухтың майырылуы, намыстың өлуі, ұлт үшін де, адам үшін де қорлық қой. Бірақ оған ұялған да, қорланған да қазақ жоқ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір