ТАСҚА ӘРІП ТАСҚА ӘРІП ТАРЛАНБОЗ
09.09.2016
1558
0

m-saЖурналистика саласында қызмет бабымен талай-талай тарланбоз ағалардың алдын көріп, ақылын тыңдап, тәлімін бойға сіңіруге мүмкіндік алдық. Олардың кейбірі дүниеден озды. Көбісі, Аллаға шүкір, ортамызда аман-есен жүр, әлі күнге дейін көрген-түйгенін бүкпесіз айтып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, елдегі аузы дуалы ақсақалдардың қатарын толықтыруда. Бізге естелік жазу әлі ертерек шығар. Бірақ әдебиетте және журналистикада төл шыңдарының төбесіне қадаларын қаққан қаламгер ағаларымыз жайында шағын очерк тұрғысында қалам сілтесем деген ой келді.

«Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рия­ланған көркем дүниелері және «Қазақтелефильм» телестудиясында әзірленген деректі фильмдері арқылы сырттай қанық болып жүргенде 1996 жылы Мұса Рахманбердиев Жамбыл облыстық телера­диокомитетінің төрағалығына келді. Табиғатынан іскер, шығар­ма­шылық әрі ұйымдастыру­шылық әлеуеті зор, орталықта жүріп үлкен астаудан су ішіп, жұмыс нәтижесін сол астаналық деңгеймен дөңгеле­тіп үйренген Мұсекең келе салысымен облыстық телеарнаның бағдарламалар кестесін жаңартуға, хабарлардың сапасын жақсартуға, тың жобаларды өмірге енгізуге бел шеше кірісті. Алматыда шығарма­шы­лы­ғымен танылған талантты қыз-жігіттерді Таразға қарай тарта бастады. Мұса Рахманбердиев өңір жұртшылығының өзіндік про­винция­лық өлшемі, өзіндік қабыл­дау шегі бар деп қараған жоқ, қан­дай дүние жасалса да рес­пуб­­ли­ка­лық телеарнаның туындысымен бәсекелесе алатын, жалпы халыққа қысылмай-қым­тырылмай ұсына алатын ұсынақты хабарлар әзірленуін талап ете бас­тады. Бұған дейін республикалық «Қазақстан» арнасының таралымынан кешкілік бір сағаттық уа-қытта эфирге шығып, өңір жаңа­лық­тары мен шағын хабарлар ғана беріп, шала ұйқыда жүрген ұжым­ды ол сілкілеп оятуға кірісті.

Ол кезде Тараз қаласындағы «Райхан ТВ» жеке телеарнасында қызмет етемін. Эфирден тоқса-ныншы жылдары ел-жұрт «еміне» қарайтын анайысы мен жабайысы, ерегесі мен төбелесі көп шетелдік фильмдерді тарататын қалалық телеарна күнделікті кешкісін жарты сағат «Жамбыл жаңалықтарын» ұсынады. Ара-тұра шығармашылық шабытымыз тасып бара жатса қалауымызша шағын хабарлар дайын­дап қоямыз. Бірақ ол хабар­лар­дың тұрақты атауы, орнықты эфирлік кестесі жоқтың қасы. Жаса­ғың келді ме – жаса, жасағың келмесе жаңалықтарыңды тарат та үйіңе қайт. Өйткені, сенің шығар­машылық бастамаңа не материал­дық, не рухани қолдау көрсетіп, ынталандырып жатқан арна бас­шылығы жоқ. Телеарна қожайы­ны­ның мақсаты әлгі шетелдік фильм­дерге жұмыстан келе сала телміре қарайтын қалалықтардың немесе мал жайғап болған соң аузы ашыла қызықтап қарайтын шаһар төңірегіндегі ауыл-аймақтағы ағайынның прайм-тайм уақытын­да эфирден «жүгіртпе жолын» көбірек жүгіртіп, ақшасын молынан үстемелей түсу ғана болатын. Жаңалықтарды өңір басшылығы­ның көз алдында болып, әмпей-жәмпей араласудың құралы немесе қаладағы қаны тамып тұрған проблемаларды көрсету арқылы шенеуніктермен саудаласудың тетігі ретінде пайдаланылды. Сондай күндердің бірінде облыстық әкімшілік өңірде орналасқан Отар әскери бөлімшесінде жауынгерлер арасындағы әлімжеттік әрекеттер туралы ата-аналар шағымының көбейіп кеткенін айтып, гарнизон­ның тыныс-тіршілігі жайында арнайы хабар әзірлеу үшін аймақ­тағы екі телеарнаның түсіру тобын сол жерге аттандырды. Қанша дегенмен шеңберге шектелмеген жеке телеарнаның өкілі болған­дықтан армия өмірін боямасыз, сол күйінде беруді ойластырдым. Жауынгерлердің үлкен-кішісінен ашық сұхбаттар алдым. Елді сүю, жерді қорғау жөніндегі пікірлерін білдім. Бәрі ауылын сағынып, ата-анасы түсіне еніп, аруын аңсап жүрген қазақтың кілең қаракөз жігіттері. Оқта-текте балалардың мұрны қанап, бас жарылу сияқты бала қораздану жағдайлары болып тұрғанымен, қайшыласып, пы­шақ­тасып жатқан ешкім көрін­бейді. Келген соң көргенімді мәртебелі көрерменге қарапайым тілмен жіпке тізгендей баяндап бердім. Ұмытпасам, бағ­дар­ламам­ның атын «Елім, жерім деп соқсын жүрегің» деп атадым. Сол сапарда облыстық телеарнадан барған жасы егделеу әріптесім қалаға барған соң қалыптасқан қасаң тілмен жазылған таптаурын хабарын эфирге жіберіпті. Әулие-

а­тадағы көздің ағы мен қарасындай ғана бар-жоғы екі телеарнаны көп­шілік көрермен бағып қана қоймай, басшылық та қырағылық танытып, ұдайы жіті бақылап отыратын еді. Мазмұны бірдей қос хабарды салыстырып қараған аймақтағы атқамінерлер Мұсекеңе бағдарла­малар сапасына қатысты бір-екі ауыз әңгіме де айтып жіберген тәрізді. Дүйсенбі күні ашуға булық­қан Рахманбердиев апталық лездемеде әлгі әріптесті жерден алып, жерге салып, «жеке арнада желігіп жүрген «бозөкпенің» жасағанын мемлекеттік телеарнаның дап-дардай қызметкері бола тұра дұрыс әзірлей алмадың» деп нығарлайды. Қажет болған жағдайда мені сол әріптесімнің орнына жұмысқа алып, өзін қоңыз тергізіп жіберуге дайын екенін де ашумен жеткізеді. Бұл әңгіме әжік-күжік сыр-сұхба­тымыз ешқашан тарқамайтын өзіммен тұстас әріптестерім арқы­лы маған да жетті. Өзің туралы мақтау естіген, әрине, құлаққа жа­ғымды ғой, бірақ ол кезде облыс­тық телеарнаға жұмысқа ауысу туралы ой менің жоспарымда жоқ болатын. Содан арада біраз уақыт өткенде «Рахманбердиев Райхан ТВ-ның эфирлік арнасын облыс­тық телевидение алатын болыпты, жеке телеарна жабылатын болыпты» деген әріптестер арасында әңгіме тарай бастады. Задында, қаңқу сөз бекер шықпайды ғой. Көп күттірмей-ақ жоғары жақтың шешімімен метрлік канал облыс-тық телевидениенің қарауына көшті. «Жүгіртпе жолмен» қаражат тауып, қызметкерлерінің жалақы­сын содан айырып отырған арна басшылығы ендігі жерде каналдың жабылатынын айтып, бәрімізбен қош айтысты. Ол кезде Тараздың маңын­дағы туған ауылым Аман­гел­діде келіншегіммен, әке-шешем­­мен бірге тұрамыз. Жұмыс тоқтаған соң екі қолға бір күрек табы­лар деген оймен үйдің айнала­сындағы шаруалармен айналысып, бір-екі апта сыртқа шыға қойған жоқпын. Ұсақ-түйектен қолым қалт етсе қарайтыным – облыстық теледидар. Қанша дегенмен эфирге шы­ғып, жергілікті «жұлдызға» айналып, ел ішінде әжептәуір таныла бастаған тұста ауылда сенделген көп құрдастың қатарын толық­ты­ратыныма қынжыламын. Бір күні облыстық телеарнаның жүгіртпе жолынан «облыстық телеарна қазақ­тілді жас журналистерге шұғыл конкурс жариялайтыны, бай­қауға қатысушыларға, жур­налистік мамандығы және бұған дейін телеарналарда жұмыс істеген тәжірибесі талап етілетіні» туралы хабарлама беріліп жатыр. Шынын айтсам, бұл хабарлама тұп-тура маған арнап жазылған сияқты, конкурс мен үшін ұйымдас­ты­рылғаны сияқты елестеп кетті. Ер­теңінде Тараздағы Сүлейменов көшесінің бойына орналасқан облыстық телеарнаға келдім. Танитыны бар, танымайтыны бар біршама адамдар жиналып қа­лыпты. Даңғарадай бөлмеде қабақтары қатуланып алған төрт-бес адам студенттерден емтихан қабылдағандай байқауға келген­дерді кезекпе-кезек шақырып жатыр. Ішке кір­ген­дердің бәрі дерлік сынақтан сүрінгендей өңдері сы­нық күйінде сыртқа шығуда. Кезек маған да келді. Мен кіргенде әріптестерімнің бәрі танығанын сездім, бірақ еш­қайсысы танып отырғанын біл­діргісі келмейтін секілді. Қатуланып алған қалың топ ресми түрде аты-жөнімді сұра­ды. Бұған дейін қай жерде жұмыс істегенімді анық­тады. Қандай тақырыпта қалам сілтейтінімді сұрауды да ұмытпады. Жеке телеарнада тілші әрі жүр­гізуші бол­ғанымды естігенде бәрі таң­қалған кейіп танытып, біздің бұрынғы бәсекелесіміз екен ғой деген сы­ңайда сынай қарай бастады. Бір кезде бос тұрған төрдегі тө­рағаның орнына сырттан ұзын бойлы ши­ратылған мұрты бар жігіт ағасы келіп жайғасты. Ол кісі бір мәсе­лемен уақытша сыртқа шығып келген тәрізді. Келген кісі Мұса Рах­манбердиев екенін білдім. Сол сәтте отырғандардың бірі маған «осыған дейін облыстық телеарнамен текке бәскелестікке түскенімді, ақыр соңында басым салбырап өзім келіп тұрағанымды» ақыл түрінде айтып, аяқ жағында «өзің­нің қазіргі ой таразың бойынша қай телеарна күшті болды» деген өрескелдеу сауалын қойып та үлгерді. Орнына отырмастан бұрын Мұсекең маған бір қарады да, қол беріп амандасып, «Қуат, қалың қалай?» деді бұрыннан таныс адамша. «Жақсы» деп жауап беріп, әлгі әпербақандау сұраққа не жауап берсем деп оңтайлана бастаған тұста төраға отырғандарға: «Сендерге не болды сонша, жау көр­гендей Қуатты сұрақтың астына алып. Бұл жігіт бәріміз сияқты жур­налистиканың нағыз жауын­гері ғой. Жеке телеарнада жұмыс істесе де өзінің қабілет-қарымын танытып, сендерді біраз әуреге салды емес пе», деп сәл жымиып, егер шынымен бел шешіп келіп отырсам жұмысқа шұғыл кірісуім керек екенін кесіп айтты. Рахме­тімді жаудырып, шығуға ыңғай таныттым да, қай күні жұмысқа кірісуім керек екенін сұрадым. Мұ­секең маған тік қарады да: «дәл қазір» деп пышақ кескендей нұсқау берді. Соңынан «Қуат, саған ерекше тапсырмам болады» деген қо­сымша тапсырмасын да қосып қойды.

Сөйтіп, байқауға келіп, бай­қа­май бір сағатта жұмысқа қабыл­данып кеткендіктен бе, абдырап, қайда барарымды білмей дағдарып тұрғанда досым Бақытжан Совет­ұлы жаңалықтар редакциясындағы өздерінің бөлмелеріне алып барды. Сол аралықта хатшы қыз келіп, Рахманбердиевтің шақырып жат-қанын айтты. Қайран Мұса аға­мыз­бен жақын таныстық сол жерден басталды. Кабинетінде отырып, біраз әңгіме шертілді. Бір қарағанда түсі сұстылау көрінетін Мұсекең нағыз шығар­ма­шы­лық­тың адамы екен. Өзін жас кезінде журналистика майданына тайсалмай кіріп, талай тақырыпты тарам-тарам тасқа басқанын қызықты оқиғаларымен өрбітіп, әңгімелеп берді. Сөзін түйіндей келе, Алматыда журналистика факультетін бітірген жақсы мамандардың облысқа келе бермейтінін, бәрі бір­­дей орталықта қалуды қалай­ты­нын қынжылыспен жеткізді. Өзі осы жұмысқа келгелі Алматыдағы біраз қыз-жігіттерге ұсыныс біл­дір­генімен, көпшілігі көтеріле көшіп келуге шешім қабылдай алмағандарын мойындады. Ендігі жерде туған жер деп келіп қалған бірен-саран біздей жастарды жақ­сылап тәрбиелеп, жұмысқа жегіп, телеарнаның сапасын көтерсем деген ойы бар екенін де жасырмады. Тоқетерін айтқанда, Мұсекең сол жерде жұмысқа жаңа ғана қабылданған маған міне-міне құ­рыл­ғалы жатқан қалалық телесту­дияның жекшісі болуды міндет­теді. «Апам да аң-таң, менде аң-таң» демекші, конкурсқа жұ­мыс­қа қабылдай ма деп дүдәмал болып келген мен бас-аяғы бір-екі сағатта бастық боп үйге қайта­ты­нымды ойлап, өзіме-өзім онша сеніңкіре­мейтін сияқтымын.

Жамбыл облыстық телеком-пания­сындағы қызықты да, қиын жұмысқа бірден бел шешіп кірісіп кеттім. Мұса Рахманбердиевтің алғашқы тапсырмасы жастардан ұжым құрып, болашақ бағдар­ла­малардың тұжырымдамасын ұсыну болатын. Ақылдаса келе, күнделікті «Тараз ТВ» деген шапкамен кеш­кісін қала өміріне арналған хабарлармен екі сағаттық эфирге шығып отыруды ұйғардық. Ақпараттық-музыкалық, публи­цис­тикалық бағдарлама­мыз­дың атын Мұсекең ойлана келе «Ақнұр» деген ат қо­йып берді. Бағдарламамызға түрлі тақырыпты қаузайтын әрқи­лы айдарлар ойлап таптық, көрер­мен­мен тікелей эфир арқылы виктори­налық сұрақтар қойып, ойын ойнатамыз. Композиторлық қабілеті бар Исабек Күзенбаев деген курс­тасым «Таразым» деген ән жазып, арнайы клип түсірдік. Жастардан құралған жаңа ұжым­дағы бәрі­міздің бойымызда осылайша шап­шыған қуат, жүрегімізде жалын, жаңалыққа деген құл­шыныс тұ­нып тұрғанымен, кәсіби тәжі­ри­беміз бен жазу машығымыз же­тіспей жататын. Әр аптаның ба­сындағы ортақ лездемеде жасы үлкен аға-апаларымыздың нысанасына бірінші боп біз ілігетін едік. Сол кезде марқұм Мұса аға­мыз ортаға түсіп, «көш жүре түзеле­тінін» тілге тиек етіп, ең бастысы біздің бағдарламамыздың өмірге келуімен жергілікті эфирде бұрын-соңды болмаған еркін әрі жаңа жобалардың ене бастағанын айтып, рухани қолдау көрсететін.

Бозбала жастық шақтың өзіне ғана тән бояуы болатыны белгілі. Бірде әдеттегі тікелей эфирде орыс тілінде хабар жүргізетін Эльмира Найзабекова екеуміз бағдарлама­ның ортасындағы ән жүріп жатқан тұста бір-бірімізді қолымыздағы қағазбен ұрғылап, қалжыңдасып ойнап отырдық. Бір қарасам, ән аяқталып, менің қасымдағы қызға қырындап жатқаным Жамбыл жұртшылығының назарына ті­келей эфир арқылы ұсынылып жатыр. Түлен түртті ме, әлде жын буды ма, бойды бірден жинап, ке­шірім сұрап хабарды жүргізе берудің орнына эфир арқылы күл­кімді тыя алсам ше? Сайқыма­зақ адам сияқ­ты экранға қарап сақылдап күліп отырмын. Эфирді жіберіп отырған режиссердің техникалық үзіліс жасап, хабарды өзгесімен алмастыра салу да ойына келмеген. Сонымен, экранда біраз уақыт ыржалаңдап болғаннан кейін әлгі режиссер тікелей эфирді тоқтатуға мәжбүр болды. Қазақ айтатын «қасықтап жинаған абыройды, бір сәтте шөміштеп төгіп тастап» қарап отырысым мынау. Студияға төтенше жағдай жария­ланғаннан бетер кейіппен өңі өрт сөндіргендей болып, Рахманбер­диевтің орынбасары кіріп келді. Айтатыны бір-ақ ауыз сөз: «Мас­қара, масқара бол­дық». Басекең «ертең облыстық әкім­шілік бә­рі­мізді шақырып жұ­мыс­тан қуаты­нын, өзі сенім біл­діріп жүрген Рахманбердиевті менің жерге қаратқанымды және бала-шағасын асырап отырған өзіне де зиянымды тигізгенімді айтып», қалш-қалш етеді.

Не десе де, болары болды. Үйге келген соң өзімді психологиялық жағынан дайындадым. Қызметтен кеткен жағдайда қай жерден жұмыс іздеуге болатынынына да ойша шолу жасап қоямын. Ертеңінде «қылша мойным талша» деп басымды салбыратып жұмысқа кел­дім. Кабинетімде қашан шақырады деп тықыршып отырмын. Түске дейін ешкім мазалай қоймады. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінде сотқар Қожа­ның тағдыры мектептен шы­ғару туралы педкеңес­те ­ше­шілетіні сияқты, менің келешегімді де дәу бастықтар жиналып алып әлде­қашан шешіп тастаған шығар деп ойлап қоямын. Отыра-отыра жалығып, сыртқа беттедім, бір қарасам, дәліздің арғы бетінен Мұса Рахманберидев келе жатыр екен. Тас төбемнен біреу су құйып жібергендей жүрегім атқалақтай жөнелді. Ортада төменге түсетін тепкішек. Қайда барарымды білмей дағдарып тұрғанда бас­палдақтың арғы бетіне бірінші жеткен Мұсекең үндеген жоқ, әдет­тегі жылы жымиысымен маған бір қарады да, жұдырығын бір түйіп, төмен түсіп кетті. Содан кейін бұл әңгімеге қайта оралған жоқпыз. Жұмысымды қалыпты жағдайда жалғастыра бердім. Қазір ойлап отырсам, егер ол кісінің орнында бюрократ бастық болса, бірден бүкіл ұжымды жиналысқа шақы­рып, мені ортаға шығарып, ит терімді басыма қаптар ма еді? Бірақ Мұсекең ондай орашолақ ұйғарымға бармады. Берік азамат­тық ұста­ны­мы мен ақадал ағалық жүрегі ондай шешім қабылдауға жол бермеген де шығар. Бәлкім, жаңа ғана жетілген жас өскінге қатты жекіру арқылы жігерін мұ­қалтып, сағын сындырып алам ба деп ойлаған болар, қайран аға­мыз.

Мұсекең кейінірек жоғары жақтың шешімімен Алматыға қайта оралып, республикалық «Қазақстан» телеарнасының директоры болып бекітілді. Жолға дайындалып, кабинетіндегі кітаптарын, басқа да заттарын жинастырып жүріп: «Орнығып алған соң, Алматыға шақырам, келесің бе», – деді. Мен қуана келістім. Бірақ өкінішке қарай, бұл біздің соңғы кездесуіміз екен. Арадағы аз уақытта аңшылықты жақсы көретін даланың дарабоз перзенті аң аулап жүріп қапелімде оқтаулы мылтығын шүріппесін басып жіберіп мерт болды.

Кейіннен облыстық телекомпанияны басқарған Мұсекеңнің рухани інісі, бүгінде «Қазақстан» телерадиокорпорациясының вице-президенті, қарымды қаламгер Ілияс Ысқақовпен ақылдасып, біраз уақытқа дейін «Ақнұрды» қайта шығарып, соңында «идея авторы Мұса Рахманбердиевтің рухына арналады» деген арнайы титр беріп жүрдік. Бұл да болса, жұртшылыққа шұғыласын шашып жүретін дегдар жанның тіршілі­гін­де жасаған жақсылығының сәу­лесі мәңгілік мекеніне де себездеп құйыла берсін деген абзал ой болатын. Жатқан жерің жарық болсын, Мұса аға!

Қуат БОРАШ,
журналист.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір